Қазақша
Қозы Көрпеш-Баян Сұлу (Шөже нұсқасы)
Жаратқан жан біткенді бір Құдай-ды, Жаратты құдіретіменен күн мен айды. Бұрынғы ноғай-қазақ заманынан Сөйлейік Қарабай мен Сарыбайды.
Жарасқан нар түйеге биік өркеш,
Мен сөйлесем, жұрт тыңдар ертеңді-кеш. Сәтті күні екеуін Құдай қосқан,
Ғашық болды Баян мен Қозы Көрпеш.
Сөз қылдым Қарабай мен Сарыбайды,
Екеуі көп ноғайды асырайды Қолдарында сүйгендей баласы жоқ, Перзент екеуі үшін зар жылайды.
Екі бай сәтсіз атқа мінбейді екен, Жұмыссыз ел аралап жүрмейді екен. Екеуінің дәулеті мол болған соң,
Бір-бірінің қасына келмейді екен.
Екі бай бейсенбі күн аңға шықты,
Жұртына аттанды деп даңқы шықты. Туғалы бірін-бірі көрмеген бай,
Құлан аулап жүргенде жолығысыпты.
Жүргенде құлан атып жолығысыпты, Бірін-бірі ғақылмен білісіпті.
Сәлем беріп, бір-біріне тұрғнында, Алдынан буаз марал аң қашыпты.
– Кекілін Кер торы аттың сылатпан-ды, Маралды атып баласын жылатпан-ды. Үйдегі үй кісіміз күмәнді еді,
Сарыбай, сіз атпасаң, мен атпан-ды.
Сарыбай Қарабайға сөз айтқан-ды:
– Марал атып баласын жылатпан-ды. Үйдегі үй кісіміз күмәнді еді, Қарабай, сен атпасаң, мен атпан-ды.
Қарабайдың айтқан жауабы:
– Екеуміз жақсы жолдан адаспалық, Далада марал үшін дауласпалық.
Сарыбай, сен ат сана, мылтығың бар, Бір мүшесін берсең де таласпалық.
Екі бай аңға шыққан мерген еді, Алдынан буаз марал кез келеді.
Баба Түкті Шашты Әзіз марал екен,
Сол жерде айтқызбай-ақ жөнеледі.
Екі бай аңға шыққан мерген екен, Алдынан буаз марал өрген екен. Үйдегі үй кісіміз күмәнді еді, Сарыбай: “қалай болар?” деген екен.
Екі бай аңға шыққан мерген Алдынан буаз марал өрген екен. “Екеуі де қыз болса, а Қарабай, –
Сарыбай: – қалай болар” деген екен.
Екі бай аңға шыққан мерген екен,
Алдынан буаз марал өрген екен. “Екеуі де қыз болса, а Сарыбай, Тақиясы бір болсын” деген екен.
Екі бай аңға, шыққан мерген екен, Алдынан буаз марал өрген екен.
Екеуі де ұл болса жарлықпенен, Сарыбай: “қалай болар?” деген екен.
Сарыбай жақсы жауап берген екен, Екеуі де түнде түс көрген екен. “Екеуі де ұл болса а, Сарыбай
Екеуі досты болсын” деген екен.
Екі бай аңға шыққан мерген екен,
Далада үш күндей [бір] жүрген екен. Біреуі ұл, біреуі қызды тапса, Сарыбай: “қалай болар?” деген екен.
Екі бай аңға шыққан мерген екен, Алдынан буаз марал өрген екен. “Біреуі ұл, біреуі қызды тапса,
Құдай қосса, мен қостым” деген екен.
Екі бай аңға шыққан мерген екен,
Алдынан буаз марал өрген екен,
–Екеуіміз Құда болсақ, қарғыбау, – деп, Айбас құлды қарғыбауға берген екен.
Екі бай аңға шығып келген екен, Бір-бірінің тіліне көнген екен.
–Екеуміз құда болсақ, қалыңмал, – деп, Қырық қара нар, жүз жылқы берген екен.
Жүргенде аңға шығып күн жауыпты, Сарыбай қалжың сөзбен жол тауыпты. Қарабайдың қатыны Мамабике
Байы түзде жүргенде ұл тауыпты.
Екі бай аңға шығып жүрген екен, “Сүйінші” деп бір адам келген екен. “Қатыным ұл тапты” деп қуаныш қылып, Жүз жылқы сүйіншіге берген екен.
Аңға шығып жүргенде күн жауыпты, Қарабай қалжың сөзбен жол тауыпты. [Сарыбайдың қатыны Қаракөз-ді,
Байы түзде жүргенде қыз тауыпты].
Екі байға бір адам келген екен,
Далада есітіп қуаныш көрген екен. “Қатыным қыз тапты” деп қайғы қылып, Тайлы бие сүйінші берген екен.
Қалың малын қалдырмай берген екен, Далада есітіп қуаныш көрген екен. “Қатыным ұл тапты” деп атқа шауып, Қарабай үйіне жетпей өлген екен.
Қолында бәйбішенің алтын жүзік, Жас бала жетім қалды күдер үзіп.
“Жалғызымның қуанышын көрейін” деп,
Жығылды жеткен жерде мойыны үзіліп.
Той қылып екі қатын көп мал сойды, Тойында жұрт жиылып етке тойды. Баба Түкті Шашты Әзіз ақтап келіп,
Қозыке мен Баянның атын қойды.
Екі бай бір маралды тосып кетті, Алдынан буаз марал шошып кетті. Ер Қозыке құрсақта, Баян Сұлу –
Іште жатқан екеуін қосып кетті.
Борайды оңды-терісті көп жауған қар,
Сол күнде Сарыбайдың пейілі тар. Қарабаймен құда болған заманында Бар екен еншілесі – құл Әліжаппар.
Екі бай бір маралды тосып кетті, Іште жатқан екеуін қосып кетті.
“Жетім ұлға қызымды бермеймін” деп, Сарыбай қатынына “көшсін!” депті.
Сарыбай менсінбейді жетім ұлды, Азғырып кеудесіне шайтан кірді.
“Жетім ұлға қызымды бермеймін” деп,
Сарыбай Аягөзге көшпек болды.
Сол күні түн қараңғы, болды жауын, Құбыладан соғады қара дауыл.
“Жетім ұлға қызымды бермеймін” деп, Аягөзден бөлінді тоғыз ауыл.
Сарыбай көшпек болғанда қатыны [Қаракөздің] айтқаны:
–Біледі Әліжаппар малдың жайын, Жалғызға душар қылды бір Құдайым. Жастай қалған баланы зар жылатып, Қайда көшіп барасың, қубас байым.
Сарыбайдың қатынына айтқаны:
–Қой қатын, көп сөйлеме, көңілім қалар,
Мұнда тұрсам ішімде қайғы толар. Көп сөйлеме, Қаракөз, үйіңді жық, Алдыңда ноғайлының көп жұрты бар.
Мұнда тұрсаң әркімге табынарсың, Көшіп барсаң бұл жерді жаңыларсың. Аякөзде ноғайдың көп жұрты бар, Тұл қатын, жетім ұлды неғыласың?!
[Қаракөздің Сарыбайға айтқаны]:
– Көшкенмен мұндай жерге қонбассың-ау, Мұндағыдай қадірлі болмассың-ау.
Жастай қалған баланы зар жылатып,
Барсаң да әр кез екеш оңбассың-ау.
Қаракөз Сарыбайдан түңіледі, Қайғыменен дәм татпай бүгіледі. “Қой қатын, көп сөйлеме, үйіңді арт!” Сарыбай Қаракөзге жүгіреді.
Сарыбай ақылы жоқ, жарымес-ті, Бұрын неге қыз беріп “Құдай” десті. “Жетім ұлға қызымды бермеймін” деп, Өлеңтінің аяғын өрлей көшті.
Мамабике қайғымен зар жылады,
Құдасына “көшпе” деп жалынады. Өлеңтінің бойынан өткен күні, Сарыбайдың сабасы жарылады.
Сабасы Сарыбайдың қорлы болған, Арықтап қырық қара нар жолда қалған. Сарыбайдың сабасы жарылған жер “Ақкөл” менен “Жайылма” сонан қалған.
Баянның талдай бойы жылдам өсті, Қозыкеден айрылып көкей кесті.
Құдай қосқан құдасын тастап кеткен
Көрмессің Сарыбайдай жарыместі.
Көшкеннен соң Әліжаппар қуанады, Бай Сарыбай қолына ту алады.
Айшылықты алты басқан қара бедеу, Әліжаппар құл мініп жер қарайды.
Әліжаппар қара бедеуі атқа мінді,
Жылдық жерге бір сәтте жетіп келді. Әліжаппардан Сарыбай сөз сұрады:
–Бір қонғандай от-суың бар ма? – дейді.
–Сареке, сондай тәуір үйің бар-ды,
Айдаған сан жетпеген қойың бар-ды.
Мал бермей, жолда отырма, үйіңді жық, Алдыңда Аягөздің бойы бар-ды.
–Мал салар жағасына көл бар ма екен, Ерге қоныс болғандай жер бар ма екен? Отын-суын көрдің бе Аягөздің,
Бізге бас-көз болғандай ел бар ма екен?
–Бірталай Аягөздің саласы бар, Ноғайдың тастан соққан панасы бар. Бағатұғын малы жоқ ноғайлының,
Толып жатқан бірталай қаласы бар.
Бастайды Әліжаппар көрген жерге, Аягөздің арасы жылдық жерге.
Жазы-қысы он екі ай жайлап, қыстап, Сарыбай көшіп келді Аягөзге.
Сарыбай Аягөзге көшіп келді, Ноғайдың сиыр баққан құлы көрді.
“Дәулеті бар бір шалқар бай көшіп келді”, Сұлтанғазы мырзаға хабар берді.
Қаракөз ауыл қонып, үйін тікті,
Баян жас серігімен жиды жүкті. Ноғайдың Сұлтанғазы – бас мырзасы Сарыбайды шақырды ерулікке.
“Ерулікке келсін” деп кісі салды, Баянды келген кісі көріп қалды. “Туған айдай балқыған қызы бар” деп, Жұртына ноғайлының айтып [барды].
Баянның сұлулығын ноғай білді,
–Қыз келсе, көреміз, – деп қарап тұрды.
–Тойға келсе, Баянды көреміз, – деп,
Төрт жүз жігіт алдынан қоршап тұрды.
Әліжаппар, Сарыбай атқа мінді, Айбас байғұс мал бағып үйде қалды.
– Біз де барып ноғайды көрелік, – деп, Қаракөз бен Баян Сұлу бірге жүрді.
Сарыбай жұртыменен тойға келді, Ноғайлар “бай келді” деп сыйлап тұрды.
Сыйы екен ноғайлардың сонан қалған, Алдынан самауырмен шай келтірді.
Шайды көріп Қаракөздің айтқаны:
– Ауылға ноғай келсе барушы едік,
Қазина малға сатып алушы едік. Жапырақты шай қылып іше алмаймыз, Қантыңды көз ауруға салушы едік.
Бәйбіше Аякөзді жерсінбеді, Молдығын [Сарыарқаның] көрсін деді. Қырда жүріп үйренген ол Қаракөз Қант-шайды алдындағы менсінбеді.
– Қой қатын, олай десең, көңілім қалар, Ноғайлар оны естісе ашуланар.
