Қазақша
ОРАҚТЫ БАТЫР
Қызыл тілім, сөйлеші, Өнеріңді жасырма.
Ғылым – өнер білмедім Нашарлықтан жасымда. Бір дарақтан үш бұтақ
Өркендеп өскен басында. Қойдай үркіп, қояндай Секеңдеген уақытта,
Тиянақ жоқ халықта,
Он төртінші ғасырда. Ойға, қырға шұбырып, Әр түбекке тығылып, Таудың жүрген тасында. Ел аузында ертегі,
Кітапқа бұрын жазылмай, Терушісі жоқ болып, Аққағазға басылмай, Ерлердің қылған ерлігі Қалды қашан ашылмай?
Сонда халық еңіреген, Мұнарлы тұман ашылмай. Ұлы жүз Үйсін бабасы, Үйсіннің екі баласы – Абақ пен Тарақ емшектес, Абақтың Тарақ ағасы.
Сол уақытта Жалайыр Мекендеген мекені, Ағашаяқ, Аққолтық, Жиделібайсын бер жағы.
Қырықжайын деген дария Қонысы соның жағасы. Кіші жүзбен көп бопты Жер үшін тартыс таласы. Жер, су үшін қағысып,
Бірін-бірі шабысып, Кетіпті елдің мазасы. Бөлініп жүрген аз ауыл,
Ешкімге келмес шамасы. Қиылып құлын желісі,
Шабылып жауға өрісі, Жылаған күнде баласы. Ескелді би ержеткен, Балпықтың бала кезінде. Қиыр жүріп, шет қонған, Жылау менен ойылған, Азғана елдің көзі еді. Балпық он төрт жасында, Ескелді бидің қасында, Жалайырды жинап ап,
Сонда айтқан сөзі еді:
– Мынау жатқан іргелес, Бұны бізге жер қылмас. Негізі бізді ел қылмас, Қолынан қоныс бермейді. Түбінде шатақ болады, Өзді-өзіміз соғыссақ,
Кіші жүз бен Ұлы жүз Жасиды, көңіл солады, Қайғыға іс толады.
Күнде жылар баламыз, Тілінер күнде сабамыз. Кіші жүзбен соғыссақ,
Келмейді біздің шамамыз. Қырда қиқу, ойда ойран,
Күнде ұрыс болған соң, Кетер елдік мазамыз.
Әркімнен соққы жеген соң, Тірідей жетер қазамыз.
Қырғи тиген торғайдай,
Қорқамын, қаңғып тозамыз. Отырмалық қамалып,
Абақ-Тарақ атамыз, Үйсінен өткен таралып.
Мұнымыз біздің жарамас, Бауырласты табалық.
Қай жерді басып барамыз? Кетсек кең жер табамыз.
Бұл жерден көшіп ауалық, Бос жатқан кең жер табалық.
Шулады халық ақыл деп, Айтқан сөзің мақұл деп. Үлкен өзен, кең өріс,
Бір басын көпке теңейтін, Ұрыста жауды бөгейтін Белгілі, белді батыр жоқ. Қынабыңда қынаулы,
Тас кесер асыл болат жоқ. Бастаушы, басшы болмаса, Аяқты қия басу жоқ.
Осы жер қоныс болмас деп, Көшелік енді деседі.
Үй іргесін көтеріп, Уық бауын шешеді. Ағашаяқ, Аққолтық,
Қырықжайынның бойынан
Жалайыр ауып көшеді. Сол көшкеннен үдере Ақмешітке жетеді.
Жер қайысқан қалың ел
Бұл жерге де сыймайды. Мұнан тағы ауған соң, Орнында қалды бөлініп, Ішінде арық мешеуі.
Одан тағы ел көшті, Ақтесікке жетеді.
Ақтесік те бос емес,
Сыйыспай тағы ауған соң, Орында қалды көше алмай, Халықтың арық нешеуі.
Тағы көшіп онан соң, Түркістанды жағалап, Қызылқұмды кезеді.
Тағы екі жыл жер бопты. Қаратаудың етегі,
Өзбек, қырғыз қысқан соң, Мазасы тағы кетеді.
Қаратауда тұра алмай, Сырдариядан өтеді.
Жалайырды азсынып,
Қойға тиген қасқырдай, Мазасын алды әр елдің Елеңсері, есері.
Сыйып тағы отырмай, Сырдан төмен сырғыған.
“Теңіз деген жер бар” деп, Оңға қарай жылжыған.
Төрт ай көшті төмендеп, Сары қоңыр белменен, Бұлақсыз дала шөлменен,
Нашарлап халық келеді. Жаздың айы, күн жылы, Қалмады құлын-тайлары. Болдырды бота, түйе де, Жал қалмады биеде. Ермеді лақ ешкіге.
Өзен таппай, өктеді, Қалмады бұзау сиырда. Ел шұбырды қиырға.
Оңаша өзен болмаса,
Аз елге жер-су тие ме?
Бір жағы – адыр, қоңыр бел, Өлкесі толған сексеуіл, Бөлек-бөлек құмы бар,
Бөлшек-бөлшек суы бар, Көшкен елдің іргесі
Орнығып енді тиеді. Сексеуіл қалың, ну қамыс, Бұрын адам жүрмеген, Елсіз жатқан бір өзен,
Сырын ешкім білмеген. Қасқыр, қабылан, жолбарыс, Тел өсіп жатқан жер екен.
Күн батысы – көп түбек,
Жан-жағы көп көл екен. Суында балық шолпылдап, Қаз, үйрегі қаңқылдап
Оралып жатқан өлең шөп, Егістік жері тегі көп, Шаруаға жайлы, жағдайлы,
Безеліп өзен, гүлдеген. Жайылған малы тояды, Ұзамайды іргеден. Малға жайлы өрісі,
Ел қырсығын кескендей, Сулы жердің егісі.
