Қазақша
Қаракерей Қабанбай батыр
Аз-көптік, барлық-жоқтық бір Құдайдан, Жақсыға құрмет етсек осындайдан.
Қазақта бұдан бұрын болып өткен, Сөйлейін Қаракерей Қабанбайдан.
Атамыз әуел бастан адам өткен, Таралып ер Әділден талай өткен.
Қазақтың бұрынғы өткен заманында Дейтұғын ер Қабанбай сабаз өткен.
Дейтұғын ер Қабанбай сабаз өтті,
Ауызынан қайтармайтын келген кепті. Қырғыздың Аманалы батырымен Екеуі аңда жүріп болған кекті.
Екеуі аңда жүріп болған кекті,
Кектесіп бір-біріне “қылам” депті. Батырдың Қабанбайдай өзі жоқта, Бір елін Аманалы шауып өтті.
Бір жұртын Аманалы шауып өтті, Қызын қатын, қатынын жетім етті. Атанған ер Қабанбай заманында
Пәндәдан ондай қорлық көрген жоқ-ты.
Тұлпарым, арғымағым, жүлде алғаным, Әр қайда құба жоннан жол салғаным. “Ә” дегенде ауызға түсетұғын,
Сөзінен Қабанбайдың үлгі алғаным.
Болғанда арғын, найман абыз сынды, Бүлдірген көп қырғыз арысыңды.
Кеткенде қырғыз шауып арысыңды, Әперген Ер Қабанбай намысыңды.
Кей жаман үйде отырып мал баға алмай,
Кей шешен келістіріп сөз таба алмай. Ел жұртын қырғыз шауып алғаннан соң,
Қайғылы болып қан жұтты қарт Қабанбай. “Қайғылы болып қан жұтты” дегеннен соң, Арғыннан келген екен ер Боранбай.
Ақылын әлі де отыр түзей алмай,
“Қырғыздан қалдым ба, – деп, – кек ала алмай”. “Жиылды тамам батыр” дегеннен соң,
Келіпті қанжығалы жас Бөгембай.
Жігіттер, отырмайық бекер қарап,
Жел сөзді не қыламыз бекер балап. “Жиылды тамам батыр” дегеннен соң, Келіпті көкжарлыдан көкжал Барақ.
Бітеді тау жағалай құба желкек, Сөйлейін жауабымды жұртыма ептеп. “Жиылды тамам батыр” дегеннен соң, Сыбаннан келген екен ер Жәнібек.
Мінгені батырлардың қара герді, Шабады қалай баспай қара жерді.
“Жиылды тамам батыр” дегеннен соң,
Жасында сексен сегіз Бұқар келді.
Тауында Арқар дейтін арқар-құлжа, Жігіттер, аттан тегіс, тегін олжа. “Жиылды тамам батыр” дегеннен соң, Сыбаннан келген екен ер Шыңқожа.
Батырлар түнде жортар, күндіз жортпай, Шабады жау дегенде тізгін тартпай. “Жиылды тамам батыр” дегеннен соң, Келеді ту ұстайтын ер Дәулетбай.
Заң қандай осы күні, заман қандай,
Шабады жау дегенде дамыл алмай. “Шалдырмас қарауылдың жүйрігі” деп, Үйсіннен алдырыпты Ақшабдарды-ай.
Қабанбай Қубас атты тағалатты, Бір өзін он мың ерге бағалапты. Ат ерттесе тоқымын аудармайтын,
Қасына жолдасқа алды Шағалақты. Қасына ертіп алды өңшең ерді,
Топжарған өңшең балуан кемеңгерді. Ұзап кеткен қырғыздан кек алмаққа
Тұп-тура Алатауға жөнелді енді.
Әскерін Алатауға бастап келді, Соңынан ертіп келді сонша қолды. Қырғызбен соғысуға жан таба алмай, Далада ассыз, сусыз бір ай болды.
Далада ассыз, сусыз бір ай болды, “Әркімге мәдәт берсін Құдай” дейді. Далада атын сойып әуре болмай, “Еліме ер Бөгембай жүрем” дейді.
– Бір сөзді батыр Барақ айтам, – дейді
Жауыңды алдырмайтын қайтем, – дейді. Далада атым сойып әуре болмай, Ендеше мен де еліме қайтам, – дейді.
