Қазақша
Абылай хан
Қазіргі тұрғын жерім Алтай тауы, Адамға жақсы болар деннің сауы. Бұрынғы Қалдан, Абылай заманында Қалмақ, қазақ шабысқан елдің жауы.
Екі ортада бос адам жүре алмаған, Басынан қалмақ, қазақ құралмаған.
Мал басын бір біреудің тартып алып, Көңілі еш нәрседен тына алмаған.
Жесір-жетім халықты шауып кетсе,
Артынан бітім қылып сұралмаған. Қалмаққа қазақ қолы қатты тиіп, Арқада сол себепті тұралмаған.
Қалмақтың Қалдан деген болған ханы, Еш ханнан кейін емес бар-ды сәні.
Ажал жетіп Қалдан хан өлгеннен соң, Қалмақтың сонан кейін бітті мәні.
Абылай уақытында Қалданның толған күні, Кемітуге болмайды біттей міні.
Абылайға бостандық бергенінде,
Тәуірліктің ашылды сонда шыны.
Күйеуі әскер басы қоңтажысы,
Қазақты шаппақ болған келер қысы. Шарышты әскер басы жібермек боп, Қазақты шауып алмақ келсе күші.
Шарыш, Қалдан қоңтажы екі арада Еркелеп сайран еткен бұлбұл құсы. Шөкаман батыр екен қатар жүріп,
Дұшпанның қалмайды екен биіттей мысы.
Қалмақтан жеке батыр Шөкаманды
Өзіне теңгермейді ешбір жанды.
“Қазақ елін шабам” деп батыр жиып, Арқаны Ұлытаумен бетіне алды.
Олжа алатын қалмақтан ел қалмасын, Қасына ере алмаған жаман қалды. “Шөкаман батыр барса, қауіп жоқ” деп, Жүре алмаған қатын мен бала қалды.
Малы көп қазақты шабамын деп, Жолыңда неше түрлі қала қалды. “Шарыш пен ер Шөкаман келеді” деп,
Жер дүние сол бір кезде қарай қалды.
Бұл сөзбен енді қалмақ тұра тұрсын, Ендігі сөз қазаққа мойын бұрсын.
Орта жүз бастап қазақты жиып жатыр, Қандыруға болады құлақ құршын.
Орта жүз мына сөзге намыстанды, Бұ дағы азулымен жарысқанды.
“Біз барып ханымызбен бас қосайық, Батыр көп бізде де бар арысланды”. Ханға барып баршасы басын қосты,
Осы жолдан қалдырмайды басы босты. Орта жүздің батырын жиып алып,
«Ұлытауға барсын да тіксін қосты».
Қалмаққа біраз үй ұлы жүзден қараған-ды, Ол уақытта екі орта аламанды.
Хан еді сол уақытта Әбілмәмбет, Сөз байлап шабысуға тараған-ды. “Ұлы жүзден ел менен жер кетіпті, Ертіп ап қалдырмайық жарағанды. Батыр көп орта жүзде неше түрлі,
Азуын айға қарай балағанды.
Тоғылтып Ұлытауға жайылайық, Үш жүз боп бір Құдайға сыйынайық. Әр батыр атқа мінер қалдырмасын, Тұс-тұстан ұран салып құйылайық”.
Бет түзеп қазақ шықты қалмағына, Екі жақтың біз қараймыз салмағына. Соғысты екі жағы істей берер, Тарихта аттарының қалмағын.
Мың жеті жүз отыз бірінші жылы басталыпты,
Әуелден қазақ, қалмақ қастаныпты. Ұлы жүзден Қангелді, Дулат кетіп, Ел, жер, жібермеске құсталыпты.
Басынан орта жүздің батыры көп, Ұлы жүз жуастықпен бос қалыпты. Хабарды ұлы жүзге жіберген соң, Әрине, жібермек боп қош алыпты. Тағы да жіберіпті кіші жүзге,
“Қалмақпен шабысамыз келсін бізге”. Ұлы жүзден Қангелді, Дулат кетті,
Намыс шығар, ойлаңдар, о да сізге.
Ести сала кіші жүз жүріп жатыр,
“Туғызамыз қалмаққа, – деп, – заманақыр. Түтігіп атқа мініп айғай салып,
“Кіші жүз”, – деп, – батырлар, ұран шақыр”.
Кіші жүз әуелден-ақ жауынгер-ді, Аспаннан тілегенін Құдай берді. “Ұлытау жайылатын жеріміз” деп, Батырлар тоқтамастан жүре берді.
Бар еді ұлы жүздің Төле биі,
Халыққа орда болған оның үйі. Үш жүздің баласына бата беріп, Орыспен де сыры бар тұрған күйі.
Ұлы жүз, орта жүзден бұрын қарап, Мағлұм бітім қылып алған сыйы.
Көп біледі, ісін де Төлем білер, Қалай айтсаң Төкеңнің артық мыйы.
Төкеңе жетім-жесір сия берген, Құдайым жақсылықты қия берген. Алдына жүгініскен кісі келіп,
Тоқтатып тентекті біз тия берген.
Бір жылы сәлем берді жетім бала, Түбіне мына сөздің байқап қара. “Әй, ата, қолыңызға бала болам”,
Жауапты айтып еді елді жара.
–Атың кім, қай елсің, балам, – деді, Жөніңді айт, сонан кейін алам, – деді. Атым жоқ айтатұғын, сіз қойыңыз, Өмірімше қасыңызда қалам, – деді.
–Сәлем бердің қасыма жағалап кеп,
Мені тауып алыпсың сығалап кеп. Үстіңдегі киімің жалба-жұлба,
Тымағыңың атын қойдым “Сабалақ” деп.
Түйе бақ, Сабалақ, деп атты қоям, Тілің жақсы, сөзге әбден тоям,
Жақсы болсаң ұлымсың, Сабалағым, Ырым қып, мал келген соң, қойды соям.
