Қазақша
ОРТА ЖҮЗ ОЛЖАБАЙ БАТЫР
Халық ақыны хат жазуға қалам алған, Ешкiмнен өтпей тұрмас мына жалған. Орта жүзде Сүйiндiк ұранды ел,
Олжабай қатарында батыр болған. Мәшһүр Жүсiп жазыпты кiтабына, Үшбу сөз тарих болып бiзге қалған. Сақау ақын белгiлi асқан жырау Мазмұнын көрiп тұрып өлең қылған. Халықтың қатарласқан заманында
Тағылым алып сөйлейiн мен де содан.
Әз Тәуке – ақылдының даналары, Үш жүздiң бiрге жүрген балалары. Сыр бойын мекен етiп Арқаменен, Өсiптi сондай болып саналары.
«Сырдың суы – деген, – мың нұрдың суы», Қызығын көрген екен солар дағы.
«Жерi байдың елi бай» дегенi рас, Жайылған жер-жаһанға әруағы.
Мекен қып Ертiс, Алтай, Алатауды,
Құлын жүрмес оралып бие бауға.
Бiрлiгi бұл үш жүздiң сондай артық, Бермеген ынтымақпен елiн жауға.
Жетiсу, Алматыны қатар жайлап, Сыңсытып сары қымыз, бие байлап. Балдырған, бүлдiрген мен жүзiм, алма, Түрлi ағаш бұтағында бұлбұл сайрап.
Ағаштың арасында қызғалдақтай, Жарасып қыз-бозбала жатыр ойнап.
«Мал баққан шалдар көрiп қоя ма?» деп,
Қарайды жiгiт ғарiп бойлап-бойлап.
Ойнаған асыр салып құлын-тайлар,
Бiр тайпа ел, ол Асының тауын жайлар. Асыдан қара торы шiлiк басып, Шарыннан елi өтiп, қайтып айдар.
Iленiң ар жағында тауы шолақ, Жерiне Қарашоқы болған қонақ.
Алтынемел, Түлкiлi, Күреңбел мен Сарыноқай Шағанменен қайтқан орай. Аралтөбе, Терiсаққан, Көксу басып,
Қапалды, Талдықорған жатқан қамап. Малдысары, Кербұлақ, Қаратал мен, Ешқандай ада болмас жердi санап.
Баласы орта жүздiң Сыр бойында,
Мал жұтар, жау шабар жоқ тiптi ойында. Жаз жайлауы Арқа мен Баянауыл,
Сәнi артық талай жерден Қарқаралың. Көкшетау гүлi екен бозбаланың.
Кезеңнен аса соққан салқын самал, Қызығын халық көрген ен даланың.
Көкшетау көк кезеңiн аса көшiп,
Көш тартқан арманы жоқ қыз баланың. Есiл менен Ертiстiң арасында
Семiрген құр аттай боп құлын-тайың.
Қайдауыл – аққан өзен, жер анасы, Айта берсем, таусылмас тамашасы. Орта жүзде Сүйiндiк аты шыққан, Ал, ендi ашылады сөз сарасы.
Айдабол он үш жаста би болыпты. Алтау екен өзiнде бар баласы.
Бәйбiшеден Жанқозы, Малқозы деп, Кiшiсi – Кенжеқозы бiр данасы. Тайкелтiр тоқалынан туған екен, Бұларда үшеу екен – бiр анасы.
Кенжесi Кенжеқозы жастай өлген, Айтылар сөз жүйесi солай келген. Үйсiнде Қаратайдай ер болыпты, Қызына Қаратайдың қалың берген.
Айдабол би болыпты сегiз қырлы, Баласы өлiп болыпты, iшi кiрлi.
Тоқалдың баласына – Тайкелтiрге
«Әперем, – деп айтады, – осы қызды».
«Туғанымның жесiрiн бермеймiн» деп, Жанқозы осылайша намыс қылды.
«Малқозының баласы Толыбайға Осыған әперем» деп ниет бұрды. Құдаға көп рақмет, құлдық еттi Қасында азын-аулақ адам қалды,
Көп жолдасы өз елiне қайтып кеттi.
Айдабол сол сапарда қыстап қалды,
Толыбай қызды құшып рақаттанды. Есебике деп айтады қыздың атын, Қыз болғанда қызықты сондай сәндi.
Болғанда шашы – сүмбiл, тiсi – гауһар, Көргенде балқытады шыбын жанды.
Толыбай қыстай жатып қызық көрдi, Мақтаулы Қаратай ер бұл да сері-дi. Елiнен шанышқылы бiр қыз әкеп, Күңдiкке оны-дағы жұмсап бердi.
Бөктiк деген қыз екен бұл да нұрлы,
Толыбайға некелеп тағы бердi.
Жаз шығып, ел жадырап, қары кетiп, Айдабол ендi iздемек туған елдi.
Ойлады Айдабол би жақсы талап, Ат мiндi жан басына еркiн балап. Екi қыз қыстай ойнап күйеуiмен, Болыпты қатарынан екiқабат.
Жаз шығып соныменен елге қайтты, Қаратайға қанша еттi зияпатты.
Арада бiрнеше күн жүргеннен соң,
Екi қыз қатарымен туа қапты.
– Екеуi де ұл болды тапқандарың, – Айдабол қуанады тiптi қатты.
«Түзден пайда болды, – деп, – бұл балалар», Бiрiне Олжабай деп қойды атты.
Қаратайдың қызынан Олжабай-ды, Есебике шешесi де асылзатты.
Бөктiктiң Шанышқылы – ата заты, Кем емес еш адамнан салтанаты.
«Қоста жатып туды, – деп, – осы бала»,
Қошетер деп қойыпты оның атын. Олжабай аман-есен жiгiт болса, Қошетер болады деген қолғанаты.
Айдабол немересiн қолына алып, Сондайлық түсiп тұрған ықыласы. Баласын оқытыпты алдына алып, Қарады порымына көзiн салып.
Жайнаған жай тасындай түрi бөлек, Отырды Айдабол би түрiн танып.
– Бұл бала туған екен елге ырыс,
Бақытты ерге өтпейдi жауда қылыш. Қайырлы, аман болса бұл шырағым, Қап түбiнде жатпайтын асыл құрыш.
Зұлым болса бұл бала – елдiң соры, Арамдықпен байланар оның жолы. Өзi бiлмес, бiлгеннiң тiлiн алмас, Ондайды деп айтамыз: «елдiң қоры».
Жасықтың көп нәрсеге сәндiгi жоқ, Өлшеусiз деген екен бiлiм жөнi.
