Бөгенбай батырдың бірінші жорығы (Молдажан Жадайұлы нұсқасы)

Сөйлейін бір хикая өткендерден, Артында аты қалған батыр ерден . Дерегім дәлелдейін тіл мен құлақ, Мен емес шежіре оқып көзбен көрген. Болмасын тағы менде мақтау-боқтау, Тек қана істеп кеткен істен тоқтау. Аяңды жақсы үйренбей жорға болу, Әуелі, атқа да ұят шоқырақтау. Естіген талай сөзді кәрі құлақ, Қылмайма естіген с...

Қазақша
Бөгенбай батырдың бірінші жорығы (Молдажан Жадайұлы нұсқасы)
Сөйлейін бір хикая өткендерден, Артында аты қалған батыр ерден . Дерегім дәлелдейін тіл мен құлақ, Мен емес шежіре оқып көзбен көрген. Болмасын тағы менде мақтау-боқтау, Тек қана істеп кеткен істен тоқтау. Аяңды жақсы үйренбей жорға болу, Әуелі, атқа да ұят шоқырақтау. Естіген талай сөзді кәрі құлақ, Қылмайма естіген сөз мида тұрақ. Қартайып ми азайып шайқалса да, Сөйлейін білгенімді бір азырақ. Ескі сөз ертегілер ел ауызында, Бір жерге қосыла алмай жүр бытырап. Айтқан сөз біреу олай, біреу былай, Жыртылған ескі нәрсе тозыңқырап. Шуда жіп, жуан ине бар құралым, Көрейін еңбек қылып құрап-жамап. Бір шебер машинеге салса ерінбей, Болмай ма жұрт көрелік жап-жақсы зат. Ескіні жаңалыққа айналдырған, Ағымы заманның бізге сабақ. Жасарып мен де жаңа болмаймын ба, Тусам да бұл заманнан бұрынырақ. “Олақтық оңбасын” деп қарғаймын да, Деп айтып қателессем басты құлақ. Ізінен ғылым-білім шықпаған соң, Шіркін-әй, болмай тұр-ау өте ұнамдырақ. Алды-арты қараңғыға бірдей тұйық, Сөкпеңіз, тыңдағандар, мені сынап. Байқасақ бұрынғы замананы, Болыпты төрелерде қазақ ханы. Ел қамы, шеннің қамы екі түрлі, Төрелер қайыссы болып табылады? Сәмеке, Әбілқайыр, Әбілмәмбет, Бұлардың қарауында қазақ қалды. Басшысы ойлап кетіп бас пайдасын, Қалыпты орындалмай ел арманы. Қалмақтан соққы көріп Сыр бойында, Дәлел сол Арқаға ауып шұбырғаны. Қазақтың белгісіз ғой арғы жері, Белгілі көзге түсер із шамалы. Әйтеуір сыр бойында жүрді дейді, Сағанақ деген қала орталығы. Ғасырдың он екі, он бес арасында, Құралып Сыр бойынан табылғаны. Кім болды, қайда жүреді одан бұрын, Белгісіз кімнің-кімге бағынғаны. “Ақтабан шұбырынды” дейтін жорық Көтеріп шымылдығын айқындады. Жаулық боп қазақ, қалмақ ортасында, Ел шауып бір-бірінен жылқы алады. Ел қорғап еңбек қылған сол жаз бойда, Қазақтың қол бастаған батырлары. Біреуі сол батырдың – ер Бөгенбай, Орта жүз руынан арғын табы. Бөкеңнің тоғызыншы атасы екен Арғынның нәсілінен Қанжығалы. Атанып Қанжығалы қарт Бөгенбай, Артқыға осы күнде ұран қалды. Жас Жантай ақылшы, Атан жеткіншегі, Бөкеңнің жамағайын туыстары. Екі жүз жиырма жылдай бұдан бұрын, Қалмақ пен Бөкең соғысқаны. Ескі сөз естігеннің есте барын Отырмын әңгіме ғып қозғағалы. Сөз қылып қозғайтыным бір Бөгенбай, Батырлар Бөкең тұсында болған талай. Тозғындап Сырдан қазақ үріккен кезде, Бастары кеткен екен қосыла алмай. Ел бермей елге билік қаша берген, Есалаң қасқыр тиіп үріккен қойдай. Әр таптың батырлары өз бетімен Ел сақтап кеткен екен айырла алмай. Бастарын батыр бидің қосқан кезі, Тұсында таққа мінген хан Абылай. Бөкеңді жеке талдап сөйлеушінің, Әлеумет, тыңдасаңыз жайы осылай. Ер өткен қанжығалы қарт Бөгенбай, Сол ердің өмір тарихы болған қандай. Нобайлап жұрт айтқанмен әңгіме ғып, Тіпті көп қалған жері орындалмай. Отыз жас шамасында Сырдан көшкен, Тарихтан әркім іздеп жүр таба алмай. Мың жеті жүз жиырма үшінші жылы шамасы Үркіпті Сыр бойында қазақ қалмай. Ел екен бейбіт жатқан жайлап Сырды, Қапыда қалмақ шауып қырғын қылды. Үрерге ит, сығарына биті қалмай, Бет алып Сарыарқаға ел шұбырды. “Ақтабан шұбырынды” дейтұғын сол, Жолшыбай аштан өліп көп қырылды. Келгенде Ұлытауға біраз тоқтап, Қалғаны қырылғаннан есін жиды. Жанына жау жарасы батқан халық