Қадалды тікен табанға, Жағдайлы жер боп еді Оңаша жатқан жақсы өзен, Бұл сияқты көрмеген
Көшіп жүрген заманда. Қасқырдай болып қой жейтін Жолықты сонда адамға. Атын айтса жан қорқар Жолықты жаман арамға. Сексеуіл қалың, ну қамыс Арал-арал түбегі.
Жалмауыз шығып сол жерден Елдің ұшты жүрегі.
Қайғымен халық жүдеді.
Шыдай алмай бәлеге Жұрттың кетті іреңі. Жейтін мезгіл болғанда
Қораға түскен қасқырдай Әр үйге келіп кіреді.
Әрбір күнде кісі жеп Халықты өстіп бүреді. Аз ауылдың тоқтаған Осы жер еді тірегі.
Шошыды әркім жанынан
Үйде адам тұрмады.
Түн бойы адам жатпайды Тажалдың болып тырнағы. Қойдай болып үрікті
Ешкім ерлік қылмады. Пәлеге қайрат таба алмай, Қысылып сонда шулады.
Көргені қорлық болмады, Ағашаяқ, Аққолтық Қаратау менен Сырдағы
Көрген күні күн екен Ойлағанда жылдағы, Құдіреттің бұл бір кез қылғаны, Ойда жоқ жерден кеселі.
Ең жақсысы қоныстың Амандық пен есені, Көшелік енді деседі.
Қаңтарда жауған қалың қар Қысылды елдің мешеуі.
Айдарлы, егіз тұлымды
Жалғыздың өлді нешеуі. Көшіп халық кететін
Болып отыр қырылып Қалың қар, аяз үскірік, Жалаңаш жалпы ұрынып, Көшерін қайда білмейді
Енді халық шұбырып. Өлетін болды шал-шабыр, Боранға ұшып сұлынып.
Көшпейін десе тағы да,
Адам жейтін жалмауыз Апшысын елдің қуырып. Он екіге жаңадан
Жасы жетіп ілінген. Сөйлесе бал тамады, Жұғымды жұртқа тілінен. Арыстандай денелі,
Алғыр қыран сұңқардай, Салалы саусақ жебелі. Талдырмаш қана жас бала,
Халыққа сонда сөйледі Ақсұңқардай түрінген Белгілі жұртқа батырдай Күш-қайраты білінген.
– Ескелді, Балпық, сөз тыңда! Жаман қатын, жас бала,
Ел көшкенде солар да Қырылар сонда жалаңаш, Етек, жеңін түрінген.
Күн қақты болған арық мал,
Көшкенмен қайда жеткізер,
Арық-тұрақ сүрінген. Тәуекел бұған айдалық, Қыстың көзі қырауда
Болмайды көшіп бүлінген. Кіші жүз барсақ шабады, Қаратау барсақ паналап, Өзбек, қырғыз қамады.
Елсізге келсек еңістеп, Жалмауыз қолын салады.
Қайда барсақ азамыз, Біз қайтіп ел боламыз.
Сорлы ел болдық, дүние-ай, Үлкен қырсық ілінген.
Кең жердегі не керек, Балпық, сенің білігің?
Қысылған елге болмаса, Ақылмен табар тірлігің. Егіз туған, екі би,
Ел болар жақты ойлалық.
Береке мен бірліктің Үй іргесін көтеріп,
Алғызбайық түңлікті.
Қысылған ғарып біз болдық, Ақылдасар кім бүгін?
Танып едік жер кезіп, Жақсы-ақ еді осы су
Сексеуіл, қамыс, тораңғы, Тал, үйеңкі шыққан ну.
Қырғауыл, қоян, қарабай,
Қаз, үйректі көлде аққу. Отырмадық біз мұнда Жылауменен күнде ду, Бұл судың аты болды Шу. Қалың қарда қырылар Жұртым, енді көшпеңдер. Үй іргесін көтеріп,
Уық бауын шешпеңдер. Тәуекелге сыйынып Қоялық енді көшкенді,
Осыған елдік істеңдер. Жалаңаш адам, арық мал Сергелдең жолға түспеңдер. Көшер болсақ бұл судан, Елдіктің кетер сыңайы,
Қауіпке қарсы тұралық. Жалаңаш сары бала үшін, Кемпір менен шал үшін, Қаңғыған қарда мал үшін, Көпшіліктің қамы үшін
Еркек тоқты құрбандық, Бір шыбындай жан қуаты.
Осыны айтып Орақты Орнынан ұшып тұрады, Халықтан бата сұрады.
Орақты бұл сөзді айтқанда, Сексендегі бабалар, Алпыстағы аналар, Сегіздегі балалар,
Қорғаймын елді деген соң,
Ұлардай шулап жылады.
«Көп адам бұған бармасын, Оншақты адам шығалы».
Қорғаймын елді деген соң, Ел қуанып тұрады.
Құлынынан тайда емген, Құнанында арда емген, Дөненінде орда емген, Бестісінде үйреткен,
Жібектен арқан сүйреткен,
Дәл жетіде жасы бар. Келтелі шашақ жібектей, Әдемі кекіл шашы бар. Кебеже қарын, кең танау,
Кез жарым келген басы бар. Жебелей басып желгенде, Еті қызып келгенде,
Ойынды еті бұлтылдап, Әпшісін жердің қуырып, Алдында дию кез келсе,
Екпіндеп басып қашырар. Көксерек ат көңілді,
Саптаяқтай ерінді, Құйма тұяқ қиылған Жүргенде жүріс өнімді. Он жетіде Орақты Көксерек атты ерттейтін Қорғаймын деп елімді,
Көксерегін тұлдады. Көксеректің сипаты
Құлжа мойын сағақты, Жолбарыстай қабақты. Бұрынғы ерлер жолымен Қанжарын батыр қайрады, Садақтың оғын жайлады, Шоқпарын белге байлады. Көксерек атқа ер салды,
Елін енді қорғауға Істеді батыр айланы. Қалқанын киді басына,
Жолдас алды қасына, Көпке бата сайланды. Батырларша желбегей Орақты он жеті жасында Халықты батыр бағады. Мекені қайда болар деп,
Әр жерден батыр қарады. Қалың тоғай жыныстан Басқан ізін табады.
