МЫРҚЫ БАТЫР

Қолыма қалам алдым тербеткелi, Бұл өзi бұрынғының өрнектерi. Осындай үлгi сөздi әңгiме ғып, Ермектеп жүрушi едiм ер жеткелi. Ұлы жүз – арғы нәсiлiм, үйсiн – елiм, Төрт дулат атанады ата-тегiм. Дулаттың iшiндегi Ботпайымыз, Көлемi Алматының – өскен жерiм. Нұрлыбай – әкем аты, атым – Әшiм Затыңды қалай қылып жасырасың? Б...

Қазақша
МЫРҚЫ БАТЫР
Қолыма қалам алдым тербеткелi, Бұл өзi бұрынғының өрнектерi. Осындай үлгi сөздi әңгiме ғып, Ермектеп жүрушi едiм ер жеткелi. Ұлы жүз – арғы нәсiлiм, үйсiн – елiм, Төрт дулат атанады ата-тегiм. Дулаттың iшiндегi Ботпайымыз, Көлемi Алматының – өскен жерiм. Нұрлыбай – әкем аты, атым – Әшiм Затыңды қалай қылып жасырасың? Басыңда бақыт, дәулет тұрған кезде, Желiгiп, көтерiлiп, ашынасың. Бiр күнi бақыт – дәулет тая кетсе, Ерiксiз су сепкендей басыласың. Бұрынғы теңдесетiн ерлерiңе Ерiксiз күнiң түсiп бас ұрасың. Басыңнан бақ тайған соң, әлiң кетiп, Лажсыз көрiнгенге асыласың. Өрнектi үлгiлi сөз жан тербетер, Сөздi айтып мұңлы зарлы қан тербетер. Әр адам бас ғұмырын пайдаланып, Болғанмен жақсы-жаман ғұмыр өтер. Бұл сөздiң бағытына қарағанда, Iшiнде бiр нәрсе бар емес бекер. Бұрынғы өтiп кеткен замандарда Бар едi не бiлiмпаз адамдар да. Адамға ата сөзi, ана тiлi, Тиындай ұғымсызға бағаң бар ма? Бұл кеңес көптен берi жүрдi ойымда, Өсiптi қазақ халқы Сыр бойында. Сонан соң бет-бетiмен қоныс апты, Бұрылмас қазақ халқы бiр мойында. Емеспiн көздi құмар парлатуға, Көңiлiм сөздiң түбiн аңлатуда. Ұлы жүз орта жүзбен бiрге көшiп, Барыпты тау көбелеп Алматыға. Сенiп жүр рабат жоқ құр малына, Пайда еттi малы қанша бiр жанына? Ұлы жүз Алатауды мекен еттi Бір мың үш жүз бесінші жылдарында. Мың-мыңдап бие туған байларынан, Кемшiлiк мүлде шығып ойларынан. Соларға есiрiктiк мiнез берген, Айтпақпын Алматының жайларынан. Алатау қатар тұрған сегiз қабат, Миуалы сөйлемекпiн сайларынан. Алатау басың биiк көкке жеткен, Басыңнан емес бiр күн қарың кеткен. Бауырың күннiң ыстық нұрын тартып, Басыңа өркеш-өркеш бұлт шөккен. Өркеш тау, өркеш бұлт шымбаласып, Секiлдi сөйлескендей бiр құрметпен. Сай-сала, жыраларың түрленген шөп, Ғаламға жел арқылы жұпар сепкен. Сол иiсi түрленген шөп, ағашыңа Сайрандап түрлi бұлбұл келер шеттен. Түн болса, ай мен жұлдыз тамашалап, Жарқырап жерге қарай нұрын төккен. Сол жайды ұжмақтайын пайдаланып, Iшiнде талай мақлұқ ғұмыр еткен. Сай-сала, жыраларың түрлi жемiс, Табылар iздемей-ақ бекер тектен. Сыңқылдап неше түрлi құстар сайрап, Самал жел хор қызындай бетiңдi өпкен. Көк тұман бауырында бар шәрiлерiң, Ғаламға Алматы деп даңқы кеткен. Дүниеге хор қызындай құшақ жайып, Басып тұр Самарқанды сол жақ өкшең. Бiр барып ләззатыңды татқан адам, Өзiңдi шығарар ма өмiрде естен? Есiрiп дәулет тепкен байлар болды, Сапырған сары қымыз саба-местен. Алатау – басың биiк, бауырың жазық, Алманың кестесiсiң алтын қазық. Сипатың ұжмақтайын толып жатыр, Халiм жоқ бiтiруге бәрiн жазып. Көк тұман бауырында шәрiлер бар, Боп жатқан өндiрiсi ғаламға азық. Тянь-Шань, Талғар менен Iле өзен Кетедi Балқаш жаққа етек жазып. Шығады Қарасаздан Ұзынағаш, Қарғалы, Жиренайғыр оған жанас. Қосылып үш-төрт өзен Күртi атанып, Iлеге құмды жарып ұрады бас. Бойында ол өзеннiң шоқысы көп, Ақеркек, изен, жусан шығады шөп. Өтеген, Қазыбек пен Ханның тауы, Қиғаштап қосылады мол құмға кеп. Өтеген, Қазыбектiң жыралары – Әлi бар атамыздың мұралары. Терең сай, ұзын қамыс, құлпырған тал, Жерiне Қызыр шалған ұнағаны. Тастардың қызыл қия текшесiнде, Көп болды сұлулардың жылағаны. Ұзын тал, қалың қамыс, терең өзен, Қыздардың осы емес пе сұрағаны? Ол жердiң аңдары көп: елiк, арқар, Шөптерi күрең қызыл, түлкi жортар. Көк бөрi, көкше қоян, күзен жорық, Жолбарыс, қабыланы бар адам қорқар. Бұрынғы ел жауынгер жылдарында, Қыстаған Сарытаудың құмдарында. Аққолтық, Қалбұлақты мекен етiп, Сол жерде найман бiраз тұрғанында. Ол кезде үйсiн түгел едi Шуда, Қызулы қымыз iшкен қызық дуда. Сұлутөр, Сұрат тауы, Iле өзенi, Шыңжандай қалмақ едi Жетiсуда. Өкшелеп қалмақтарды найман барған, Ойлары қалмақты әрi қашыруда. Шуда едi сол уақытта үйсiн түгел, Найман да сол жерде едi үйсiн түгiл. Сұрат пен Сұлутөрдiң күнгей жағын Қызай да албан менен жағалап жүр. Ар жағы қырғыз едi қатар жатқан, Шабысып бiрiн-бiрi, күнде шапқан. Бауыры Талғар таудың Iле өзенi, Шыңжанда қалмақ едi бықып жатқан. Жауласу бiр-бiрiне болған кәсiп, Жатпаған батырлары белiн шешiп. Қалмақ сырғып, біресе қазақ жылжып, Жүретiн бiр-бiрiне арттан тая көшiп. Найман да көп халықтан iргелi едi, Қалмаққа найман таяу жүрген едi. Бiр саяз Қапшағайдан өткен тауып, Үйсiннiң Итжонда бiр бөлегi. Кебекбай найман едi қоры бар, Мiнәсар халық сүйерлiк қылығы бар. Перзентi Кебекбайдың ұлдан-қыздан, Қолында айдай сұлу бiр қызы бар. Ол қыздан дүниеде адам өтпес, Басында инабаттың жұлдызы бар. Қорлыға – Кебекбайдың жалғыз қызы, Байқаусыз бетiнде бар зардың iзi. Мөлдiреп қара көздi төмен салып, Жадырап бiр күлмейдi ақша жүзi. Маржандай отыз тiсi тiзiлiп тұр, Аш белi құмырсқадай үзiлiп тұр. Ақ тамақ, қызыл ерiн, ұзын кiрпiк, Гауһардай көзi төмен сүзiлiп тұр. Әнi бар Қорлығаның құмар тарқар, Ерiксiз естiгеннiң ынтасы артар. Қасынан көрген адам кетер емес, Жүзiнiң сиқыры бар адам тартар. Үйсiнде бiр бай болды, аты – Бошан, Қызулы адам едi, көңiлi босаң. Бұрынғы ескi қордан үзiлместен Кiсi едi келе жатқан әлдеқашан. Бар едi бұл кiсiнiң үш баласы, Келмеген жамандықтың еш қарасы. Болғанда бiреу жақсы, бiреу жаман, Адамның айырма ғой шекарасы. Қадiрлi Бошан бай да Қызыр шалған, Қадiрлi жiгiт едi, өзi бардан. Алтындай бейшараның балалары, Тәртiбi халайыққа үлгi болған. Аты едi үлкенiнiң Мырқы деген, Өзiнiң жүрушi едi ырқыменен. Халық сыйлар шамасының келгенiнше, Жыр тыңдап, жұмысы жоқ күлкiменен. Сол кезде жиырмаға келген Мырқы, Тебiндеп жаңа шыққан қара мұрты. Кең көкiрек, орта бойлы, бұқа қабақ, Жап-жалпақ мойны менен тұтас сырты. «Бошанның бұрын туған баласы» деп, Өзiн де жек көрмейдi елi-жұрты. Баланы жұрт таң қалып қылады сөз, Қызыл бет, қалың қабақ, тобылғы көз. Найзагер, садақ тартқыш, өзi балуан, Ат үстi соғысқа да амалы тез. Астында көк тұлпары қатып жүрген, Жастықтың қызығына батып жүрген. Ол кезде қалмақ, қазақ жаугершiлiк, Кезi едi белдi шешпей жатып жүрген. Малы көп, кемпiр – шеше, әкесi – шал, Бiр туған бiр ұл, бiр қыз бауыры бар. Он үште қарындасы Биша деген, Қарасаң келбетiне бiр ұрымтал. Он жаста кенже iнiсi Төлеу деген, Сөйлесе, тiлi тәттi шекер мен бал. Солардың оқиғасын сөйлемекпiн, Бұл сөзге, көп жамағат, құлағың сал. Мiндетi тыңдаушының қалды сiзде, Аянба, қызыл тiлiм, қимылдап қал. Ол кезде үйсiн түгел едi Шуда, Жақсы адам Кебекбай шал едi бұ да. Сөйлесiп Бошанбай мен Кебекбай шал, Екеуi Құдай қосып болды құда. Той қылып, малын берiп, қызын алды, Дәметкен талай жiгiт құры қалды. Мал берген қыз жайына қарасын ба, Талайдың көңiлiне қайғы салды. Осы қыз жүрушi едi Сүренменен, О да бiр батыр едi бiлемдеген. Кейде кез кеп, кейде кездеспейтiн, Жастықтың қызығы да үнемдеген. Жасынан осы қызға ғашық болып, Жалайыр Сүрен-дағы сүмеңдеген. Басқаның қызығына түскеннен соң, Жiгiттi түрте берер түлен деген. Мырқыға келiншек боп түскеннен соң, Әр түрлi той ырымын iстеген соң, Жастыққа не айтарсың, амал бар ма, Қан қызып, қызығына түскеннен соң, Бiлдiрмей келiп-кетiп жүрушi едi, Iшiне ғашық оты түскеннен соң. Мырқы ойлар: «Келiп жүр-ау бұл Сүрен» деп, Құлағын түрiңкiреп жүрдi елеңдеп. Бiр күнi сырын тартып айтып едi, Өзiн сөктi «Бұл пәлең неменең?» деп. Ауылы Бошан байдың Сарытау құмда, Талай ел онан басқа бар тау-құмда Бошан бай осы жылы көктеп едi, Мал семiз, орта жолдың дәл аузында. Жайлаған Бошан байың көштi бiр күн, Жайлайтын Өтегеннiң арғы сыртын. Онан басқа талай ел көшiп жатыр, Көшi өтiп кетiп жатыр дүркiн-дүркiн. Шаң басып, көштiң алды малға толды, Көш басты Қалбұлақтан шыққан жолды. Айдарлы, Өтегеннiң арасына Ауылы Бошан байдың келiп қонды. Көлтаудың ауыл қонды жағасына, Көлеңке мал жайылды панасына. Су iшiп Айдарлыдан отырмаққа Үй тiктi Қуыстыеменнiң арасына. Итжонға Мырқы бүгiн жүрмек едi, Ел жайын Итжондағы бiлмек едi. Таласып қоныс алып жайлануға, Елiнiң сол жерде едi бiр бөлiгi. Кеш келiп ауыл сайға, кеше қонған, Мал өрiп кетiп жатыр оң мен солға. Мырқы атын байлап қойып «жүремiн» деп, Ұйқысын бөлiп жатып, ерте оянған. Қызығы алған жардың басылмаған, Таң атқан, жердiң жүзi ашылмаған. Жылқыны айдап келiп, бие байлап, Айнала құлын қуып тасырлаған. Манаурап орнынан тұрды Мырқы, Дабырлап кеткеннен соң үйдiң сырты. Жаңа алған келiншегiн жастық дәуiр, Түнiмен болған шығар ойын-күлкi. Көрсеткен бiр күн iзiн, бiр күн жүзiн, Дүние ғой қылмаңдаған қызыл түлкi. Тұра сап асығыспен атын ерттеп, Итжонға не қылса да бүгiн жетпек. Тұлпарын отауына байлап қойып, Аяңдап үлкен үйге жүрдi беттеп. Келдi де, үлкен үйден қымыз iштi, Қорлыға бiрге келiп, саба пiстi. Екеуi қол ұстасып қайта шығып, Құшақтап бiр-бiрiнiң мойнын құшты. Қорлыға аттандырды, Мырқы аттанып, Аяңдап ендi Мырқы жолға түстi. Қорлыға арт жағынан қарап тұрды, Мырқы да неше артына мойын бұрды. Сүйенiп ұзағанша қарап тұрып, Қара үзiп кеткеннен соң, үйге кiрдi. Қорлыға кiрiп-шығып үлкен үйге, Бишаны ерттi ботаны iздесуге. Шыққанша бұлар үйден қоңыр бота Тайраңдап кiрiп едi қалың шиге. – Қамысқа бота барып кiрмесiн, – деп, Қамыста ит-құс болып жүрмесiн, – деп. Ботаны алып келiп ойға қойды, Тастысай – үйдiң жаны, iргесi, – деп. Тастысай – Iргеқамыс жайдақ жерi, Ботаға қамыс жақын тастан гөрi. Тайраңдап аяқтарын шалыс басып, Бықылдап ойнап жүрдi әрi-берi. Қорлыға екi көзiн төмен тастап, Отырды шынтағына тасты жастап. Бар едi сұлулығы хор қызындай, Тәкаппар адам едi мiнезi асқақ. Бишаның гүл төгiлер қабағынан, Көрiнер iшкен асы тамағынан. Бес тасты қақпа тас қып ойнап отыр, Халқыңның хабары жоқ амалынан. Бұлардың күткен бақыты алдында тұр, Бақыттың атқан жаңа таңында тұр. Он үшке қыз Бишаның жасы толған, Талпынып бала құстай бағымда тұр. Дүниеңмен бес тиындық жұмысы жоқ, Көңiлi қызыл-жасыл сағымда тұр. Биша отыр қолындағы тасты санап, Үздiксiз Қорлыға отыр төмен қарап. Бiр жағы тас, бiр жағы қалың қамыс, Ботаның жүрген жерi үлкен алап. Ығыстап төмен қарап жайылды iнген, Биша емес сұмдықтың жайын бiлген. Қорлыға төмен қарап отыр едi, Төменнен бiреу шықты атқа мiнген. Қорлыға оны көрiп атып тұрды, Ол-дағы аттың басын берi бұрды. Кәдiмгi бұрын таныс адамдардай Қорлыға тастан түсiп соған жүрдi. Күлдi де бiр-бiрiмен амандасты, Қойған-ды бiр-бiрiне ықыласты. Бишаның бұларменен жұмысы жоқ, Қолдағы ойнап отыр қақпа тасты. Сөйлесiп әрi-берi тұрды-дағы, Екеуi беттен сүйiп ажырасты. Биша ойлар: «Мұнысы кiм жүрген орап, Ауылдың аға жоқта сыртын торып?» Көңiлiне, бiлмесе де, сыймай отыр, Бетiнен сүйiскенi айдай толып. Аз ойлап, арамдықты қоя салды, Дедi де: «Ел қыдырған бұл бiр қонақ». Кеш батып, келдi ауылға ботаны айдап, Отырды абыр-сабыр малды жайлап. Қараңғы әр ауылда от жылтылдап, Қазанда құрт, iрiмшiк жатыр қайнап. Ел жата жаңбыр жауды, күн бұлттанып, Жатқан соң елдiң бәрi тыныштанып. Сай-сайдан сулар ағып, нөсер төгiп, Жел соғып, боран болды, құрыстанып. Жел соғып, дауылдап тұр, көрмей тыным, Жортып жүр мал паналай үйдiң ығын. Ит үрiп әрi-берi жүрдi-дағы, Жатады паналап кеп отын түбiн. Боран пәсесi тартты, мал баяндап, Соғады кейде қатты, кейде аяңдап. Ел жатып, төсек салып жатқан кезде, Қорлыға үлкен үйге келдi аяңдап. Әдептi мiнезi бар мұның тым-ақ, Қайнысын енесiнен келдi сұрап. Енесi: – Не қып тұрсың? – деген едi, – Отауда ендi, апа, жатсын шырақ. Қорқамын, күнде-күнде жатып жүрсiн, Балаңыз келгенiнше жолаушылап. Дедi де, Төленi ертiп алып барып, Жатқызды төр алдына төсек салып. Өзiнiң төсегiне өзi жатты, Есiктi бостау қылып қойды таңып. Жас Төле бала бүркiт көзi жанған, Сүйгенде ата-ананың мейiрi қанған. Шаршаған кешке шейiн ойнап-ойнап, Төсекке жатысымен ұйықтап қалған. Қорлыға ұйықтамайды бар бiр iсi, Бардай-ақ көңiлiнде бiр жұмысы. Дөңбекшiп ұйықтай алмай жатыр едi, Есiктен келгендей болды бiр кiсi. Қорлыға төсегiнен атып тұрды, Қорлыға есiк ашты, үйге кiрдi. Киiмiн ұстiндегi шешiндiрiп, Екеуi сыбырласып төрге жүрдi. Жiгiттiң сүйегiнен тесiп өткен, Суық қол Қорлығаны тiтiреткен. Сыбырлап, құшақтасып, беттен сүйiп, Төсекке алып жүрдi бiр құрметпен. Алып келiп төсегiне жатқызады, Көрпесiн «мұздадым» деп жапқызады. Артынан Қорлыға да бiрге кiрiп, Құшағы бiр-бiрiне қақтығады. Екеуi жата бердi осы күйде, Қолына еркiн тиiп қызық дүние. Iстеген бұл жiгiттiң жазығы осы, Болмаса ұрлаған жоқ сынық ине. Адасқан бiр жолаушы мiнбей салт ат, Жолының жүретұғын бәрi батпақ. Келедi желге қарап қарсы жүрiп, Жығылып әрбiр жерге тайғанақтап. Мырқы едi келе жатқан бұл жолаушы, Асығып жар қойнына келiп жатпақ. Қызығы адал жардың басылмаған, Бардай-ақ сыбағасын қойған сақтап. Ауылға кезең асып келдi жүрiп, Алдынан көк төбетi шығады үрiп. Пырдай боп жанның бәрi ұйықтап жатыр, Жатқан жоқ бұл келгендi ешкiм бiлiп. Артына отауының келiп түстi, «Қорлығам бiле ме?» деп бiраз күттi. Жым-жырт боп жұрттың бәрi ұйықтап жатыр, Адам жоқ бұл хабарды бiлген тiптi. Асығып үйге кiрдi атын байлап, Есiктi өзi шештi қойған байлап. Қараса төсегiнде бiреу жатыр, Жарымен жаны сүйген күлiп-ойнап. Қасына жақын келдi бiр-бiр басып, Қалтырап тұла-бойы, қаны қашып. Аузын аузына тиiстiрiп, Қауiпсiз ұйықтап жатыр құшақтасып. Сағынып түнi бойы келiп едi, Жарының қызығы осы болған ғашық. Бұл жұмыс қайнатып тұр ендi қанды, Құтырған арыстандай көзi жанды. Бұл қорлық, тiрi қорлық деген осы, Мұндай iс күйдiрмей ме қан мен жанды? Қанжарын белiндегi жұлып алды, «Кiм болсаң, ол болғын» деп перiп қалды. Басынан қақ жүректiң тиген екен, Тырп етiп қыбырламай, бердi жанды. Айланып жiгiтпенен жатқан шақта, Қатынды шыға қашқан көзi шалды. – Тозақы, қайда кетiп барасың? – деп, Шашынан бұрап-бұрап ұстап алды. Мырқыны шыдатпай тұр ашу кернеп, Оны да өлтiрмекшi қанжар сермеп. Мырқыға: –Ағатай, – деп жалынады. Оңай ма қапылыста жанын бермек? Ойлады: «Жiгiттiң де құны жетер, Бәрiнде қыра бермейiн құры бекер. Екеуi қабат өлiп қалғаннан соң, Бiр жанжал, ел егесiп, шығып кетер». – Тозақы, қу жаныңа бердi ме тыным, Дұрыс па жолдастыққа сенiң мұның? Ертiп кеп төркiнiңдi, өлтiрермiн, Мықтаса елу байтал – сенiң құның, Еңбегiн қанжарымның қылмай шығын. Дедi де атқа мiнiп жүрiп кеттi, Бiлген жоқ ешбiр адам осы кептi. Мырқы аттанып кеткен соң, әлгi қатын. Өлiктi бiр өзенге алып жеттi. Қараңғы өзен бойы, қамыс-шалшық Томардың түбiн қазды терең аршып. Сүрендi сол араға көмдi-дағы, Томарды қалыбындай қойды шаншып. Қорлыға дiрiлдеп жүр қорқып қатты, Жығыла-сүрiне кеп атты тапты. Шылбырын тiзгiнi мен мықтап түрiп, Бiр салып сауырына жiбердi атты. Ширыққан жауын жауып тiрсегi ат, Тұрсын ба, өрiсiне тiке тартты. Қорлыға толарсақтап үйге келiп, Көңiлi жарым боп тұр, Сүрен өлiп. Төленi төр алдында ұйықтап жатқан Жатқызды төсегiне алып келiп. Кетпеген жөргек иiсi мұрынынан, Бала ғой анасына жүрген сенiп. Жұлмалап жүрсе-дағы, оянған жоқ, Шайқалған жұмыртқа ғой бiр жас ұрық. Сүреннiң орнына жатқызды да, Жүректен қанжарменен кеттi перiп. Былқылдап пiсiп тұрған қан жүректi Кетiптi тиген қанжар екi бөлiп. Құданың тура берген қазасы да, Бейшара тағдыр жетiп кетедi өлiп. Қорлыға үлкен үйге жетiп барып, Баланы қанжарменен өзi жарып. Есiгiн үлкен үйдiң жұлмалады, Барды да «Атбұйрат» деп ойбай салып. – Балаңыз үйге жаңа келдi , – дейдi, Бiлмеймiн, басқа адам деп ойлады ма? Жүректен қанжарменен пердi, – дейдi, Қайтейiн, жеткiншегiм, қайран шырақ Қапылыста осылай боп өлдi, – дейдi. «Тез барып, төркiнiңдi шақырып кел, Сенi де өлтiремiн ендi», – дейдi. Мұны естiп, қорқып кеттi, ауыл шулап, Зәре жоқ жүректерi аттай тулап. Үйiне Қорлығаның жетiп келiп, Шам жағып, қарап жатыр ауыл дулап. Қып-қызыл үйдiң iшi қан боп кеткен, Төле өлiп төсегiнде жатыр сұлап. Баланы жұлмалады жетiп барып, Берiлсiн өлген бала бұған не қып? Ісiнiп аппақ болып жатыр бала, Жүректен өлтiрiптi қанжар салып. Баланың өлгендiгiн бiлгеннен соң, Бишасы, ата-анасы кеттi талып. Жиналды дыбысынан жанның бәрi, Жиналып келiп қалды жас пен кәрi, Баланы көтерiп ап шиге салып, Қандарын шашыраған тазалады. Сүрiнiп Қорлыға жүр естен танып, Төленi құшақтайды жетiп барып. – Жұртым-ау, бұл не деген сұмдық едi, Бауырын да өлтiре ме адам жарып? Өндiрiм, жеткiншегiм, қайран шырақ, Өлейiн сенiң үшiн қайда барып? Көзiнiң бiр кез Бошан жасын тыйып, Халқын өзi басты, сабыр қылып. –Алланың өзi жазған мырадасын Пендесi не қылмақшы, былай қылып? Алланың, әрне болса, ырадасы, Тұрады әр нәрсенi Құдай қылып. Бошан бай халайыққа айтады сөз: –Ашылмас, тағдыр жетiп, жұмылған көз. Әлгi ит тағы сойқан сап жүрмесiн, – Дедi де бiр жiгiттi шаптырды тез. Бiр жiгiт қос атпенен кеттi шауып, Шабады кезек мiнiп ауық-ауық. Сұлутөбе үстiнде бара жатқан Мырқыны қуып жетiп алды тауып. Айтады iнiсiнiң өлгендiгiн, Мырқыны сайтан кеулеп желгендiгiн. Осындай арт жағында оқиға боп, Айтады соныменен келгендiгiн. Айтқан жоқ әдемiлеп сөздi сырлап, Бұл сөздi Мырқы тоқтап тұрды тыңдап. – Япыр-ай, сүйтiп Құдай ұрып па? – деп, Мырқының тұла-бойы кеттi мұздап. Жалғыз-ақ Мырқы сөзден осыны айтты, Атының басын бұрып кейiн қайтты. Бiр салып омырауға көк тұлпарды, Бауырымен Сұлутөрдiң тiке тартты. Зырғытып кейiн қайтты Мырқы батыр, Қарамай алды-артына келе жатыр. Ел-жұрты, халайыққа не демекшi, Қысылып бiр заманда боздады ақыр. Сонымен үйге келдi улап-шулап, Жүрегi шуды естiп кеттi сулап. Кезек талып түседi Биша екеуi, Жүрегi бауыры үшiн аттай тулап. Бiлмеймiн, қанды көрiп шошыған ба, Қорлыға бас көтермей жатыр сұлап. Жұрт келiп, көңiл айтып, жапырлады, Қазаға ешбiр айла табылмады. Басына Айдарлының мүрде қазып, Баланы, жаназа оқып арулады. Сонымен ел жайлауға көштi бiр күн, Жайлау қып Өтегеннiң арғы сыртын. Қорлыға созалақтап науқас болды, Оқиға ұмыт болды бiртiн-бiртiн. Жақында елге суық хабар жеттi. Маңайға Торғауыттың қолы кептi. Хабарды Мырқы сондай естiген соң, Қол iздеп Мырқы Шудағы елге кеттi. Қалмақ пен ежелден-ақ қазақ жау-ды, Бiтпейтiн өмiрiнде ескi дауы. Сыртында Сарытауқұмның Бошан отыр, Қауiпсiз еш нәрседен жалғыз аулы. Үш күн болған Мырқы Шуға кеткен, Қол жиып бара салып, думан еткен. Тегiс жинап алып қаруланып Қосмойын, Жау тосып жүр Көкөзектен. Топардан топ болып шықты қалмақ, Сайланған қаруланып қазаққа арнап. Қойнында Терiскендi қазақ та тұр, Кездессе бiр-бiрiне ойран салмақ. Бастаған осы қолды Шерден батыр, Жасынан талай соғыс көрген батыр. Қазақтан қауiп қылып жасқанбайды, Қолы көп, өз күшiне сенген батыр. «Қазақты барып шауып келемiн» деп, Қол жиып Аягөзден келген батыр. «Қазаққа екi жерден тиемiз» деп, Әскерiн екi сапқа бөлген батыр. «Тауқұмға бар» деп бөлген әскерлерi Мырқының дәл үстiне келе жатыр. Кездестi Құсмұрында қазақ, қалмақ, Бiр-бiрiн жау екенiн бiледi аңдап. Ат қойды бiр-бiрiне қарсы қарап, Қап-қара Көкөзектi басты шаңдақ. Қазақ жүз, олар төрт жүз-бес жүз болып, Соғысқа кiрiседi қолын қандап. Сыбанып бір жағынан Мырқы