Сабалақ түйе, жылқы бақты, Төлеге қалай айтса әбден жақты.
Төле би құлда қылды, ұл да қылды,
Кім білер осындайға берер бақты.
Ұлы жүзге шақырған келді хабар, Алдынан Төле бидің сөз боп тарар. Орта жүзден Жидебай батыр барып:
–Лайықтаңыз халқыңыздан қанша барар.
Төле би айтты:
–Елі кеткен, жері кеткен біз, – деп айтты, Халық болсаң, бұл сөзге қыз, – деп айтты, Қолдан келмес қатын мен бала қалсын, Тіл алған атқа мінер сіз, – деп айтты.
Сабалақтың Төле биден рұқсат сұрауы:
Сабалақ: – Рұқсат болса, барам, – деді,
Тіліңді не айтсаң, алам, – деді, Рұқсатпен, ей, ата, батаңды бер,
Тіліңді алмай кетсем харам, – деді.
Төле би:
– Шырағым, жылқыңды бақ, баралмайсың, Ту ұстап тұлпар мініп тұралмайсың.
Көп ішінде батырлар толып жатыр,
Жақсы деп ат қойғызып сыналмайсың.
Сабалақ:
– Ей, ата, менің сөзім болмас ірі, Кешіңіз, ғапу етіп болса міні.
Өзімнен артық емес көрген батыр,
Өліп кетсем боламын көптің бірі.
Төле би:
– Рұқсат бердім, балам, жолың болсын, Қасыңа Қызыр Илияс жолдас болсын!
Бақ алып, аброй алып осы жолы,
Қасыңа қанша адам қоңсы қонсын.
Төле би аямады баталарын,
Сөзімнің кешіре гөр қаталарын. Сабалақты қасына қосып беріп, Ұлы жүздің жіберді батырларын.
«Ұлытауда жиылып бастарың қос»,
Орта жүздің қосып берді шақырғанын. Батырлар басын қосып келе жатыр, Ұлытаудан естілді ақырғанын.
Ұлытауда орта жүз жатыр екен, Тіккені қос пен басқа шатыр екен. Жан-жаққа қарауылға біреу қойып,
Тау басында қарауылшы отыр екен.
Мына жақтан толқыған қол келеді, Ешкімнен кемдігі жоқ мол келеді. Сол уақытта бір батыр айғай салып:
“Мынау бізге кімдерді теңгереді?”
Кешікпей жетіп келді хабаршысы, Батырлардың көтеріліп ұшты құсы. Ат айғыр ерулікке сойып жатыр,
Малдарын айтып сойып келіп күші.
Кіші жүзден тағы да ұран шықты, Батырлар мың кісілік болып мықты. Орта жүз ерулікке малын сойып, Қалдырмай семіз малдың бәрін жықты.
Үш жүз түгел жиылып, басын Ұлытауға қосып, мал айтып сойып, Шақшақ ұлы Жәнібектен бата алып, үлкен Әбілмәмбеттің әмірі бойынша, қалмақ келіп қалады деп, қалмаққа қарай тез жүргізгені:
Үш жүздің баласы боп тартты шеру,
Батырлар енді тоқтап болмай еру.
Бірнеше күн Ұлытауда жатып қалдық, Алланың салған ісін көзбен көру.
Үш жерге үш бөлек боп жиылыпты, Тұс-тұстан көп халайық құйылыпты. Ту ұстап, тұлпар мінген өңшең батыр:
“Құдайым, жолды қыл” деп сиыныпты. Қалмақ, қазақ қарысып жүріс қылды,
Бас қосқанша ұрыс жоқ, тыныс қылды. Қалдан хан, Әбілмәмбет заманында, Екі ортада аламандық бір іс қылды.
Екі әскер бір жерде түйісіпті, Қалмақ, қазақ екенін білісіпті. “Шөкаманға қай адам келеді” деп, Қалмақтар өз тілімен күлісіпті.
Қалмақтан Қалданның жиені Қоңтәжінің баласы Шарыш деген батырды Қалдан өз орнына жіберіп, Шөкаман батырды қосып жіберіп, “қазақты жесір-жебір қылып алып кел” деп, күшін жиып жіберген екен. Сонда Шарыш бала “өзіме ханды шығарсын” деп кісі салып, қазақ әуелі “батырлар шықсын” деп ханды шығармайды, қалмақтың белгілі аты шулы батыры Шөкаман шығыпты Жөке батырға.
Сонда Шөкаманның айтқаны:
Шөкаман: – Мен шықтым деп айқай салды, Жұрт үндеспей сол жерде аң-таң қалды.
Батырлар “барамын” деп айтпаған соң,
Сабалақ бата тілеп ханға барды.
– Жолың болсын, шырағым, балам, – деді, Көрінді қазіргі жер тараң, – деді.
Бір батыр Шөкаманға қарсы шықпай, Аузы болды халықтың сараң, – деді. Қызыр Илияс басшы боп, Сабалағым, Қайтып кел осы араға аман, – деді.
Буының қатпағандай жас баласың,
Аты шулы батыр еді жаман, – деді.
Сонда Сабалақ тоқтатпа деп айтқаны:
– Әбеке, о да біреу, мен де біреу,
Бөгеттеп тоқтатпаңыз болып іреу, О дағы бір қалмақтан туған шығар, Болмайды ешбір адам көкке тіреу.
Сабалақ атқа мінді “иә, Құдайлап”,
«Не болса да болад» деп басын байлап,
«Әбиірді, Құдайым, береріңде, Шөкаманға тоқтатпай өзін айдап». Бетін түзеп қалмаққа алғаннан соң,
Мол қылып қару-жарақ алды байлап. Төленің жылқысынан таңдап алып,
Басынан мініп еді атын сайлап.
“Абылайлап” ат қойды Шөкаманға, Қорқатұғын барған соң ол бір жанба, Өліп кетсе қазақтың бір баласы,
Ол жеңілсе қалмаққа болар таңба.
