Қазақша
ОЛЖАШ БАТЫР
Қазақтың бас батыры Олжаш атты Маңынан жан баспаған кәрі қатты. Өз тұсында адамның арыстаны, Заман заңы адамды толқындатты.
Уақыт Олжашқа бір ой салды. Атырапты тітіретіп, даңқы жарды.
Қазақты жабдықтауға сайман алмақ, Құралға Қарқаралы тауға барды.
Қасына отыз жігіт ісмерді ерітіп,
Екі-екіден қос атқа ер ертетті.
Ағаш жонып алатын өткірді алып,
«Азық жолда» деді де, жүріп кетті.
Жазға салым келді де, жаздай жатты, Азыққа құлан, киік, арқарды атты.
Оқ жонып, найзаға сап, садақ иіп, Алпыс атқа жүк Олжаш дайындатты.
Қос тіккен қалың таудың арасында, Күн беттей ең үлкен дарасында.
Жауға жарақ, құрал-сайман, тұр ағаштар,
Жыныс біткен қалың ну арасында. Кептіртіп бітірді әбден оғын жонып. Сап жасап, садақ иіп әбден болып,
Жаз таусылды, күз келді, мезгіл жетті. Қайтпақ болды, артатын жүгі толып.
Қарауылға шығарды қырағысын,
«Қатпар таудың болжа, – деп, – іш пен тысын», Жан-жаққа қарауылшы көз жіберді,
Биіктің тауып шығып бір тұрғысын.
Ел жақтан келе жатқан көрінді шаң,
Салт атты санап еді он шақты жан.
«Елді кеп қалмақ шауып кеткен ғой» деп, Қобалжып, жүрек тулап, лепірді қан.
Жақын келді, таныпты, Шаншар абыз.
–Батыр қайда, сен жүрсің тауда жалғыз. Қатаған елді шауып, қыз әкетті,
Батыр хабар таппас, – деп, – ел қылды аңыз.
–Біз аман, біз түп-түгел өзің көрген, Батыр барда қорқайық неменеден? Амандық-жамандықтан хабарыңды,
Абызеке, өзің айт елден келген.
–Бір шетін елдің келіп шапты қалмақ. Сұрастырмай мен кеттім артын талдап.
Батырға бастан-аяқ баяндады, Қайтқалы жатыр еді ол да қамдап.
Алпыс атқа аспап артты, ерін ерттеп, Ер қаруын сайлап ап, елге жетпек.
Қатағанға қаһарын қатты тігіп, Ашуланып, асығыс жүрді өктеп.
Батыр келді, көп қару-сайман артып,
Күн-түн жүріп үдере, жанбар тартып. Елге әкеліп, ерлерге үлестірді,
Найза, айбалта саптарды жарқылдатып.
Батырға амандаса Есім келді, Сол күнде қазақ ханы Есім еді.
“Қатағанды қол жиып, шабыңыз” деп, Қазақтан қалың әскер жиып берді.
Жетерлік жол бойына азық-түлік, Батырлар қуанышпен ойнап-күліп. Бірде қазақ шабады, бірде қалмақ,
Заманы тиыштық жоқ, бүліншілік.
Бел шешіп төсегіне ер жатпайды, Жылқыға ат жіберіп оттатпайды. Үйде найза сүйеулі, белдеуде аты,
Дайындықсыз жүрегіне ас батпайды.
Күнде шу, шығып жатқан аттан айқай, Қараңғы тиыш өткізбес кешті батқан. “Құба қалмақ заманы” делінетін, Найзасын жауға кезеп шартылдатқан.
Кезенген кезек тұспатта ма,
Кек алмай, жүрегіне ас бата ма?
Қатаған елді шауып қыз әкетті, Аттанбай қазақ қарап тек жата ма?!
Қазақтың бас батыры Олжашының, Ту ұстап, тұлпар мінген қолбасының, Қайсібірін қағазға сыйғызайын,
Түгелдеп қасына ерген жолдасының.
Ауыздық қарш-қарш шайнап тұлпар аты, Десе де елге кетпес ердің ақы.
Кектескен, кезек шапқан, шартылдатқан,
Осы екен сол кезде елдің қияпаты.
Олжаш батыр ерлігі, елге сіңген еңбегі, Ерлері ертегінің ертеде өткен.
