Қазақша
Сабалақ, Әбілмансұр, Абылай хан
Атанған әділ болған әз Тәуке хан, Қырғызды қосып сұрап қазақпенен. Еліне әділетті хан болыпты
Ешбір жан ренжімей өз халқынан.
Болыпты әз Тәукенің үш баласы, Үлкені Әбілмәмбет төре ағасы.
Кішісін Әбілқайыр деп атапты,
Болыпты Сәмеке хан ортаншысы.
Әз Тәуке өлгеннен соң ел бөлінді,
Бұрығы үш жүзіне үш бөлінді.
Әбілқайыр кіші жүзге, Сәмеке орта жүзге, Ұлы жүзге Әбілмәмбет хан қойысты.
Тұрыпты Әбілмәмбет Түркістанда, Кіндігі үш рудың сентірі сонда.
Сәмеке, Әбілқайыр хан болған соң Тұрыпты үкім құрып өз халқында.
Қазаққа Әбілмансұр хан болыпты, Он сегіз ғасырының ортасында.
Келіпті Бұхарадан орта жүзге
Он бірге толып жеткен дәл жасында.
Атақты Абылай хан боп атанған, Руы арқар деген елден болған.
Әкесін парсы ханы өлтіріпті,
Жасында ата-анадан жетім қалған.
Әкесі өлгеннен соң жетім бопты, Қаңғырып Бұхарадан шығып кетті. Қалжырап, қарны ашып, арып-шаршап, Атығай бай Шөмішбай соған кепті.
Далада арып-ашып жүдеп жүріп,
Келмепті ел жүйесін және біліп. Жыртылған киімдері, сеңсең бөрік Үйіне Шөмішбайдың келді кіріп.
Жас бала үйге кірді сәлем беріп, Отырды босағада төмен келіп.
Кезеріп түсі кеткен бейшараға Кіргізді ақыл-есін сусын беріп.
Біраз күн жетім бала жүрді сонда Түсіп жүр байдың көзі анда-санда. Баланың мәні-жайын білейін деп:
– Кел, – деді, – жақынырақ, балам, мұнда.
Қасына шақырған соң бала келді,
–Бейшарам жақынырақ отыр, – деді, – Баласың қалай жүрген, қай нәсілсің, Өз атың кім болады пақыр? – деді.
Бала айтты:
–Мен бір жетім бір баламын,
Жетім боп ата-анамнан жас қаламын. Білмеймін сол себепті атым-затым, Өзіңіз кім қойсаңыз сол боламын.
Мына сөз жүрегімде жүрген сөзім,
Құлаққа ел аузынан тиген сөзім. Руың арқар деген елсің дейді
Мен естіп айтқандардан білген сөзім.
Ел маған бұдан басқа айтпайды кеп Жан бағып жүруші едім қайыр тілеп. Айтқаны біреулердің жүрегімде
«Әкеңді парсы ханы өлтірді» деп.
Жан бағып жетім бала нан сұрайды, Сөйлескен ел ішінде отырмайды.
Шаруасы менен сұрар болмаған соң
Пәлен деп атымды атап шақырмайды.
Толғанып бай Шөмішбай ойланды көп,
«Немене мұның атын қоямын» деп. Кигені сеңсең бөрік болғаннан соң Ойлады «Сабалақ ат қояйын» деп.
– Көрмепсің ата-анаңның рахатын, Білмепсің жас болған соң атың-затың. Кигенің сам-сам болған сеңсең бөрік Сабалақ болсын, балам, сенің атың.
Сабалақ, ақылыма көнемісің,
Бағуды қойды жақсы білемісің. Өзіңді үйлендіріп енші берем, Қызмет қып малшы болып жүремісің.
Бала айтты: – Сөзіңді құп аламын, Қаңғырған мен мүсәпір бір баламын. Шамамның келгенінше орындаймын Өзіңіз қойған малды мен бағайын.
Сабалақ Шөмішбайдың қойын бақты, Артылды күн-күн сайын байға жақты. Бай барса қой баққанын көрейін деп,
Тізесіне тұсап отыр тал таяғын.
Бір құшақ көде жұлып кешке кепті, Отырған отбасында түсінбепті.
Түзде таяқ, құшағында үйде көде, Ойлайды бала ғой деп бұл бір мықты.
Жүріпті сондай жақсы қойды бағып, Қызметі әр күн сайын байға жағып. Босатты қойшылықтан жылқы бақты
Шын болат қап түбінде жатсын нағып.
