Қабанбай батырдың қиссасы. (Шаяхмет Кәрібаев нұсқасы)

Азырақ сөз сөйлейін Қабанбайдан, Адамзат ата-анасыз туар қайдан. Кәпірдің кешегі өткен заманында, Орысқа қарап еді түгел найман. Шабарым, арғымағым, дүлде алғаным, Басынан Арқа ауылдың күн шалғанда. Жиылса арғын, найман, өңкей қазақ, Сөз еді ер Қабанбай ұйғарғаным. Кей жаман қамалады сөз таба алмай, Кей жаман жан сақта...

Қазақша
Қабанбай батырдың қиссасы. (Шаяхмет Кәрібаев нұсқасы)
Азырақ сөз сөйлейін Қабанбайдан, Адамзат ата-анасыз туар қайдан. Кәпірдің кешегі өткен заманында, Орысқа қарап еді түгел найман. Шабарым, арғымағым, дүлде алғаным, Басынан Арқа ауылдың күн шалғанда. Жиылса арғын, найман, өңкей қазақ, Сөз еді ер Қабанбай ұйғарғаным. Кей жаман қамалады сөз таба алмай, Кей жаман жан сақтамас мал баға алмай. Арысын қара текі қырғыз шауып, Қан құсты қайғылы боп ер Қабанбай. Қан құсты қайғылы боп ер Қабанбай, “Қырғыздан кетем бе – деп, – кек ала алмай”. “Намысын Қабанбайдың әперем” деп, Келіпті қанжығалы ер Бөгембай. Келіпті қанжығалы ер Бөгенбай, Ақылды бұлар жатыр жөндей алмай. “Бөгенбай Қабанбаймен бас қосты” деп, Келіпті өзі бас боп төре Аблай. Қолында сұлу қыздың тұрар тарақ, Батырлар жиылған соң жатпас қарап. “Бас қосты төре, қара дегеннен соң”, Келіпті көкжарлыдан Көкжал Барақ. Қабекең жиып алды жамағаты-ай, Шабады жауды көрсе тізгін тартбай. “Бас қосты сонша батыр” дегеннен соң, Келіпті әдейі іздеп ер Дәулетбай. Атқаны батырлардың арқар-құлжа, Табылса атқа түйе тегін олжа. “Бас қосты сонша батыр” дегеннен соң, Келіпті Жиылы таудан Бердіқожа. Қабекең жиып алды жамағатты-ай, Шабады жауды көрсе тізгін тартпай. “Тоқымын жүз кісінің аудармас” деп, Қос атпен алдырыпты Шағалақты-ай. Қос атпен алдырыпты Шағалақты-ай, Шабады жауды көрсе тізгін тартпай. “Сақ еді қарауылға, шалдыртпас” деп, Үйсіннен алдырыпты Ақшабдарды-ай. Үйірден ұстап мінді Қубас атты, Батырлар күндіз жүріп, түнде жатты. Жеріне баратұғын мөлшер қылса, Айында Алатауға әрең жетті. Жылқыдан ондай жылқы туу қайда, Бабына сонда Қубас әрең кепті. Сайманын, қару-жарақ түзетіп ап, Алатауда ат семіртіп бір ай жатты. Бір күні Барақ батыр: – Әйтем, – дейді, Жауыңды алдырмайтын қайтем, – дейді. Далада атым сойып қаңғырмаймын, Қоста бар ер игісі, қайтам, – дейді. Төсекте жаман қатын арам жүрер, Білмеген ата жөнін бала білер. Тәубасы тоқ кісінің болмайтұғын, Біраз күн аш жүрсеңдер тәубә кірер. Қабекең бұл сөзді айтып күлімдейді, Жуықта алар қырғыз блінбейді. Ақ туы Қабекеңның шаншып қойған Тал түсте, жел жоқ, күз жоқ, дүрілдейді. Батырлар мұны көріп шошып қалды, Жүгіріп жүген алып атқа барды. Қабекең Қубас атқа арғып мініп, Ақ туды шаншып қойған жеті айналды. Жігіттер ал дейтұғын, ал дейтұғұн, Ақшабдар қарауылға бар дейтұғұн. Бозбала атыңды ерттеп жеңілтектен, Бір соғыс неқылса да бар дейтұғын. Ақшабдар қарауылға шыға шапты, Астынан тесік тастың қарай ғапты. Қырғыздың өз ішінен бүлік шығып, Бір тайпа ел қырғыз босып келіп қапты. Бір тайпа ел қырғыз босып келіп қапты, Алды-артын қазақ елі қамап