Сол жерде сұрыптапты батыр биді. Ол кезде батыр Бөкең тақуа адам, Ешкімді күшім бар деп жауламаған. Қазақтың қара ғана биі болып, Тоқтатып елді тыйған дау-жанжалдан. Амалсыз атқа мінген батыр болып, Көрген соң қазақ қорлық қалмақтардан. Жолдассыз бір жағдайда жалғыз жүріп, Арқаның қоныс қарап жерін шалған. Жолдассыз жалғыз жүру себеп мынау – Бай салғырт, батыр аңғырт дейді омырау. Сарысу, Нұраға кеп елдің алды, Қалмақты қолға түскен қылған талау. Арғынның кейін қалады қалың елі, Азғана ел бөлініп шыққан қанжығалы. Баласы жеті момын быт-шыт болып, Қалмақтың қатты тиген соққылары. Сары жетім кіші жүзде Шақшақ елі, Шыңғысқа тобықтыға бертін келді. Атығай – қарауылмен, бәсентиін Арғынның дүрмегінде жүре берді. Дейтұғын жеті момын осы халық, Бұлар момын шешейден туған анық. Момынның бір баласы Қанжығалы Деп солай дәлелдейді кәрі тарих. Қалмақтар бұл алапта көшіп жүрген, Арқаның кең даласын кешіп жүрген. Орталық мәдениет жоқ бұларда да, Даланың аңындай боп босып жүрген. Бір күні елін жиды ер Бөгенбай, Кейінгі ел келуіне аялдамай. Жолдасы төрт батырға ақылдасты – Толыбай, Досай мен Атан, Жантай. “Жетпеспіз көшпен қуып қашқан елді, Буайық тәуекелге байлап белді. Ашығып ел жүдесе қиын болар, Бетке алып күн шығысқа жүргім келді”. Дейтұғын Мәмбет ұлы Атан батыр, Бөкеңмен бала жастан қосқан ақыл. Толыбай, Досай менен Жантай қошеметпен Батырдың айтқан сөзін көрді мақұл. Мейрамның Толыбай батыр ол бір ері, Айдабол Сүйіндіктен шыққан тегі. Аз елмен о да көшіп, елін бастап, Бөкеңмен қанаттас боп келген еді. Бұл жерде түгел де емес қанжығалы, Жаусырап озып шыққан батырлары. Іретті жігіттері – бәрі жеп бас, Малмаяқ мешулері кейін қалды. Жинағы бес батырға ерген елдің, Үй дейді екі-ақ жүздей ел долбары. Сөйлесті кеңес қылып жол жабдығын, Аз елдің басын құрап батырлары. Бөгенбай сөз беріпті Атан ерге, Екен деп бұл не айтады сынағалы. Сөйледі сөз берген соң Атан батыр, Кісі екен майда сөзді, жібек ақыл. – Шырмалған жау торына деп айтады, Сақтанбай бейбіт жатып қазақ қапыл. Ел шеті жаудың беті осы қоныс, Айтайын ұнатсаңыз мен бір ақыл. Іреттеп қол жартысын бөліп алып, Ел сақтап қалсын мында екі батыр. Ашыққан қазақ та жау, қалмақ та жау, Қалуы елдің ессіз емес мақұл. Малыбай Досаймен елде қалып, Бөкеңмен Атан, Жантай ереді ақыр. Бір жүздей адам ертіп қол мөлшері, Бет алып Күншығысты келе жатыр. Нұраның басын көктей кесіп өтті, Есілдің аңғарына қойып бетті. Бейсауат көз үшінде бір топ қара Көзіне батырлардың көрініпті. Білмейді аң ба, мал ма, я адам ба, Көрген соң о да қашып жөнеліпті. Бұлар да болжай алмай не екенін, Ат қойып қашқан затты қуып кетті. Бұл қашқан құлан болды байқағанда, Шоқтай боп жұбын жазбай жөнеліпті. “Аң болса қумайық” деп тоқтағанда, Кездейсоқ бір қос атты бола кетті. Батырлар ақылдасты мұны көріп, Келмейді шақырса да атой беріп. Күншығыс қайсысы деп бетін түзеп, Барады қашып кетіп ол жөнеліп. Шалғыншы-қарауылшы десті бұлар, Бұл жұртын дүрліктірмек хабар беріп. Аптығып аласұрды Жантай батыр, “Суытбай бізде ізінен жөнелік”. Жантайға Бөкең сонда ақыл салды, Шұбалып қолдың арты кейін қалды. Аттары арық шеру, бәрі мешеу, Бізге еріп олар, сірә, жүре алмайды. Далаға тастап кету жөн бола ма, Ылғи жас жол көрмеген балаларды. “Асығыс – шайтан ісі” деген қайда, “Емес пе бас амандық олжа алды”. Үшеуі ақылдасты сонда тұрып, Жүретін жолдарына план құрып: – Қуайын қос аттыны, – дейді Бөкең, Кейін қайт екеуіңіз сабыр қылып. Шашылған қолдың артын жинап алып, Тоқтарсыз бір-екі күн тынықтырып. Жобамен менің кеткен келерсіздер, Құдайға тапсыр, кетсем жазым болып. Дейді Атан: – Лайықба жалғыз бару, Бізге ұят, үлкен намыс сізден қалу. Артында бекіністе қалың жау бар, Жөні