Қабанбай сонда тұрып күлімдейді,
– Қой, қайтпайық, сабыр ет, інім, – дейді. Сол күні жел жоқ, күз жоқ шаңқай түсте Ақ туы Қабанбайдың дүрілдейді.
Қабанбай сонда тұрып айқай салды, Қубасқа «бісмілда» деп мініп алды. “Бір қырғын шаңқай түсте болады” деп,
Туынан дүрілдеген үш айналды.
– Бозбала, тез-тезінен қамдан, – дейді, Туымның сыры мағлұм болған, – дейді. Бір қырғын шаңқай түсте болады екен
Жігіттер, атыңды ерттеп, қамдан, – дейді.
Жігіттер атын ерттеп қамданады, Қару-жарақ заттарын қолға алады.
Ат ерттеп, жабыр-жұбыр жатқан шақта, Бір ауыл үріккен қырғыз кез болады.
Таң қалды мұны көріп жас пен кәрі,
“Жау келді” деп қуанды жұрттың бәрі. Кешегі Қабанбайдың елін шапқан
Осы екен Тәңір айдаған Аманалы. Жамиғат, құлағыңды сал мына кепке, Ер оңбас әруаққа болған шекті.
Інісімен таласып Бұйракөкке, Жауымен аңдып жүрген кез келіпті.
Аттанды ер Қабанбай туын алып, Батырлар жау келді деп бек қуанып. Алдында қамап тұрған жауды көріп,
Бір батыр көштен шыға келді шауып.
Қиқулап “жекпе-жектеп” келді батыр, Қару-жарақ сайманды жарқылдатып. Келгенде “жекпе-жектеп” қырғыз шауып, Көкжарлы қарсы барды Барақ батыр.
Батырға жаудан қиын қорқып қашпақ, Кез қылған ажалдыны Құдай бастап. Көкжарлы көкжал батыр барған шақта, Найзамен өте берді іліп тастап.
Тезектей түсіп жерге көкжал қалды,
Батырға жаудан түсу қандай ар-ды. Мұны көріп ұмтылып ат қамшылап, Жасында сексен сегіз Бұқар барды.
Көрсе қайран болғандай мынау ерді, Қорынып жаудан қорқып қалмайды енді. “Кәрі байғұс сені де бейнет айдады” деп, Оны да іліп тастап жүре береді.
Ерегіссе дұшпандай ерді қараша, Мәдәт бер деп келеді Алла Тағала.
“Жаным-ау мынау қырғыз қайтеді?” деп,
Ат қойып жетіп келді Бердіқожа.
Ар жақтан Бердіқожа батыр келді, Дұшпанын ерегіскен онда көрді.
Айқасып астын-үстін болған шақта, Іліп алып Аманалы өте берді.
Мынау бір пәле болды барған жанға-ай, Барғанды түсіріп тұр дамыл алмай. “Жаным-ау, мына қырғыз қайтеді?” деп, Ат қойып жетіп келді ер Дәулетпай.
Аржақтан ер Дәулетбай батыр келді,
Дұшпаным ерегескен о да көрді. Айқасып астын-үстін болған шақта,
Іліп алып Аманалы өте берді.
Жөнелді Дәулетпайды іліп алып, Қарапты екі жақтан екі халық.
Інісін найза ұшында көргеннен соң, Қабанбай Қубас атты қалды салып.
Найзадан Дәулетпайды тастай берді, Дұшпанын Қабанбайдай көзі көрді. “Құдайдан тілегенім сен едің” деп,
Ат қойып Қабанбайға жетіп келді.
Килікті екі батыр сонда барып, Қарайды екі жақтап екі халық. Қарасуға тігілген аудай қылып, Жөнелді ер Қабанбай іліп алып.
Қабанбай іліп алып өте берді, Көрдің бе бұл сияқты қайран ерді. Басынан тоғыз қабат айналдырып,
Батырды толғап-толғап соқты жерге.
Қырғызды соқты жерге іліп алып,
Арыстандай болып жатты естен танып. Тұла бойын қан қылып қорқыратып, Сұлатып арыстандай қойды салып.
Ер туған барша халық Аманалы, Өзгеден бөлек еді оның заты.
Ұл баладан кем еді Аманалы, Жапа-жалғыз бар еді бір перзенті.
Жамиғат, құлағың сал мына сөзге, Тыңдайтын және келді сөздің түрі. Әкесін найза ұшында көргеннен соң,
Көшінен зарлай шықты жалғыз қызы.