апты. Бар екен қырғызда бір данышпан, “Жекіме-жек кел” деп біреу шапты. Мұның аты Әтеке жырық деген, Түсірген талай жаудан олжа тегін. Садақшы, өзі батыр қайраты мол, Өлтіріп талай жауын, алған кегін. Аспаннан қар жауады жерге жастап, “Келдім, кетпейін деп Құдай бастап”. Алдымен ер Бөгенбай кез геп еді, Қоймады оны қырғыз түріп тастап. Қабекең тұр алыстан жауды байқап, Бір кірсем қолтығымның кірісі тарқап. Көкжарлы Көкжал Барақ кез геп еді, Қоймады Дәулетбаймен қоса шайқап. Қабанбай мұны көріп ашуланды, Шақырып Шағалақты қасына алды. Ақ туды Шағалаққа бере салып, Ақ найза алтықырлы қолына алды. Әлі жас ер Қабекең бозбаладан, Қайда екен Барақ нағып бағанадан. Қубасты жанбасына жанып алып, Қырғызды салып қалды бұғанадан. Қырғызды бұлғап алып жерге салды, Дәулетбай түсіп, басын кесіп алды. Қырғыздың жығылғанын көргеннен соң, Зар қағып көштен шыға бір қыз салды. Батырлар жатқан жерге қырғыз келді, Бұл қырғыз түнде келмей, күндіз келді. Қырғыздың жығылғанын көргеннен соң, Жетелеп ақ бас атан сол қыз келді. Батырлар сол арада тоқтайд енді, Найзасын қанға бұлғап шоқтайд енді. Қырғызды өліп жатқан құшақтап ап, Азырақ қыз әкесін жоқтайды енді: – Алакөл тасыр таяз боп, Ер сарғаяр мал аз боп. Қаның бір түртіп көштің бе тап-тату елмен?! Көшпе десем көштің бе, Уықтың бауын шештің бе?! Қазақтың қалып астында, Мүкаммалың шаштың ба?! Аузыңнан алды күлкіңді, Көзіңнен алды ұйқыңды. Ерігіп жатқан көп батыр Араға салды жылқыңды. Түйеден алды теңіңді, Алалмай қалдың кегіңді. Мың кісілік әкекем, Кетірдің нағып ебіңді?! Әуелі келді Бөгенбай, Артынан келді Дәулетбай. Үшінші келді Қабанбай, Қапысын қалдың табалмай. Ебіңді Құдай неге алды, Көкторғай итпен шабалмай?! Біздің қырғыз найзасы – Қарағай ағаш, шорт болды. Қабекеңнің найзасы – Қайың да ағаш, берік болды! Айналайын әкекем, Ажалың неден шорт болды! Айналайын Әтйім, Арыстай болып жатуын! Қазақтан шыққан Қабанбай Қақ жүректен атыуын! Аяқ пенен табақтап, Сөйлейін сөзді сабақтап. Қазақтан шыққан көп батыр, Кеттің ба қойдай тамақтап! Отырмайын, тұрайын, Енді не амал қылайын. Айналайын Қабеке-ай, Өзіңнен сауға сұрайын. Сауға бір берсең, өзін бер, Сөйлеп бір тұрған сөзін бер?! Қиылған ғана қасын бер, Қарайған ғана басын бер?! Сізден болған өлім ғой, Бір Құдайға мәлім ғой. Сұрағаным сіздерден Бір шыбындай жаным ғой. Мені де қатын қыларсың, Ат көтіне саларсың! Қалаулы қатын мен болман, Орнымды сипап қаларсың! Қара бір торқа кигем жоқ, Қара бір жорға мінгем жоқ. Мен жыламай, кім жылар, Артымда сіңлі, інім жоқ. Сары ат мінсем, таға жоқ, Қазине кисем, жағам жоқ. Мен жыламай, кім жылар, Сүйенер алдымда ағам жоқ. Артқанда түйең нар шығар, Ішкенде асың бал шығар. Еңіретпе, қазақ, еңіретпе, Мендей де қызың бар шығар. Қыздың сөзі қанық-ты, Қазақтан да анық-ты. Ер Қабекең көңілшек, Қыз сөзіне қамықты. – Ей жарманлар, жаранлар! Бәріңнің де балаң бар. Бастығың сенің Бөгенбай, Бері маған қараңдар! Мына қызды тонама, Тонап олжа бола ма?! Ана көзден аққан жас, Сірә, бізді қоя ма?! Жоғарғы көшке