Ел болмас ерегессе, кегі кеткен, Кек алған кескілесіп, кем түспестен.
Ханды шапқан, қастасса, өктемдікпен, Таптаған талай жауды, елін құртып.
Ел қорғап, жанды аямай еңбек еткен, Қазақты қалың жаудан талай сақтап, Батыр-ақ аты шыққан сол себептен.
Тас қорғанды талқандап, қамал бұзып, Айдаған қалың қолды талай шептен.
«Теңдеспін» деп, тепсінген сан батырды, Найзағайға желек қылып еңіреткен.
Өз елін саясында сайрандатып, Мал-басын тел өсіріп, өркендеткен.
Жаңа талап жас ерді баулап бастап,
«Өр көкірек болсын» деп, еркіндеткен. Көптің қамын ойлаған көсем батыр,
«Сені» десе, сескенбей, сертке жеткен.
Қайтпаған атқан оқтан қанды жүрек, Тепсінбес тебіреніп тегіндіктен. Ашуланса, аласұрған арыстандай, Айдыны атырапты тітіреткен.
Кәрін тіксе, қаһарлы арыстандай, Безгектей бет келгенді секілдеткен.
Ақырса, тау күңірентіп, тасты жарған, Кем болғанда, бір күндік жерге барған. Дұспанды ерегескен шауып алып,
Есепсіз ерген елге олжа салған.
Қайратына халқы еріп, хан сыйлаған, Ел үшін ер атанбас жан қимаған. Шығай ұлы Есім ханның заманында, Осы еді ер Олжаш қол бастаған.
Қазақта сол заманда қолдың басы, Сан батыр сайып қыран бар жолдасы. Қара би Майқы ұлы – ақылшысы,
Ойшылы – Асан қайғы отағасы.
Қаһарлы батыр екен қайтпас беттен, Тас шоқпар тар кешуде таймас серттен.
Ақ найза, сырлы садақ, алмас қылыш, Көкпең көк темір киіп жарқ-жұрқ еткен.
Ажал ойнап оғынан жауға тартқан,
Қос-қосынан қорамсақты қос атқа артқан. Асынған шығыршықта ақ айбалта, Сауытқа сабы тисе, сартылдатқан.
Желекті тулы найза алты қарыс,
Жеке батыр шығысып шайқасқанда.
Сауыт-сайман, дулыға тас-талқан боп, Жер теңселіп, бұршақтай тас ұшқанда.
Қаупі жоқ, ағып жүрсе қаны судай, Соғысса соққыласып күн-түн тынбай.
Оқ тескен, қылыш кескен, кемітпеген, Қас батыр кемімес, сүйек сынбай.
Түрімен түксигенде елді үркіткен. Дұспаны беттемеген кәрін тіккен. Өрескел өр көкірек, өткем батыр,
Артықша жан шошырлық келбет біткен.
Қара жерге басқан ізі қарша батқан, Азуын айға безеп қаршылдатқан.
Долданса, доптай басты домалатқан, Аузынан қанды көбік бұрқылдатқан.
Даусынан жай түскендей жер жаңғырған, Сан жауға тайсалмастан жалғыз барған. Әмірінен жан шошып, ел күңіренген, Қалмақ ханы Қатағанның басын алған.
Дулығалы басы бар ақ ордадай, Қасы қарыс, қабағы биік жардай. Кең маңдай, екі көзі жанған шоқтай, Көп ботаның ішінде жалғыз нардай.
Сақалы салбыраған ерді жауып, Сауытқа салбырайды, тисе барып. Құлағы тебінгідей, жағы астаудай,
Даусынан талай адам қалған талып.
Жалындай арыстанның жонын жапқан,
Тұтасқан желке шашы құйымшаққа. Қаһарланса, қасында тұра алмаған,
Қашаннан қасына ерген жолдастары.
Осындай ерекше екен ер нұсқасы. Ақ болат күнге шаққан дулығасы.
Сауыты тоғыз қабат жібек қаттау, Белдік пен оқ таятын шарайнасы.
Баспаған басып патша маңайынан, Қамшымен қан ағызған самайынан.
Ел қорыған, еңбек қылған – ердің салты, Ханды айдап, қазына артқан сарайынан.
