Қазақша
ЖОРЫҚТА
Домбыра екі шекті қолға алайын, Азырақ әнге салып толғанайын. Білгенді, естігенді баянды етіп, Ерлерден ертеде өткен сөз қозғайын.
Ертеде, ерте өткен бұрындағы, Көз жетпес нысансыз Қырымдағы Ақындар талай-талай өлең еткен
Біздерден көп жыл өткен бұрындағы.
Өтіпті Асан қайғы, Бұқар жырау.
Олардың айтқанына кімде дау бар? Құлмамбет, Құланаян, Сүйінбайлар, Барлығын хатқа тізіп болмас санау.
Солардан мына бізге қалған үлгі, Ай өтіп ай артынан, қуып жылды. Басына еш адамның тоқтамастан, Опасыз өтіп жатыр дүние түлкі.
Дүние өтсе, дүниеден ер де өтеді. Өткен іс көңіліңді тербетеді.
Әр адам, өсіп-өніп, өмір сүріп,
Өзінің заманымен бір кетеді.
Бірақ та заман өтсе, із қалады, Ер өтіп, ол туралы сөз қалады. Өмірі ел мен жердің өте ұзақ, Атағын өткендердің ел жаяды.
Қарасақ арғы атамыз – үйсін қазақ, Ұштасып таралуы өте ұзақ.
Ескендір Зұлқарнайын заманында Алатау мекен еткен біздің дулат.
Патша Зұлқарнайын дүние салды,
Аңыз боп ел аузында аты қалды. Алатау – көгал алқап, сары жазық, Мекендеп сол араны дулат алды.
Алатау – алқабы кең асқар биік.
Мұз киіп, қар жамылып, бұлт жайылып. Ар жағын мекендепті қорым қалмақ, Дулатпен екі араны бөліп киіп.
Қалмақтар қазақпенен жау болыпты, Арада үзілместей дау болыпты.
Шабасып бір-бірімен қысы-жазы,
Саласы Алатаудың қан болыпты.
Созылған жылдан-жылға соғыс ауып, Адамдар отырмаған пана тауып.
Ит жығыс кезек-кезек біріменен, Бірде ол, бірде мұнан қазақ шауып.
Мінгізген ол шабуыл атқа көпті, Жорықта бастан-аяқ Төле бопты. Өзі ер, өзі шешен, өзі батыр,
Кісі екен алмас құрыш, асыл текті.
Ерлік пен шешендікке әділдік сай,
Төле би атандырған осы жағдай. Халыққа айтқан сөзі мақам болып, Келеді осы күні, әлі тозбай.
Төле би жайшылықта билік еткен, Соғыста найза ұстап, ерлік еткен. Жорықта қол басқарып, іс атқарып, Үйретіп жас ерлерге тәрбие еткен.
Болыпты сол жорықта жас Өтеген. Кезі екен он алтыға жаңа келген.
Тік иық, кең жауырынды, қарулы қол,
Кем емес көрінісі ұлкендерден.
Қыр мұрын, қара торы, қабағы тік. Денесі өз теңінен өткен биік.
Төбеге нысаналы мүйіз бітіп, Жаралған адам екен өзгеше қып.
Төленің Өтегенге көзі түскен,
«Сынармын, – деген, – өзін алдағы істен». Кеш болып, қас қарайып, күн батқанда, Қолт келіп бір сапарда аттан түскен.
Ол жердің қасы ескі қорған екен,
Бұрынғы өлгендерді қойған екен. Ойылып алқымдары түсіп-түсіп,
Бұзылып көп молалар қалған екен.
Төле би Өтегенді сынамақшы, Ерлігн, жүректілігін байқамақшы.
Сылтаулап «от жағуға отын тап» деп, Молаға қараңғыда жұмсамақшы.
Төле би шақыртқан соң, келді Өтеген, Жоқ еді бұдан бұрын алдын көрген.
Бұралған тал шыбықтай бала батыр
Алдына келіп тұрды әдеппенен.
Төле би жайыменен сәлем алып, Батырға: – Әкел, – деді, – оттық тауып. Қыдырып, молаларды көрсең барып, Ағашы құлаған көр болушы еді.
Өтеген қараңғыда кетті жүріп, Аспанды бұлт басып, тұр түнеріп. Артынан үш-төрт жігіт жіберіпті:
«Байқа, – деп, – батырлығын көзбен көріп».
Олар да бір жағынан бұғып тұрып,
Бір аман ағашы бар көрге келіп, Ішіне алқымының отырыпты,
Бытырап әр жеріне бұғып-бұғып.
Өткенде біраз уақыт батыр келіп, Ол көрдің ағаштарын байқап көріп, Ішіне шұқырының түсе қалып,
Ағашты көтеріпті жайыменен.
Әлгілер жабысыпты ағашына, Өтеген үн қатыпты, тоқтап сонда:
– Өлі әруақ!... Тірі әруаққа ас пісірем, Тыныш жат, жабыспай-ақ, орыныңда.
Соны айтып жас Өтеген кеткен жүріп, Саспаған, қорықпаған үрейленіп.
Төлеге сынаушылар баян етіп,
Разы болған Төле оны естіп.