барыңдар, Көшті шауып алыңдар. Төменгі топқа барыңдар, Топты талап алыңдар. – Осы сөзді “мақұл” деп, Жанның бәрі “ақыл” деп, Жоғарғы көшке барыпты, Көшті шауып алыпты. Төменгі топқа барыпты, Топты талап алыпты. Ерінбейтін Қабекең Шағалақты қасына ап, Қыз күзетіп қалыпты. Қыздың киген киімі Алпыс екі түймелі. Шағалақ жүр жағалап, Қыз бетінен сүйгелі. Қабекңең сонда сөйлейді, Сөйлегенде бүй дейді: – Ей, Шағалақ, Шағалақ, Неғып жүрсің жағалап, Аузы-басың жыбырлап, Қатындардай сыбырлап? Сындырмашы түймесін, Жау бетінен сүймеші. Қайдан білдің, Шағалақ, Көз жасының тимесін. Қыз сөзіне қысылды, Қырғыздың қаны жосылды. Қыз әкесін ап берді, Қыз алдына сап берді. Қыз қайтты сонда төтелеп, Қабең қайтты қосына, Батырлардың артынан Ақбас атан жетелеп. Дәулетбай жетіп келді “ағам ғой” деп, “Қырғызды олжа қылған заман ғой” деп. Жетіп кеп ағасына еркелейді: –Ағеке, бір олжаңды алам ғой, – деп. –Дәулетжан, сөз деп тұрсың несін айтып, Кетпей ме бермей қойсам көңілің қайтып. Жетпістің жетеуіне жасым келді, Жүрейін өле-өлгенше косымды артып. Басы бар ақбас атан жылқы астаудай, Көзі бар тастан аққан тас бастаудай. Арасы екі бұттың ел көшкендей, Өркешке он бес кісі мінгескендей. Нар да емес Ақбас атан, мая да емес, Батырлар айтқан сөзден таяр емес. Екеуі ағайынды кекті болды, “Қой десе” тілді алып қояр емес. Қабекең мына сөзді аңғартады: Дәулетбай, қолыңды жай, ал батамды. Жолыңа сенің келген болсын ырым, Берейін өз үйімнен жеті атанды. – Келіп ем үміт қылып саған таман, Үйіңнен түйе ал деген сөзің жаман. Қырғыздан шауып алған олжа емес, Алуға жеңгем малы маған арам. –Түйенің қызығасың пернесіне, Құдайдың көз жете ме бермесіне. Алмасаң жеті атаңды өз қолымнан, Мұсама міндім бермесіме. –Мұсаңа сен де мінсең бермесіңе, Түйенің қызығасың пернесіне. Қырғыздың сен қимасаң бір тайлағын, Мұсама мен де міндім көрмесіме. Есентай екеуіне бас қолқа айтты, Дәулетбай Қосайды ертіп үйге қайтты. Түйенің үш күн, үш түн жүгін шешпей, Бойына Қызылсудың келіп қапты. Батырлар сол арада күндейді енді, “Батыр жоқ Дәулетбайдай бізде” дейді. “Шақырып шапшаң барып алып кел” деп, Жіберді Шағалақ пен Қожантайды. Жетелеп жеті атанды екеу келді, Ксіге келмейтұғын бекер келді. “Кек қылмай, осыменен келіңіз” деп, Қабекең Дәулетбайға хат жіберді. Сонда да ер Дәулетбай келмей қалды, Бұларға жылы жауап бермей қалды. Дәулетбай шақырғанда келмеген соң, Көңілі Қабекеңнің жаман қалды. Дәулетбай көшіп кепті Қызыл көлге, Бұл хабар мәлім болды талай елге. “Әркімнің өз қылығы өзіне” деп, Қабанбай көшіп кетті Сарыбелге. Екеуі ылайымды кекті болды, Екеуі өкпе шайған өтті болды. Бір қыстай Сарыбелге қыстап шығып, Айырылған қуығынан дертті болды. Айырылған қуығынан болды дертті, Болса да қазаққа сау, өзіне өтті. Ауруын осындайлық естіген соң, Көңілін Бұқар жырау сұрай кепті. Сексеннің сегізінде Бұқар келді, “Бір бидай арпа ішінде қарағым-ай, Сені де көп көрді ме Құдай?!” дейді. Бұқар: – Қарағым, қалқам Қабанбай, Жаратқан сені бір Алла-ай. Өлмейді деп жүруші ем, Мына бір сұмырай