Сабалақ

Қазақтың ұлы ханы Абылай хан, Сөйлейін өткен-кеткен мен солардан. Рахаттан қазақ үшін безіп кеткен, Алланың әмірімен бір туған жан. Хан еді қазақтағы қолы жеткен, Үш жүздің баласына еңбек еткен. Атасы Абылайдың Уәлихан Өкпелеп хандық үшін ауып кеткен. Нағашысы Ғайыпханға барған ауып, Тыныштық тұрып қалды соңда тауып. У...

Қазақша
Сабалақ
Қазақтың ұлы ханы Абылай хан, Сөйлейін өткен-кеткен мен солардан. Рахаттан қазақ үшін безіп кеткен, Алланың әмірімен бір туған жан. Хан еді қазақтағы қолы жеткен, Үш жүздің баласына еңбек еткен. Атасы Абылайдың Уәлихан Өкпелеп хандық үшін ауып кеткен. Нағашысы Ғайыпханға барған ауып, Тыныштық тұрып қалды соңда тауып. Уәли жетім, иесіз болып қалды, Елдерін Ғайыпханның қалмақ шауып. “Ақтабан шұбырынды” аштық болды, Ел кетті бет-бетімен қайың сауып. Жас бала Әбілмансұр қалды жетім, Еліне жетер емес қайта тауып. Сонда да талап қылып ел іздеді, Сапардан, қорқыныштан қылмай қауіп. Неше күн жүдеп-жадап келе жатса, Алдында көп ел отыр қылған сауық. “Қуанған қорыққанмен бірдей” деген, Кетіпті жыламсырап көңіл ауып. Ұлы жүз үйсін Төле биге келді, Ізденіп ата-баба туған елді. Кез келіп Құдай айдап Төле биге, Көрмеген, сірә, мұндай кеменгерді. Төле би білімді адам жаннан асқан, Табады жетім-жесір қайдан қашқан. Орысқа қазақ бенен сүйікті жан, Сөйлесіп жақсы сөзбен бетін ашқан. Әкелді бұған тура Құдай бастап, Ел-жұртын қалмақ шапқан жетім тастап. Төлеге ұрықсатсыз кіріп келді, Киімін сыртқы қабат шешіп тастап. Жыртылған бар киімі далба-далба, “Уһлеп” күрсінеді анда-санда. Қара сұр, өткір көзді, тура сөзді, Жаратқан ерекше қып Хақ Тағала. Қой жүні жыртық күпі, сенсең тымақ, Шашы да көзге түсіп кеткен тым-ақ. Сұңқардың отырысы баласындай, Нәсілі Төле биге кеткен ұнап. Төле би сұрайды енді ата жөнін: –Барма, – деп, – әке, шеше, аға-інің. Хан текті адам сынды, құста сұңқар, Ойласам келіседі соған түрің. –Атым жоқ, жөнім де жоқ бір баламын, Дәм айдап тентіреген бейшарамын. Ел-жұртым, ата жөнім, туғаным жоқ, Атымды кім қойсаңыз, құп аламын. Мұнымен қоя қойды Төле қыспай, –Не қызмет қыласыз, немене ұстай? –Өзіңіз неге қоссаң мен разымын, Зымырап істей берем ұшқан құстай. Алынбай көптен бері шашы да өскен, Сабалақ қара тымақ көзге түскен. Сапсйып үсті-басы тұрғаннан соң, “Сабалақ” мұның аты болсын дескен. Төленің қойын жайды, қоржын тіліп, Қабағы ашылмайды бір күн күліп. Төле би әр сөзінен сынады да, Асылзат-ты екенін жүрді біліп. Сабалақ қойдан шығып, түйе бақты, Төлеге келгеннен-ақ ісі жақты. Төленің бар міндеті сонда болып, Майталман ойлағаннан бәрін тапты. Ас болып кетіп еді ол бір жаққа, Балаға сарқыт алды сынамаққа. Түйеге