Қазақша
Ер Қабанбай
Қолыма хат жазайын қалам алып,
Бұзылды жылдан жылға заман азып. Аз ғана Қабанбайдан сөз қозғалық, Тыңдасаң жамағаттар құлақ салып.
Аз ғана сөз қозғалық Қабанбайдан, Адамзат ата-анасыз туар қайдан.
Орыстың мына заман заманы деп,
Болыпты түгел бодан тамам найман.
Шұбарым, арғымағым дүлді аламын,
Басынан Арқауылдың күн шалғамын. Бас қосып керей, найман жиылғанда, Сөз енді ер Қабанбайдан ұйғарамын. Кей жаман ақырады сөз таба алмай,
Кей жаман күн көре алмас мал таба алмай. Арасын Қаратеке қырғыз шауып,
Қан құсты қайғы болып ер Қабанбай.
(Қырғыздан қалам ба деп кек ала алмай.) “Намысын Қабекеңнің әперем” деп, Келіпті қанжығалы ер Бөгенбай.
Ақылды бұлар жатыр жөндей алмай. “Бас қосты екі батыр дегеннен” соң, Мұрыннан іздеп кепті би Боранбай.
Қаламды хат жазуға қолға алып ек, Батырға намыс алған бір қанып ек. “Бас қосты бұл үшеуі” дегеннен соң, Керейден іздеп кепті ер Жәнібек.
Ертістің арғы жағы күлдір мамай, Қылышы Кене ағаңның күлдір сарай. “Бас қосты бұл үшеуі” дегеннен соң,
Аттанды өзі бас боп төре Бабай.
Қолында жақсы қыздың алтын тарақ,
Батыр келсе отырмас текке қарап. “Бас қосты төре, қара” дегеннен соң,
Аттанды көк жардыдан көкжал Барақ.
Қабекең жинап жатты жамағатты, Шабады жау дегенде тізгін тартпай. “Аттанды төре, қара” дегеннен соң, Келіпті тоғас Қосай, ер Дәулетбай.
Батырлар жау дегенде тұра шапты,
Сайланып қылыш, найза қолына апты. “Тоқымын жүз кісінің аудармас” деп, Тумадан алдыртыпты Шағалақты.
Қабекең жинап жатыр батырларды, Бодамсыз ерік өзінде неге зарды.
“Сақ еді қарауылға шалдырмас” деп, Үйінен алдыртыпты Ақшабдарды.
Жылқыдан ұстап мінді Қубас атты, Батырлар күндіз жүріп, түнде жатты. Жеріне баратұғын мөлшер қылса,
Айында Алатауға әзер жетті.
Аттары батырлардың арықтапты, Азығы батырлардың түгесіліп, Ат тойынтып бір ай жатты.
Тас басып кеше күндей таудан өтті, Талай ат тәуір деген ұшып кетті.
Жылқыда енді болар тұлпар қайда, Бабына сонда Қубас әзер жетті.
Бір сөзді Барақ батыр айтам дейді,
“Жауыңды алдырмайтын қайтем, – дейді.
Далада атты сойып қаңғырмаймын, Қоста бар ер жақсысы, қайтам дейді”.
“Төсекте жаман қатын әрең жүрер, Білмейтін ата жөнін бала білер.
Тәубесі жоқ кісінің болмайтұғын, Азырақ асықсаңдар әрең жүрер”.
Мұны айтып ер Қабекең күлімдейді, Жуықта олар қырғыз білінбейді.
Ақ туын Қабекеңнің шаншып қойған, Далада жел жоқ, құз жоқ дүрілдейді.
Батырлар мұны көріп сасып қалды, Жүгіріп жүген алып атқа барды.
Қабекең Қубас атқа қарғып мініп, Ақ туды дүрілдеген жеті айналды.
“Жарандар ал деп айтты, ал деп айтты, Ақшабдар қарауылға бар деп айтты.
Бозбала атыңды ерттеп жеңілтіктен Бір соғыс не қылса да бар деп айтты”.
Ақшабдар қарауылға тура шапты, Жан-жаққа тауға шығып көзін сапты.