Екі-үш жыл жылқышы боп және бақты,
Жауыр жоқ, жылқы семіз бек ұнатты. Үйретіп шу асауды жуасытып
Бір қанша тай, қулықтар құлындапты.
Биледі бай шаруасын жас Сабалақ Тұрмайды жаудан қорқып жаңа талап. Бір жылы қар жауатын уақты бопты, Сүйеніп бала айтады байға қарап.
Көңілді бала сөзін бай тыңлады:
– Биыл жаз шөп шықпады, күн жаумады, Және де күз ауасы өте суық
Қыс жаман болуына ыңғайлайды.
Ұнатып, бай, сөзімді дұрыс көрсең, Жетерлік соғымыңды сойып берсем.
Жерге айдап қыс болмастай кетер едім, Бұл сөзді дұрыс біліп рұқсат берсең.
Бұл жерге биыл жаман қыс болады, Шаруаға өте қиын іс болады.
Ертерек қар түспестен қушы шығар, Қар жауса кете алмаймыз, кеш болады.
Алады бай Шөмішбай бала тілін:
– Өзіңсің ақылдасар менің ұлым. Жылқыны қалай етсең ерік бердім,
Өзің біл, не қылсаң да, жарықтығым.
Соғымды жетерлік қып айдап келді, Сойғызып жақсы етіп жайлап берді. Бет алып күншығысқа Көкшетаудан Жылқының артын сырып айдап берді.
Бар екен белі қайқы ала бие,
Бастайды бар жылқыны мама бие.
Жылқының артын сырып қалдырмайды,
Қайқы бел тоқтамайды шалып жүре.
Биенің бетін бала бір бұрмайды, Алдына тоқтатам деп ұмтылмайды. Қозғайды қалмастай ғып артын сырып Жайылып ала бие бір тұрмайды.
Жерінен боқ қырауда жылқы кетті, Бірталай екі ортада көп күн өтті.
Жас бала күні-түні тоқтамастан, Тауына Бесқазылық бие кепті.
Жайылды ала бие тоқырақтап
Тігеді құлақ шалар құсты байқап. Айнала жерін шалып ұнатады,
Сол жерде қысты өткізіп болды жатпақ.
Сол жылы Қазылыққа болмапты қыс, Қоңырқол, Керегетас тауы аталса.
Уақ таулар ішінде толып жатыр, Аталған Кеніш, Қарқаралы, Қарақұсы.
Қылшықтап жылқы шықты, тай түлеп, Семірді жайлау іштар ұзын жон боп.
Кісінеп алып қашып ұстатпайды,
Тістелеп тай-жабағы қасына кеп.
Шықпастан тағалы тай аман кетті, Жабағы енесімен бірдей бопты.
Дағдылы жортуылға мінген жүйрік Жаратып түлкі менен қасқыр соқты.
Дабырлап жылқышылар сөйлескенде Ойын сап құланша ойнап, құйрық тікті. Қар кетті, қысыр байлап, тай үйретіп, Жаз шығып Көкшетауға қойды бетті.
Жылқысын жылқышылар айдай берсін,
Қосақтап қысырларын байлай берсін. Жолдастар, жақсы тыңда, құлағың сал, Ал енді Көкшетаудың сөзі келсін.
Сабалақ кеткеннен соң жылқыны айдап, Көбейді қар мен жаңбыр кезек жаумақ. Ішінде-ақ октабірдің құлын салды, Биелер шөп пен мұзды қабат шайнап.
Боран боп терістіктен гүрілдейді, Ысқырып қурай, ағаш дүрілдейді.
Қорадан қой шықпады, жылқы ықты,
Күн батып, таң атқаны білінбейді.
Шуылдап қой маңырап, сиыр мөңіреп, Көздері мал иесінің ілінбейді.
Арасын жер мен көктің бұрқыратып, Болмады бірнеше күн тыным дейді.
Бар елді тамақ тауып бере алмады, Жылы жерге көп малды мекендеді.
Төгетін жем, саларлық шапқан шөп жоқ, Шаруаның қараң қылды күнін дейді.
Үзілмей бірнеше күн боран соқты,
Үскірік күн ашылып қызыл бопты. Пішіндей дарияның көк мұз болып, Үстімен малдың бәрі жүріп кетті.
Аяғын жылқы жерге сала алмады,
Бір тал шөп жерден жұлып ала алмады. Өз жүнін қой мен түйе өздері жеп, Тулағы шығып жылқы табандады.
Күйзелді Көкшетауда тұрған халық, Бұтаның шалдырыпты мұзын қағып. Көшпелі отырықсыз ел болыпты,
Алмайтын изен шауып, мекен салып.