кiрдi, Бiр жағын Шора батыр жайқап жүрдi. Қырылған адам қанша мәлiм емес, Төрт қалмақ бiр қазаққа қылыш ұрды. Мырқы жүр көк тұлпармен зырылдатып, Талайдың басын кестi шырылдатып. Басқалар бiр ұрғанша, екi ұрды да, Кетедi қиғаш тартып қырындатып. Бояп жүр қызыл қанға найзаларын, Басының ойлаған жоқ пайдаларын. Соғысқа неше түрлi амалы тез, Көрсеттi Мырқы батыр айлаларын. Аздан соң ызылдатып садақ тартты, Талайын қырғауылдай домалатты. Мырқының садағынан елу өлiп, Сонан соң қалмақтардың бетi қайтты. Сонан соң қалмақ қашты, қазақ қуды, Найзасын Мырқы, Шора қанға жуды. Қоярға шыбын жанын жер таба алмай Өзенде паналады қалың нуды. Тоз-тоз боп, қалмақ қалмай қашып кеттi, Қазақтың алапаты басып кеттi. Бөлiнiп топ-топ болып қашқан қалмақ Iледен бiрi қалмай ар жаққа өттi. Бұл жерден бұлар бүйтiп жүре тұрсын, Бошанның ауылынан тыңда кептi. Бай Бошан Сарытауқұмда жалғыз ауыл, Сабырлы адам едi мiнез ауыр. «Жау кептi Кекер» деген лақап, Халыққа болып кеттi ұлы дабыр. Ешкiм жоқ, жалғыз ауыл, қатын-бала, Ауылда еркек адам екеу ғана. Жүредi төңiректi қарауылдап, «Көрiнiп қалмасын, – деп, – кiсi қара». Қаратiл шауып келiп хабар айтты: – Келедi, – деп, – қалмақ шауып елу атты. Сөздi айтып болғанынша, жау да келiп, Соғыс боп қырғын-жырғын, ауыл шапты. Ел шапты елу қалмақ келе сала, Тұрсын ба жауды көрiп босқа қарап? Ұмтылды қатын-бала бақан ала, Бошанның қылышынан алтауы өлдi. Қалмақ шапқыласып белдi өрлеп, Бошанды ұрып жығып байлап алып, Қайратын жас баланың сонда көрдi, Бошанды ұрып жығып байлап алды, Соғыста ендi Биша жалғыз қалды. Он төртiн жаяу жүрiп ұрып жықты, Қалмақтар бұл қайратқа қайран қалды. Қалмақтар ендi аз болса ендi қашпақ, Жас Биша бақан алып жүр құлаштап. Ерiксiз Бишаны да байлап алды, Мойнына байқаусызда арқан тастап. Не қылсын жалғыз Биша мұнша қолға, Әл кеткен талай сойыл тиiп жонға. Бишаны Қорлығамен байлап алып, Жау қайтып «тәуекел» деп тұстi жолға. Бошанды ұрып жығып тастап кеттi, Жалғыз шал не қылады сонша көптi? Бишаны Қорлығамен байлап алып, Жау келiп Тозғанталдан ар жаққа өттi, Ар жаққа аман-есен бұлар өттi, Биша мен Қорлығаны алып кеттi. Бiр қатын бiр қыз бенен олжасы бар, Көп қолды Құландыда қуып жеттi. Бастығы көп әскердiң Шерден ерге Алып кеп қос сәруарды тарту еттi. Шерден қуанады жаман қатты, Ырымдап жотасына жүктi қақты. Оңаша қыз-қатынға шатыр берiп, Алдына жiгiт қойып қатты бақты. Өзi бiр олжасымен орда тiгiп, Құрады ендi батыр салтанатты. Аққұмақ, Майқұрақтың үстiн басып, Електiң өткелiне тiке тартты. Шерден ер орғытады оңды-солды, Өткiздi тамашалап осы жолды. Аяғын Жетiсудың қырқа жүрiп, Електiң өткелiне келiп қонды. «Осы жерге, – ойлап едi, – барайын деп, Көрген соң ел шетiнiң маңайын деп. Мөлдiр көз айтатұғын сұлу екен, Бишаны сол арада алайын» деп. Жүредi Қорлығамен ойнап-күлiп, Биша жүр бұл хабардың бәрiн бiлiп. Бишаға Қорлыға кеп бiр сөз айтты, Жетелеп оңашаға алып шығып. Биша жүр күндiз-түнi жылауменен, Құдайдан iстiң түбiн сұрауменен. Ойына Қорлығаның кiрiп шықпас «Бейшара қамкүн болып тұр-ау» деген. Қорлыға айтты Бишаға: – Сөздi тыңда. Жылайтын уайым қылып не бар мұнда? Әркiмдi бет алдынан жарылқасын, Бiз ендi өтiп кеттiк зымнан зымға. Бiз ендi қолға түскен бейшарамыз, Жетпейдi жылағанмен сөзiң құнға. Түсiнiксiз, жiгерi жоқ жаман ағаң Сандалып жүрген шығар онда-мұнда. Қазақтың қуған да жоқ бiр де бiрi, Қазаққа болғандай ма жаудың түрi? Қайда жүр ағаң бiздi қуып келсе, Хабарсыздан сегiз күн болды, мiне. Ағаңның уағы болды келiп қайтар, Ақылым сен секiлдi серiкке айтар. Ендi жақсы келгеннен келмегенi, Келгенмен Шерден ерден өлiп қайтар. Отырмын ендi бұл күн бiр ой ойлап, Тимекпiн бiр батырға белдi байлап. Бiреуiн сен де өзiңе ыңғайлай бер, Шердендi мен өзiме тұрмын сайлап. Менде емес, ердiң көңлi өзiңде екен, Сен тисең, қаламын мен сорым қайнап. Жылады бұл сөздi естiп сорлы Биша, Бауырға тең келер ме дүние жиса. Бар сенген жолдасының айтқаны осы, Әр iске шара бар ма Құдай қылса? Деп айтты жылап Биша: – Жеңешежан, Бұл сөздi айтып тұрсың не деп маған? Шынымен ендi көрмей өлгенiм бе, Бауырым, атам-анам, жалғыз ағам? Жолдасым қасымдағы сенсiң, жеңге, Кiмiм бар сенетұғын сенен өзге? Аға боп маған ақыл айтпақ түгiл, Тұрсың ғой итергелi өзiң селге? Табалық басқа бiр ой ақылдасып, Қалмаққа бола ма екен қатын ғашық? Шерденнiң өзi түгiл жүзi құрсын, Өлсем де бара алмаспын жақындасып. Шерденге бiр күн түнде пышақ салып, Кетермiн ығын тауып ақыр қашып. Құтылсам аман-есен құтылармын, Өлермiн құтылмасам жанталасып. Сенi мен аға орнына аға деп ем, Ұйықтасам жел жағыма пана деп ем. Намысты адамзаттық ойламастан, Басып тұр, жеңге, сенi қара неден? Басында ниетiңдi бұзған сайтан, Бұл iске болар дейсiң шара неден? Сен едiң «ағам ғой» деп сенген жеңгем, Бiр түсiп жау қолына келген жеңгем. Бұзылып сегiз күннiң арасында, Қалыпсың күдер үзiп елден, жеңгем. Сен болсаң сенген жеңгем рақмет, Ағамның дәл өзiндей көрген жеңгем. Тiрi боп жау қолында жүргенiмше, Мұнан да жақсы болар өлген жеңгем. Жөн болды, ниетiңнен алдым хабар, Сендерден жақсылық жоқ маған табар, Әр жұмыс бiр Алланың жазуында, Пендеге әр жұмысты Құдай салар. Қаным қас өлгенiмше қалмақпенен, Ағам бар, өлсем, құнды бiзден алар. Ары жоқ, адамшылық ниетi жоқ, Өзiң-ақ бола бергiн көңiл бағар. Қорлыға, ендi менен аулақ кеткiн, Қанымды қыздырмағын, сол да жарар. Қорлыға мұны есiтiп ашуланды: – Қырам да, жоямын, – деп, – сендей қарды. Батырға айтып, сенi мен өлтiртемiн. Қасынан Қорлыға сұм кетiп қалды, Шерденге сұм Қорлыға қайтып барды. Тәсiлiн қыз сөзiнiң тартып барды, Шақырды: – Сенi өлтiрмек боп жатыр, – деп, Шерденге шағыстырып алып барды, «Қыз өлсе, Шерден маған қалады», – деп, Көңiлi қызуланып шалқып барды. Шерденге айтты барып сөздi бастап, Өзi айтып, айтқан сөзiн өзi растап. Дедi барып: – Бишаның құлқы жаман, Боқтады ердiң басын қатты ластап. «Артымнан қуған адам тез тапсын» деп, Келедi әрбiр жерге белгi тастап. Қойнында тығып жүрген қанжары бар, Өзiңдi өлтiрудiң ебiн таппақ. Өзiңе қапылыста қанжар салып, Сонан соң, ебiн тапса, – дедi, – қашпақ. «Шерден өлсе, жұмысым бiттi, – дейдi, – Өлтiрсе де ризамын жерге жаныштап». Сұм Шерден мұны естiп ашуланды, Қызарып екi көзi оттай жанды. Ақырып түн iшiнде от жақтырып, Шақырып тамам жұртты жиып алды. Бишаны алдырады көп қасына, Төрт жiгiт ұстап тұрды от басына. –Тастадың қандай белгi, шыныңды айт, – деп, Қинады басып тұрып шоқ басына. –Бiздерге қандай зиян келтiрмек ең, Отырды: – Рас па, – деп, – өлтiрмегiң? Қыз басың қойылуды былай қойып, Сен өзi алмақпысың жұрттың кегiн? Ұстап тұр алты жiгiт шырылдатып, Бетiне шоқ басады быжылдатып. «Шыныңды айт» деп бiреуге таяқ берiп, Түрткiзiп қойды тағы қыдыңдатып. Бiр қызды алты палуан керiп тұрды, Бiр жерiн қозғалтпастан қыбырлатып. Бишаның тұр көзiнен жас төгiлiп, Денесiн жиып алды бiр шегiнiп. Қызарып көзi жайнап ернiн тiстеп, Ашумен отыз тiсiн тұр кемiрiп. Жабылып алты кiсi тұрды басып, Бiр теуiп жiберiптi отты шашып. Мөлдiреп қара көзден жас төгiлiп, Ақырып жiбередi қаны қашып. – Қаным қас өлгенiмше, қалмақ, саған, Өлсем де, бағынбаспын жанталасып. Дiнiң жоқ, ит қалмақсың, қаның қара, Қолыңа түскен екен жалғыз бала. Тез өлтiр, шамаң келсе, жанды қинап, Бетiме таяқ ұрып, салма жара. Ит Шерден, ыңғайыма келмейсiң-ау, Қылар ем өлген иттей пара-пара. Жазаңды жабылмасаң берер едiм, Кездессең бiрмен бiрге жеке-дара. Қарауға көзiммен де жасқанамын, Аулақ жүр маңайымнан, жүзiқара. Жетiп тұр осы күнi маған әлiң, Саған қас өлгенiмше менiң қаным. Мен емес сендей итке бас иетiн, Үстiнде айтқан серттiң шықсын жаным. Қанымды ағашым бар жоқтайтұғын, Белгiлi болар доңыз сонда халiң. Бұл сөзге қапа болып сонда Шерден, Суырып ақ семсердi алды белден. Құйқасын кесе-месе шашын кесiп, Құйқасын тiлiп қойды екi жерден. Жабылып тамам қалмақ сүйтiп жатыр, Пенденiң жаны ашиды мұны көрген. Көзiнiң Биша тұрды жасын iркiп, Шама жоқ қарауға да қанын сүртiп. Аузына аққан қанды тосып алып, Шердендi жiбередi бетке бүркiп. Жұрт қашты бастан қанның ағуынан, Баланың жасқанады қалыбынан. Бұлқынып, талғандай боп еңкейдi де, Бiр тептi Шерденнiң кеп қарынынан. Бар едi сонда бiр шал Бүшiр деген, Қара қан қанжар тисе жосыр деген. Тұр едi жүрегiнен салайын деп, Батырдың екi көзi соқыр деген. Шерденнiң Бүшiр қолын ұстай алып: – Сабыр қыл ендi, батыр, отыр, – деген. Отырды сонда Шерден демiн алып, Жетектеп отырғызды төрге апарып. Бүшiр шал Шерден ерге сөз сөйледi, Отырды Шерден сонда құлақ салып. Қып-қызыл үстi-басы қан боп кеткен Ұстап тұр қызды керiп тамам халық. Шерденге Бүшiр қария: – Отыр, – деген, Iсiң не сенiң мұндай топырменен? Әл жетер отырсақ та бiр балаға, Не таптың сабырсыздық осыңменен? Отырғын сабыр қылып сөздi тыңда, Соншалық қылғандай не бар мұнда? Итпенен ит болғаның келiсе ме, Жете ме қызбен ұрсысып сөзiң құнға? Отырып-ақ бiреуге «Өлтiр» десең, Өлтiрiп тыға салар бiреу құмға. Бұл сөзге Биша тұрды құлақ салып, Болғандай көрiнiп тұр өлмегi анық. Қансырап, басы айналып, қысылып тұр, Басынан ыстық қаны тiке қарғып. «Ендi менi қазiр-ақ өлтiрер» деп, Бала емес пе ауытқып кеттi талып. – Мен апарып бұл қызды жайғайын, – деп, Жөнелдi Бүшiр қызды жұлып алып. Қолтықтап Бүшiр қызды шықты тысқа, Адам жоқ қасына ерген мұнан басқа. Бүшiр шал осы қызды арқалап ап, Ауылдан ұзақ шығып кеттi алысқа. Бүшiр шал қызды арқалап кеттi алысқа, Кiредi ұзап кеп бiр шоқ қамысқа. Қол салып қыздың келiп өкпесiне, Құлағын салып көрдi дем алысқа? Бетiне бұл баланың суды бүркiп, Бетiнiң тазалады қанын сүртiп. «Тұр, балам, ендi өлмессiң, қорықпағың», – деп, Оятты жатқан қызды Бүшiр түртiп. Байлады жарасына дәрi жағып, Тыяды қанның бәрiн жатқан ағып. Аузына жұдырықтай май асатып, – Қарағым, жұтқын, – дедi, – дәмiн алып. Есiн жиып Биша да түрегелiп, Отырды шал сөзiне құлақ салып. – Балам, сен ендi өлмессiң, жыламағын, Уайым қып, көздiң жасын бұламағын. «Құры етсiн тiрi еткендi» деген Алла, Табылар, тiрi болсаң, бiр амалың. Жан балам, менiң түбiм –қазақ, – дедi, Көргенiм туғаннан-ақ азап, – дедi. Қалмаққа он жасымда қолға түсiп, Боп жүрмiн сонан берi мазақ, – дедi. Балам, сен ендi тұрғын орыныңнан, «Ер ғой» деп ойлап едiм порымыңнан. Бел байлап тәуекелге жөнел, балам, Пәленiң құтыларсың жорығынан. Жан балам, сонау тұрған әуе жолы, Анықтап байқап алғын, балам, соны. Осынау сары жұлдызды байқап алғын, Қозғалмас, – дейдi, – соның алтын нұры. Алланың ырза бол дәулетiне, Жастықта басқа берген нәубетiне. Бет қойып сол жұлдызға жұре берсең, Жетесiң он бес күнде ел шетiне. Балам, сен менiң тiлiмдi алғын, Iшiңнен бұл қанжарды тығып алғын. Байқастап алды-артыңды байқап жүргiн, Арасын Құдай бiлер жоқ пен бардың. Елiңе аман-есен барсаң, балам, Бошанға менен сәлем айта барғын. Жасырсын жерiң болса қара көрген, Қол үзбе тақырламай таза жерден. Талпынып, талаптанбай дәнеңе жоқ, Жарамас жау маңында жата берген. Күш болса, бұл қорлықты көрсетпес ем, Қайратым осы, балам, қолдан келген. Жылады бата берiп, бетiн сүйiп, Аталық мейiрi түсiп, «емшегi» иiп. Жанып тұр ыза болып екi көзi, Қалмаққа қаны қайнап, iшi күйiп. – Тоқтамай кеткiн, балам, осы жайдан, Бiр құрық кесiп алғын бұл тоғайдан. Қош, балам, пешенеңдi Құдай ашсын, Тұрайын мен де тiлеп бiр Құдайдан. Бүшiр шал балаға өстiп ақыл айтты, Балаға шал көмегi тидi қатты. Баланы бiраз жерге шығарып сап, Қоштасып Бүшiр байғұс кейiн қайтты. Бүшiрдiң мерзiмдеген бетiменен, Тоқтамай сорлы Биша ызғи тартты. Жөнелдi ендi Биша зырғи тартып, Көзiнiң тастай жасын домалатып. Қансырап екi көзi шырайланып, Сiресiп аққан қаны қалған қатып. Жөнелдi Биша сөйтiп айдалаға, Қырсық бiр iлiнген соң жай қала ма? Елсiзге жалғыз бала қаңғып кеттi, Жасаған осыдан да жан қала ма? Жөнелдi Биша зарланып, Басы айналып сандалып. Шалдың айтқан мерзiмiн, Байқауынша аңғарып, Шошынған құлан секiлдi Қамыстың iшiн қақ жарып. Жығыла салып, тұрады, Бар күшiмен қарманып, Екi көзi алақтап, Көзiнiң үстi жарланып, Есi ауытқып, елбiреп, Көзiнiң жасы парланып. Тұра қалып жасағанға зарланып: – Жаратқан Патша Құдай-ау, Сақтамасаң пазылыңмен, Өлермiн ендi сандалып. Жаратқан Патша Иллаһи, Бошаннан туған балалар Таусылатын болды ма, Қанжарменен қанданып? Ағамды көрер күн бар ма, Осыдан да жан қалып? Жоқтан бар қып жаратқан, Жылайын саған жалбарып. Жүрерiм қайда белгiсiз, Бастаған өзiм шам жағып. Жастайымнан, Құдай-ай, Бұл iске түстiм зар қағып. Жас басыммен, Иллаһи, Бұл iстi салдың басыма. Рақымыңды салсаңшы, Көзiмнiң аққан жасына. Ағашым үйде жоғында Бұл iске түстiм қапыда. Мен өлсем, ағам зар болар Бишатай деген атыма. Жас жүрегiм, Төлешiм Пәниден көштi бақиға. Бишатайың бүйтiп жүр, Қайда жүрсiң, ағашым? Келсеңшi менiң қасыма. Зар боларсың, ағашым, Ардақтаған Бишаңның, Аты түгiл затына. Таласып емшек емiскен, Еркелiкпен жетпеппiн, Ағашым, сенiң парқыңа. Ажалым жақын секiлдi, Басқа түскен жұмыстың Байқап тұрсам қалпына. Iшi-бауыры елжiреп, Ағатайым менi iздеп, Түспедi ме екен артыма? Төлешiм өлдi, ағам жоқ, Бұл күйге түсiп бұл кезде, Ұқсап тұрмын жалқыға. Үстiм-басым қан болып, Көзiмнiң алды жар болып, Жас шыбыным қоштасып, Шыққалы тұр алқымға. Мендей болған бар ма екен, Бұрынғы-соңғы адамның Iлгергi өткен салтында? Тiрi көрiп ағамды, Жаратқан Патша Құдай-а, Шығар ма жүзiм жарыққа? Далада өлсем қаңғырып, Ит пенен құсқа жем болып, Сүйегiмнiң ағашым, Таба алмайды-ау тарпын да. «Бишатайың сүйттi» деп, Хабар айтып баратын Жолдасым жоқ қасымда Аңдамай тұстiм бұл iске. Қорлығаны «ағам» деп, Сенiппiн бекер басында. Осыны айтып жас Биша, Айдалада зарлады. Үрейi жоқ, жаны жоқ, Тап-тағаты қалмады. Жолбарыс, қабылан онда көп, Қанжармен тiлген басы бар. Денесiнiң қан бәрi Сiресiп қатқан сауыс боп. Басынан аққан қандары, Таяқпен ұрып, шоқ басқан, Көк ала жара сандары, Бiр жерiнiң сауы жоқ, Жаралы түгел тәндерi. Екi өкпесi қабынып, Қабынан шығып жүрегi, Шығуға жақын жандары, Iлгерi аяқ басуға, Келмей де тұр халдерi. «Осы көрген халiмдi Көрсешi менiң ағам» деп Ойлар көңiлiндегi арманы. Қорлыға мен Шерденнен Көрiп қайтқан қорлықтың, Көңiлiнен кетпей зардабы. Бiр заманда сiресiп, Қайрат кiрiп бойына, Қолына ұстап қанжарды, Деп ойлады: «Бұл-дағы Тiршiлiктiң қамдары». Кездеспей пенде қалар ма, Табандары ойылып, Үстi-басы сойылып, Жалғыз өзi шырылдап, Сегiз күн жүрдi арада. Екi көзi жұмылып, Аш күзендей бүгiлiп, Шарасы жоқ, халi жоқ, Кездесiп тұр қараға. Демi құрып, шөлдеп тұр, Iшетұғын су да жоқ, Кез болды сондай жазаға. Ендi жылжып жүруге Табанында терi жоқ, Ажалдан қашар жерi жоқ, Келе алмай қалды шамаға. Демi құрып жас Биша, Отыра қалып еңiредi. Ендi басып жүруге Екi көзi көрмедi. Алды тоғай, қара орман, Жүрерге жол бермедi. Қанжар тиген сорлы бас, Жел тиiп, iсiп кернедi. Қолыменен сипалап Жауқазын болды тергенi. Екi өкпесi қабынып, Есалаңдау есi бар, Мiнезi болды делбелi. Он үштегi жас Биша Бұрын, сiрә, бар ма едi Мұндай iстi көргенi? «Ғайып ерен қырық шiлтен, Қайда жүрсiң, пiрiм?» деп, Отыра қалып еңiредi. – Фатима пiрiм, қайдасың, Мен секiлдi ғарiптiң, Бiр жақсылық көре алмай, Болды ма осы жер өлгенi. Нәсiлiм әйел демесең, Мына жүрген жүрiсiм Бұрынғы өткен ерлердiң Жүрiсiнен кем бе едi? Фатима мен Дариға, Қолыңның ұшын берсеңшi, Әйелдiң пiр қып сенгенi. Ыдырыс қызы Зағипа, Алланың пiр қып бергенi. Шәмсидiң қызы Зылиха, Жүсiп үшiн қайғы жеп, Аз ба едi менен көргенi? Жүсiптiң қызы Нұржамал, Ағасы үшiн құрбан боп, Тастан ұшып өлгенi. Анамыз Хауа Нұрғайып, Жетпiс жыл жылап қорлықтың Бәрiн көрдiң жердегi. Хауа анам, жәрдем етпесең, Мұнан былай жүруге Ендi халiм келмейдi. Алдымда жатыр құла түз, Қан басқан Жүсiп қызыл жүз. Жаратқан Алла, жәрдем бер, Ел-жұртынан айрылып, Қорлық көрген сорлымыз. Ендi ағамды көргенше, Ағам келiп құшақтап: «Бишатайым» дегенше, Өлемiз ғой сорлы бiз. Сақтамасаң, Жасаған, Көре алмаспын оңды бiз. Ғайып Ерен қолдаған, Қастық қылған дұшпаннан Қанатын жайып қорғаған Мен секiлдi ғарiптi. Қолдасаңшы Мұңлық қыз, Құлазыған далада, Ажал мен екi арада, Үстi-басым жаралы, Ғарiп болып тұрмыз бiз. Табанымда терi жоқ, Баса алмай тұрмын жорғалап. Сүйегi қапты, етi жоқ, Жүрсем-дағы зорлап-ақ. Ағашым болса қасымда, Отырар едiм қорғалап. Аштырмайды көзiмдi Iсiп кеткен дөң қабақ. Құла түзде қаңғырып, Отырмын бүйтiп ғарiп боп, Назарыңды салсаңшы, Мақтымның қызы Домалақ. Ел жөнiн де бiлмеймiн, Жер жөнiн де бiлмеймiн. Шалдың айтқан жөнiмен Келiп едiм жобалап. Ит пенен құсқа жем болып, Өлмек болдым далада, Ажал айдап осы жерге Алып кептi туралап. Атам мен анам не болды, Ұрып жығып жау қалмақ Кетiп едi олжалап. Ағашым қайда жүр екен, Мен отырмын бұл жерде Көтерiп сорды жобалап. Жаратқан Патша Құдай-а, Пазылыңменен рақым қып, Жiберсеңшi оңдап-ақ. Жаратқан Патша Құдай-а, Пендеңнiң құртпа айласын. Он екi-он үш жасымда Қайғының еттiм пайдасын. Жас қаныммен боядым, Дұшпанның қамшы, найзасын. Еш нәрсенi көрместен Өскен екен жай басым. Үстi-басы жара боп, Екi бетi қара боп, Бишатайың бүйтiп тұр. Ағатайым қайдасың? Ғайып ерен қырық шiлтен, Қанатыңды жайғайсың. Бiз секiлдi ғарiпке Назарыңды салғайсың. Жiгiттiң пiрi Рүстем, Ағамды қолдан алғайсың. Арыстаны Алланың Шерi құда ер Ғали, Шапағатшы болғайсың. Қазiретi Қызыр Iлияс, Ғарiптi жолға салғайсың. Ғаусы Ғиян әулие, Қай уақытта қорғайсың? Баба Түктi Шашты Әзiз, Қарасақал әулие, Қаратаудан қалықтап Басыма неге қонбайсың? Баһауаддин әулие, Басқа келген пәленi Қайтаруды рақым қып, Қай уақытта ойлайсың? Бақыттың құсы шарықтап, Ғайып Ерен бастап кеп, Басыма қашан орнайсың? Жүз жиырма төрт мың пайғамбар, Бiз секiлдi ғарiптiң Мұңын қашан ойлайсың? Жаратқан Патша Құдай-а, Жаратып едiң жан қылып, Жоқ едiм, жоқтан бар қылып, Бошаннан үшеу туғызып, Дәулетке серiк паң қылып, Үш бала боп өсiп ек, Оттың басын шаң қылып. Ақырында Құдай-а, Тауысатын болдың ба, Әлемдерге таң қылып, Бошаннан туған баланы. Аларыңды, Құдай-а, Алатұғын болдың ба? Қанжарменен қан қылып, Басын қоспай өлерде, Ата-ана, бала-бауырды Бiр-бiрiне зар қылып. Он үш жасқа келгенде Оқ тиген құлан секiлдi Далада өлдiм қаңғырып. Мендей бала өзiнiң От басында ойнап жүр. Менi, Құдай, қойыпсың, Оқтан қашқан аң қылып. Жолдасым жоқ қасымда, Отырмын бүйтiп далада. Маған, Құдай, қойыпсың Кең дүниеңдi тар қылып. Баратұғын жерiм жоқ, Алды-артымды жар қылып. Күнәһар пенде қисайтпас Құдiретiңдi кер қылып. Бұл қорлықты басында Көрсететiн болған соң, Жараттың, Алла, не қылып, Осынша сорлы жан қылып. Ағатайым, қайдасың, Бишатайың зарықты, Дұшпаннан көрiп қорлықты. Өзiң үйде жоғыңда Артыңнан ерген қарашың Бұл пәлеге жолықты. Толқын қағып шығарды Судағы сүйрiк борықты. Жоғын бiлiп ағамның, Жау қалмақ елдi торыпты. Бошаннан туған баланың Ажалына, қайтейiн, Қорлыға сұм боп жолықты. Қайдасың, аға, келсеңшi, Бишаныңа келмесең, Қу дүниеден торықты. Бишатайың бүйтiп тұр, Қанжарменен жау қалмақ Жон терiсiн жоныпты. Адал жарың Қорлыға Менi салып бұл күйге, Қалмақпен тартты жорықты. Кесiп алып шашымды, Қанжармен тiлiп басымды, Отқа салып қыздырып, Бетiме басты тобықты. Қолыммен ашып көрсем де, Екi көзiм