заманды-ай. Биік тауға шыққанда, Шәңкіштен алған таяғым, Арқамды күнге күйдірмес Шағырдан алған бояғым. Қашқан жауды құтқармас Белдеуде тұрған пырағым. Сен ауырды дегенді Кеше есітті құлағым. Арғыннан айттым жүз кісі, Найманнан айттым жүз кісі, Үйсіннен айттым жүз кісі – Үш жүз кісі, Қабанбай, Саған айтқан ұлағым. Ендігінің арты едің, Бұрынғының қарты едің. Айтып кетші, Қабанбай, Қай жерде болар тұрағың?! Қабанбай күрк-күрк жөтелді, Шынтақтап басын көтерді. Бұқардан күнді сұрады, Сұрады да жылады. – Бүгін айдың нешесі, Күн жексенбі кешесі. Мен сауымда көргенмін, Дүйсенбі күн өтпекпін. Арызың болса айтып қал, Арманда менде қалмаңдар. Сонда Бұқар сөйлейді, Сөйлегенде бүй деді: – Ақберен деген сауыттың Етегі бар, жеңі жоқ. Ағайынды кісінің Ашуы бар, кегі жоқ. Мен кісіні танысам, Қабанбайдың, жамағат, Адам болар кебі жоқ. Дәулетбайға барыңдар, Барып хабар салыңдар. Мына ағасын көрсін де, Өз қолынан көмсін де. Ақыретте қайтеді, Арыздасып қоштасып, Ықыласын берсін де. Қабанбай сонда сөйледі, Сөйлегенде бүй дейді: – Менің тілімді алыңдар, Бұқардың тілін алмаңдар. Шақырғанмен келмейді, Дәулетбайға бармаңдар. “Өлсең сені көммен деп, Тірі болсаң көрмен” деп, Кетерінде атаған. Жасынан-ақ шіркіннің Мінезі еді қатаған. Сегіз жасар күнінде Серуенге жолға ертіп ем. Тоғыз жасар күнінде Тоғышақ деген бір елден Қыз айттырып беріп ем. Келінім үйге түскенде, Бір сапарға кетіп ем. Алты қырдан асқанда, Аяғын дік-дік басқанда, Ұрғашының деғдары Боласың-ау деуші едім. Қайран да, қайран келініме Дұғай да, дұғай сәлем де. Сонда Бұқар сөйлейді, Сөйлегенде бүй дейді: – Өлінің тілін тірі алмас, Тірінің тілін өлі алмас. Қабекең тілін қойыңдар, Менің тілімді алыңдар. Шағалақ мінсін Қуқбасты, Шынғожа мінсін Бөрте атты, Қосарға алсын төрт атты. Түніменен шабыңдар, Күніменен шабыңдар. Ертеңгі түн болғанша, Қызылсудың бойынан Дәулетбайды табыңдар. Араз екен демеңдер, Өтірік айтып қайтпаңдар. Осылай-осылай деп айтып, Ептеп бір алып қайтыңдар. Осы сөзді “мақұл” деп, Жанның бәрі “ақыл” деп, Шағалақ мінді Қубасты, Шынғожа мінді Бөрте атты, Қосарға алды төрт атты. Түніменен шабады, Күніменен шабады. Ертеңгі түн болғанда, Қызылсудың бойынан Ел жататын уақытта, Дәулетбайды табады. Жетіп келді дүбүрлеп, Шыға келді Дәулетбай: –Дүбірлеген бұл кім? – деп. Шағалық тұрып: – Мен, – деді, –Дауысы белгілі кісі екен, Шағалақбысың, сен? – деді. Шағалақ сонда сөйлейді, Сөйлегенде бүй дейді: – Неге де бекер жүрейін. Қубас аттың үстіне Төрт қап құмды теңдеді. Төрт байыстың баласы Төбеде қалып еңреді. – Тас қорғаның бар екен, Бір шекесі құлады. Қос бәйтерек сен едің, Мінеки, бірің суладың. “Мына қанжауғыр не дейт?” деп, Дәулетбай қайта сұрады. – Сұрағаның құрсын, – деп, Төбеңнен Құдай ұрсын, – деп, Дәулетбайдың қатыны Төсекте жатып жылады. Айналайын қайнағам, Бөтен емес, өз ағам, Тірі күнде көрмедім, Қолымнан сусын бермедім. Аттандырып салмадым, Артыңнан қарап қалмадым. Көзіңді аш, Дәулетбай, Арысыңнан айрылдың, Қанатыңнан қайрылдың. Шыға келді айғайлап, Бетінің қаны тез