Шөкаман айтты:
– Ажал айдап келдің бе, бала? – деді, Сөзіме менің айтқан қара, – деді.
Мен қалмақтың батыры Шөкаманмын, Сені қалай қылған қазақ пана, – деді.
Бойымдағы қаруым түрі мынау, Көзге қалай көрінеді сына, – деді,
Найзамның қандауына жарамайсың,
Әуелгі белгі байқалса, осы ара, – деді.
Сонда Сабалақ айтты:
– Арғы атам – Абылай, өз атым – Әбілмәнсұр, Көп халық мені тілеп ту ұстап тұр.
Сен Шөкаман болсаң, қалмағыңның Не боларын білмейсің мақтанып құр.
Ауызбен қырғанменен түк өнбейді,
Надан қалмақ бар болсаң, күшіңмен қыр, Үйден шықпай қазақты жоқ қылмақсың, Жолшыға кесір болар айтылған құр.
Екеуі найза алып қағысады,
Қолына қылыш түссе шабысады. Меңгеріп бірін-бірі алмаған соң, Екі батыр бірін-бірі бағысады.
Ашумен найза салды қарсыласып, Қазір де біреу алар күші тасып.
Шөкаманның жүрегіне найза отырып, Қорқырап жығылады қара басып.
“Мен Абылай” деп ат қойды қалмақтарға, Енді артын қалмақ күшің салмақтарға.
Қалмақтар шуылдасып қашып жатыр,
Ажалдан құтылғаны болады ар ма.
Ат қойып қазақтарға тура шапты, Ту жығып Абылайға берген бақты.
“Қазақты сонша жерден жоқ қылам” деп, Оңай жылдам алатынды қайдан тапты.
Артынан қашпай қалған Шарыш батыр, Қалмақтар тоқтамастан қашып жатыр. “Артынан ту ұстаған Шарыш па?” деп, Абылай бөгелместен келе жатыр.
– Хан жиені, әкем – Қоңтажы, атым – Шарыш,
Хан орнына келгенім елге таныс.
Шөкаман сияқты батырымды өлтіріпсің, Қазіргі майдан төбе жерге баршы.
Сол жерде тоқтамай-ақ салды найза,
– Шарыш, ұрысатын сөзден тайма. Найза үстіңде талай қан кететұғын, Иә саған, иә маған болар пайда.
Қылыш шауып Шарышты өлтіріпті, Басын кесіп Әбілмәмбетке келтіріпті.
Шаршап келіп сол жерде Әбілмансұр,
Бір төбенің басына желпініпті.
Қалмақтар бөгелместен қаша берсін, Қалған малды қазақтар баса берсін. “Үйден шықпай қазақты жоқ қылам” деп, Қалмақтың бос көпірі таса берсін.
Қалмақты қашуменен бостырайық, Хан менен қазақ басын қостырайық. “Алаштап” қазақ сонда ұран салды,
“Кім аман, кім жаман” деп сыр сұрайық.
Үш жүз боп бір төбеге жиылыпты,
Қалмақтар босқа ашумен қырылыпты. Басшы адам баршалары аман болып, Мал айтып бір Құдайға сиыныпты.
“Ес жиып хан Сабалақ келсін дейді, Бұл халық кім екенін білсін дейді.
Шөкаман мен Шарышты бір өлтірген Дұшпаннан кек әперген көрсін” дейді.
Ханның өз кісісі барып шақырыпты, Сабалақ шаршаңқырап отырыпты.
Батырлар шаршағанды керек қылмас,
Хан шақырды деген соң құлпырыпты.
Сабалақ сәлем беріп ханға келді, Көп халық құмарланып көзбен көрді. Батырлар, құрметті адам бәрі түгел Әбілмәмбет оң тізеден орын берді.
– Сабалақ, ұран салдың Абылайлап, Мен тұрдым төре ме деп я, Құдайлап, Жөніңді айт я, шырағым, білмек үшін, Қалмақты қойша қырып кеттің айдап.
Басынан қалмақ, қазақ бар егесі,
Шөкаманның қатты тиді төбелесі.
– Сұрасаң, атам атын мен айтайын, Боламын қанішер Абылай немересі.
Соғыста жолы болған Абылай-ды, Көтеріліп жүрегім қабындайды.
Өз атымды сұрасаң Әбілмансұр, Туысы жоқ, ешбір адам бағынбайды.
“Бауырым” деп Әбілмәмбет беттен сүйді, Бұрынғы еске түсіп, іші күйді,
– Қайда екенің табалмай жүруші едік,
Қос пенен шатыр тігіп тіксін үйді.
Уәли бақи әкесінен жалғыз бала,
– Білдіремін, көп халық, сөзге қара, Үш жүз боп осы арада бас қосыппыз, Абылайды осы арада хан ғып қара.
Сол жерде көп қалайық: – Болсын, – деді, Бір жерге орда тігіп қонсын, – деді,
Арғыннан Шақшақұлы Жәнібек бар, Хан көтеріп бәрі бата берсін, – деді.
Сол жерде халық жүрді ордасына,
Енді ешкім қоймайды болмасына. Барысымен сол жерге көп қалайық, Мал айтып, бата қылды молдасына.
Малдарын тойын қылып соя берсін, Қызыққа бозбалалар тоя берсін.
Неше күн арада қызықпенен Дұшпан жоқ, ат пен адам тоя берсін.
Шақшақұлы Жәнібек бата бермек, Абылай Әбілмансұр хан көтермек. “Абылайлап” ұран салып көтеріпті,
Халық тұр түгел жиылып көзбен көрмек.
Хан көтеріп Абылайдың атын берді, Аямай арғын Жәкең бата берді.
Әлі де қызығына тойғаны жоқ, Рахаттанып сол арада жата берді.