Қырғыздың өз ішінен бүлік шығып, Бір тайпа ел қырғыз ауып келіп қапты. Алды-артын қазақ қамап алып қапты. Бар екен бір данышпан қырғыздарда, Алдынан жеке-жеке жолын апты.
Аспаннан қар жауады жерге жастап, Келді ме берейін деп құдай айдап, Бөгенбай қарсыласып барып еді, Қоймады Бөгенбайды күйреп тастап.
Қабекең туды ұстап тұр жауды байқап,
Кірсем деп қолтығының құршы тарқап. Көкжарлы көкжал Барақ барып еді, Қоймады Бөгенбаймен қоса шайқап.
Шақырып қасына алды Шағалақты, Соғыстан Құдай артық берген бақты.
– Ақ туды сен қозғалтпай ұстап тұр!” – деп, Қабекең ашуланып тұра шапты.
Әлі жас ер Қабекең бозбаладан,
“Қойды, – деп, – Барақ нағып бағанадан”. Қубасты жанбасынан жонып алып,
Қырғызды бұлғап алды бұғанадан.
Қырғызды іліп алып жерге салды, Дәулетбай атып келіп іліп алды.
Қырғыздың жығылғанын көргеннен соң, Зар қағып көштен шыға бір қыз салды.
Батырлар жатқан тауға қырғыз келді, Ол қырғыз түнде емес, күндіз келді. Өлгенін әкесінің көргеннен соң, Жетелеп ақ бас атан бір қыз келді.
Батырлар сол арада тоқтайды енді,
Найзаны қанға бұлғап сақтайды енді. Жетелеп ақ бас атан әкелген қыз Әкесін өліп қалған жоқтайды енді.
Қыздың зары
– Алакөл құрғар таяр боп, Ел сарғаяр мал аз боп.
Шыбының айдап кез болдың, Тап-тату елмен араз боп.
Көшпе деп ем көштің бе, Үйіңнің бауын шештің бе. Қазақтың қалып астында,
Мүкәмалың шаштың ба?!
Көзіңнен алды ұйқыңды, Езуден алды күлкіңді.
Ерігіп жатқан көп батыр Қиқулап айдар жылқыңды.
Ойым менің қиылды, Керей, найман жиылды. Ерігіп жатқан көп батыр, Қырғынға салар қойыңды.
Жатқыздың, қазақ, йемді,
Босатайын жүйемді.
Қазақтан шыққан көп батыр Қырғындап айдар түйеңді.
Теңнен алды жасауды,
Жылқыңнан алды асауды. Ерігіп жатқан көп батыр
Түйеден алды теңіңді, Тастадың кейін еліңді. Айналайын әкекем,
Ала алмадың кегіңді.
Майдандасқан бар шағың, Қапыда қалдың, қарағым. Жаныңа себеп болмады, Асынған қару-жарағың.
Жекеге шыққан Бөгенбай, Одан да қалдың кек ала алмай. Жастығыңды алып жатпадың, Ыңғайыңа келе алмай.
Қайраты асқан Қабанбай
Қапысын қалдың таба алмай. Ебіңді Құдай неге алды, Көкторғай атпен шаба алмай.
Соңыңнан келді Дәулетбай, Іздеп келді бейнет-ай.
Артыңда қалдық біз шулап, Бұғанаңнан қан кетті-ай.
Біздің қырғыз найзасы – Қарағай ағаш, морт болды-ай, Қабекеңнің найзасы –
Қайың ағаш берік болды-ай.
Әлгіде жүрген әкекем, Ажалың неден шорт болды-ай. Аяқпенен табақтап
Сөз сөйлейін сабақтап.
Қазақтан шыққан көп батыр Кетті ғой ойбай тамақтап.
Аяқпенен шөміштеп, Малың кетті еңістеп.
Қазақтан шыққан көп батыр
Кетті ғой ойбай тегістеп.
Отырмайын, тұрайын, Енді не амал қылайын. Айналайын Қабеке-ау, Өзіңнен сауға сұрайын.
Сауға берсең өзін бер,
Сөйлейтұғын сөзін бер. Қиылған қара қасын бер, Жалғыз ғана басын бер.