сол – қос аттының қайта салу. Жолдаспен бірге өлгенде арман бар ма, Аянбай ашық жұмсап жауға қару. Жата ма батырлыққа, – дейді, – Бөке, У ішіп көре-біле өле қалу. Болмайды Бөкең қанша тоқтау салса, Алысты оймен шолып оймен шалса. Жүректің кілтін ашып шын сырының Сөз айтты Бөкең сонда бір тамаша: – Жеткіншек бауырларым, ұқ, – деп айтты, Залымнан зәбір көріп жұрт жыласа, Жаудан кек әперетін елін қорғап. Құдайдан зарыққан ел ер сұраса, Сол елдің бірі болып есептеліп. Артқымда өзім өліп, ізім қалса, Барлаушы өткен күнді болмай қоймас. Сол кезде атыңды атап, ауызына алса, Өлсем де болмаймын ба өлмегендей. Ісім боп сүйінерлік жұрт таңдаса, Тигенге өзің тимей, шыдау қиын. Қорлыққа көне беру айуанша, Жауменен жағаласпау бұрыс па екен? Құр жылап, көз уқалау балаларша, Ел қорғау – ерге борыш кешілмейтін. Ер сол ғой сол борышын жақсы атқарса, Шарықтап дүниені кезген шақта. Қыранның құйрығы бар қанат талса, Сол құйрық сіз болмақсыз, бауырларым. Ағаңыз жазым болып жауда қалса, Қазақтың қалмаққа жоқ еш жазығы. Тексеріп әділ Құдай өлшеуге алса, Құралып бір қосылар қазақ басы. Жете алмай жайлаулары кейін қалса, Алдынан жер босатып қоныс тауып. Қоялық жолымызды Алла оңдаса, Көп заман жүрдім кірмей мұндай іске, Көз жұмып құр шұлғумен сопыларша. Қазақтың тегіс сәлем баласына, Ризамын құрбандыққа мені шалса. Толғанып долдық билеп кетті, батыр, Арбасқан апсинменен оқ жыланша. Мынадай Бөкең тағы айтты нұсқа, Атанжан, жас Жантайды байқап ұста. Қанды көз, алғыр қыран мұзбалағым Қалмасын жазым болып түсіп тасқа. Шабыты келсе, тұрғы таңдамайтын, Ұқсаған мінезі бар қыран құсқа. Алыстан көруші едің ақылменен, Кетпесін жолдас болып асығысқа. Халқына қауіп туған уақытта, Түскеннен арманы жоқ сандалысқа. Ерігіп ер келсе, қақпа бетін, Жалғыз-ақ үзеңгі бауын мықтап ұста. Екеуі қала берді амандасып, Бет алып тартты жалғыз Күншығысқа. Хош айтып жүріп кетті Бөкең батыр, Астында жамбы кер ат, қолда шатыр. Көк мұнар жайып қойған керегедей, Бетке алып тізбек тауды келе жатыр. Шағында талма түсте шыққан екен, Күн батып, намаз шамның болды-ау ақыр. Кездесіпті сол арада бір үлкен көл, “Тынығып, қонайын” деп ойлады ақыр. Кер атты таң асырып байлап тастап, Қаперсіз қалды жатып бейқам батыр. Өзінің мезгілінде таң бозарды, Көлден құс “тұр” дегендей қиқу салды. Суатқа дәрет ала барған батыр Сол жерден бір айбалта тауып алды. Екі аттың ізі жатыр құмға батқан, “Қалған, – деп, – қос аттыдан мұны аңғарды. Еншалла, жолым болар бұл сапарда”, Деп Бөкең жау қаруын ырымдады. Айбалта болып қиақ қара қапты, Жебесі жырта қарыс ырғай сапты. Ығында бір биік тұр осы көлдің, Балтаны соған шығып жерге шапты. Суырып қалтасынан орамалын, Сабына айбалтаның ту байлапты. “Кез болса Атан шешер осыны” деп, Қалдырды Бөкең сүйтіп бір жұмбақты. Жөніне жүріп батыр кете барсын, Сөйлейін енді аз ғана артқы жақты. Атанмен батыр Жантай кейін барды, Шашылған қолдың артын жиып алды. Тынығып бір-екі күн сол арада, Жобамен Бөкең кеткен аяңдады. Бұлар да әлгі көлге келді жаңа, Тартады қарыны ашқандар судан қоға. Сал байлап бозбалалар көлге түсіп, Кәні боп тойып қалды жұмыртқаға. Тынығып, тыраңдасып жатты көлде, Қарауыл қарау керек Атан ерге. Басына бір биіктің шығып еді, Балта ұңғылатып оңайлап шапқан жерге. Сабына орамалдан ту байлапты, Ұйғарды мұны істеген Бөкеңдерге. Бөкеңнің оймен шешіп бұл жұмбағын, Мәнісін түсіндірді жатқан елге. “Балтаны Бөкең болар жерге шапқан, Ол мысал осы арада жат” деп айтқан. – Сабына балтаның ту байлағаны, Қарауыл қатты қойып деген сақтан. Айналып бір келеді осы араға, Тапқаным менің осы бұл жұмбақтан. Осы көл десіп бізге жайлы қоныс, Тойғандар жұмыртқаға бек ұнатқан. Орнығып аунап-қунап бұлар жатты, Асады