Кектессе, керемет қып, кегін алған, Асусыз асқар белден тың жол салған. Талқан қып тас қамалды жалғыз бұзып, Қанжарын, қаһарланса, қанға малған.
Аузынан айдаһардай зәрін шашса, Бетіне жан болмаған қарай алған. Ашу, айқай шартылдап жай тасындай, Толықсып, сақтанғандар естен танған. Жан түгіл, қара тас та қақ жарылған, Кезінде кез кеп қалса, қаһарланған. Семсерден сегіз қабат қан сорғалап, Қан жұтып, қабақ шытпай, қорғалаған.
Батырдың өз тұсында қаһарманы, Жетпеген бір өзіне мыңның әлі.
Тас жаңғырып, құлағанда айқайына,
Адамның не қап қалсын, шықпай жаны. Сан батыр шақ келмеген қарсыласқан,
Қайратты қара болат әлем асқан. Басын шауып, алмадай домалатып, Ағызып ханның қанын судай шашқан.
Қазақтың бас батыры сол заманда, Ақ найза, алты қырлы алмас қолда. Шіріген жерде қалған жіптей үзген, Сауытты тоғыз қабат, толғағанда.
Дулыға, темір болат қалқандарды,
Ұрғанда быт-шыт қылып, талқандады. Тас шоқпар тау қопарып ойын алған, Не еткен күш көтереді осыларды?
Ту ұстап, тұлпар мініп, аты шықты, Еске сап ертеде өткен алыптарды.
Жанын сап жағаласып, жауға бермей, Есепті ел қып кеткен артқыларды.
Өзінің заманында атақ алып, Дабысы алыс кетіп, даңқы жарды.
Қариядан ертеде өткен естіп, ұғып, Қиссасын қисындадым ойда барды.
Ерте өткен ер Олжаш қазақ асқан, Жауының жағаласқан көңілін басқан, Атақты қалмақ ханы Қатағанды, Басын алып, әлемге қылған дастан.
Ертеде аңыз еткен ел сөзінде, Әлемге аты шыққан ер сөзінде.
Шығайұлы Есім ханның заманында, Ғасырдың он алтыншы бас кезінде.
Олжаш шықты аттанып, туын байлап, Ақ найза көк жүзінде нажағайлап.
Ұранға қолбасының атын атап,
Күңіреніп, “Олжаштап” шықты айқайлап.
Айдыны арыстандай көрген жанға,
Қас батыр төтеп берген мың мен санға.
«Қалмақты қызыл қанға бояймын» деп, Малыпты қып-қызыл қып төсін қанға.
Қып-қызыл төсін қанға малған, Көп қарап сипаттауға көзім талған.
Қызыл ту қан майданға арнап тіккен, Айдыны көкке шығып, өрттей жанған.
Олжаш шықты сапарға қаһар шашып, Көрмеген өмірінде жаудан қашып.
Қан майданда қызыл ту арнап тігіп, Батырлар қуанышты сондай тасып. Көк мойын тұлпар атты батыр мінген, Боратып қара жерді қардай басып.
Батырға ақсақалдар бата берген, Қош айтып бұқаралар жапырласып.
Тұра алмас айбатынан жауы қайтпай, Қаһарлы қас батырың қара тастай. Қайрат қып, қамал бұзып, жауды жеңбей, Ер болмас, ел аузына атақ шашпай.
Ерлердің қазақтағы жиды бәрін, Атақты аты аталған батырларын. Ат сайлап, азаматын жабдықтады, Қару-жарақ асынып, саймандарын.
Әлемнен асқан батыр – қыран сайып, Алмасын айға сермеп, құлаш жайып.
Бес мың батыр жиылды ой мен қырдан, Бір үлкен жорық болды таңғажайып.
Тартқанда, тасты бұзған сырлы садақ, Сан жаудың жүрегінен атқан қадап.
Шарайна, сауыт қаттау бөгет болмай, Зуылдап талай өткен қанды жалап.
Болат жебе сауытқа шарт тигенде,
От шашқан нажағайдай, көрсең қарап. Кеземес бет келгенге сұр жебесін, Таңдаулы батырларын атқан қалап.
Жазымсыз жалғыз оқпен жайратады, Анық мерген, жығады оғын санап. Батырдың бадырайып аты шықпас, Бір өзін жауға шаппай мыңға балап.