келсе, бала ұйқтап жатыр, Жайылып төрт борбайы төрт тарапқа. Би келіп тамашалап бұған бақты, «Айтам ғой осы бала асылзат-ты. Төрт жаққа жайған екен төрт борбайын, Тегінде билейді екен төрт тарапты». “Сарқыт” деп жолдасына басты берді, “Кел, – деді, – не қылғанын байқап енді. Оятқан соң біліп кел не қылғанын, Сөзіне биттей қоспа артық-кемді”. Жолдасы оятты да берді басты, Оянып оң жанбастан көзін ашты. Құбылаға қарап тұрып бір керіліп, Шақырды малшы, қосшы көп жолдасты. Оларға кесіп берді көз, құлағын, Құйқаның өзі жеді езу жағын. Жолдасы Төле бидің сұрайды енді: –Сабалақ, мынау қалай мырзалығың?! –Маған да көз бен құлақ құрбы-құрдас, Азамат не болса да маңайымен. Жарайды неменеге бір жалғыз бас. Жолдасы Төле бидің үйге қайтты, Көргенін білгенімен Төлеге айтты. “Мұндай мінез падышаның ісі екен” деп, Таң қалып отырған көп ішін тартты. Аздаң соң жылқы бақты, қойдан шығып, Еш жанға сыр бермейді жаудан ығып. Қанша жау көрінсе де көзге кетер, Жалғыз тайды алдырмас қорқып, бұғып. Жүрсе де қарауылдайд жылқы бағып, Шын асыл қап түбінде жатсын нағып. Қылған іс, айтқан сөзі түп-түзу боп, Төленің көңіліне жүрді жағып. Жақсылап бір екі-үш ай жылқы бақты, Қапы боп тастамайды жау-жарақты. Бір күні жылқы ішінде отырғанда, Бір-екеу келді бұған жарау атты. Сабалақ сәлем берді екі адамға, Сабылтып ат аямай жүрген жанға. –Қайдан келіп барасың, енді қайда? –Сұрасаң менің атым – ер Бөгенбай, Жолдасым Жанібек қарт, ер Қабанбай. Қалмаққа тура аттанып біз барамыз, Кәпірдің ызасына шыдай алмай. Менің атым сұрасаң Бөгенбаймын, Дұспаннан кегімді алмай жүре алмаймын. Қалмақ ит қайда қашып ұзап кетті, Айқаспай осы жаумен басылмаймын. Сабалақ көп жалынды Бөгенбайға: – Бір құмар адам едім осындайға. Әй, Бөке, не қылсаңыз мені ала кет, Үйренсем сізбен бірге ұрыс қайда. Ертең Бөкең жөнелді қасына ертіп, Төртеуі келе жатыр екпіндетіп. Қалмақтың күні бойы ізіменен Ел жата көп шерікті қуып жетіп. Бөкеңнің бала тұрды атын ұстап, Батырдың өзі кетті өнер қыстап, Бір топ атын әкелді жылы байлап, Бәрін де кежімдеген аламыштап. – Әй, Бөке, тоқтай тұр, мен барайын, Құдай берсе, бау ашар олжа алайын, Атым да тұра тұрсын сізбен бірге, Әлі келсе алып шықпақ бір талайын. Бөкеңе атын тастап бала кетті, Көрінген көз үшінде үйге жетті. Көр бала сықылды емес, жаңа пері, Жымырылып ыңғайланса тым-ақ епті. Көрінді таңның болып қараңғысы, Ебін тауып ептісі алар кісі. Тысын қойып, үйінің ішін шауып, Бөкеңе жағып кетті мынау ісі. Бөкеңе кешікпей-ақ келді бала, Тастамай келген екен ісін шала. Төрт түйеге сымбалдап артып алған, Батырдың қылып келген ебін қара! – Кешіктім мына түйе жүкті қармап, Түйеден атандарын алдым