жұмыртқа әкеп күнде бақыр. Түс көріп ұйқысында қатты шошып, Ақыра түрегелді Жантай батыр: – Атты ертте, ал жүрелік жатып болмас, Атанды қарауылдан жылдам шақыр. Кісі екен шапшаң мінез, тым күйгелек, Қоймады көпшілікке дегбір ақыл. Мұны естіп қарауылдан Атан келген, Сұрайды “не болды?” деп Жантай ерден. Қанталап екі көзі, ашу билеп, Атанға айтты сонда түсін көрген: – Шошындым қорқынышты бір түс көріп, Теңізге Бөкем түсті қайық мініп. Көтеріліп көл жүзінде қалың толқын, Қып-қызыл судың беті қанды көбік. Қайығы батар-батбас суға толып, Жүрмейді ессе дағы бір жөнделіп. Қағып жүр көп толқынды қанатымен, Аспаннан ақтұйғын құс ағып келіп. Білмеймін ақырының не болғанын, Жорышы зерек едің ой жіберіп. Ойлады жорымаққа Атан түсін, – Қосасыз қорқынышқа мұның несін. Қорқыныш емес, түсің қуаныш қой, Жориын бересіз бе сүйінішсін? Бөкешім көлге жүзсе олжа дағы, Теңіздей тегін олжа табылмағы. Қолына ескек алып, қайыққа мінсе, Жанбыгер астындағы арғымағы. Малтығып қайық суға жүзе алмаса, Арықтап жануардың болдырғаны. Майданға кірген болар осы сағат, Жүр екен аттан келмей ердің бабы. Кездескен көл жүзінде қалың толқын, Қаупі бар қамалаған жау болмағы. Қаптаған судың бетін қанды көбік, Ол жаудан маңыз кетіп қырылғаны. Толқынды қағып жүрген ақтұйғын құс Бөкеңдей әруақты ердің бағы. Нәрсе жоқ бақыт жеңбес дүниеде, Түсіңнің осы болды жорымағы. Шабытқа ұшар күнің әлі кейін, Батырдың алғыр қыран мұзбалағы. Сабыр қыл, тоқта Жантай, жібермеймін, Бөкеңнің бар ма есіңде тапсырғаны? Тоқтады амалсыздан Жантай ақыр, Тоқтатты Атан толғап айтып ақыл. Кездесті қандай кепке, қайда барды, Жаңағы жалғыз кеткен Бөкең батыр. Арқаның Бөкең кезді сар даласын, Танысып бәрін көрді сай-саласын. Жағалап Кәрітауға кірген кезде, Бір қалың көрген екен қол қарасын. Бұл жерді мекен қылған шың деген жұрт, Қазаққа дұшпандығы тіпті басым. Деп естіп сары Ұлытауға қазақ келді, Табуға жиған екен бозбаласын. Қос атты осы қолдың шалғыншысы, Мөлшерлеп өлшегенде сөз шарасын. Қалмақтың бұл бір тобы байқағанда, Айтады таратқандар ат атасын. Білмейді Бөкең қолдың кім екенін, Періме, я шайтанба, жын екенін. Соғысқа бірінші рет кірген жері Осы екен бақытын сынап ер Бөкеңнің. “Тимесе өзі маған, мен тимеймін, Неғылам қанын жүктеп бұл шіркіннің”. Қалмақша ұран салып, қамап алды, Сезінді сонда батыр жау екенін. Төрт жүз қол бір кісімен соғыс салды, Доптай боп талай бастар домаланды. Кетеді біреу ұрып, біреу щауып, Біреулер атып та жүр нысананы. Шарайна белдік белде сауыт-сайман, Бастыра киген батыр дулығаны. Күмістен нақыстаған алтынменен Қылыштың жарқылдайды балдақтары. Ашулы арыстандай түсі суық, Тандырды жауды есінен айбаттары. Сықылды жайдың оғы шапшаңдығы, Қашқанды құтқармайды арғымағы. Мысалы тұтатылған бір сіріңке, Тоғайды қалың орман жандырады. Өлген өліп, өлмеген жан сауғалап, Қалмақтың қалың қолы ыдырады. Соғысқа кірмей бата шеттеп жүрген, Ішінде күрең атты біреу бар-ды. Ақырда Бөкеңменен қарсыласып, Қасында аз кісі бар осы қалды. Астында күрең тұлпар сондай жүйрік, Күннен-күн асқан сайын зымырады. “А, шіркін, жылқы болсаң осындай бол!” деп, Батырдың көңіліне ат ұнады. Әр жерде мұны Бөкең бетке алды, Қуғанмен жамбы кер ат жете алмады. Қанша ұрыс салып жүріп осы қалмақ, Батырға қатты берген соққыларды. Қаша ұрыс салып жүріп осы қалмақ, Батырға қатты берген соққыларды. Қашады, ұрады да, жеткізбейді, Аяғы бұл соғыстың көпке ұзайды. Бөкеңнің астындағы жамбы кер ат Жануар мойыны қатып арықтады. Сүрініп алды-артынан белі солқылдап, Көсіліп бұрынғыдай шаба алмады. Шабысқа желіс тұрсын жарай алмай, Бір кезде оқыранып тұра қалды. Жолдастан айырылғалы дәл жеті күн, Жоқ екен содан бері тыныққаны. Тор соққан тобығынан