Қайратын бағалаған сырттан сынап, Көргендер қасына ерген жүрген жанап. Қарсы шауып қамалды бұзған ерді,
«Батыр» деп, басшы қылған аймақ-алап.
Еліне тиген жаудан кегін алған, Бекерге жылатпайды елді қанап.
Елі деп еңірейді ер етек толып,
Жасынан Отан қорғап, еткен талап. Қалың қолды қашырған аш арыстан,
Жан-жағын жайпап қырып, еткен жалақ. Жауға кек кетірмеген кейпін көріп,
Сыртынан сынап халқы тамашалап. Жасынан ер Олжаштың аты шыққан. Адамнан түрі бөлек көкжал сырттан. Қазақтың өз тұсында бас батыры, Серпіліп сескенбеген атқан оқтан.
Жол тартты бес мың әскер қаруланып, Ер ерттеп бас-басына, қос ат алып. Жер күңірентіп жөнелді елден шығып, Барлаушы алдын ала жерді шалып.
Жолшыбай алыс-жұлыс, ойын-сауық,
Анық батыр “жау бар” деп, қылмас қауіп. Сайрандап сахарада жүрген елдің, Алыпты ортасынан ханын тауып.
Қалмақтың барлаушысы қолды көрген, Ертерек еліне кеп хабар берген.
Қамал құрып, ортаға ханын сақтап, Сырттан шеп боп тұрды өңкей мерген.
Олжаш шепке шауып, садақ тартты Жер жарған жебелі оқпен зуылдатты. Көкпеңкөк темір киген көп қалмақты, Болат оқпен от шашып, шартылдатты. Шыдамай заһарлы оқтың екпінімен,
Қорқысып қалың қолдың төккінінен.
Бір білетіні баса алмай, шепті тастап, Қашты қалмақ батырдың екпінінен.
Қамалдың ортасында Қатаған хан Басынан садақ оғы зуылдағанда, Жабысты жерге бұғып жатаған хан.
Қалың қол шепке шауып келед қаптап, Қамалдан өте алмастай ешкім аттап. Қамалды ер Олжаш бұзып кірді,
Қамалды қарсы тұрған жанын сақтап. Ақ найза алты қарыс сумаңдатты, Семсермен сегіз қабат жайпап шапты. Қоғадай қып жапырып қалмақ қолын,
Қамалды тас-талқан қып ойрандапты.
Сауытты көк сүңгімен түйреп тесті,
Дулыға тас шоқпардан аспанға ұшты. Астында ақ тұлпары, қолда туы,
Қатаған Олжашқа кеп кездесті.
Қатаған жекпе-жекке өзі шықты. Жасынан батыр, балуан ол да мықты. Алтынды ер ақ тұлпарды ойнақтатып, Жалтылдап жасыл желек тумен кепті.
Майданда батыр мен хан қарсыласты,
Ажалдан тайсалмастан байлап, басты. Ақ найза ақ сауытқа сарт-сұрт тиіп, Көк жасыл нажағайдай отты шашты.
Шайқасқан екі батыр күшке сеніп,
Көтерді көк сүңгімен тескен еніп. Отқа үйіткен сирақтай лақтырды, Құлады қара құстай жерге төніп.
Қасына ханның көрді батыр түсіп,
Аузынан қара қанын жатыр құсып. Қатаған тілге келмей өліп кетті,
Денесін топырақ тартып, жерде құшып.
Белгіге ханның алды басын кесіп, Байлады қанжығаға, ернін тесіп.
Ту жығылып, хан өліп, қалмақ қашты,
«Жанды сауға қылмасақ болмас» десіп.
Сан батырды найзаға желек қылды, Батырлар кие соғып, жауды қырды.
Қалмақты қотаннан қойдай айдап, Сел суындай қан жапты қара жерді.
Мал-мүлкін жиыстырып, алды айдап,
Қамал бұзып, ханды өлтіріп, салды жайғап. Орнын құртып, ордасын ойран қылды, Қазынасын нарға артты, жалау байлап.
Олжаш Қатағанды шауып алды, Ерген елге есепсіз олжа салды. Ордадан оқ өтпес қоршап қойған, Хан қызы бес бикені тауып алды.
Бес бике – ханның қызы ханшалар-ды, Қалдырмай бес бикені алып кетті.