Үш жүздің аты шулы батырлары Ту ұстап Абылайдың қасына ерді, Бұрынғы ханның орны ұлы жүз-ді,
“Орта жүз бізде болсын” деп сөзге келді.
Үш жүздің баласы боп танысады.
Қызықпен сөз сөйлесе жарасады, “Қалмақпен екі арамыз тоқтамайд” деп, Орта жүз соны айтып тарасады.
Ертең бас қосып жиылды тағы халық, Ду көбейіп бұрынғыдан болды жарық. “Хан тұрмаққа үш жүзбен таласты” деп, Естілді Жәнібек пен ханға барып.
– Жәнібек шақырады, келсін, – дейді, Сөз жөнін біз айтамыз, көрсін – дейді, Үш жүздің баласынан үш адам боп,
Төлеге ханды алып барсын, – дейді. Кімге айтса Төле би түзу айтар, Абылай атасына сәлем бергіз.
Қасыңа мақұл болса ерсін, – дейді.
Хан болып, халық болып сөз байлады, Жүруге Төле биге ыңғайланды.
Үш жағынан тоқсан кісі бармақ болып, Келісіп осы сөзге ырайланды.
Хан менен тоқсан кісі жүріп кетті, Ортада бірнеше күндер өтті.
Төле би ой өзенінде отыр екен, Бөгетсіз тоқталмастан барып жетті.
Олжадан бірнеше тоғыз ала барған, Құрметтеп әкелгенін талап алған.
Апарған қалмақ малы жаманы жоқ, Басынан тәуірлерін қарап алған.
Хан барып Төле биге берді сәлем, Өзіңізден кеткеннен жаңа келем. Үш жүз болып хан қойып таласады, Билігін сізге айдайды кімге ерем.
– Жолың болсын, шырағым, аман келдің, Батыр болып хан қойды көзбен көрдім. Үш жүздің баласының бөтені жоқ,
Мен дағы тілеулеспін, бата бердім.
Абылай, өзің қара мына сөзге, Көңіл шіркін байқалса жаһан кезбе. Ұлы жүз, кіші жүзге мүмкін емес, Жау ішінде лайықсың орта жүзге.
Осыменен Төле би сөз байлады, Тұруға орта жүзге ыңғайланды.
Орта жүздің бірі еді Доңғалақ батыр, “Билікті құп алдық” деп көз жайнады.
Осыменен батырлар қайтпақ болды, Ол күні Төле биге қонақ болды.
Үш жүзден үш басшыға ат мінгізіп,
“Сыйға сый” деп солай жол қылмақ болды.
Жаза берсең болмайды сөзді қосып, Халық жатыр артыңда ханды тосып. Жәкең айтқан әуелі үшеу бармай, Тоқсаны әлі жүр бәрі жосып.
Төле би Абылаймен жеке шықты,
– Шырағым, сенен жақсы халық епті. Үш жүз болып қосып барғанында, Қалмаққа күшің асып болдың мықты.
Жазғытұрым халық маған көрісетін, Амандықпен қолдарын берісетін.
Бітіспеген халықтың дауы болса, Маған келіп үлкен сөз бітісетін.
Абылай, болды сенің көңлің ақ,
Жүргенде таза болып Құдайға жақ.
Ел жаяу мен ат үсті көрісетін,
Өзіңе көрісерде атымды таяқпен қақ.
Төлеге мына жұмысты істеді деп, Бұрынғыдан артығырақ бітеді бақ. Атымнан түсе қала көрісемін,
Жар болып Қызыр Илияс болады жақ.
Жүргізді қонақтарын қош-қош айтып,
– Барарсың баршаларың қолға қайтып. Орта жүзге бармаққа бата бердім, Кейінге Қазыбекке сәлем айтып.
Тоқсан кісі келеді ханмен қайтып, Көңілдерін көтеріп өлең айтып. Таянып жатқан жерге келгненнен соң, Ес ұлы Алпысбайдан хабар айтып.
“Хан келеді” деп батырлар шабысады, Найзаларын ойын қылып қағысады.
Алдынан қанша батыр дайын тұрып, Кешікпей амандыққа табысады.
Жәнібек Әбілмәмбетке сәлем берді, Әуел бастан хан Абылай кеменгер-ді.
“Орта жүзде тұрғаның құтты болсын”, Сол жерде қазақ болып бата берді.
Үш жүздің баласы сол жерде тарайды. Енді еліне қайтпақ болады.
Ханды арғын елі алып Шақшақұлы Жәнібектің елге таратқаны.
Ханды алып арғын елі қайтпақ болды, Бет түзеп бір өзенге қонбақ болды.
Батырлар атқа міне бірге жүріп, Сол күні хан қасында бірге болды.
Еліне қайтқандары амандасып, Көкшетау орда тігіп жатпақ болды. Жәнібек Қазыбекке хат жіберіп, Кейінгінің амандығын білмек болды.
“Ханымыз орта жүзде Абылай,
Іздесек ондай адам табылмайды. Қасына ерген батыр қызығынан Дүниеде үйі-түзін сағынбайды.
Қалмақты жесір-жебір шауып алып, Дұшпанға қалай айтса бағынбайды. Жүректе түзушілік бәрі де бар,
Жөнісіз еш адам жағынбайды”.
Ес ұлы жіберіпті Алпысбайды,
Дұрыс хабар беред деп сөзге жайлы.
Қазыбекке хат пенен хабар берсін, Көкшетауға орданы ыңғайлайды.
Алпысбай жүріп кетті ханды алып, Үш күнде Қазекеңе жетіп барып. “Хан Абылай орта жүзге келе жатыр, Осы жолы жүрістің бәрі қарық.
Жәкең мен хан Абылай сәлем берер, Бір екі үш күнде халықтың көзі көрер. Көкшетауға орданы тіксін деді,
Бәрін көріп дұшпандар арттан ерер.