Ізін бағып байқаса,
Алты қарыс табаны. Есік пен төрдей жер еді,
Адымдап басқан қадамы. Басқан ізін көрген соң, Үрейі жұрттың қалмады.
“Қорықпа жұртым мұнан деп,– Кез келсе қайрат қылам”,– деп,
Орақты оттай жанады. Еліне келіп Орақты
Тағы да ақыл салады.
– Әділетті ер болса, Халықтың бағы өрлейді. Ескелді, Балпық, отырсың, Басыңды қосып тең, – дейді. Бұл сияқты пәлені Амалменен алмасақ, Күресіп шама келмейді. Шуламасын қалың ел Ақылдасып көр,– дейді,– Ақылдаспай болмайды,
Ізі алпауыт неме екен, Оңайлықпен өлмейді. Тәуекелге бумай бел, Еш нәрсе босқа өнбейді.
Ескелді сонда сөйлейді Орақты батыр балаға: –Ақылдасып отырсың, Алдыңда екі ағаңа.
Бұдан қайрат етпесек, Жыламай бала қала ма?
Батыр туар ел үшін, Жақсы туар көп үшін, Өз отаның – ел үшін
Орақты сынды, шырағым, Бір шыбын жан садаға.
Ондай болса баралық,
Жалмауыз жүрген далаға. Ақыл дария кемеңгер
Жүректі батыр, қайратты ер, Қамданбай енді қала ма.
Халықты қорғап бағатын, Қысылса ақыл табатын, Шығаннан шыққан кісі бар. Ол уақта ел санама,
Он бір кісі келіпті, Жалмауыз жүрген ну қамыс, Қалың тоғай араға.
Басқан ізін көрген соң,
Жер шолып жүрген адамдар, Түсті ой мен санаға.
Белгілі адам бұл емес, Шығатын жеке дараға. Балпық би сонда айтады: – Бұған бір ақыл жасайық, Қабыл алса Тағала.
Іздеп тапшы аралап, Жалмауыз жүрген түбекті. Тәуекелге сыйынып, Бекітті ерлер жүректі.
Сындырма деп белімді,
Шулатпа деп елімді, Ел иелері тіледі,
Бір Алладан тілекті. Адамға зиян келместі, Қолынан адам берместі,
Тапты ақыл ретті.
Өнермен өнер туғызып, Жасамақ болып бір кепті. Бір өнерпаз бар екен,
Сол жүрген қалың еліңде.
Соңыңда жұрттың қуатты, Өнері соның көңлінде. Адамнан шыққан өнерпаз Ақыл, өнер жөнінде.
Қимылда, батыр Андабай! Өнеріңді бір көрсет, Қамданар күнің сенің де.
Қолыңнан батыр келеді, Осыны істеп көрелі.
Көп үшін жаным ерінбе,
Білесің, батыр Андабай, Әзәлда тегі жаратты,
Білгіш пенен наданды. Білгіштің көңлі айнадай,
Наданның көңілі қараңғы. Орақты інің көп үшін Бәйгеге басын салған-ды. Осы жерде қалың үйеңкі Толып тұрған тораңғы.
Тораңғыдан сен жаса,
Алты-жеті адамды.
Ілгері болсын адамнан Нұсқасы, болсын жарамды. Балпықтың айтқан бұл сөзін
Андабай мақұл алады. Ағаштан адам шаппаққа Жуан ағаш қарады.
Жасаса адам болатын Төрт-бес ағаш табады. Араменен аралап,
Шығарып саусақ салалап, Пормалап адам шабады. Жасады бастап екі қыз Жібектен көйлек кигізіп, Бетіне бояу жағады.
Құйрығынан жылқының Басына бұрым тағады. Түлкінің көзін көз жасап, Айрықша ақыл табады.
Құмырсқа белді, ақ маңдай,
Таң шолпаны секілді, Қас пен көздің арасы. Күміс саусақ салалы. Ақ бетінде кіршік жоқ, Жауған қардай тамағы. Қиылған қалам секілді,
Жасалған қыздың қабағы. Бар кемдігі тілі жоқ,
Порымына қараса, Адамзаттан міні жоқ.
Ажарына қараса,
Көргенде құмар қанады. Жаны бар егер қыз болса,
Көрген адам ғашық боп, Құмардың оты жанады.
Қыздармен бірге тұрғызса, Айыра алмай қалады.
Көзін сүзіп күліп тұр,
Он бестегі қызға ұқсап, Ай секілді ажары.
Андабайдың өнері Айтқандай ақыл салады. Екі жігіт толымды, Көзтартарлық порымды, Ағаштан тағы жасады. Егделі келген бәйбіше, Тағы жасап ағаштан Төртеуінің қасына Көбейтіп тағы қосады.
Адамы түгел біткен соң,
Үй көшірді онан соң, Жалмауыз жүрген қалыңға. Қалыңға барып үй тігіп,
Көз тартарлық ішіне Жиды жабдық бәрін де.
Асқызып қазан, от жағып, Екі жігіт, екі қыз,
Бәйбіше отыр жанында. Неше күн жүріп бағады, Күн батса от жағады.
Осы үйге түбі келер деп, Жүреді батыр маңында.
Екі қыз отыр бұраңдап, Ақ орданың ішінде.