қайнап. Шыға сала ақырды, Абысынын шақырды: – Ұйқыларың қанбады, Сендерді Құдай алмады. Шолпан туа үйің жық, Таң сарғая жүгіңді арт. Ақсақ-тоқсақ қалмасын, Артыңды қырғыз алмасын. Қатын сүйтіп шөптеп жүр, Төрт атты ұстап ерттеп жүр. Дәулетбай отыр бүктеліп, Ақ бидайдай түктеліп. Қатыны келіп сөйлейді, Сөйлегенде бүй дейді: – Бармаймысың баурыңа, Иен қалған аулыңа? Ертең біреу жыртады, Жағалассаң жағаңды. Ағаекемсіз көрермін Мың кісілік шамаңды. Бармаймысың еліңе, Ауылда қалды иен мал. Құлқының құрғыр, Дәулетбай, Таласқан барып түйеңді ал. Сол уақытта Дәулетбай, Қаттының сөзін қостайды. “Уа, дариға-ай, ағам” деп, Бармағын шайнап тастайды. Олар алды төрт атты, Бұлар алды төрт атты, Сегіз атпен тұңғатты. Түніменен шабады, Күніменен шабады. Ертеңгі түс болғанда, Сарыбелдің бойынан Үш қойшыны табады. Келіні озып барады, “Тәуір ма, – деп, – қайнағам?” Қойшыдан кеп сұрады. Бір қойшы тұрып “білмеймін” деп, Екінші қойшы “білем” дейт. – Түніменен күзеттік, Қолымызбен түзеттік. Сусын берсек, ішпейді, Көсілген аяқ жыйылмайды. Есіктегі сәулеге Сендерді тосып жатырма, Жанлақ-жалтақ қарайды. Онан да өте шабады, Е, дегенше болмайды, Екі белдің астынан Ағасының ауылын Дәулетбай да табады. Ағасының ауылын Көргеннен соң Дәулетбай, “Ой, бауырым” салып шабады. Туысқан бауыр келген соң, “Ой, бауырым” атты берген соң, Толықсып батыр талады. Келіні кіріп келеді, Ағыл-тегіл салады. Дәулетбай кіріп келеді, – Тәуірмісің, қалай? – деп, Қайта-қайта сұрады. Сұраса да Қабекең Талықсып жауап бермеді. Сонда Бұқар сөйлейді, Сөйлегенде бүй дейді: – Сұрағаның құрсында-ай, Тірідей көңлін қалдырдың. Қалдырғанмен қоймадың, Қос атпенен алдырдық, Туысқан сенде жоқ па еді-ай! “Ой, бауырым” салып талдырдың, Еділ менен Жайықтан Қайық салсам өтбейді. Ұран салшы, бозбала, Аруағы болса Қабекең, Бір тілдеспей кетпейді. Сол уақытта тыс жақтан Кіріп келді Шағалақ. Ұран салды айғайлап: – Айналайын Қабеке-ай, Жатырмысың сен тірі?! Қара Емелдің жағасын Алды ғой қырғыз қамалап! Қабекең күрк-күрк жөтелді, Шынтақтап басын көтерді. – Әулиеге ат айтшы, Қорасанға қой айтып, Өлгелі жатқан денемді Түске шейін қатайтшы?! Әулиеге ат айтты, Қарасанға қой айтты. Өлгелі жатқан денесін “Байжігіттің аз едім, Таудан түлкі қоймаған, “Құмарлан” деген тазы едім. Жаудан өлсем шейітпін, Көрге қойса бейітпін. Қорама келіп бұл қырғыз, Мені мұнша кейіттің” Әулиеге ат айтты, Қарасанға қой айтты. Өлегелі жатқан денесін Сол бір кезде қатайтты. Алладан пәрмен сұрады, Орнынан ұшып тұрады. Өзгеден бұрын Шағалақ Алты құлаш белбеумен Тұра сап белін орады. Тұрғанын біліп батырдың, Желбір қағып ақ туы, Шаңырақтан шығып барады. Қабанбай сонда сөйлейді, Сөйлегенде бүй дейді: – Ей, Шағалақ, Шағалақ, Ертіп едім жасыңнан Жүз кісіге бағалап. Е, демге болмай шіркін-ай, Алып келші Қубастың Төрт аяғын тағалап. Алып кел де, ерін сал, Төрт аяғын бостау тарт, Шап айылын бекем тарт. Қартайып еді жануар, Төселіп өнер таба алмас, Жас күніндей шаба алмас...
Ағылшын
Бұл тілдегі нұсқа жоқ.
Бұл тілдегі нұсқа жоқ.