көрмейдi. Көрмейтұғын көзiме Жаман бiр сұмдық болыпты. Қозғалуға шама жоқ, Әл-дәрменiм құрыпты. Ағатай-ау, келсеңшi, Бишатайың қорлықпен Өлiмге мойынсұныпты. Тiршiлiктен үмiт жоқ, Үстi-басы қан болып, Құлазыған далада Шырылдап Бишаң тұрыпты. Қозғайын десем, жаны жоқ, Табанында терi жоқ, Екi аяғым сыныпты. Ағатайым, келсеңшi, Құшақтайын мойныңнан. Қара болып бiр туып, Ерiп едiм соңыңнан. «Биша, саған мiне» деп, Қалаға шығып келгенде, Шекер мен өрiк берушi ең, Суырып алып қойныңнан. Мен садаға кетейiн, Ағашым, сенiң жолыңнан. Сен жоқта түстiм қалмаққа Маңдайымның сорынан. Қырсық келiп iлесiп, Жас өмiрдi шолыған. Әлi әзiр Алла құтқарды Шерденнiң қанжар, оғынан. Қашып шықтым қаңғырып, Қалмақтың қалың тобынан. Сегiз күн жүрiп қаңғырып, Үстi-басты қан қылып, Құтыла алмай отырмын Ажалдың жайған торынан. Ажалға, сiрә, амал жоқ, Сүйегiмдi ағам кеп Көмер ме екен қолынан? Өлiгiмдi, Алла, кездестiр Ағамның жүрер жолынан. Сүйегiме кездестiр. Өлсем де келiп құшақтар, «Бишатайым, жаным» деп, Сапарын берсiн оңынан. Құла түзде қаңғырып, Ит пенен құсқа жем болып, Амалым бар ма, қайтейiн, Лажымның жоғынан. Отырмын жалғыз далада, Ағатайым, қайдасың, Кiмге айтамын сөзiмдi? Шалажансар жаным бар, Бiле алмай тұрмын өзiмдi. Тұла денем күп болып, Iшi-бауыры езiлген. Ажалдың жақын екенi Ғарiп басқа сезiлдi. «Бишатайым, жаным» деп, Көтерiп жерден алар ең, Келтiрсе Құдай кезiңдi. Ағатайым, қайдасың, Бишатайың егiлдi. Ардақтаған Бишаңның, Қорлық көрiп қалмақтан, Қабырғасы сөгiлдi. Қанжармен қалмақ тiлгiлеп, Қаныменен аралас Көзiмнiң жасы төгiлдi. Бiрге туған бауырың Бишатайың зар қағып Көре алмай өлдi өзiңдi. Ағашым, жаудан өшiңдi ал, Жас бауырың өрiм-дi. Бiрге туған бауырыңды Өз қолыңмен көмбедiң, Қолыңмен орап кебiндi. Жалғыз баурың жалтаңдап, Бұл қайғыдан жеңiлдi. Мен үшiн бауырың езiлiп, Бетiме жасың төгiлiп, Қазбадың өзiң көрiмдi. Кебiнiм жоқ, көрiм жоқ, Бишатайың далада Қалатұғын көрiндi. Ағашым сипап өсiрген, Шамшырақ үшiн тесiлген, Шұқиды-ау қарға көзiмдi. Амалым бар ма қайтейiн, Маған түскен бұл iстен Ағатайым не бiлдi? Мына бiр тұрған қуыс жар Жататұғын жерiм-дi. Ең болмаса паналап, Тартайын соған себiмдi, Қош, ағатай, аман бол, Ендiгi досым өлiм-дi. Дедi де Биша есi ауып, Қасындағы үңгiрге Артымен жылжып шегiндi. Демi құрып шөлдеген Ауыз-басын емiндi. Анық жаны шыққан жоқ, Халi кетiп барады, Дем алуға ерiндi. Есi ауытқып, жалындап, Көзiне әр iс көрiндi. «Атқа мiнiп жүрмiн» деп, Екi аяғын тебiндi. Онан соң есiн бiлмедi, Сол үңгiрге кiрiп ап, Жататұғын көрiндi. Сонымен Биша жатсын осы арада, Ол емес өлген өлiк босағада. Биша өлдi, қалмақ кеттi қатынды алып, Айтылмай қалды Мырқы екi арада. Баяғы Мырқы, Шора жауға шапқан, Жау қуған батырлар ғой, түспейдi аттан. Қашырып қалмақтарды жер тазалап, Бiр тарап жауды iздеп жүр әр тараптан. Батырлар мiнген тұлпар қазанаттан, Ерлер ғой жаудан басын таза баққан. Қасында екеуiнiң жүз кiсi бар, Бәрi де ел қорғайтын азаматтан. Саспады жау кезiнде қайрат күштеп, Дұшпанның бәрi батыр қанын iшкен. Солағай, Көкаралға Мырқы кеттi, Дегенге қалмақ сонда туын тiккен. Бөлiнiп Шора батыр қырық кiсiмен, Iзiне қашқан жаудың бұ да түскен. Бұлар жүр: «Жұртқа зақым салмасын, – деп, Жау қалмақ ел шетiне бармасын», – деп. Қарап жүр арал, қамыс тоғайларды, «Жау бұғып, жасырынып қалмасын», – деп. Iзiмен қашқан жаудың Шора кеттi, Қалдырмай таса жердi шола кеттi. «Жау жоқ, – деп, – жасырынған бергi жақта» Тұсынан Ақдаланың ар жаққа өттi. Ар жақты аралады әрi-берi, Белгiлi жаудың қашып жүрген жерi. «Жау қалмай, бәрi қашып кетiптi» деп, Шөлiмен Құландының қайтты керi. Келедi қайта жүрiп елге қарай, «Жау бар» деп таса жердi жүрер жанай. Жау түгiл ол арада ұшқан құс жоқ, Елсiзде жау жаңылып жүрсiн қалай? Сонда да жер тастамай тазалап жүр, Аралап тоғайларды талай-талай. Алыста жау бар ма деп кездеседi, Жүрiстi қыр жортып, тездетедi. Ұйытқып қыр арқылы келе жатса, Бiр iзге жалаңаяқ кездеседi. Тоқтады Шора батыр iздi көрiп, Жиналды сол араға бәрi келiп. Кiшiлеу жас баланың iзi жатыр, Жүрiптi қисалақтап жортып желiп. Жерiне тұрып қалған қан жұғыпты, Қадамы бiреуiнен бiрi кемiп. Iзiнiң қалпына қарағанда, Қорлықты жан секiлдi жүрген көрiп. Аяңдап ендi бұлар iзге түстi: «Бейшара, көрiптi-ау, – деп, – қорлық iстi». Iз бастап Биша жатқан жерге алып келдi, Құданың құдiретi қандай күштi? Iз келiп бiр үңгiрге кiрген екен, Жабырлап жұрттың бәрi аттан түстi. Үңгiрге аттан түсiп көзiн салды, Еңбектеп арағырақ бiрi барды. Сүйретiп барған кiсi берi тартып, Бiреудi шалажансар алды тауып, Басына өлтiрiптi қылыш шауып. Жерiнен қанжар тиген қан көп ағып, Қансырап жығылыпты ақылы ауып. «Өзiнде бейшараның жан бар ма?» деп, Тыңдады өкпесiне құлақ салып. Қараса кеудесiнде жан бар екен, Бала екен халi кетiп жатқан талып. Көнектей бет-аузы кеткен iсiп, Бала екен қорлық көрген күйге түсiп. Шашы бар, тәнi ұқсайды қыз балаға, Бұрымын құйқасымен алған кесiп. Барбиып екi аяғы iсiп кеткен, Табанын тауысыпты шөңге тесiп. Айрылып адамзаттық порымынан, Бейшара жатқан екен көрге түсiп. Баланың көтерiп кеп жуды қанын, Жұмсақтап тазалады барша тәнiн. Аузына су тамызып, дәрi жағып, Шараның iстеп жатыр қолда барын. Екенiн анық қазақ бiлген сайын Қайнатты батырлардың жүрек қанын. Кәпiрдiң жас балаға жаны ашымай, Бұл iстi iстедi екен қандай зұлым? Жағады жарасына қаздың майын, Баланың анық қазақ бiлдi жайын. «Осыны қалмақ қылып кеттi ғой» деп, Көңiлiне батырлардың болды уайым. Балаға ес кiредi елге келiп, Шора отыр алдына алып тамақ берiп. Екенi қандай бала мәлiм емес, Бала ғой тұлып болып қалған өлiп. Аузына азғаналап май салады, Жұтады әрең зорға ернiн емiп. Бағады сол арада үш күн жатып, Сөйледi бала азырақ тiлге келiп. Екенiн анық Биша таныған соң, Батырлар кеткелi тұр жауға төнiп. Қазақтың қаны қызып бауырласқа, Бәрiнiң бара жатыр жүрегi ерiп. Ол ерлер Биша түгiл, қазақ үшiн Бәрi де шыққандар ғой басын берiп. Халық үшiн қара бас құрбан еткен, Мырқының қарындасы жанға серiк. Аялап үш күннен соң алып жүрдi, Ес жиып бала азырақ әлге келдi. Арада бес күн жүрiп қыз жайымен, Шораның ауылына алып келдi. Алып келiп төсек салып жатқызады, Бiр таймен айландырып қақтырады. Шораның тоқсан төртте шешесi бар, Бұл қызды сол кiсiге бақтырады. «Баланың жарасына жел тиер» деп, Бетiне масатыны жаптырады. Әр түрлi кемпiр қызға дәрi жасап, Iсiгiн екi күнде сап қылады. Бұл кемпiр жата берсiн қызды бағып, Бұл сөздiң ендi ар жағын қыздыралық. Сөйлейiк ендi бiраз сол жағынан, Жүр екен қыздың бауыры Мырқы не қып? Шора мен Мырқы батыр бөлiнгенде, «Жау ма?» деп көз салады көрiнгенге. Аямай жанын жаудан шапқан адам Бас тартып, сiрә, жаудан жеңiлген бе? Бұл да жүр көк тұлпармен зырғи тартып, Батырлар жау жолында ерiнген бе? Жортып жүр жердi жаудан тазартқалы, Ерлердiң ар бола ма азаптары? «Олжа алып қашқан жаудан қалам» деген Кездестi Аққолтықтың қазақтары. Айтады Бошанды жау шапқандығын, Жау iздеп аңдып жүрiп соққандығын. Бишаны Қорлыға мен байлап алып, Елiне елу қалмақ қайтқандығын. Айтады Бошанды ұрып жыққандығын, Қазақты қалмақ шауып ұтқандығын. «Ауылды байқаусызда шауып кеткен Қалмақтың түсiн, – дедi, – дұшпандығын». Бишаны байлап алып кеткендiгiн, Бишаға бiр жамандық жеткендiгiн. Бишаға байқаусызда арқан тастап, Айтады өктемшiлiк еткендiгiн. Мұны естiп Мырқы батыр ашуланды, Шыдамай қорлығына оттай жанды. «Бауырың жауға кеттi» деген қу сөз Қайнатып жарғалы тұр жүрек қанды. Мырқының тiке тұрды төбе шашы Дегенге «жауға кеттi бауырласы». Дегенге «Биша сөйтiп қорлық көрдi» Домалап тоқтамады көзден жасы. Жап-жасыл екi көзi, түктi көрмей, Азудай тiке тұрды екi қасы. Астында көк тұлпары қатып жүрген, Боялып қара терге батып жүрген. Бес қару – ер қаруы бәрi де сай, Кезi ғой белiн шешпей жатып жүрген. Тұлпардың екi көзi тостағандай, Жылқышы сауырына қой салғандай. Ыза боп екi көзi жалындап тұр, Қысылып сөйлесуге дос таба алмай. Қызарып екi көзi тұрды жайнап. Бойында бес қаруы алған сайлап. Бiр салып көк тұлпарды омырауға, Жөнелдi жау соңынан жалғыз айдап. Тұлпардың басын бұрды жауға қарап, Жөнелдi алды-артына бiр қарамай. Адамға бауыр деген қандай қиын, Қоя ма жүрегiңдi тырмаламай? Тұлпардың шақпақ етi бұлтылдайды, Ызылдап желдiң даусы сыңқылдайды. Ақ көбiк тостағандай жерге түсiп, Аққан тер тебiнгiде сылпылдайды. Көк тұлпар қамшы ұрған соң құстай ұшты. Санына ызалы қол тидi күштi, ... ... ... Iлеге Көкаралдан келiп түстi. Су тасып, ағып жатыр лайланып, Төңкерiп астын-үстiн лайланып. Келдi де жеңiлденiп түсе қалды, Тұрған жоқ судан қорқып бiр айланып. Көк тұлпар түскен жерден төмен ықты, Жiгiттi қолдаған пiр қандай мықты? Кеудесi көк тұлпардың батқан да жоқ Ар жаққа аман-есен өте шықты. Ар жаққа аман-есен өтiп алды, Батыр ғой жаудан қайтпас кезi қанды. Сәбилеп садағының оғын жөндеп, Азырақ ат шалдырып, демiн алды. Тұлпардың терiн үгiп, мiнiп алды, Қиғаштап Жетiсуды тiке салды. Тiк тұрған төбе шашы қап-қара боп, Бiлмейдi алдындағы сай мен жарды. Шығады Құландының бөктерiне, Қамшы ұрып көк тұлпардың бөксесiне. Құтырған арыстандай көзi алақтап, Тiлестiң келе жатыр өткелiне. Қып-қызыл екi көзi қанға толып, Алты күн Мырқы сапар еткенiне. Бишаның сол арада басын тiлiп, Тоғыз күн жаудың көшiп кеткенiне. Осы жер қара тоғай, қалың шiлiк, Байқады жаудың жүрген iзiн бiлiп. «Осы жермен кәпiрлер кетiптi» деп, Ызғытып келе жатыр iзбен жүрiп. Көк тұлпар бiр заманда кетедi үркiп, Кәдiмгi жiбергендей бiреу түртiп. Қараса тал түбiнде бiр шаш жатыр Бұрымын құйқасымен алған қырқып. Шiлiктiң көрдi шашты түбiндегi, Денесi көрiсiмен дірiлдейдi. Бишаның шашы екенiн таныған соң, Есi ауып, iшi-бауыры елжірейді. Ауытқып қолына алды шашты барып, Аймалап иiскелейдi қолына алып. Көзiнен от жалтылдап, басы айналып, Сылқ етiп жығылыпты естен танып. Көзiнiң домалаған ыстық жасы Ерiксiз бара жатыр бетiн қарып. Аузынан үрлегенде жалын шығып, Отырды бiраз есiн жиып алып. Аймалап қайта-қайта шашты сүйiп, Иiскелеп қойынына қойды салып. Шымырлап бар денесi, шаш тигенде, Қара тер денесiнен кетедi ағып. Көзiнен қызыл-жасыл оттар жанып, Атына кете бердi мiнiп алып. Сүмбеталдан, Елбiстен ар жаққа өтiп, Бет қойды Аягөзге құмды жарып. Тұлпары қара терге шомылған соң, Ұйытқып әрi-берi қашады алып. Шашты алып иiскелейдi анда-санда Жалаңаш қойнына қойған салып. Елжiреп iшек-бауыры езiледi, Көзiнiң ыстық жасы жерге тамып. Құтырған жолбарыстай көзi алақтап Елсiзде бара жатыр жалғыз ғарiп. Аяғы анда-санда жерге тиiп, Тұлпардың iзi жатыр андызданып. Мырқы сүйтiп зарлады айдалада Бошаннан үшеу туып жалғыз қалып. Шаш болды жолдан алған бар хабары, Алланың басқа салып арнағаны. Шашты сүйiп, аймалап ат үстiнде Мырқының мынау едi зарлағаны. – Бiр Жаратқан Құдайым, Көзiмнiң жасын қабыл ет. Мiнәжат қылып жылайын, Ақырын, Алла, бере көр. Бұл iстiң артын сұрайын, Шашыңды таптым, өзiң жоқ. Бишатайым, сәулем-ау, Бұған қайтiп шыдайын? Таба алмай жүрмiн қаңғырып, Басымды қайда ұрайын? Шашыңды кескен дұшпанды Көрсетшi маған, сәулем-ау, Бiреуiн қоймай қырайын. Жаның тiрi бар болса, Жау қолында тұрсаң да, «Ала алмаймын сенi» деп, Қылмаймын, сiрә, уайым. Тасты бөлген садағым, Басты бөлген садағым. Жолыңа ағаң садаға, Садағымды сынайын. Атаңа нәлет қалмақты Кездестiршi, Құдайым. Сыбағамен сыйлайын, Ағашың сенен садаға, Бишатайым, сәулем-ау, Жолыңа жанды қияйын. Артымнан ерген қарғашым Бишамды тiрi көрмесем, Дүниеге қайтiп сияйын. Кегiңдi жаудан алмасам, Артыңнан iздеп бармасам, Өзiме қанжар тығайын. Жалғызымнан айрылып, Несiне қорқып бұғайын? Жолыңа ағаң садаға, Дүниенiң қызын ұрайын. Артымнан ерген қарғашым, Бишатайым, бауырым, Нұрлы туған тәуiрiм, Ағашың iздеп безiп жүр, Қалмақтың таппай ауылын. Еркелеп өскен қарғашым, Шашыңды кесiп қанжармен, Атаңа нәлет ит қалмақ Қайғының сапты ауырын. Жалбыратып шашыңды, Артымнан ерген қуаныш, Жас балапан, тауығым. Тiрi болсам табар ем, Атаңа нәлет, ит қалмақ, Өлтiрiп тастап кеттi ме, Осы бiр қылар қауiбiм. Жолда өлсе, арман жоқ, Айтқанда сөздiң анығын, Ағашың iздеп безiп жүр. Қайда жүрсiң, Бишатай, Айналайын, жарығым. Екi көзi жалтаңдап, Қандай жерде жүр екен, Дұшпанның көрiп жәбiрiн? Жаратқан Патша Құдай-а, Мұнша қорлық көрсетiп, Артымнан ерген қарғаға, Бар едi қандай жазығым? Төлешiм өлдi ондай боп, Биша өлсе мұндай боп, Қайғының маған қағыпсың Қақ төбемнен қазығын. Жолыңа көкең байлады Ендi қалған жердегi Өмiрiнiң барлығын. Екi көзi жалтақтап Қандай жерде жүр екен Дүниенiң көрiп тарлығын? Әлде қалмақ кесiп ап, Лақтырып кеттi ме Басының қалған қалдығын? Ендi қайда кетейiн, Жаратқан Патша Құдай-а, Бишамның тартып зарлығын? Жаратқан Патша Құдай-а, Бiлдiрсеңшi пазылыңмен Бишамның тiрi, барлығын. Аман, тiрi көрсетiп, Артымнан ерген қарғамды, Десеңшi Алла «ал, құлым». Мен садаға кетейiн Сөзiңнен деген «жан аға» «Ағашым» деген тiлiңнен Мендей көке садаға! Белiң шықпай бесiктен Кездестiң мұндай жалаға. Жұрт тыныш та, ел аман, Ерекше қырғын келдi ме Бошаннан туған балаға? Кесiр сөздi айтпап ең Кiшi iнi, үлкен ағаға. Әдепсiздiк iс iстеп, Алмап ең қарғыс жана да. Бауырымнан айрылып, Қанатымнан қайрылып, Кездестiм мұндай жараға. Көлденең бәле кездестi Артымнан ерген қараға. Қашып шығып қалмақтан Әлде менiң қарағым, Жүр ме екен қаңғып далада? Қашып шығып, қаңғырып, Жол таба алмай отыр ма Бүркiттей түскен тасаға? Өткiр туған бала едi, Қанжар салып алдыма, Ерегiсiп қалмақпен, Қарамай ұрсып шамаға. Сыры өзiме белгiлi, Қорқып тiлiн тартпайды, Ерегiсiп, әлде жау Тартты ма екен дараға. Ғайып ерен, қырық шiлтен, Кәмiл пiрiм, қайдасың? Пәле шапса ғарiпке, Түспеймiсiң араға? Бұл iс түстi басыма, Жаратқан Патша Құдай-а, Шықпай жаным қала ма? Мен садаға кетейiн, Бишатай деген атыңнан? Жалбыратып шашыңды Ерiп едiң артымнан, Жолыңа жаным құрбандық Қайтпаймын айтқан антымнан. Қорлықты әбден көрiпсiң Жалғыздықтың зарпынан. Бошаннан туған баланың Айырдың бәрiн халықтан. Ендi Бошан да айрылды-ау Бұрынғы қызық салтынан. Үшеу едiм басында, Екеу өлiп, жалғыз қап, Тана зарым тартылған. Ұрысайын десем, жауым жоқ, Қайтайын десем, бауырым жоқ. Айдалада шабынып, Айрылдым ерлiк қарқыннан. Жете алмай жауға келемiн, Көксерек атым астымда Көбiгi түсiп алқымнан. Жеткiзе көр, Құдайым, «Бишамды аман көрсем, – деп, – Жолына жанды берсем» деп, Қу көңiлiм талпынған. Мырқы батыр соны айтып, Келе жатыр зар ұрып, Қара терге шомылып. Астындағы көк тұлпар Қаңтардағы бурадай Айдалада шабынып. Тұлпардың тиген тұяғы Ошақтай болып қазылып. Таласып емшек емiскен, Тай-құлындай тебiскен, Қорлық көрген бауырын Ашып жаны сағынып, «Жолымды, Алла, оңғар» деп, Жасағанға жалынып. Төбе шашы тiк тұрып, Құтырған қасқыр секiлдi, Түйiлiп қабақ жабылып, Лаққан киiк секiлдi Жан-жағына қарайды. Қалмақтан көрген қорлыққа Жүрегi шоқтай қарылып, Бишасы сондай болғанға Екi өкпесi қабынып, Тас жүрегi жарылып. Бауырының шашын кескенге Қызып тұрған шоққа да Өлгелi тұр қарылып. Көзi түктi көрмейдi, Қызыл-жасыл жалындап, Күйiктiң буы жан ұрып. Екi көзi алақтап, Қап-қара боп түтiгiп, Келедi сабаз сабылып. Өстiп жүрген жiгiттiң Тiлегiн Алла берер ме, Бауыры аман табылып? Келедi Мырқы сүйтiп көшкен бұлттай, Бет қойып Аягөзге жүрдi сырттай. Үстiне қара тастың шығып едi, Үйтөбе көрiнедi жалғыз құрттай. Жер болжап олай-бұлай қарап тұрды, Байқастап жан-жағына мойын бұрды. Жыртқыш аң, көшкен таудың үстiн басып Бет қойып Үйтөбеге тура жүрдi. Кеш болып күн батуға жақындаған, Сабылып тебiнгiсi сартылдаған. Қыдырып Мыңшоратты келе жатса, Бiр жерден түтiн шықты жалпылдаған. Ойға бiр ақ үйдi қойған тiгiп, От жақтан төрт-бес жерге түтiн шығып. Олардың кiм екенiн байқағанынша Күн батып ұясына кеттi кiрiп. Әлгi үйге жақын келiп байқастап жүр, «Алсам, – деп, – шапақ барда жөнiн бiлiп». Әр жерде шiдерленген ат көрiндi Атындай жортушының келген жүрiп. «Күн батсын, не де болса, көрермiн» деп, Бiр жерге аттан түстi, сабыр қылып. Бiр жерге Көксеректi қойды байлап, Қаруын ықтияттап алды сайлап. Ағытып қылышының бәйенгiсiн, Қанжарын тығып алды, өткiр қайрап. Садағы оқ-жағымен жотасында, Зорға отыр шыдай алмай көзi жайнап. Ауылдың төңiрегi қалың қамыс, Отырған жерi ауылдан емес алыс. Жел соғып, оттың бәрiн үйге жаққан, Сөйлескен шығып жатыр түрлi дыбыс. Жиылып үлкен үйге жанның бәрi, Күлiсiп етiп отыр қалжың-қағыс. Орнынан тұрды Мырқы қаны тасып, Аяңдап үйге келдi бiр-бiр басып. Сол үйдiң оң жағынан келдi-дағы, Сығалап қарап тұрды жабықты ашып. Қалмақтың еш нәрседен қауiпi жоқ, Жиналып отыр екен дабырласып. Құшақтап Қорлығаны Шерден отыр, Бүшiр шал отыр екен жауырын ашып. Бүшiрге күлiп Шерден: – Шалым, – дейдi, Жауырынды қолға дұрыс алың, – дейдi. Шақырып кәрi жынды шадымандыққа Бүкпей айт түскеннiң бәрiн, – дейдi. Билердiң мына отырған бағы қандай, Қылыңыз оны бiзге мәлiм, – дейдi. Билердiң бәрi батыр тастан қайтпас, Қай түрлi болар екен ағым, – дейдi. Сөйлейдi Бүшiр сонда жауырын алып, Сығалап отқа жақын көзiн салып. Сығалап әрi-берi отырды да, Сiлкiндi: – Не дейдi, – деп, – мына ғарiп? Батыр отыр: – Жауырыным, шын сөйле, – деп, Сөзiңiз не де болса болсын анық. – Сөйлейiн мына балдың сөйлегенiн, Батырым, тыңдап отыр құлақ салып. Сөйлеген мына балдың жағы жаман, Жасырмай балдың сөзiн айтсам саған. Басыңа жөпшеңдi қырсық жүрмес, Ер едiң қатарыңнан артық бағаң. Батырым, ескерусiз бола көрме, Бассаң да мұнан былай жалғыз қадам. Түрiне мына балдың қарағанда, Болып тұр бәрiмiзге дүние тамам. Ысқырған айдаһардай сұрша жiгiт Деп тұр ғой «қазiр менен сенiң қазаң». Оң жақтағы жабықтан сығалап тұр Қасында жолдасы жоқ жалғыз адам. Қанжарын қайрап алған жалаңдатып, Қылышын бәйенгiсiз салаңдатып. Одан ендi жан қалмас, батыреке, Қабағы қалған екен жаман қатып. Осындай балгер Бүшiр сөзiн айтып, Қорқытты қалмақтарды алаңдатып. Бүшiр шал балға түсiп отыр бiлiп, Бүшiрге жұрт қарады мойнын бұрып. Бүшiрдi кекетiп сонда Шерден, Бiреуге: – Қара, – дедi, – тысқа шығып. Тұрсын ба бұлар шығып қарағанша, Тасалап Мырқы арырақ кеттi жүрiп. Қарады шыққан кiсi әрi-берi, Мырқының белгiлi емес жүрген жерi. Әрi-берi жүрдi де қайтып келдi: – Еш нәрсе, дәнеме жоқ көрiнбейдi. Сол жағынан сығалады жабық ашып, Әр түрлi қалжыңды айтып басқасы отыр. Жауырынын Бүшiр отыр тағы да алып, Бiреуі анау, бiреуi мынаны айтып. Баршасы күлiп отыр жабырласып. Кей адам шалдың сөзiн жаратпайды, Сонда да «бал ашқын» деп азаптайды. Кекетiп «көргенiңдi сөйлегiн» деп, Түрткілеп Бүшiр шалды мазақтайды. Бүшiр айтты: – Бұл көрген сағым едi, Жасымнан үйренiскен бағым едi. Күлсең де ажалыңның аулы жақын, Жабыққа сол жақтағы тағы келдi. Айтамын балға түсiп көрiнгенiн, Бiреуiң тағы қара ерiнбегiн. Күлсең де мазақ қылып айтқаным – сол, Жетпейдi ертең түске өмiрлерiң. Бiреуi тысқа шықты тағы қарап, Ызғытып Мырқы кеттi арағырақ. Таба алмай қарап-қарап, қайтып барып, Бүшiрдi күлiп жатыр қылып мазақ. Айтады: – Бұл жерге ешкiм келмейдi, – деп, Бұл жерде адам елi жүрмейдi, – деп. Баршасы мазақ қылып күлiседi: – Дәнеме, шал сандалды, бiлмейдi, – деп. Ел тарап осыменен қалды жатып, Мырқы отыр сол есiкке көзiн сатып. Екенiн