ақиықтай, Есіл ер аттан қор боп тарығады. Болмайды қанжығасыз ер сірәсіз Жантайдың түс көрген осы шағы. Аттан күй кеткен соң, көп соққы жеп, Батырдың өзі дағы қалжырайды. Еңкейіп сонда Бөкең ат үстінен Қолына жұдырықтай бір тас алды. Айналып ұрмақ болып келген жауды, Маңдайдан сол таспенен періп қалды. Таңдамас бақыт бопты деген осы, Өкіріп күрең аттан жау құлады. Қалмақтың аттан түсіп кесті басын, Батырға мұның дағы өткен зары. “Қылам, – деп, – тірі болсам сені қоныс”, Сол таудың тасын Бөкең ырымдады Қамданды енді Бөкең атты ұстауға, Ат екен қару қылар мініп жауға. Үстінде ер-тоқымы құйрық тігіп, Бет қойып ат қашады Кәрітауға. Көп қуды ұстаймын деп атты батыр, Қуғанмен ат жеткізбей келе жатыр. Ат кіріп Кәрітауға адастырып, Батырға ұстатпай-ақ кетті-ау ақыр. Соғысқан бағанағы жерге барды, Үйіліп төбе-төбе өлік қалды. Үш жүз тоқымды жинап алып, Баяғы балта шапқан көлге салды. Тынбастан тығыз айдап екі арада, Көліне өзі қонған жақындады. Отырған қарауылды батыр Атан Шоғырмақ қарасынды көзі шалды. “Япырм-ай, жау болар ма, неғылған топ?!”, Ақылға салып Атан көп ойланды. “Ақырын күтіп байқап көрейінші, Нобайы Бөкең кеткен жобаларды”. Бермеді қолға хабар дүрліктіріп, Бар екен сол сияқты сабырлары. Отырды үміт-қауіп қарасында, Сүйткенше Бөкең дағы келіп қалды. Үш жүздей ер-тоқымды жылқы айдаған, Екені мұның Бөкең танылады. “Сүйінші, келе жатыр Бөкешім!” деп, Ойдағы жатқандарға айқай салды. Атты шауып, жаяуы жүгірісіп, Қой менен қозыдай боп жамырады. Қосылды бір-біріне сол арада, Ат мінді мінгескендер жеке-дара. Ат мініп жабдықтады ер-тоқымды, Мал сойып тамақтанып батты олжаға. Баяғы балта шапқан тау басына Белгі қып тастан қалап үйді оба. Жүрсін деп ұмтылмай көңілімізде, Ат қойған осы тауға “Балтақара”. Биігі Балтақара дейді осы күн, Осындай себептерден қалған жора. Шалқары Балтақара дейді осы күні, Үлкен көл жұмыртқалы сол арада. Тынығып осы арада біраз жатты, Қайғылы Бөкең ойлап Күрең атты. “Не екен, – деп, – ер қанаты білесіз бе?”, Атанға Бөкең айтты бір жұмбақты. “Ат болмақ ер қанаты” деген сөзді, Байқамай Атан сонда айтып салды. “Күреңді іздеп таппай жүрмейін” деп, Наза боп батыр тұрмай жатып апты. Жүзден жүйрік мініп ала жаздан, Соққысы бір қалмақтың жаман батты. Қашқанда құтылады, қуса жетет, Шіркін-ай, сол ат мені таңырқатты. Батырдың қарап тұрсаң жағдайына, Сұлуға ғашық болған ер сияқты. “Қайтсе де сол атты іздеп табармыз” деп, Жас Жантай, ақылшы Атан мақұлдапты. Бар қолдың іренішсіз барлығы да Іздеуге бет түзеді Күрең атты. Атты іздеп Кәрітауға қайта келді, Қасына ту көтеріп бар қол ерді. Арылтып Кәрітаудың сай-саласын, Күреңді қашып кеткен іздейді енді. Жүргенде бөлек-бөлек тауды сүзіп, Бір топқа ат ерімен кез келеді. Шаптырды сүйінші Бөгенбайға, Бір аптық далақ қағып жетіп келді. Аузына ат деген сөз түспей қалып, “Ерімен, ерімен” деп айта берді. “Тауды айтып ерімен деп тұрсың” деп, Мазақ қып әлгі адамға жұрт күледі. Қазақтың ұзын бұраң жалпақ тілі Сол тауға “Ереймен” деп атақ берді. Ереймен атаныпты содан былай, Болмаса негізгі аты Кәрітау еді. Аттың сыны Жұрт көріп таңырқапты Күрең атты, Бір сыншы айналдырып көп сынапты. Тұлпардың мүшесі бар денесінде, Таңдамас арық-семіз күй мен бапты. Күдірден күдір асса, Тұлғасы жануардың бар сияқты. Мынау ор, мынау ылди демес шапса, Жалғыз-ақ болар депті басы қатты. Алды-артын айналдырып көріп-көріп, Мүшесін түгел талдап баяндапты. Түйенің шоқтық жері өркешіндей, Кетпейтін ер мойнына тиянақты. Салпы ерін, кең танаулы, қалың езу, Ойламас шөлде жүрсе сусамақты. Сүрінбес қиын жерде, я жығылмас, Тік бақай, жуан сіңір, сом тұяқты. Дыбысты түстік жерден сезетұғын, Естігіш, сергек екен тік құлақты. Кең келген