Балаға түстi сондай ықыласы,
Ұлғайды артықша боп бар тұлғасы. Қақпақтай жауырынды, орта бойлы, Шүйделi, қайқы құлақ, қара қасы.
Сабырлы, кiшiпейiл, жанға жайлы, Қатардан асып туған мәртебесi.
Он төртке жасы келдi сол уақытта, Болуға ыңғайланды ел ағасы.
Сүйiндiк – Олжабайдың ата заты, Жайылды жастайынан шаһараты. Толыбайдың жастайынан мiнiп жүрген,
Бар екен Тайкүреңдей жүйрiк аты. Бәйгесiн орта жүздiң алып жүрген, Жақсы ат деген болады ер қанаты.
Толыбай Тайкүреңдi жүрген бағып, Бәйгенi ерегескен келедi алып.
Бiр түнде бұл Тайкүрең жауға түсiп, Толыбай қалған екен жабырқанып. Баласы Олжабайды сынамаққа,
Отырды бiреуiндей сөзге салып.
– Қарағым, бұған қандай ақылың бар,
Қартайып әкең отыр жаяу қалып. Жоқтаусыз жiбергенiң тұлпарыңды, Iздеп шықсаң қайтедi батамды алып.
Бұл сөздi естiп тұрды Олжабай ер:
– Атажан, мақұл, – дедi, – батаңды бер. Ажалды үйде-түзде ешкiм бiлмес, Жалмайды жан иесiн сұм қара жер.
Бақытыңа Құдай берген перзентiңмiн, Талабым қалай екен, бiр сынап көр.
«Ел сырын би танымас елде» деген,
Бақыты ашылмас жiгiттiң шықпаса тер.
«Жатқанға жан жуымас» деген сөз бар, Толқын ұрмас дарияны, соқпаса жел.
Әкесi бұл сөзiне ризаланып,
Ақ қошқар қойымызды айтып шалып. Ағытты бата берiп көздiң жасын,
Кiсесiн мойынына тағы салып.
– Он сегiз мың ғаламды Жаратушы, Баламды жамандықтан жүргiн қағып.
Қырық шiлтен, он екi имам, Ғайып Ерен,
Адасса жар болыңыз, қолдан алып.
Бiр күнi сапар тартты бұл жас бала,
Қасында жолдасы жоқ, жеке дара.
–Бiр атты iздеймiн деп намыс үшiн, Болам ба әлде қалай мен бiр нала?
–Балам, қайда барсаң, жолың болсын, Айтамын сен келгенше Аққа сәна.
Он төртте Олжабайдың сонда жасы, Құрбыдан артық туған мәртебесi.
Бiр атын Құлынкөк деп айтушы едi,
Ой желке, құлан жалды, келген машы.
Құлынкөк – Олжабайдың арғымағы, Басына бала жастан қонған бағы.
Қаламдай қия жонған екi құлақ,
Жалтырар екi көзi – жаққан шамы.
Қысқа бел, бауыры жазық, қабырғалы, Түрiлген електей боп оның таңы.
Қол етi қоржындай боп бөлек тұрған, Орақ бас, жай тасындай түстiң бәрi.
Бата алып атасынан, кеттi жүрiп,
Сарыала қамшыменен садақ iлiп. Үстiнде торлама көз сауыты бар, Басына батыр және қалқан киiп.
Тайкөктi алған қырғыз батыры екен, Хабары құлағына барған тиiп.
Арада бiрнеше күн сапар етiп, Олжекең бiр тоғайға келдi жетiп.
«Бұл жерге бүгiн түнеп шығайын» деп, Солайша аттан түстi көңiл етiп.
Тоғайда атын ұстап жатып қалды,
Тынығып бiразырақ демiн алды.
Жарым күн шамасында сол тоғайда, Жалтырап бiр-екi от тұтанды.
Олжекем «бұл қалай?» деп отырғанда, Жанған от барған сайын жақындады.
«Қатерлi iс екен, – деп, – мұның өзi», Қамшысын екi бүктеп қолына алды.
Басында от көрiнген тым алыста, Бұл оттан пайда болды бiр арыстан.
Жақын кеп жатып қалды жер бауырлап,
Кез болған Олжабайға бұл бiр дұшпан.
Оттай боп жалтыраған екi көзi, Батырдың бiр осындай келдi кезi. Бiрiне-бiрi батпай түнiменен,
Жатты ғой о да байқап өзiн-өзi.
Арыстан таң атқан соң кеттi жүрiп,
Олжекем: «Бұл қалай?» деп қалды тұрып. Бар екен Олжекемнiң жолбарысы,
Арыстан бата алмады соны бiлiп.
Таң атып, тамақ iшiп, мiнiп атын,
Амандыққа шүкiрлiк айтып батыр. Ер Олжабай далада келе жатса,
Бiр жалғыз үй тұр екен, келдi жақын.
Ол үйден шыға келдi кемпiр ана,
Деп айтты: – Қайдан келдiң, – дейдi, – бала? Ел-жұртыңды жау шауып, жалғыз қалып, Деп айтты, – боп жүрсiңбе жеке дара?
Батыр айтты: – Елiм аман, көңiлiм жаман, Осындай бiр қасiрет бар-ды жана.
Жесiрлiк бiр атымды жауға алдырып,
Себеппен келiп тұрмын бұл араға.
Кемпiр айтты: – Ей, балам, ендi нандым, Сырыңды iшiңдегi сен шығардың.
Жау қолына қойғанша жайтаңдатып, Бар болса, жер жүзiнде тауып алғын.
«Ат – адамның қанаты» деген сөз бар, Тiрi болса, қолға алып, пайдаланғын. Жайнаған жай тасындай жас баласың, Боларсың жұрт ағасы талайлардың.
Олжабай сөз сөйлейдi лебiз ашып:
– Анажан, сыр сұрастық ұшырасып. Адамсыз көптi көрiп, көп жасаған, Қарашы талығымды бiр бал ашып.
Балаға көңiл түсiп кемпiр ана:
«Мақұл» деп құмалақты қойды жайып.
Сөйлейдi құмалақта көргендiгiн:
– Туыпсың, әй, иә, балам, бақытың асып.
Бақытың зор, әй, иә, балам, дұшпаның қор, Етпеген екенсiң ғой бұрында жол.
Бағана бiр топ адам кетiп едi,
Дұшпаның байқап қалдым екен ғой сол.
Оңыңда қырық бiрдiң Қызыр сынды, Бұл сапар, Құдай бiледi, болады жол. Мен-дағы тiлеулеспiн, жолың болсын, Қайыр қош, иә, шырағым, қош-аман бол.