Биша қайда бiле алмастан, Көңiлiне қайғы ойлайды жабырқатып. «Жолықсам, тысқа шықса, Қорлығаға, Бiр жауап алар едiм сырын тартып. Бишаның айтар ма едi қайда екенiн, Айтар-ақ қандай түрлi жайда екенiн. Осындай әдiспенен қыла алмасам, Iздеймiн қалмақтардың қай мекенiн?» Дейдi де, сабыр қылып отырады, «Не қылсам екен-ау, – деп, – осыларды. Бишамнан ептеп жүрiп тiл алмасам, Жас бала қанды көрiп шошынады. Отырды сабыр қылып бiраз ғана, Шердендi төсек салып жатқызған соң, Қорлыға тысқа шықты түңлiк жаба. Дәретке ұзаңқырап келiп едi, Қасына Мырқы барды тұра сала. Селк етiп алға шықты, шошыса да. Таныды Мырқы екенiн Қорлыға да. Қорлыға айтты Мырқыға: – Келдiң неге? Ыңғайлы көнер емес әңгiмеге. – Қылышты жау кеткен соң боққа шапқын, Сүмiрейiп жаңа кепсiң, жаман неме. Ендi жақсы келгеннен келмегенiң, Бетiм жоқ баратұғын елге менiң. Тұр, қайтқын осы жерден, тiлiмдi алсаң, Басыңа үлкен олжа өлмегенiң. Достығым менiң саған, әлi де болса, Шаптығып өлiп жатыр өрлегенiң. Кетпестен, ендi осы жерде тұрсың не қып, Жiберер Шерден бiлсе жерге қағып. Батырға қарсы келiп, тiл тигiзiп, Өлтiрген Бишаны да қанжар салып. Батырға, әлiн бiлмей, тiл тигiзiп, Өлтiрген көп iшiнде iшiн жарып. Тез кеткiн, батыр ояу жатыр едi, Басыңа жаның олжа сорлы ғарiп. Таныды Қорлығаның бұл ниетiн, Кiсiдей мүсәпiрсiп тiрi жетiм: –Қайтейiн, қош-аман бол, ендеше, – деп, Қимаған кiсiдей боп сүйдi бетiн. –Тiлiңнен бiр сүйгiзшi, шерiм шықсын, Жолдастық бар едi ғой қызметiм. Қорлыға емезгiдi бұған нанып, Мойнынан құшақтады жетiп барып. Мырқыға тiлiн келiп шығарады, –Тез кет, – деп, – сорлы байғұс, – сүйiп алып. Қорлыға құшақтады мойнын құшып, Мырқының аузына тiлi түсiп. Түбiнен тiлiн тартып тiстедi де, Жөнелдi көтерiп ап белден қысып. Көтерiп алып келдi ат қасына, Бiр салды қамшыменен қақ басына. Мырқыға Шерден қалып кездескен соң, Ерiксiз ендi қатын жатпасын ба? Мiнедi Көксерекке ендi жайлап, Қатынның қол-аяғын мықтап байлап. –Жау қуып өзi артымнан келедi» деп, Өңгерiп кейiн қарай жолды айдап. Түнiмен Мырқы жүрдi кейiн қарай, Алады шапқан тұлпар жердi талай. Шомылған қара терге Көксерек ат, Бiр атқа екi кiсi емес оңай. Байлаулы Қорлығаның қол-аяғы, Боп қалды дем сағатта халi солай. Зырғытқан түнi бойы Мырқы батыр, Бiр қызық iстiң арты болады ақыр. «Жау тосып осы арадан аламын» деп, Бiр үлкен өзектiге келе жатыр. Өзектен көлденең жол кесiп еткен, Қисайып сайдың аузы кейiн кеткен. Берiсi жолдың шыға тегiс жайпақ Шердендi тоспақ болды осы беттен. Тұлпарды жар астына қойды байлап, Байлаулы Қорлыға отыр көзi жайнап. Шерденмен күлiп-ойнап жүрген жазған, Бұл iске тап болды ғой соры қайнап. Бұл жердi Мырқы көрген кеше жүрiп, Сол жерде тамақ iшкен, атып киiк. Отырып жол үстiнде тамақ iшiп, Сүйегiн шала мүжiп қойған үйiп. Ойлаған: «Осы жерге келедi деп, Сүйектi үйiп қойған көредi деп, Осы жерде жабырласып тұрған кезде, Сол уақытта Құдай маған бередi деп. Құдайым ажалының сәтiн салса, Осы жерге келген қалмақ өледi» деп. Түбiнде бiр жыраның өзi жатты: «Асатын осы жер – жаудың кезеңi» деп. Күн шығып найза бойы көтерiлген, Мырқының көңiлi сергек кешегiден. Көз салып Мырқы батыр қарап тұрса, Шаң шықты Үйтөбенiң етегiнен. Келедi отыз шақты қалмақ қаптап, Шабады үздiк-создық тапырақтап. Бәрiнiң ең алдында Шерден батыр, Аттары болдырыпты қалтырақтап. Жау қуған ызаланып Шерден батыр, Соғысты талай-талай көрген батыр. Жолменен оза шапқан Шерден батыр, Сүйектiң дәл үстiне келе жатыр. Сүйекке өте берiп көзi түстi, Жолдағы көргеннен соң мұндай iстi. Аттың басын бұрып, айғай салып, Бұл жерге тамам қалмақ жиылысты. Барлығы түзге отырды, аттан түсiп, «Жау жаңа кетiптi, – деп, – тамақ iшiп» Бүшiрге: –Ат үстiнде бал аш, – дейдi, Баршасы ортаға алып жиылысып. Осы шал жауырын алып сөйлеп тұрып, Тұрғандай сiлкiнедi жыны қысып. –Япырым-ай, мына жерде жатқандай ғой, Талабын iздеп жүрген тапқандай ғой. Қайталық, тiлiмдi алсаң, осы арадан, Қатарлап тiзiп қойып атқандай ғой. Шықса да тап осы жер жер астынан, Қылышпен мойнымызды шапқандай ғой. Кiдiрмей жөнелейiк осы арадан Қанымыз судай болып аққандай ғой. Бүшiрдiң қорқып басы қимылдаған, –Япыр-ау,тез кетсек, – деп қымыңдаған. Аяқтап Бүшiр сөзiн бiтiргенше, Садақтың оғы шықты зырылдаған. Бiреуi бiреуменен қақтығады, Мырқының атылған оқ бiлегiмен. Бет бұрып, мойнын сүзiп қарағанша, Шерденнiң өтiп кеттi жүрегiнен. Шерденмен қабаттасып тұрғандардың Тағы өттi сол оқ барып бiреуiнен. Өкiрiп құлап жерге Шерден түстi, Көрсеттi қалмақтарға мұндай iстi. Қалмаққа оқты қардай боратады, Оғының бiреуiнен бiрi күштi. Көңiлiне Мырқы Алланы жад етедi, Тартқанда бәйенегi сарт етедi. Қалмақтың оны жерге түскен кезде Бүшірге бір оқ барып сап етеді. Оқ тиді Бүшір шалдың өкпесіне, Өкпеден қояр ма күш өтпесiне. Бөркi оқ тигенде Бүшiр шалдың Атының барып түстi бөксесiне. Әулие көрiпкелгiш Бүшiр шалды, Өшiккен қанды саусақ ептесiн бе? Қалмақтың он минутта жиырмасы өлсе, Қалғаны қайта қашып кетпесiн бе? Құтылды тоғыз қалмақ қайта қашып, Бейшара ажалы жоқ асып-сасып. Бүшiрге Мырқы тұрып келiп едi, Өлгелi жатыр екен жанталасып. Мырқы басын жаны ашып сүйеп едi, Өлгелi жатыр екен жанталасып. Жаны ашып Мырқы басын көтергенде, Қарады шал Мырқыға көзiн ашып. –Қарағым, менiң түбiм – қазақ, – дедi, Ажалға ауып тидi садақ, – дейдi. Бетiмдi менiң, балам, жасыра кет, Тiлегiмдi тiлейтұғын сол-ақ, – дейдi. Сонан соң «сүйiншi» деп қол сермедi, Айтуға онан артық тiл келмедi. Сөзiне Мырқы шалдың құлақ салды, Қызыл көз сөз аңдар ма қолы қанды. Мырқыдан екi көзiн айырмастан, Қыбырлап аузы-басы бердi жанды. «Мына шал, – Мырқы ойлады, – тегiн емес, Менiң де шалды атқаным жеңiл емес. Қол сермеп, Құбыла жаққа ымба қағып, Сүйiншi сұрағаны мұнысы нес? Және де «аман-аман» деп айтады, «Сүйiншi» деген сөздi көп айтады. Бiр жерде әлде Бишам тiрi ме екен, Осы шал осы сөздi неге айтады?» Шерденге сонда Мырқы келiп жетiп, Ақтарды iшiн жарып, басын кесiп. Бүшiрдi өңгерiп алып келiп, Тiлестiң өткелiне кеттi көмiп. «Бишам да осы арада жатыр ма екен?» Көңiлiне зарланады қиял келiп. Томпайған топырақты құшақтайды: «Бауырым осы ма, – деп, –жанға серiк?» Аралап қалмақтардың өлiктерiн, Қайтадан бұл жұмысты тұрды көрiп. Босатып Қорлығаның қол-аяғын, Шердендi көрсетедi алып келiп. –Бейшара, ғашық жарың мұндай бопты, Басылсын ғашықтығың көңiлiң сенiп, – Дедi де, атқа қарап жүрiп кеттi. –Пайдалан керегiңдi ала келiп. Кеш батып қалған екен, күн кешкiрiп, Тұрған жоқ iстi Құдай ойластырып. Болғанда намаздыгер жүрiп кеттi, Артына Қорлығаны мiнгестiрiп. Сонымен Көксерекке алды мiнiп, Сүмiрейiп Қорлыға да барады жүрiп. Айрылып жалғыз бауыры Бишасынан, Мырқының әлi тұр ма көңiлi тынып. Қалыпты алданумен күн кешкiрiп, Тұрған жоқ iстi Құдай үйлестiрiп. Жұмысын бұл жердегi бiтiрген соң, Жөнелдi Қорлығаны мiнгестiрiп. Жөнелдi соныменен Мырқы батыр, Қарамай алды-артына келе жатыр. Аралап Майқұрақты келе жатса, Аты үркiп жөнеледi апыр-топыр. Қарғыды Көксерек ат құстай ұшып, Қорлыға қалған екен жерге түсiп. Тұлпары үрiккен екен содан қашып, Жатыпты бiр жолбарыс аузын ашып. «Не бар?» деп арт жағына жалт қараса, Жолбарыс Қорлығаны жатыр басып. Тақымынан айбалтаны жұлып алды, Атының басын бұрып қайта барды. Жолбарыс та Мырқыдан қауiп етiп, Гүрiлдеп, шабайын деп ыңғайланды. Шеңгелдеп Қорлығаны басып тұрды, Ат үркiп жоламастан қашып тұрды. Ат үркiп жоламайтын болғаннан соң, Түстi де Мырқы атынан жаяу жүрдi. Мырқыға бұл жолбарыс тағы шапты, Мырқы да айбалтасын ыңғайлапты. Жолбарыс қарғып жақын келiп едi, Бiр салып алмадай-ақ домалатты. Қорлыға орнынан түрегелiп, Мырқыға ырза болды мұны көрiп. Дәл сермеп күштi қолы айбалтаны, Алғанын ажыратып көңiлi сүйiп. Бiр көзi Қорлығаның қанап қапты, Барыстың тырнағының ұшы тиiп. Көзiнiң тұра келдi ағып қаны, Мырқының бұған тұр ма ашып жаны. Тағы да мiнгестiрiп жүрiп кеттi, Олжаның осы болып қолда бары. Қорлыға қанын сүртiп келе жатыр, Айрылған тырнақ тиiп оң қабағы. Жөнелдi бұлар тағы осы жайдан, Мiнгесiп талай-талай өттi сайдан. Аулына бұлар жүрiп келе тұрсын, Сөйлейiк ендi бiраз Бошан байдан. Жау шауып Бошан байды кетiп едi, Ауылда соғыс болып ұлы майдан. Жау шауып, Бошан байды қайғы басқан, Ешкiм жоқ жау қусақ деп ақылдасқан. Айрылып баласының бәрiнен де, Түскендей болып отыр жер мен аспан. Жау шауып алып кеткен балалары, Хабарды Мырқыдан да ала алмады. Түспейдi кешке шейiн қыр басынан, Бошанның төбе болды қарағаны. Бошан бай зар жылайды, тамақ iшпей, Төбеден кешке шейiн ойға түспей. «Құдай-а, тiлегiмдi бере көр» деп, Түн бойы тiке тұрды тiзе бүкпей. Малыңнан жау шапқанда жанды айырған, Баланың ата айрылған таласынан. Тiлегiн Бошан сөйтiп тiлей берсiн, Сөйлейiн ендi бiраз жалайырдан. Жалайыр Сүрен батыр жетi ай болды, Жоғалып көптен берi кетiп едi. Қызылда жалайырдың бiр кiсiсi, Болған ба Айдарлыда бiр жұмысы. Жұртымен Бошан байдың келе жатса, Көредi сайда жатқан өлген кiсi. Қарады айландырып көрген кiсi, Сүренге бейiмдейдi бар белгiсiн. Қылыш, жабдық, баршасы Сүрендiкi, Бөлiнiп бөлек жатыр бел-бөксесi. Басымен тұтас жатыр жота сырты, Шашы мен жидiп қапты сақал-мұрты. Байқастап жер көлемiн қарағанда, Бошанның көктемдегi көшкен жұрты. Ол кiсi сол арадан қайтып келдi, Көргенiн бастан-аяқ айтып келдi. Сүреннiң ағасы едi Сұртай деген, Халыққа «жиылсын» деп тәртiп бердi. Шақыртты Қабылан мен Сүйiнбектi, «Жалайыр атқа мiнген жиыл» дептi. «Бошаннан барып құнын аламыз» деп, Жиылып үш жүз кiсi туын тiктi. Үйiне хабар қылды «барамыз, – деп, Сүреннiң барып құнын аламыз, – деп. Шынына келсе келдi, шынын айтып, Келмесе, кiсi өлтiрiп, шабамыз, – деп. Келдi де Құдайқұлды қамап алды, Ерiксiз ұстап алып, сойды малды. – Сүрендi өлтiрiпсiң, құнын бер, – деп, Бошанға Сұртай батыр кiсi салды. Бошанның сондай болған халiн көрiп, Қайтадан барған кiсi айтып барды. Бошанның жұмысы жоқ мұныменен, Iсi жоқ даудың салмақ түрiменен. Кiрмейдi ешбiр жауап құлағына, Өзiнiң әуре болып күнiменен. Бошанды жалайыр кеп қамап жатыр, Ерiксiз сойған малын санап жатыр. Үстiне жығылғанның жұдырықтап, Қасқырдай айландырып талап жатыр. Сүреннiң құны соған бiтетiндей, Кездескен қойшыларды сабап жатыр. Күн-түнi Бошан отыр жылауменен, Құдайдан iстiң артын сұрауменен. Айрылып баласының баршасынан, Қайғырып шыбын жанын қинауменен. Тұрады кешке шейiн қыр басында, Бар қайғы дүниедегi бiр басында. Айрылып балапанның баршасынан, Салған соң Құдай басқа тұрмасын ба? Бошан бай бұған ақыл таба алмаған, Жан-жаққа екi көзi алаңдаған. Бесiнде Сұршағылдың кезеңiнде, Бiр нәрсе бұлдырайды қараңдаған. Қобыға асып түстi кезеңменен, Бұлғақтап жүрiсi бар тежелдеген. Жүрiсi Көксеректiң жүрiсiндей Кiсiдей көрiнедi қозы өңгерген. Таныды Мырқы екенiн келе жатқан, Өңгерген нәрсесi бар түзден тапқан. Екенiн анық Мырқы таныған соң, Жүгiрдi қатын-бала әр тараптан. Жиылып қатын-бала ортаға алып, Қорлыға өңгергенi таниды анық. «Бишасы ендi мұның қай жақта?» деп, Қарайды арт жағына көзiн салып. Тастай сап Қорлығаны аттан түстi, Биша жоқ болғаннан соң зәресi ұшты. – Апатай, Бишатайдан айрылдым, – деп, Құшақтап шешесiнiң мойнын құшты. Шешесi мына сөздi естiген соң, Айрылып ақылынан талып түстi. Өкiрiп Бошан келдi ойбай салып, Бошан шашты иiскедi қолына алып. Шашты алып ата-анасы кезек-кезек, Адасып ақылынан түсер талып. Бұлардың осы көрген қайғысына Жаны ашып жылап жатыр тамам халық. Шуласып жылап жатыр азан-қазан, Кiм келсе соған түсер ақырзаман. У-шу боп ауыл жылап жатыр едi, Кезеңнен шыға келдi жалғыз адам. Кезеңнен шыға келдi жалғыз атты, Асығыс жүрiсi бар тым-ақ қатты. Көре сап шулап жатқан халайықты, Атының басын iрiкпей тiке тартты. Ынтығып жетiп келiп сәлем бердi, Жылаған кемпiр менен шалды көрдi. Атынан қарғып түсiп күлiмдесiп, Мырқымен жылап тұрған шалға келдi. – Бәрiң де жыламаңдар, сүйiншi! – деп, Еңкейiп Бошан байға қолын бердi. Мырқының: – Сүйiншi, – деп бөркiн алды, Халайық бұл жұмысқа аң-таң қалды. –Жылама, Биша тiрi! – деген сөзге, Халықтың бiрi нанбай, бiрi нанды. Тоқтатып жылағанын тамашалап, Жiгiттi жұрттың бәрi ортаға алды. –Қане, батыр, сөйлешi, жөнiңдi айтып, – Жiгiттiң сөзiне жұрт құлақ салды. –Жылама, – жiгiт айтты, – Биша тiрi, Келедi аман-есен бүгiн күнi. Дегенге: – Жыламаңдар, Бишаң аман Жiгiттiң көрiнiп тұр сөзi жылы. Қорықпаңдар, жыламаңдар, Бишаң аман, Қуанып келе жатыр кейiн таман. Көп көрiп қорлық-зарлық, машақатты, Басынан өткен екен қиын заман. Денi сау келе жатыр аман-есен, «Қуантып барғын, – дедi, – әке-шешем». Наныңдар менiң айтқан бұл сөзiме, Қазiр-ақ мәлiм болар жалған десең. Келедi аман-есен құлындарың, Қанжармен кескен екен тұлымдарын. Басының екi-үш жерде жарасы бар, Көрмедiм онан басқа шығындарын. Қолына жау қалмақтың түскен екен, Ашумен кесiп апты бұрымдарын. Бiр шал себеп болып қашып шығып, Бiр жерде бiз кеп көрдiк жығылғанын. Ол кезде қыздың халi тiптi жаман, Басынан өткен екен сондай заман. Деп сөзiн аяқтатып бiтiргенше, Кезеңнен шыға келдi төрт-бес адам. Алты адам келе жатыр шығыс жақтан, Мiнiптi бәрi сұлу жүйрiк аттан. Алдында Шора батыр Сұржелекпен, Iшiнде бiреуi бар басын тартқан. Жiгiттей қаруланған пешпен киiп, Астында арғымақ ат мойнын иiп. Батырдай жаудан қайтқан порымы бар, Басына жара болған найза тиiп. Биша екен iшiндегi басын тартқан, Жеделдеп ұзаңқырап келдi жүрiп. Таниды Биша екенiн жанның бәрi, Жабырлап жүгiредi жас пен кәрi. Екенiн анық Биша таныған соң, Аяғын ата-анасы баса алмады. Орнынан қарғып тұрып Мырқы батыр, Көтерiп алады аттан апыр-топыр. Құшақтап бiр-бiрiнiң мойнынан, Көрiсiп екi бауыр жылап жатыр. Аузынан балапандай сүйiседi, Көргеннiң тұла бойы иiседi. Көзiнiң ыстық жасы жерге тамып, Беттерi беттерiне тиiседi. «Бишам-ау!», «Ағам!» деген дауыстарға Жүрегi халайықтың күйiседi. Домалап көздерiнiң ыстық жасы, Сағынған қорлық көрiп ғарiп басы. Екеуiн ажыратуға көзi қимай, Айналып жүгiрiп жүр ата-анасы. Айтуға «қойыңдар» деп шамасы жоқ, Үймелеп жиылған жұрт айналасы. Бошан бай жүгiрiп жүр асып-сасып, Бiле алмай не қыларын, көңiлi тасып. Бишаны Мырқыжан да берер емес, Құшақтап бауырына отыр басып. Қызы отыр құшақтасып ағасымен, Атасы айланып жүр анасымен. Таласып Бошан, кемпiр басын иiскеп, Екеуiн құшақтайды қабатымен. Айланып баласына жанасады, Көрiп тұр жиылған көп тамашаны. Итерiп бiрiн-бiрi Бошан, кемпiр, Омыраулап баласына таласады. Итерiп бiрiн-бiрi «әрi тұр» деп, Бетiне баласының қарасады. Таласып шал-кемпiрдiң ұрысқаны, Тамаша өз-өзiнше жарасады. Меймандар сөйлескен жоқ тiлге келiп, Бiреуiн жылап жатыр, бiрi көрiп. Мырқыны Бишаменен ажыратты, Орнынан Шора батыр түрегелiп. Айтады: – Сабыр қыл, – деп Бошан байға, Тәуба қып, сабыр етiп, отыр жайға. Құдайым iстiң артын бергеннен соң, Қуаныш шүкiр ет, – деп, – бiр Құдайға. Құдайым бергеннен соң iстiң артын, Басады жылап-сықтап бiраз қарқын. Естiген жұрт көңiлi құса болды, –Қылыңыз бұған шүкiр, Бошан қартым. Басылды тегi барлық желiгiмiз, Тiрiлдi тәуба етiп өлiгiмiз. Құдайдан әуес етiп тiлеп едiң, Саламат, аман келдi өрiсiңiз. Ол-дағы тiрi болса келiп қалар Зорлықпен жауға кеткен келiніңiз. Мырқы мен бiздер де аман кеп отырмыз, Мұрагер тiлеп алған серiгiңiз. «Жылатқанды жұбатар Құдай» деген, Шат болды қайғы басқан көңiлiңiз. Қуаныш үйге кiрiп, той етелiк, Мырқы ғой жасағанға сенiмiмiз. Дедi де жұрт орнынан түрегелiп, Халықтың бiрi жылап, бiрi күлiп. Бошан бай бозайғырды ұстап алып, Шалады ай тұяқты алып келiп. Меймандар Бишасымен үйге кiрдi, Тағамдар дайындады неше түрлi. Сойылып айтұяқ пен садақалар, Қызмет қып қатын-бала зыр жүгiрдi. Қорлыға бұл жұмыстың бәрiн сезiп, Iсiнiң оңбағанын ендi бiлдi. Қуанды бұл жұмысқа жанның бәрi Шат болып көңiлденiп жас пен кәрi. Бәрi де халайықтың болды шадымен, Бошанның табылған соң балалары. Отырды жанның бәрi қуанысып, Болады қуанышпен тамақ iшiп. Бошан бай тамақ iшiп болғаннан соң, Айтады жалайырды жатқан қысып. Бұл сөздi Мырқы, Шора тыңдап отыр, Тұрған жоқ жалайырдан зәресi ұшып. Айтады жалайырдың қамағанын, Ауылға жиылып кеп талағанын. Ерiксiз жайлаудағы малды сойып, Малшыны ұстап алып сабағанын. Айтады сүйтiп даудың қағынғанын, Бақыттың терiс айналып жаңылғанын. Көктемде көшкен жұрттың сай жағынан Сүреннiң өлiгiнiң табылғанын. –Сүрендi Мырқы өлтiрдi, құнын бер, – деп, Жалайыр үлкен дауға салынғанын. Сүреннiң Сұртай келiп құнын даулап, Бауыры үшiн өкпесiнiң қабынғанын. Айтады Жалайырдың келгендiгiн, Құн даулап, елге келiп төнгендiгiн. Тоқтатып халайыққа ақыл айтқан, Айтады Қабылан бидiң жөндемдiгiн. Айтпай-ақ Мырқы, Шора бiле қойды, Сүреннiң қалай болып өлгендiгiн. Ашылды айтпағанмен iстiң түбi, Көрiндi үлкейетiн даудың түбi. Айтпай-ақ өз аузымен мойнына алып, Белгiлi Қорлығаның бүккен сыры. Қорлыға шеттегi үйде байлаулы тұр, Мұнда жоқ бұрынғы күй, бұрынғы түр. Төленiң қалай болып өлгендiгi, Жұртқа анық айтпаса да ашылды сыр. Үш жерден бiр әңгiме қозғалады, Халайық, мына сөзге мойныңды бұр. Бiр кiсi жалайырдан елшi келдi, Халықтың шаттанысқан түрiн көрдi. Баяу ел дауының жайын айтып, Алдында халайықтың сөйледi ендi. –Бәрi аман, Шора, Мырқы кептi, – дейдi, Бiзбенен сөйлесуге келсiн, – дейдi. «Бiтiрiп елдiң дауын қоялық» деп, Мен едiм Қабылан бидiң жiбергенi. Бұл өзi жұмыс емес танысатын, Қан қызыл жамандыққа барысатын. Еркiне тентектердi қоя берсе, Қалғанша бiрi тiрi шабысатын. Баяғы Санылар мен Қауарыптай Қырқысып өлгенiнше қалысатын. Алладан болған қаза болған шығар. Кек сақтап жұмыс емес қарысатын, Бәрiмiз Бақтиярдың баласымыз. Ту ұстап жұмыс емес жарысатын, Бошан бай, Мырқы, Шора – бәрi келсiн, Төбейдiң төрт ұлына хабар берсiн. Жоялық iштегi кек, жамандықты Бiрлесiп қазақ халқы жайға жүрсiн. Қалмақ тұр көтерiлiп күнде шауып, Заманның не боларын Құдай бiлсiн? Бошан бай мына сөздi: – Дұрыс, – дедi, Қабылан би сөз айтпайды бұрыс, – дедi. Алланың тағдырына шарасы жоқ, Пендесi ете алмайды бiр iс, – дедi. Тағдыры бәрі Хақтың iстеп тұрған, Тағдырсыз болған емес бiр iс, – дедi. Шоражаным, таста да қан қызуды, Халықтың бiрлiгiне кiрiс, – дедi. Қайтарды: – Төрт күннен соң барамыз, – деп, Хабарды төңiрекке саламыз, – деп. Шуға да хабар айтып жiбергемiз, Ерлердi естi, басты аламыз, – деп. Халайық демiн алып жата тұрсын, Бұл даудан қашық болмас арамыз көп. Уәде қып келген кiсi кеттi қайтып, Жiбердi Қабыландыға сәлем айтып. Баласы Бақтиярдың Шудан бергi, Олар да келген екен шеру тартып. Iшiнде келiп жатқан найман екен. Iштерi Кебекбайға қызу тартып. –Ұлды-қызды дегеннiң бәрi бала, – Деседi: – Кiмнiң жаны кiмнен артық? Қорлыға Кебекбайдың жалғызы едi, Қор бопты өз-өзiнен Құдай атып. Бұлар кеп түсiп жатыр Бошан байға, Қанады сұрастырып болған жайға. Босатып Қорлығаны қоя бердi, –Кетедi, – деп, – мұнан қашып ендi қайда? Бiр-екi күн болса да бос отырсын, Өлтiрмей мұны халық қоймас жайға. Егер де өлмейтұғын ақыл тапса, Қыларын қылып алсын осындайда. «Қорыққаннан бiр қатынды байлады» деп, Батырлар бетке салық мiн қылмай ма? Жатпайды мұндай жұмыс тектi деуге, Ерге ұят «қыз қорлығы өттi» деуге. Халықтың аузына алып айтуға ұят «Қатынымен осы жiгiт