Бірталай Алатаудан қырғыз келді, Қырғыздар түнде келмей, күндіз келді. Нар да емес, түйе де емес бір жануар Жетелеп көштен жайлап бір қыз келді.
Алтыннан кілем жапқан ақ бас нарға, Нарды көрген тамаша болар таңға.
Көк қозғалып, қара жер тебіренді,
Қыз қарып әкекелеп зарлағанда.
Әкесін құшақтады сонда барып,
Айқара алты кілем жаба салып. Әкесін келіп құшақтап қыз жылады, Батырлар сөз тыңдады ортаға алып.
Қыздың зары:
– Алакөл тасыр саяз боп, Ер сандалар мал аз боп.
Қаның да түртіп қаңғырдық, Өз еліңмен араз боп.
Көшпе деп ем, көштің ғой, Өзің де бауды шештің ғой. Қазақтың қалып астында,
Қаныңды судай шаштың ғой.
Ай, бой-бой, боз әтиім, Садақты байлап атуың, Қайғылымын, қайтейін.
Арыстандай болып жатуың, Қазақтың қалып астында, Қаңғырып қанға батуың.
Қазақтың алған найзасы – Қарағай болды, берік болды, Қырғыздың алған найзасы –
Емен де болды, мерт болды. Жаңағы жүрген әтиім, Амалың неден шорт болды.
Көзімнен алдың ұйқымды, Көңілден алдың күлкімді. Көңілі өскен көп батыр Үлеске салар жылқыңды.
Мен білмедім осыңды, Айдап келген сорыңды. Көңілі өскен көп батыр
Үлеске салар қойыңды.
Әуелгіде барғаның, Қапыда өткен, қарағым,
Ертең қайдан табармын. Екінші келген Бөгенбай, Одан да қалдың кек алмай. Амалым бар ма қайтейін, Айдай келген ажалды-ай.
Жатқызған сені Қабанбай, Қисынын қалдық таба алмай.
Арманда болып өттің бе, Көкторғай атпен шаба алмай. Амалым бар ма қайтейін, Қапыда өткен дүние-ай!
Отырмайын, тұрайын, Бұған бір айла қылайын. Көңілі өскен көп батыр, Сендерден сауға сұрайын.
Ей, батырлар, сауға бер, Сауға берсең өзін бер.
Жылап тұрған көзім көр, Өксіп тұрған жасым қор, Әуре болған басым көр. Батыр олжа басып жер,
Батпақ судай шашып тер. Батыр туған Қабанбай, Тілегімді менің қабыл гөр.
Біреуің мені аларсың, Ат көтіне саларсың.
Үнемі қатын болмаймын,
Ақыр да бір күн қашармын.
Қыздың нұры он төртінен туған айдай көрініп, батырлардың жолдасы Шағалақтың қызды жағалағаны
Сонда қыздың кигені
Қырық сегіз сентті түймелі. Қабанбайдың жолдасы
Қыз тиетін күң болса, Шағалақ жүр жағалап.
Құрмалдық деп ойлап тұр, Қыз бетінен сүйгелі Тырнақтап жиған дүниені Шағалақтың бұл сырын
Батыр туған Қабанбай Айтқызбастан білгені.
– Ей, Шағалақ-ау, Шағалақ Неге жүрсің жағалап?!
Жау баласына тимек жоқ, Ұлықсатсыз сүймек жоқ.
Үзбе жалғыз түймесін,
Сындырма жалғыз үкісін. Қайдан білдің байғұстың Көзінің жасын тимесін.
Жұмақ пенен тамұқты, Қыздың сөзі анық-ты. Көңілшек еді Қабанбай, Қыз сөзіне қанықты.
Жатқыздым қыздың иесін, Босатты қыздың жүйесін. Өзге олжасын алмапты, Қыз қолынан алайын
Жетелеген түйесін.
Қыздың айтқан жауабы:
Қабанбайға жақты енді,
Ақырын ойлап сөзінің. Ер Қабанбай бақты енді, Асалмайтын тау емес, Алалмайтын жау емес,
Сынбасын, – деп, – сағыңыз. Астыңа мін деп ат берді Арыстандай қылып әкесін Қыз алдына сап берді.
Қыздың сөзі:
Қырғыздың бардың шебіне, Ұстамады теңіне.