Қызды осы елге берелік, байғұс қатын,
Ноғайдың толып жатқан мырзасы бар.
Қаракөз бұл сөзді естіп талып түсті, Қайғымен наза болып күйіп-пісті.
– Малы жоқ ноғайлының беретұғын, Неге дәрі қылайын өңшең масты.
Баян жас құйған шайды алып ішті, Қаракөз ұмытпайды өткен істі.
Жалғызы Шақшақ байдың Қодар мырза, Баянға төрде отырған көзі түсті.
Төрде отырған Баянды Қодар білді,
Шымылдықтан көре алмай жылап тұрды. Баянға жалғыз ауыз тілдескелі
Қодар мырза қайтқанда еріп жүрді.
Баян көркі таудағы мұнар болды, Көруге Қодар байғұс құмар болды. Баянға жалғыз ауыз тілдескелі,
Қайтқанда Қодар мырза жолдас болды.
Тыста отыр Қодар мырза, Баян үйде, Оң жақта құрулы тұр алтын күйме. Үйден шығып күймеге қыз барғанда,
Соңынан Қодар қалмай шықты бірге.
[Қодардың айтқаны]:
–Ақ тұзын әулиенің кен алармын, Мұндағы ноғайлармен тең болармын. Менсініп сөйлеспейсің, сұлу Баян, Берсем де әке-шешем сені алармын!
[Баянның айтқаны]:
–Қолымда жетелеген нарым бар-ды, Ноғайлыға тимеймін, арым бар-ды. Қодеке, мазамды алмай жайыңа жүр, Алтын айдар, шоқ белбеу жарым барды.
Баянға Қодардың берген жауабы:
Баян, сен білмеймісін ноғайымды,
Көрген соң ақ жүзіңді көңілім толды. Қалай-қалай сөйлейсің, бақты қара Менен артық байыңның аты кім-ді?!
Баянның берген жауабы:
– Сұрасаң, менің жарым – Қозы Көрпеш, Мен Сарыбайдың қызы едім Баян еркеш. Баба Түкті Шашты Әзіз хабар берген, Күнде тілек тілеймін ертеңді-кеш.
Баянның сұлулығын ноғай білді, Көрген соң “аламын” деп ғашық болды. Сұлулығы Баянның жұртқа жетіп,
Тоқсан мырза жиылып кеңес қылды.
Қодар келіп жұртына хабар берді, Тоқсан мырза қыз үшін жалға жүрді. Сарыбайға жағымды боламыз деп, Қодар басы – тоқсан құл малға келді.
Айбастың бір Құдайға ісі жақты, Қодар құл ала айғырды іздеп тапты. Сарыбайға жағымды боламыз деп,
Тоқсан мырза құл болып жылқы бақты.
Айбас құл ерте тұрып бетін жуды,
Қодар құл ала айғырмен жылқы қуды.
Құдайдың құдіретімен буаз болып, Қанатты қара бедеуден құлын туды.
Тоқсан мырза Баянға таласады, “Аламыз” деп сыртынан жанасады.
Құлынның “Бақа айғыр” деп атын қойды, Үш күннен соң биеден бойы асады.
Айбас құл Баянменен болды жуық, Жеріпті Сарыбайдан көңілі суып. “Құдай қосқан Қозыкеге барамын” деп,
[Бақа айғырды жаратты] тілін буып.
Баян мен Қозыкені Құдай қосты, Ортада Айбас келіп жақындасты.
“Құдай қосқан жарыңа барамын” деп, Айбас келіп Баянмен ақылдасты.
Айбас құл “қашамын” деп ойына алды, Азыққа бір құнан қой сойып алды. “Құдай қосқан жарыңа барамын” деп, Баянның домбырасын қолына алды.
Айбас құл “қашамын” деп ойына алды,
Баянмен ақылдасып жүрмек болды. “Құдай қосқан жарыңа барамын” деп, Баянның шаш моншағын қолына алды.
Айбас құл “қашамын” деп ойына алды, Баянмен сөйлесіп көңілі толды. “Құдай қосқан жарыңа барамын” деп, Баянның қарқарасын қолына алды.
Айбас құл “қашамын” деп ойына алды, Баянмен сөйлесіп көңілі тынды. “Құдай қосқан жарыңа барамын” деп,
Алтын сандық, ақ жамшы қолына алды.
Сәлемдеме бес бұйым қолына алды, Бұйымдарын бір жерге жиып салды.
Жылқыдағы Бақа айғырды іздеп барып, Түніменен таба алмай әлек болды.
Айбас құл Бақа айғырды іздеп жүрді, Тоқсан құлдың біреуі оны көрді.
“Айбас құл Бақа айғырды іздеп жүр” деп, Көрген құлы Қодарға хабар берді.
– Қодеке, сізден дұшпан асқалы жүр,
Ізіңді қара дауыл басқалы жүр.
Нағып шыдап жатырсың, Қодареке, Айбас құл Бақа айғырмен қашқалы жүр.
Мұны естіп Қодардың берген жауабы:
–Қалаға бұл апарып сататұғын, Айбасым маған сырын айтатұғын. Айбас құл мені тастап қайда кетсін, Жылқының ортасында жататұғын.
Құлының берген жауабы:
–Қодеке, қыздан мейіз алмаймысың, Ғашық болған Баянға бармаймысың. Айбас құл Бақа айғырмен қашқалы жүр,
Көріп келдім, тіліме нанбаймысың?
Қодар қостан ақырып тұра келді, Қатты дауысы Айбасқа естіледі.
Айбас қайтып жылқыдан қосқа келіп,
–Дауысың неге шықты, Қодар? – деді.
Қодардың берген жауабы:
–Айбас құл, жүрмек болсаң мен нетейін, Қамшыменен бір салып еңіретейін.
Мені тастап тазшаға жүрмек болсаң, Амандасып, қолымнан жөнелтейін.
Айбастың жауабы:
–Қолыңа өзім жазып хат берейін,
Сізден басқа кісіні жат көрейін. Қодеке, құлға сенбей жайыңа жат, Ертең сәске болғанда ат берейін.
Қодар бұл сөзге сеніп жатып қалды, Айбас қайтып жылқыға жаяу барды. Қызыл іңір болғаннан жылқы аралап, Таң атқанда айғырды тауып алды.
Айбас құл Бақа айғырға мініп алды, Бес бұйымды қолына жиып алды.
Аякөздің бойынан шыққан күні
Итішпестің бойында ұйықтап қалды.
Ертең сәске болғанда жылқы келді,
Жылқы баққан тоқсан құл қосқа келді. – Түндегі мал күзеткен Айбасың жоқ, Енді қайдан табамыз, Қодар? – деді.
Қодардың құлға берген жауабы:
– Сендерге Айбас сырын айтқан шығар, Таң атқан соң ауылға қайтқан шығар.
Түніменен күзетте жүрген байғұс
Бір шұңқырды қорғалап жатқан шығар.
Қодарға құлдың айтқан жауабы:
– Тоқсан кісі жер жүзін іздеп жүрдік,
Тобылғылы шұбардың ізін көрдік. Өзен, су, томар, көлден түк қоймадық, Таппай келіп өзіңе хабар бердік.
Қодар бұ сөзді естіп тұра келді,
Ала айғырын жылқыдан ұстап мінді. “Не де болса тілдесіп қаламын” деп, Сегіз құл он алты атпен қуып жүрді.
Қодар мен Әліжаппар төрт ат алды, Алты құл он екі атпен жолдас болды. Итішпестің бойында жатқан жерде
Сегіз құл он алты атпен қуып барды.
Айбасты көріп Қодардың айтқаны:
–Айбас құл, жүрмек болып көрдің бе түс, Алғыс алсаң, көрерсің Қағба-рәйіс.
Күймеде Баян сұлу жылап жатыр, Қайда қашып барасың, Айбас байғұс?!
Айбастың жауабы:
–Қодеке, шын тіліңе нанамын мен,
Мейіз берсең аузыма саламын мен. Маған неге жыласын сұлу Баян, Құдай қосқан жарына барамын мен.
–Айбас құл, жылдам үйге қайтшы, – деді,
Сөзіңді майда қылып айтшы, – деді. Айбастың айтқан сөзін есіттің бе, Әліжаппар, садақпен тартшы, – деді.
Айбас құл Бақа айғырмен тілдес болды, Құдай сақтап екеуі үндес болды.
Әліжаппар атқанда көкке шықты, Қодардың атқан оғы жерге кірді.
Қодардың берген жауабы:
– Аттың басын бер қарай қарат, – дейді, Бұрынғы қашпақ, қумақ санат, – дейді. Баянға тілдес болып көңілі өскен,
Айбас құл, оғың болса, сен ат, – дейді.
Айбас құл оқ атуға ыңғайланды,
Қырық кез оқтың біреуін қолына алды. Сегіз құлдың он алты атын атып, Итішпестің бойында жаяу қалды.
Айдалада сегіз құл жаяу қалды, Айбас байғұс құтылып демін алды. Далада сегіз құлдың алтауы өліп, Қодар мен Әліжаппар үйге барды.
Айбасқа ерлік, мақтау жарасыпты,
Тоқсан құл бір Баянға таласыпты. Туғалы жер білмеген Айбас байғұс, Жүретұғын жерінен адасыпты.
Айбас құл адасқанын білмей қалды, Ғаріп жанын қыз үшін отқа салды. Итішпестің жонынан шыққан күні, Екі қалың ағашқа душар болды.
Айбас байғұс сол жерде жатып қалды, Бақа айғырды суытып, демін алды.
Домбырасы, моншағы түсіп қалып,
“Домбыралы – Моншақты” содан қалды.
Айбас құл адасқанын білмей қалды, Ғаріп жанын қыз үшін отқа салды. Баянның алтын сандық түсіп қалып,
“Алтын сандық”, “Ақшатау” сонан қалды.
Айбас құл адасқанын білмей қалды, Ғаріп жанын қыз үшін отқа салды.
Тоқырауын – Бақа айғыр тоқтаған жер, Жамшыда ақ жамшысы түсіп қалды.
Айбас құл адасқанын білмей қалды,
Ғаріп жанын қыз үшін отқа салды. Баянның қарқарасы түсіп қалып, “Қарқаралы”, “Қазылық” сонан қалды.
Айбас құл адасқанын білмей қалды, Ғаріп жанын қыз үшін отқа салды. Баян туған жерінде демін алып, “Баянауыл” деген сонан қалды.
Айбас құл адасқанын енді білді, Есіл – Нұра бойына қайтып келді. Есіл – Нұра бойына жеткен жерде
Бақа айғырдың белі ісіп жатып қалды.
Ай қараңғы, күн бұлт, дауыл болды,
Бақа айғырдың белі ісіп, жауыр болды. Үш күн жатып, айғырын жазып алды, “Жауыр бұғы” дегені сонан қалды.
Айбас құл онан шығып төмен барды, Ер Қозыке бір қатар өлең бар-ды.
Шу, Таластың бойына жеткен жерде Көп қой жайған қойшыға жетіп барды.
Айбас байғұс қойшыға жетіп келді:
– Қай ауылдың қойы? – деп сұрап білді. – Шын танымай тұрмысың, Айбасеке, Баққаным Қарабайдың қойы, – дейді.
Екеуі ата-тегін теріседі, Торсықтағы малтаны бөліседі.