Кәмшат бөрік басында, Інжу-маржан шашында. Күлімсіреп күлген боп, Екі жігіт шынтақтап
Қыздардың отыр қасында. Есік жақтан еңкейіп,
Бір әйел қазан асуда. Осы жерде ұйқысыз Он күн, он түн күзетті,
Ешбір хабар болмады. Бір күні түнде отырса, Төменгі қалың тоғайдан
Келе жатқан хабар болады. Сығалап батыр қараса,
Жаңғыз жаяу келеді.
Бақылап сырттан байқаса,
Жолым үйдей денелі, Үйге жапқан түңдіктей Бас киімі жебелі.
От жанған үйді көрген соң, Қорқу, сасу ойда жоқ, Бүлкілдей басып келеді.
Қораға шапқан қасқырдай, Іркілмей үйге енеді.
Бозбала, қызды көрген соң, Адамға құмар айуан
Жемекке енді төнеді.
Шеңгелін қызға салады, Күтірлетіп бөледі.
Қайрат, қайтпас жүректің Осы жерде болды керегі. Жүрегі ердің таймайды,
Күш, қайрат тасып қайнайды. Қолына алған қорамсақ Мықтап белге байлайды.
Батырдың осы өзі деп,
Маңдайдың жалғыз көзі деп, Садақтың оғын айдайды. Айламен үйге кіргізіп,
Батыр тапты амалды. Орақ атқан жалғыз оқ
Маңдайдағы көзден қадалды. Атқан оқ көзден өтеді.
Желкеден шығып кетеді. Оқпен бірге түскенде
Бұзғандай болды қамалды.
Қарбалаңдап қолына, Тигеннің бәрін уатты,
Күл қылып түгел құлатты. Қайтадан атып батырды, Тырп еткізбей сұлатты.
Пәледен елін құтқару Батырға үлкен мұрат-ты. Жалмауызды өлтіріп, Көрсетіп елдің көзіне,
Халқын түгел қуантты.
Орақты болды аз елдің, Сүйенетін тірегі. Жолбарыстай жүректі, Арыстандай білекті, Адамзаттың зерегі.
Орақтының күшімен, Батырдың ерлік ісімен, Қорықпай бала ұйықтады. Халқына тиіп көмегі,
Қалғаны бар артында,
Жалғыз, сірә, демеді.
Ел үшін туған жас перен, Халықтың қамын жегені. Еркек тоқты құрбандық Аман болса елім дегені. Атақты пәле өлген соң,
Байтал жусап, бала ұйықтап, Тыныштық халық көреді.
Жер шалып батыр жатпайды, Көп үшін көңіл бөледі.
Өлгеніне жалмауыз Екі-үш апта боп еді.
Бақылап жүрсе жол тосып, Өлең айтқан секілді.
Ыңырсып біреу келеді. Бұғынып тұрып Орақты Көреді мұны сыртынан. Үстіне киген киімі
Көрінді жанат-бұлғыннан.
Жіңішке белі шыбықтай,
Бойы ұзын сырықтай, Мұндай адам тумайды, Жаралып адам ұлтынан. Нұсқасына қараса,
Жанат та нұрдың негізі, Жаралғандай ұрқынан.
Жыландай жылжып аяңдап, Түлкідей басып сылтыған.
Жылау да емес, ән де емес, Шығады даусы сыңсыған.
Аузын ашып дем алса,
Жалын, от шығар ұртынан. Қатарына келгенде,
Шат болды батыр күлімдеп. Қорамсаққа қол салды,
“Туған күнім бүгін деп, –
Қолдай көр Кемел пірім»,– деп,– Қолға алдым сені, темір оқ,
Сенен басқа досым жоқ» Серт айтып тартты садақты,
«Ойдағы жерден ілін» деп.
Күшпенен шыққан жалғыз оқ, Жөнелді сонда дірілдеп.
Жалмауызға жетеді, Бүйірден өтіп кетеді. Тораңғыны қақ жарып, Бір жидеге қадалып, Тұра қалды дірілдеп.
Ұстай алды ашумен, Бір ағашты күрілдеп.
Қолы тиген ағашы Уатылып қалады.
Шыңғырған даусын есітіп, Батыр оттай жанады.
Көктегі жұлдыз секілді Көксерек ат ағады.
Ағызып келіп ағынмен Көк желкеден шабады. Бар киімін сыпырып,
Басы мен қолын сол жерде,
Батыр кесіп алады. Халқына кеп береді,
“Тапқан олжам мынау” деп, Алдына жайып салады.
Басы мен қолын көргенде, Көбінің есі қалмады.
«Ел қорғайтын батыр» деп, Аузына халқы қарады.
Қатқан жерден тоң кетіп,
Жаз келді сонда жылтырап.
Мұнарын шашып бұлдырап, Дария беті бусанып,
Үйрек ұшып, қаз қонып, Су ақты жосып сылдырап. Қара жер беті көгеріп, Қара жердің көгіне,
Хайуанаттар кенеліп,
Семірді арық дыңғырап. Көлде бақа құрылдап, Таста байғыз ән салып,
Ағашта бұлбұл шырылдап.
Шыбын, шіркей тіріліп, Бас қосып түгел дуылдап. Құмырсқа шығып інінен
Жол тартып о да қимылдап. Өрісте бие құлындап,
Көк пенен жер жібіді,
Нұр шашып жұлдыз жымыңдап. Қыз, келіншек ән салып,
Қой алдында қымыңдап.
Жердің жүзі көгеріп,
Көк орай шалғын болады. Арық малы семіріп,
Қарыны ашқан тойынып, Халықтың көңілі толады. Жазға аман жеткен соң, Жұрт жиылып қонады.
Беткейге жатып шал аунап, Үй қасында бала ойнап, Шаңлақты жерде нар аунап,
Жанның бәрі болды мәз.