Сорлы болған әтиім, Құзғынның қалдың жеміне. Ұл перзентің жоқ еді, Сорлы болған әтиім,
Мұнша неден жүдедім.
Ай-бай, бой-бой, дүнием-ой.
Қабанбайдың жолдастарына айтқаны
Қабанбай сонда сөйлейді, Сөйлегенде бүй дейді.
Батырларға: – Кел, – дейді Құдай айдап келгенсін,
Өз қылғанын қыл, – дейді.
Сүй дегенде батырлар, Көшке қарай шабады. Басын қуып найзалап, Малға ойран салады.
Ерікке қоймай таласып, Жұрт олжалап алады.
Қабанбайдың қолында, Ақбоз атан қалады.
Түйенің сипаты:
Басы бар осы атанның он бес кездей,
Отыз ер арқасына мінгізгендей. Ұзынды жануардың тап осындай, Астынан аяғының ел көшкендей.
Көзі бар жануардың шаңырақтай,
Қырық аршын жауырыны бар салған тақтай. Басында қырық құлаш алтын бұйда,
Тұрады жетелеуге адам батпай.
Атанды тамаша етті жұрттың бәрі, Мұндай хайуан көрген жоқ жас пен кәрі. Інісі Қабанбайдың ер Дәулетпай
Келіпті ағасынан сұрағалы.
Дәулетпай жетіп келіп: Ағам, – дейді, Қисаңыз осы олжаны алам, – дейді Ей, аға, осы олжаны маған қисаң,
Мақтанып келінііңе барам, – дейді.
Қабанбай айтады:
– Шырағым, Дәулетпай, маған сырыңды айтып, Мен бермесем кетер сенің көңлің қалып.
Сұрама осы атанды мен десең,
Жүрейін өле-өлгенше қосымды артып.
Дәулетбай:
– Ей, аға, сенің білдім бермесіңді,
Бермесең ант ететін көрмесімді. Тіріде жолдас болып соңына ермен, Өлсең әм өлігіңе енбесімді.
Қабанбай ашуланып: Бермен, – дейді, Дәулетпай ашуланып: Көрмен,– дейді. Әскерін ортасынан бөліп алып,
Арасына алты айшылық жерге кетті.
Жеті жыл арасында кәмәл өтті, Сегізінші жыл болған шақта
Қабанбай өлетұғын болды дертті.
Елу күн болған екен күні қойып, Ажалдан жатқан екен хабар болып.
“Дүйсенбі күн дүниеден өтем” дейді, Жұртына жиылсын деп хабар салып. Қабанбай ат шаптырды қорқып-сасып, Сырқаты қатты болып қаны қашып.
Жиылып елі-жұрты келіп қалды, Қалуға Қабанбаймен бақұлдасып.
Бақылдың елі-жұрты сұрай келді, Өлімге кім қияды мұндай ерді.
Сырқатын Қабанбайдың қалып естіп, Тоқсан алты жасында Бұқар келді.
Әуелі Бұқар тыстан кірді жылай, “Арпа ішінде бір бидай жалғызым-ай, Ғұмырың тұтамдай-ақ қалған шақта, Сені де көп көрді мен маған Құдай”.
Бұқар:
– Қабанбай-ау, Қабанбай, Зар болармыз таба алмай. Тізіліп қарап тұрармыз, Бұрынғыдай шаба алмай.
Саған берген ажалды Аударып маған берсеші,
Сорлы болған мағанда-ай.
............................................
Ауырды деп Қабанбай Естіп келді құлағым.
Үйсіннен айттым жүз жігіт, Алшыннан айттым жүз жігіт – Үш жүз жігіт болсайшы
Қарамойын ылағың.
Жаһаннан озған Қабанбай,
Қайда болар тұрағың?! Жұртым мұнда келіңдер,
Сұмдықты мына көріңдер. Жау аларын көрдің ғой, Жайылып жатқан еліңді.
Өрт аларын көрдің ғой, Жайлау-қыстау жеріңді. Қабанбайды көрдің ғой, Өтейін деп жатқанын.
Дәулетпайға барыңдар,
Батырға хабар салыңдар. Мына ағаңды көр деңдер, Өз қолыңнан көм деңдер. Қияметте қайтерсің, Арыздасып қал деңдер. Сүй дегенде Қабанбай, Күрк-күрк етіп жөтелді, Шынтақтап басты көтерді. Білдіңдер ме жарандар,
Мына пәни дүниені
Енді бізден өтерді.