Қойды баққан Қондыбай – кенже інісі, Танысып, зар жыласып көріседі.
Айбас құл Бақа айғырмен желіп келді, Үйге таман аяңдап жүріп келді.
Бақа айғырды белдеуге байлап тастап,
Қарабайдың үйіне кіріп келді.
Мамабике қайғымен тарылады, Айбас құл түздегі асқа жарымады. Қайғымен қартайған Мамабике Өзі берген Айбасты танымады.
Мамабике “кімсің?” деп Айбастан сұрағаны:
–Бұл жерден отыра алман тұрсам, – дейді, Орнымнан жаман болар, тұрсам, – дейді.
Атың жарау, жүдеген жас баласыз, Елі-жөніңді айта көр, кімсің? – дейді.
Айбастың Мамабикеге берген жауабы:
–Үйіңе мұнан бұрын келіп пе едім,
Жас күніңде жүзімді көріп пе едің? Екі бай аңда жүріп құда болған, Қарғыбауға Айбасты беріп пе едің?
Мамабикенің айтқаны:
– Үйіме Айбас келді күліп-ойнап,
Жылқыда шырағым жүр бие байлап. Жолаушы болып бармасаң, танып қояр, Тазшаменен жүр еді асық ойнап.
Айбас құл Бақа айғырға мінді дейді, Ойнап жүрген баланы көргелі келді дейді. Тазшаменен жүр екен асық ойнап,
Айбас байғұс көргелі келді дейді.
Қозыке ойнар алтын-ды сақа салып, Тазшаның бар асығын ұтып алып.
Ер Қозыке таныды Айбас құлды, Асық ойнап жүргенде қарай салып.
Ойнап жүрген Тазшамен керіседі, Ұтып алған асығын бөліседі.
Ойнап жүрген асығын жерге тастап,
Түрегеліп Айбасқа көріседі.
Қозыкенің Айбасқа жауабы:
Жақсының жүрген жері той-мереке,
Бұл елге қашан келдің өзің жеке. Құдай қосқан жарымнан хабар бар ма,
Қайдан жүрсің, жол болсын, Айбасеке?!
Айбас оған келгенін білдірмеді, Сәлем беріп көрісіп, үндемеді.
“Білдірсем, жұртқа өсекті боламын” деп, Үндемей атқа мініп жөнеледі.
Қозыке айтпаған соң ашуланды, Үш түйе сексеуілді жиып алды. Бәрін жиып, бір жерге көмір салып,
Ұсталарды жидырып алып келді.
Ұсталар сол темірден садақ қылды. Қозыке садақ атып талап қылды.
Өрмек тоқып отырған бір кемпірдің Атып, үйін көшіріп мазақ қылды.
Әлқисса, өрмек тоқыған кемпірдің [Қозыкеге] айтқаны:
– Ақ тұзын әулиенің кен атады,
Ғақылы жоқ жас бала мені атады? Тіп-тік тұрған үйімді көшіргенше,
Жарыңды іздеп алсайшы, – деп айтады.
[Қозыкенің жауабы]:
– Ақылы жоқ бұ кемпір нені айтады,
Бар сөзін өзі білмей кем айтады. Үйіңді қайтып орнына қондырайын, Әлгің не, шешеке? – деп айтады.
[Кемпірдің жауабы]:
– Бір тудың Қарабай мен Сарыбайдан, Сіздерді тілеп қосты бір Құдайдан.
Оған неге бармайсың, ер Қозыке, Құдай қосқан жарың бар сұлу Баян?
Қозыке бұл сөзді есітіп түңіледі, Қайғымен дәмін татпай бүгіледі. Ойнап жүрген асығын жерге тастап,
Садағымен үйіне жүгіреді.
Қозыке жылап үйіне қайтты дейді, Жардың дерті жанына батты дейді. “Қай мерзімде Баянды көремін” деп,
Үш күн жылап дәм татпай жатты дейді.
Арада үш күн-түн өтті дейді,
Жардың дерті түбіне жетті дейді.
– Қарным ашып барады, жан шешеке, Қазаныңды аса көр, – депті дейді.
Арада үш күн-түн өтті дейді,
Шешесіне бір қайғы бітті дейді.
–Қазанымды асайын, шырағым-ай, Жантақ теріп келе ғой, – депті дейді.
Ер Қозыке жантаққа кетті дейді, Жантақ алып үйіне жетті дейді. Жантақ теріп келеді жалғыз бала,
–Шешеке, бидай қуыр, – депті дейді.
Шешесі жалғызының тілін алды, Қазанға бір аяқ бидай салды.
Жалғыз ұлы қасында қарап отыр,
Қазандағы бидайы пісіп қалды.
Бидай пісер мезгілі жетті дейді, Қозыкенің көңілі бітті дейді.
–Бидай пісіп келеді, шырағым-ау, Аяқ ұста, салайын, – депті дейді.
[Қозыкенің айтқаны]:
–Сізден басқа кісіні танымаймын, Өзімде бар ешкімге жалынбаймын. Шешеке, маған берсең, қолыма сал, Аяқтағы бидайға жарымаймын.
Шешесі жалғыз ұлын күтті дейді,
Ыстық бидай қолына тұтты дейді. Шешесінің қолына басып алып,
–Шешеке, тура сөйле, – депті дейді.
Ыстық бидай қолынан өтті дейді, Шешесінің түбіне жетті дейді.
–Атаңның атастырған дәнеме жоқ, Антұрғанның кім айтты? – депті дейді.
–Өрмек құрған бір кемпір неме айтады, Түйе баққан бір таз шал және айтады.
Асығын ойнап, ойнап ұтып алсам,
Ыза болып тазша құл тағы айтады.
[Шешесінің жауабы]:
– Ыстық бидай қолымнан өтті дейді, Жүрегіме бір қайғы бітті дейді.
Қолым күйіп барады, шырағым-ай, Қалыңдығың бар еді, – депті дейді.
Өкініп ойламайды өткен істі, Жалғызынан айрылған қайғы күшті. Бидайды аяқ ішіне салған екен, Алақанның сіңірі жерге түсті.
[Шешесінің ғарыз айтқаны]:
– Аларсың хордың қызын барсаң, балам,
Ұйықтасам, түсімде жоқ мұндай заман. Көз алдымда сен мені тастап кетсең, Айрылдым жалғызымнан не дүр шарам?
[Қозыкенің жауабы]:
–Есен болсам келейін әлі де, ана, Алдыңа қойып кеттім малыңды, ана. Атам қосқан Баянға барамын деп, Мен ортаға саламын жанымды, ана.
[Шешесінің берген жауабы]:
–Сұм шешең сен кеткен соң не болады? Жалғызынан айрылған қор болады.
Шешеңді зар жылатып тастап кетсең,
Сұмырай шешең біреуге күң болады.
[Қозыкенің жауабы]:
–Шешеке, мен тіріде болмассың күң, Жалғыз балаң бар еді, қайынында жүр. Барған кісі [қайынынан] келмей ме екен, Жалғызың бір күн келер, ойна да күл.
[Әлқисса, шешесінің айтқаны]:
–Жалғызым, мен білмеймін келеріңді, Ойлаймын барғаннан соң өлеріңді.
Тәңіріден тілеп алған шырағым-ай, Арыздасып үзейін күдерімді.
Ұша алмас балапан құс бөрі алдында,
Жүзің ыстық көремін көп алдында. Сен кеткен соң тоқсан құл күң қылады, Қор қылмай көміп кетші көз алдыңда.
[Қозыкенің жауабы]:
– Ақсақалдар бата оқыр туған айға, Кіреді иманды құл кең сарайға.
Мен түгіл әкем өліп өлгенің жоқ, Өзің үшін жыларсың бір Құдайға.
Қыстауы Қозыкенің Шатқара-ды, Сан жетпеген жылқыдан ат қарады. Жүгенін сылдыратып тұрған жерде
Алдынан арда күрең жалт қарады.
Баян сұлу, Қозыке өлең болды, Құдай берген жақсыға өнер болды.
Құдайдан сол мезгілде пәрмен болып, Ер-тоқымды салған соң дөнен болды.
Шешесіне бір қайғы бітті дейді, Қайғыменен өмірім өтті дейді.
– Сан жетпеген жылқың бар, шырағым-ай, Оны кімге тапсырдың? – депті дейді.
Парақор би жұрт болса тұра берер,
Елді бұзған жаманды Құдай ұрар.
–Мен кеткен соң бір Құдай сақтамай ма, Жылқы баққан Жидебай бағып тұрар.
Көңілі Қозыкеңнің бітті дейді, Шешесінің түбіне жетті дейді.
–Қора толған қойың бар, шырағым-ай, Оны кімге тапсырдың? – депті дейді.
Шешесіне көп қайғы бітті дейді, Біткен дәулет түбіне жетті дейді.
–Қора толған қойың жазған, шеше,
Аш бөріге жолықсын, – депті дейді.
Шешесінің түбіне жетті дейді, Өзіне үлкен дәулет бітті дейді.
–Желі толған түйең бар, шырағым-ай, Оны кімге тапсырдың? – депті дейді.
Жүрмек болып көңілі бітті дейді, Малға айналып өмірім өтті дейді.
–Желі толған түйеңді, жан шешеке, Алакүлік әкетсін, – депті дейді.
Қозыкенің көңілі бітті дейді,
Жүрмек болып сертіне жетті дейді.
– Жасыңда ақ сүт берген, ай, шырағым, Мені кімге тапсырып кеттің? – дейді.
Азғана ел қысым көрсе, ұлық жақтар, Байы өлсе, қара салып қатыны жоқтар, – Мен түгіл, әкем өліп өлгенің жоқ, Қайғырма менің үшін, Құдай сақтар.
Шешесі “кетпесін” деп Құдайға ат атайды, Хат білмеген көңілін жат айтады.
Жалғызының кетерін білгенен соң,
Белін бекем буынып қатайтады.
[Кемпірдің жауабы]:
–Ауылын Сарыбайдың көргенім жоқ, Жалғызым, кетеріңді білгенім жоқ.
Жалғызым, сен кеткенмен өлер ме едім, Сен түгіл, әкең де өліп өлгенім жоқ.
[Қозыкенің жауабы]:
–Әкекем анаң тілін алма деген,
Садағыңды беліңнен салма деген. Сәрсенбі күн жұмысың бітір дағы,
Бейсенбі күн жолыңнан қалма деген.
–Жаста кеткен Баянның елі қай жақ?
Жалғызым мініп кетсін атын сайлап. Барма десем, болмадың, шырағым-ай, Қодар атты құлынан жерсің таяқ.
–Қодар деген немене, құл ма сірә,
Жатқанымнан тұрмаймын, өлсем сонда. Сөз сұрасам, өлесің дей бересің,
Қалай жора қыласың, шешем, сірә?
–Тәңіріден тілеп алған жалғыз бала,
Жастан маған көп қылды Құдай Тағала. Сен кеткен соң тоқсан құл күң қылады,
Арыздасып қалайын біржолата.
–Құдай басшы, күрең ат жолдасым-ды, Баянға бай тігіп не бұл басымды.
Жан барында іздеймін жақсы жарды, Біліп не жан кеткен соң тұрмасымды.