Біреу ойға, біреулер қырға айдады, Малдары қалақ тауып бір шалмады. Қалдырды еңбек еткен мал тумасын,
Түу-түуден үйде отырған таң қалмады.
Жаз шықты өлген өлді, қалған қалды, Малым деп қалғанына ие болды.
Семізін үсіп өлген пісіріп жеп, Тарамыс теріні алып көзі көрді.
Біреуден тұқым қалып, енесі өлді,
Қалмады біреулерден тұқым жөнді. Мұңдасып мұңын айтып, жылап-еңіреп, Біріне күңкіл айта бірі келді.
Қырсықсыз қылсын Алла артын енді, Сөз айтып әрбір түрлі артық-кемді.
Сөзбенен көңіліне аза салғандарға, Шөмішбай ел аузында мақалдады.
Қырсықсыз қылып Алла оңласын таң Күлісіп Шөмішбайдай қылмасын деп. Көз көріп, қолмен ұстап көңілденді,
Тарамыс теріні алдық, жасағын жеп.
Тұқымдық түк қалмады Шөмішбайдан, Бәрі өлді қара малы қолда қалған.
Мұнда көзі көрді, көңілі тынды, Өлгенше естен кетпес жылқысы арман.
Біресе бірі сөйлеп мына кепті,
Жылқысын бір қу алдап айдап кетті. Құртам деп тентіреген қу жетімді, Түбінде ақырында құры жетті.
Аулына Шөмішбайдың барған да жоқ,
Не айтып көңіліне аза салған да жоқ. Өсекті ел сөйлеген құлақтанып, Шөмішбай зеңіп кетті қияли боп.
Шығады ерте тұрып бір төбеге Шаруаға қарамайды ештемеге. Қасында оннан асқан қызы ғана
Деп айтып анда-санда «ата кәне».
– Мұнан да келген жақсы маған ажал, Арманда бір қапыда кеттің бе мал?
Ойлап дамыл-дамыл қызына айтып:
– Тұр, балам, күншығысқа көзіңді сал.
Келмейді қастарына бір тірі жан, Төбеде екеуі отыр құлазыған.
Шығысқа көзін тігіп қызы қарап:
– Сүйінші, әке, көрінеді бір қарайған.
Бай жылап, кейде күліп: – Байқа, балам, Келді ме жақынырақ бері таман.
Шырағым, сені соған берермін-ау, Көрінген бұл Сабалақ болса ағаң.
Дегенше әні-міні жақын келді,
Қыз қарап әбден байқап таныды енді. Жетекте қара жорға мен кәрі айғыр, Сабалақ жетіп келіп сәлем берді.
Келгені Сабалақтың рахат-ты, Сабасын сүйреңдеп артып апты.
Қуанған қорыққанмен бірдей екен, Шөмішбай қуанғаннан талып қапты.
Алады Шөмішбай бай есін жиып, Қуанып кейде жылап, кейде күліп. Құшақтап Сабалақты жібермепті,
Құтым деп қайта-қайта бетін сүйіп.
Тілеуін Шөмішбайдың Құдай берді, Артынан кешікпеді жылқы келді.
Той қылды, ат шаптырып, ойын-сауық, Мекенде ат жетерлік жиып елді.
Дос та, дұшпан да келіп жатыр, Тынбастан күндіз-түні опыр-топыр. Қадірін жоқшылықтың біліп қапты, Аямай ат пен асын беріп жатыр.
Басыңнан бағың тайса тұрмыс жүдеп,
Сөйлеспес дұшпан түгіл досың да кеп. Сөз жаман суққаннан да деген рас, Қалды ғой бай Шөмішбай қияли боп.
Болады алыс жақын, дұшпаның дос, Күн салса бақыт қонып, басыңда тек. Не келіп ер жігітке не кетпейді, Көргеннен деген рас көрмеген көп.
Бір аз күн ер Сабалақ тағы жүрді, Толғанып, ойға кірді әрбір түрлі. Болмақшы сөйлеп шешен, көрсе көсем,
Кетсем деп ұлы жүзге пікір кірді.
Бір күні бай екеуі жылқы аралап, Ат, айғыр, тай, құнанды айырмалап. Ауылға қайтып келе жатқанында Пікірін сөйлеген-ді байға қарап.
– Әуелі нашарымда сізге келдім,
Бір жетім қаңғып жүрген жас бала едім. Істеген қызметім аз, рахатым көп, Мұңсыз боп киіп, ішіп, наның жедім.