көтендігі ала майлы, Күй таңдап керек қылмас жарамақты. Кең құрсақ, кебеже қарын, қабырғалы, Жесе де тамақ қылар топырақты. Құндыздай құлпыратын асыл жүнді, Тер төгіп көксемейтін аунамақты. Қыл түбі құйрығының жуан екен, Білмейтін сары аязда бұл тоңбақты. Қысқа жон, ұзын бауыр жазық екен, Үстіне мінген адам болар бақты. Өткізіп сыншының сынауынан, Ер салып атты Бөкең мініп апты. Ол тағы Кәрітауды аралады, Бір тайпа ел көшіп жүрген табылады. Адам жоқ қол көтеріп қарсы келер, Шығармай қыннан қылыш шауып алды. Соғыс та Бөкең кірген бітсе керек, Бұл елдің бас көтерер батырлары Қазына, қамқа, торғын алды бұйым, Толтырып тоғанаққа талай нарды. Алмайды қара малды мал екен деп, Айдапты табын-табын жылқыларды. Ат мініп, киім киіп, батты олжаға, Батырдың құстай түлеп жолдастары. Күн көріс қара малын қылсын депті, Жазықсыз кемпір мен шал, балалары. Біреулері наразылық қылса керек, “Осы елге мал қалдыру жарамайды”. Сөйлепті үгіт сөзін ақыл айтып, Бөкеңдей қол бастаған ағалары. “Өзіңе қарсы келіп қаруласқан, Өзіне-өзі обалы жаудың қаны. Кемпір-шал, жас балада жазық бар ма, Сондайың өздеріңнің қайда қалды. Өлшеусіз жыртқыш болу жарай ма екен, Дым шығып кете беру шектен әрі. Кеселі ер жолының ынсапсыздық, Ашылып кете берсе тіпті араны. Өзімшіл, күншіл, күндес көрсеқызар, Қалдыру керек сондай салт-сананы”. Қысқаша түсіндіріп ақыл сөзін, Ақырын осыменен тамамдады. Олжаға әбден тойып ырғап-жырғап, Кейінгі Сарысудағы елге барды. Елде жоқ тамақ, киім жүдеу екен, Ауқат қып судан сүзіп балықтарды. Батырдың ең алғашқы сапарында-ақ Бұрынғы шараға ел толып қалды. Қараша қауыз туды, салқын түсіп, Қам қылды ел осы араға қыстағалы. Ел үшін еңбек қылған ер Бөгенбай Атақты батыр басшы сол жерді алды. Осы жыл Сарысуды қыстап қапты, Халінен кейінгі елдің хабар алыпты. “Кіші жүз ауды – деген хабар келді, – Бетке алып Ырғыз,Торғай, Орал жақты”. Атығай – қарауыл мен басентиін Момынның бірталайы сонда қапты. Тобықты, сары жетім, шақшақ момын Бастары ел ауғанда қосылмапты. Арғынның қалың елі орталықта, Даласын Арал, Каспий жағалапты. Әр елдің өз ішінен шыққан батыр Бөкеңдей о да халқын асырапты. Қалмақтың көшпелі елін арқадағы Тұс-тұстан қойдай қырып шапқын сапты. Халқына кіші жүздің бастық екен, Хан болып Әбілқайыр мінген тақты. Мың жеті жүз қырқыншы жыл шамасы, Патшаға сол бастапты бағынбақты. Патшадан дүбараңдық шен алмаққа, Өзеннен Еділ деген қала сапты. Разы болмай бұған қалған момын, Тауыпты содан кейін бұл алапты. Білмеймін кездескенін қандай себеп, Сары жетім шақшақ елі көшпей қапты. Әр батыр қоныс алып өз күшімен Қалмақты қуып шауып жер босатты. Бастаған батырлардың тізесімен Қоныс қып Сарыарқаны ел тарапты. Бөгенбай Толыбаймен бұрын келіп, Шақырған “кел мұндалап” әруақты. Момын мен сүйіндіктің көршілігі Жобасын байқасаңыз сол сияқты. Таласы әркімдердің бар осыған, Сөз айтса мен тоқтатар ем тиянақты. Бөгенбай Толыбаймен ел шапқанда, Дейді олар: “өзге батыр қайда қапты?” Қысқасы әрқайсының бір-бір дәптер, Жеке айтып керек қылар талдамақты. Қуандық, Сүйіндіктің ауған елі, Таяп кеп Ұлытауға тоқырапты. Қуандық руынан Тілен батыр, Әңгіме бұл ерде де бар сияқты. Ол үшін еңбек қылып батырлықпен Көшпелі қалмақ елін тынбай шапты. Тіленнің тізесіне шыдай алмай, Қалмақтар көшіп-қашып бой ұзатты. Қасқырдан үріккен қойдай қашқан қалмақ. Бір тауды бекініс қып қорғалапты. Артынан қуған батыр тауып алып, Бұл елді осы жолда жаман шапты. “Тілек жоқ Тілен келсе біздің деген”, Қалмақта мақал болып сөз тарапты. Шөгерген бір салаға тоқсан нарды, Жүк артқан бәріне де тоғанақты. Арылтып осы таудың ой-шұңқырын, Мұны да батыр Тілен іздеп тапты. Тоқсан нар шөгерген тау нар шөккендей, Мәңгілік өлмейтұғын