кектi» деуге. Дайын тұр халайықтың аузы ептелiп «Шiркiннiң қатынға әлi кептi» деуге. Алып келмей өлтiрiп тастап кетсем, Жұрт дайын «бұл Мырқыға неттi?» деуге. «Жiгiт болып артынан бара алмастан Қатынын жауға тастап кеттi» деуге. Сол үшiн босқа жүрсiн осы қатын, Қасына жоламасын ешкiм жақын. Отырсын бетiн сүртiп, ырза болып, Шерденнiң қасына қой кескен басын. Тағамнан және тағы тарықтырмай, Әр түрлi дайындап бер, iшсiн асын. Әйелдiң көрсеқызар шермендесi, Төгедi көрiнгенге ықыласын. Қатының дұшпаныңның зоры болса, Онан сен қайтiп, сірә, құтыласың? Құса боп өз-өзiнен өлiп кетсiн, Обал жоқ өз қанына ұшырасын. Ата-ана, ата-ене ақысынан, Осындай сабыр қылсаң құтыласың. Қорлыға босқа жүрдi кiрiп-шығып «Бетсiз» деп қатын-бала жүрдi күлiп. Осы түн Қорлыға қашып кеттi, Ерттеулi бiр қонақтың атын мiнiп. Зырғытып түнiменен тынбай шауып, Таңертең Қабыландыға келдi жүрiп. Сұртайдың Қабыландымен алдына кеп, Қорлыға сөйлеп жатыр тiке тұрып. Уылжып жүз бұралып сөйлеп қатын, Халайық тыңдай бердi құлақ тігіп. Көп болды халайықтың тыңдағаны, Айлана сөз тыңдауға Қорлығаны. Бұралып бiр бүйiрiн таянып ап, Бұл едi Қорлығаның жырлағаны. Оқиға бастан кешкен шынын айтып, Еңiреп тұрып сонда жылағаны. –Қабыланды аға, құлақ сал, Қазылы жұртқа ағасың, Жеке туған дарасың, Миуалы терек ағашым, Әдiлдiкпен тең қара Адамзаттың баласын. Менiң айтқан сөзiме, Адамзат десең нанасың. Өртеп жүрген бұзықпын Жер мен көктiң арасын. Қозғалмаса намысың, Ұмытсаң ердiң дабысын, Қылмысты сұмырай келiп тұр, Қылышыңмен шабасың. Жаңылсам тiлден көремiн, Ашыққа басты беремiн. Сөйлеуге тiлiмдi Басымды сүйреп саласың. Мен ойласам жайымды, От болып бәрiң жанасың. Дауа етiп ешкiм жаза алмас Мен секiлдi сорлының Көңiлiндегi жарасын. Жоқтайтұғын жан бар ма Ардақты батыр кешегi Дәулеттiң Сүрен баласын? Ол күнiм қайда жүр екен, «Бар, – деп едi, – артымда Сұртай деген қарашым». Қу жүрегiм, қайтесiң, Бүлiнiп неге жанасың? Өлмеген жаным тiрi тұр, Қорлықтың көрiп жаласын. Сұртай қарғам, бар болсаң, Дұшпаның, мiне, мен келдiм, Кегiңдi қайтiп аласың? Сүрендi Мырқы өлтiрдi Қайғының отын шалқытып, Жүрекке басты шаласын. «Мен де өлейiн» дедiм де, Өле алмадым артынан, Өлгенде қайда барасың? Қарсыласып көруге Ұйықтап жатқан жерiнде Келтiрмедi шамасын. Қылмыстың бәрi бiзде тұр Қайтiп бiр кектi аласың? Жасырын намыс, жабық кек, Мен де өлтiрдiм сонан соң Бошанның кiшi баласын. Сүрен менен Мырқының Замандас жолы бiр едi. Қорлыға мен Сүреннiң Бiр едi жастан тiлегi. Ерiксiз берiп ата-анам, Қайғы болды жегенiм Ас орнына үнемi. Айтқан сертке жете алмай, Көңiлiмiз жаман жүдедi. Ғашықтық деген оңай ма, Бiрiн-бiрi көруге Жүр едi жанып жүрегi, Амалым бар ма, қайтейiн, Ебiн тауып өлтiрдi. Өлтiруге қам қылып Бұрыннан Мырқы жүр едi. Есiл-дертiм Сүренде, Мырқыны адам демедiм Көңiлiмнiң болып күреңi. Байқаусызда өлтiрдi Қарсыласып алысса, Кем бе едi содан бiлегi? Сүйегiн жоқтап баруға, Жесiрiн iздеп алуға Сол секiлдi күнiмнiң Бар ма екен артта тiрегi? Тiрегiн iздеп қаңғырып Өзi келдi жесiрi. Бiз сорлыға бейiш жоқ, Дозақтың ашық есiгi. Сүренмен бiрге жүруге Болмады Ақтың нәсiбi. Менi өлтiрiп, отқа жақ Мен секiлдi сайқалдың Тағы да тидi кесiрi. Елдiң бетiн көре алмай, Сүреннен қалып жүргенше, Кiрейiн десем жоқ екен Қара жердiң тесiгi. Талабына жетпеген Сорлы болдым елдегi. Ел аузына қарасам, Кiнәнiң бәрi менде едi. Өлтiргенi Сүрендi Мырқынiкi жөн дедi. Тышқандай құнсыз кететiн Мырқыдан Сүрен кем бе едi? Сүреннiң қаны ойда жоқ, Терiс боп тұр халыққа Бошаннан бала өлгенi. Кебекбайдың қызы – мен Дәулеттiң ұлы Сүрен-дi. Еркiне салса халықтың, Өлген иттей көрмедi. Өлгенi құнсыз иттей-ақ, Қалғанына тағы отыр Өлiммен жаза бергелi. Қорлыға мен Сүрендi Ит қатарлы ойлайды, Қожайын Мырқы төрдегi. «Сүрен деген немене, Мырқы деген батырдың Бар, – дейдi, – жұртқа еңбегi». Көресiң терiс болады Жалайырдың құн сұрап, Қанын жоқтап келгенi. Сүрен бiр қоян құмдағы Оқтан басқа құны жоқ, Алтайдың Мырқы мергенi. Қорлығаның кесiрi Сүреннiң босқа өлгенi. Қорлығаның қолында Тұрғандай-ақ дап-дайын Ажалдың тағдыр шөлмегi. Осы жайды айтқалы, Бiр шолып елдi қайтқалы, Мен секiлдi бетсiздiң Осы едi, жұртым, келгенi. Естiдi мына сөздi жанның бәрi, Жиналған қызуланды жас пен кәрi. – Мырқыдан бәрiмiз де өлейiк, – деп, Дәулеттiң түтеп кеттi балалары. Бiтiмге ыңғайланған халықтарды Қорлыға әзәзiл боп аралады. Қайтпайтын бәрi-дағы батыр едi Сүреннiң алты-жетi ағалары. «Төленi Сүрен үшiн өлтiрген» деп, Мұны да қайтқан кек деп бағалады. Қорлыға Сүрен үшiн қорлық көрген Жанашыр жолдасы деп шамалады. Бұзылды жалайырдың алқаптары, Намыс қып түтеп отыр саңлақтары. «Қапыда әттеген-ай қалыпты-ау!» деп, Тiстелдi талайының бармақтары. – Қорлығамыз Сүреннiң тұғыры, – деп, Әлпештеп Қорлығаны ардақтады. «Бiтiм жоқ, шабысамыз ендi бiз» деп, Жиналды жалайырдың жан-жақтары. Қабылан би қарап отыр құлақ салып, Барады көтерiлiп тамам халық. Халықтың ниетiнiң бұзылғанын Кемеңгер ақылменен отыр танып. Мүлтiк жоқ Қорлығаның айтқанында Ол iстiң өтiрiк жоқ, болғаны анық. Сүрен өлiп жұртында жатқан қорлық Тағы да бара жатыр iштi жарып. Қорлыға жалайырдың жесiрi едi, Байлықпен Бошан кеткен сатып алып. Бошанды Кебекбаймен сыйлағаннан Қабылан би қойып едi бiтiм алып. «Жұртым-ау» деп Қорлыға жылаған соң, Ойына түсiп отыр сонда барып. «Жас күнiмде атасқан елiм ғой» деп, Ұмытпай жүрiптi-ау деп сорлы ғарiп. Халайық гулеп кеттi дабырласып, Сөзiнен бiреуiнiң бiреуi асып. «Осы жұрт қай жағына соғады» деп, Қабылан би сөйлемейдi бiр сөз ашып. Қабылан би бiр жұмысты жақтырмаса, Ешкiм жоқ кететұғын бұдан асып. Халайық көтерiлiп кеткеннен соң, Қабылан би ақырады отын басып. Қабылан айтты халыққа: – Қылғын сабыр. Жiгiттер басылыңдар мiнезi ауыр. Екi айғыр байтал үшiн ащы болып, Ақыры бiр-бiрiне қылған зәбiр. Төленiң он жастағы жазығы не, Болып тұр Қорлығаның осы жерi ауыр. Сөзден де, қайраттан да жеңiлемiз, Бұл iстiң аяқ жағы болмас тәуiр. Тоқтаңдар келсiн халық, сөйлесейiк, Жолымен адамдықтың теңдесейiк. Сөйлесiп, сөзге келсе, сөйлесейiк, Түйедей кейiн тартса көлбесейiк. Егер де ынтымақпен бiрлiк қылса, Қазақтың баласымыз селбесейiк. Деп отыр Қабыланды би осыны айтып, Халыққа болалық деп үлгi тартып. – Ит аларда қорадан қой жоғалар, Халықтың дұшпан көпте бiрлiгi артық. Қалмақ, қырғыз қазақты күнде шауып, Ерегiс заман өзi тұр ғой шалқып. Қазақ өзi бiреуiн бiрi өлтiрiп, Бастарын кесiп ап жүр домалатып. Ерегiсiп қатын үшiн ерлер өлiп, Бұл қазақ жұрт болады ендi қайтiп? Талқан қып бiр шетiнен шауып кетер, Бiр жақтан қалмақ келсе шеру тартып. Ел қамын, жұрттың жайын ойламаса, Жiгiтке тiрілiктен өлген артық. Қабылан би бұл жұмыстан қылды қауiп, Сөздiң де сөйлеушi едi ығын тауып. Дәулеттiң балалары желiгiп тұр «Мырқымен айқассақ» деп көңiлi ауып. Халайық осыны айтып отырғанда Бiр адам қызыл танау келдi шауып. Сөйледi келе салып аттан түсiп, Өзiнiң кеткен екен зәресi ұшып. Қабынып екi өкпесi ентiгедi, Кәдiмгi отырғандай жыны қысып. – Қабеке, жеттiм, – дедi, – Құдай сақтап, Әйтеуiр қашып жүрiп тапырақтап. Жазығы Күреңбелдiң шаң боп кеткен, Келедi жер-дүниенi әскер қаптап. Найманды Шолақтағы қырғыз шапты, Келедi қалмақ-қырғыз екi жақтап. Қабанбай аз кiсiмен соғысып жүр, Көп әскер кететұғын тарпып таптап. Қазақты қалмақ, қырғыз шауып жатса, Сендерге лайық па мұнда жатпақ? Шуға да шапқыншыны жiберейiк, Егер де тез барудың ығын тапсақ. Бiреуге Мырқы деген елшi салып, Қалмақтар Қапшағайда жатыр тоқтап. Төменгi Балғалыны алған шауып, Бiр қатер мұсылманға болған қауiп. Қыбырлап жердiң жүзi көрiнбейдi, Дүниенi қаптап кеткен көп торғауыт. Деседi: «Зиянсыз боп жөнелемiз, Мырқыны тiрi байлап, берсе тауып». Түк қоймай Балғалыны шауып алған, Ертең кеп үйсiндерге түспек ауып. Дейтұғын Байынжығал бiр батыр бар, Көкпеңбек үстi-басы темiр сауыт. Астында Көкжал деген тұлпары бар, Торғыннан мiнедi екен жабу жауып. Түк қалмай торғауыттан келсе керек, Есебiн болар емес адам тауып». Найманнан қашқан кiсi тағы келдi, Олар да торғауытты тағы көрдi. «Түк қоймай суанды да шапты, – дептi, – Бұл өзi алса керек талай жердi. Үстiне жығылғанның жұдырық деп, Қырғыз да таудан асып тағы келдi. – Олжалап Аққасқыр кеп жатыр, – дейдi, Түргенде қызылбөрiк деген елдi. Шапқанда Балғалыны торғауыт, Ұрандап деп шауыпты «Шерден өлдi». Қабылан би халық иесi жiгiт едiң, Табасың қандай ақыл бұған ендi? Деп Жантай сөзiн айтып бiтiргенде, Бiр-екi-үш қырдан асып кiсi келдi. Қараса төрт торғауыт келе жатыр, Көкпеңбек темiр киген кiлең батыр. Қолына елшi туын ұстап алған, «Елшiге өлiм болмас» деген ақыр. Келдi де сәлемдесiп аттан түстi, Адамдай жасқанбайды түбi күштi. Алдында Қабылан бидiң сыбанылған, Сөйледi торғауыт та болған iстi. – Қазақтың сен бе Қабылан биi, – дейдi, Кiмiң бар сенен тағы iрi? – дейдi. Ханы кiм қазағыңның, билерi кiм, Жасырмай айтқын маған мұны, – дейдi. Қорқып сен жасырғанмен, бiз табамыз, Қалмайды бiр табылмай түбi, – дейдi. Түк қалмай торғауыттан атқа мiндiк Қазақтың көкке ұшады күлi, – дейдi. Кеспекпiз Шерден үшiн екi мың бас, Айтқанда сөздiң анық шыны, – дейдi. Батырдың бiр-екi мың басын кессек, Бiтпекшi сонан кейiн құны, – дейдi. Шерденге қастық қылған Мырқы деген, Тiрiдей керек бiзге өзi, – дейдi. Қылатын оған тағы iсiмiз бар, Өлтiрiп бос қоймаймыз құры, – дейдi. Мырқыны бiзге байлап ап кеп берсе, Қазақтың болады азат ұлы, – дейдi. Егер де осы айтқанды iстемесе, Қалмақтың бүкiл қазақ құлы, – дейдi. Бұл үшiн Бұрқын бақшы ант етiлген, Қазақтың қалмақшы емес түгi, – дейдi. Бұл сөздi батыр Сұртай отыр естiп, Өкпесiн ашу қысып, қаны көпсiп. Тiк тұрып төбе шашы, қаны қайнап, Қалмақты бара жатыр көзi тесiп. – Мә саған, Мырқы үшiн бергенiм, – деп, Бастарын бас салды да, алды кесiп. Деушi едi «Елшiлердi өлтiрмейдi», Аяғы бұл болмыстың болды нешiк? Ашумен Сұрмаралға алды мiнiп, Найзасын, баста қалқан қолына iлiп. Дәулеттiң бес қасқыры атқа мiндi, – Қайда, – деп, – бiзге жауың? – кеттi жүрiп. Жесiр дау, құн дау – бәрi жайға қалды, Халыққа түскеннен соң мұндай бүлiк. Бошанға Қабылан келдi үш кiсiмен Қалсын деп iсiмiздiң жөнiн бiлiп. Қабылан кеп Бошан байға айтты жайын Кiсi едi тамызатын сөздiң майын. Түсiнiп Шора, Мырқы бұл болмысқа, Әр түрлi сарамжалды қылды дайын. «Аш бақа, ала жылан халық едiң» Бұл iстi Қабылан, Бошан қылды уайым. Шудан да келген екен төрт жүз кiсi, Батырлар, кемеңгерлер толған iшi. Қалмақ, қырғыз қазақпен жауыққанын Ерлердiң пайым қылып байқады iшi. Егерде қазақ болып бiрлiк қылса, Кем емес торғауыттан мұның күшi. «Қазақтың баласына хабарла» деп, Шаптырды қос атпенен сегiз кiсi. Қырғызға Қабыландының өзi кеттi, Жауапқа адам едi өзi ептi. –Кәпiр кеп, мұсылманды бүйтiп жатса, Демекшi дiн мұсылман саған неттi? Бiрiксек мұсылман боп, бiрлiк қылып, Алмақпыз кәпiрлерден сонда кектi. Демекшi Аққасқырға тауып алып, –Исламдық ыждиһатың қайда кеттi? Қабылан би жалғыз кеттi қырғыз жаққа, Қазаққа болған iстi сыр қылмаққа. Негiзгi болашақтың түбiн айтып, Ниетiн мұсылманның бiр қылмаққа. Ниетiн торғауыттың түсiндiрiп, Сүйегiн мұсылманның қыздырмаққа. Қамданып бұл кеткен соң Мырқы, Шора, Қасабай, Көшектер де мiндi атқа. Ендi бұлардың асығыспен бiр күннiң iшiнде жиналған қаруы бар соғысқа жарайтын адамдары небары алты-ақ жүз адам болды. Мұның iшiнде сенiмдi сауыты бар тоғыз батыр бар. Басқасы сыналмаған қара бақаншылар едi. Былай шыққан соң батырлар ақылдасып, Шораның айтуымен мынандай ақылға келдi: «Торғауыттың келе жатқан бағыты – үш беталыспен келе жатқан көрiнедi. Кейiнгi халық хабарланып, артымыздан келгенше бiз үш бөлiнiп торғауыттың алдына бөгет болуымыз керек. Сол үшiн мен үш жүз кiсiмен бiздiң Балғалыны алып, мәз боп жатқан жағынан килiгейiн. Көшек Маймақ, сендер Қапшағай жағынан килiгiп, берi асырмаңдар. Мырқы, сен ысылған жiгiтсiң, мiнгенiң тұлпар. Жалғыз өзiң барып Қабанбайға қосыл. Қабанбай мен екеуi найман жағын қорғай алатын шығар» деп, бұлар үшке бөлiндi. «Кейiнгi келетiн әскердi жөнiн айтып саралап тұр» деп, Қасабай мен Бәймен батырды тастап кеттi. Ендiгi әңгiме Мырқыдан басталады. Жауға қарап ер Мырқы, Бет алып ендi жөнелдi. Жалғыз өзi жау iздеп, Талайы көкке теңелдi. Сүйегiнде бар болса, Бар өнерiн көр ендi. Жалқын басын, байтағын, Сақтамақ халық көлемдi Зуылдатып келедi. Астындағы көк тұлпар Көксерек деген дөнен-дi. Ақ көбiгi бұрқырап, Астындағы тұлпары Көз жұмғанша асады Көлденең жатқан белеңдi. Бар өнерiн көрсетер Уақыты болды кезеңдi. Өте шықты қылт етiп Шалшық су құрлы көрместен Iле деген өзендi Бөктерлеп зытып келедi. Қарашоқы, Шеңгелдi, Қоянкөз, Маржан дегендi. Ашуланып келедi: –Оярмын, – деп, – торғауыт, Құдықтай қазып төбеңдi. Батырлық, жастық– қос мастық Желiктiрген желең-дi. Дұшпаннан көрген қорлығың Iшiңе тiкен шемен-дi. Екi көзiн тас байлап Намысы айдап келедi Сол секiлдi берендi. Жек көрмес, сiрә, Алла да Жұрт үшiн қайғы жеген-дi. Қоянкөздiң сыртында, Көзiн салып қараса, Қашқан елдi көредi. Жалаң аяқ, жалаң бас, Көздерiнен ағып жас, Қазақтар қашып келедi. Бұл қорлықты көрген соң, Қаны қайнап батырға Болмады жанның керегi. Мырқының қашқан найман көрдi сұрын, Көрмеген сұрша жiгiт бұдан бұрын. «Қазақтың бiр жауынгер батыры» деп, Қалдырмай айтып жатыр барлық сырын. Қалмақтар Қабанбайды байлап алып, Найманның кетiп тұрған есi қырын. Ұрысып алты күндей көп кiсiмен, Талауға алып кеткен ұл мен қызын. Қасқырдан қашып шыққан қойдай болып Халайық келе жатыр ырым-жырым. Баласы Мақтанбайдың үш бөлiнiп, Тоз-тоз боп қашып жұрген аспан жерден. Айрылып Түгелбай хан хандығынан, Жұртқа бiр болып тұрған жаман ырым. Көп болды халық бұған айналғаны, Қабанбай тiреу едi наймандағы. Қазаққа ұлы намыс болып отыр Қалмаққа Қабанбайдың байланғаны. Найманның қарсы тұрмай қашқандығы, Мырқыға мәлiм болды бар жайлары, Iшiнен кiреукесi басып киген, Мырқының түгел-дi [қару]-саймандары. Қабанбай қолға түстi дегеннен соң, Басқасын жан екен деп ойланбады. Қаптаған қара құрым қашқан халық, ... ... ... Халықтың босқынына қарағанда, Торғауыт қалың қолмен басқаны анық. Жалаңаш, жаяу-жалпы жылаған ел, Бiреудi болар емес бiреу танып. Осындай жұрттың сорын көргеннен соң, Мырқының бара жатыр iшi жанып. Ел қайда, жау қай жақта екендiгiн Ешкiмнен бiле алмай жүр әлi қанып. Жау менен елдiң жөнiн түсiндiрiп Мырқыға айтып жатыр бiр шал барып. Шал сөзiн тұсiндiрiп айтып жатыр, Тыңдап тұр Мырқы бұған құлақ салып. Шал айтты: – Жаным, балам, сөзiм тыңда, Ұқсап тұр порымдарың батыр ұлға. Дүниеге кәпiр қаптап келе жатса, Сен не қып қодырайып жүрсiң мұнда? Қазақты қалмақ қаптап қырып жатыр, Дейтұғын Шұбар шырыш деген құмда. Естiдiк «Қабанбайды байлады» деп, Сонан соң қазақ қашып шықты қырға. Қазақтың еркек кiндiк бәрi сонда, Сен де бар, көп кешiгiп тұрма мұнда. Қазақты ысылмаған қырып алмай, Басшысы бол барып, балам, қалың қолға. Дедi де, қолын жайып бата бердi: – Иә, Құда, мұсылманды өзiң оңда. Бетiне шал батасын қағып салып, Бұрқырап Мырқы батыр түстi жолға. Атына Мырқы батыр қамшы басты, Тауынан Қызыласу келiп асты. Бесiннен бiраз төмен түскен кезде Соғысып жүргендерге араласты. Ұрысып жүр қазақ қашып, қалмақ қуып, Қазақ та соғысып жүр белiн буып. Қыбырлап артқы жағы шаң боп кеткен, Көрiндi көптiгiнiң түсi суық. Қалмақтан жердiң жүзi көрiнбейдi, Көпшiлiк көргенi осы өзi туып. Ту тiгiп, екi жаққа майдан жасап, Ұрысып жатыр екен жеке шығып. Қалмақтан Дуду деген бiреу шығып, Барғанды тұрған екен қойдай қырып. Қазақтан қандай палуан барса-дағы, Шоқпармен жығады екен бiр-ақ ұрып. Қашпапты қандай батыр барса-дағы, Тұр екен бiр-бiр ұрып жерге жығып. «Кәпiрдiң мына лағин қорлығы-ай!» деп, Жүгiртiп Мырқы барды қаны қызып. Сап етiп Көксерекпен жетiп барып, Түсiрдi айбалтамен мойнын үзiп. Майданда қалмақтарға айғай салды, Мырқының мұнан әрi етi қызып. – Қалмақтар, бiр-екеуiң тағы келшi, Қылайын мұнан гөрi оны қызық. «Дудуды өлтiрген бұл неткен жан?» деп, Қалмақтар қарап тұрды көзiн сүзiп. Мырқыдан торғауыттар жасқанады, «Мынаның екен-ау, – деп, – түрi бұзық». Майданда Көксеректi ойнатады, Қалмаққа үлкен қайғы ойлатады. «Дуду өлдi, бiздi де өлтiредi» деп, Қалмақтың қорқып-ақ тұр бiр қатары. «Осыны барып жайғап келiңiз» деп, Қалмақтар шығарады Нарботаны. Нарбота келе жатыр таудай биiк, Дудудың өлгенiне iшi күйiп. Ашумен кеуiп кеткен екi өкпесi, Тырсылдап сауытына зорға сыйып. Сауыты, дулығасы, қалқаны бар, Көкпеңбек келе жатыр темiр киiп. Садақтың бәйенегi шаңырақтай, Келтiрген сұр мүйiзден зордан иiп. Ерауыз астындағы қоңыр бедеу, Құйрығын, жалын өрiп, қойған түйiп. Қылышы үш құлаштай көрiнедi, Кеткендей шөккен нарды бiр-ақ қиып. Төңкерген тай қазандай бастары бар, Қалыбы болар емес адам тиiп. Жiңiшкелеу қарағай найзасы бар, Қабағын келе жатыр қатты түйiп. Жасқанбай одан Мырқы тұрды қарап, Мұнда да қылыш, мылтық, қолда садақ. Мырқыны көргеннен соң дәу Нарбота Найзасын тап бередi жұлып алып. Шабынып Нарботаны жын ұрады, Найзамен неменемдi тындырады? Үйренген әдiсi едi жас күнiнен, Найзасын қағып қалып сындырады. Айрылып қолындағы найзасынан, Бұл жерде дәу Нарбота былжырады. – Бiр шауып, – ашуланып, – тастайын, – деп, Қылышын кәпiр лағин суырады. Қылады Мырқы айла мұны көрiп, Сап етiп бұрылғанша қайтып келiп. Қылышын ұстап жүрген ұңғыттың, Қарынан айбалтамен кеттi берiп. Жүзiмен айбалтаның ұрған екен, Кетiптi қолдың қарын екi бөлiп. – Қыларың мұнан басқа қалды ма? – деп, Ұстады жағасынан қайтып келiп. Мырқыны о да ұстады жағасынан, Тұрған жоқ бiр қол үшiн күшi кемiп. Екеуi ат үстiнен жағаласып, Ұстасты бiрiн-бiрi күшпен керiп. Екеуi жағаласып тартысқанда, Аттары жата қалды жерге шөгiп. Аттарын екеуi де тастай берiп, Алысты жағаласа түрегелiп. Орнынан қоңыр бедеу тұрмай қалды, Тартқанда кеткен екен мойны үзiлiп. Қайысып Көксерек ат зорға тұрды, Мойынын iшiне алып, тiзе бүгiп. Ғали мен Жанабiлдiң тартысындай, Тамаша көргендерге болды қызық. «Қайсысы екеуiнiң алады» деп, Екi жақ қарап тұрды көзiн сүзiп. Үйiрiп бiрiн-бiрi сiлтегенде, Кетедi аяқтары жердi мыжып. Алысты осы екеуi ет пiсiрiм, Алмақ боп бiрiн-бiрi бойы қызып. Бiр қолы Нарботаның кемшiл боп жүр, Әйтпесе сiлтеуiнiң түрi бұзық. Бас салып қанжарменен басын кестi, Бiр кезде Мырқы батыр алып ұрып. Бүркiттей қасқыр алған қылмаң қағып, Атына Мырқы тұрды мiнiп алып. Атына ызғытып тұр мiнiп алып, Дос-дұшпан қайран қалды тұрған халық. Сүйекке он торғауыт ат қояды, Өлгенiн Нарботаның көре салып. «Сүйегiн алдырмаймыз қалмақтың» деп, Ұрандап ат салдырды қазақ халық. Қазақтың бұл қылығын көргеннен соң, Қалмақты жын ұрып па қарап қалып? Майданда қазақ, қалмақ араласып, Ұмтылды найза, мылтық, садақ алып. Қалмақтың түгi қалмай келiп едi, «Қазақты аламыз» деп талаптанып. Өлiгiн Нарботаның алдырмады, Алдымен бұрын жетiп қазақ барып. Майданда араласты қазақ-қалмақ, Жеңiсiп бiрiн-бiрi болады алмақ. Кескен бас, өлгендердiң қисабы жоқ, Қап-қара күннiң көзiн басты шаңлақ. Бiр жағын бiрi қуып, қайта қашып, Толқындай толықсып жүр алмақ-салмақ. Көп екен батырлары жұрт болған соң, Өлтiрдi бiрiн-бiрi қолын қандап. Бiрi өлсе, бiрi артынан келiп