таңдап. Ол сіздің сыбағаңыз біткеннен соң, Үшеуі қайта салды елге таман. Жетіпті ел шетіне есен-аман, Балаға Бөкең айтты: – Сен бәрін ал, Тойғалы мен олжаға талай заман. Бала айтты: – Бөке, мен олжа алмаймын, Дүниені не қылайын, көз салмаймын. Әгер де көңіліңменен бата берсең, Алладан үмітім бар, құр қалмаймын. Қол жайып бата берді Бөгенбай қарт: – Бізге жау ежелден-ақ қалмақ пен сарт. Жылқының жүйрігі еді Нарқызылым, Көңілім енді саған беруге шарт. Жазымен бұл атымды күтіп қыстай, Жеткізбес еш адамға ұшқан құстай. Қалмаққа жазғытұры аттанамыз, Дайын бол, қалмақ жиылып, басын қоспай. Қалмайды ешбір адам қалмақ жаудан, Ол итті асырамыз Алатаудан. Бастығы – Әбілмәмбет хан барады, Бір келер адам қаны омыраудан. Осылай жарлық қылған Әбілмәмбет, Болғанда ат қара тіл қоямыз бет. Баптап ап Нарқызылды қаруыңмен, Айтқаным “Алла қосса, жиынға жет”. – Кетсеңіз бұл сөзіңді Төлеге айтып, Биімнен рұқсатсыз барам қайтіп. Төле егер “барсын” деп жарлық қылса, Қалмаспын қалмағыңнан бойды тартып. Бөкең барып айтыпты Төлесіне, Төлесі берді рұқсат төресіне. Көңілі қатты тасып, бата берді, “Шабыңдар кекті айғырдың еңесіне”. Жаз шықты жер жүзінде гүлдер еніп, Бөгенбай жібереді хабар беріп. Жаратып Нарқызылды қатырып ап, Жолықты бара жатқан қолға келіп. Байлаған жұмыр тұмақ бозбалалар, Қанжарын жарқылдатып әнге салар. Кәпірге жаулықпенен өштескен соң, Ешбірі көрінбейді жанын аяр. Бұлардың баратынын о да біліп, Алдынан қорғанбай-ақ келді даяр. Жиылып екі жағы ұрыспаққа, Ол кетсе арманы жоқ қатыспаққа. “Жекпе-жек” деп шығады айғай салып, Майданда батырымен тұрыспаққа. Бұл жолы кегін қазақ алмақ еді, Жасырнып үйде ешкім қалмап еді. Ақтабан шұбырынды елді шапқан, Қоңтажы Серең деген қалмақ еді. Қалмақтан қасқа ат мініп осы шықты, Жүрген жағы жарылып қойдай ықты. Өлтірді он бес батыр жекпе-жекте, Қарсы жан шыға алмапты бұған тіпті. Қазақтың бір қысылып қалған жері, Кәпірдің жекпе-жекке алған жері. Ақырды Әбілмәмбет қолға қарап: –Шіркіннің таусылған ба арманды ері? Бөгенбай құр тістеніп сүлдірі тұр, Ешкім жоқ бос қайнайды кеудесі құр. Сабалақ кимін шешіп қамланады, –Он жігіт жекпе-жекте бізден өлді, Әуелі Құдай, екінші, әруақ үшін, Беріңіз, жақсы бата маған, – деді. Байлаған жұмыр тымақ, сұр шекпенді, Порым жоқ түйе жайған бұрынғы енді. Қып-қызыл екі көзі сырттан өтіп, Аяңдап, күлім қағып ханға келді. – Ағеке, батаңды бер Құдай үшін, Кәпірге мен барайын жетсе күшім. Қол жайып Әбілмәмбет түрегелді, Зар жылап “әруақ” деп бұзып түсін. Сабалақ “әмин” деп жайды қолды, – Әй, балам, Құдай оңдап, болсын жолың, Қалмақтың, Аллаң жар боп, басын алып. Хан қылсын дәрежелі артық орын. Сабалақ жауға шапты “а, Құдайлап”, Сауыт киіп, беліне қанжар байлап. Бағанадан бұзылып кетті түсі, Аузы-басын түк басып көзі жайнап. Аты да астындағы жер тарпиды, Ақырып ойқастады қалмақ сайрап. “Абылайлап” топтан шыға жалғыз шапты, Даусына жер күреңді “Абылайлап”. Тартынбай о да шауып келді қалмақ, Жан екен бір кісіге о да салмақ. Жыңғылдай өзі жуан ұзын екен, О дағы жұлынады жанын қармап. Ол уақыт ұрыспайды кезек бермей, Тып-тыныш нағып кетсін біреуі өлмей. Қалмаққа “кезек ал” деп қарап тұрды, Не қылсын күші басым сөйтіп жеңбей. Қанжармен кәпір қалмақ тұра салды, “Аллаға тапсырдым” деп жұрт жалбарды. Сауыттың бір қабатын азар тіліп, Дегене анық үші жетпей қалды. Кезекті о да берді шыдап тұрып, Бұ да ұрды аямай келістіріп. Кезек қалды, екеуі төбелесті, Қарудың әбден бітті бәрі сынып. Аллаға жалбарынып, қайраттанып, Екеуі ұрыс салды қайта айналып. “Атамыз Абылайдың әруағы” деп, “Арғы атам хан Абылай, қолдай көр” деп, Жіберді өңдіршекке найза салып. Бәлемді аттан жықты қорқыратып, Денесі қып-қызыл боп қанға батып. Жабылды сүйегіне барша қалмақ, Барабан өз заңынша даңқылдатып. Жабылып сонда қалмақ төбелесті, – Сүйегін не қылсаң да берме, – десті, Өңгеріп құтылмастай болғаннан соң, Ұстап ап айдарынан басын кесті. Байлады қанжығаға айдарынан, Жиып ап түк тастамай сайманынан. Бұрынғы Сабалақ деп ойлар емес, Қараса шошынатын айбарынан. Сүйегін ала-сала қайтты кәпір, Басты бермей жөнелді біздің батыр. Қолда жетек, қан болып үсті басы, Әлгі бас ерді аударып келе жатыр. Басты әкеп хан алдына тастай берді, Таңданып бас пормына жұрт боп көрді. Айдары сала құлаш, бас қазандай, Шошқада салпылдаған төменгі ерні. Қалмақтың қамалады бас пен жасын, Баланың жаңа көріп тамашасын. Баланың кім екенін жан білмейді, Ырза ғып жеңіп берді падишасын. Қасына алды Әбілмәмбет Сабалақты, “Не айтар” деп жұрт жиылып қамалапты. – Шырағым, неге шаптың Абылайлап, Сен кімнің баласы едің – деп сұрапты. – Қарағым, неге шаптың «Абылайлап», Босады жүйкем қатты а, Құдайлап. Әкең кім, ата жөнің шешеңменен, Себебін бастан аяқ айтшы жайлап. Сұрасаң арғы атамды, хан Абылай, Ешкімге бермегенді берген Құдай. Сырымды жалғыз адам біле алған жоқ, Болмаса Құдай оңдап бұдан былай. Уәли деп айтады әкем атын, Білесіз өзіңіз де арғы затын. Үйсін мен орыс, қалмақ шабысқанда, Біз болдық жетім бала, жесір қатын. Өз атым – Әбілмәнсұр атам қойған, Уәли шабындыда басын жойған. Бір ағам Әбілмәмбет хан болып тұр, Қайран жұрт, ата бабам кетпес ойдан. Елімді «ақтабанда» қалмақ шапқан, Пәлен жерде, білем, деп қалмақ айтқан. Бізге беттер орыстан үйсін де жау, Бірігіп орыспенен талап қайтқан. Кәпірге түк қылмаса жау тұқымы, Мен