ЕСІМ ХАН

Қолыма қалам алып хат жазайын, Ақтарып өткендерден сөз қозғайын. Жарандар, құлақ салсаң бұл кеңеске, Айтайын Есім ханның мен жағдайын. Із қалған белгілі боп әр ғасырда, Жамағат құлақ салып тыңдасын да. Қазаққа әділдікпен патша болып, Есім хан ел билеген өз тұсында. Ол өзі жұртын сұрап даналықпен, Мекен ғып тұрған Сырды...

Қазақша
ЕСІМ ХАН
Қолыма қалам алып хат жазайын, Ақтарып өткендерден сөз қозғайын. Жарандар, құлақ салсаң бұл кеңеске, Айтайын Есім ханның мен жағдайын. Із қалған белгілі боп әр ғасырда, Жамағат құлақ салып тыңдасын да. Қазаққа әділдікпен патша болып, Есім хан ел билеген өз тұсында. Ол өзі жұртын сұрап даналықпен, Мекен ғып тұрған Сырдың жағасында. Қақ жарған қара қылды әділдікпен, Халықтың алған ықылас-батасын да. Сол кезде жерге талас қазақ, қалмақ, Сыр өзен Қамыстақтың арасында. Алайда, астам көңіл шапқыншылар Алдында кім тұрғанға қарасын ба? Осындай сабаз басшы тұрған кезде Сұмырай жау елді басып ала алсын ба? Жүреді қалай тартса қалам деген. Немене теңсіз болса заман деген? Азырақ Дорбанқордан сөз бастайын Қазақты бір-ақ жалмап алам деген. Дорбанқор қалмақтардың ханы еді. Көп жерге қанды ойран салып еді. Ол өзі батырсынған өте жауыз, Зорлықпен талай елді алып еді. Басынып қазақ халқын көзіне ілмей, Топтанып Қамыстаққа барып еді. Тұмсығы тасқа тиіп келген жерден, Қазақтың батырлығын танып еді. Мың кісі Қамыстаққа Дорбан барды, Қазақпен он сегіз күн соғыс салды. Ақыры соққы көріп біздің жақтан, Мыңнан үш жүз адам әрең қалды. Жазуға қалам алып басшым қағаз, Есім хан – тым айлакер, әділ сабаз. Еліне даналықпен басшы болып, Дұшпанды соққылап ед көтертпей бас. Тазартып туған елін құтқаруға, Сайланып атқа мінді кәрі мен жас. Сөз бар ғой: “Доңыз өлмес құр айғайдан”, Ер жүрек батырлар да дайындалған. Өмірін арнамақшы ер ел қорғауға Құртқармай барған жауды ойына алған. Топырлап жауыз жаулар мерт болады, Ерлерден соққы көріп қаруланған. Ол кездің бір заңы бар соғысында Майданға жекпе-жек кеп кезек салған. Талай бар ер жүректер от боп жанған, Екі жақ тілдесуге елші салған. Басына заман ақыр төнсе елдің, Кім кешпес белшесінен қызыл қаннан. Тең болса зейін-қайрат жігіт кем бе? Қандай жан өкінеді арам терге? Өмірдің ащы-тұщы қызықтары – Үн қосқан қу ағашқа бейне перне. Түседі аққу көктен шалқар көлге, Қандырып мейірін ол шөлдегенде. Майдан қып қазақ-қалмақ жиналыпты, “Жидекті ну орманы” деген жерге. Қалмақтан Ұран деген батыр келді, Қазақты көзге ілмей бір шіренді. Кеудемен тауды қағып жіберердей: “Кешікпей батырларың келсін” деді. Есім хан бұйрық берді бір балаға, Сыйынып жаратқан Хақ тағалаға. Кім біледі жастың алды не боларын, Дариға-ай, одан есе ала ала ма? Аты еді бұл баланың Әбеуқайдар, Айғайлап бата берді ақсақалдар. Қолына қылыш алып кетіп барад, Елі үшін еңіреген қаһармандар. Ойнатып қасқа атпен жетіп барды, Майданда екеуі де ойын салды. Айбынды екі батыр айқасқанда, Жарқылдайд шақ-шұқ етіп қылыштары. Қырандай жарқыраған бейнелерін Көріп тұр тамашалап халықтары. Әбеу ер елі үшін өзі құрбан, Армансыз халық үшін шықса жаны. “Өлсең де намысыңды жіберме” деп, Дем беріп айғайлады елдің бәрі. Дем берген елдің айғай-ұранымен, Әбең ер күшін жинап қаһарланды. Тәңірім қуат беріп талапты ерге, Дұшпанның сілкіп басын кесіп алды. Арам тер жаны шықпай тыржың қағып, Төбедей төңкеріліп о да қалды. Шулады сұмырайлар анталаған. Мерт болды Ұран батыр қалмақтардан. Дұшпанмен алысуға белді буып, Батырдың екі көзі отша жанған. Қалмақтан намыстанып біреу келді, Екі жақ сап түзеген оны көрді. Ұзын бой, тарбақ танау, мол денелі, Жағымсыз келбеттері көзге ілінді. Әбеңмен ұстасуға таяп қалды, Сонда Әбең туған елін есіне алды. Бұған да арыстандай қарсы ұмтылды, Жауыздан енді аяну жарамайды. Атпенен таяп келіп о да тұрды. Батыр да ыңғайланып мойын бұрды. Найзамен бұл итті де түйреп алып, Батырдың бағы жанып, жолы болды. Бірінің бағы жанса, бірдің соры, Астында ойнақ салды қасқа торы, Қалмақтан екі батыр мерт болған соң, Шегінді дұшпандардың қалған қолы. Қазақтың бұл ісіне шыдай алмай, Майданға өзі келді Дорбанқоры. Ол келіп қаһарланып айғай салды, Найзаға қос шашақты ту байлады. Бұл сұмның айбарынан үрейленбей, Батыр да белдесуге ыңғайланды. Тартысып екі батыр, қызды майдан, Күшіне көрермендер қалды қайран. Ақырып Әбең ер де айғайлады, Елі үшін шықса жаны, етпейді арман. Екеуі алыса алмай жүрді бір күн, Ұрады бірін-бірі дүркін-дүркін. Майданда екі қыран таласқандай, Қарайды қызығына халқы шіркін. Кеш таяу, дем алатын уақыт болды, Күшінен батырлардың ат болдырды. “Біз де енді тоқтап қалып осы жерде, Көріссек ертең”, – деді Дорбанқоры. Есім хан өзі келіп айырады, Қырандай батырын ол қайырады: – Әбеуім, деміңді ал, асыңды іш, Асықша алысуға күн бар тағы. Сонымен екі жаққа айрылысты, Демалып, рахаттанып ішіп асты. Ат беріп неше түрлі батырына, Мадақтап халық жатты әлгі жасты… – Туған жер, маған қымбат өскен елім, Тың жерде құтқарғанды дос дер едім, Ел үшін тар кезеңде кеуде керіп, Жұрт үшін құрбан болған талай керім. Еңбегі ұмытылмас батыр ердің, Келеді талай ерлер қорғап елін. Ертеңгі болжау айтып келер іске, Есім хан нұсқау беріп жиды елін. Сөзіне Есеңнің ел салды құлақ, Қайтпайды өздігінен мынау қалмақ. Сұмырайдың бәрін түгел құртпағанда, Қор қылып бізді дұшпан алар жаулап. Халқына жігер берді ер данышпан, Еліне көсем болар ақылы асқан. Беделді, өзі шешен Есен ағай, Сөйлесе май шығарған қара тастан. Майданға ертеңінде барды бәрі, Көруге тамашалап жас пен кәрі. Жиналып түгел халық болғаннан соң, Дорбанқор: “Жекпе-жек!” деп, айғай салды. Әбең ер жекпе-жекке барды тағы, Не болар бұл майданда жастың халі. Дорбанқор қылыш алып жетіп келді. Ойнайды мінген кері арғымағы. Тағы да бұл екеуі алысады, Шыдамай ат аяғы шалысады. Шіреніп оқты көзбен кейде атысып, Теңеліп кейде күштер қарысады. Созылды осы соғыс жарым күнге, Ерлікпен бұл екеуі түсті көзге. Жөн ғана екі батыр шаңдатады, Соғысқан жан көрінбейді онан өзге. Екі жақ көз алмастан қарап тұрды, Қыран құс талқандардай құрған торды. Қали мен Жанәбілдің күресіндей, Шіркін-ай, естен кетпес жұлыс болды. Көз алмай екеуінен қалың адам, Күшіне екі ердің жан таң қалған. Тең келіп қайраттары екеуінің, Бірі өліп не бірінен төгілмей қан. Кеш кіріп, бір мезгілде бесін болды, Әбеңнің көзі ашумен қанға толды. Аюға қарсы ұмтылған арыстандай, Түсірді аттан жұлып Дорбанқорды. Ер Әбең ақ алмасын қолына алып, Қан толған екі көзі ашуланып. Бүлік сап өлім қуған сұмырайдың Аямай жүрегінен салды барып. Ақ туын мұсылмандар қолына алып, Батырдың ерлігіне мейірі қанып. Қазақтың бағы жеңіп бұл соғыста Дорбанқор жатты өлігі ыңыранып. Өлген соң дұшпандардың Дорбан ханы, Қайғыға шомды жаудың қалғандары. Текені өзі келген көздеп атып, Жауыздан қазақ халқы есені алды. Шегінді қалған жаулар кейін қарап, Шыбын жан тіршіліктен етер талап. Атақты батырынан айрылған соң, Қазақтан қорлық көріп тозды қалмақ. Адамзат қол созады әр арманға, Өткен іс ойға түсер еске алғанда. Біреуге қастық ексең, қайта айналар, Егіз ғой жақсы-жаман бұл жалғанда. Ызғарлы күзді күні қазан желді, Қорғайды нағыз адам туған елді. Қалмаған жамандығы