жатыр, Таусылмас қырылғанмен он сан қалмақ. Қасқырдайын қойға тиген жалаң қағып, Майданды Мырқы батыр жүрдi шарлап. Ол жақтан Байынжығал, мұнан Мырқы, Бiр жерде кездеседi екi саңлақ. Екеуi тұра қалып жөн сұрасып, Өздерi кiм екенiн бiлiстi аңлап. Сөйледi Байынжығал сонда тұрып: – Ей, құрбы, сөздi тыңда, мойын бұрып. Бәрiмiз бiр тұқымдас бола тұрып, Шабыспақ болып тұрмыз Құдай ұрып. Мен жүрмiн қалмақтардың шотын шауып, Тұрады әр нәрсенi Құдай қылып. Сен болсаң анық Мырқы танысайық, Сөйлесiп оңашарақ, жеке шығып. «Бiр қастық жеке шықса қыла ма?» деп, Көңiлiңiз ойламасын былай бiлiп. Бiрiмiз бiрiмiзге оқ атармыз, Сөйлеспей жөн сұрасып, сипай ұрып. Қан төкпес қаны бiрге қарсыласып, Салмаса ажал айдап жүген-құрық. Сөзiмдi сөйлескен соң «сендiм» дерсiң, Иә, «аға», кiшi болсаң «iнiм» дерсiң. Атамыз кешегi өлген Бүшір құсап Өзiң-ақ өлiп кетсем кебiндейсiң. Оңаша шығып алып алыссам да, Қалыбың сен де менен жеңiлмейсiң? Жүр, батыр, оқшау шығып сөйлесейiк, Қорқатын бiр кiсiден көрiнбейсiң. Соны айтып, Мырқыны ертiп шықты шетке, Оңаша сөйлеспек боп бетпе-бетке. Мырқы онан қорқатұғын қалыбы жоқ, Болған соң «тәуекел» деп жекпе-жекке. Екеуi былай шығып, аттан түсiп, Сөйледi Байынжығал сөздi төте. Деп айтты Байынжиғал қуыстанып: – Қауiп қып отырмысың, батыреке, Ал, батыр, мен сөйлейiн, құлағың сал, Елi едi ер жiгiттiң құйрық пен жал. Бауырыңды өлтiретiн салтың екен, Ендеше мен де бауырың, қимылдап қал. Сол менiң әкем едi Бүшір дейтiн Өлтiрген өз қолыңмен дәу шұбар шал. Алжыған бiз секiлдi азғындарды, Егер сен жiгiт болсаң жөнiне сал. Бишаға қаны қызып жәрдем қылған, Бүшірдің саған қандай жазығы бар? Бүшірдің өлуiнiң жөнiн айтшы, Сенiмен сөйлесуге едiм құмар. Бүшірдің өлiгi жоқ табылмады, Көңiлiм сол сырыңды айтсаң тынар. Басы жоқ, iшiн жарған Шерден жатыр, Қырыпсың көп қалмақты ұмар-жұмар. Жасырмай, Мырқы батыр, шыныңды айтшы, Осы жерде жөнi келдi ердi сынар. Әйтеуiр күшi келсе өлтiретiн Жiгiттiң бiрiмiсiң қанға құмар. Сенiспей сыр жасырып, бүгiп қалған Жiгiттi ер Ғалидың әруағы ұрар. Қас қылмай, қанымызға жай жүрелiк, Егер де жiгiт болсаң сөзге тұрар. Менiң кiм екенiмдi байқа әуелi, Қазақтың жiгiт болсаң басын құрар. Бас салып, әлi жетсе алатұғын. Болмайды анық батыр көрсеқызар. Жерiңнiң қайрат қылар жөнiн таппай, Болғаның келiсе ме қазанбұзар. Бас кессiн, бауыр кетсiн, әкесi өлсiн, Жұмыстың ауырына ерлер шыдар. Ал, батыр, мұныңды айтып, маған ұқтыр, Әр iстi iстеп тұрған Құдай шығар. Бұл сөзге Мырқы тұрды құлақ салып, Жiгiттiң бар ниетiн байқады анық. Жiгiттiң бұл ниетiн қарағанда, Дұшпанға ұқсамайды мына қалып. Бишаға Бүшiр шалдың болысқаны Көңiлiне түсiп кеттi сонда барып. Өлгенi қалмақтардың бәрi де рас, Шерденнiң өзi кеткен iшiн жарып. – Оқиға айтқаныңның бәрi де рас, Бүшірді көмдiм, – дедi, – алып барып. Бiлмеген у да iшедi, қаза шығар, Сөйлесiп ол кiсiмен таныспадық. Басына қайтып барып бата оқуға Келмедi орайымыз шалыс қалып. Мен емес ол кiсiге қаза болды, Сен бұған қызбай-ақ қой намыстанып. Сөйлесiп ол кiсiмен жөн сұрауға Арамыз шаркез болды, алыс қалып. Достасып тұр екеумiз құшақтасып, Көңiлге мұндай iстi алыспалық. «Дос кешер орын кектi» деген сөз бар, Қастыққа мұнан былай барыспалық. Екеуi құшақтасты сонда тұрып, Қастаспай келiсуге уәде қылып. Ақылға кiрiспекшi болды бұлар, Екеуi бiр-бiрiне көңiлi тынып. «Қазақтың қалмақпенен қан боп жатқан, Соғысын тоқтатамыз қандай қылып?» Айтады мына сөздi Байынжығал: – Бiр ақыл ойлайық, – деп, – ендi бұған. Далада хан Шерденнiң өлгендiгi, Ойына қалмақтардың болған дықал. Аттанған торғауыттың бiрi қалмай, Өлсе де, бас тартпайды ендi бұған. Тағы өлдi қосымша боп Нарботасы, Басып тұр торғауытты қара тұман. Аттанған «ендi қайтып келмеймiз» деп, Дейтұғын «Шерден өлдi» айтып ұран. Бiреуi жүз кiсiге татитұғын, Бұлардың батыры көп сайыпқыран. Мұны бiз жөншiлiкпен қайтармаймыз, Сөйлессе жүйеге сап қайқаңдаймыз. Тағы өлдi Нарботасы қосымша боп, Бұған бiз жөндi жауап айта алмаймыз. Саны жоқ адам өлдi бұл соғыста, Ендi бiз бұл жұмыстан қайта алмаймыз. «Сегiз күн соғыспаймыз, дем аламыз» Деймiз де жұрт алдына байпаңдаймыз. Жиылсын оған дейiн қазақ түгел, Халыққа әр сөз айтып жалтаңдаймыз. Тағы қандай бейқұт болар екен, Хабар ап төңiректен аңыс аңлаймыз. Мен барып «қазақ көп» деп үркiтейiн, Қалмақпен қарсы тұрып шабыса алмаймыз. Қазақты қамданған ел қырып кетер, Қолма-қол көп жауменен қарыса алмаймыз. Қай шетте қандай батыр жүргендiгiн, Хабарсыз жүргеннен соң таныса алмаймыз. Кiмнiң жау, кiмнiң дұшпан екендiгiн Бiле алмай екi ортада ырсылдаймыз. Солай қып тоқтатамыз елдi басып, Сегiз күн дем аламыз тыңшы жатып. Астыртын хабарласып тұрысамыз, Жұмыстың болып жатқан жөнiн айтып. Екеумiз екi жақта хабар айтып, Осы жерден жолығалық кешке қайтып. Кешке кеп жолығайық оңашалап, Халықты басқаннан соң арашалап. Кешке кеп асығыссыз сөйлесейiк, Отырып, ала келiп iшiп тамақ. Берейiн достық үшiн сауытымды, Мырқыжан, көршi, – дедi, – киіп қарап. Сауытын тыр жалаңаш шешiнедi, Достыққа көңiлi жұмсап есiледi. Мырқы алып ақ сауытын киiп алып, Ағарды екеуiнiң көкiрегi. Өзiнiң сауытынан тесiк шығып, Әр жерi тозыңқырап кетiп едi. Мұныкi алты қабат жаңа сауыт, Кеудесiн болаттаған күмiс шауып. Сауытын үстiндегi шешiп бердi, Бұл емес дүниеден қылған қауiп. Алмасын белiндегi тағы бердi. – Мен тағы алармын, – деп, – бiрiн тауып. Кешке кел осы араға, – дедi-дағы, Мiнiп ап тұлпарына кеттi шауып. Мырқы да қазаққа кеп араласты, Соғысты тоқтатпаққа көңiлi ауып. Адамның өлiп жатқан қисабы жоқ, Садақтың зырылдап тұр оғы жауып. «Бiтiстiк, соғысты ендi қойыңдар» деп, Сөйлестi батырлармен ығын тауып. Халық жұр қан майданда араласып, Өлтiрiп бiр-бiрiнiң қанын шашып. Ол жақты Байынжығал аралап жүр: – Соғысты қойыңдар, – деп, – жұртты басып. Екеуi екi жақтан «қой» деген соң, Бөлiндi екi халық ажырасып. Соғысты тоқтатады, туын жиып: – Қойды, – деп, – соғыс не ғып Құдай иiп? «Бiр-бiрiн алдап жүрiп алмасын» деп, Жерлерге кiсi қойды биiк-биiк. Бiр-бiрлеп қазақ, қалмақ жабдықсыз кеп, Танысып өлiктерiн алды жиып. Тiптi көп iштерiнде жаралы адам, Қан болған үстi-басы найза тиiп. Әр жерде шоғырланып жүрген әскер, Найзасын басын тартып, қолына iлiп. Өлi ме келген әскер, тiрi жүр ме, Мәнiсiн болар емес адам бiлiп. Кеш болып жұрт басылып, қалды жатып, Ұқтырды Мырқы сөздiң жөнiн айтып. – Келгенше жұрт жиылып, әдiсi үшiн, Осындай ойладық, – деп, – үлгi тәртiп. Сегiз күн қамсыз болмай, дем алыңдар, Қарауыл қатты қойып, тыңшы жатып. Баяғы уәделескен орнына Кезiнде түн ортасы келдi қайтып. Кеш келдi алданумен Мырқы батыр, Халықты зорға басып апыр-топыр. Тұлпарын келiп көрсе байлап қойып, Қауiпсiз Байынжығал ұйықтап жатыр. Қасына тұсiп жатыр бұл да келiп, Ойлайды: «Қамсыз-ау, – деп, – мұны көрiп. Бұл қамсыз жатпас едi мұндай болып, Жатқан ғой, – деп ойлады, – маған сенiп. Азырақ сөйлескенше ұйықтасын» деп, Екi атты қайтып келдi қоя берiп. – Тұрғын, – деп, келiп, тұртiп оятса да, Былқылдап оянбайды көңiл бөлiп. Қаттырақ «тұрсаңшы» деп жұлқып едi, Жағадан ала кеттi тұра келiп. Айқайлап үстi-үстiне ақырады, Бiлмеймiн бiткен екен қандай желiк. Әр жерден далбасалап бiр ұстайды, Тұрған жоқ ерегiсiп күшке келiп. Ойбайлап үстi-үстiне ақырады, Мойны былқылдап жерге төнiп. Тас қылып екi көзiн жұмып алған, Аузынан ағып кеткен қанды көбiк. «Бар екен қояншығы» деп ойлады, Iсiнiң қылып жұрген түрiн көрiп. Мырқының қанжарына жабысып жүр: – Маған бер, кетемiн, – деп, – қазiр өлiп. Өзiне далбасалап салатұғын, Мырқыны жын ұрып па оған берiп? Қанжарды тартып алып, ол лақтырды, Өлетiн қоя берсе өзiне ерiк. Белiнен құшақтап ап айрылмайды, Шашылып шапан, жабдық, қалды бөрiк. Болмайды «қой» десе де өкiрiп жүр, Кетедi онан әрi өрбiп-өрбiп. Сонымен жағаласып жүрген кезде Қырық кiсi түсе қалды қалмақ келiп. Қырық кiсi бiлмей қапты жетiп келген, Жабысып айрылмай жүр анау белден. Мырқыны жабылып кеп байлап алды, Қолына кiсен салып екi жерден. Тас байлап қол-аяғын алып кеттi: – Мiнеки, тiрiлдi, – деп, – өлген Шерден. Артынан ең болмаса қуатұғын Қазақтың бiрi де жоқ мұны көрген. Түсiрген қолдарына батырлардың Үстiне Мырқыны да алып келген. Қараса Қабанбай мен сонда жатыр Баяғы шептi бұзған Сұртай мерген. Үшеуiн Шәуешекке жiбердi Сенiмдi қажымайтын бес жүз ермен. Байлаған бәрiн-дағы Байынжығал, Алданып бәрi соның тiлiне ерген. Дәулеттiң бес қасқыры барған екен, Үш жүздей кiсi жиып алған екен. Кездесiп Кербұлақтың бауырында, Бұлар да талай қырғын салған екен. Дос болып Байынжығал бұған-дағы Алданып сұмырайға қалған екен. «Шiркiн-ай, асып күшi алмады-ау» деп, Мұның да iшi толған арман екен. Бұл өзi талайларды ұтқан екен, Бiр залым амалы көп дұшпан екен. Ақылы қайраты мен бiрдей келiп, Мойны озып торғауыттан шыққан екен. Адамды көз алдында алдайтұғын, Кәдiмгi жердi құртқан мыстан екен. Ор қазып Қабанбайдың атын айтып, Оны да қапылыста жыққан екен. Қазақтың «туыспын» десе бас беретiн, Аңқаулық сыр мiнезiн ұққан екен. Қалмақ тұр үш батырды байлап алып, Кiсендеп қолы-аяғын жайлап алып. Әңгiме осы арада бес бөлiнiп, Аяғы бара жатыр майдаланып. Мырқының жалғыз өзiн қуып кеттiк, Шорасы, Қабылан биi жайға алып. Шолақ тiл сөздiң басын құрай алмай, Үш жерде дағдарып тұр ойға қалып. Қайтсең де, осы сөздi жинақтайсың, Сен мұнан құтыласың қайда барып? Сен едiң ежелден-ақ мылжың Әшiм, Сен ендi қыз болмайсың байға барып. Болмаса сөйлейтұғын жалғыз тiлiң, Денеңде затың бар ма бiр жарарлық? Жақпасаң өстiп-өстiп әңгiме айтып, Халыққа сұрың бар ма бiр қарарлық? Басқасы аман жүр ғой қоя тұрып, Кеңесiн үшеуiнiң аз қозғайық. Алып әзiр ердiң бағын тайталаста, Түбiнде шығады ғой озғаны алып. Бұларды алып жүрдi Шәуешекке, Апарып хандарына сый етпекке. Батырлар «барсакелмес» жолға түсiп, Сыйынып бара жатыр құдiретке. Ала ауыз ел батыры қолға түстi, Бiрiкпей бет-бетiмен жүрiп шетте. Түйеге мiнгiзiп ап жетеледi, Айдаған төрт-бес адам оны көтке. Қылышын жалаңаштап қолына ұстап, Басқасы айланып жүр төңiректе. Сау болса, қол-аяғы кiсендеусiз, Бiрi де келмес едi бетпе-бетке. Бұларды осындай қып келедi айдап, Кiсендеп қол-аяғын мықтап байлап. Үш елдiң үшеуi де арыстаны, Амалсыз келе жатыр көзi жайнап. Ойында үшеуiнiң дәнеме жоқ, Ақырып ән салады құстай сайрап. Әр түрлi бұлар әнге сап келедi, Қалмаққа жақындаса тап бередi. Кiсiден кiсендеулi сасып, Қалмақтар қорыққанынан жалт бередi. Кiжiнсе «тамақ бер» деп ашуланып, Тамағын дайындаған ап бередi. Қалмайды айқайласа есi-түсi, Әйтеуiр үрейленiп ап келедi. Батырлар не боп шығар келешекте, Тұра алмас пенде қарсы келешекке. Бастарын қазақ болып құрай алмай Мiндi терiс айланып керi есекке. Бос болса үшеуiнiң қол-аяғы, Мың қарға нетер едi бiр кесекке? Сақтанып қоршалап бес жүз адам, Бұларды алып келдi Шәуешекке. Алып кеп өткiзедi хандарына, Қамалап қалың әскер жан-жағына. Тоқсан сан торғауыттың падишасы Ап келдi Мiнсайынның алдарына. Мiнсайын көрдi мұның порымдарын, Құрметпен сыйлап жатыр құлдың бәрiн. Бұларды күшi жетiп адам алмас, Байқады алдауменен соғылғанын. Мiнсайын өлтiруге қимай отыр, Бұлар да байқап отыр оның бәрiн. Бiр түрме солақ деген жасаттырып, Дайындап қойған екен орындарын. Алғысты батырына көп айтады, – Қалай қып ұстады, – деп, – оның бәрiн? Арыстан Байынжығал түлкi, – дейдi, Дұшпанға болған емес күлкi, – дейдi. Бұларды Байынжығал байлағанда, Қазақтың қайда тұрды жұрты? – дейдi. Қалайша қара басып қолға түскен, Бәрiнiң тұтас екен сырты, – дейдi. Батырға Байынжығал жәрдем болып, Қолма-қол болысқан ғой Мырқы, – дейдi. Апарып жеке-жеке солаққа сап, Аузына салыңыздар құлпы, – дейдi. Өлтiрген Нарбота мен ер Шердендi Осының бар ма iшiнде Мырқы, – дейдi. – Қайтесiң? – Мырқы сонда, – Менмiн, –дейдi, Әкеңе мен керек болсам келдiм, – дейдi. Өлтiрiп екi албасты дәу басыңды, Жазасын мына қолмен бердiм, – дейдi. Сенi де тағы өлтiрiп ойрандауға Әдейi осылайша келдiм, – дейдi. Жатпасын асыл кездiк қап бұрышында, Асықпай тамашамды көргiн, – дейдi. Қалмаққа қандай сойқан саларымды Жалғыз-ақ Құдай бiлер, ел бiлмейдi. «Қазақтың үш батырын ұстайын» деп, Танауы сендей иттiң желбiрейдi. Танысқын әкең – Қабан мына отырған, Дүниенi Рүстемдей көзге iлмейдi. Атаған атын тура «Қабанбай» деп, Дүниеде тiрi болып көп жүрмейдi. Әкеңiз мына отырған Сұртай деген, Бұл-дағы «қалмақ» десе тек жүрмейдi. Тайланды осы өлтiрген басын кесiп, Байлаған қанжығаға ернiн тесiп. Орбалақ, Құлан, Шумай батырыңды Киiмiн, басын кесiп алған шешiп. Қалмақтар үшеуiне таң қалады, «Қайтпайтын бұл не деген батыр» десiп. Мiнсайын риза болды мұны көрiп, Мырқының айтқанына ұрты кеуiп. Риза боп ашуланып ақырады, Өзiнше қылмыстыға жаза берiп. – Апарып қазiр бәрiн солаққа сал, Үшеуiн бiрiктiрмей үшке бөлiп. Аш жатсын он бес күндей есеңгiреп, Бiреуiң жүрмеңiздер тамақ берiп. Аштыққа он бес күндiк шыдамаса, Қорлықпен өз-өзiнен қалсын өлiп. Отырған адырайып мырзаларды, Сонан соң сөйлесермiз алып келiп. Бұларды салды алып барып солағына, Айнала кұзет қойған торабына. Шақырған тағдыр болып мехнаттың Батырлар келiп отыр қонағына. Әлi әзiр дүние бiр қолдан кеттi, Түбiнде шығар екен қай жағына? Қатарлап еткен екен бөлiм-бөлiм, Тақтайдан есiктерi сары желiм. Он бес күн аш жатқан соң дем алмай, Кетедi келмей қайда бұған өлiм? Кiсенде қол-аяғы және тағы, Жайнатты батырлардың сүйтiп көзiн. Солай қып батырларды қоя тұрып, Сөйлемек Әшiм тағы басқа сөзiн. Бiр жерге сөздiң басын құрай алмай, Құдайым сандалтты ғой мұның өзiн. Бұл сөздi менен бұрын жазған кiсi Кетiптi етiп тастап телiм-телiм. Байсейiт жазған осылай деп, Бiлмеймiн оның менен артық-кемiн. Шегi жоқ бұл жұмыстың болғаны анық, Байқасақ тарихтардан көрiп жөнiн. Бос сөздi арасына кiрiстiрмей, Өзiне кiрiсейiк әңгiменiң. Бос өздi iшiндегi алып тастап, Сөйлейiк әңгiменiң болған жерiн. Бұл iстiң жөнi қашты ыңғайының, Жiгiтке пайдасы жоқ уайымның. Қалмаққа өлсе бұлар басын имес, Қайтерiн өзi бiлсiн Құдайымның. Есiттi үш батырды мақтағанын, Бар едi жалғыз қызы Мiнсайынның. Есiтiп батырлардың порымдарын, Iшiне түсiк түстi Күлайымның. Күлайым өзi сұлу, он жетiде, Көрген жан таң қаларлық келбетiне. Сарайда қырық қызбенен бағылады, Падишалық атасының дәулетiне. Жарқырап он төртiншi туған айдай, Сарайдың сайраңдап жүр сәулесiнде. Есiтiп батырларды ғашық болып, Бiр басын ыңғайланды әуре етуге. Есiттi Сұртайды да, Мырқыны да, Жүрегi жақындап тұр ынтығуға. Әр ойды ханның қызы ойлап отыр, Жақсылық қолдан келсе бiр қылуға. Бар едi бiр қанжары тығып жүрген, Кесетiн кiсендi де, құлпын да. «Шығарсам бұл үшеуiн, – тағы ойлайды, – Зиян сап жүре ме, – деп, – жұртымызға? Қасқырдың баласындай терiс айланып, Көнбейдi-ау жоғарақта ырқымызға». Ойлайды: «Түнде барып көрейiн, – деп, Сөйлесiп көрейiн бiр мерейiн, – деп. Он бiр күн бүгiн тамақ iшпегелi, Өзi де қалған шығар өлейiн, – деп. Пiсiрiп қазы-қарта тағы алып жүрдi, Апарып тамақтансын берейiн, – деп. Апарып қанжарымды тағы берiп, Ақысын ерлiгiнiң төлейiн» – деп. Келiстi түнде барып қарауылмен, «Ұстаған тұтқындарды көрейiн», – деп. Деп айтты қарауылға: – Ешкiмге айтпа, Қарап тұр, есiктi ашып, сыртты бақ та. «Келдi, – деп, – хан қызы тұтқындарға» Аузыңнан шығармағын жақын-жатқа. Азырақ көп сөйлессем кешiгермiн, Шыққанша күтiп тұрғын мен қай уақытта. Жүрем деп онда тiрi ойламағын, Қондырсаң сырды бүкпей жаманатқа. Беремiн саған ертең бес жүз тiллә, Көңiлiңе бұл уәденi мекем сақта. Жiберсем тамақ берiп ептеп-ептеп Берiп тұр осындағы үш қазаққа. Салқындат анда-санда есiк ашып, Адам-ды ол да сендей салма азапқа. Сүйтiп қыз үйге кiрдi есiк ашып, Көрмек боп батырларды көңлi тасып. Есiктiң сырт жағында тыңдап тұрса, Ақырып Сұртай жатыр әнге басып. Дауысын өлеңi мен естiген соң, Көрмей-ақ Күлайым қыз болды ғашық. Денесi Кұлән қыздың қалтырап тұр, «Құдай-а, қыла көр, – деп, – маған нәсiп. Он бiр күн бүгiн тамақ iшпегелi, Мұндай боп жатпас едi болса жасық». Өлеңнiң ортасына келген кезде Күлайым кiрiп келдi амандасып. Ән салып шалқасынан сұлап жатыр, Жiгiт жоқ қауiп қылған қыздан сасып. Қызбен де, дүниемен де жұмысы жоқ, Сұртайдың сөзi мынау айтқан жатып. Құбылтып, түрлендiрiп ән салады, Кiсiнi өлiп жатқан таңырқатып. Кiсенде қол-аяғы, мойны бұғау, Жатқан жоқ па бұған көңiлiн жабырқатып. Өлең мен салған әнге бойы балқып, Күлән қыз майысып тұр көзiн сатып. Тұрмыстың соққысына ыза боп тұр, «Ерлердiң қойғанын, – деп, – басын шатып. Жолыңда мен де сенiң өлермiн» – деп, Бұл сурет Күлән қызға кеттi батып. Салған жоқ әлi көзiн осы қызға, Ән салып, соғып жатыр өлең айтып. Былқылдап қыздың босап тұла бойы, Жылап тұр көзден жасын домалатып. Тұрғанда осы қыз кеп осы араға, Сұртай жатыр едi мынаны айтып: – Құдай-а, жаратып ең жоқтан бар қып, Адамша сурет берiп, тiрi жан қып. Ақылсыз ақымақ қып жаратқан соң, Құдай-а, тiрi қойдың несiн жан қып? Ақылсыз мен секiлдi ақымақты, Мiнеки, ұстап алды дұшпан аңлып. Қалмаққа қалған жанды қарыштармын, Барғанша елге қайтып иттей қаңғып. Тоқтай тұр, бәлем, қалмақ, ойрандармын, Қалаңның қақ ортасын тозаң-шаң қып. Бауырыңды таспадай қып тiлгiлермiн, Қалаңа майдан құрып қызыл қан қып. Күресiп, жағаласып, күш сынаспай, Бiр иттiң алдауына түстiм алжып. Шабысып, жағаласып алған болса, Дер едiм: «Мiне, жiгiт, күшi барлық!» Бәрiмiз алдауменен қолға түсiп, Бiр қорлық жұмыс болды қысыларлық. Осы жерден аман-есен тiрi шығып, Майданда күн болар ма күш сынарлық? Егерде мен жасық туған жан болмасам, Бiр қайрат уақыт жеттi iс қыларлық. Бұл iстiң ер жiгiтке бәрi қызық, Ән салмақ, өлең айтпақ, шаһыбаздық. Келген қыз, жөнiңдi айт, ұқтырсаңшы, Қалмаққа Құдайың мен неден жаздық? Тоқтады да басын көтерiп, қызға қарады. Сонда қыз Сұртайдың қасына келiп, Сұртайға бастан-аяқ өзiнiң жайын айтып, өзiнiң уақиғасын түсiндiрдi. Және көңiлiндегi мақсаттарын айтты да, қыз алып келген тамақтары мен арнаған болат қанжарын бердi. Сұртай да қыздың бұл арнап келген мақсаттарын терiс көрген жоқ. Екеуiнiң де көздерi көздерiне түскенде, көз жанарлары алтынның буындай араласып, буы жүректерiн ұрып тұрды. Жұмыс асығыс. Таң жақын қалды. Қыз үйiне қайтты. Бiрақ: – Ыңғайын тапсам, бүрсiгүнi келермiн. Сiздер менен хабар болғанша, бүлдiрмей қоя тұрыңыздар. «Айласыз батыр шошқаға шабады» деген ғой. Бұлар қанша айтқанмен падишалы халық қой. Қанша сiздер батыр болғанмен, «сауыт- саймансыз, жарақсыз, тұлпарсыз ердiң бағы болмайды» деген ғой. Бұл жайында жасырын бiр-екi күн тiрлiк қылуымыз керек болады. Бұл жайында тағы ақылдасып көрермiз», – деп қыз үйiне кетiп қалды. Аздан соң қасындағы қатар есiк шарт етiп сынғандай болды. Онымен тұрған жоқ. Айтып ауыз жиғанша Сұртайдың есiгiнiң құлпы бұзылып, есiгi ашылып, Мырқы кiрiп келдi. Екi қолы шиедей қан болып кеткен екен, терiсi жалбырап тұр. Қолындағы кiсенiн сындырамын дегенде, зор келiп, еттерiн буып кеткен екен. Сүйегi аман, бiрақ етiн жаман бүлдiрiп тастапты. Кiсеннiң кiлттi басы бiр қолында жүр екен. Жарымын сындырып бөлiп тастапты. Кiрiп келiп: – Батыр, сен не ойлап жатырсың? Байлап қойса, жата беретiн бiз қалмақтардың бұзауымыз ба? – дедi. Сұртай: – Әй, ағай, ашуың