Сауға сұрап батырға ханым кепті,
Тұрсын ханым батырға депті сауға.
«Сауғаға не сұрайсың?» – деген екен,
«Сүт сулатқан Оразбике кенжем» депті. Сұрапты кенже қызын Тұрсын ханым, Бақты бол, барған жерге, қарақтарым. Хан өліп, басымызға қара түсті,
Бақ көшіп, қарашыдан кетті сенім.
Әкеңнің ер Олжаш кесті басын,
Бес бикем – әлпештеген гауһар тасым. Қатаған жар жолында жанын қиды,
Қайтарып алды Олжаш Сұлушашын.
Шешесі бес бикеге қош айтысты:
«Көрем, – деп, ойлап па едім мұндай істі? –
Әкең өлді», – дегенді қыздар естіп, Зар жылап ұшып көкке, жерге түсті.
«Қызыңды қайтармаймын» деді батыр, Сауғаға мал-қазына берді батыр.
–Бермесең, Оразбикені өзіңіз ал, Бар еді бес бикемде құтым, батыр.
–Алмаймын өзім қызды, ханды өлтірдім,
Ханымын сауға сұрай мен келтірдім. Әкесінің қанын жүктеп, қызын алсам, Махаббатсыз, қызықсыз өмір өткізем. Одан рақат таба алмас менің өмірім, Ерге қажеті жоқ әуренің.
Өз ініме беремін, ұзатпаймын,
Ханым, сізге сертпенен берем сенім.
Сол себептен қызыңды ала алмаймын, Өмірді қасіретке сала алмаймын.
Жар – деп алып, күңдікке ұстап, кем-қор қылып,
Жас қыздың обалына қала алмаймын.
Егдеден келіп қалдым орта жасқа, Жас әйел бой ұрмай ма өз тұстасқа? Өмірді махаббатсыз, күшпен ұста, Қасірет пен қапасын тартпай босқа.
Алған соң, жас әйелден бала болар, Менен туған балаға ана болар.
Махаббатқа парда сап, қанмен жудым, Әкесінің қайғысы саны болар.
Жүрек, қаны үйлеспес, алғанменен,
Тұрсын ханымға Олжаш солай айтты. Батыр бекіп, қыздардан бойын тартты, –Оразбикемді алмасаң, ер Олжашым, Өспесін, өтпесін, – деп, ханым қайтты. Бұл сөзге ер Олжаш ойға кетті,
Өте батыр кеткен соң сөзі күшті.
«Назаланды-ау, бір қызын берейін» деп, Шатырдан шыға батыр құрақ ұшты.
Қараса, Тұрсын ханым кетіп қапты, Астында желмаясы аттай шапты.
«Қайырмаймын, қайтқан екен, барсын» деді, Артына ханым қайтып қайрылмапты.
Олжаш бес бикені келді алып, Байқастап, әрбір түрлі сынға салып. Белгісі бес бикенің дәретінің – Тіледі қара жерді қарыс жарып.
Қалмақ шауып, ханды өлтіріп, батыр келді, Жабылып, жапырлап ел: «сауға» деді.
Мал-мүлікті, атты елге үлестірді, Бес бикені басқа елге жібермеді.
Таратты елді ырза қып, олжа беріп, Үлесті малды әркімдер айдап келіп. Қалың елді қарық қып жіберген соң,
Беріпті бес бикені үлестіріп.
Бір туысқан інісі Жүгіней еді,
Кенже қызды – Оразбике соған береді.
«Өзің ал деп еді ғой» деп, Жүгінейге сол оймен беріп еді.
Айбике, Нұрбике, Қызданбике – бұл үшеуін Келмеді бір-бірінен айырғысы.
Әкесімен әкесі бір туысқан,
Бар еді Шаншар деген жақын інісі. Үш бикені Шаншарға тұтас берді,
«Абыз ғой, теңдікпенен ұстар» деді. Енді қалған Қоңырбике деген қыз-ды,
Соны сұрап: «маған бер» деп, әркім келді.
Тобықты Сары батыр атшысы екен, Батырдың атын ерттеп жастан ерген.
«Ер еңбегі мойнымда кетпесін» деп, Қоңырды сүйікті ері соған берген.
«Олжаңды үлестірдің көпке, – деді, – Өзің түгіл, жеткіздің көпке, – деді, –
Қызданбикені маған неге бермедің?» – деп, Батырға Құдайберлі өкпеледі.