Тамашада көлде қаз, Жадыратып жайнатып, Нұрын шашып келген жаз.
«Осы жерге егін ексе» деп, Ақылдасты ел біраз.
Сонда Балпық сөйлейді: – Бір әңгіме айтайын, Тыңдасаңдар, балалар, Алтын тапқан аналар,
Жасы үлкен ағалар!
Халқын қорғап тұратын, Бәлеге жеке шығатын, Бір басы мыңға татитын Ел үшін туған даналар! Көп ақылы дария
Қалмасын үйде балалар. Осы отырған жеріміз Өзені құрақ, бойы шым, Тоғайы қалың, өзі тың,
Бір жағы мынау Қоңыр тау, Аралас жатқан бұйрат құм. Суында балық, қаз, үйрек, Алып жесек жаны бар.
Лайықты жер екен, Азғана ауыл паналар. Ойланып жүрген ойымда Бір кішкентай және бар. Сылдырап аққан мына су
Жалмауыз шығып жерінен
Алты ай қыстай болды ду. Қойға қасқыр шапқандай, Халқымыз болды күнде шу. Ірге жайсыз тиген соң,
Жақсы қоныс болмайды,
Дегенменен қанша ну. Жер болар бізге бүгінде, Өркендеп өсіп молайсақ, Сыймайды халық түбінде. Жері сортаң болған соң,
Көңліме менің қонбай тұр, Ойдағы қоныс болмай тұр. Жағдайсыз келер халыққа, Күндердің осы күнінде.
Ұнатпай тұр көңілім, Бұл қоныстың түрінде. Алдымызда бар шығар, Бізге лайық бір өзен, Берекелі шын өзен.
Ұнатсаңдар ойлаймын,
Көшейік, жұртым, кідірме.
Балпықтың сөзін мақұлдап, Жұрт көшелік деседі,
Үй іргесін шешеді.
Бұл судың атын “Шу” қойып, Жалайыр Шудан көшеді.
Шуды тастап жалайыр, Үдере көшіп кетеді.
Сол көшкеннен тоқтамай, Алакөлден өтеді,
Қошқарбайға жетеді. “Топарға” жетті еңкейіп, Ешкімнің емес мекені.
Топарға да тоқтамай,
“Ілеге” жетті шұбырып. Жердің түрін байқаса, Үлкен өзен, кең арна,
Қыдырлы бір жер көшелі. Егін салар жері бар, Жайылым жері тағы бар.
Қызыл изен, көк жусан, Шөбі бар мекен ететін, Ел қырсығын кесетін, Жер екен дәулет өсетін. Ірімшіктей құрағы,
Бір түп шидің түбіне,
Паналап жүз қой тұрады. Кекіре, жантақ, күйреуік Біріне-бірі сұлады.
Қырғауыл, қоян, қаз, үйрек,
Өзендерден шығады.
Қырына біткен қызғалдақ, Белуардан изені,
Тоғайындағы жидегі, Маужырап тұр дәндері. Піскен кезде иіліп, Бұтағынан сынады.
Қырында бөкен құлан бар, Көлінде балық, бұлан бар. Тоғайда жүрген елігі,
Байқасақ қарап көзігі. Қарақұйрық қаптаған, Нелер жақсы ірі аң бар.
Сүйсінді Балпық көрген соң, Іздеп тапқан жеріне,
Жеріне сәйкес көліне, Жеріне шыққан шөбіне,
«Осы жер қоныс болар,– деп, Негізі менің еліме».
Бұл жерге тартыс салатын,
Қорқытып тартып алатын, Жақын ел жоқ шенінде.
Келген жылы жалайыр Ілеге егін салады.
Арасынан Іленің, Астық алып сол жылы, Қарық болып қалады.
Ашығып келген халықтың Астыққа тойды тамағы,
Ашылды жұрттың қабағы,
Шұбырып жүріп жалайыр Бір жақсы қоныс табады. Қараша айы туған соң, Майқұрақ, Қорыс, Ақ дала, Тұсында жатқан Абанқыр Қыстауға халық тарады.
Ел орнығып қонған соң, Меншікті жері болған соң, Балпық пенен Орақты, Ескелді биді басшы қып,
Алдынан жер шолады.
Атырауды айналып,
Қаракенге барады.
Қаракен бойы Қаратал, Ішіне шыққан бүлдірген. Бүлдіргені жұпардай, Мұрынын исі жарады.
Аққан суы мөлдіреп, Ішсе сусын қанады. Қараталдың өлкесі
Іледен де бағалы. Қараталды өрледі,
Жерінің артық көрнегі. Ой мен қырын байқаса, Жанға бірден жағады. Өрлей жүрді өңкей ер, Қараталды жағалап, Үштөбені далалап,
Дауылбайдың басына, Шықты барып аралап.
Қанжарлары қайраулы, Садақтары сайлаулы,
Балтасы жанында байлаулы. Жасанған жаудан таймайтын, Бәрі де алғыр азамат.
Келіп шықты тобымен, Дауылбайдың басына. Төтелей келді тік жүріп, Қызыл жол-жол тасына. Қалың шөпті қақ жарған,
Сүйретінді із жатыр,
Келсе тастың қасында. Не бар деп сонда ойлады, Ақылдасып осында.
Айдаһары кез келді Өңшең болат асылға.
Орақты батыр сол кезде Дәл жиырма бір жасында. Орақты батыр сол жерде Жолдасына сөйледі.
Айдаһарды көрген соң:
«Қасыма бірің ер» деді. Бәрі түгел шулады:
–Айдаһар деген тілсіз жау, Барма батыр сен, – деді.