–Баянға сен барасың намыс қылып, Не жақсы күн көрерсің онда жүріп. “Емшек берген мені әрі” дерсің балам, Әл-қуатым кім білер маған келіп?
–Шешеке, мен еркек пе, ұрғашы ма?
Мен Баяннан басқаны алман, сірә. Атам қосқан Баянға бармасын деп, Сөйлеп сөзім өтпейді құрдасыма.
Жайлауы Қарабайдың отсыз еді, Қозыке көп жылқыдан ерте келді.
“Сен кеткен соң мұны кімге беремін?” деп, Дүниелігін шашыпты өртегелі.
Қыстауы Қозыкенің тауда дейді, Шалғыны ат жүре алмас қауда дейді.
“Жалғызымнан айрылып қаламын” деп,
Екі емшегін аспанға сауды дейді.
Шешеке үйде отырып күйді дейді,
Қозыке кітап оқып жүрді дейді.
“Сен кеткен соң мен кімге беремін?” деп, Мүкәммалын далаға жайды дейді.
Қозыке жүрмек болып атқа мінді, Шешесі жүрмесін деп жылап тұрды. Атқа мініп Қозыке тұрған жерде
Шешесі жылап тұрып жауап берді:
– Аттан дағы жүре бер көрінбей-ақ,
Келтірме көп ашуым жерсің таяқ.
Барма десем болмадың, жалғыз бала, Бармағыңнан еш келме, сөзім сол-ақ!
[Қозыкенің жауабы]:
–Қарғыс емес, алғыс де қарғағаның, Қорқамын ба Қодардан бармағаным. Шешеке, бүгін жаман түс көріп пе ең, Көзімше жора қылып зарлағаның?
[Шешесінің жауабы]:
–Менен жақсы болды ма кеткен Баян, Алдыңда жылап отыр тапқан анаң.
Кеткен болсаң кие кет үйден, балам,
Сен кеткен соң күң болар ғаріп анаң.
Қозыке амандасып атқа мінді,
Шешесі жылап үйде жалғыз қалды. Ақ сүт берген анасын зар еңіретіп, Қозыке Баянды іздеп жүре берді.
Әлқисса, Айбастың [Қозыкенің] артынан келіп сәлем хатын бергені
Қозыке Баянды іздеп кетті дейді, Шешесіне көп қайғы бітті дейді.
Ауылдан алты қонып шыққаннан соң, Айбас байғұс артынан жетті дейді.
Құдай берді ақынға тіл мен жақты,
Білген сөзден қалдырсақ бізге ұятты. Айбас байғұс артынан жеткен жерде Тапсырды Баян жазған сәлем хатты.
Қозыке шаш ал десең, бас алады, Хат көрген соң көңілі босанады.
Сәлем хаттың жазуын көргеннен соң, Бірдемеден көзіне жас алады.
Қозыке сәлем хатты оқып білді, Көңіліне хафиялап мағлұм қылды. Қозыкеге дұғай сәлем жазған екен,
Жазыпты дұшпан болған тоқсан құлды.
“Шырағым осы хатты көрсін дейді, Айбастан анық хабар білсін дейді. Әкем мені Қодарға бергелі жүр, Тірі болса, кешікпей келсін” дейді.
Қозыкем сәлем хатты қолына алды, Қамзолының қалтасына жиып салды. Сәлем хаттың жазуын көргеннен соң, Айбасты Құдай десіп іні қылды.
Айбасты Құдай десіп іні қылды,
Сарыбайдың ауылын іздеп жүрді.
Арда күрең, Бақа айғыр мінген аты, Аякөздің бойына жетіп келді.
Тыңдасаң, Қозыкеден сөз келеді, Жақсы-жаман кісіні көз көреді. Аягөздің бойына жеткен күні
Көп қой жайған тазшаға кез келеді.
Екі жігіт қойшыға жетіп келді,
–Қай ауылдың қойы? – деп сұрап тұрды.
–Сен кеткелі көп заман болып еді,
Қай жақтан келіп жүрсің, Айбас? – деді.
Тазшаның жауабы;
– Баянның бұзылмайды ойы, – дейді, Тал шыбықтай бұралған бойы, – дейді.
Шын танымай тұрмысың, қашқын Айбас, Баққаным – Сарыбайдың қойы, – дейді.
Айбас пен Қозыке амал қылды, Күн жайлатып тазшаны адастырды. Баян жас осы жерге келе ме деп,
Жердің жүзін күн жайлатып боран қылды. Тазша адасып далада өліп қалды,
Жердің жүзі көрінбей боран болды. Күннің боран болғанын көріп келіп, Сарыбай Баян жасқа хабар берді:
–Баян жас, бал қаймақты алшы, – дейді, Сөз айтамын құлағың салшы, – дейді.
Мынау күн сондай қатты боран болды, Шырағым, қой алдынан баршы, – дейді.
[Баянның айтқан жауабы]:
–Әкеке, сіз биік тау, біз бір шынар, Көрмекке Қозыкені болдым іңкәр. Әкеке, өзіңізбен бір жүрмесек,
Ноғайдың бозбаласы мазақ қылар.
Баян жас қойға таман қадам басты, Қойды көріп көзінен төкті жасты. Баян қойға жеткенде күн ашылып, Әкесімен бірігіп қой айдасты.
Жұрт білмеген Сарыбайдың малы көп-ті, Баян сұлу Қозыкеге іңкәр бопты.
Баян сұлу қой айдап жүргенінде, Алдынан душар бопты қоңыр тоқты.
[Тоқтының Баяннан сүйінші тілегені]:
– Апеке, не бересің енді, – дейді,
Күрең атты жездемді көрдім, – дейді.
Айбасекем Бақа айғырмен қасында жүр, Сүйінші бер, жездекем келді, – дейді.
Сұлу қыз текеметке түр салады, Көңіліне Баян сенбей кір салады. “Ойбай, күйген жанды күйдірме” деп, Құйрыққа қамшыменен бір салады.
Қоңыр тоқты шыдамай керіледі, Баянға сөйлесуге ерінеді.
Қыздың соққан қамшысы өтіп кетіп,
Қой құйрығы жырмақ боп бөлінеді.
Тоқты жатқан орнынан тұра алмады, Баянға сөйлесе алмай наза болды.
–Жазықсыз мені неге соқтың, Баян? Ақша бетің тілінсін, – деп-ақ салды.
Тіліне қоңыр тоқты Баян нанды,
Желкесінен бір жүнін жұлып алды.
–Шырағымнан бір хабар білдің бе? – деп, Арқасынан қамшымен сипап алды.
Сарыбай қызыменен қойға барды,
Баян сұлу бір шетте жалғыз қалды. Сарыбай қой қайтара кеткен кезде, Қозыке тазша болып қызға келді.
[Қозыкенің тазша болып Баянмен өлең айтысқаны]:
–Баян жас, бал қаймаққа жаримысың, Жарыңды мендей таз болса танимысың. Атаңның атастырған жары кім-ді,
Баян сұлу қарашы, танимысың?
[Баянның жауабы]:
–Сұрасаң, менің жарым – Қозы Көрпеш, Мен – Сарыбай жалғызы Баян еркеш.
Келер атты күн бар ма, ойбай, Тәңірі-ау?
Мен жарымды тілеймін ертеңді-кеш.
[Қозыкенің жауабы]:
–Қойыңа мұнан бұрын келіп пе едің, Жарың мұнда келерін біліп пе едің? Жарыңның қай жерінде белгісі бар, Бесікке бөлегенде көріп пе едің?
–Сағындым Құдай қосқан алған жарды, Әкемнің жаста айырған бейілі тар-ды.
Баба Түкті Шашты Әзіз хабар берген, Алтын айдар астында меңі бар-ды.
[Қозыкенің өзін білдіргені]:
Жеткізді тілеуіне Құдіретім,
Қозыке Баян жастың көрді бетін.
Баянға күйеулігін білдіргелі, Көрсетті сонда отырып айдар шетін.
Баян жас күйеулігін біліп алды, Сол жерде екеуі ойнап-күліп алды.
Алтын айдар белгісін көрсеткен соң, Баянның оң бетінен сүйіп алды.
Ағарып қара жерге қақ тұрыпты, Сүйген құлға дәулет пен бақ тұрыпты, Уытпенен сағынып сүйген екен,
Алақандай бетіне дақ тұрыпты.
Баян жас күйеулігін білді анық, Түнде алтын күймеге жүрді барып. Баян сұлу күйеулігін білгеннен соң, Алтын табақ қояды мейіз салып.
Баян жас опа жақпас ақ бетіне,
Қозыке тазша болды, күнде жүрді қой шетіне, “Үйге кірсем бір ұят болады” деп,
Алтын күйме құрдырды қой шетіне.
Қозыке қойды бағып үш жыл жүрді,
Білдірмей Баянменен ойнап-күлді.
Үш жылдан соң [бір күн] күймеде жатқан жерде Сарыбайдың тезек терген күңі көрді.
Қара күңнің көргенін Баян білді, Ұйқылы-ояу сескеніп тұра келді. “Барып әке-шешеме айтады” деп, Сезіктеніп Баян жас күңді өлтірді.
Бір күн келіп Баян жас: – Тұршы, – деді, Үйге таман шырағым, жүрші, – деді.
Әке-шешем қуансын “күйеуім” деп,
Ақ шымылдық кәдесін қылшы, – деді.
Қозыке Баянменен үйге кірді, Екеуі қуаныш қылып бірге отырды. Алтын айдар белгісін жазып еді,
Қараңғы үй шам жаққандай жарық болды.
Ақ жүзі екеуінің бірдей болды,
Шымылдықтың ішінде ойнап-күлді.
Бетіне жарық сәуле түскен екен, Ұйықтап жатқан Қаракөз мұны көрді.
[Оянып Қаракөздің айтқаны]:
– Шырағым, қашан келдің шыныңды айтшы,
Кешіктірмей, ұзатып алып қайтшы.
Қойды бағып қор болып жүргеніңше, Көңілің жақсы жүргендей жылқы бақшы.
Қозыке ертең атқа мінді дейді, Айбас құл тазша болып ерді дейді. Ауыл жақтан екеуі келе жатса,
Жылқыдағы Қодар құл көрді дейді.
Ауыл жақтан екеуі келді дейді, Жылқыдағы Қодарды білді дейді.
– Ауыл жақтан келіпсің, екі тазша,
Баянның сәлемін айт, енді, – дейді.
– Алты құлаш ала айғыр мінген атым, Есітіп іңкәр болдым қыздың атын.
Ауыл жақтан келіпсің, екі тазша, Қандай сәлем тапсырды біздің қатын?
[Қозыкенің Қодарға берген жауабы]:
–Ай қыз,Таңсық бір мейіз жесіп отыр, Талдай бойы Баянның өсіп отыр.
Қодар деген сен болсаң “сәлем” деді, Тірі болса, тез келсін десіп отыр.
–Ай қыз, Таңсық бір мейіз жесіп отыр,
Баян шашын тарқатып есіп отыр. “Өзімнің Құдай қосқан жарым келді, Шұнақ құл аулақ жүрсін” десіп отыр.
Қодар құл ашуланып тұра келді, Жылқыдағы ала атын ұстап мінді. “Баяннан өзім анық білейін” деп, Жылқыдан сегіз кісі елге келді.
Қозыке мен Баян қосылды Құдай сүйіп, Ғашық болды Қодар құл іші күйіп.