Төле би сізге айтты ханын көрер, Хан түзелді халықтың дауы бітер. Хан мен биі халықтың түзелмесе, Ел болмайды халықтың сәні кетер”.
Үй тігіп Көкшетауды түзеттірді,
Ханға арнап тіккен үйді күзеттірді. Ақсақал атқа мінер қарсы шығып, Тілдерін шешендер безеп тұрды.
Хан Абылай Қазекеңе бұрылады, Дұспан көрсе бұлардан сырылады.
Қалған қол Көкшетауға тура тартып, Қош айтып хандарынан жырылады.
Сәлем беріп Қазекеңе барды бұлар, Мұнан былай ақсақалдар билік құрар. Хан мен атқа мінер қатар келіп, Тентекті тез тоқтатып ауызға ұрар.
Жүріп кетті Абылай Бурабайға, Тоқтату қылып бұзақыны тұрамай ма. Ордаға хан Абылай түскеннен соң, Жиғызып елдің басын құрамайма.
Барып түсті Абылай ордасына,
Жақсы ат айтып сойғызды молдасына. Ақсақал, батырларды жиып алып, Айтқан аттың етін берді жолдасына.
Хан елі жеріменен болған толық,
Жаз жайлау Бурабайдай жерге қонып, Билері үлгі салған елдеріне,
Толықсып тұрған жері әбден болып. Болғанда аттарыңды өрге айда,
Қыс қыстап Сарыарқаның жерін жайла,
Қалмақтың қашып барған сөзі қайда.
Қалмақтың қашып барғандары. Қалдан ханға Шөкаман мен Шарышты естірткені:
Шөкаман батыр болғанда, Шарыш ханның көзі, Әрине енді сөйлер келді кезі.
Қалғандары артынан келе берсін, Қалмақтың жылап келіп айтқан сөзі.
Сөз беруге Қалданнан рұқсат сұрап, Құтылып келіп, Қалданға айтты жылап: – Шөкаман, Шарыш балаң ұрыста өлді, Осыны айтып келген қалмақ кетті құлап. Мұны естіп қалмақтар қалды шулап,
Өз тілімен жылайды айтып дулап. Мұндай қайғыға мақтанып белді бумақ:
«Шарыш пенен Шөкаман болса, Ондай адам қалмақтан қайдан тумақ. Қалдан менен Қоңтәжі өліп кетсек, Бақтарың басыңнан кетер зулап».
Сол сөзді айтып жылады Қалдан ханы, Сол уақытта кірмейді елдің сәні.
– Абылай жерінен ұстап берер, Қалмақтан ұл туа ма батыр кәні?!
Батыр шықты қалмақтан Жалбы деген, О дағы қатарына қайғы жеген.
“Қасыма толық қылып әскерді қос, Абылай қайда болса барам деген. Шарыш пен Шөкаманды жоқтамасақ, Бұл дүние тірілікке харам деген.
Қолдан келсе әкелем Абылайды, Иә болмаса соларша қалам» деген.
Қалдан хан: – Отыз мың әскер ерсін, – дейді, Тірі ұстап Абылайды келсін, – дейді,
Жер дүние ұсталғаны естіліп,
Абылай хан не қылғанын көрсін, – дейді.
Отыз мың әскерн ертіп жүрді жалпы, Екеуіне күйінеді қалмақ халқы. “Алайда өлтірсек бітеміз” деп,
Бір біріне айтады сөздің салты.
Түзу тартып қалмақ қолы жүре тұрсын, Қиын болар келтірмек сөз бұрышын.
Қалмақ, қазақ арасында бітім болмай, Кетірді екі жақтың көп тиышын.
Сол уақытта Абылай Ұлытауға аңға барған уақыты еді, қапылыста қолға түскені.
Абылай Ұлытауға аңға барған, Батырлар Көкшетауда елде қалған. Абылайға орынсыз жер кездеседі, Халыққа бір кемшілік болған арман. Ұлытауға таянып келгенінде,
Уақ Өтеген батырды ұстап алған,
“Қасыңдағы Абылай қай жерде?” деп,
Өлтірмек боп Өтегенге дүре салған.
Өлтірсе де Өтеген шын айтпаған,
Сөзінен бастапқы айтқан бір қайтпаған.
“Осы жерде Абылай бар шығар” деп, Сол жерге қалмақ қолы тұрақтаған.
Қалмақ қолы Ұлытауды аралайды, Қиын жерге қандай адам паналайды, Таяу жерде хан Абылай ұйықтап жатыр, Қапылыста ұсталды, жарамайды.
– Жеке батыр мынау жатқан ер ме, – деді, Абылай болса осы ара белде, – деді.
Қапылыста ұйқыда ұстап алдық,
Қазақтың хан Абылай сен бе? – деді.
– Сұрасаң Абылай мен деп айтты, Қапылыста қолға түсті, енді қайтты.
«Атымды жасыруға болмайды» деп, Өлтірсе де қалмаққа шынын айтты.
Абылай мен Өтегенді жүрді алып, Осы айтқан сөзіне әбден қанып, Қалдан хан бұл екеуін тірі көрсін, Оған шейін барады өзі де арып.
Қай уақытта асқандыққа тосқындық бар, Қазір де хан Абылай болды ғаріп.
Жоғарлаған адамды үлгі қылсақ, Қазір де осы күнде қылсақ парық.
Не қылса да Жаратқаннан болды пәрман, Ұйқыда түскеніне қылған арман.
Қапылыста талай батыр қапы тауып, Хан Абылай қалмаққа кете барған. “Абылайды қалмақ кеп ұстады” деп, Елдегі батырларға хабар барған.
“Несіне Абылайдан қаламыз” деп, Үш-жүздің баласына хабар салған.
Үйсін Төле би орыспен сөзі бар-ды, “Абылай кетті өлтірмей, енді қамдан, Тірі кетіп Абылай ел болмаспыз, Оны іздемей болмайды артта қалған”.