Олжабай кемпiрменен амандасып, Бұны естiп қабақат судай тасып: Талас суын қыдырып Әулиеата,
Келiптi Тоқпақ, Пiспек бәрiн басып. Атбасы тауын өрлеп, Ыстықкөл мен,
Кезеңдi Әтеке келдi асып. Аулына Әтекенiң келiп тұрса,
Тайкөк ат байлаулы тұр құп жарасып.
Олжабай атты көрiп iшi қайнап,
Садағын қолына алды ендi ыңғайланып: Ауылға бейғам жатқан салды бұлiк, Қолына алып жасыл туын «а, Құдайлап».
Қырғыздар бұл жұмыстан жаман сасып, Бұлар да шығып жатыр тобын сайлап.
«Мың қарғаға бiр кесек» дегендейiн,
Ақыры қырғыздарды шықты айдап.
Әтеке өз көзiмен мұны көрдi, Тоқтатып қырғыздарды жауап бердi:
– Мұнымен ұрыспаңдар, тiлiмдi алсаң. Бұл өзi күшiн сынап, жалғыз келдi.
Атын берiп, жөнiне қайтаралық, Бiз-дағы бүлдiрмелiк бекер елдi. Әтеке қорыққанынан Олжабайдан, Құрметтi сөзiн айтып бұған ендi.
Әтеке сөз сөйлейдi Олжабайға:
– Иә, балам, кез боп қалдың осы жайға. Талабың таудан үлкен, бақытың асқан, Мен де жолдас болып ем бiрталайға.
Татулыққа, шырағым, дүние көп, Таласпалық қырылып жалғыз тайға. Достасып алысалық қолда барын, Қоялық уағданы бiр Құдайға.
Олжекем осы сөзге ризаланып, Дос еткен Әтiкенiң тiлiн алып.
Құрметтеп Олжабайды қанша қырғыз,
Батырдың ордасына түстi барып. Достасып Әтеке мен ер Олжабай, Жатыпты бiрнеше күн демiн алып. Бiр тоғыз Тайкөк атқа және қосты, Елiне қайтты батыр олжаланып.
Әтеке әрi досы, әрi аға,
Берiптi тоғыз кiсi жолдас жана. Кейiнгi қолдан аман асып түсiп, Барыпты аман-есен Тәшкен қала. Қасында жолдасымен есендесiп,
Қайтарған қош айтысып сол арада.
Тәшкенде бiраз күндей сайран еттi, Көрген жан Олжабайды қайран еттi. Олжабай сол бетiмен төмен құлап, Елiне Қарақалпақ келiп жеттi
Кез болып бiр қария осы жерде, Жөн сұрап Олжабайдан жауап күттi.
– Руым орта жүзде Сырда жатқан, Сүйiндiк – елiм, аты емес мақтан. Қырғызда Әтекемен жекжат едiм
Бұл сапар жолым солай келе жатқан.
Ол адам сөз сөйлейдi жауап берiп:
– Иә, балам, сенi тұрмын тәуiр көрiп.
«Бiр жұрты ер жiгiттiң қайын» деген. Бiр атты қайтпаймысың бiзге берiп?
Кел-дағы жыл айналып, қызымды алғын Уағдам тап осылай болсын берiк.
Олжабай оған айтты: – Сөзiме бақ, Қызыр қонған жiгiтке қонады бақ.
Бұл атты бере алмаймын бұл сапарда,
Осы ат болып едi бiзге аманат.
Қиянат аманатқа ете алмаймын,
Бұл сапар сiзге берiп кете алмаймын. Аман болса кеп қалар тағы кезiм, Мәнiсiн сұрасаңыз бiздiң жайдың.
Олжабай осы сөзбен жүре берген, Аман-сау туып-өскен жерге келген. Бөгенбай батыр кептi даңқын естiп, Ерлiгiн Олжабайдың елi көрген.
Бөгенбай құтты болсын айта келдi,
Жас бала аралапты талай жердi.
Үш жүзде Олжабайдан асар жан жоқ, Бөгенбай осылайша баға бердi.
Екi батыр дос болып құшақтасты, Айбыны екi бағлан жұрттан асты. Орта жүздiң ұраны жұрт ұйыған, Ерген жас екеуiне судай тасты.
Олжабай Бөгенбайға қатты салмақ, Бар едi сол заманда құба қалмақ.
Бiр жылы сол қалмақпен соғыс болып,
Сарысудың өзенiне түскен аңдап.
Олжекем шалқасынан ұйықтап жатса, Барады бiр мезгiлде бой шымырлап.
«Олжабай шошыр ма екен жыланға» деп, Бөгенбай қарап тұрды мұны барлап.
Бiр жылан үстiн басып, тiл шығарып, Сол заман ауызына болды бармақ.
Олжабай бiлдi мұны хабарланып, Енуге жылан келдi даярланып.
Аузына жылан басы енгенiнде,
Тiспен қырқып тастады басын алып.
Бөгенбай мынау iске қайран қалды, Қасында Жанатайға айтты барып:
–Жанатай, саған сондай бiр iс болса, Қалайша құтылар ең амал тауып?
Жанатай сөз сөйлейдi Бөгенбайға:
–Әруақ зор осы күнi Олжабайда. Ондайлық қатер iске кез боп қалсам,
Етпеспiн қапелiмде оған айла.
Тәуке хан Құба қалмақ алған жеңiп,
Бiр-бiрiн қалмақ, қазақ тату көрiп. Тәукенiң бұл күндерi жасы жетiп, Қартайып кәрiлiкпен жатқан шөгiп.
Торғауыт қалмақ шығып сол заманда, Қазақты күннен күнге кеттi жеңiп.
Абылай, Әбiлмәмбет заманында, Қалмақтар жер шыбындай кеттi өрiп.
Қоңтайшы ол қалмақтың болған ханы, Қазаққа сол уақытта тидi зары.
«Ақтабан, шұбырынды» заманында,
Қазақтың жауда кеттi көп мал-жаны.
Қоңтайшы бұл қазаққа зәрiн шашып, Қазақ елi туған жерден босып-қашып. Сырдың бойын қуалап қалың қалмақ, Түркiстан, Ақмешiттi қалған басып.
Қазақтың ол заманда батырлары:
Қабанбай, Бөгенбай мен Олжабайы, Сырымда Малайсары, Жанатаймен, Өмiрлiк жолдас болған Жасыбайы.
«Дос болған ту ұстасып екi батыр»
Деп айтар Олжабай мен Бөгенбайды.