Сегіз кісі жылқыдан келе жатса,
Сарыбай алдында жүр түйе жиып.
Әлқисса, Қодардың Сарыбайға айтқан жауабы:
–Сарыбай, бейілің жаман болдың сараң, Көп жылқыңды бақсам да күнім қараң.
Тазшамен ойнас болып жамандапты, Күймеде Баян деген бақты қараң.
Сарыбайдың айтқан жауабы:
–Алтын күйме ішінде Баянжаным,
Шашбауының шашағы қырық бір талым. Сен тұрғанда ешкімге бере қалман,
Үндемей жылқыңды бақ, Қодаржаным.
Қодар түзден қуанып қайтып келді,
Қозыке ауылға келіп ойнап-күлді.
Қыстай жүріп далада жылқы бағып, Жазғытұры Қодармен бірге келді.
“Мойнына Кер төбелдің тұмар тақ” деп, Шақырды Айбас құлды “отты жақ” деп. Ауылға бие байлайды Қодар мырза, Қозыкені шақырады “желі қақ” деп.
Қодарға күштілігін білгізеді, Айбасты ақылменен жүргізеді. Қодардың қол ағашын лақтырып,
Қозыке темір қазық қолыменен кіргізеді.
[Мұны көріп, Қозыкеге Қодардың берген жауабы]:
Ақ тұзін әулиенің кен айтады,
Ақылы жоқ Қодар құл нені айтады? – Мынау таз күшті екен, Әліжаппар, Аударыспақ ойналық, – деп айтады.
Қозыке бұл сөзді естіп тұра келді, Қысыр емген тел торы тайға мінді. Торы тайға Қозыке мініп алып, “Келсең, келе қой” деп айтады.
Баянжан тоқсан құлға көз салмады,
Қозыкеден басқаны еске алмады.
Ала атпен Қодар құл тартып еді, Қозыке тай үстінен қозғалмады.
Қозыке бір Құдайға сиынады, Тоқсан құл тамашаға жиылады.
Қодар құлды ала аттан тартып алып, Тай үстінде ұршықтай үйіреді.
Қодар күліп, “ойын” деп ыржақтады, Қозыке оң қолымен бармақтады.
– Қодыеке-ай, сенің күшің қайда жүр?, – деп,
Баладай алақандап салмақтады.
Өктім-өктім сөйлейді малды кісі, Балуанға тұрады әлді кісі.
Сонша жерден қыз іздеп келгеннен соң, Қолдан тиер болар ма жанды кісі?
– Антұрған, мынау тазша түпке жетті, Мені аударып алған соң көңілі бітті.
Кісі өңгеріп ойнаған ойының құрысын, Қу тазша, ердің қасы ішіме өтті.
Саудаға Қызылжардай қала бар ма,
Сөзінде Қозыкенің шала бар ма?
Қодар құлды ала атқа қайтып салды, Сол жерде тышып қойса шара барма.
Баян алтын күймеде отыр еді, Терезеден ойынды көзі көрді.
“Шырағымның мұғдары болыпты” деп, Баян жас жағасын ұстап қуаныш қылды.
Көп жылқы түзде жүрер сыртыменен, Жүріпті бір Қозыке көркіменен.
Қодардың жүрегіне тигеннен соң,
Қашып жүрді жылқының шетіменен.
Сарыбай – жұрттан асқан салтанатты, Қозыке, Баян жасырын ойнап жатты. Орманбет би ноғайдың бір топ елі – “Жиын бар” деп сол елге сауын айтты.
Баян мен Қозыкені Құдай қосты, Екеуі тар күймеде отыр еді.
“Жұрттың барған асына барайын” деп, Қозыке Баянменен ақылдасты.
[Баянның берген жауабы]:
– Асау айдап жылқыңнан қалма, – дейді,
Садағыңды беліңнен салма, – дейді. Асқа тойған тоқсан құл мазақ қылар,
Жұрттан жалғыз жиынға барма, – дейді.
Қозыке Баян жастың тілін алды,
Сан жетпеген жылқыда жалғыз қалды. Үйде – Баян, жылқыда – ер Қозыке, Өзге жаннан түк қалмай асқа барды.
Не болар жұртсыз менің көрген күнім, Сайраған көңіл ашып қызыл тілім.
Жылқыда Баянменен ол тілдес екен,
Қызыл бие баласы торы құлын.
Қақ басқа құрықпенен құлынды ұрды, Енесіне емізбей түңілдірді.
Қозыке жылқы ішінде күн жайлатып, Шыңғыртып ноқтаменен буындырды.
Баян дауыс есітіп есікті ашты, Құлынды көріп желіге қадам басты. Желіге жеткен жерде күн ашылып, Алтын айдар Қозыке құшақтасты.
Екеуі құшақтасып бірге жүрді,
Күймеге ойнап-күліп бірге келді.
Құшақтасып күймеге келген жерде Алдынан екі қатын көріп тұрды.
Екеуі төрт күн, төрт түн ойнап-күлді, Бір күн озып жиыннан Қодар келді. “Кешегі жылқы баққан тазшаға” деп, Тамақ үшін әкелдік бауыр дейді.
Күймеге Қодар жылап көп келеді, Баянды алмаймын деп жек көреді. “Кешегі жылқы баққан тазшаға” деп,
Әпкелдім тамақ үшін өкпе дейді.
Жылқыда Айбас байғұс жалғыз жүрді, Қодар құл тазшаны іздеп ел қыдырды. Елден таппай ауылға келген жерде
Екі қатын “көрдік” деп жауап берді.
Қодар құл тазшаны іздеп ел қыдырды, Елден таппай күймеге қайтып келді.
Терезеден екеуін көре салып,
“Тазша нағып жатыр?” деп зар еңіреді.
Қодар жылап, күймені үш айланды,
Кіруге Қозыкеден бата алмады.
–Бақты қара тазшамен бір жатыр, – деп, Қодар жылап Сарыбайға жетіп барды.
Қодардың Сарыбайға айтқаны:
–Сарыбай, бейілің жаман кәпір, – дейді, Күймеде қызың болды қатын, – дейді.
Неғып шыдап келесің, а, Сарыбай,
Бақты қараң, тазшамен жатыр, – дейді.
Сарыбайдың айтқаны:
–Тілің жалған айтсаң да ере қалман, Мезгілсіз алдауыңа көне қалман.
Жылқы бағып жүре бер, Қодар балам,
Сен тұрғанда ешкімге бере қалман.
Әлқисса Сарыбайдың қатыны Қаракөздің айтқаны:
–Сарыбай, білемісің тоқсан құлды, Бәрі келіп қыз үшін жұмыс қылды. Құлға тартып сөйлеме бұрынғыдай, Құдай қосқан Қозыке – жалғыз ұлды.
Даладан мерген кісі мылтық атсын, Қалаға бұлды кісі бұлын сатсын.
Мал бермеген Қодарды не қыласың, Құдай қосқан Қозыке жатса жатсын.
Сарыбай бұл сөзді естіп ашуланды,
Қодар менен екеуі үйге барды.
Сарыбай мен Қодар құл ақылдасып, Өлтірмекке көп ноғай жиып алды.
Қаракөз Сарыбайдан сөз сұрады, Қылған ісін жек көріп отырады. Жалғыз қатынның әлі кімге жетсін, Есітіп, іші күйіп отырады.
Қаракөз жан-жағына қарап алды, Қыз үшін іші күйіп, қайғыланды. Тамам ноғай жиылып ақылдасып,
Алтын күйме жан-жағын қамап алды.
Қодардың қылған ісі жөкіт еді, Күймені ноғай қамап жүдетеді.
Баян жас тар күймеде қысылған соң, Күрең аттың бір тал қылын түтетеді.
Айбас байғұс жылқыны бағып жүрді, Сарыбайға көңілі жағып жүрді.
Бақа айғыр мен күрең бір тұрады екен, Айбас құл оны көріп жылап тұрды.
Айбас құл қайғыланды түсі қашып,
Күрең ат Бақа айғырмен амандасып. “Қозыкеге бір қысым болыпты” деп, Айбас қалды жылқыда зар жыласып.
Күрең ат көп жылқыдан жүріп келді, Қозыкенің қысылғанын біліп келді. “Айналайын, шырағым жатыр ма?” деп, Алтын күйме қалқалап кіріп келді.
Баянға алтын жүзік беріп кетті, Екеуі аз күн қызық көріп кетті.
Қамап тұрған көп ноғай бата алмады,
Тал түсте атқа мініп желіп кетті.
Баян жас терезеден күңіренеді, Қодардың қылған ісін мін көреді.
–Шырағымнан бір хабар алып кел, – деп, Асыранды торғайын жібереді.
Бозторғай Қозыкеге ұшып барды, Хабар алып сөйлесіп қайтып ұшты. Елге жете берген боз торғайды
Қырық бір қырғи қуалап ортаға алды.
Жақсының жүрген жері күнде сауық,
Қайырсыз бай қалады жерді қауып. Баянның мақпал тонын ұрлап киіп, Жеңгесі сол күні отыр сиыр сауып.
Қырық бір қырғи торғайды қуалайды, Қанатымен жеткені уқалайды.
Баянның мақпал тонын бүркегенді,
“Мынау – әкпем екен” деп қорғалайды.
Жеңгесі қатық қылып сиыр сауды, Баянның мақпал тонын ұрлап алды. Баянның мақпал тонын бүркенулі,
Білдірмей жеңіменен ұстап алды.
Әлқисса, торғайы келмеген соң жеңгесінен [хабар] сұрағаны:
Торғай келер мезгілін Баян білді,
Кешігіп келмеген соң қайғы қылды. “Торғайымнан бір хабар білдің бе?” деп, Баян жас жеңгесінен сұрай келді.
–Жүгіріп шықсам боз үйден көйлегім кір, Алтын айдар шекемде сегіз тал өр.
Жеңеше, қолыңдағы торғайым бер, Өлгенше алғаныңмен екеуің жүр.
[Жеңгесінің жауабы]:
–Тілейсің торғайыңды берер біліп,
Қашайын деп жүрмісің көзің күліп. Ардақтаған бикешім, қашып кетсең, Сыртыңнан жүргізе ме қазақ күліп?
Баянның жауабы:
–Біздерге неге күлсін білген адам, Біздерге күлсе күлсін күлген адам. Біз құрбылы бозбала үйленіпті, Жүйрік аттай шұбалып өткен заман.
Жеңгесінің жауабы:
–Сұрасаң да торғайыңды бермен, бикеш,
Екі ортасы шөл дейді адам жүрмес. Қашып сала бер сана күйеуменен,
Күйеуіңнің жатқан жерін адам білмес.
Баянның жауабы:
–Жұрт –уәли таппай ма жатқан жерін, Торғайымды бермесең, қалар көңілім. Торғайымды бермейсің өкпелетіп,
Не көңіліңді қалдырдым, жеңгем, сенің.
Жеңгесінің жауабы:
–Тілейсің торғайды берер біліп, Айрылдың Қозыкеден неғып жүріп? Шіркінді ұрғаным жоқ, соққаным жоқ, Алып ем төбесінің жүнін жұлып.
Әлқисса, Баянның берген жауабы:
–Торғайымды бермесең, кінә қылдың,
Кінәні біле тұра неге қылдың?