жаман-ау! Ойлағаным рас екен. «Сүренге жаны ашымаған адам ашуы келсе, өзiне жаны ашымас» деп ойлаған едiм. Шынында сол ой дұрыс екен. Қолыңды бүлдiрiп тастапсыз ғой. Ол қолдың мына дұшпандарға керегi болмай ма? – деп Сұртай айтқанда қолына қарап, сонда көрiп: – Ештеңе етпейдi, – деп жалбыраған терiсiн орнына жапсырып қойды да, Сұртайға қарап күлiп қойды. Сүйтiп тұрғанда үйдiң керегесiнен бiр кiрпiш сүрiлдi. Қарап қалса, Қабекең тесiп шыға келдi. Ол кiсiнiң де қол кiсенi сынып, бiр басы қалған екен. Бiрақ бұл кiсiнiң қолы ондай жара болған жоқ екен. Ендi бұлар бас қосып, баяғы тамақтарды жеп, кiсеннiң қалдықтарын қыз берген қанжарменен кесiп тастап, қолдары босанып, ендi бұлар ақылға келе бастады, «ендiгi жағдай қалай болар екен» деп. Ызалы жұрттың бет алысы мынау едi. Бастарын қосып бiр жерге, Отырды бұлар жиылып. Тәуекелшiл қанды көз, Бiр Аллаға сыйынып. Қазы мен қарта жеп отыр, Қисынсыз жерден бұйырып. Ашыққан бүркiт секiлдi, Алыстан келген түйiлiп. Кiсенi мен түрмесiн Талқандады бүлдiрiп, Жүрмесе бiреу түйiнiп. Бiр сұлу қыз кеп кеттi, Қасы-көзi қиылып. «Сұлу қыз» екен деседi, Жарап жүрген бурадай Мұрындарын шиырып. Қару менен ат тапса, Торғауытты қырмақшы, Тiзе қосып иiрiп. Қыларында күмән жоқ, Жабдық алып қолына, Аттанып шықса киiнiп. Жалғыз-жалғыз жүргенде, Өлiгi қалған қалмақтың Айдалада үйiлiп. Қайтпайтын бәрi мұзбалақ, Кесiлiп басы қалса да, Қалмаққа бармас иiлiп. Сауыттарын бермеген, Ұстағанда қалмақтар, Жағасын iшке жымырып. Қылыш пен қанжар, найзасын Үлесiп кеткен олжалап, Тоқталмай-ақ кiдiрiп. Ақыры мұның не болмақ, Өзiнен-өзi бiр түнде Солағы қалды бүлiнiп. Бүлiнгенiн көрмей ме, Күзетшiнiң байқастап, Бiреуi көрсе бiр кiрiп. «Бүлiндi сүйтiп солақ» деп, Халқына хабар бермей ме, Ойбайын салып жүгiрiп? Бақыты бастан қашқанда, Қысылып жаудан сасқанда, Жығылар тұлпар сүрiнiп. Жазым боп, қаста жарар едi, Жүрмесе бiр пәлеге iлiнiп. Қыздан хабар алмаққа, Көзiн салып жан-жаққа, Тоқтады бүгiн кiдiрiп. Бүлiнген жерiн түрлеттi, Үшеуi қатар бiр жүрiп. Орнына салып сынығын, Iлiндiрiп қояды, «Жатыр, – деп, – мұны кiм бiлiп». Сонымен бұлар қосылып, Кешке шейiн жатады. Қыз ап келген тамақтың Бұйырғанын татады. Ап келген екен мол қылып Қазы менен қартаны. Отырған соң ерiгiп, Ендi бұлар бал ашып, Келешектi байқады. Құмалақ салып, бал тартып, Қабанбай бүй деп айтады. Қасиеттi кiсi екен, Перiсi бар арқалы. – Бейшара қыз бiз үшiн, Талай қорлық тартады. Өзiне дұшпан болмақшы Ағайын, туған алқабы. Ел-жұртына қарамай, Бiзбенен бiрге ерлiк қып, Қосыла жапа тартады. Екi-үш күннiң iшiнде, Жәрдем берсе Жасаған, Бүлiнедi хан тағы. Тұлпар мiнгiң келе ме, Сұртай батыр, бүлкiлдеп, Иығың неге тартады? Тұлпар мiнiп, ту алып, Кигiң келiп отыр ма Қырмызы қызыл қамқаны? Таң болып Сұртай күледi: – Етiмнiң менiң тартқанын Бұл кiсi қайдан байқады? Санасыз күлiп отыр бұлар өзi, Батырдың соқыр деген екi көзi. Бұларды осы араға тастай берiп, Араға кiргелi отыр қыздың сөзi. Қыз кеттi, тамақ берiп, үйге қайтып, Сұртайдың байқады қыз сөзiн тартып. Сұртай да адамзаттың сұлуы едi, Жiгiттiң талайынан порымы артық. Сұртайды көргеннен соң ғашық болып, Жылайды көзден жасын домалатып. Осы қыз әрбiр ойды ойлап отыр: «Ұйықтайын үйге келiп, тыныш жатып». Жiгiттi көремiн деп ғашық болып, Қайғыны өз басына үйдi сатып. Сәулесi жас өмiрдiң қыздырып тұр, Бұл болды-ау көлге ғашық басын шатып. Сұртайдың өлеңi мен түр-сипаты Көңiлiнде сыналды таңырқатып. «Жас өмiр қызығы жоқ не керек?» деп, Көңiлiн мұңайтады жабырқатып. Ойлайды: «Бұған бiр iс қылайын, – деп, Ақылды бытыратпай құрайын, – деп. Босатып сол батырдың үшеуiн де, Қайратын азаматтың сынайын, – деп. Соларға себеп болып жәрдемдесiп, Көңiлiмдi шамам келсе бұрайын, – деп. Менсiз де қапта жатпас асыл құрыш, Өзi де тұрған көз ғой шығайын, – деп. Үш қылыш үшеуiне төрт ат берiп, Артынан тiлеулес боп тұрайын, – деп. Ойының осы ойлаған қамын қылды, «Оңына келтiре көр, Құдайым», – деп. Төрт қылыш дайындады асыл алмас, Қыздың бiр талабы едi қылған алғаш. «Нұр жауар талапты ерге» деген сөз бар, Азамат талап қылған құры қалмас. Төрт қанжар төртеуiне дайындады, «Қару қып қояйын, – деп, – оған жалғас». Толтырып төрт қоржынға ас пiсiрдi, Жал-жая, қазы-қарта, құйрық-жамбас. Төрт атты ер-тоқымды дайындады, Маңына бәрi тұлпар адам бармас. Бәрi де бағудағы тұлпар аттар Жортуыл, шабуылда биттей талмас. Астына төртеуiнiң бұлар тисе, Бұларды жуықарақта жау ала алмас. Үш жiбек шапан тағы дайындады, «Тұтқында отыр ғой, – деп, – жап-жалаңаш». «Қызылда қыздың көзi» деген сөз бар, Әртүрлi алтын, гауһар алады тас. «Қыз – дұшпан, кетесi жау» деген осы, Өзiнiң халқыменен болады қас. Өзiнiң өскен жерiн қия алмастан, Көзiнен қан аралас төгедi жас. «Солардан артықпын ба, бiрге өлейiн» Дейдi де тәуекелге байлады бас. Байталдай өз баласын сататұғын Қазаққа қалмақ пенен атамұрас. Жабығып «қызбын ғой» деп отырғанмен, Түбiнде бiр қайғының болуы рас. Әркiмнiң өз заманы өзiне олжа, Деген ғой «қатарыңмен бiрге жылас». Тиiп ап бiр жаманға «бұйырды» деп, Қалмайын бақытсыз мен тәнiмдi алас. Не өлдiм, не жетемiн мұратыма, Тәуекел құдiретiңе создым құлаш. Қыз отыр сол пiкiрмен дайындалып, Бiтiрiп бар жұмысын қайымдалып. Төрт атты ер-тоқымды байлап қойып, Бiлмекшi батырлардың жайын барып. Жиылып кеш батқан соң келдi жүрiп, Еркекше киiм киiп, шашын түйiп. Өзi де адамзаттың сындарлысы, Көргендер «екен, – дейтiн, – бір кермиық». Iшiнен ақ семсерiн байланып ап, Жымиып батырларға келдi кiрiп. Келдi де Қабанбайға сәлем қылды, Қусырып екi қолын, басын иiп. – Келiнжан, жоғары шық, рахмет, – деп, Мұртынан Мырқы батыр тұрды күлiп. Төрт жендет қыз артынан кiрiп келiп, Ұстады кiрiп жүрген қызды бiлiп. Қолынан қыздың келiп ұстап едi, Өлтiрдi өкпесiнен қанжар сұғып. Қозғалтпай ана үшеуiн жайғастырды, Орнынан Мырқы, Сұртай қарғып тұрып. Артынан тағы он шақты қарауыл кеп, Iшiнде абақтының болды бүлiк. Кiргеннiң баршасын да жайғастырып, Төртеуi қол ұстасып кеттi шығып. Аттарға даяр қылып байлап қойған Қыз бастап жiтi басып келдi жүрiп. Киiнiп абыр-сабыр сайманданып, Атына төртеуi де алды мiнiп. Қоржынды қанжығаға мықтап байлап, Шаһардан бұлар сыртқа кеттi шығып. Қарауыл бұларды ұстап ала алмады, Қалғаны есi шығып алаңдады. «Солақты бұзып қашты қазақтар» деп, Бiр кiсi Мiнсайынға хабарлады. Мiнсайын мұны естiп, жаман сасып, Шаптырды төңiрекке шабарманды. «Шаһардың сырт жағына күзет қой» деп, Бұйырды шақырып ап Базарбайды. Шақырып әскер басшы Құлияшты, Бұйырды: – Жинағын, – деп, – тiрi жанды. «Қызың жоқ, төрт тұлпар жоқ» деген хабар Тағы да бiр жағынан келiп қалды. «Бұл жұмыс өз қызымнан болыпты» деп, Iшiнен Мiнсайын хан сезiк алды. Мiнсайын бұл жұмысқа ашуланды, Жинады түн iшiнде барша жанды. Қаптатып құмырсқадай көп халықты, Бұйырды: – Ұстаңдар, – деп, – қашқандарды. Қашқандар ұстата ма, ұстатпай ма, Бiр Алла өзi бiлер жоқ пен барды. «Қазақпен ханның қызы қашыпты» деген Көңiлiне ауыр көрiп мынау арды. Түрменiң хан қызына кiлтiн берген Дейтұғын батыр Самақ сорлы бар-ды. «Кiлт берген менi тiрi қоймас-ты» деп, Артынан төртеуiнiң бұ да барды. Айтпай тұр ешкiмге ашып бiлетұғын Осындай оқиғаны болған халдi. Өнерпаз, ақылы көп батыр едi, Есеп қып ескермейтiн жоқ пен барды. «Патшаның өз қызынан артықпын ба, Көрмей-ақ қояйын, – деп, – мен де ханды». Бұл келiп, ендi бұлар бесеу болды, Аттанып, жабдықтанып, көңiлi толды. Шәрiден бұлар шығып, соған кiрдi, Бар едi жақын жерде қалың орман. Орманға бұлар кiрiп, қарап тұрса, Келедi әскер қаптап оң мен солдан. Бұлар да дайындалып, қамданып тұр, Ойы жоқ тартынатын осы жолдан. Қабанбай дедi сонда: – Екi бала, Екеуiң адыраймай маған қара. Кiрелiк жау келгенде қатар тұрып, Кетпеңдер бет-бетiңмен дара-дара. Бiрiңдi-бiрiң сақтап қорғамасаң, Бетiңе жеке жүрсең түсер жара. Күлән қыз Самақпенен ысылмаған, Байқастап көбiнесе соған қара. Сiздерге Күлән қызды тапсырамын, Бiр мiндет қызметiм екеуара. Ең алғаш қолдарыңа садақ түсiр, Сонан соң оңалармыз бара-бара. Найзаға алданбаңдар жабдық емес, Найзамен ете алмайды ешкiм егес. Найзалы айбалтамен кездескенде, Найзалы айбалтаның ақын жемес. Тигiзгенде денесiне қылыш, найза, Ол өзi жiгiт те емес, батыр да емес. Сөйлесiп соғысқанда бiреуменен, Мылжыңдап құрмаңыздар қатын кеңес. Сонан сақтаңыздар аттарыңды, Ат өлсе сындырады бақтарыңды. Бiрiңе шапқан жауды бiрiң қағып, Түзетiп жүрiңiздер саптарыңды. Дегендей «сен ананы, мен мынаны» Ежелгi ұмытпаңдар шарттарыңды. Бiреуiң бiреуiңнен озып кетпей, Түзетiп жүрiңiздер саптарыңды. Ерлiк қып көпшiлiкке шыға шауып, Бұзып ап жүрмеңiздер қалыптарыңды. Жауменен алданам деп қызып жүрiп, Байқаусыз тастамаңдар арттарыңды. Жының бар, Мырқы, сенiң жеке кетер, Қаупiң жоқ жаудан қорқып секең етер. Қаша ұрыс салу керек көпке, Шаппай алғырлық жасай берме өте бекер. Бiреуге жылмаңдаған ыза болып, Жының бар ерегiсiп төте кетер. Барыңды, Сұртай, сен де қарыштарсың, Садақты уағың болды еселетер. Сен-дағы ендi артыңа сақ болып жүр, Мастанбай «пәлi, батыр» есе бекер. Жиырмаға сенiң-дағы жасың жеттi, Аз-көптi уағың болды есеп етер. Деп бұлар осыны айтып, Мырқыға өте берiп көзi түсіп, Қарады тiкiрейiп бiр айланып: – Тоқтамай ендi сендер, кеш батты ғой, Мына бiр жатыңыздар тауға барып. Жiгiтке мұндай нәрсе нетер дейсiң, Барарсың ет қызумен демiңдi алып. Тоқтамай Мырқы кеттi тауға қарап, Сұртай жүр қуғандардың алдын орап. Қабанбай бiр бөлектi шаң қылып жүр, Қасына бара алмайды адам жанап. Жабылған Қабанбайға жүздей кiсi, Бiр өзiн соғысып жүр көпке балап. Қыз да жүр Қабанбайға жәрдемдесiп, Көңiлiнде бейшараның таудай талап. Кеш батты сүйтiп жүрiп ымырт болып, Басылды абыр-дабыр жым-жырт болып. Мырқының аман-жаман екендiгi Бұлардың көңiлiне тұр күңгiрт болып. Қосылды Қабанбай мен Мырқы бала Түсiптi қыз байғұста екi жара. Аты өлiп қыздың тағы жаяу қапты Құданың құдiретi мұны қара. Алдына қызды Сұртай мiнгестiрдi, Бiр атқа мiнгеседi екеуара. Тау жаққа Мырқы кеткен келе жатыр, «Көрiнiп қалмасын,– деп, – кiсi қара». Қабанбай дедi: – Сұртай, Мырқы қайда, Жүр екен ол екеуi қандай жайда? Сұртай айтты: – Олар көп ұзамайды, Күтiп жүрген шығар мына сайда. Самаққа жалғыз өзi шабамын деп, Көрдi ғой ерлiгiнен бiраз пайда. Самаққа еңбек қылған мал болмас-ты, Кесiр ғой жаман жолдас осындайда. Бағана қалмақтардан бұлар қашқан, Жабыла оған қалмақ садақ атқан. Тұлпардың әрбiр жерге қарны түсiп, Салбырап iшек-қарны бара жатқан. Көп болса, осы бетке келген шығар, Ол тұлпар дәу де болса өлген шығар. Тұлпардың дәлдеп атып iшiн жарған, Бәтшағар, қалмақтар да мерген шығар. Ол аттың мәлiм емес бары-жоғы, Бiлiнбес атты адамның ашы-тоғы. Артына мiнгестiрген Самақтың да Қадалып бара жатқан бес-алты оғы. Қадалып алты-жетi оқ қалған екен, Қандары әрбiр жерге тамған екен. Халiңдi қанша екенi мәлiм емес, Мырқыдан меккем ұстап алған екен. Деп бұлар сол жыраны өрлей жүрдi, Жер екен быдырқайлы, ойлы-қырлы. Бiр сайды бұлар өрлеп келе жатса, Мырқының өлiп жатқан атын көрдi. Оңаша аттан аулақ отыр екен, Бұларды көргеннен соң бұ да келдi. Баршасы отырады аттан түсiп, Байлаулы қоржындарғы асын iшiп. Самақтың арқасында алты оқ қапты, Ессiз боп сұлап жатыр жердi құшып. Қабанбай жарасына дәрi жақты, Деседi: – Кеселi онша емес қатты. Оқ тиген арқасына төрт-бес жерден, Бұл жара не қылмақшы азаматты? Бес адам бiр күн жаудан бес ат мiнiп, Болып тұр ақырында екi-ақ атты. Балалар бiр-бiрiмен қалжыңдасып, Деседi бiр-бiрiне «жолың қатты». Сонымен бұлар жатты осы тауда, Еңбегi қатты болды бүгiн жауда. Дем ала үшеуi жата бердi қарауылда Қыз бен жiгiт етiптi сауда. Бұл жерде бұлар бүйтiп жата тұрсын, Алайын сөздiң артын омырауға. Әшiмнiң ғарiп басы қалып отыр «Бұл сөздi бiтiрмедiм» деген дауға. Баяғы Қабылан би не қылды екен, Қырғыздан кетiп едi сұрап сауға. Бытырап сөздiң өзi тарап кетiп, Қашып жүр балықтай-ақ түспей ауға. Әлiмнiң келмейтұғын сөзiн бастап, Болып тұр, Кәрiбоз мырза, басым қауға. Қайтейiн шолақ тiлiм жетпей отыр Қыздырып әңгiменi сөз құрауға. Кәрiбоз мырза жазып оқып берсе, Халайық қажыр емес тыңдауға. «Құр қасық ауыз жыртар» деген сөз бар, Жылқыны үркiтпей ме құры қауға? Ақ көңiл Кәрiбоз мырза бола бермес, Өзiңнiң тiрлiк қылып аңыңды аула. Бiлiмпаз азаматтар өзi-ақ бiлер Қауындай пiсiп тұрған анық науда. Кетпелiк сөздi бұрып нәпсiге ерiп, Бiр талас азаматтар қалды жауда. Айтпадық әңгiменi дұрыс қылып, Батырлар жатып қалды, Тәңiр қылып. Тастадық бес батырды бiр тауға ап кеп, Қалмақпен кешке шейiн ұрыстырып. – Сақидан ерден үмiт қайырлық, – деп, Тастадық ана сөздi кiрiстiрiп. Кәрiбоздың жiпше тартар жөнi келдi, Белгiлi жатпаса да жұмыс қылып. Қалың қол келе жатыр күнi-түнi, Адасқан таба алмайды бiрiн-бiрi. Мұсылман-кәпiр болып айқаспаққа Айналды байқап тұрсаң iстiң түбi. Сол мұсылманды бiрiктiрген Баяғы Қабылан бидiң қызыл тiлi. Бұлар кеп жақындады жауға таман, Кередi әрбiр жерде өлген адам. Көредi үркiп қашып жүргендердi – Қалды, – деп, – әлдеқайда бала-шағам? Әскерлер келе жатыр дүрiлдеп, Жүздеп халықтың қашып жүрген жауын iздеп. Шаң қылып даланы келе жатыр, Топ-топ боп қопарылып тiзбек-тiзбек. Жiберген алдыменен шапқыншыны, «Жатқанын жаудың қайда жөнiн бiл» деп. Артынан шапқыншының тосқыншы бар, Гуiлдеп келе жатыр өрмек-дүрмек. Бұлардың ойлап жүрген мақсаттары Шораның Мырқы менен жөнiн бiлмек. Сыртында Үржардың үш күн болды Қоңыздай жатыр едi қалмақ гулеп. Қазақтың әскерлерi бекiнiс қып, Бөлiнiп хабарланды «тауға жүр» деп. Әйтеуiр «қалмақ қашты» деген сөз бар, Бұл iстiң оңай емес жөнiн бiлмек. Әйтеуiр «қалмақ қашты» десiп жатыр, Қу қалмақ алса керек өшiн қырып. – Қолына қалмақтардың түстi, – дейдi, Қазақтан сенiп жүрген екi батыр. Атының кiм екенiн ұмытып қаппыз, Әйтеуiр болса керек есiл батыр. Ес бар ма үрiккен елден не сұрайсың, Сол сөздi құлағымыз естiп жатыр. Аққасқыр мұны есiттi Бөкейден, Айып жоқ Бөкеңнiң бiлiсiнен. «Сол жайды жалғыз барып бiлейiн» деп, Жөнелдi Қосқұлақтың жүрiсiмен. Көбiгi Қосқұлақтың жерге түсiп, Бұрқырап келе жатыр түн iшiмен. Жақындап түн ортасы келген кезде Кездестi таста тұрған бiр кiсiмен. Қасқырды жаяу кiсi бұрын көрiп, Садағын дайындады қылышымен. Кiсi екен мекен еткен таста жатып, Тұрған жоқ Аққасқыр бұл да қайтып. Жалма-жан садағына оғын салып, Өкпеден Қосқұлақты қалды тартып. Тоқтамай тиген оғы өтiп кетiп, Құлатты Қосқұлақты домалатып. Аққасқыр апыр-топыр боп жатқанда, Бiр оқпен тағы қалды өзiн де атып. Осыдан Аққасқыр да қауiп қылды, Дүмпуi атқан оқтың қатты батып. Аққасқыр атты тастап тура ұмтылды, Езуiн арыстандай сақылдатып. Жағадан ол да келiп ала кеттi, «Мұндайда кетедi, – деп, – қатын қашып». Екеуi жағаласты апыр-тапыр, Құлатып беттен тасты қашырлатып. Үйiрiп бiрiн-бiрi лақтырды, Тiстенiп азуларын шақырлатып, Екеуi алысады шақырлатып. Екеуi алысады әрi-берi, Шаң болды екеуiнiң жүрген жерi. Қайраты Аққасқырдан кейiн емес, Бұ-дағы жiгiт екен жаңа перi. Алысып екi сабаз айдалада, Күштесiп денесiнен ақты терi. Үйiрiп бiрiн-бiрi лақтырды Ғали мен алысқандай Әли шерi. Жыртылды сауыттары талқан болып. Бiледi алысқан соң бұлар ненi? Өлтiрмек бiрiн-бiрi мақсұттары, Қойды да анау-мынау әңгiменi. Екеуi арыстандай алысады, Бурадай бiрiн-бiрi қағысады. Жыртылып жұлысқанда сауыттары, Екеуi тыр жалаңаш қалысады. Шеңгелдеп еттерiнен дым таба алмай, Қолдары бүркiттей қарысады. Екеуi бiрiн-бiрi жеңiсе алмай, Болып жүр екi сабаз әрi-сәрi. Ұстаған бiрiнен-бiрi мықтап, Бiреуiн ығын тауып, бiрi жықпақ. Ысқырған екi айдаһар жетiп келiп, Екеуiн қапылыста болды жұтпақ. Кездестi екi айдаһар таудай болып, Екеуiн жұтатұғын жаудай болып. Ауызын үңiрейтiп тұр екеуi Су жырған үңiрейiп жардай болып. Шайнасып бурадайын бұлар жатыр Қырқысқан қиян -кескi нардай болып. Айдаһар бұларға тұр заһар шашып, Жұтпаққа дайындалып аузын ашып. Бұлардың айдаһармен жұмысы жоқ, Тiстесiп бiр-бiрiмен қалған қатып. Көздерi екеуiнiң түктi көрмей, Шомылып қара терге алған батып. Екеуiн екi айдаһар тiстеп алып, Екеуiн екi жаққа кеттi тартып. Соғып тұр бiр самал жел қоңыр салқын, Көктемнiң келе жатыр таңы да атып. Айдаһар емес келген пiрлерi екен, «Екеуiн қояйын деп ажыратып». Айдаһар Аққасқырды тiстеп алып, Ап шықты оңашаға күштеп алып. Ышқынып дүр-дүр етiп сiлкiндi де, Шал болды ақсақалды үш дем алып. «Өлтiрмей әлгi жауды кеткенiм» деп, Аққасқыр қапа боп жүр iштен налып. Сауыты үстiндегi талқан болып, Болыпты жарамайтын iстен қалып. Таң атып келе жатыр, түсiп жарық, Аққасқыр бұл iске тұр қайран қалып. Сөйледi: – Иә, балам, – деп пiрi сонда, Сөзiмдi тыңда, – дедi, – құлақ салып. Балаға атыңды атқан жәрдемдескiн «Атымды өлтiрдi» деп тұрма налып. Екеуiң бiр-бiрiңдi танымастан, Еттерiң жара бопты тырмаланып. Серiгiң осы жақтағы тоғызы да, Тауып ал жолдасыңды тұрма барып. Бiреуiң бiреуiңе серiк болып, Жүрiңдер ұзап кетпей құрмаланып. Iшiнде жаралының оғы жатыр, Тастаңдар соны барып жылдам алып. Бiрiңдi жөн сұраспай бiрiң шауып, Етпеңдер мұнан былай құр балалық. Етiңдi жараласа кiмдер сайып, Қайтарма жүрегiңдi онан тайып. Қорықпағын қылыш, найза, садағынан, Жүремiн өзiм бағып, қанат жайып. Атыңды-ай бүрсiгүнi ат беремiн, Тұрмағын «атым жоқ» деп құр мұңайып. Жүрмеңдер «өлдi ғой» деп тастап кетiп, Жолдасы жолдасыңның болса майып. Азырақ түбi қайыр, бейнет бар, – деп, Көзiнен Аққасқырдың болды ғайып. Аққасқыр аң-таң болып тұрды қарап, Жалаңаш, қолында жоқ найза-садақ. Көк ала үстi-басы жын ұрғандай, Терiсi жыртылыпты етi қанап. Бiр тасқа көтiн қойып отыр едi, Бiр жаяу келе жатыр өрге қарап. Кiсiнi жай отырған жаяу кiсi Садақтың астына алды көре сала-ақ. Жалаңаш сауыты жоқ адамға кеп Инедей қадалады атқан садақ. Садағын келе жатыр қолына алып, Бұл отыр қимылдамай бiр қозғалып. Бiр-екi-үш келе жатып атқан оғын, Қасына қағып алып қойды салып. «Адам ба мұның өзi, немене?» деп, Қасына бұ да келдi қайран қалып, Қараса Сұртай екен келе жатып. «Жау ма?» деп бiрi аңдыған садақ атқан, Бiледi Аққасқырды ендi танып. Оқтарды көргеннен соң жерде жатқан, Түндегi алысқаны ойына түсiп. – Япыр-ай, – дедi, – менi Құдай атқан, Атыппын, әттеген-ай, атын бекер Бiздi iздеп келген екен ауыл жақтан. Түнiмен Сұртай екен алысқаны, Аянбай барлық күшiн салысқаны. «Батырдың екi көзi соқыр» деген, Бұрады өлтiрмек боп қағысқаны. Түнiмен төбелесiп таң атқанша, Бұлардың жаңа болды танысқаны. Отырды бiр-бiрiне жайын айтып Қазақтың қырғыз бенен арыстаны. Екеуi бiрiн-бiрi жаңа көрдi, Еститiн ерлер едi алыстағы. Сұртай мен қыз қарауыл болған күнi Сұртай мен Аққасқырдың табысқаны. Сыртынан осыларға билiк қылған Қазақтың Қабылан би данышпаны. Аққасқыр, Мырқы менен Қабан батыр – Бұлар ескерусiз жаман батыр. Бiлiстi қыздың жайын сұрастырып, Тағы да бiр жаралы адам жатыр. Оның да Мырқы жайын айтып едi, Сұрады: – Тәуiр ме, – деп, – Самақ батыр? Алады демiн зорға, шаншу құсап, Самақтың жарасы да жаман жатыр. Аққасқыр кеп қарады ер Самақты, Жарасын тiлiп қарап көп қанатты. Көрiнбес арқасына сiңiп кеткен, Суырып ап тастады төрт садақты. Сонан соң тұрды Самақ тәуiр болып, Сол тiкен жатқан екен ауыр