Кіші жүздің ханы еді Әбілқайыр, Орыспен сөзі бар-ды әбден зайыр,
Орыс пен екеуің сөйлескенсің Ханымызды тірі әперсін жауап қайыр. Орта жүз хабарласып атқа мінді, Бәріне сәлем айтып хабар қылды.
Орта жүзден атқа мінер біреу қалса, Кімде-кім осы сөзге болсын мінді.
Үш жүз боп батыр, жақсы бәрі жүрді, “Қайтеміз тірі қалып қалған күнді”.
Батыр, жақсы баршасы қайғыменен, Отыра алмай үйінде болып жынды.
Төле би мен Әбілқайыр ханның орысқа айтқаны:
– Хан мен би Тевкелев деген жандаралға айтқан сөз, Қазақ боп саған айттық келді кезі.
Абылайды қалмақ ұйқыда әкетіпті, Кім екенін орыс, қазақ көрген көзі.
Орысқа “Абылайды әпер деген,
Иә болмаса туыңды қалмаққа көтер деген. Абылайды ұрыспен әпермесең,
Қазақ халқы сендерден кетер деген. Осы сөзді сендерге қатты айтамыз, Иә болмаса сөйлегеніміз бекер деген. Абылай байқағанға ұлт адамы, Ұқсаңыз осы сөз де жетер” деген.
Жандарал айтты: – Төле мен Әбілқайыр, Жіберерміз хабарға малбар майыр.
Қалмақ, қазақ арасы бітім болар, Дейміз ғой Абылайды бізге қайыр.
Бермесе қалмақ пенен сөйлесерміз, Қазақ пен орыс болып кездесерміз. Орыс болып арашаға жарамасқа, Түтігіп қару-жарақ сермесерміз.
Осы сөзді айтып жіберді қалмағына, Орыс, қазақ жарармыз салмағына.
Орыс пен қазақ бірге қатар барар, Шыдағаннан көрерміз зардабына.
Абылайды алып барғаны
Абылайды алып барды хандарына, Не көрмейді Алланың алғанына.
– Тоқтатпастан зынданға апарып сал, Қалданның кім тұрады пәрманына.
Тоқталмай қағаз алып майыр барды, Өтірік жоқ, бұл сөзден зайыр бар-ды. Абылайды өлтірме, ұлт адамы,
Қазіргі тексеруден айырып алды.
Тоқталмастан қазақтың қолы келді, Қарауылшы келгенін көзі көрді.
“Мына жақтан қалың қол келеді” деп, Қалданға тоқталмастан хабар берді.
«Абылай үшін ол келген қазақ, – деді, Түк өнбейді, ол күлкі мазақ, – деді, Ортасынан Абылайды іздеп таптым, Басына іздегені азап, – деді.
Алдынан бір кісіні бар деп айтты, Түгел өлмек өздеріне ар деп айтты, Алдынан әскерімді шығарамын,
Арты бөгет, қысты күні қар» деп айтты.
Осы сөзді айтып қазаққа барды біреу, Сөзінің күпірлігі көкке тіреу,
– Тіл алсаң, өздеріңе қайтқан жақсы, Алдыңнан әскер шығып қарша күреу.
Әй, қалмақ, әуел бастан мақтанасың, Біз келді деп әрине сақтанасың.
Ұйықтап ханымды ұрлап алып, Әрбірден соң ақпын деп ақтанарсың.
Үш жүздегі қазақтың қалғаны жоқ, Соғыста өлсе Абылайдың арманы жоқ.
Ұрыларша ұйықтап жатқанда ұстап алып, Кеуде көтеріп, бостан-босқа болмаңдар тоқ.
Ханыңыз Абылайды жіберіп, ұрыс қылсын, Бізді жеңсе, сонан тыныш қылсын.
Ұйқыда жатқан жерде ұстап алып, Әділетпен осындай бір іс қылсын.
Қалмақ қайтты ханына айтпақ болып, Қазақ жатыр сол жерде қонақ болып. Абылай хан қолына түскеннен соң, Дұспанның отырады қаны толып.
Тоқтамастан келген кісі қайтты дейді, Ханына естігеннен айтты дейді. “Абылайды ұйқыда ұстапты” деп, Сол сөзді келген қазақ айтты дейді.
Сонда Қалдан: – Рас, ұйқыда түсті – дейді, Қалай айтса Абылай болар күші, – дейді.
Жекпе-жекке шығатын бізден батыр бар ма? Байқайық осыменен істі, – дейді.
Қалған батыр Абылайдай емес шығар, Бізде де батыр бар ғой күшті, – дейді.
Сонда қалмақтан бір батыр болды дайын, Әуел бастан біледі ұрыс жайын,
“Жекеге екі жақтан батыр шықсын,
Қазақ батыры жеңсе, беремін Абылайын. Ұйқыда ұстады дегеніне бердім тілек, Қолға түскен кісісін босқа ұрмайын”.
Елшісін жіберіпті осы сөзге, Елші байлап айтып келсін бізге. Екі ортаға батырды шығарамыз, Ұрыспенен отырсын көзбе-көзге.
Осылайша байладым, жөнін айтсын, Батыр өлсе, тоқтамай елге қайтсын, Тілегені өздерінің осы болар, Әрине, енді қазақ несін айтсын.
Елші барып бұларға айтты сөзін, Сәті болса келтірер, ал кезегін.
Қасына қос батырды қосып беріп, Жұмысты бітсін дейді тезбе-тезін.
Екі елші басын қосып сөз байлайды, Таң атқан соң шықпаққа ыңғайлайды.
“Ханымызды жіберсең, біз дайынбыз, Қоя бер” деп батырлар тіл шайнайды.
Белдеу жерге екі жағы жиылыпты,
Қалың қол екі жақтан құйылыпты. “Абылайды осы жолы аман бер” деп, Мал айтып, бір Құдайға сиыныпты.