Торғайымды бермейсің өкпелетіп, Айналайын жеңеше, мен не қылдым?
[Жеңгесінің жауабы]:
–Жарықтығым, еш нәрсе қылғаным жоқ, Жүнін жұлдым торғайды ұрғаным жоқ.
Несін менен көресің торғайыңды, Өліп қалды әуелден ажалды боп.
[Баянның жауабы]:
–Тілеймін торғайымды берер біліп, Өзім жеңгем отырған көзі күліп.
Жеңеше, қолыңдағы торғайым бер,
Үстімдегі қара тон алып киіп.
Әлқисса, жеңгесінің берген жауабы:
–Қашып барып үйленген қандай адам, Қашты деген бикештің аты жаман.
Мен сырымды айтайын, бикеш, саған, Мен берсем де, бермейді Қодар ағаң.
[Баянның жауабы]:
–Жалпайып жалынбаймын Қодарыңа, Мен не қылдым жылқышы құлдарыңа? Жеңешем, қолыңдағы торғайым бер, Қолыңды бер, Қодардың өлеріне!
[Жеңгесінің жауабы]:
–Тірі тұрар деп пе едің Қодар өлмей,
Торғайың өліп қалды тілге келмей.
Торғайыңды бермеген мен бе, бикеш,
Тынышымды алмай аулақ жүр, менен көрмей!
[Баянның жауабы]:
–Кімге айтайын торғайымды сенен көрмей, Өліп қалды торғайым тілге келмей.
Торғайымды бермесең өкпелетіп, Тірі жүрер деймісің біздер өлмей?
[Жеңгесінің жауабы]:
–Бикешжан, жас басыңнан неге өлесің? Жастай өлсең, жас басыңнан не көресің. Ардақтаған бикешім, өліп кетсең,
Азды-көпті күнәні көтересің.
Мінгені Қозыкенің Көк төбел-ді, Астық ішкен Түркістан тоқ деп еді. Өңге жүнін жұлғанда үндемеді,
Төбе жүнін жұлғанда “Шоқ” деп өлді.
Қойшылар ертең өрер қойыменен, Баян сұлу көрінер бойыменен.
Тамам ноғай таба алмай отырғанда, Әліжаппар құл тапты ойыменен.
Әліжаппар құлдың берген жауабы:
–Аякөздің бауыры Шоқ терек-ті,
Айналасы малға жай мол терек-ті.
Қысырақ қарап жүргенде көріп едім, Айтқаны, ойлап тұрсам, сол терек-ті.
Армансыз бір төсекте жата алмадым, Баянмен бір ауыз сөз қата алмадым. Сарыбай тоғыз кісі барып еді,
Иіліп сәлем берген соң бата алмады.
Мінгені Қозыкенің күрең ат-ты, Шоқтеректің түбінде байлап жатты. Қозыке көзі ілініп кеткен екен,
Қозы жауырын қол оқпен Қодар атты.
“Күрең ат азу тісін ойған ба деп, Баян жас көзінің жасын тиған ба деп.
Қозы жауырын қол оқпен Қодар атты, Бұ тазды не қылғаның, қойған ба” деп.
Қодар құл оқпен атып, өшін алды, Сүйтіп қастық қылғандай несін алды. “Үйдегі Баяныма берейін” деп, Шұрқылтайдың түбінен кесіп алды.
Бәрекелді Қодардың тентегіне,
Асау күрең жүрмейді жетегіне. “Қозыкенің басы” деп тастап еді, Баян жылап салады етегіне.
Баянның жұрт қарайды жабығына, Қозыкеден жас қалған қамығына. “Ал [байыңның] басы” деп тастап еді, Баян жылап салады сандығына.
Баян жылап, Сарыбайдан “Қозыкені кім өлтірді?” деп сұрағанда:
Баян жылап күймеден тұра келді, Сарыбайдың қасына жетіп келді. – Әке, сенен сұрайын бір сауалды,
Ер Қозыке күйеуің кімнен өлді?
Сарыбайдың қызына берген жауабы:
Сарыбай қызын көріп тұра келді, Сол жерде оң жағынан орын берді.
–Сен сұрасаң айтайын, шырағым-ай, Күйеуім Қодар атты құлдан өлді.
Балалы арқар болып мен жусайын да, Көздің жасын қолыммен тосайын да. Биылғы жыл сабыр қыл, шырағым-ай, Қозыкедей кісіге қосайын да.
Баянның әкесіне берген жауабы:
–Етегімді жел ашып жүрген емен,
Қозыкеден басқаға күлген емен.
Әке, неке қи дағы тек өзің ал, Елден бура салғандай інген емен.
Аузымнан жаман сөз айта қалман, Аузымнан шыққан сөзден қайта қалман. Әке, неке қи дағы тек өзің ал,
Елден айғыр салғандай байтал емен.
Баян сұлу атандым тамам жұртқа, Әке қылған осыңды сен де ұмыт па! Шешем Қаракөз бетіңе қарай алмас,
Неке қиып ал [мені] тоқалдыққа.
Сұлу Баян қолына айна алады, Қозыкеден айрылып қиналады.
“Өзімменен қосылып зарласын” деп, Ботасы өлген боз інген түйе алады.
Баянның іші күйіп тұра алмай тас болып, ешкім тұрғыза алмай жұртында қалғаны:
Баян жас бота белбеу белден шешті, Қозыкеден айрылып қайғы түсті.
Баян сұлу тұра алмай жұртта қалды, Сарыбайдың ертең тұра ауылы көшті.
Баян сұлу тұра алмай жұртта қалды,
Оны көріп Қодар құл қуаныш қылды.
Көш жөнеліп кеткенін көріп тұрып, Жұртта қалған Баянға Қодар келді.
Баянды көріп Қодардың берген жауабы:
–Жылқыны көп жалшылар суарады, Сені көріп көңілім қуанады.
Алған байың өлді ғой, сұлу Баян,
Енді сені мен алмай кім алады?
Баянның Қодарға берген жауабы:
Баян басын көтеріп тұра келді,
Жылап тұрып Қодарға жауап берді: – Мен сенікі болайын, Қодареке,
Қозыкені бір көрсет маған,– деді.
Қодардың Баянға берген жауабы:
–Баян жас, нанбаймысың маған, – дейді, Тимесең болар ақыр заман, – дейді,
Осы жерде маған тисең, тура сөйле, Тазшаңды көрсетейін саған, – дейді.
Баян сұлу қуанып тұра келді, Қодарменен екеуі бірге жүрді.
–Ойдым-ойдым жер келді сұлу Баян, Кел, екеуміз ойналық, Баян, – деді.
Баян сұлу Қодарға жауап берді,
Қозыкені көруге алып жүрді.
–Далада ойнағаның не болады, Су басына барайық, Қодар, – деді.
Хақтың жолын күткен жан болар дәруіш, Баян жастың кигені алтын кебіс.
–Су басына әпкелдің, сұлу Баян, Қодареке, тұра тұрсаң мені жемес.
Қодардың қуанып берген жауабы:
–Айт дегеннен айтамын айда, Баян, Қасыңда мендей жолдас қайда саған? Алдыңда жарық болған ай ма Баян,
Сондай ақыл біздерге қайда Баян?
Тазаланып жатайын қойыныңа, Білегіме шашыңды байла, Баян. Баян алдап Қодарды суға салды, Екі кебіс су ішіп мейірі қанды.
Қодар құдық ішінде, Баян – қырда,
–Суға тоңдым, шығайын, Баян, – деді.
Баян бұл сөзді естіп тұра келді, Бұйда пышақ қолына Баян алды.
Қодар суда жатқанда, Баян – қырда,
Қодарды пышақпенен салып алды.
Судың ішінде жатып Қодардың берген жауабы:
–Баян жас, мені есіңе алмадың ба? Әуелі суға түс деп алдадың ба?
Екі бірдей байыңнан тең айрылып, Енді қараң суалып қалғаның ба?
Мұнша қастық қылғандай неттім, Баян, Мені неге сергелдең еттің, Баян.
Екі бірдей байыңнан тең айрылып, Көзің ашық дүниеден өттің, Баян.
Мұнша қастық қылғандай неттім, Баян,
Әке-шешем жылатып кеттім, Баян. Тіл ұшымен мені сен жақын қылып, Аңдып жүріп түбіме жеттің, Баян.
Айда Баян, а Баян, неттім, Баян, Ептеп жүріп түбіме жеттің, Баян.
О дүниеде артыңнан еш қалмаспын, Тікен болып араңа біттім, Баян.
Баян сұлу бұл жерде қуанады, Тіліне Қодар құлдың кім нанады? Баян жас шашын қиып жібергенде,
Қодар құл құдық түбіне жұмалады.
Баян Қодарды өлтіріп, Қозыкенің басына келіп жылағаны:
–Ботасы өлген боз інген артып келді, Баян жас қайғы азабын тартып келді. Қодар құлды құдықта өлтірген соң, Қозыкенің басына қайтып келді.
Баян Қозыкені көріп зар-зар жылағаны:
–Шырағым, жатырмысың жер бауырлап, Қаба жүнді қайың оқ оны ауырлап.
Тұрар болсаң, тұр сана, шырағым-ай,
Баян жас – алған жарың келдім зарлап.
–Шырағым, жатырмысың жер бауырлап,
Алты батпан топырақ оны ауырлап. Тұрар болсаң, тұр сана, шырағым-ай, Құдай қосқан қосағың келді зарлап.
Қозыке жүрмек болып қылды талап, Жеткізді Баян жасқа Құдай қалап.
Не өлісін, не тірісін білейін деп,
Баян отыр Қозыкенің мойнына басын жамап.
Баян Сұлу зар жылап отыр еді, Құдайдан сол мезгілде пәрмен болды. Баянның көзі ілініп кеткен екен,
Түсінде періштелер хабар берді.
Құдайдан сол мезгілде пәрмен болды, Түсінде Баян жасқа хабар берді.
Алладан періштелер хабар беріп,
–Неше күндік тілейсің өмір? – деді.
Баян жас зар жылап тұра келді, Құдайдан тілегені қабыл болды.
–Ұзақ өмір тілеп мен не қылайын, Үш күн, үш түн ойнасам болар, – деді.
Баян жастың тілеуін Құдай берді,
Періштелер бұл сөзді есітіп тұрды.
Құдайдан сол мезгілде пәрмен болып, Ер Қозыке сілкініп тұра келді.
Ер Қозыке сілкініп тұра келді,
Жаппар Құда тілеуін қабыл қылды. Құдайдың бақ бергені кем бола ма, “Үш күн, үш түн ойна” деп өмір берді.
Қозыке сөз болғалы бір талай жыл, Құдай берген жақсыға бір қызыл гүл. Шығардық өлең қылып үшбу сөзді,
Баянның сұлулығын есітіп біл.
Ибраһим Мекке тұрғызды Құдай үйін, Жүрген жері жақсының болар жиын. Қозыке мен Баянды өлең қылып,
Хатқа жазып шығардық анық біліп.
Басына ақ кірпіштен үйін салып, Үш күн, үш түн екеуі ойнап-күліп. Екеуінің көңілі қысқа болды,
Төртінші күн Құдайдан пәрмен болып.
Ақ кірпіштен баспана салды үйін,
Ажалына шығады қызыл құйын.