кәпір қалмақ, Тозғанын торғайдай боп енді білді. Тоздырып қалмақтарды біздің қазақ, Қалмақтар қазақтарға болды мазақ. Қалмақты бұл соғыста қазақ жеңіп, Көрсетті шапқыншыға түрлі азап. Қарамай арт жағына қашқан жауыз, Кетті олар сай-салаға тозып жалғыз. Тарихта болған іс қой естен кетпес, Халықтан шапқыншылар алған қарғыс. Қазақтың батырлары қаруланып, Қалмақтың арт жағынан қуып барып. Олардан екі мыңдай жылқы әкелді, Қосымша тұтқындарды олжаға алып. Қалмақтар қорлық көріп тозғаннан соң, Ақыры Маңыраққа кетті ауып. Әсілихан Алтай таудың патшасы еді, Қалмақтар арыз қылды соған барып. Әсіліхан естіп білді барлық жайды, Хабарлап маңайына елін жиды. “Неше жыл күшті жинап соғыспасақ, Амалы Есім ханның қиын”, – дейді. Алтай мен Маңыраққа хабар айтып: “Қазаққа алданбаңдар бекер жатып. Екі жыл дайындалып күшті жинап. Оларды біз жаулаймыз құл-күң етіп”. Деп ханы хабар берді аумағына, Қарауыл қойды әскер тау жағына. Қазаққа қастандығын жинап тағы, Қаратпақ жаулап елді қармағына. Әсіліхан тағы ойлап, қайғыланды, Ойға алып Дорбанқордай асыл ханды. “Қайтарып Дорбанқордың мен есесін, Тоздырып тозыңдай ғып қазақтарды”. Қиялдап о да тағы ойға батты, Жағалап нөкерлерін көзбен атты, Деді ол: “Ден алармын үлкен есе, Көрсетпей қазақтарға рақатты”. Сұмырай бұл өзінше батырсыған, Әр күні қастандығын сайлап жатты. Болса да арасы жау достығы жоқ, Қазақтар бұл істерден хабар тапты. Есім хан хабар тапты жау жайынан, Қорқушы еді қалмақтар да айбарынан. Өмірде халқын сүйген әділ сабаз, Келетін жауға қарсы дайындалған. Есім хан халқын жиып, ақыл сапты: – Қашқан жау Алтайдағы ханын тапты. Олар кеп қайта аралап, жеңсе бізді, Көрсетпейді бұл дүниеде рақатты. Ер халқым, қалай ақыл айтасыңдар? Жиналған барша халық кәрі-жасың бар. Отырмын жөнді осылай баян етіп. Көпшілік қандай амал табасыңдар? Жиналған жаусырасып барлық елдер, Тасыған күші жойқын кемеңгерлер. “Көптің күші жиналса, көл” деген ғой. Ер жүрек батырларға не тең келер? Келе алмай дұшпан қалды көңлі қайтып, Іздеді әдіс-амал ойға батып. Неше рет жиналса да, топты жиып, Қазақтан өлтірген жоқ бір кісі атып. Әсіліхан бурадай боп күркіреді, Зұлымдық бейнесінен көрінеді. Өзіне кез болса еді ақырында Біреуге қазып қойған дайын көрі. Бата алмай қазақтарға қалды сонан, Сырты бүтін болып жүр, іші түтін. Түбінде сәтсіздікке ұшырайды Қаскүнем зиянкестің жолын қуған. Әсіліхан Қамыстаққа тағы барды. Жаусыраған бейнемен анталады. “Келсе келсін майданда сынасайық”, – Деді де, дайындалды қазақ жағы: “Үйренген жау тартысқа жақсы” деген, Ер жүрек дайын тұр ғой батырлары. Тағы да үлкен майдан басталады, Белгісіз кімнің соры, кімнің бағы. Патшаның бағы тайса, соры қайнап, Тиынға жарамайды алтын тағы. “Тәуекел не көрсек те соғыстық” деп, Қол қойды қазақ-қалмақ екі ханы. “Түбінде қандай болып кетеді?” деп, Бұл іске кейбіреулер таңданады. Кейбіреу үрейлі сөз таратып жүр, “Не болар жеңілсек, – деп, – елдің қамы?” Қорғауға, жанды тігіп туған елді, Тас түйін болып жүр ғой батырлары. Қол қойды екі батыр соғысуға, Баспақшы жеңілгенін қос азуға. Кім біледі, қандай жағдай іс боларын Алланы * . * eкеулеп кеп бата алмайды. Басыңда бақ жұлдызың тұрған кезде, Бетке алып ешкім сені ата алмайды. Таң қалтар кейбір істер жамағатты. Бұл күрес шынықтырды қазақ жақты. Қазақтың бақ жұлдызы берік болып, Әсіліхан қоқаңдаған кейін қайтты. “Сөкпеңіз, – деп, – елдің жасын, Қасқырдай ойлады, – деп, – қара басын”. Белгі боп арт жағымда қалар ма екен, Мен жаздым Есім ханның бұл қиссасын.
Ағылшын
Бұл тілдегі нұсқа жоқ.
Бұл тілдегі нұсқа жоқ.