Тұрғалы бесінші жыл сізге келіп,
Үйрендім орта жүзге таныс болып. Баруға ұлы жүзге талабым бар,
Ақсақал, батаңды бер, рұқсат беріп.
Көзіне Шөмішбайдың жас келеді, Сөз айтты тоқтарлықтай артық-кемді. Тұрмасын Сабалақтың көңлі сезіп, Лажсыз жылап тозып бата берді.
– Ей, балам, қызымды да ал, мал да бердім, Дүниені аямаймын ерім сенен.
Бұрынғы қалыбыңда тұра берсең,
Тоқтаусыз жақсылығым қолдан келсең.
Сабалақ:
– Ризамын, қыз да алмаймын, мал да алмаймын, Шыныңмен бата берсең кем болмаймын.
Тағдырда маңдайыма жазылғанды Алдымда көріп соны ұрандаймын.
Астына Шөмішбайдан жақсы ат мінді, Үстіне жақсы тұрмыс киім киді.
Бата алып Шөмішбайдан қош айтысып, Бет алып ұлы жүзге бала жүрді.
Келіпті сол бетімен Түркістанға
Ортада бұрылмапты ешбір жанға. Ішінде Түркістанның біраз тұрып, Барыпты Әбілмәмбет үлкен ханға.
Ортаға арызға енді бала келіп, Алдияр тақсыр хан деп сәлем беріп.
–Не қажет арызың бар? – деп сұрады, Баланы қол қусырған ханы көріп.
Бала айтты:
–Арызым бұл, тақсыр ханым,
Жетіммін, ата-анасыз, бір жоқ малым. Істейін малшы болып сізге қызмет,
Қылуға ауыр жұмыс келмейді әлім.
Хан:
- Күшің көп, балам, ей, сен шаба алмассың, Егінді салып орып ала алмассың.
Қозыны иесімен танымайсың,
Жылқының күзетіне бара алмассың.
Ей, балам, шамаң келер бір жұмысың, Жылқының басқарасың күндізгісін.
Түгіне түсінерсің, танысарсың, Жұмысқа бұдан артық келмес күшің.
–Алдияр тақсыр хан, – деп бала тұрды,
– Айт, балам, біз білейік атыңды енді, Қай ру, кім нәсілдің баласысың
Туған жер сөйле, балам, затыңды енді.
– Сабалақ, тақсыр, менің лақап атым, Жасымнан ата-анамнан қалдым жетім. Және де жанашырлық жақыным жоқ, Білмеймін сол себепті нәсіл, затым.
Сабалақ жүреді енді жылқышы боп, Түнде ұйықтап күндізгісін ішіне кеп. Жылқыны айдап бағып семіртіпті,
Бар болса басы бүтін қай жерде шөп.
Төрт-бес жыл күндізгісін жылқы бақты, Қызметі жүрген-тұрған ханға жақты.
Ішінен Әбілмәмбет сынап жүрді, Ойланып бала ғой деп шарапатты.
Сабалақ баққанан соң жылқы өлмеді, Ауру, ұры-бұры бір көрмеді.
Бақытты жүзі жарқын малшы бопты, Тотығып найза қағып жау келмеді.
Жылқыға бала бір күн келе жатыр,
Айнала бір төбені жылқы жатыр. Ескермей жылқы аралап жүре берді, Обаның басындағы ақ құс отыр.
Болғанша намаздыгер қозғалмайды, Қасына бала оның әм бармайды.
«Не аққу, не дуадақ, құтан емес
Бөтен құс бұл нағылған» деп ойлайды.
Баруға мұны ойлап бетін берді,
Қасына он қадамдай жақын келді. Сабалақ құсқа жақын келген уақта
Сілкініп ақсақалды адам болды.
Сабалақ:
–Жылқыға мен ауылдан ерте келдім, Сонда сен осы обада отыр едің.
Неткен құс қозғалмаған деп келіп ем, Сілкініп ақсақалды адам болдың.
Ақ құс:
–Ол рас бұл обаға ерте қондым,
Жылқыға келе жатқан сізді көрдім. Баталмай сөйлесуге өзіңменен Қозғалмай соның үшін отыр едім.
Кетуге жолықпай-ақ көңіл бердім,
Ұшуға бір-екі рет көтерілдім. Кетуге ыңғайланып отырғанда
Бет бұрып, Әбілмансұр, өзің келдің.
Мен ақ құс албастының төресі едім, Қашатын қара марту емес едім.