Үш күн, үш түн екеуі ойнап күліп, Өмірін қысқа тілеп болды қиын.
Қияметтің қыл көпірі тар-ды дейді, Бір жағы от, бір жағы жар-ды дейді. Қозыке мен Баян жас өлген шақта,
Қырық бір моллда Меккеге барды дейді.
Меккеге қырық бір молла барды дейді, Қасына қырық періште жолдас болды. Меккеден үйге қайтып бара жатса,
Жолда тұрған ақ сарай үйді көрді.
Жолда тұрған ақ сарай үйді көрді, Періштелер адам сипатты болып келді. “Кім де болса бір бата қылайын” деп, Қырық бір молла сарайға кіріп келді.
Қырық бір молла сарайға кіріп келді, Отырып Құран оқып, бата қылды.
Бата қылып сөйлесіп отырғанда, Төбесінде жазулы хатты көрді.
Ақ сарайда жазған хатты көрді,
Қозыке мен Баянның атын көрді. “Жаратқан жеті ғашықтың бірі екен” деп, Құдайдан тілейік деп кеңес қылды.
Қырық бір молла жиылып кеңеседі, Әр қайсысы әр түрлі сөз сөйлеседі. “Әркімнің әр тілеуі өзінде бар, Құдай бізге алғанын бермес” деді.
Ақ сақалды бір молла тұра келді, Өзгесі соның сөзін тыңдап тұрды.
–Жаны кеткен денеге жан кіргізген,
Мұнан артық боларсың бәрің, – деді.
Ақ сақалды бір молла айтса жауап, Құдайдан шын тілеңіз бәрің жылап. Жаны кеткен денеге жан кіргізсең,
Табарсың мұнан да үлкен артық сауап.
Ақ шалмалы бір молла жауап берді, Баршасы мұның сөзін қабыл қылды. Қозыке мен Баянның жанын тілеп, Намаз оқып Құдайға жылап тұрды.
Қырық бір молла Құдайдан тілеп тұрды,
Қырық періште Құдайға ғарыз қылды. Құдайдан сол мезгілде пәрмен болып: – Періште, не себептен келдің? – деді.
Періштенің берген жауабы:
–Мекеге тауап қылып жүрдік, – дейді, Қозыке мен Баянды көрдік, – дейді.
Жаратқан жеті асықтың біреуі екен, Біз соның жанын сұрап келдік, – дейді.
Біздермен қырық бір молла жолдас болды, Меккеге тәуап қылып бірге келді.
Қозыке мен Баянның хатын көріп,
Қырық бір молла біздерден тілек қылды.
Құдайдан сол мезгілде пәрмен болды, Қырық бір молла тілеуін қабыл қылды. Мың жанды бір қапасқа салған екен,
–Екі жанды шығарып алсын” деді.
Періштелер қапастың аузын ашты,
Жатқан мың жан қапастан тұра қашты. Қозыке мен Баянның себебінен
Көрде жатқан мың жан да басын қосты.
Екі жанды періштелер алып келді,
Қозыке мен Баянның жаны кірді.
Қырық бір молла тілеуі қабыл болып, Екеуі көрден шығып тұра келді.
Қырық бір молла тілегін Құдай берді,
Қозыке мен Баянның жаны кірді. Қозыке мен Баянның себебінен Көрде жатқан мың кісі тұра келді.
Екеуі көрден шығып тұра келді,
Жалаңаш, айдай балқып, нұрға толды. “Ғашық кісі жалаңаш тұрмасын” деп,
Ұжмақтан Құдай берді халла тонды.
Екеуі халла тонды киіп, шүкір қылды, Ақ жүзі бұрынғыдан артық болды.
Моллалардың тілегін қабыл қылып, “Отыз бір жыл ойна” деп ғұмыр берді.
Қозыке мен Баянның көңілі толды, Құдайдан тілегені қабыл болды.
Қозыке мен Баянға бата беріп, Моллалар амандасып жүре берді.
Екеуі көр басында жалғыз қалды,
Тұра келді, ешнәрсе көре алмады. Қасында ауыл түгіл, дәнеме жоқ, Айдалада қалғанын сонда білді.
Көңілі Қозыкенің біткен екен, Түбіне жалғыз Қодар жеткен екен.
Сарыбай күйеу, қыздан айрылған соң, Өлеңті-Шідертіге көшіп кеткен.
Баянның анасының бір күн жатып түс көргені:
Қаракөз бір күн ұйықтап жатыр еді, Түсінде күйеу, қызы сәлем берді.
Тірілгені көңіліне ғаян болып,
Кемпір жылап күн шықпай тұра келді.
Кемпір жылап күн шықпай тұра келді, Үш көш жерде жылқыға жаяу жүрді. Пәрмен болды, тіл бітті екеуіне,
Арда күрең, Бақа айғыр сәлем берді.
Арда күрең, Бақа айғыр сәлем берді, Жылап кірген кемпірді бұлар көрді. – Туғалы мал көрмеген адам едің,
Шешеке, неге зар жылап келдің? – деді.
Қаракөздің екі атты көріп берген жауабы:
–Бүгін жатып төсектен тұрдым, – деді,
Қозыке мен Баянды көрдім, – деді. Өзімнің іздеп барар балам жоқтан,
Сіздерге соны айтқалы келдім, – деді.
Өзімнің іздеп барар шырағым жоқ, Тірі болса көруге көңілім тоқ.
Тәңірден тілеп қосқан екі көзім, Көргенше зар жылаймын іңкәр болып.
Екі аттың Қаракөзге айтқан жауабы:
–Айталық тура жауап сізге, – дейді, Балаңнан күдеріңді үзбе, – дейді.
Тірі болса екеуміз ап келерміз,
Алтын жабдық әзірле бізге, – дейді.
Байғұс кемпір қуанып қайтып келді, Алтын жабдық, ер-тоқым әзірлейді. Қозыке мен Баянның киімдерін
Өз алдына бір жерге алып қойды.
Түс болғанда ауылға бие келді, Арда күрең, Бақа айғыр бірге келді. “Қозыке мен Баянға барамын” деп, Екі айғыр іздеп жүрмек болды.
Айбас құл көп жылқымен түзде қалды,
Құл-күңі биелерді байлап сауды. Намазшам мезгілінде бие ағытып,
Екі айғыр желі басында жатып қалды.
Арда күрең, Бақа айғыр жүрмек болды, Намазшам болған соң тұра келді.
Алтын жабдық, ер-тоқым, киім артып, Кемпірге амандасып жүре берді.
Құдайдан екеуіне пәрмен келді, Әулиелер алдына жақсы болды. Екеуі көр басында отыр екен,
Арда күрең, Бақа айғыр жетіп келді.
Арда күрең, Бақа айғыр оған жетті, Алтын-күміс көрген соң көңілі бітті. Екеуінің киімі кигеннен соң,
Халла тоны ұжмаққа ұшып кетті.
Екеуі алтын-күміс киім алды, Баянға Бақа айғырды ерттеп берді. Қозыке күрең атты өзі мініп, Сарыбайдың ауылын іздеп жүрді.
Сарыбайдың ауылын іздеп кетті,
Орта жолда ойнап-күліп көңілі бітті. “Енді күйеу кәдесін қылалық” деп, Мал ішіне жеткенде тастап кетті.
Қозыке күйеу болып түзде қалды, Баян сұлу қуанып үйіне барды.
Сарыбай мен Қаракөз қарсы шығып, Үшеуі құшақтасып зар жылады.
Қаракөз қызын көріп зар жылады, Көптен бері сағынып, қайғырады. Күйеу, қызы қолына келгеннен соң,
Төрт күн, төрт түн жұрт жиып той қылады.
Жұрт білді Қозыке мен Баян атын, Қолында екеуінің қызыл алтын.
Ер Қозыке күйеуі келгеннен соң, Алдына шатыр тікті қырық бір қатын.
Сағынып қайын енесі жаяу барды, Күйеуіне көрісіп, зар жылады.
Торғайға қастық қылған жау жеңгесі, Ұзатқанша көре алмай қорғалады.
Қозыке ақ шатырда күндіз тұрды,
Түнде алтын күймеде дәурен сүрді.
Ел-жұрты Қозыкенің есінде жоқ, Жиырма жыл Сарыбайда бірге жүрді.
Айбас құл Қозыкені сағынады,
Елге келмей жылқыны бағып жүрді. Көп жылдан ел көрмеген Айбас пақыр Бір күні көп жылқыдан елге келді.
Айбас бір күн жылқыдан елге келді, Қозыкенің шатырын көзі көрді.
Шатырының есігінен қарай салып,
Қозыкеге көрісіп зар еңіреді.
Қозыке – күйеу, Айбас құл қосшы болды, Бір-біріне көрісіп көңілі тынды.
Баян бір күн күймеде ұйықтап жатса, Түсінде Мамабике ғаян берді.
Баянның түсіне қайын енесі кіріп сөйлескені:
Сол күні ай қараңғы түн болыпты, Ғашықтар жалған емес шын болыпты. Қозыкеден айрылып қалғаннан соң, Шешесі тезек теріп күң болыпты.
Қарабайдың үйінде тоқсан құл-ды,
Жидебай қалған үйге ие болды.
Тоқсан құлдың бастығы – Жидебай құл, Бәйбішені күң қылып ғазап қылды.
Тоқсан құлдың бастығы – Жидебай-ды, Құлдың қылған ісіне кім шыдайды.
Баян жастың түсінде хабар беріп,
“Құлға күң боп қалдым” деп зар жылайды.
–Шырағым, мені есіңнен салма , – дейді, Дұшпанның өсегіне нанба, – дейді.
Тәңіріден тілеп алған екі көзім,
Мен байғұсқа көрер күн бар ма? – дейді.
Баян жылап күймеден тұра келді, Қозыкені шатырдан алып келді.
–Шырағым, қайдан өстің, қайдан келдің, Біз көргендей ел-жұртың бар ма? – дейді.
Қозыкенің Баянға айтқан жауабы:
–Ұшбу жерде қашар шайтан “Алла” десең, Кетерсің жаһаннамға харам жесең.
Екеуімізге қуанып атам өлген,
Зар жылап қалып еді жалғыз шешем.
Қайғысын ұзын жолдың сарт көреді,
Танымаған кісіні жат көреді. “Енді бізді елімізге ұзатсын” деп, Баян жас Сарыбайға хат береді.
Сарыбай “жері алыс” деп қайғырады, Қаракөз ұзатпаққа ой қылады.
Қарғи барып Бақа айғыр шідер үзді, Өлеңтіде өлең айтып той қылады.
Әділ болса бұзылмас ханның тағы, Ақынның сайрап тұрар тіл мен жағы Өлеңтінің Ақжар деген жері бар-ды,
Сарыбайдың той қылған жер-ошағы.
Қырық күнде той қылып дәурен өтті,
Қырық қара нар арттырып қыз жөнелтті. “Шырағым жұрттан жалғыз шықпасын” деп, Қырық нөкерді Баянның қасына ертті.
Жиырма қыз, жиырма жігіт ертті, Неке етіп бір-біреуін қосып кетті. Өлеңтінің бойынан шыққан күні, Айбас пенен Қозыке озып кетті.
Баян жас ауыр жүкпен кейін қалды,
Айбас пенен Қозыке озып барды.