Сізден өлген өлім ғой,
Бір Құдайға мәлім ғой. Сұрағаным сіздерден
Бір шыбындай жаны ғой.
Мені де қатын қыларсың, Ат көтіне саларсың.
Қалаулы қатын мен болмай, Жерімді сипап қаларсын.
Сары ат бір міндім, таға жоқ, Қазине кидім, жаға жоқ.
Қайткенде адам болмақпын,
Алдымда тәте, аға жоқ.
Қара жорға мінгем жоқ, Қара торқа кигем жоқ. Қайткенде адам боламын, Артымнан ерер жеңге жоқ.
Тасқа қонған байғызбын, Суға шыққан жалбызбын. Туысқан-туған менде жоқ, Мен бейшара жалғызбын.
Артқанда түйем нар шығар,
Ішкенде асым бал шығар, Зарлатпа, қазақ, зарлатпа! Мендей де қызың бар шығар.
Қыздың сөзі толықты, Қазақтар да танықты. Ер Қабекең көңілшек, Қыз сөзіне қамықты.
– Ей, жарандар, жарандар, Бәріңнің мұндай балаң бар. Бастығың Барақ, Бөгенбай,
Ағатай маған қараңдар!
Осы қызды тонама,
Тонап олжа бола ма. Көзінен аққан анау жас Біздің қолға қоя ма?!
Жоғарғы көшке барыңдар, Көшті шауып алыңдар.
Төменгі топқа барыңдар, Топтан олжа алыңдар.
Жоғарғы көшке барыпты,
Көшті тауып алыпты. Төменгі топқа барыпты, Топтан олжа алыпты. Шағалақ пен Қабекең Қыз қасында қалыпты.
Қыздың аты – Қарашапан, Ақылынан адасқан.
Қабекем деп қыз болмас, Артықта туған алаштан.
Қыздың киген киімі
Алпыс екі түймелі.
Шағалақ жүр жағалап, Қыз бетінен сүйгелі.
–Ей, Шағалақ, Шағалақ, Нағып жүрсің жағалап? Қабекеңе тығылып,
Қыз байқұс жүр ағалап.
–Суырма қыздың инесін, Ағытпа қыздың түймесін. Қайдан білдің байғұс-ау
Көзінің жасы тимесін.
Қыз мінгенге ат берді,
Қыздың көңлін тапты енді. Әкесінің сүйегін
Қыз алдына сап берді.
Қыз жөнелді Әтекелеп, Зарлап жылап, әкелеп. Қабекең де келеді
Ақ бас атан жетелеп.
Дәулетбай жетіп келеді “ағам” ғой деп,
“Қырғызды олжа қылған заман ғой” деп. Алдында ағасының еркелейді:
–Ағаке-ау, бір олжаңды алам ғой, – деп.
–Мұның несін отырсың сөз деп айтып, Бермей кетсем қалмай ма көңлің қайтып. Жетпістің жетеуіне келді жасым,
Жүрейін өлгенімше қосымды артып.
Әр жерде айдаушедің өліміңе, Соңыңнан болсын тәуір еруіме. Қырғыздың бір тайлағын маған қисаң,
Апарып қуантайын келініңді.
Сөз шықты бермейтұғын, ат аталды, Дәулетбай бермеген соң көңлі қалды.
–Қырғыздың бір тайлағын не қыласың, Алсаңшы өз тумамнан жеті атанды.
–Арқар деген тауыңда арқар-құлжа, Табылса атқа түйе тегін олжа.
Қырғыздың қимасаңыз бір тайлағын, Сірә да жеңге малын қылман олжа.
–Басы бар ақбас атан жыл құсындай,
Екі көзі таудан аққан тасбұлақтай. Бұтының екі арасы ел көшкендей, Үстіне он бесі кісі мінгескендей.
–Түйенің қызығасың бейнесіне, Алланың кім көнбейді бермесіне. Алмасаң өз тумамнан жеті атанды, Нысанама мен де міндім бермесіме.
–Түйенің қызығамын бейнесіне, Алланың кім көнбейді бермесіне. Егерде қазаң жетіп бұрын өлсең,
Нысанама мен де міндім көнбесіме.