Келіні Әбілмәмбет екіқабат
Айтуға соның жайын саған келдім.
Өзіңе, Әбілмансұр, айтар сөзім,
Жүр едім сөйлесе алмай келмей кезім. Қатыны Әбілғазының босанады
Өлтірем пәлен күні басып өзім.
Сол күні шақыртса да келме маған,
Бірімізге әгар келсең болар жаман. Сөзімнен, Әбілмансұр, жақсы ұғып ал, Айтарлық сөздерім бар тағы саған.
Жылқыңда өзі бесті ақсұр ат бар Енесі ол ақсұрдың еді тұлпар.
Бақтылы өзі ақжолтай бір жануар Жаратып соны астыңа сен мініп ал.
Еліңе пәлен уақта жау келеді,
Ертерек Ереуілден жеңіледі. Жеңіліп жаудан қорқып қашар уақта Ақсұр ат Абылайды ел біледі.
Қашуға елің сенің ұйғарады,
Топ жаудың жағына сен шығып ал. Қарсы шап қамалына қорықпастан Ұрандап Абылайлап айғайды сал.
Болады көкте Абылай, жерде Абылай Сол күні бақыт саған берер Құдай.
Қоңқай Серең батыр ту ұстаған,
Соны шаншы басқасына бір бұрылмай.
Тулары жығылған соң қалмақ қашар, Артынан ерлер қуып қанын шашар. Әр елге атың мәлім болып,
Абылай ат қойылып бақытыңды ашар.
Болады хан Абылай арғы бабаң Әруағы тап сол күні қонар соған.
Өлгенше бағың қайтпас хан боласың, Ел сұрап атың мәшһүр бек көп заман.
Айтқан соң сөзін тамам кетіп қалды,
Сабалақ айтқан сөзін ұғып алды. Мезгілді айтқан уақыт аз қалғанда Жаратып ақсұр атты мініп алды.
Ақ құстың шарт байлаған күні толды, Қатынның босанатын уақыты болды. Толғатып даусы шығар мезгілінде
Сабалақ жылқысына кетіп қалды. Қатынды шыдатпады толғағы ащы,
Жүгіріп әйел-еркек жапырласты. Баласын көп қиналып босаныпты,
Жоғарғы төре албасты келіп апты.
Жатыпты ес-түсі жоқ қатын талып, Біреулер хабар берді ханға барып. Албасты бұрын ханнан қашады екен, Келіпті Әбілмәмбет айқай салып.
Қатынға «көзіңді аш» деп айқай салды, Қаш-қаш деп ызғарланып қаһарланды. Еселеп төре албасты не қорықпады, Келінін онан жаман басып алды.
Әбілмәмбет:
– Болмады осы марту менен бұғар,
Не қорқып, не болмады мені сыйлар. Барыңдар жылдамырақ Сабалаққа, Әруағы менен гөрі басым шығар.
Бір адам хан айтқан соң мінді атқа, Сабады асығыстап жылқы жаққа.
«Қатынын Әбілғазы марту басты» Деп барды хан шақырды Сабалаққа.
Тер шығып Сабалақтан қысылды енді, Ақ құсқа өткен күндер уәде берді.
Таппады бармауына ешбір себеп
Амал жоқ ханнан қорқып зорға келді.
Баяулап ақырмастан бала келді, Қатынды марту басып отыр еді.
Бір ғажап жаман сурет түсін бұзып, Қарсылық етпестей секілденді.
Албасты:
– Опасыз мені іздеп неге келдің,
Сен маған бармаймын деп уәде бердің. Мені сен бақтық асса мерт етесің,
Артылса менің бақытым сен өлесің.
Сабалақ:
– Келмедім саған қайран етейін деп,
Уәдемді күтіп жүрмін жетейін деп, Сол күні сөйленбеген бір сөз қапты,
Келіп ем соны ескертіп кетейін деп.
Айтылмай сол күндегі қалған сөзім, Төресі албастының болсаң өзің.
Төресі мен адамның болған болсам, Жақындық сөз сөйлесек келді кезің.
Төрезат нәжіс жанға жоламайды, Үстіне келмек түгіл қарамайды. Болса да әрбір нәжіс бұдан басқа
Жақындап маңайына бара алмайды.
Болады қаралардан артық таза Ішпейді жаман тамақ төре және. Тұрмысын өте жақсы ұстаған соң Болады өзі ақылды, артық дана.
Жүрмейді нәжіс жерге төре тақап, Не қарап айтпайды да атын атап. Отырған, жатқан, тұрған – бәрі таза Алады соның үшін төре лақап.