Орақты тұрып айтады:
–Мұның заты бір жылан, Менің затым адамзат, Қалайша күшім кем,– деді,– Көрмей жатып қашқан соң,
Өлгенмен басым тең,– деді.
Жолдасы қалды иіріліп, Қызыл тастың қорымын, Орақты батыр өрледі.
Біраз жүрді тасты өрлеп, Еш нәрсе де көрмеді.
Еш нәрседен қайтпаған– Жас батырдың талабы. Тіктілеу келген қорым тас, Өрлеп соған барады.
Ұйықтап жатқан сол жерден Айдаһарды табады.
Жақындап батыр барғанда, Көтеріп басын алады, Батырға жылан қарады.
Қайрат жасап қамданбай, Айдаһардың батыр кеп, Желкесінен шабады.
Қайратпен шапқан қанжары Айдаһардың басын қақ бөліп,
Қара тасты қабады.
Бұл қайратын көрген соң, Құмары жұрттың қанады. Батыр болды талапты, Асынды белге садақты, Ел үшін туған бағландар, Елге лайық жер тауып, Ауыл қонар көл тауып, Тұлпарларын жаратты.
«Қаратал, Іле – екі су
Елге қоныс болар» деп, Атбасын елге қаратты.
Ілеге қарай жол салды Қараталдан төтелеп.
Сексеуіл, қалың жыңғылды, Адыр-адыр қызыл құм, Құдық қазды әр жерден.
Жол салды бұзып кеселеп,
Жол бермес қалың дүлейден.
Кезек-кезек жол ашып,
Келе жатыр жекелеп,
«Есеке, елге жетсек» деп, Сөйледі Балпық ентелеп. –Оның рас, шырағым, Барсақ болар ертерек.
Осыдан біз барғанда, Бала-шаға қуанып, Алдымыздан шыға алмас, Байқадым батыр еркелеп. Айланып қалған секілді,
Елдің күні қараңғы, Кісі жейтін тағы да,
Кез келді білем наданға. Енді орнынан таппаспыз, Осы барған заманда.
Негізгі қас бір бәле,
Кез келген шығар адамға. Күн-түн қатып жеделдеп, Келді сонда еліме.
Келсе орнында елі жоқ,
Қондырып кеткен жерінде. Әр жерге жүгі шашылған, Жұрттың түрін байқаса, Көріңді былай көзіне.
Бүлінген елдің жөнінде. Қатты жүрді сабаулап, Емес деп адам тегінде. Қасқыр көрген қойдай боп,
Есі кетіп үріккен.
Тіккен үйден айрылып,
Төрттен-бестен біріккен.
Бала жылап, нар өліп, Денесі елдің дүрліккен. Ақыл кетіп ағадан,
Күш кетіпті жігіттен. Қойдай болып шуылдап, Жетті елге сүрліккен.
Үркіп жүрген халықтың, Қалыпты арық мешеуі. Айдарлы, егіз тұлымды,
Өліпті жастың нешеуі.
–Бала да болса панамыз, Қорғайтын бізді бабамыз. Тірлігің екен, қарағым, Халқыңның аман-есені.
Батыр мен биді көрген соң, Кеткендей болды халықтың, Кеудесінен кеселі.
Қараңғыда көреді, Ұйықтап жатқан адамды,
Түнде ғана жеп еді.
Пәленің түсін көрместен, Жалмауыз шықты деп еді.
–Ендігі пәле, қарағым, Түсі суық келеді.
Шыдамай зәріне қырылып, Қойдай болып өледі.
Бір қой – бір қыз күніне, Тамағына береді.
Бас жағы адам, қарағым,
Бөксесінің жүні бар.
Адам да емес, ит те емес, Әйтеуір жаман түрі бар.
Біреуі қара, біреуі ақ, Аузынан көбік ағады, Сала құлаш тілі бар. Түсі суық у мен зәр. Қорыққаннан көмейден,
Жүрмей қалды татқан нәр. Өзіңнен қайрат болмаса,
Заманымыз болды тар. Жан қысылған мезгілде, Өзің түгіл, қарағым, Ізіңе халқың болды зар. Мына сөзді есітіп,
Орақты қылды талапты. Жер жарылып, күн шығып, Мезгілімен таң атты.
Алды қолға садақты,
Байлады қанжар, жарақты.
Сол күні елді көшірмей, Ерулетіп қаратты.
Қанжарды батыр қайрады, Садақты белге байлады.
Көксерек атқа ер салып, Жабдықтты батыр жайлады.
Бұған бір қайрат істеуге, Енді батыр ойлады.
Сонда батыр ойлады:
«Менің атым кім, – дейді,–
Ел үшін тудым шын, – дейді,– Еркек тоқты құрбандық, Қамданар бүгін күн», – дейді. Оралбике өзінің
Қарындасын шақырып:
– Қарағым, бірге жүр, – дейді,– Кел алдыма мін,– дейді.
Оралбике бала ғой, Қорыққаннан жүрмейді. Орақтыны шешесі
Сонда қарғап тілдейді:
–Оңбайсың, шешек, оңбайсың, Пәлені іздеп қайдағы
Тілеп жүрсің өзіңе, Болмаймын, бала, сөзіңе. Ақырында, қу балам,
Жалғыз қыз түсті көзіңе. Батыр сонда айтады:
–Айналайын апатай,
Сен жылайсың мен үшін, Мен жылаймын көп үшін, Ұлың мен қызың құдайы
Осы отырған ел үшін. Ұл-қызыңда арман жоқ, Тазаласа пәледен
Жалайырдың өрісін. Жылама, бауырым Оралжан, Мырзаш пенен үшеуміз
Бір құрсақтан өнгенбіз. Бір құрсақтан жалғанның
Жарығына келгенбіз.
Бір құндақта жатқамыз, Бір бұлақтан татқамыз. Бір емшектен емгенбіз, Баласындай үйректің Бір-бірімізге ергенбіз.