атақ қапты. Қарқаралы, Қарағанды арасында Нобайы осы таудың бар сияқты. Ел үшін қысылған шақ ер сандалып, Жан жолдас, жақын-туыс жауда қалып. Ерлерді жеке-жеке талдамасақ, Болмай ма түсініксіз сөз былғанып. Батыр қайда барды мұнан кейін, Азғана соны талдап сөз қылайын. Қамы үшін қазақ жас баланың Қыс жатты Сарысуды қоныстанып. Көңілі тоқырамай бұл араға, Жаз тағы көрмек болып жерді шолып. Қосылды көшіп келіп осыларға Кейінгі көп арғыннан біраз халық. Сабырлы Қантай келді қарауылдан, Бөкеңнің мұнда екенін хабарланып. Сүйіндік Күлікұлы Сексен келді, Өзінің туыстарын ертіп алып. Атан Сүйіндіктің ту көтеріп, Қосылды Толыбайға ұран салып. Сүйіндік, момын болып басын қосып, Осы екен шыққан жері ыңғайланып. Момын мен сүйіндіктің көршілігін Бұрын да сөйлеймін ауызға алып. Артқы елден жаяу жалпы келіп жатыр, Мал бөліп келгендерге беріп жатыр. Үй болды бес-алты жүз жаз шыққанша, Он шақты қолбасшысы болды батыр. Май туды, бие байлап бой көтеріп, Шалғынды көкорайға құрды шатыр. Жағдайға келешекте жол сызбақ боп, Бас қосып батыр, билер толғайды ақыл. Сол жерде сөз сөйлепті топты жарып, Сүйіндік руынан Толыбай батыр. – Ей, Бөке, сізбен еріп көшіп келдім, Көп болмақ, қарашы, сіздей ердің. Ел сақтап үйде жаттым, еңбегім жоқ, Ризамын, бірдей ғып олжа бөлдің. Түбінде іздеп бізді таппай қоймас, Салмағы кейін жатыр қалың елдің. Тігіліп ел алдынан қарақшы боп, Таңдаулы шұрайлысын алсақ жердің. Ұранын сүйіндіктің шақыруға, Келеді құй болдылап ту көтергім. Бірің би, бірің батыр қандай, Бөке, Қол жайып ықыласты бата берген. Қантай би көтеріліп қолын жайды, Шақырып “әмиінге” Бөгенбайды. “Ерлердің әруақты бірі болып, Тудырсын алдыңнан күн, артыңнан айды”. Күліктің төрт баласын қосып беріп, Көшірді бір тайпа ел ғып Толыбайды. Бастарын Есіл, Нұра кесіп өтіп, Далбаны бетке алғанға көш ұқсайды. Осымен осы батыр бара тұрсын, Сөйлейін тағы талдап Бөгенбайды. Батырлар ақылдасты жер шалмаққа, Бір жерге ел қондырып жұрт салмаққа. Әуелі елдің алдын орнықтырып, Сол жерге артын әкеп жинамаққа. Түзетіп содан кейін жол жабдығын, Аяусыз қалмақ жаудан кек алмаққа. Атанды Жантай шешен қасына ертіп, Тағы да Бөкең өзі мінеді атқа. Тапсырды қалған елді Қантай биге, “Ат пенен күш жина, – деп, – азаматқа”. Досайды басшы қылды қалған қолға, “Сақ болып жата бер, – деп, – малды бақ та. Қалмақтың қалың көшкен сүрлеуімен Тағы да тартты үшеуі Күншығысқа. Шықпаған осы жолда көп қол алып, Әшейін көріп қайтбақ жереді шолып. Үшеуі ақылдасты жүрер бетін, “Қай жерді көреміз, – деп, – сынға салып”. Сөйлейді екеуіне ер Бөгенбай: – Бір іс жүр енді менде орындалмай. Тасымен жауды жығып ырымдап ем, Сол тауға жөн келмес қоныстанбай. Жолдас боп Атан, Жантай қасына ерді, Батырдың айтқан сөзін мақұл көрді. Екеуін таныстырып Ерейменге, Алғашқы соғыс болған жерге келді. Бөкеңнен бұлар кіші жас шамасы, Дейді екен ат атамай, “отағасы”. Басына бір биіктің келіп түсті, Жақпар тас, аққан бұлақ айналасы. Отырды кеңес құрып биік тауда, Мақсатын көңілдегі орындауға. Күндік жер көрінеді сол биіктен, Егерде ерінбесе көз қарауға. Қырандай биік таста отыр қонып, Болмайды жер шаршысын көзбен шолып. Айдын көл жарқыраған талай-талай, Көргенде көз сүйінер жатыр толып. Тоғайлар біттік шыққан көп қалың ну, Кәусардай бұлақтардан ағады су. “Жаз жайлау, қыс қыстауға бірдей екен”, Деседі лайықты қоныстану. Теп-тегіс жазық екен айналасы, Туды ғой адам жерден жер анасы. Еметін жер емшегін заман болса, Халықтың өзгертіліп салт-санасы. Сарбала қара қазан жағдайына Табылар түгел болып шаруасы. Егерде беріп кеткен Ерейменге Үш ердің ақылдасып бар бағасы. Осылай белді байлап, бекітті ойды, “Істерміз көшіп келіп дейді тойды”. Сәйкес қып жаратылыс порымына