Батырлар қой қойлады басалға айтып, Дәулетбай өкпеледі көңлі қайтып.
Түйенің үш күн, үш түн қомын шешпей, Жөнеледі Аштысуға жүгін артып.
Айдын көл ат шалдырдым құрағына,
Еліктің оқ жетпейді құр лағына.
“Дәулетбай Аштысуға барды” деген Естілді Қабекеңнің құлағына.
Дәулетбай сол кеткеннен кетіп қалды,
Артында Қабекең қалды қайғы етіп. Шыңғысқа Шағалақты жіберіпті,
Жеті атанды екеуінен жетелетіп.
Екеуі жеті атанды жетелепті,
Кісіге келмейтұғын бекер кепті.
Дәулетбай барғанменен келмей қалды. Мінезі сондай қатты, өкпелепті.
Келмек түгіл еш жауап бермей қалды, Сөзіне бір айтқан екі ермей қалды.
Шақыртқанда Дәулетбай келмеген соң,
Батырдың одан жаман көңлі қалды.
“Барып ем өзім бастап Алакөлге, Өктемдік жүргізіп ем талай елге. Құдай сақтар мені де келмесе” деп, Қабекең көшіп кетті Сарыбелге.
Екеуі ағайынды кекті болды,
Ішіне кек сақтаған өтті болды.
Қабекең Сарыбелді қыстап шығып, Жел ұстап қуығынан дертті болды.
Болса да қазаққа сау, өзіне өтті,
“Қабекең дертті бопты” деген хабар Арғынға найманменен түгел жетті. Кез қылған Қабекеңе мұндай дертті. Ажалға себеп болған құдіретті.
Науқасын Қабекеңнің естіген соң, Көңілін Бұқар жыршы сұрай кепті. Есіктен кірмей жатып жылай кірді, Сол кезде сексен сегізге Бұқар келді. “Арпа ішінде бір бидай қарағым-ай, Сені де көп көрді ме Құдай” дейді.
Бұқардың жыры:
Қарағым, қалқам Қабанбай,
Қор боламыз таба алмай. Өлмейді деп жүрушем, Опасыз пәни жалған-ай.
Биік тауға шыққанда, Шаңкіштен алған таяғым, Шымырдан алған бояғым. Мың жылқыны суарған Қайнардан аққан бұлағым. Сен ауырды дегенді
Жаңа естіді құлағым. Естідім де жыладым, Көзім жасым бұладым.
Арғыннан айттым жүз кісі, Найманнан айттым жүз кісі, Үйсіннен айттым жүз кісі, Қарағым, қалқам Қабанбай, – Үш жүз кісі жолыңа Құрбандық болсын ылағың. Әуеліңнің арты едің,
Ендігінің қарты едің, Қарағым, қалқам Қабанбай, Қайда да болар тұрағың?!
Қабекең сонда жөтелді, Шынтақтап басын көтерді. Бұқардан күнді сұрады, Сұрады да жылады:
– Бүгін айдың нешесі, Ай қараңғы нешесі?
Айдың басы дүйсенбі,
Елдің де бәрі күйзелді. Мен сауымда көргенмін, Дүйсенбі күн өтпекпін. Сүйегім Мекеге кетпекпін.
Арызың болса айтып қалыңдар, Арманда менен қалмаңдар.
Бұқар сонда тұрады, Тұрып кеңес қылады:
– Ақберен деген сауыттың Етегі бар, жеңі жоқ.
Ағайынды кісінің Ашуы бар, кегі жоқ.
Мен кісіні танысам, Қабекеңнің, сірә да, Кісі болар кебі жоқ.
Дәулетбайға барыңдар, Барып хабар салыңдар. Мына ағасын көрсін де, Өз қолымен көмсін де. Ақыретте қайтеді,
Мырзалығын берсін де.
Шағалақ мінші Қубас атты, Қубас аттай жылқы тумас-ты. Шынқожа, мінші Бөрте атты, Қосарға алшы төрт атты.
Күн-түн демей шабыңдар, Ашты судың бойынан Дәулетбайды табыңдар.
Араз еді демеңдер, Адырайтып айтпаңдар,
Өтірік кетті демеңдер, Ел бүлдіріп қайтпаңдар. Осылайша жөнімен Ептеп алып қайтыңдар.