Қаның менен қаным бір, Жаның менен жаным бір, Тәнің менен тәнім бір,
Қорықпа, жалғыз бауырым,
Меніменен бірге жүр.
Ақыл таппай сандалған Халықтың кеулі қайғы, кір. Не де болса Алланың Салған ісін көремін.
Менің тірі шағымда Өлемін, сірә, демегін. Өзім тірі тұрғанда, Ажалға неге беремін?!
Сенен бұрын, шырағым,
Алдыңда сенің өлемін.
Сені мен менде арман жоқ, Пәледен аман тазартсақ, Өрісін мынау көп елдің.
Үріккен мынау ел үшін, Тазармаған жер үшін, Қимылдайын тәуекел.
Пайдасын қашан көремін, Денеге біткен өнердің?
Өлемін деп қорықпа,
Оралбике, қарағым, Әдейі ертіп барамын. Бір емшектен бір емген, Бауыры жақын адамның. Әлі түсіп көрген жоқ,
Кісі деп жүрген наданның. Біреудің қызын байласам, Жақсы болар егер де, Қайратымнан таймасам. Басым болса өзімнен,
Қорықсам, бұғып қаламын.
Егер де бүгін қорықсам, Сенің даусың шыққанда, Жанды ортаға саламын. Қорықпай-ақ еріп жүр Жалмауызды көргенде, Бір айласын табамын.
Көп үшін басым құрбандық Тілеймін елдің аманын.
Ел қорғау үшін бауырың,
Түсті барып ішіне
Қайнап тұрған қазанның. Алып жүрді бауырын,
Аузына байлап ажалдың. Келетұғын жолына
Қарындасын байлады. Садақтың оғын сайлады, Қанжарын батыр қайрады, Шаладай батыр жайнады. Қашан түсін көргенше
«Қандай нәрсе екен» деп, Сонда батыр ойлады.
Түске жуық болғанда, Екі нәрсе келеді.
Нұсқасы адам секілді, Көз ұшында зырқырап, Аузынан аққан көбігі.
Будақ-будақ бұрқырап, Біреуі қара, бірі ақ.
Қарасын қыз көргенде,
Шықты даусы шырқырап.
Бауырдың даусы шыққанда, Қайнады ердің жүрегі.
Темір болды білегі, Қаһарына мінеді.
Сүйегі кетті сырқырап, Садақты батыр сайлады. Алатын қасқыр бүркіттей, Батырдың көзі жайнады. Тұсына таман келгенде,
Оқты батыр бір атты, Екінің бірін құлатты.
Зәлімнің бірін жайғады. Жығылғанда қарасы, Ақкөбік барып шайнады. Орақты атқан жалғыз оқ, Жөнелді сонда гуілдеп.
Серт айтып атты күшпенен
«Туған күнім бүгін» деп, Қаракөбік тұралмай,
Жығылып жатыр күрілдеп. Қайтадан атқан жалғыз оқ, Жөнелді сонда дүрілдеп.
Ақкөбіктен өтеді, Жүрегін үзіп кетеді. Бір терекке оқ тиіп, Тұра қалды дірілдеп.
Батырдың көңлі шат болды, “Қолдай көр, Кемел пірім” деп. Болды ердің дегені.
Қаракөбік, Ақкөбік
Орақты батыр оғынан Екеуі де жөнеді.
Халықтың болды панасы, Бір ердің білген өнері.
Пәледен халқын құтқарып, Оралып батыр үйіне
Аман-есен келеді. Қиын-қыстау пәленің
Жоғалтты көзін нелерді.
Тазарып жұрттың өрісі,
Неше күндей той болды, Ақ даланың кемері.
«Сен болдың бізге жүрек,– деп,– Жау көрсек бізге қажымас.
Құйма құрыш білек,– деп,– Қорықсақ барып паналар. Халқымызға тірек,– деп,– Жалайырға тиянақ
Ноқта ағасы сен бол”,– деп,–
Орақтыға сол жерде Халқы бата береді.
Сонан кейін Жалайыр, Қаратал – Іле екі су, Мекен етіп жерледі.
Қаңғайдан қонып алдымен Көк даланы өрледі.
Қонысы жағып бұл елдің Мал мен басы молайып, Дәулеті тасып кенелді.
Иесіз жатқан байтақ жер Менікі етіп ие боп, Ешбір адам келмеді.
Аз елдің көзі ашылды Өлшеусіз несіп шашылды. Еш жамандық көрмеді.
Сыналар ердің жүрегі, Ақ найза мен білегі, Мұқаншыға барғанда
Қанды майдан бір қызық
Сол арада кез келді… Кез келмеген бұларға, Әрбір ұлттан қалмады. Дүнген деген қалмақтан, Ханның қолы шабады.
Бытырап кеткен қалың ел, Бір бөлек жатқан ауылды, Қалмақтың қолы шабады. Жүреді екен Орақты Іленің аққан суында.
Жетіжалдың қырында, Тасмұрынның құмында, Батырға хабар барады. Көксерек аттың құйрығын, Жалыменен тарады.
Қаңтардағы бурадай, Түйілді ердің қабағы. Ер тоқымын бішпаңдап,
Сауырын аттың жабады, Қанжарын қынға салады.
Білекке іліп садағын, Көксерек атқа «шу» деді. Еті қызған мезгілде, Көксерек желдей гуледі. Табаны құмды суырып, Әпшісін жердің қуырып, Қаратал, Іле – екі су, Көксерек ат қысқартты, Екі өзеннің танабын.
Талаптанды жас батыр,
Құрал-жабдық жасады. Мұқаншыға жүрмек боп, Ақтөбені асады.
Ақтөбеден асқан соң, Сарбұлақпен сартылдап, Көксеңгір тауды бөктерлеп, Қурайлыны басады.