Қарабай елі Жұпардың қорығында, Бұқараның ар жағына барып қалды.
Айбас пенен Қозыке бұрын барды, Жұпардың қорығына жетіп қалды. Ел шетінде бір адам қой жайып жүр, Екі жігіт қойшыға душар болды.
Екі жігіт қойшыға душар болды,
–Қай ауылдың қойы ?– деп сұрап алды.
–Бізден не сөз сұрайсың, екі жігіт,
Иесіз бағып жүрмін қалған малды.
Қозыкенің қойшыға айтқан жауабы:
–Қалай-қалай сөйлейсің, қойшы жаным, Мұңды сырың Құдайға болсын мәлім.
Біздер үйден шыққалы көп [жыл] болды, Иесіз бағып жүр едің кімнің малын?
Қойшының жауабы:
–Жаратқан сиынамыз бір Құдайға, Көре алмай іңкәр болдық күн мен айға. Қозыке жаста кетті [зар] жылатып, Қалған дәурен қор болды Жидебайға.
Қойшыдан елдің жөнін сұрап алды,
Үйіне қонақ болып тура барды. Үй артында келіп тұр екі қонақ,
Жидебай үйде отырып жауап қылды.
–Шұнақ күң, қолыңды отқа тықшы, – дейді, Ұятты кісі болса бұқшы, – дейді.
Үй артында келіп тұр екі қонақ,
Кім екенін білгелі шықшы, – дейді.
Қозыке сәна қылды, ғақыл ойлап, Жеткізді шешесіне Құдай айдап.
Үйден шыққан шешесін тани салып,
Алдынан қарсы жүрді атын байлап.
Байға күнде қонақ көп келеді,
Жөнсіз қонақ келгенін жек көреді. “Қарны ашқан екі қонақ бір тойсын” деп, Екеуіне үш табақ ет қояды.
Айбас құл енді танып, күлімдеді, Қозыке келген жерден білінбеді.
“Жүдеген мұңды кемпір бір тойсын” деп, Екі табақ етінің бірін берді.
Мұны көріп, Жидебайдың Қозыкеге айтқан жауабы:
–Қонақ, саған не болды қара басып,
Адал асты мен бердім қазанға асып.
Жалғызынан айырылған мұрдар күңге, Неге асыңды бересің жаның ашып?!
Қозыкенің жауабы:
–Өзіміз мылтық атқан мерген едік, Үйіңе мейман болып келген едік.
Мұңлыққа неге жаның ашымасын,
Жалғызын қайнындағы көрген едік.
Жидебайдың жауабы:
–Адал асты мен бердім саған салып, Жақсы қонақ екен деп жолың танып. Қодар атып сүйегі қурап қалған,
Не қыласың шіркінді аузыңа алып?
Қозыкенің жауабы:
–Құл болсаң жылқы бағып жатар едің, Би болсаң жұртқа кеңес айтар едің.
Жағаңды ұстап шүкір қыл, Жидебайым, Жалғызы келіп қалса қайтер едің?
Жидебайдың жауабы:
–Әділ болсаң жұртыңның қамын жерсің, Қонақ сыйлап жөнелтсем мырза дерсің. Қодар атып сүйегі қурап қалған,
Өлген кісі тіріліп қайдан келсін?!
Қозыкенің жауабы:
–Адал болсаң дәулетке мол боларсың,
Етің кетсе, сүйегің бор боларсың.
Жағаңды ұстап шүкір қыл, Жидебайым, Жалғызы келіп қалса қор боларсың!
Жидебайдың жауабы:
–Жасымнан ерке болып өсіп едім, Жақпас қонақ келдесін кесіп едім. Мұнша жаның ашыды мұрдар күңге,
Сен мұның есі ме едің, досы ма едің?
Қозыкенің жауабы:
–Өзіңнен басқа жанды аямайсың, Жалғыз болсаң жұмысқа жарамайсың. Барлық-жоқтық басыңнан кешкен жоқ па,
Неге мұндай ғаріпке қарамайсың?
Қозыке, ертең Айбас атқа мінді,
Жылқыдан қырық боз бие айдап келді. Қырық биенің құлынын байлап қойып, Сүтін сауып шешесін шомылдырды.
Жидебайдың жауабы:
–Антұрған мынау қонақ түпке жетті, Жылқыдағы биемді айдап кетті.
Малымның бірі құрлы бәсі жоққа, Бекер байлап құлынның жайы кетті.
Қозыкенің жауабы:
–Жағады бәйбішеміз опа. ,
Қарайсың айнаменен көркемдігін.
Құл-қотанның жегені – сенің малың, Қонақтың бай көтерер еркелігін.
Жидебай, көп сөйлеме, үнің өшсін, Тақылдаған тіліңді Тәңірі кессін.
Құл-қотанның жегені – сенің малың, Не қыласың байғұстың көңілі өссін.
Ол кемпір құлдан қорқып төмен бұқты, Жерде жатқан тезекті қапқа тықты.
Тезек теріп шешесі жүрген екен,
Қозыке айдалаға алып шықты.
Жидебай тоқсан құлдың басы дейді, Көзінің бекер шықты жасы дейді.
–Біздер үйден шыққалы көп күн болды, Сауап болсын, арқамды қасы, – дейді.
Мамабике сол жерде жылап тұрды, Жылағанын Қозыке көзі көрді.
–Менен басқа жүрме едің кісі көрмей, Кемпір, саған не мүшкіл болды? – дейді.
Шыныңды айтсаң көңілім тынсын, балам,
Жалған болса сүйегім сынсын, балам.
Жалғызымның белгісі бойыңда тұр,
Шыныңды айтып өлтірші, кімсің, балам?
Қозыкенің берген жауабы:
–Құдайдан тілеп алған сен-ді, шеше, Тілеуің қабыл болды енді, шеше.
Баянды Құдай қосқан алып келдім,
Жаста кеткен жалғызың мен-ді шеше.
Екеуі көріседі құшақтасып,
Үш күн, үш түн отырды зар жыласып. Айбас пенен екеуі бірдей жылап,
Көзінің жасы көл-дария болды тасып.
Үшеуі үш күн, үш түн жылап қалды, Төртінші күн есі-тұсын жинап алды. Үшеуі есі-тұсын жиып алып,
Ақ үйдің ішіне кіріп барды.
Көп дәулет таусылмайды молдықпенен, Жидебай күң қылыпты зорлықпенен.
Шешесіне қас қылған Жидебайды, Иттей кесіп өлтірді қорлықпенен.
Қозыкенің келгенін жұрты білді,
Қырық жылқы сойдырып тойын қылды.
Қозыке жұртын билеп ұлық болды, Айбас құл жылқы бағып түзде жүрді.
Айбас құл жылқы бағып түзде жүрді, Қозыке екі қатын алып берді.
Жоғарыда Қарабайдың елі болды, Бірнеше ай өткен соң Баян келді.
Ел шетінде Баянды Айбас көріп, Енесінен сүйінші сұрай келді.
Жүз жылқы сүйіншіге бөліп берді,
Баян сұлу аулына жақын келді.
Төрт кісі бұрын озып үйге кірді,
–Мамабике құдағи бар ма? – дейді. Құдағи, үйде болсаң, сүйінші бер, Құдай қосқан келінің келді, – дейді.
Мамабике есітіп тұра келді,
Үйден шығып жан-жаққа қарай берді. Баян жастың қарасын көрген екен,
Жүрек қабы жарылып енесі өлді.
Есіз қалған үйіне Баян келді.
Өліп қалған енесін көзі көрді. “Алтынымды қолымнан қоямын” деп, Баян жас таза жуып өзі көмді.
Қозыке жұртын билеп ұлық болды, Құдайдың бергеніне көңілі толды.
Отыз бір жыл Құданың берген бұйрығы бар, Перзент үшін көңіліне қайғы толды.
Отыз бір жыл ғұмыры тамам болды, Ұйықтап жатса түсінде ғаян болды. “Қозыке, амандасып жеріңе бар,
Бұйрығың Аякөзде болар” дейді.
Қозыке ерте тұрып жұртын жиды, Біткен малын санатып үш бөлдірді. Екеуін пақыр-міскінге үлестіріп, Бір бөлігін Айбасқа өзі берді.
Тамам жұртын Айбасқа табыс қылды, Айбас мұнда, жұрт билеп ұлық болды. Мінер ат, сауар сауын жиып алып, Қозыке Аякөзге жүрмек болды.
Қозыке Аякөзге кетіп қалды,
Көп кісілер шығарып жолға салды.
Мінер ат, сауар сауын бәрі бітіп, Екеуі Аякөзге жаяу барды.
Екеуі Аякөзге жаяу жетті,
Қозыке өзен судан бұрын өтті.
Баян жас таһарат алып барғанынша, Қозыке амандаспай өліп кетті.
Қозыке амандаспай бұрын өлді, Баян барып басына зар еңіреді. Баян жас зар еңіреп отырғанда,
Үстіне бір топ керуен жетіп келді.
Қырық кісі, керуен басы бұрын келді, Жылап тұрған Баянды бұлар көрді.
–Біз жүргенде жоқ еді сендей адам,
Нағылып зар жылаған жансың? – дейді.
Баянның керуенге берген жауабы:
–Біз тудық Қарабай мен Сарыбайдан, Жүзіміз артық болды туған айдан.
Отыз бір жыл ортада ойнап-күліп, Бүгін қаза жетіп тұр бір Құдайдан.
Қырық кісі, керуенбасы мұны білді,
Сұлулығын көрген соң алмақ болды. – Сұлуға жалғыз тұрған жарамайды, Қайсымызға тиесің айтшы? – дейді.
Баян Сұлу қайғымен болды кәбәб, Тамам керуен Баянға болды сәбәп. Баян Сұлу керуенге жарлық қылды: – Там тұрғызған кісіге тиемін, – деп.
Қыздың айтқан жарлығын керуен білді, Қырық күнде Қозыкенің тамын қылды. Баянның өзі барып көріп келді,
– Қиямет-қайым болғанша тұрар, – деді.
Тамам керуен жиылып кеңес қылды, Баянды аламыз деп көңілі тынды.
–Қыздың айтқан жарлығын қылып болдық, Қайсымызға тиеді, келсін – дейді.
Алушы керуеннің басы болды, Аламыз деп Баянға кісі салды. Баян жас өз алдына жылап тұрып, Керуенге жүзі таймай жауап берді.
–Көп керуен, разымын келгеніңе ,
Белгісін тұрғыздыңыз өлгеніме.
Әрқайсыңа үлессем, мүшем жетпес, Тиемін ақылы артық жеңгеніңе.
Тамам керуен бір жерге жиылады, Баян сарай қылмаққа бұйырады.
Тамам керуен Баянға жол таласып, Ажал жетіп сол жерде қырылады.
Қырық кісі қырылды жол таласып, Баян үшін өліпті төбелесіп.
Тамам керуен сол жерде өліп қалды,
Үш кісі үш ру елге барды қашып.
Бұл сөзді Құдай сүйсе өнер қылған, Қозыкенің сарайын керуен қылған. Үш кісі үш ру елге қашып барып, Сол екен Қозыкені өлең қылған.
Патшамызға қарайды жұрттың бәрі, Шөженің өнер қылған мұңдық назы. [Ер] Қозыке өлгенде, Баянда өлді, Әркімнің сондай болсын алған жары.