«Мен қалайша бес қыздан құр қалам, – деп, Есімге жүгініске барамын», – деп,
Шаншарға Құдайберлі кісі салды:
«Маған берсін, Қызданбикені аламын, – деп, Үлкенің мен едім, – деп, – тазадан туған.
Жек көргенің мен бе едім шетке қуған?
Шаншарға Құдайберлі кісі салды.:
«Бірін берсең болмай ма, – деді, – маған?» Ағайынды екеуі сөзге келді.
Таласып хан қызына, егерлесті, Батыр ағам сыншы еді елге мәлім.
Бір ойменен айырмай маған берді,
Шаншар абыз Құдайберліге ашуланды.
Сөзбенен тоқтаса алмай, күшке барды.
«Ауылымның жанына жолама» деп, Ағасын найзасымен қуалады.
Үсенге Құдайберлі қашып кепті,
Үсен шығып, Шаншарға: «Тоқта!» депті. Түсін бұзып ағасы ақырған соң, Құдайберлі: “Үсен, бола қалған екенсің”, –
деп, қайтып кетті.
Батырға тағы барды Құдайберлі,
–Шаншардан Қызданбикені әпер, – деді. – Шаншар інің болғанда, мен бөтен бе? – деп, Назын айтып, ағасына өкпеледі.
–Шаншардың өсетінін сынап едім, Ақ бұлт басқа ортадан аруағы зор.
Соның үшін үш бикені тұтас бердім,
Шаншарым шалқып жатқан кен болады. Басына бақ, алдына мал толады.
Әлемге аты шығып нелер жақсы, Ұл туып аруақты, жүлде алады.
Байқағам, Шаншарымда шарапат бар, Ел асқан шарапатты адам шығар.
Сені менен мен түгіл, Бошан ұрқы, Сыйлы қып, аруағына пана қылар.
Үш бике үш рулы ел болады,
Басына дәулет орнап, бақ қонады. Аты шығып, әшкере елден асып, Мал-басқа айналасы лық толады.
Сенің де, менің де ұрқым аз болады, Өнімсізге ақылы аз мәз болады.
Қызықпа бұйрықсызға, Құдайберлі, Қисынсызға қызыққан таз болады.
Құдайберлі батырдан бата алмады, Шаншардай аты алысқа аталмады.
«Азғырып Қызданбикені алсам-ау» деп,
Үйінде аласұрып жата алмады.
Бұл іске Шаншар абыз назаланды, Шаншарда қасиет пен кие бар-ды.
Төрт болыс атақты ел Шаншар болды, Назадан Құдайберлі өспей қалды.
Сол кезде заты ноғай Асан қайғы,
Таппақ боп жер жүзінен жақсы жайды. Жеті жыл желмаямен жаһан кезіп, Өткізген көп қайғы ойлап, өмір зайқы. Сонда да жер шетіне жете алмады,
Бар тапқаны Жиделі Байсын болды. Амурдың дариясынан өте алмай,
“Қазанды орыс алады” деп, қашқан екен.
Арып-ашып, жол жүріп талай жерден, Арқадағы қазаққа қайғы салып, “Орыстан алыс кет” деп, үгіт берген. Аңқаулары қазақтың соған ерген,
“Әулие болашақты білген” деген. “Арқадан артық жер жоқ” дегендер қап, Қайғымен бірге ауыпты оған сенген.
“Орысқа қарамаймыз” деген оймен, Талай адам кетіпті біздің елден.
Байсынды да қойған жоқ орыс алмай,
Қайсыбіреу жерсінбей, қайтып келген. Асан, Үсен бір туған Олжаштан, Қазаққа басшы болған қолбасыдан.
Екі Асан бірігіп ап, Байсын тартты, Біздің Асан батыр екен әу басынан. Әкесі ер Олжаш жасында өлген,
Батырлықта бір серт бар: “Қайтпан” деген. Ағасына ерместен Үсен қалды,
“Ермедің” деп, інісіне өкпелеген.
Біздің Асан көп ел бопты, Байсын барған, Көз көрмей, құлақ естіп, хабарланған. “Қарғаған ағасының назасынан,–
Деуші еді, – Үсен солай өспей қалған”.