Тау мен көл, бұлақтардың атын қойды. Көрінді жарқыраған екі үлкен көл, Арасы екеуінің жап-жақын жер. Тауы бар арасында аққан бұлақ, Ат қойды Бөкең соған деп “Қоржынкөл”. Үш таған таудың аты Кереге тас, Дәл солай жаратылыс, анығы рас. Порымына сәйкес келген жердің аты, Бәрі де Бөгенбайдан қалған мирас. Обалы Қоржынкөлге бір жақын тау, Кездескен осы арада алғашқы жау. “Өзіне-өзі обалы шіркіннің” деп, Сол тауға “Обалы” деп ат қойыпты-ау. Тағы да талай жерге қойған атты, Санауға бәрін түгел басым қатты. Алысты отырғанда көзбен шолып, Өздері отырған тау ұмытып қапты. – Ат қоймай осы тауды мен ұмыттым, Атан сен екеумізден бұрын шықтың. Қарауыл таудан көп қараушы ең, Ал енді атын сен қой бұл биіктің. Батырлар басын изеп ырғайды көп, Бірі айтып, бірі шешіп ұнайды деп. Отырды сол арада тәмсіл қылып, Ат қойған Атан батыр “Ырғайлы” деп. Басынан Ырғайлының аттанды ақыр, Жағалап Оңтүстікке келе жатыр. Басына бір биіктің шығып еді, Бауыры толған шұңқыр қара тақыр. Порымына жаратылыс сәйкес қылып, Ат қойған “Мың шұңқыр” деп Жантай батыр. Шеттегі шыға беріс тауға келді, Түсетін аспан жерге ыстық еді. Тастарын күнге қызған қолмен басып, Сол тауға “Күншалған” деп атақ берді. Сол бетпен барған екен Қаракөлге, Бір аю ақырыпты жақын жерде. Атқалы қолға садақ ұстағанда, Бөгенбай былай дейді Жантай ерге: – Итке де қыласың ба оқты шығын, Қой, тоқта, ұят болар, батыр, мұның. Қамшымен жүгіртіп кеп бір тартқанда, Шығармай қатқан екен аю дымын. Үш батыр осылайша жүріп жер шалыпты, Халыққа көшіп келер жол салыпты. Сыртында Қара көлдің биік шоқы, “Аюлы” сол себептен аталыпты. Сол жолы Ерейменге көшіп келді, Қондырды Ырғайлыдан Атан ерді. Атанның Қаратауы атанғаны Қыстап қоныс қылғаннан кейін еді. Шағындау бір көлге кеп Жантай қонған, Көрген мал көшершілік арық болған. Сол жерде мал семіріп майдан баспай, Себебі сол болыпты “Майкөл” қойған. Бөгенбай өзі қонды Қоржынкөлге, Жұрт салды жауды таспен жыққан жерге. Ырымын ойындағы орындады, Үлкендер айтушы еді әңгімеде. Маймасар осы көлде қайтыс болды, Бөкеңнің бірге туған інісі еді. “Ат өлмей, өзі өлсе де қалады” деп, Басына бір биіктің дәпіндеді. “Майекең” деп атаймыз сол биікті, Моласын менің дағы көзім көрді. Сол кәрі тағы айтайын мынадайды, Бертін ол заманнан созы ыңғайлы. Баурына Ерейменнің қоныстанған, Белгілі Қарқабаттың Өтеубайы. Өтекең қылжыр, қисық, сотқар адам, Кісінің айтқанына бағынбаған. “Мен жердің негізі атын қолданам” деп, “Кәрітау” деп бір шоқыға ат байлаған. Баласы Өтеубайдың Зілқара да, Мирас боп бірден-бірге жер қалады. Алдына Сейпаланың тұрған биік Әлі де “Кәрі-ау” деп аталады. Осымен бірінші жорық бітсін тоқтап, Барады сөйлей берсем сөз бұлақтап. Абылай Бөгенбайды жолдас қылып, Айтып жүр әңгімеде жұрт қосақтап. Кішкене тоқталайын Абылайға, Ол күнде ол Абылай жүрген қайда. Туды ма, тумады ма кім біледі, Қалайша жолдас болған Бөгенбайға. Арқадан Оңтүстікке қалмақ қашты, Тауынан Талқы Құлжа әрман асты. Қуып бара жатқанда сол қалмақты, Абылай Бөгенбайға душарласты. Ол күнде Абылай хан болған жоқ, Хан тұрсын, жөні түзу жан болған жоқ. Бір бидің бағады екен қой, түйесін, Кімдерді қорламаған бұл жоқшылық. Сол биге сәлем бере Бөкең барды, Жолдасы Атан, Жантай батырлар-ды. Сынменен бақытын сынап Абылайдың Қоярда қоймай биден сұрап алды. Тоқтадым сөйлемей-ақ ендігіні, Әрине, мен айтпай-ақ жұрт біледі. Абылай Бөгенбайға кездескені Мың жеті жүз отыз сегіз – сол жыл еді. Екінші жорығында Абылайдың Үш жүз боп басын қосқан мезгілі еді. Құтылып Сабалақ аттан Әбілмансұр, Сол топта кім екені белгіленді. Бөкеңнің бірінші жорық жүрген кезі Бұл тұстан он, он бес жыл бұрын еді.
Ағылшын
Бұл тілдегі нұсқа жоқ.
Бұл тілдегі нұсқа жоқ.