“Бата бер” деп тілейді Тоғалақ батыр, “Кім барат” деп халық ойлап жатыр. “Абылаймен барған батыр өліп кетсе, Басымызға түсті деп заман ақыр”.
Тоғалақ батыр арғыннан қаракесек, Лайықтап айтады сөзін өлшеп.
Жүрегім Абылай үшін тоқтатпайды, Әбиір алып халыққа аман келсек.
Жиылған халық сол жерде берді бата, Кешірілсін сөзімде болса қата.
Қалмақ пенен қазақтың “үлкен” басы, Екі жақ не болат деп жүрек қапа.
Екі батыр барды да майдан құрды, Өз тілімен екі жақ тілеп тұрды.
Әбиір беріп Толғалақ батырына, Өлтірмей ұстап жерге ұрды.
“Қалмаққа тірі бар да, қайт, деп айтты, Ханың шыншыл болсын айт, деп айтты. Қалдан хан екі айтпайтын дүзу болса, Үйіңе тыныш барып жат” деп айтты.
Өлмей қайтып батыры ханға барды, Қалай өлмей келді деп аң-таң қалды. Батыр сөзі әуелден өктем еді,
“Білім бар” деп Қалдан хан ғажапланды.
Қалдан айтты: – Батырлығы күшті кісі, Өлтіруге жетті ғой мұның күші.
“Қан шығарсам ортаға жарамас” деп, Түзулікке барады мұның ісі.
Халқы айтты: – Қалдан хан, қайтеміз, – деп, Қалай жауап қазаққа айтамыз? – деп.
Абылайды алдымызға алдыралық, Сені апарып дарыға тартамыз, – деп.
Қалмақ барып шаһарға барып кірді,
Жеңілгенін басынан халық білді, Қазақта бөгелместен о да қайтты,
“Бір жақсылық болар” деп іштен күлді.
Хан Абылайды зынданға салған еді, Көңілі тіршіліктен қалған еді.
Қапылыста қалмаққа қолға түсіп, Қылышын сермемеген арман еді.
“Тоқтатпай Абылайды алып кел” деп, Жендеті кісі өлтіретін барған еді.
Өлтіре ме деп Құдайға көп жалынып,
Қызыр Илияс пірден тілегені жәрдем еді.
Жолдас пен Абылайды алып жүрді, Көкшенің қақ ортасын жарып жүрді. “Өліп кетсем қай адамнан артықпын” деп, Көңілі бұл дүниеден қалып еді.
– Әй, Өтеген, қалмаққа жасымайық, Ажал жетсе өлтірер, бас ұрмайық, Ханға бармай кәзір де өлтірмейді, Білгенімізді тоқтатпай жасырмайық.
Қалдан ханнның қасына келді алып, Мына сөзді байқаңыз қылып парық.
Қалдан ханның қасында бір орын тұр, Абылай барып отырды елді жарып.
Ол орынды, әрине, сынмен қойған, Абылайдың кетті шығып уайым ойдан. “Мынау орынды маған қойған шығар”, Орындыққа қасында көтін қойған.
Хан қасында Абылай кетпеді ығып, Отырса да өлгені жүнін жығып.
«Жасығанмен біздерді бос қоя ма, Несіне отырамын босқа бұғып.
Қалдан айтты: – Отырыпсың орындыққа, Абылай, әлі көңілің толымдықта.
Жендеттер өлтіруге алып келді, Батырсың, өлсең дағы біттей ықпа.
Мен шақырттым, Абылай, арманың не,
Орындықты тая қойып, кел қасыма. Дарыға тартып қазір де өлтіремін, Өлімде ойың болса, қайғыңды же.
– Бірінші арман, ұйқыда қолға түстім, Кім аларын білер едім артық күштің.
Қапылыста қолыңа тұтқын болып,
Бостан-босқа соғыспай оққа ұштым.
Екінші арман – қазақты отырықшы қыла алмадым, Ел қылып өзімді-өзім сыналмадым.
Ел қылып басын қосып келгенімде,
Бұйрығы осылай болды бір Алланың.
Үшінші арман, төрт атадан жалғыз едім, Тұқым көп ұядағы байғұс едім.
Арманым осыменен болды тамам, Қызықтап ақырында көргізбедің.
Қалдан сөзі:
– Әмірсана төрт атадан о да жалғыз, Тілейміз тілек қылып артта қалғыз. Тұқымның жоқтығын арман қылды, Сүлейменнің құлындай ойлап байғыз.
Өз тілімен айтады Қалдан ханы, Абылайдың кіріп тұр сонда жаны. Әмірсанаға атыңды қосып айтты, Ақыры түзу келсе сөздің мәні.
Абылай тілін ұғып: – Құлдық, – деді, Әмірсана мен екі жалғыз болдық, – деді,
Жалғызыңа атымды қосқаннан соң, Ақырында көрмеспіз қорлық, – деді.
Қалдан айтты: – Сен неге құлдық дейсің, Қалмақша біздің тілмен сөйлемейсің.
Рұқсат деп мен саған айтқаным жоқ, Болмай қалса сөзің, қайғы жейсің.
Абылай айтты: – Әмірсанамен атым бірге, Өзің хансың, сәбетшің тіліне ерме.
Әмірсана мен екеуің бірдей дедің, Айтқаныңды қайтып алып менен көрме.
– Мына сөзің, Абылай, болды қиын, Сені іздеген орыс, қазақ бәрі жиын. Әмірсанамен атыңды қостым ырас. Босатамын алдыңа тілеп сыйын.
Мұның артын Әмірсанамен дос қылайық, Қалмақ, қазақ мұнан соң қас қылмайық.
Сөзіміздің артынан байлау болып, Бастарын бітімменен қостырайық.
Абылай, саған берем аға қызын, Халқыңнан сені көрем бойың ұзын.
Күнде бау үзілмейтін сүйек болып, Бұрынғы қалмақ, қазақ айттым ізін.