Бөгенбай ол уақытта асқан батыр, Болыпты өз елiне алтын шатыр.
Соғысып бiр жорықта Қоңтайшымен, Қалмаққа салған екен заманақыр.
Қоңтайшы жеңiп жүрген одан бұрын, Қазақта қастығы бар, ниет қырын.
Қалмақтың ортасына қырғын салып, Алыпты Қоңтайшының екi қызын.
Қыз атын деп айтады: «Лағба, Лаба»,
Ұқсаған екi сұлу күн мен айға. Таңдауға түскенiнде екi қызды, Бөгенбай былай деген Олжабайға.
– Олжабай, жасың кiшi, ақылың дана, Бұл күнде олжа болды бұл қыз бала.
Қайсысын көңiлiң қалар, сiз алыңыз, Олжа алғын қалауыңша бұл арада.
Олжабай Бөгенбайға ырзаланып, Лағбаны алған екен түрiн танып.
Лаба қыз Бөгенбайға жар болыпты.
Өмiрдi өткiзiптi рахаттанып.
Солардан туған бала кейiн күнде Жүрiптi «қалмақ» деген атақ алып. Бөгенбай ол баланы алғаннан соң,
Дүниеге Саққұлақ деп бiр ұл келген.
Туыпты тағы бiр ұл Саққұлақтан, Бөгенбай «Олжабай» деп атақ берген,
«Болсын, – деп, – Олжабайдай ел ұраны», Солайша Олжабайды артық көрген.
Баласы орта жүздiң арғын, найман,
Тәукеге заманында бақыт қонған. Үш жүздiң балалары бiр қоныс боп
Барлығы Сырдың бойын мекен қылған.
Бас қосып арғын, найман бiр қоныста, Олжекем орта жүзге ұран болған.
Сарысу, Арқа есiгi – Арғанаты, Айдабол Төртуылды қоныс қылған.
Жайлауы – Нұра суы едi мұның, Сала мен Домбыралы бетегелiм. Моншақты Құланөтпес, Шiдертi өзен,
Сiлетi, Қарасеңгiр, Шалқар белiм. Сапырып сары қымыз қаздай қалқып, Шарықтап тамашамен жатқан елiм.
Батырдың Малайсары жөнi басқа, Қайраты қайтпас, салса да қара тасқа.
«Өлген жерде өлелiк бәрiмiз» деп, Бiр-бiрiн жау қолына тастамасқа.
Сол уақытта құба қалмақ Қалдан Шерiн Қастасып қазақпенен мiнген атқа.
Зорлығы Қалдан Шерiн шектен асты,
Қырғындап қазақ елiн асып-тасты.
«Бұл қалмаққа бiр тыю салайын» деп,
Абылай хан батырлармен ақылдасты.
Сол уақытта батырлары Абылайдың Уақ Баян батыр жауға айдын.
Балтакерей, Тұрсынбай, Бердiқожа, Көкжарлы көкжал Барақ – бәрi дайын.
Сырымды Малайсары ескi батыр, Барлығы басшы еткен Олжабайды. Қаншалық көп ерлерiн ертiп алып,
Абылай Қалдан ханға қанат жайды.
Бұларсыз жауға Абылай аттанбайды, Олар жоқта көңiлi шаттанбайды.
Елiне Қалдан Шерiн келiп түсiп,
Бiр жерден тауып алды жақсы жайды.
Әскерiн түсiрiптi үшке бөлiп, Үш түрлi үшеуiне атақ берiп. Айтады: – Кезеуiлшi – бiрiншiсi,
Екiншi – тосқауылшы тәуiр көрiп. Үшiншiсi айтады салықшы, – деп,
Олжабай жүредi екен соған ерiп.
Келгенiн Абылайдың Қалдан бiлдi,
Ой ойлап: «Соғыссам, – деп, – неше түрлi». Жасанып жан-жағының бәрiн жиып, Қазақпен қарсыласып бұлар тұрды.
Аттанып Абылайдың батырлары, Екi жақ есебi жоқ қырылады.
«Қазақты бұл өнермен алмаспыз» деп, Қалмақтар дарбазаның құлпын алды. Кеш түсiп сол заманда уақыты болып,
Батырлар мекенiне қайта барды.
Қазақтың батырлары сондай мықты, Ол күнi қанша қалмақ қырылыпты. Абылай сонда тұрып батырларға Бiр күнi «іс еткiн» деп бұйырыпты.
– Сөз тыңда, – деп айтады, – Малайсары, Ел үшiн құрбан, – деген, – ердiң жаны.
Бердiқожа, Көкжарлы Көкжал Барақ, Қақпаны қиратыңдар қаптап бәрiң.
Бұл iстi қабыл көрiп тамам батыр,
Ұмтылды оқ жаудырып садақтардан.
Қалыпты Малайсары жараланып, Белiнен оқ тиiптi қаны ағып.
Олжабай Малайсары халiн көрiп, Отыр едi жолдасына қапаланып. Сонымен өз қосына алып барып, Қойыпты дәрi жағып, белiн таңып.
Атына екi жақтан қамшы ұрып,
Бiр қалмақ келдi дағы жалғыз шауып:
– Олжабай, қамал бұзған батыр деушi едi,
Қатындай қашып жүрсiң мұнда не қып?
Қалмақтың сөзiн естiп, Олжабай атқа мiнедi.
«Әруақ маған жар бол" деп, Пiрiнен медет тiледi.
Тайкөктi тайдай ойнатып, Тор көз сауыт жайнатып, Қолына алды ыңғайлап Алтынды садақ, жебенi.
Артық туған Олжабай
Абылайға келедi.
«Туды маған бергiн, – деп, – Қайратыма көргiн» деп, Қолында алмас беренi.
Бере салды Абылай Ешбiр жауап демептi.
Мылтықтан түтiн тұман боп, Қақпаға жетiп келедi.
Абылайдың ақ туын Қолына батыр алып тұр,
«Олжабайлап» оқ атып, Ұранын айтып салып тұр. Барлық қазақ жабылып, Өкпелерi қабынып,
Қалмақтарға оқ атып, Қыран-топан салып тұр. Қалмақ тұрған қалаға Асырып атқан оқтары
Бұршақтайын жауып тұр.
Ақиқат сөз бұл өзi,
Iшiнде жоқ мақтаны.
Басқасымен жұмыс жоқ, Келе салып Олжабай,
Бүкiрмен шапты қақпаны. Есi шығып қалмақтар, Олжабайды атқаны.