Қабекең сонда жөтелді, Шынтақтап басын көтерді. – Менің тілімді алыңдар, Бұқар тілін алмаңдар.
Барғаныңмен келмейді, Дәулетбайға бармаңдар.
Өліп қалсам көмбе деп, Тірі болсам көрме деп, Жасынан еді шіркіннің Сүйегі берік қатаған.
Сегіз жасар күнінде, Серуен жолға ертіп ем. Тоғыз жасар күнінде Қоңырат төбелімен
Қыз айттырып беріп ем. Түскенде келінім жоқ едім,
Бір сапарға кетіп ем. Алты қырды асқанда
Аяғымды қисық басқанда,
Ұрғашының қадырлысы Боласың ғой деп едім.
Сөйткендегі қайран келінім, Дұғай-дұғай сәлем де.
Бұқар сонда тұрады, Тұрып кеңес құрады:
– Өлінің тілін тірі алмас,
Тірінің тілін өлі алмас. Жалғаннан көрер Қабанбай, Енді бізге тұра алмас. Шағалақ, мінші Қубасты, Қубастай жылқы тумас-ты. Шынқожа, мінші Бөрте атты, Қосарға алшы төрт атты. Түні бойы шабыңдар,
Ашты судың бойынан Дәулетбайды табыңдар.
Араз еді демеңдер, Адырайтып айтпаңдар. Өтірік еді демеңдер,
Ел бүлдіріп қайтпаңдар. Осылайша жөнімен, Ептеп алып қайтыңдар.
Түні бойы шауыпты, Аштысудың бойынан Дәулетбайды тауыпты. Жетіп келді дүбірлеп.
Шыға келді: – Бұл кім? – деп. Шағалақ сонда: – Мен, – деді,
–Нағып жүрсің сен? – деді.
–Бекер нағып жүрейік, Құдай бізді жөндеді.
Төрт болыстың баласы Төбеде қалып еңіреді. Қубас аттың үстіне Төрт қап құмды теңдеді.
Тас қорғаным бар еді.
Бір шекесі құлады. Қос бәйтерек сен едің, Міне бірің сұлады.
– Мына қанжауғыр не дейді,
Дәулетбай қайта сұрады. “Сұрағаның құрсын” деп Дәулетбайдың қатыны Төсекте жатып жылады. Шыға келді ойбайлап, Бетінің қаны тыз қайнап.
Қарағым, қалқа қайнаға Тірі күнде көрмедім, Қолымнан сусын бермедім. Артыңнан қарап қалмадым, Қағып төсек салмадым. Қанатымнан қайрылдым,
Жасаған жездей майрылдым. Көзіңді ашпа Дәулетбай, Апырмау, нағып айрылдым. Шығарға шығып ақырды,
Абысынын шақырды:
– Сендерді Құдай алмайды, Ұйқыларың қанбайды.
Шолпан туа үйіңді жық, Таң сарғая жүгіңді арт. Ақсақ-тоқсақ қалмасын,
Артыңды қырғыз алмасын.
Қатын сөйтіп ептеп жүр, Төрт атты ұстап ерттеп жүр. Дәулетбай жүр бүктеліп,
Ақ бидайдай түктеліп.
– Көрмеймісің баурыңды, Иен қалған аулыңды.
Ертең біреу жықпай ма Талқан қылып сауыңды. Көрмеймісің ағаңды,
Кетірмей ме бағыңды, Ертең біреу жыртпай ма Соққыласа жағаңды.
Сенің сонда көрермін
Мың кісілік бағаңды.
Дәулетбай қатынның сөзін қостайды, Енді жылқыдан таңдап төрт ат ұстайды. Аттанарға келгенде ер Дәулетбай, Бармағын сонда шайнап тастайды.
Бұлар алды төрт атты, Олар алды төрт атты. Сегіз атпен түн қатты. Ертең сәске болғанда,
Бір қойшыға кез бопты.
Дәулетбайдың қатыны: – Тірі ме? – деп, Қойшыдан келіп сұрапты.
Бір қойшы айтты “әй” дейді, Бір қойшы айтты “бүй” дейді.