Абылай: – Не десеңіз мақұл, – деді, Сөзіңіз қалай айтса ақыл, – деді Мені іздеп орыс, қазақ келген болса, Алдыртып алдыңызға шақыр, – деді.
Бір күнде хан Абылай елден асты, Біраз күн әуреледі есіл жасты.
Қалдан хан рұқсатты бергеннен соң, Бір Құдайға сиынып көтін басты.
– Қазаққа шақырушы барсын, – деді, Сүйінші қазақтардан алсын, – деді.
Абылайдай ханымыз босаңыз деп, Сөзіне қалай айтса нансын, – деді.
Қазаққа «сүйінші» деп кетті шауып, “Абылай басыңды, – деп, – қылма қауіп”. “Абылайлап” баршасы ұран салып,
Біреу қалмай шабады қылып сауық.
Абылайға сәлем берді “алдиярлап”, Көргеніміз рас па деп бәрі зарлап,
Ақсақалдар құшақтап көріседі,
“Аман есен көрдік, – деп, – иә, Құдайлап”.
Басшылар ханына көріседі, Қасына тоқтамай-ақ келіседі.
Абылайдан босатқанын бәрі сұрап, Жүрегі әбден қанып сенді деді.
Қалдан хан қазақтарды қылды қонақ, Қалданның қалай айтса ақылы мол-ақ. Қалмақтар Қалдан барда көрген қызық, Қалданнан соң қызығының бәрі шолақ.
Ақымақ болса Абылайды өлтірмей ме, Өз қылығын өзіне келтірмей ме.
“Мен дағы Абылайды өлтірдім” деп, Шайтан туын көтеріп лепірмей ме.
Абылайға ағасының қызын берді, Қалмақтың зияпатын бәрі көрді. “Мен дағы апамнан қалмайын” деп,
Жалғыз бауыры апасының қасына ерді.
Қалдан айтты: – Шырағым, тоқта, – деді, Бізден басқа қыз берген жоқ па, – деді.
Осы сапар баланың өзі барсын, Көңілді барамын ғой деп соқпа, – деді.
“Тіліңізді, жан ата, алмаймын деп, Апамнан неғылсада қалмаймын деп, Осы жолы апамнан алып қалсаң,
Өмірімше мен жылап зарлаймын» деп.
– Абылай, бала саған ерсін, – деді, Бір жыл тұрып апасын көрсін, – деді.
Бір жылдан соң бұл бала мауқын басып, Қайтадан өзімізге келсін, – деді.
Көп жасаумен Қалдан хан қызын берді, Қалмақ, қазақ бергенін көзі көрді.
Ағасынан туған бір ұл, бір қыз, Қыз түгіл бір баласын, қосып берді.
Хангелді мен Дулаттың қалғаны жоқ, Қалай айтса халықтың көңілі тоқ.
Үйсіннен келгендерін қалдырмады, Не деп айтса Абылайдың арманы жоқ.
Орыстан келген майырдың қайтқаны.
Майыр қайтты Абылайға хошын айтып, Көңілдің бір-біреуге досын айтып.
«Жол болды бізде іздеп келіп едік,
Жақындығын білдіріп қосып айтып».
Абылай айтты: – Рахмет келгеніне, Қошеметтеп мені жақсы көргеніне. Орыс, қазақ баршаңыз іздеп кепсің, Құданың тәубе қылдым бергеніне.
Қалдан хан Абылайға амандасты, Сенен мен аямадым мал мен басты. Қазақ, қалмақ екі ара тоқтау болсын, Мұнан былай тоқтамаса жарамас-ты.
Қош айтып екі жағы кетті жүріп,
Көп халық жолы болып қайтты күліп. “Абылайды аман-есен алып қайттық, Біреуің сүйінші сұра елді біліп”.
Біреуі елге кетті сүйінші сұрап, Қалың қол келе жатыр елге құлап. “Өлген ханымыз тіріліп келеді деп, Той қылып сою керек болса пырақ”.
Үш жүз боп барғаннан соң тойын қылды, Жан көрмеген әр түрлі ойын қылды.
Абылай өзі болып тұрғанында,
Қай жердегі патша да мойын бұрды.
Өзі тимей, Абылай тигені жоқ, Дұспандығын көз көрмей атылмас оқ. Иек асты аңдыған жауы болса, Батырларға айтады “көтере соқ”.
Ұрысы жеке бұл емес, толып жатыр, Жиылған орта жүзден өңшең батыр. Өзіне қарсы келген дұспан болса, Көрсеткен дұспанына заман ақыр.
Әкесі жоқ, басыңда жетім бала, Құданың бергеніне байқап қара. Қазыбек, Жәнібек пен Төле би, Алдынан өте алмаған төре қара.
Абылайдың өзінен Қасым туды, Өзгесінен артығырақ басым туды.
Кенесары, Наурызбай бел баласы, Қасымнан неше түрлі асыл туды.
Абылай Қызылжардан үй салғызды, Мирас қып артына үй қалғызды.
Жосып жүрген халыққа тоқтау салып, Ақылмен бәріне де тіл алғызды.
Абылайдың билеріне кімдер жетті, Өзі хан ел бастаған ғадалетті.
Біраз күн дүниеде сайран қылып, Опасыз дүниеден о да кетті.
Абылай бара да ұрлық, зорлық сөз жойылған, Билерге “жеті жарғыш” ат қойылған.
Өзі білген ғадалетін аяған жоқ,
Өзі өлгенше тайған жоқ сөзі орнынан.
Жас жетіп, ажалға келер жылдам, Тәуба қылса, күнәға ғапу қылған. “Ажал жетіп маған таяды” деп, Әзірет Сұлтан жанына өсиет қылған.
Абылай талай жанның кеменгері, Заманында қалай айтса болған ері. Ақылы талай жаннан артық екен,
Әзірет Сұлтан оң жағына қойған жері.