Адамды төредейін себебі сол,
Және де болатыны ақылы мол. Төресі албастының болғаннан соң, Осылай болса деймін сізге де жол.
Маған сен білген сөзіңді айттың, Көп сөзге түсіндіріп құп тыңдаттың.
Мен – адам, сен – албасты болсаң дағы Жақсы сөз сөйлеген соң дос деп таптым.
Досшылық мен де саған сөзімді айтам, Тұрмаймын ескерткен соң кейін қайтам. Төресі албастының нағыз болсаң
Ойландым іс екен деп бұл бір қатаң.
Бек таза төре заты бек болмай ма, Өзінше әр асылда тек болмай ма. Бір халық албасты да жаратылыс
Ұят, намыс ар, абырой кеп болмай ма?
Меніңше бұл қатынды қоя беріп, Кір-қоңын қатын жуса түрегеліп.
Қырық күнде бойы әбден тазарады,
Өлтірсең сонда басып қылса келіп.
Өкімді қорланарлық бере берді,
Үстінен намыстанып түрегелді.
«Бойын әбден тазарғанда басамын» деп, Ескертіп Сабалаққа жүре берді.
Жатыстан қатын тұрды есін жиып, Әруағы Сабалақтың болды биік.
Баланың шарапатты екендігін
Түйткілмен Әбілмәмбет қалды түйіп.
Жазылды қатын енді түрегеліп, Босатты Сабалақтың сөзіне еріп.
Қатынның құрсағында ақ шел қалып,
Өлтірді қырық күннен соң қайта келіп.
Бұл бұрын елге таныс сөйлейтін кеп, Жүретін сөйлеушінің мақалы боп.
Тиісті сөзге мін сал сөйленетін Алдаған албастыны Абылай деп.
Жаратып ақсұр атты мініп жүрді, Елге жау келетінін біліп жүрді.
Өткірлеп найза, қылыш құралдарын, Дайындық Мансұр қамын қылып жүрді.
Бітіпті ақ құс айтқан күні болып,
Күш толды Сабалаққа бақыт қонып, Қалмақтан бір ауыр қол аттаныпты, Хандары Қоңқай Серең басы болып.
Қамданып қалмақ шықты атын баптап, Өткірлеп қылыш қайрап, найза саптап. Қалмастай естерінен шабамын деп, Бет алып ұлы жүзге келді қаптап.
Қарауыл келе жатқан қолды көрді, Тоқталмай асығыстап елге келді.
«Ауыр қол қалмақ жақтан келеді» деп,
Ханына Әбілмәмбет хабар берді.
Хан сонда жарлық етті елін жиып, Атақты найзашылар ерін жиып.
«Алдынан Ереуілге шығыңдар» деп,
Мылтық пен найза, қылыш, сауыт киіп.
Ханының жиылған ел сөзін ұқты,
Қамданды менмен деген ерлер мықты. Келтірмей ел ішіне жау қалмақты, Алдынан Ереуілге қарсы шықты.
Екі қол екі жақтан ереуілдеп,
Байқалды қазақ аздау, қалмақтар көп. Шығыпты қалмақ жақтан бір ала атты Айқайлап, ат ойнатып жекпе-жек деп.
Қазақтан торы ат мінген біреу шықты, Көп ерден бұрын шыққан о да мықты. Жүгіртіп кешке дейін найзаласып Сауытын ер қазақтың быт-шыт қыпты.
Сауыты ер қазақтың талқан болды, Болмады істер қайла, амал енді.
Бақтысы ол қалмақтың артты артық
Қалмақтан қаза тауып қазақ өлді.
Жүгіртіп ат ойнатып қалмақ батыр,
Мақтанып қайрат қандай опыр-топыр. Астында көк аты бар қолда найза
Қазақтан бір ер шығып келе жатыр.
Атына екеуі де қамшы басты, Тамаша жан аямай найзаласты. Қазақтың бұл жерде бақты асты,
Қалмақтың қор-қор етіп қанын шашты.
Қалмақтан жекпе-жекке келе берді,
Сазасын қазақ батыр бере берді. Қалмақтың қарсыласып шыққан ері Бәрі де қаза тауып өле берді.
Қоңқай мұны көріп ызаланды, Астына нар қасқа атты мініп алды. Қолдағы туын беріп біреуіне Жүгіртіп ер қазаққа жетіп барды.
Екеуі ұмтылысты қарсыласып, Түйіліп қабақтары зәрін шашып.
Кетеді бір ол жаққа, бір бұл жаққа,
Қағысып кезек-кезек найзаласып.