Батыр туған Олжабай Сонда дағы саспады. Атқан оғы қалмақтың Олжабайдың қолына
Тиiп, өтiп кетпедi.
«Қақпасын бұзып өтем, – деп, – Мұратыма жетем» деп,
Қалмаққа сондай өшiктi.
Оқ тигенiн бiлген соң:
«Алды қалай болады, – деп, – Туды маған бергiн» деп, Тұрсынбай батыр жетiптi.
Мақұл көрiп Олжабай, Тұрсынға туды берiптi.
Бiр қақпаға таласып,
Қақпаның бұзып бiр жағын, Қалаға қазақ енiптi.
Қорған толған көп қалмақ, Ашылып есiк қалған соң, Шыбындай өрiп келiптi.
Қалмақ, қазақ қосылып, Қызыл қаны жосылып, Бiр зор қырғын көрiптi.
Аянбай соғыс еттi атпен шауып.
Оқ тиер деп асылында етпес қауіп. Қылыштасса қырылмай жан оңа ма, Талай қалмақ қалыпты қырғын тауып.
Екi күн соғыс болды бiр күн тынбай. Соғыста қарап тұрмас қылыш ұрмай. Астында сары қасқа атқа садақ тиiп, Сол жерде жаяу қалды хан Абылай. Қалмақтар қаптап кетiп байлап алған, Олжабай бiр жақ шетте абайламай.
Қалмақтар Абылайды кеттi алып,
Қазақтың басына бiр қайғы салып. Олжабай Абылайынан айрылғанға Қапа боп тұра алмады қатуланып.
Қара Ертiстiң бойында қалмақтарға Сол күнi қырғын салды қайта барып. Олжабай соғысады намыстанып,
Ақырып арыстандай ойран салып.
– Абылайдан айрылған қазаққа өлiм, Қалайша ел-жұрт болмақ, онан қалып?!
Абылай қолға түстi қайран ерiм, Ол кеткен соң сынады менiң белiм.
Жасымнан «Олжабай» деп атым шығып,
Қайтып көрем Арқаның ендi жерiн? Абылайдан аяған жан неге керек, Не бүгiн Абылай азат, не бiзге өлiм.
Қайырылды Абылайдай ағасына, Қайраттың түстi Олжабай сабасына. Қақ жарып қалың қолды сол уақытта Барыпты Қалдан Шерiн ордасына.
Оқ атып темiр қақпа бұзса дағы, Қалмақтар жiбермедi арасына.
Олжабай жүрсе дағы қырғын салып,
Қалаға енгiзбептi мың сан халық. Қалмақтың бiр батыры Шарыш деген Бұрыннан атақ алған мағлұмданып. Ұрыста Олжабайға тура келiп,
Шабыста қайтқан екен байлап алып.
Шарышты ер Олжабай байлап алды, Онан соң өз қосына қайтып барды.
Қайғырып Қалдан хан да батырына, Сонымен Олжабайға кiсi салды.
«Сәлем де Олжабайға, ердi берсiн,
Сөзiме достық айтқан шындап сенсiн. Көнбесе бұл жауапқа батыр болса,
Жекпе-жек соғысамын, өзi келсiн. Қорықса ұрысуға менiменен,
Кiсiмдi берсiн дағы кете берсiн».
Осылай келген кiсi айтып отыр:
–Бұл сөзге, ей, Олжабай, сен не дерсiң? Олжабай күйiнедi мына сырға, Сөйлейдi қаһарланып қалмақ сұмға:
–Қашатын қатын емен айтқан серттен,
Қалдан Шерiн қалауынша келсiн мұнда.
Ол қалмақ осы сөзбен кеттi қайтып, Көргенiн Олжабайдан бердi айтып. Қалдан да қаруланып, қатуланды, Көрмеген дұшпанынан бетi қайтып.
Қалдан хан келдi сонда майдан жерге, Дұшпанын ерегескен көзi көрдi.
Қалдан айтты: – Ей, Олжабай, қапы қалма, Қолымнан сендейлердiң талайы өлдi.
Қалданның осы сөзiн ұғып тұрды, Садақтың жез айылын һәм суырды.
Олжабай шауып келiп атқанында,
Мылтығын Қалдан ханның талқан қылды.
«Өмiрде мұндай атқыш бола ма?» деп, Қалдан хан осылай бiр айтты сырды.
– Олжабай, кеше сенi көрiп едiм, Ерлiгiңе шын баға берiп едiм.
Жан батпаған қақпаны бұзып-жарып, Қатты ұрысып қалаға кетiп едiң.
Ойлап едiм: «қақпа бұзған қандай қазақ?» Сындырып мылтығымды, салдың азап.
Қан төгiскен қырғынды бiз қояйық, Арамызда татулық жүрсiн ұзақ.
Ат бердi алтын жауып, бiр арғымақ, Достасып болмақ қылды жақсы талап. Дүниеде татулықпен тұрмақ болып, Серттесiп, ақ мылтықтың аузын жалап.
Олжабай қайтып алды Абылайын, Қалдан Шерiн бiлiптi батыр жайын. Қалмақтың батырын да қайтып бердi,
Ұзайтып басқа сөзбен не қылайын? Олжабай олжалы боп қайтты елiне,
Жан көрiнбес батырдың бiр өзiне. Жасыбай, бәсентиiн, таз руы,
Жас батыр бiрге жүрген өмiрiнде.
Осындай Олжабайға бақыт қонған, Қошемет келiп жатыр оң мен солдан. Атқан оқ Олжабайға тимеген соң, Абылай «Қужарғақ» деп атын қойған.
«Бақыты асқанның басына таяқ тимес», Дұшпанға ерегескен салады ойран.
Олжабай өз елiне келгеннен соң,
Орта жүз «он сан» болып тойын қылған.
Орта жүздiң қуанып барлық елi, Қадiрлеп алдырыпты Едiгенi.
Олжабай орта жүзге ұран болып, Бастады осылайша әңгiменi.
Барлық ел қойдай шулап бата қылып, Сары ала туды берiп белгiледi.
Олжабай, Бұқар жырау, Едiгемен, Мұнан жоқ орта жүздiң өтер ерi.
«Ақтабан, шұбырынды...» заманында Айтайын бiр хадиса әңгiменi.
«Ақтабан шұбырынды...» заманында, Қазақтың қоныс таппай қалғанында.
«Қазаққа қоныс тапсам, – деп айтады Олжабай, – шыбын жаным аманында».
Арқаның барлық жонын аралады, Едiл мен Жайық, Ертiс аралары. Есiл мен Алтай тауы, Арғанаты,
Ұлытау, Сарысу мен шамалады.