Бір қойшы айтты: – Мен бардым, Бүгін түнде күзеттік, Қолымызбен түзеттік.
Сусын берсек ішпейді, Көсілген аяқ жимайды.
Есіктегі сәулеге жалтақ-жалтақ қарайды.
Сіздерді тосып жатыр ма, “Құрай да құрай көк серкем”. Қойым да кетіп барады.
Қойшыдан өте салады, Ауылға жетіп барады. Қабекеңнің ауылын Үш айнала шабады.
Тете бауыры келген соң, Батыр да талып қалады. Сілекейін аузынан
Келін де жалап алады.
–Тәуір ме? – деп Дәулетбай Қайта-қайта сұрады.
Бұқар сонда тұрады, Тұрып кеңес құрады:
–Сұрағаның құрысын, Тірідей көңлін қалдырдың. Оныменен қоймадың
Қос атпенен алдырттық. Туысқан сендей жоқ па еді,
“Ой, бауырымды” салып талдырдың. Еміл менен Жайықтан
Қайықсыз кісі өтпейді. Ұран салшы, Боранбай, Аруағы болса Қабекең, Бір тірілмей кетпейді. Шағалақ келді қасына, Егіліп алып көлбеді
Көзіңнің аққан жасына. Айналайын Қабеке-ау
Қорлық та, қорлық осы ма?! Көзің тірі жатқанда, Көңілді болып кеткейсің. Әттегене болмасын,
Садыр деген келіп тұр, Еліңді шауып кеткелі, Келіп хабар беріп тұр.
Қабекең сонда жөтелді Шынтақтап басын көтерді: – Арасанға ат айтшы,
Қорасанға қой айтшы, Өліп қалған денемді, Біразырақ қатайтшы. Байжігіттің өзі едім, Жау жолына қаз едім.
Таудан түлкі қоймаған, “Құмардан” деген тазы едім. Ертең түске жаным ғой, Жаудан өлсем қазам ғой.
Атыстан өлсем шейіт ем,
Көрге қойса бейіт ем. Көзім тірі жатқанда, Қорама келіп кейіттің.
Орнынан ұшып тұрады, Алладан медет сұрады. Түрегеліп Шағалақ, Белбеуменен белін орады. Алты қырлы ақ найза, Қолына әкеп береді.
Найзасын қолына алған соң,
Таянып батыр тұрады. Дүрілдеп сонда ақ туы, Шаңырақтан шығады.
– Ей, Шағалақ, Шағалақ Сені қасыма ертіп ем, Мың кісіге бағалап.
Алып келші Қубас аттың Төрт аяғын тағалап.
Шап айылын бекем тарт,
Төс айылын босаң тарт.
Кәріліктің соңы деп, Бір шығайық екі қарт. Кәртейіп еді жануар,
Төселіп өнер таба алмас, Бұрынғыдай шаба алмас.
Жүгірді атқа Шағалақ, Қара Емілдің жағасын Алыпты қырғыз жағалап. Шағалақ сонда әкелді, Аяғын аттың тағалап.
Қабекеңді көрген соң, Оқырана береді. Маңдайынан бір сипап, Тәу етіп атқа мінеді.
Тақымына тиген соң,
Жазғы түскен сағымдай Бүктетіліп жөнелді.
Көк айыл боп күмпіріп Тірі малдан озады.
Тарта, тарта батырдың
Алақаны тозады.
Алдынан тосып жиылған Төбе қараны көреді.
Соғысуға батырмен Жекпе-жекке келеді.
Ақ бөрте аты астында, Тоғалай бөркі басында, Сәдір деген бала екен, Дәл он алты жасында.
Жекеге шыққан баланы
Бұғанадан салады.
Жан жеріне тиген соң, Жығылып бала қалады.
Артынан келді Абылай:
– Құртайын деді жасыңды. Қылмағаның жоқ еді,
Алайын келіп басыңды.
Ер Қабекең көңілшек, – Ей, Абылай, тұра тұр. Бұ да өзіңдей ер екен,
Өз елінде сер екен.
Ә, дәриға, шіркін-ай, Майданға шығып жүр екен.