Найзамен екеуі де жең салмады, Аянбай шабысады қылыштасып. Қылышын шақылдатып қағысады, Арыстандай көзі жайнап жанталасып.
Ұстасып жағасынан айқасқандай, Тартысып ат үстінен табандасып. Жағадан шаба тартып жұлқысқанда Кетіпті қан майданды тозақ басып.
Екі қол екі жақта таң болып тұр,
Бір-бірін ала алмады қайраты асып. Барабар қайраттары болғаннан соң Болмады біреуіне ажал нәсіп.
Тартысты екеуі де қоя салды,
Түсіріп қолдарына найзаны алды. Жыртылған сауытының жағасынан,
Қазаққа шұрқылтайдан найза салды.
Жыртылып тартысқанда сауыт кетті, Найзасы желкесінен тесіп өтті.
Баһадүр қазақта асқан батыр екен,
Қысқарып дем таусылып ажал жетті.
Қазақтан қарсыласып бір ер келді, Қоңқайдан көп кешікпей ол тағы өлді. Майданға қарсы шығып келгендері, Жеңіліп қаза тауып өле берді.
Ойнатып астындағы көк қасқа атты, Жеке-жеке келгендері шыдатпапты. Майданға менменсініп шыққандары, Біріне бірін қоспай көп қиратты.
Шықпады енді қазақ жекпе-жекке,
Келе алмай Қоңқайына бетпе-бетке. Қазақтан бір ер шыдап келмеген соң, Қолына қайтып барды тұрған көпке.
Екі қол екі жақтан мылтық атып, Садақты қамалына садақ тартып. Қазақтан атысқаннан көп кісі өлді,
Тағы да мұнан болды қалмақ артық.
Байқалды қазақ қолы кемігендей, Жекеде не атыста теңге келмей. Қашуға қазақ қолы қобалжыды,
Қалмақтан болғаннан соң жеңілгендей.
Тұрмайды ақсұр ат та қарғып ойнап, Ер тоқым, жабдықтарын алды жайлап.
Қысқартып құйысқанын, тұсын тартып, Сабалақ атқа мінді «жар Құдайлап».
Темір бөрік киіп, белін байлап,
Қазақ жақ кемігенге қаны қайнап.
Ішіне қанын тартып, сұрғылттанып, Қан болып екі көзі ұртын шайнап.
Үстіне ақ сұр аттың мініп алды,
Ермеді өзге қолдың бәрі қалды. Жүгіртіп таса жермен Әбілмансұр, Қалмақтың қыр жағына шығып алды.
Қасқырдай қойға шабар тұр ыңғайлап, Құтырған арыстандай көзі жайнап.
Қомданып түлкі алатын қыран құстай, Қамалға шапты батыр Абылайлап.
Боп кетті көкте Абылай, жерде Абылай, Ақ құстың обадағы айтқанындай.
Қашуға қалың қалмақ қобалжыды,
Адасып ақылынан зәре қалмай.
Қамалға Абылайлап жетіп барды, Жолынан қалмақ қашып екі жарды.
«Иә, бабам, қанішердің әруағы» деп, Қоңқайға ту ұстаған найза салды.
Қоңқай да қамшы басты көк қасқа атқа Сілтеді о да найза Сабалаққа.
Екі ердің қаһарына есі кетіп, Көргендер таң боп қалды екі жақта.
Найзасын тап жүректен нағып тықты,
Қалмақтың қамалының туын жықты.
Әруағы Абылайдың басып кетті,
Қоңқайы болса дағы асқан мықты.
Әруағы Абылайдың келіп қонды
Шыдамай қалмақ қашып быт-шыт болды. Құлатып қасқа атынан Қоңқайды,
Қалмақты найзалады оңды-солды.
Қоңқайдың қарқарасын, белін шешті, Кеудесі лашықтай болып жатты.
«Қатын ер қашқан жауға» дегендей боп,
Барды қазақ қолы қойды ашық.
Қалмақты қуып жеткен қазақ қырды, Ішінде Әбілмансұр бірге жүрді.
Мұқатып дұшпандарын қазақ халқы Шаттанып бәрінің де көңілі тынды.
Қоңқайдың өлексесі жайрап қалды, Басының ұртын тесіп байлап алды. Қазандай алты қарыс бас шарасы Тамаша көрген адам таңға қалды.
Әскерге Әбілмәмбет сөз сөйлейді,
Қуанып асығыстап тез сөйлейді.