Тұлпардан туған Көксерек, Арандай аузын ашады.
Еті қызып келгенде,
Сауырдан тері төгіліп, Ұртынан көбік шашады. Алты сағат басқанда,
Қарқыны келген дариядай, Батырдың көңлі тасады.
Қарқынмен барып шығады, Мойынқұмның беліне.
Батыр жетті бесінде, Мұңлық боп қалған еліне.
Жау шауып кеткен ғарып ел,
Жылай берді шуылдап, Орақтыдай еріне!
Сонда батыр сөйлейді:
– Жылама, жұртым, жылама, Сендерді шапқан осы жау, Адам ба, заты пері ме?
Пері болса соғармын, Жолатпасын шеніме.
Адам болса тығармын, Әкесінің көріне.
Жылаған елді көрген соң, Батырдың тасып қайраты, Шапшыды таудың өріне.
Еркек тоқты құрбандық, Сендер үшін байладым, Ғазез басты өлімге.
Жау артынан қумақ боп, Сауытын батыр киеді, Ат құйрығын түйеді.
Ақырғанда дауысы,
Алты қырдан асады.
Оралып жатқан Қоңыр тау, Жау жүрген жердің жиегі. Шаңғарақ таудың бойында Көк судың аққан ойында.
Дүңген деген қалмақтың, Шаһарына тиеді.
Темір қалқан басында, Жолдасы жоқ қасында. Қаптап жатқан қалмақтың,
Қаласына кіреді.
Дабылды батыр қағады, Ханның елін шабады.
Қалмаққа ойран салады, Қашқандары қалмақтың, Ханына о да барады.
Дүңген хан халқын жиғанша,
Қазақтың қалың қолымен Батыр бұзды қамалды.
Талап қылып талпынбай,
Мұратқа адам жетер ме?
Ел үшін туған егейлер Майданға кірмей кетер ме? Қалмақтың Ақсай ерімен
Орақты шықты жекеге. Батырлық, ерлік күн болды, Жүрген күнде жекеде.
Ақсай мінген атының Маңдайда бар төбелі, Орақтының қасында
Ақсай таудай денелі. Мың кісілік кемедей, Келген екен Ақсайдың Дене тұлға кемелі.
Күрек тісі күректей,
Тоқпақтай айдар, тұлымды, Қошқар тұмсық мұрынды.
Басы үлкен қазандай, Құндыздығы жебелі. Екі батыр сайысқа
Жеке-жеке келеді.
Алдыменен Орақты Ақсайға кезек береді. Ақсай шапты ақырып, Желекті найза желкілдеп, Шаншуға жақын келгенде,
Балтаменен бір салып, Найзасын екі бөледі.
Ағындап Ақсай өтеді, Артынан бала жетеді.
Дәл жүректің басынан, Шеміршектің қасынан, Найзамен бала көмеді. Атынан дәуді ұшырды, Қаңбақтай жерге түсірді. Ақ төбел атты жетектеп, Орақты батыр жөнелді. Ақсайды батыр өлтіріп,
Қасқыр қырған қойдай қып, Қалмақтың елін бөледі.
Көшелерін қан қылып,
Қақпанның аузын шаң қылып, Қанын судай төгеді.
Быт-шыт боп қашқан қалмақты, Сай-сайдан батыр тереді.
Қанжарменен тіледі, Найзаменен іледі.
Түлкі алған бүркіттей, Кез келгенін бүреді.
Қан майданда қайтпайды,
Бала бүркіт түлегі.
Қашуға қалмақ бет алып, Тау ішіне кіреді.
Дүңген ханның іргесін, Үркітіп батыр түреді.
Жіңішкежүрек, Шыңбұлақ Сол сайды өрлеп шу деді. Үркіп қалмақ қырылып,
Қырғынға түсіп сүрініп, Сол сапарда жүдеді.
Жерінен қалмақ ауған соң, Қиналды қатты бір жаны.
Тау-тауда қапты қазан мен Саптыаяқ, күбі, құмғаны.
Қазан қалған сол тауды Қарала ағаш Қазанның Асуы деп біледі.
Отыз бір жасқа келгенде, Орақты батыр халқына, Бұқара халық, жалпыға,
Тірек болып тіреді.
Қаратал, Іле – екі өзен, Сонан кейін меншікті Жалайырға жер бопты.
Орақты батыр шыққан соң, Аз басы көпке тең бопты.
Су мен жерге ие боп, Содан кейін ел бопты. Онан бұрын жалайыр, Көрінгенге жем бопты.
Көрінген елге тозаңдап, Мүсәпірмен тең бопты. Қатар жатыр Іле, Шу, Көктал, Лепсі, Қаратал,
Ақсу, Көксу, Жетісу– Жалайырдың мекені. Қаратал, Іле – екі су, Өніп-өсіп жалайыр Екі өзенде отыр ну.
Орақты жайын айтайын:
Тұрлықожа баласы,
Орақты тапқан қонысы, Қаратал, Көксу жағасы. Өткеніне олардың
Бес-алты ғасыр шамасы. Облысымыз Алматы, Ауданымыз Қаратал,
Екі колхоз болады Сол Орақты баласы.
Дүңген ханның қаласы,
Мынау жатқан Дүңгене Осылай деп айтатын Халқымыздың білгені. Ел аузында айтылып, Ертегі болып жүргені. Жиюшы жоқ артында Баспаға бұрын кірмеді.
Көксудың аққан бойында, Дүңгененің ойында,
Қант завод салынып, Денесі нұрға малынып, Күміс терек егіліп, Жоңышқа, қылша себіліп,
Жаңа өмірдің нұрымен, Сәнді өзен боп гүлдеді. Енді келді жазатын
Бұл поэма кезегі.