Абылай өкпеледі Қабекеңе,
“Жау мұнда не қылмады біздің елге, Ызасы сіз жатқанда өтіп еді,
Аядың мұны, батыр, мұнша неге? Өлтіріп мұны тынбадым.
Айдарлымды құл қылған, Тұлымдымды тұл қылған,
Ауыл шауып, жылқы алған Аямадың мені енді.
Жалғанда көрмей сені енді”, – Деп өкпелеп төре жөнелді.
Жерде талып жатқан жас бала, Ұшып басын көтерді:
– Қабанбай, мені тез өлтір, Өз алдыңда көз өлтір.
Аясаң мен кетемін,
Артыңда қалған жұртыңның
Мен түбіне жетемін.
Қолына сонда Абылай пышақ алды, Атынан сырт айналып түсе қалды. Сөзіне Қабекеңнің қарайламай,
Басынан қақ жүректің есіп салды.
Сол жерде қанын төгіп судай шашты, Өлтірді он алтыда қайран жасты.
Бастығы мың кісінің өлгеннен соң,
Ит қырғыз шыдай алмай қайта қашты.
Қабекең ал ойынды бастайды енді,
Келсе де қанша қырғыз саспайды енді.
Қайраты бұған қонып отыз бесте
Бес жүзін бір сөткеде қырып тастайды енді. Қабакең Қубас атқа қамшы салды,
Қырғыздың қанын сонда судай шашты. “Бір жаудан құтқардың” деп, Атыменен бір екі ауыз арыздасты:
– Тай күніңде арда еміп, Тағалы торы болыппең. Құнаныңда арда еміп,
Құмай торы болыппең.
Дөненіңде арда еміп,
Дөңбек торы болыппең. Бесті күніңде арда еміп, Белгілі торы болыппең. Алты жаста арда еміп, Ардақты торы болыппең. Жеті жасар күніңде
Жер майысқан қол ертіп, Алакөлге барып ем.
Осы келген қырғыздың Жалғызын алып ем,
Ат көтіне салып ем. Сені мініп жүргенде, Қайғысыз түстім теңізге. Сенен басқа мал мінсем,
Мінгендей болдым өгізге. Кәртейгенде қос кәрі,
Құтқардың жаудан дегізген. Сен келдің отыз сегізге,
Мен келдім жетпіс сегізге.
Жаудан кегін алады, Мұқыратып болады. Түс мезгілі болғанда, Үзенгіден аяғы Шығып кетіп барады.
– Азайды уақыт жетіп халім менің, Алланың кез болып пәрмені.
Шақырды: – “Бері кел” деп Дәулетбайды Үйіме тез жеткіз енді мені.
Дәулетбай, қалқам, бері кел, Бері кел де, мұны көр.
Кетті ғой менің кетеуім, Үйіме қайтіп жетемін.
Жеткізе гөр үйіме, Түсе алмадым күйіме. Жесір қатын жетімім
Тапсырайын бәріңе.
Қиналады менің әз жаным, Дүниеде жоқ арманым.
Кәпір қазақ ас ішкен Он бес құлақ қазаным. Тірі жанды құр қойма, Үлестіріп олжа бер.
Еркекте ақыл қалмайды, Қонысынан ауған соң.
Қатында ақыл қалмайды, Біреуден сауын сауған соң. Бұдан қорлық өтер ме,
Бұл көкейден кетер ме.
Дәулетбай еді қанатым, Қосай еді қайратым.
Мына отырған жеңгеңді Тапсырайын мен сізге. Екі емшегін көрсетпе, Жыртық көйлек кигізбе. Елмен бірге көшкенде, Құлынды бие мінгізбе. Ел шетіне қаңғыртпа, Егіз ешкі сауғызба.
Дәулетбай, қалқам, аман бол, Қолыңнан сенің алайын, Қиямет күні баламды.
Мен сәуемде көргенмін, Алланың ісіне көнгенмін. Мен дүйсенбі күні өтпекпін, Сүйегім Мекеге кетпекпін. Арызың болса айтып қал, Арманда менен қалмаңдар. Алыс жуық демеймін,
Ұранымды кім айтса, Соны қолдап кетпекпін.