Қабанбайдың сөзі:
– Дәлетпайға бармаңдар, Барам деп қапы қалмаңдар. Барғаныңмен келмейді, Тірі де мені көрмейді.
Енді менен сәлем де, Қарағым, қалқам келінге.
. Бір жол оқылмады.
Бұқар айтады:
– Барма десең Қабанбай, Ақылыңнан танғаның, Дәреніңнің қалғаны.
Сенен хабар алмаса, Дәулетпай батырдың Ішінде кетер арманы.
Дәулетпайға барыңдар, Шақырта хабар салыңдар. Мына ағаңды көр деңдер, Өз қолыңнан көм деңдер. Қияметте қайтесің, Арыздасып қал деңдер.
Араз екен демеңдер ,
Үнсіз қылып айтпаңдар. Ақымақтанып сөйлемей, Ақырын былай байқаңдар, Бұлайша деп айтыңдар.
Тасқорғаның бар еді,
Бытырап сынып құлады. Бау шарбағың бар еді, Бірі күймей құлады.
Қос терегің бар еді, Бірі құлап сұлады.
Қабығы кеткен қу талды Қатын олжа қылады. Үш байыстың баласы Қайда барып сияды
Кімді туған қылады?! Осылай деп айтсаңдар, Дәулетпай өзі біледі.
Жіберетін елшісі
Сырқаты Қабанбайдың болды қатты, Ұстады Бұйра көк пен Қубас атты. “Ертеңгі екіндіден қалмай кел” деп,
Жұмсайды қайрыра айтып Шағалақты.
Таң да атты, таң ертеңгі елден кетті, Арада бір күн ғана күндер өтті.
Алты айшылық жер екен екі арасы Үш күнде Дәулетпайға жетіп кепті.
Дүбірлеп үй сыртына біреу келді, Дәулетпай үйде жатып “бұл кім депті?” Өзі де қауыптанып тұрады екен,
Шағалақ тыста тұрып “менмін” депті. Дәулетпай даусын танып “кімсің?” дейді,
“Ат шаршатып не үшін жүрсің?” дейді.
– Өрт алып өріс қалмады, Жайлау-қыстау жрімнен Өзің де білген шығарсың, Бір сұмдықтың болғанын, Менің келген жөнімнен. Тасқорғаның бар еді,
....................................................
Аллад парман болғасын, Барша халқың жылады.
Сүй дегенде Дәулетпай,
Жан-жағына қарады.
“О, дариға, дүние-ай” деп, Бір күрсініп алады.
Ақыл таппай сандалып, Қатынына қарады.
Қатыны сонда байсалды, Екі бетін алып салды.
Осы ма сенің қиғаның, Мойныңды маған бұрғаның. Дүние, хайуан табылар,
Бозбала жиған думаның Ақбидайдай жіктеліп, Ақтарыдай түктеліп,
Әлі де білмей тұрсың ба, Төбеңнен Құдай ұрғанын. Бармайсың ба баурыңа, Есіз қалған аулыңа.
Тірі де көрмен деп едің, Енді сенің көрейін
. Қолжазбада бір өлең жолы өшіп қалған.
Бармайтұғын бауырыңды.
Ертең шықсаң далаға, Дұшпан жыртар жағаңды. Сонда сенің көрейін
Мың кісілік бағаңды. Тіріде көрмен деп едің, Қатырды Құдай табаңды.
Келініңіз үйдеп тең алды, Төңкеріп терін көп салды. Жүгін алып ақтарып, Әртүрліден мол салды.
Өлген болсаң, ағажан, Қылайын зират деп салды. Бәуеске де шектірді,
Бұйракөк пен Қубасты. Қубастай қайран тумасты, Босқа дағы жүрместен
Өзге малды жекпесті. Ойпақ жерден орғытып, Тегіс жермен сырғытып, Қалқып өтіп барады
Түлкі жортпас тоғайдан Түнде жортып барады. Елге келіп қалады,
Өгіз баққан қойшыдан “Ағакем тірі бар ма?” деп, Сұрап хабар алады.
Қойшының жауабы:
Қойшы сонда сөйлейді, Сөйлегендей бүй деді:
– Қабанбайдың бұл күнде Болар болмас халі бар,
Шығар шықпас жаны бар Иман айтқан молда бар, Қайғылы болып жылаған Нашар халық сонда бар. Келе ме деп кезеріп,
“Жалғыз баурым” деп жатыр, Екі көзі есікте,
Кешікпей енді сен де бар.