Бұл жердiң қыры – киiк, ойы – балық, Көргеннiң сүйсiнедi шыбын жаны.
Мың жылқы жатса дағы көрiнбейдi, Жаз жайлау, қыс қыстауы, жалғыз сайы. Күрең түс бетегеден ат жүрмейдi, Көрiнген құр аттай боп құлын-тайы.
Аралап ер Олжабай бәрiн көрдi, Тауына Баянаула тағы келдi.
Бетегеден ат жүрмес сондай шүйгiн, Бұл жердi талай жерден тәуiр көрдi.
Көкшетау, Қарқаралы, Өлеңтiмен Шiдертi ұзын аққан өзендерi.
Бес ата қоныс етiп осы жердi, Жанқозы, Малқозы мен Қоңырбелдi.
Қыстауы болды сонда Баянтауы, Қалмақ боп тұр қазақтың сонда жауы.
Жаз жайлауы Ерейменнiң сырт жағында, Құланөтпес, Қушоқы деген тауы.
Сән-салтанат, сәулетi сондай артық, Бетеге, қарақияқ көздiң жауы.
Көрiнбес жатқан жылқы шыққан шөптен, Оралған бiр ыңғай боп бие бауы.
Нұраның өзенi аққан саласында, Ұлытау, Ортатаудың арасында. Өлеңтi, Шiдертiнiң өзендерi Алакөл құйылады сабасына.
Сапырып сары қымыз сансыз жылқы, Орта жүз орда болған баласына.
Сол уақта құба қалмақ қайта жау боп, Бiр жанжал түскен екен арасына.
Әмiрсана қалмақ қашып өз елiнен, Жүрiптi Абылайдың панасында.
Олжабай Қоңтайшының қызын алған, Туысқан жақын екен о басында.
Әмiрсана жүрген екен қашып келiп,
«Олжабай – күйеуiм» деп, жақын көрiп. Күңгiрлек кезеңiне қол қаптады,
Сол жерде барлық ел де тұрды бiлiп. Iшiнен жетi кiсi бөлек шығып,
Аулына Олжабайдың келдi жүрiп.
Қалмақтар сөз сөйлейдi Олжабайға:
–Тыныштық сiз бен бiзге болар пайда. Сұратты Әмiрсанды құба қалмақ, Сонымен келiп тұрмыз осы жайға.
Достық етсең, бересiң Әмiрсанды, Олжабай қай жақ пайда өзiң ойла. Бермесең тiрi болып кетер жан жоқ. Бүгiннен соғысатын майдан сайла.
Олжекең бөгелген жоқ көп сөз ойлап, Қызарып екi көзi оттай жайнап:
–Әмiрсана – жар түбiнде жетiм тоқты, Қолымнан бере алмаймын оны байлап.
Осындай бiр-бiрiне қарсы келiп, Батырдың ойларына түстi желiк. Қалмақтар өз қосына қайтып барып, Жау сұрын бiр-бiрiнiң анық көрiп.
Сұрала туын алып ер Олжабай,
Шақыртты ел-жұртын, хабар берiп.
Атқа мiндi Олжабай, Қолына жасыл ту алып,
Жауатын күндей сұрланып, Түсi қашып қуарып, Алмастай соққан ақ семсер, Заһарға салып суарып.
Қырық жiгiт қырланып, Жасыбай батыр ырғалып, Асып туған Олжекең, Алтынды садақ бәрi жай, Тайкөк деген тұлпарға
Мiндi сонда оңданып. Батыр туған Олжабай
Сиынып жаппар Құдайға Жай тасындай жайнатып, Уаңтұлпарды ойнатып,
– Әмiрсанды бергiн, – деп, – Қайратымды көргiн, – деп, Шықты қалмақ бiр қырға.
Шiдертiнiң басында, Күңгiрлектiң тасында,
Арыстандай ақырып, Олжабай барды сонымен Қалмақтардың қасына.
Садақтың алды астына, Шоқпар ұрды басына, Қарсыластың қалың қол, Дұшпандық деген осы да. Бiр-бiрiне қатыспай,
Ақты бiр қандар жосыла.
Бақыты зор Олжабай,
Сондайлық тұрса оқ жауып, Тимейдi садақ басына.
Қамданып келген қалмақтар Қайтар емес соғыстан,
Бұлт орнаған таудай боп, Бiрiне-бiрi тоғысқан.
Өлгендердiң саны жоқ, Қызыл қанға шомылып,
Тамаққа тойған сауысқан.
Ат бауырын қағыпты Қалмақ, қазақ хандары.
Бiр-бiрiмен салысып, Жараланған таңдары. Он күндей ұдай ұрысып, Аянбастан қырысып, Көптiгiмен қалмақтың
Қазақтың кеттi сәндерi. Жара түсiп тәнiне,
Өзi сенбей әлiне, Қазақтың кеттi әлдерi.
Бұл қалмақты жеңе алмай,
Қызығын қашқан көре алмай. Қанша қазақ қырылып, Жолдасына сене алмай.
Жаратқанға жалынып
Жылады сонда Олжабай:
– Қор қылмағай дұшпанға-ай, Жаратушы бiр Құдай.
Нағашым едiң үйсiнде, Қуат бергiн, Қаратай.
Өмiрде бетiң қайтпаған Жар бола гөр, Бөгенбай! Орта жүзге ұран боп, Абыройым кеттi ме,
Қамдана гөр, Жасыбай!
Қашпаған соң қалмақтар, Олжабай батыр сасыпты. Шақырып әруақ сиынып, Көзiнiң жасын шашыпты. Әптиек айтып Олжабай,
Мінәжат Хақтан сұрады.
Тайкөктiң тартып тартпасын, Толғап мойнын бұрады.
Жасыбайды қасына ап, Ендi қырғын салады.
Шiдертiнiң басында Қатты соғыс болады.
Олжабай тартты садақты, Рүстемдей талапты.
Он бiр күндей шабылып, Тайкөк деген тұлпары
Жолбарыстай жарапты. Қашты қалмақ сол кезде, Ойдағы тастап талапты. Көш жолымен шұбырып, Есепсiз қалмақ қырылып, Баян тауын жанапты.
Қалмақ ендi бiр сайға
Садақты қардай боратты. Атысты сайға тығылып,
Оқтан жатыр қырылып, Өзен өрлеп шапқанда, Қайқайып садақ тартқанда, Қалмақтың тиiп бiр оғы Жасыбай қалды жығылып. Астындағы Қоянкөк,
Қайта тұрды, сүрiнiп. Атының жалын құшақтап, Кейiн қайтты Жасыбай Пiрлерiне сиынып.