тоқты солар үшін құрбан қайтқан. Жалаңаш жалғыз өзім қашып келіп, Мен едім Төле биде түйе баққан. Атымды жөнімменен айта алмадым, Не керек жүдеп жүріп босқа шапқан. Ағеке-ау, кез келген соң енді саған, Жаратқан үмітім бар жалғыз Хақтан. – Қарағым, сен екенсің Әбілмансұр, Сағынып жүруші едім сүлдерім құр. Мен білмей өлі-тірің көп сандалдым, Еш адам іздегенмен білмеді бір. Кім білсін айтпаған соң өлі-тіріңді, Бұрынғы ойға салдың тірі өлімді. Құдай, бүгін алсаң, мен де шүкір, Інімді жаңа таптым бар сенімді. Көрісті айғай салып аттан түсіп, Баланы құшақтайды қатты қысып. Екеуі зар жыласты, жұрт жиылып, Бір тоңды, бір қызарды, бір суынып. Уәлидің ауғаны рас хандық үшін, Қалғамыз шабыңдыда көрмей түсін. Ел-жұртым, көріп тұрсың, халайық, Баланың баршаңызда қылған ісін. Бір-бірлеп көрісіпті елдің бәрі, Бар жылап қуанысып жас пен кәрі Әйтеуір жанға рақат болды дәрі, Жамағат ісі еді ғой жоқты бар ғып, Құдайым жасатыпты жақсы жан ғып. “Осы ғой Абылайдың дәл тұқымы, Қоялық халқымызға мұны хан ғып”. Барша жұрт “алдиярлап” болсын деді, Әруақ баяғыдай қонсын» деді. Тәжіні әкеп кигізді өз қолымен, “Тағыңыз мүбәркәлі болсын!” деді. Айтыпты жұрттың бәрі ақсарбасын, Үстінен шешіп берді кең шалмасын. Барша жұрт жиылып ап шуылдайды, Жаңадан сайлап алып падишасын. Тәжі киіп, хан болып, мінді таққа, Көрсетіп қарсы қайрат дұспан жаққа. Жас бала сайлауменен патша болды, Сиынып бұрынғы өткен әруаққа. Құдайға құлшылықты жастан қылған, Іс қылды түзуліктен жалғыз Хаққа. Бұл ісінен алыпты әркім хабар, Кімде-кім мұңлы болса іздеп табар. Қараған қол астына халқын жиып, Қырғызды қалмақ күнде шабар. – Шақырып шақшақ Жәнібек келсін, – дейді Жарлық қылса жанның жүзі өлсін, – дейді Арғын менен найманнан алты кісі, Екеуі уақ, керейден де ерсін дейді. Тоғыз болып барыпты Жәнібекке, Ол заманда бола ма араз-өкпе. “Тақ пен тәжің басыңда құтты болсын, Пайдаңды Алла Тағала берсін көпке”. Бата беріп сөйлейді үш түрлі ақыл, Келгенін құп жаратып келді мақұл. – Үш ауыз сөз айтамын, жаным, саған, Ұғып ал, балалықпен қалма ғапыл. Әуелі ісіңді еркін қылып алып, Сонан соң жұмысты істе ойға салып. Екінші, аяма елден еңбегіңді, Жау көргенде тоқтап тұр жалғыз қалып. Шүйінші ала көрме, әділет қыл, Шаршаған шалыққанның шын жанын біл. Қой үстіне бозторғай жұмыртқалап, Атаңдай құмыр өткіз, бір қатар қыл. Абылай бұл айтқанның қылды бәрін, Мен естідім солардан ұзын сарын. Қазақтың ақ сүйегі Абылай боп, Билеген бұл үш жүздің балаларын. Ұлы атаң хан Абылай өстіп өткен, Еліне еңбек қылумен күнін кешкен. Ғұмыры қарауыл мен кежеуілде, Жан емес тыныш жатып белін шешкен.
Ағылшын
Бұл тілдегі нұсқа жоқ.
Бұл тілдегі нұсқа жоқ.