– Қалмақтың қамалына қарсы шауып, Батыр кім, жау қашырған? – деп сұрайды.
Ер екен жалғыз өзі мыңға татыр, Ел көрсін көп ішінен мұнда шақыр. Қай ұру, кім нәсілдің тұқымы екен Бар ма өзі іштеріңде, қайсы батыр?
Шақырды біреу барып хабар айтып, Астында ақ сұр атты жүрді ойнатып. Қақ жарып қалың қолды келе жатыр,
Жанында Қоңқай басын салпылдатып.
Сабалақ тура жүріп ханға келді:
– Алдияр, тақсыр хан, – деп сәлем берді. Ханымыз сізге әкелген тартуым, – деп, Қоңқайдың басын жерге тастай берді.
Көрінді дәл қазандай бас шарасы, Шекенің алты қарыс айналасы.
Өмірінде мұндай басты көрмедік деп,
Сол қолдың таңырқады кәрі-жасы.
Еріні үлек бураның ерініндей,
Салбырап мұрны пілдің мұрынындай.
Құлағы, көз шарасы тіптен үлкен, Диюдың ертектегі порымындай.
Батырды хан әуелі танымады, Көңілінде Сабалақ па деп ойлады. Бұрынғы жылқы баққан келбеті жоқ Қызыл қан тұла бойын малынады.
Кигені үстіндегі сұр құлпы шекпен Қып-қызыл екі көзі қан боп кеткен. Түріне адам шыдап тұрар емес
Көкпеңбек зәрі шыққан екі беттен.
Мансұрдың ерлігі асты сонша қолдан, Басына бақыт орнап әруақ қонған.
Қолдаушы бойына кеп орнаған соң Көрініп түр-нұсқасы өзге болған.
Хан:
– Келдің бе аман-есен, жан шырағым, Сен бе едің қамал бұзған Сабалағым. Көп үшін жаратылған ер екенсің Өлгенше арта берсін, батыр, бағаң.
Тұрғанда қалмақ қуып, қазақты айдап,
Арландың еркектікпен қаның қайнап.
Сабалақ өз атыңды ұрандамай Қамалға қалай шаптың Абылайлап?
Сабалақ:
–Арғы атам болған екен ер Абылай, Қанішер атаныпты өз уағында-ай.
Көтердім әруақты ердің әруағын, Шапқаным өз атамды ұран қылмай.
Хан:
–Бізбенен туыс екен арғы затың Білмедім неше атадан айрылатын.
Ақжолды қамал бұзған ұран болды,
Абылай болсын, ерім, сенің де атың.
Ескерту сізге айтайын сөзім менің Не лайық еңбегіңе ерім сенің.
Алдың ғой жаудан қорғап отаныңды, Болады қазақ ұруы сенің елің.
Сөзімнің мазмұнына құлағың сал, Сенікі бөтен емес мендегі мал.
Болмайтын сағатында деп ойланба,
«Сары алтын – сабыр түбі» деген мақал.
Келеді үйлеріне ерлер қайтып,
Ерлігін Абылайдың бәрі де айтып. Сүйретіп Қоңқайдың бас порымын Естіген елдің бәрін таңырқатып.
Жақын боп ел танысты Абылаймен Ерлігі қамал бұзған көзі көрген.
Жүріпті жолдастасып жұрты ол да Үйсінде Дулат, Жаныс, Қаратаймен.
Үш жүзді үш орда ғып үшке бөліп, Арғынға Сәмекені хан қып беріп. Орта жүз сол мезгілде хансыз қалды
Ауырып ажал жетіп Сәмеке өліп.
Орта жүз Сәмеке өліп хансыз қалды, Ордасы Көкшетауға ел жиналды
«Сентірі Түркістаннан хан сұра» деп Қарауыл дуылдайды, көп ұйғарды.
Дәулетбай жүріп кетті Түркістанға Барыпты Әбілмәмбет үлкен ханға. Естіртіп Сәмекенің өлгендігін Біраз күн тұрақтап тұрды сонда.
Естіді Сәмекенің өлгендігін
Орта жүз хансыз енді қалғандығын Бас қосып Көкшетауда орта жүздер
Хан сұрап Дәулетбайдың келгендігін.
Дәулетбай орта жүзден іздеп келді, Сол елге Абылайды хан ғып берді. Жасында жиырма бес сол жылында Орнына Сәмекенің биледі елді.
Азырақ сөйлеп өттім осы жөнді, Хан болып әділетті биледі елді. Келісіп орта жүздің адамдары,
Қазы ғып жеті жарғы сайлап берді.