Сүйдегенде Дәулетпай, Шыдамай айқай салады.
Ағакем деген даусы Құлаққа жетіп барады. Қубас аттың дүбірін
Қабанбай естіп біледі. “Дүбірлеген бұл кім? деп, Бірақ шығып қара” деп, Інің келді дегенде,
Шежіредей тіл бітіп, Тұра келді күлімдеп.
Дәулетпай кірді есіктен,
“Аға-екем” деп ақырып. Қабанбай төрде отырды Құйылған судай сарыпы. Бірін-бірі құшақтап, Өткен назды айтқанда, Жұрт жылады қайғырып.
Қабанбай айтты: – інімсің, Қарағым інім, күнімсің Белгі қылып алып ем
Қырғыздың ақ бас атанын
Елімнің ескі кегі үшін. Сен дүниеде көрмен деп
Айрылдың қарағым опасыз. Не айтайын есен бол, Дәулетжан, жалғыз серігім.
Гигапкүл деген қалмаққа Тоғыз жылдай барып ем. Ерегескен дұшпанның Алмадай басын алып ем. Не айтайын, есен бол,
Қарағым, қалқам, келінім.
Ой, қайран ағекем, Өтемісің дүниеден?! Жігітліктің шағында
Жүйріктен басқа мінбеген. Сұлудан басқа сүймеген, Жібектен басқа кимеген, Бетіне дұшпан келмеген, Келсе теңдік бермеген.
Мың-мың жылқы айдаған,
Сарылап қазы жинаған.
Қырық шағын желімен Желілеп бие байлаған. Есіл менен Нұраның Арасына симаған.
Мәшрип пенен мағриптан Асыл қоймай жинаған.
Сүйткенде қайран ағаекем, Соның бәрін тарих қылып,
Өтемісің дүниеден?!
Сонда баяғы Қабанбайдың қолынан өлетін Қырғыздың Аманалы батырының інісі Біләл дейтін Қабанбай мен Дәулетпай құсап жаудан алған малға таласып көшіп кетіседі екен. Қабанбайдың елін алғашқы шапқанда Қубас аттың інісі Бұйракөк қырғыздың батыры Аманалының қолында кетеді. Аманалымен оның інісі Біләл сол Бұйракөкке таласып екі айрылған. Сол сапарында Аманалы батыр Қабанбайдың қолына кездеседі екен. Сол кездескен сапарында Аманалы батыр Қабанбайдың қолынан өледі екен. Міне осылар сияқты Қабанбай мен Дәулетпай да ақ бас атанға таласып екі айрылады. Ауырып жатқан Қабанбай Дәулетпайдікіне кісі жіберіп шақыртып алады. Бұл екеуі кездесіп, табысып жатқан кезде баяғы Аманалының інісі Біләл естіп, ағамның кегін Қабанбайдың көзі тіріснде алып қаламын деп, бес жүз әскермен шабуға келеді.
Сол келген сапарында елінің бір жағынан тиіп, бірсыпыра елді қиратады. Мұны өлім үстінде ауырып жатқан Қабанбай естиді. Содан бұл жауға басқа адам баласы бата алмаған соң, Қабанбай батыр бек қатты назаланып, “менің Қубас атымды әкеліп бер” деді. Атын алдырғаннан кейін Қабанбай батыр елін жиып алып өсиет айтады.
Өзі төсектен тұрып, ол жаудың бетін қайтарамын, бірақ менімен еріп барған халық ертең түс кезінде дайын болыңдар. Үйткені мен осы сапардан үйге келмеймін. Үйге қайтып келе жатқанда екі шақырым шамасында, ат үстінде дүниеден өтемін. Мен дүниеден өтерде атымның төрт аяғы тізесінен жерге кіреді. Сол жерде зират қылыңдар. Мен сол қабыр ішінде болам ба? Жоқ па? Осы өсиетті бітіргеннен кейін жауға аттанады. Жауды айтқандай қырады. Содан кейін баяғы айтқанындай сол айтқан жеріне зират қылады. Айтқанындай дұға қылып, болғаннан кейін, зиратын ашып қараса, киімін тақталап жинап қойып, өзі ғайып болып ұшып кетіпті.