Жасыбайдан әл кеттi, Жалғыз жүрiп Олжабай Қалмақтарды дендептi.
Баян таудың iшiнен Қуып шықты қалмақты, Қашқан жаудың соңынан
Мылтық оғын зымыратты. Қалың қазақ бiр сергiп Қалмақтан иығын босатты. Шiдертiнiң басынан
Қалмақ қашты құйылып.
Өлген қалды далада, Қорым тастай үйiлiп.
Бiр сергiдi қазақтар, Дүние тауып сүйiнiп.
«Қалмаққырған» атанды Сондағы жүрген жерлерi. Баянтаудың көлдерi, Қоңыр салқын белдерi.
Қара Ертiстi қаптатып, Қалмақты атқа таптатып
Бiр сын болды қалмаққа Алтай таудың белдерi. Олжалы болып ұранды ел, Орта жүздiң ерлерi.
Алтай таудан әрi асып, Артын бағып қарасып, Елiне қайтып жөнелдi, Қалмақтың сынып белдерi.
Қалмақты таудан асырып, Дұшпанын елден қашырып,.
Өлiгi қалды қалмақтың Бiр адырды жасырып. Оқ жыландай орғытып, Тайкөк атты Олжекең Тобылғыдай қатырып. Орта жүздiң ұраны, Олжабайдың әруағы
Жаһанға кеттi шашылып.
Олжекең елге келдi қайта айналып, Ерлiгi орта жүзге болған қанық.
Ел қорыған ерлерге өлшеу бар ма, Жатыпты соныменен бiр дем алып.
Ал тағы бiр әңгiме басталады,
Халайық, тыңдаңыздар құлақ салып. Құба қалмақ тұсында тыным бар ма, Ерлердi қобалжытқан неше айналып. Сақау ақын айтады екен бұл сөздердi, Солардан жеткен мирас бiзге қалып.
Олжабай орта жүзде ту ұстаған,
Балапан тұйғын құстай құныстанған.
Қолының қоспасынан оқ тисе де, Ту ұстаған жерiнен жылыспаған.
Осындай дәурен кешкен ер Олжабай. Дұшпанын ерегескен ала берген.
Арқаның айдын шалқар даласында Олжабай ойнай-күлiп қызық көрген.
Бiтiрiп дау-жанжалды жұрт iшiнде, Қарамай жақындыққа төре берген.
«Олжабай есен болса, ел аман» деп, Абылай осылайша оған сенген.
Олжабай болған едi шарапатты, Ел-жұртына көрсеттi рахатты.
Жасанып отырады күндiз-түнi, Күрмелеп байлап қояр Тайкөк атты.
Жағалап Ертiс бойын қалың қалмақ, Арқада қазақтарды тағы шапты.
Әбiлмәмбет елiне қалмақтар кеп, Бiр күнi байқаусызда қырғын тапты.
Бектерi келген сайын елдi шауып, «Ел екен» деп етпептi биттей қауiп.
Сырын деген қалмақтың батыры бар, Қазақтар қала берген қырғын тауып. Ел болып ақылдасып, басты қосып, Бiр күнi Олжабайға барған шауып.
Атқа мiндi Арқадан, Орта жүздiң баласы.
Қалмақтан келiп қалың қол, Жыртылған соң жағасы.
Тоғыз күндей соғысып, Келмеген соң шамасы:
«Олжабайға барсақ, – деп, – Етекке басты салсақ, – деп, – Келедi жұрттың ағасы.
Қалмақтан жеп таяқты, Халқының кетiп мазасы. Орта жүздiң ұран ед, Толыбайдың баласы».
Қос атпенен шапқыншы Олжабайға келiп тұр.
Жайын айтып басынан, Көздiң жасын төгiп тұр.
– Бiзге қалмақ жау болып, Жазаны жұртқа берiп тұр. Тiлегенiң, Олжеке,
Орта жүздiң баласы. Алдыңа келген туғанның Арызын тыңдап қарашы. Елiмiздi жау шауып,
Қызыл қанға бояды Бұл Ертiстiң жағасын.
Сырын деген бiр қалмақ Бүлдiрдi келiп жұртыңды. Сарыарқаны шаңдатып, Жылқыға салды қиқуды, Күнде келiп шабады,
Бұзып тұр сүйтiп ұйқыңды. Ажыратқан ажалдай
Қалмақ деген көп халық Кетiрiп барады сиқымды.
Олжекем бұл хабарды естiп қанды, Орғытып Тайкөк атқа мiнiп алды. Өмiрлiк жан жолдасы қырық жiгiт,
«Дабыл» деген дауысын бiр шығарды.
«Жау шапты елiмiздi» дегеннен соң, Сауытын дулығамен киiп алды.
«Затсыз қалмақ қайда, – деп, – ел шабатын», Олжекең Ертiстi өрлеп тұра салды.
Қалың найман соғысқан бұдан бұрын, Жау алудың бiлмеген тiптi ебiн.
Қалмақтар өз бiлгенiн iстеп жатқан,
Қазақтар көрген жаудан күнде шығын. Бәсентиiн Сырымбет Олжабайға Баяндады қалмақтың iшкi сырын:
– Сырын деген батырға кез боп тұрмыз. Қайратты бiр антұрған екен зұлым.
Мен бұған таппай тұрмын ешбiр айла, Көрiнсем деп ойлап ем осындайда.
Қалмақтың көптiгi сол қарағайдай, Бекiнiп бұл Ертiстi жатыр сайда.
Естiп бiлдi Олжекең
Қалың найман жауабын.
Дулығаның сыртынан Баса кидi телпегiн.
«Қор етпе, – деп, – дұшпанға», Пiрден медет сұрады.
Белде қылыш найзамен, Жез айыл берен садақ-ты. Қырық жiгiт қырындап, Етек-жеңiн түрiнiп,
Қалмаққа қойды ендi атты.
«Олжабай» деп ұрандап, Ертiстiң бойын шаңдатты. Қарсыласып қалмақпен, Мылтық, садақ зырлатты.
Қалмақ деген зәнталақ
Қырық жiгiттi көрген соң, Жиылды бұл да анталап. Екi ғасыр қосылып,
Қызыл қанға жосылып, Бiрiн-бiрi паршалап,
Қалмақ-қазақ екеуi Араласып кетiптi. Ажалдыға оқ тиiп,
Қазасы сол күнi жетiптi. Тайкөкпенен Олжабай Суда жүзген жайындай, Қақ жарып iшiне өтiптi.
Мылтықтан түтiн тұман боп, Бiрi – айдаһар, бiреуi –
Жылан болып кетiптi.
Шоқпарлары күрсiлдеп, Ат тұяғы дүрсiлдеп, Найза, қылыш үнi жоқ, Жарқ-жұрқ етiптi.
Олжабай мен Сырынның Бiр келмедi кездерi,
Қызыл қанға толыпты, Батырлардың көздерi. Сайдан ақты қызыл қан,
Қалмақтың өлген жерлерi.
Кешке шейiн соғысып, Бiрiн-бiрi жеңбедi.
Күн батқан соң соғыстан Барлығы да тарады.
Барабанын қағады, Жаудағының жауабы. Өз қосына барған соң, Қазақтарды санады.
Екi жүздей қазақтан Отыз бопты сол күнi
Соғысты өлiп қалғаны. Қалмақтан ешбiр хабар жоқ, Тауып алып өлгенiн, Апарып отқа жағады.
Түнiменен Олжабай Қайғыланды қамығып, Iшпептi тамақ терленiп, Қалмақтың бетi қайтпады.
«Жеңбедiм, – деп, – не қылып?» Сарғайып таң атқаннан,
Қалмақ бейқам жатқанда, Жөнелдi ерiң шабынып. Қарамады Олжабай
Қазақтың қалған қолына. Тайкөкпен тау асып,
Бiр сайдың түстi жолына. Қалмақтың артын айналып,
«Бiр түссем, – деп, – соңына», Ертiс суын жағалап,
Көп ағашты паналап, Шықты сүйтiп оңына
Сары ала туын жайнатып, Бiр кезеңнен Олжабай Шыға келдi тұйғындай Тайкөк атты ойнатып.
Шақырлап сулық шайнатып, Шашақты найза қолға алып, Жұлдыздай көзiн жайнатып, Барабан соғып ұрысқа,
Шығамыз деп қалмақтар Отырған асын қайнатып. Олжабайлап ұрандап Қалмаққа тидi сонымен, Садақ, мылтық зырлатып. Жер астынан жау шығып,
Босатты қалмақ жосынын. Сасқалақтап қалмақтар, Етiгiн басына киедi,
Атқа терiс мiнедi.
«Қылышым» деп садағын, Салбырата iледi.
Сабыры кеткен қалмаққа Олжабай сүйтiп кiредi.
Асып туған Олжабай Ойлады сонда айланы. Шiренiп тартып садақты, Елдi аузына қаратты.
Сансып жатқан қалмақты, Жеке жүрiп жайғады,
Түске шейiн соғысып, Қазақ та келдi болысып.
Қалмақтың кетiп сәндерi:
«Болмады, – деп, – жолымыз, Олжабай болды сорымыз,
Қашып соғыс қылам» деп, Бұзылды қалмақ ойлары.
Бiр топ қарға iшiнде Бүркiттейiн ойнады.
Бестау, Сырымтауынан Қалмақты қуып асырды.
Бiр өзi көпке төтеп боп Түсiрген соң жасылды. Бiр кезеңнен асқанда
Қиялап жартас, шатқалды, Сонда көрдi Олжабай,
Сырын деген асылды.
Сырын менен Олжабай Қарсыласып алысты, Қарсы найза салысты.
Екеуi де атақты ер
Бiрдей ойлар намысты. Бiр-бiрiнiң басына Шоқпар жатыр ұрылып, Бiр-бiр салып өтедi, Қайта айналар бұрылып.
Олжабай шапты қылышпен, Сырын ердiң сол кезде
Бiр қолы қалды жұлынып. Қашты қалмақ сонан соң,
Атқа қамшы ұрылып.
Қия жол қалың шатқалда Ылдилап төмен шапқанда,
Жан аямай қашқанда, Бiр тас қағып тiзесiн, Қалды Сырын жығылып. Құтылмасын бiлген соң, Олжабайдан өтiнiп,
Қол қусырып Сырын ер Құлдық еттi иiлiп.
– Жан сауға, – дедi, – батырым, Бар емес пе ақылың?
Қолға түстiм қолыңмен Байқайын iстiң ақырын.
Сол жерде Сырын ердi байлап алды, Өзiнiң тұлпарына мықтап таңды.
Қырғыннан қалған қалмақ көп еңiреп, Тоз-тоз боп елiне кетiп қалды.
Ер жiгiт ел-жұртының ырысы ғой, Жаудан қорғап және де олжа салды.
Басқа да елде батыр толып жатыр, Арада жер мен көктей парқы бар-ды. Ерлiгiн Олжабайдың көзi көрiп, Бәсентиiн Сырым батыр сөз шығарды.
Көп алғыс айтып едi Олжабайға: – Бақытты бала туса, елге пайда.
Он күндей бiз соғыстық бұл қалмақпен, Бiтпедiк олжаланып жалғыз тайға.
Олжабай екi күндей араласып,
Қалмақты қырып бiттi жалғыз сайда.
Нағашың Қаратайға тартыпсың-ау, Ол ер де сұмдық едi осындайда.
Олжабай сөз сөйлейдi Сырымға:
– Оқ тимес ажалсызға жүрсе қайда. Ел ағасыз болмайды, тон жағасыз, Сырым-ау, бұрынғының сөзi қайда? Осыны Олжабай ер сыйға алғын
Сырыңды өз қолыма қайтып берiп, Ашуды ойыңыздан һәм шығарғын.
Осылай Қалдан Шерiн хатты бердi, Елшiсi Олжабайға бiр күн келдi.
Сөздiң жөнiн бастан-аяқ естiген соң,
Олжекең барлығын да қабыл көрдi.
Сырыңды байлауынан босатады,
«Бiз дағы барамыз» деп қоштасады.
Босанып Сырын батыр кеткеннен соң, Қуанып ел-жұртына жол тартады.
Олжабай қырық жiгiтпен шықты жолға, Бармақ боп, шақырған соң Қоңтажыға. Қанша жан қарсы шығып қарсы алдынан, Қалдан хан сый көрсеттi ер Олжаға.
Олжабай күйеу болып сонда жатты, Өткiздi ойын-сауық салтанатты.
Той тарқап, тамашасы бiткеннен соң, Ұзатты Тименсайын перизатты.
Қырық қыз, қырық жiгiт пен тоқсан қара ат, Тағы да тоқсан боз ат сыйға тартты.
Алты қанат ақ орда бiр үйменен Олжабай қуанышпен елге қайтты.