болып. Қадалып шаншу құсап тұрған екен, Көлденең дем алуға ауыр болып. Жараны қатты қылып қойды таңып, Шүкiр қып отырады демiн алып. Алтауы басын қосып, шүкiр қылып, Бас қосып отырады тамақтанып. Батырлар кеңес құрып отырады, Сөзiне бiрiнiң-бiрi құлақ салып. Күлiсiп отырысты ендi бұлар, Бұл iстi бұлар емес уайым қылар. Ойда жоқ жауда жаяу отырғаны, Бәрiнiң ортасында екi аты бар. «Отырдық өңкей жаяу тотиып» деп, Күлiсiп бiрiн-бiрi мазақ қылар. – Екi атқа төртеуiмiз мiнгесемiз, Сұртайдың мiнетұғын байталы бар. Қоржынды Сұртай салсын байталға, – деп, Күледi қыран-топан санасыздар. Қабанбай батырлардың ескiсi едi, Адамның шын әулие естiсi едi. Бiр құлаш жауырынның жалпақтығы Қайнына келiнiн Қабекеңнiң көрiстiрiп, Аламыз көрiмдiгiн, – десiседi. Сол жылы дәл Қабекең елу бiрде, Адамзат келген емес мұндай түрге. Балуандық, батырлығы былай тұрсын, Және де тiптi жүйрiк сөйлер тiлге. Жел жаққа жау жiберiп бастырмастан Қазақтың баласына болған iрге. Жиырманың Аққасқыр да алтауында, Бәрiнiң Мырқы, Сұртай жасы бiрге. Мырқы мен Самақ түйдес жасты екен, Сұрасып бiлiп едi сол күн түнде. Күләнда ең кiшiсi он жетiде, Кiсiден қайтпайды ол да бiрме бiрге. Ұл болса бұл да олардан кейiн емес, Қыз деген атағы бар алтын сырға. Ой да жоқ осыларда сана да жоқ, Күлiсiп мәз боп отыр жиылып топ. Қасына екi атты ап кеп байлап қойып, Күлiсiп отыр бәрi мәз-мәйрам боп. Күлiсiп бұлар бүйтiп отырғанда, Үстiне қардай борап жауады оқ. Қараса шыр айлана қамап апты, Әскердiң тауда-таста қисабы жоқ. Мырқы мен Сұртай қарғып атқа мiндi, Алғанын жаудың қамап ендi бiлдi. Садағын екеуi де қолына алып, Ерiнiң қорамсақты қасына iлдi. Садақтың бәйенегiн сартылдатып, Екеуi тiзе қосып қатар жүрдi. Қазақтың қатар жүрдi сұңқарлары, Қандыауыз қасқырдай-ақ жұлқарлары. Шiренiп садақтарын тартқан уақытта Қалады шөгiп жатып тұлпарлары. Салусыз сауыттың iлгектерi, Жасқанып оқ тиер деп қымтанбады. Екеуi тiзе қосып кiрдi топқа, Қайратын осы жерде бiр салғалы. «Осыны қамап жүрiп ұсталық» деп, Айнала қалмақтар да құрсаулады. Мың қойға екi қасқыр шапқандай-ақ Қасқарып тура шапты бұлтармай-ақ. Талай ел атып жатыр ол жақтан да, Оң жақ пен оқ жауып тұр сол жақтан да. Құлайды он шақтысы қатар тұрған, Шiренiп Мырқы, Сұртай оқ атқанда. Бұларға бұлар қасқыр өшiгетiн, Сауытты садағына тестiретiн. Садақты екеуi де шындап тартса, Кетпеннен жетi қабат өткiзетiн. Аянбай осы күштi салды екеуi, Қайрат қып уағы болды естiретiн. Садақтың қасалағын қанға көмiп, Көңiлiн мұсылманның өсiретiн. Аққан қан қара жерге болды бояу, Шабады қылышпенен келсе таяу. Ығытын қалмақтар да таба алмай жүр, Көңiлi жоқ жөнiн тапса бұларда аяу. Осымен бұл екеуi жүре тұрсын, Бiлейiк, не болды екен қалған жаяу? Төрт жаяу қалып едi, бiреуi қыз, Осылар не болды екен, бiлелiк бiз. «Жаяуды қалмақтар кеп құртты ма?» деп, Бұларға сенбей отыр жүрегiмiз. Екi атқа ана екеуi кеткен мiнiп, Ұмтылып басқасынан жылдам тұрып. «Ассалаумағалейкум, жаяулық» деп, Шоңқиып төртеуi де қалды отырып. Бұларды жаяу қалған қалмақ көрдi, Жиылып қоршалап қамап келдi, Айлана ұстаймыз деп қамап келдi. Жиылып жүременен бұлар отыр, Қалмақтар порымдарын қарап көрдi. «Қасына арқандарын тастаймыз» деп, Шалмашы жылдамдарын тағы ап келдi. Бұлардың саны төртеу болса-дағы, Қаруын қырық кiсiге балап келдi. Атынан мықтылары жаяу түсiп, Жабыла жаппа түсiп тап-ақ бердi. Бұлар да қылыштарын алды қолға, Сермеп жүр аянбастан оңды-солға. Жүргенде «байлаймыз, – деп, – талай елдi» Түсетiн көрiнбейдi оңай қолға. Аттылар жабылып кеп найзалап жүр, Сақырлап талай найза тиiп жонға. Қайратты пiр қолдаған жiгiт екен, Қайратын Аққасқырдың көрдi сонда. Бұлар жүр атты адаммен соғыс қылып, Салып жүр талай сойқан жаяу жүрiп. Бiреудiң шауып тастап атын алып, Қабанбай қалған екен атқа мiнiп. Бiреудiң айбалтасын тартып алып, Жүгiртiп ал, Қабанбай салды бүлiк. Алды кеп Қабанбайдың жотасынан, Жүгiртiп қалмақтардан бiреу келiп. Екеуi жағаласып тартысқанда, Аттары жата кеттi жерге шөгiп. Екеуi жағаласып алысады, Бойымен жағаласқан тұра келiп. Босанып екi ат бiрдей қалғандығын Ұмтылды Күлән қыз да мұны көрiп. Секiрiп бiреуiне қарғып мiнiп, Жетелеп және бiрiн кеттi желiп. Ап келiп атты бердi Аққасқырға, Бiр жерде отыр екен демi құрып. – Бiр iске, азаматым, жарадың, – деп, Аққасқыр қарғып тұрып алды мiнiп. Астына тұлпар тауып мiнгеннен соң, Қалмақты жан демедi көзiне iлiп. Келдi де Қабанбаймен алысқанды Түсiрдi қақ маңдайдан бiр-ақ ұрып. Дейтұғын Байынжығал батыр едi, Мырқының Көксерегiн жүрген мiнiп. Ыза боп Қабанбай да жүрушi едi, Осы жерде сәтi болды жөнi келiп. Алғаны Қабанбайдың соның аты, Ыза боп шапқан екен соны көрiп. Көкжалды мiнiп жүрген iнiсi екен, Қабанбай тастап едi екi бөлiп. Халықты лаңдаған Байынжығал, Қу жаны сая тапты бүгiн өлiп. Қазақтың батырлары әлденедi, Барымта екi тұлпар қолға келiп. Екеуi Қабан, Қасқыр тұлпар мiнiп, Қылышты қалың жауға салды көмiп. Қасқырдай төрт арыстан қойға тиген Қуып жүр қалмақтарды бөлiп-бөлiп. Бұлардың қалмақ сұрын көргеннен соң, Қалғаны қашып кеттi өлгенi өлiп. Қалмақтың қашып кеттi талайы өлiп, Жатқан жоқ соныменен мұрты кемiп. Бақтының кезеңiнен асырып сап, Демалды бұлар қосқа қайтып келiп. Бұлардың алтауы да атты болды, Тiлегiн батырлардың Құдай берiп. Күлән да екi ат тауып алған екен, Жығылған қалмақтарды аңдып жүрiп. Жарадан Самақ байғұс жүре алмайды, Жүр екен Күлән сүйеп зорға мiнiп. Жүре алмай Самақ байғұс сенделiп жүр, Ала алмай демiн жөндеп өлгелi жүр. Жабдығын өлгендердiң жиып алып, Күлән қыз жiпке буып өңгерiп жүр. «Жiгiтке мұндай жұмыс түк емес» деп, Самаққа қайрат айтып дем берiп жүр. Оқ салып садағына дайындалып, Жүректен қылт еткендi пергелi жүр. Қыз құсап бiр нәрседен жасқанбайды, Алланың не салғанын көргелi жүр. Жолына ғашықтықтың жанын берiп, Бiр жанын Сұртай үшiн бергелi жүр. Жиналды бұлар бәрi басын қосып, Күләндi тауып алды жүрген тосып. Отырды бiр бұлаққа жайланысып, Бұлар ма қауiп қылатын жаннан шошып? Қабанбай батырларға ақыл айтты: – Бұл жұмыс көп жұмыстан болды қатты. Тотиып қара жаяу қалып едiк, Мiнеки, Құдай берiп болдық атты. Самақтың науқас болып жүргендiгi Сол жұмыс қабырғама жаман батты. Өлген соң Байынжығал iнiсiмен, Қалмақтың сонан соң-ақ бетi қайтты. Ер екен Байынжығал байқап көрдiм, Адамның баласынан қолы қатты. Деген бар «екеуледi» атақ болды, Аққасқыр балалықпен бекер шапты. Өлсең де өлтiрсең де дара кету, Құдайым кез қылған соң азаматты. Өлiмге қия шабу керек емес, Жаратқан Құдай артық ондай затты. Бұл сөзiм сендерге бiр ақыл болсын, Тең ортақ дос-дұшпанға басың болсын. Алысқан ерегiсiп дұшпаныңның Қайраты өз күшiңнен басым болсын. Қайратпен қара тасты сындыратын Жiгерлi азаматтан қасың болсын. Секiлдi Байынжығал азаматтар Өзiңнiң бауырыңнан жақын болсын. Бекер-ақ екеуледiк қайран ердi, Мұндай iс мұнан былай нақыл болсын. Арманда қайран сабаз өлiп кеттi, Жаннатқа жаны барып бақыл болсын. Арманда кеттi сабаз балта тиiп, Ер едi көз қимайтын бiр кермиық. Ерлердi тұлпарды атып қия шапқан, Болмақшы батырлардың жолы сұйық. Дұшпаны дұшпаныңның болса-дағы, Адамның қайтып шабар көзi қиып. Көзiңнен ер мен тұлпар тiрi кетсiн, Пайдасы бiр кезеңде қалар тиiп. Өлерде «кел, бауырым» деп қолын бердi, Көңiлiм сонысына кеттi ұйып. Көмелiк соны ап келiп жүр, жiгiттер, Төбеге мына бiреу басы биiк. Кетейiк жазу жазып атын айтып, Басына үлкен-үлкен тастар жиып. Ерлердiң сол секiлдi көңiлi үшiн Өзгеден өлiгi де болсын биiк. Iстетiп сол жұмысты таң атқанша, Басылды Қабанбайдың көңiлi тынып. Түнiмен ердi көмiп сонда болды, Бәрiнiң бұл жұмысқа көңiлi толды. Үстiне биiк тастың ыспа жасап, Найзасын төбесiне шаншып қойды. Сауытын қылышымен бiрге көмiп, Iстедi ойларына келген ойды. Апарып Қосқұлақтың басын кесiп, Жүгендеп найзасына байлап қойды. Бiтiрдi таң атқанша жұмыстарын, Еткен жоқ демiн алып тыныстарын. «Таңертең тағы қандай болады?» деп, Өткiрлеп қайрап қойды қылыштарын. Бiр таудың жырасында отыр бұлар, Бiлмейдi қалай қарап шығыстарын. Әйтеуiр кеше кешке байқап қалған, Қалмақтың шығыс жаққа ығысқанын. Атына таң атқан соң мiндi бұлар Қанды көз қасқырдай-ақ қанға құмар. – Қалмақпен жұмысымыз бiттi, – дедi, – Батырын жайғастырдық қарсы тұрар. Маңайда ендi қалмақ тұра алмайды, Өлген соң мұндай болып Байынжығал. Таң ата алты берен мiнедi атқа, Жол тартты кейiн қарап қазақ жаққа. Батырдан жауға аттанған бiр Шора жоқ, Iлiндi басқаның бәрi сапқа. Үндемей Әшекеңдi еркiне қой, Шораны жоқтар екен қайсы уақта? Бар шығар Шораның да әңгiмесi, Жасырып сақтай алмас тығып қапқа. Бiр жерге сөздiң басын жинай алмай, Шолақ тiл сандалып жүр әр тарапқа. Атаның асыл сөзiн ұрлап тығып, Кете алмас ақиретке арқалап та. Естiп сөздiң арты не болғанын Құмары тыңдаушының тарқамақ та. Келедi бұлар жұрiп тоқтамастан, Қиғаштап бетiн қойып Арқа жаққа. – Қайда, – деп, – Қабылан би? –келе жатыр, Басшы боп шығып едi алты алашқа. Сарылып бұлар жүрдi ұзын күндей, Екенiн қолдың қайда, сiрә, бiлмей. Ат тұсап, бiр сайға кеп жата кеттi, Бұл жерде дұшпан бар деп көзiне iлмей. Дем алып елсiз тауда жатты бұлар, Ойына ой дегенiң шығып кiрмей. Қараса таң атқан соң тұра келiп, Алты аттың ұры алыпты бәрiн бiрдей. Қауiпсiз бәрi-дағы ұйықтап қалған, Қалыпты кiм алғанын жөнiн бiлмей. Отырды тотырайып тағы жаяу, Жер емес ең болмаса елге таяу. Күледi бiрiн-бiрi мазақ қылып: – Сен неге жатпадың, – деп, – ұйқылы-ояу? Сенiп ек қыз-жiгiтке, – деп күледi, – Ойлап ек «ұйықтатпас деп қызыл сояу». Басқаның Қабанбайдан бәрi құрдас, Бұл iстi бұлар тiптi уайым қылмас. Мылжыңдап, қалжыңдасып ойнап отыр, «Атымыз жоғалды» деп жайға тұрмас. Нәрседен сана деген дәнеме жоқ, Есалаң батырлар ғой қайратқа мас. Елiктей жортып кетсе секiредi, Басқаның Қабанбайдан бәрi де жас. Жасшылық батырлық пен мiнезi асқақ, Өрепкiп көңiл жаста судай таспақ. Тек кiсi атты алғандар көрiнбейдi, Кетiптi кiсендерiн қиып тастап. – Рахмет, жiгiт екен, алсын, – дедi, – Бiр тауға бәрiмiздi жиып тастап. Жол тартты тағы жаяу елге қарай, Сол жерге ер-тоқымды үйiп тастап. Бұлардың ойында жоқ жаяулығы, Жығады бiрiн-бiрi кейiн тастап. Сонымен тағы екi күн кеттi жүрiп, Уайымсыз келе жатыр ойнап-күлiп. Тамаққа келе жатып кек айтып, Дем алды бiр бұлаққа сабыр қылып. Бұлақтың дем алады жағасына, Көлеңке ағаштың панасына. Шаршап кеп бәрi жатып ұйықтап қалды, Шықпайды уайым кiрiп санасына. Күлән қыз отын терiп, ет пiсiрiп, Ағаштың келе жатыр арасында. Айтатын уайымсыздың бiреуi осы, Уайым қып жан-жағына қарасын ба? Ақырып бiр жолбарыс атылады, Нысана тар жердiң шамасында. Тiстедi сап етiп кеп қабырғадан, Күләннiң екi қолы жағасында. Дауысын айқай салып шығаруға Бұл қыздың келтiрмедi шамасын да. Күлән қыз бiр томарды қолына алып, Төпестеп ұра бердi дәл басына. Жолбарыс қабырғасын жұлып жатыр, Қолтыққа басы кiрген алғашында. Сонда қыз далбасалап жолбарысты Мiнгiзiп ұрды жерге жамбасына. Құшақтап жолбарысқа мiне түсiп, Қорыққаннан айқайлады жолдасына. Бұл қыздың ащы дауысын Самақ естiп, Жүгiрiп жетiп келдi дәл қасына. Кез болды осы жұмыс Самақ ерге, Қып-қызыл қан шалған есiк-төрге. Оятып «қыз өлдi» деп жөнiн айтты Жолдас боп өзiменен келгендерге. Жиылып түрегелiп келдi бәрi, Әлсiреп кетiп қалған қыздың халi. Өкпесi қып-қызыл боп көрiнiп тұр, Тастапты жалбыратып қабырғаны. Құшақтап Сұртай келiп қыздың басын, Қалмады жаны күйiп сабырлары. Сұртайды қыз да жатып құшақтады: – Өмiрдiң не болды, – деп, – ағымдары? Көзiне екеуiнiң елестеп тұр Өмiрдiң қызыл-жасыл сағымдары. Ауызын-ауызына тиiстiрiп, Бұрқырап шығып отыр жалындары. Жараның Қабанбай кеп көрдi түрiн, Жұлыпты қабырғаның жұлын түбiн. Қандарын әдемiлеп жуып тастап, Салады орнына бiрiн-бiрiн. Күйдiрiп құрқылтайдың ұясының Жараның қоспасына септi күлiн. Тiгедi жiбекпенен терiлерiн, Қисынсыз алып тастап керi жерiн. Аюдың ақ дәрiсiн септi дағы, Байлады әдемiлеп қыздың белiн. «Жараға ем болады» деп есiтетiн, Бүркiттiң тағы бердi қалған жемiн. Ем қылып, жараларын қойды таңып, Су бүркiп көлеңкеге қойды салып. Жаны бар қыз байқұстың кеудесiнде, Мөлдiреп аппақ болып жатыр талып. Сұртайға көзiн ашып қарап қойып, Қыз жатыр анда-санда демiн алып. Ауызын ауызына тиiстiрiп, Көз жасы қыз бетiне кетер тамып. Ғашықтық, жолдастығы, ерлiгiмен Сұртайдың бара жатыр iшiн жарып. Мырқы мен Аққасқыр да кейiп отыр, Бұлардың қылығына көзiн салып. Қабанбай қапа болып аулақ отыр, Құданың құдiретiне қайран қалып. Бұларға Күләнда қыз болды уайым, Алланың құдiретiне бәрi дайын. Ажалды мұғалақтан зақым келсе, Болады адамзаттың жаны уайым. Бұл жерде бұлар бүйтiп жата тұрсын, Шиырға адастырып тағы ұрайын. Аттанып жауға кеткен халықты қорғап Шораның бiлмедiк қой әлi-жайын. Аттанып үш жүз кiсi кетiп едi, Сөйлейiк соның бiраз мәнi-жайын. Кездесер әңгiменiң кезеңiне Ыңғайлап сөздiң басын бұрмалайын. Әр жерге әңгiменi буып тастап, Сөйледiк бiрiн тастап, бiрiн бастап. Мәнiсi бөлiп тастап кетудегi Бiреуi бiреуiне ұшыраспақ. Басынан сөздi сүйтiп ұқтырмаған Айта алмай әңгiменi былжыратпақ. Сап етiп қисынсыздан кездескенде, Бұрынғы дәлелдейдi сөздi растап. Әшiмнiң Шора ойына жаңа түстi, Кетiптi ұмытып тастап қалбырақтап. Атақты бiр батырды ұмытып кетiп, Жүрiптi әр сөздi айтып сандырақтап. Бұрын да жарыместiң бiреуi едi, Болған ғой қартайған соң алжып ақымақ. Бөлiнiп Шора шықты Қабылан байдан, Түсiнiп ең алғашқы болған жайдан. Келедi қолды бастап қалың жауға, Бiр қырғи жасқана ма мың торғайдан? Шығыпты Шора бастап үш жүз қолды, Шораның шыққанына үш күн болды. Қырына Бақанастың шыға келсе, Кетiптi қалмақ қаптап құба жонды. Ауылын дым шығармай шауып апты, Қалмақтар шапқылап жүр оңды-солды. Шораның ек көзi түктi көрмей, Тiк тұрып төбе шашы ыза болды. Үш жүзi мұны көрiп қояды атты, Қалмақпен бесiн шенде араласты. Екi қол бiр-бiрiмен араласып, Кеткенше сам жамырап найзаласты. Әлсiздi әлi келген найзалапты, Айбалта ығын тапқан қылыш шапты. Қазақтан жүз қаралы адам өлiп, Қызыл қан ат бауырынан судай ақты. Жорығы қазақ-қалмақ жорығының Еш соғыс болған емес мұндай қатты. Қазақтың қайтпай-ақ жүр батырлары, Түнiмен айғай да шу, қым-қуыт боп, Найзалар бiр-бiрiне сақырлады. Бауыздап әлсiздердi әлi келген, Лақтай толып жатыр бақырғаны. Қашып жүр жап-жалаңаш шу-шу етiп Қазақтың баласы мен қатындары. Шора жүр арыстандай айғай салып, Белсенiп ақ найзасын қолына алып. Мың қойға жалғыз қасқыр тигендей-ақ Қиратып жүрген жағын қырып салып. Жау қашты таңға жақын тұра алмады, Қазақтың қарқынына шыдамады. Болғанда таңға жақын азаматтар Ауылдан жауды қуып шығарады. Жөнелдi таңға жақын қалмақ қашып, Қырып жүр жалғыз Шора араласып. Адамнан жалғыз Шора екi жүздей, Түк қалмай үрiктi қалмақ қара басып. Келедi қашқан жауды бес күн қуып, Қиратып қалмақтардың туын жығып. Өткiзiп Ешкiөлместiң етегiнен, Қазақтың маңайынан кеттi шығып. Қайталап қарсы тұрған қалмақтардың Талайын қиратып жүр жерге тығып. Күн-түнi он күн болды шабылғалы, Шаршаған ат пен адам демi құрып. Асырды Мұзкезеңнiң асуынан, Түк қоймай қалған жаудың артын сырып. Қуа алмай басқа қазақ бұл да қалды, Тек қана алты кiсi келген жүрiп. Қазақтың қанша екенiн қуып жүрген, Қалмақтар сезген екен мұны бiлiп. Бұларға жүз қалмақ қарсы шапты, Аузында Теректiнiң тосып тұрып. Ат қойды үш жүз қалмақ қарсы қарап, Болып өлтiрмекшi қылып талап. «Көп кiсi аз кiсiнi қоямыз ба, Не қылмақ айналасын алсақ қамап. Қайтпастан бұлар да атты қойып бердi, Ашыққан арыстандай бауыр жарап. Жақындап бұлар жауға келген кезде Алдынан оқ жауғызды қардай борап. Өлтiрдi алтауының атын атып, Бұлардың әлi кеттi сонан соң-ақ. Бұларға жақындамай қамап тұрып, Садақтың қойып бердi астына ала-ақ. Оқ тиiп сол арада бесеуi өлдi, Шораға ендi жалғыз кезек келдi. Өмiрде Шора садақ атқан емес, Етерсiң жаяу жүрiп бұған неңдi? Шораға атқан садақ кәр қылмайды, Қалмақтар қасиетiн көзбен көрдi. Өлтiрiп, атын атып, жаяу тастап, Қор қылып тастап кеттi қайран ердi. Сол жерде Шора жалғыз жаяу қалды, Көрмейдi маңайында тiрi жанды. Кетуге елге қайтып ақырында, Ыза боп, намыс қылып, ойлады арды. Естiген алдыңғы күн бiр адамнан, «Сұртайды Мырқыменен байлап алды. Байлап Шәуешекке жiберiптi,– деп Айтқан: – Тұлпарлары сонда қалды». Соны ойлап жапа-жалғыз қайнап отыр, Қалмаққа бермек болып қалған жанды. «Артынан сол қалмақтың барайын» деп, Етегiн белге түрiп, қадам салды. Жүргелi бес күн болды Шора жаяу, Тұрған жоқ қалмақ түгiл, жер де таяу. Сұртайды Мырқыменен байлағаны Көңiлiне өзi жаяу болды қаяу. Қазақтың батырларын қосақтап ап, Қалмақтың жаққанын-ай бетке бояу. Келедi бiр жырамен өрлеп тауға, «Құдай-ау, кез келтiр, – деп, – кәпiр жауға. Егерде кез келтiрсең кәпiр жауға, Етпес ем басымды аяп жанды сауға. Пiрлерiм, астыма бiр көлiк берсең, Алар ем кәпiрлердi омырауға. Келедi осыны ойлап, жыраны өрлеп, Сабазды ашуы мен күшi кернеп. Дем алып он күн болды, нәр татқан жоқ, Талаппен келе жатыр қолын сермеп. Өзенi құзар жартас, қалың ағаш, Қарайды жан-жағына «қандай жер» деп. Шамасы жарым түннiң бiлгендерге, Есеп пе күндiз-түнiң жүрген ерге. Тұрады қисынсыздан кез келтiрiп, Жiгiттi мехнат, дәулет iлмелерде. Бес алты ат кiсенi бар жайылып жүр, Қараса көзiн салып бiр кемерде. Үшеуi ер-тоқымды, үшi – жайдақ, Келдi де ұстап-ұстап алды байлап. Бесеуiн тiзiп алып жетектедi, Бiрiне мiнiп алды көзi жайнап. «Оңаша барып бiраз ойлайын» деп, Қуалап бiр жыраны жөнелдi айдап. «Басқасын бiр жыраға бекiтейiн, Iшiнен бiр жақсысын мiнiп сайлап. Иесiн қайтып келiп тауып алып, Қалмақтың құртармын бәрiн жайлап. Мен барып атты жайлап келгенiмше, Ұйықтасын сорлы қалмақ соры қайнап. Асықпай демiмдi алып келсем дағы, Маңайдан жаяу кiсi қайда бармақ. Қайтып кеп бәрiн дағы бауыздармын, Қан басқан жата тұрсын сорлы қалмақ. Бәрi де аттарының терiс емес, Пiрлерiм ап келген ғой маған арнап. Қазақты тосқауыл боп тосып жүрген, Маңайды шалғыншы ғой жүрген шарлап. Қарамай осыны ойлап кеттi жүрiп, Қарамай жан-жағына мойын бұрып. Бұрылмай таң атқанша тынбай жүрiп, Таң ата бiр қуысқа келдi жүрiп. Таниды таң атқан соң Көксеректi, «Қалды, – деп, – мұны қайдан Құдай берiп». Мырқының өзiндей-ақ қуанады: – Ендi бұл болады, – деп, –жанға серiк. Мырқыны байлап жұрген азаматтың Болды ғой қалатұғын күшiн көрiп. «Осы жерде кешке шейiн дем алайын, Қылайын жаяулардың несiн уайым? Дем алып бiразырақ тынғаннан соң, Сөйлермiн сонан кейiн барып жайын». Аттарды шiдерледi әбден мықтап, Мiнем деп Көксеректi қойды жұптап. Мұнда да сана түгiл дәнеме жоқ, Қауiпсiз шешiндi де қалды ұйықтап. Сабылған неше күндей жаяу жүрiп, Ат тауып ұйықтап жатыр, көңiлi тынып. Тырп етпей ұзақ күнге ұйықтап жатыр, Ол емес жау шапса да жатқан бiлiп. Күн батты, түнiменен тағы да ұйықтап, Сәскеде бас көтердi сонда тұрып. Сәскеде бас көтердi, демiн алып, Аттарға қарап қойды көзiн салып. – Япыр-ай, бiр сағат та ұйықтамаппын, Сонда да қалғанын-ай ұйқы қанып. Бiлген жоқ бiр сәтке өтiп кеткендiгiн, Баяғы жатқандағы уағы қалып. Уайымсыз шаршап келiп ұйықтаған соң, Кiсiдей дым бiлмеген жатқан талып. «Кiм екен ат иесi, көрейiн» деп, Жөнелдi Көксерекке мiнiп алып. Табады барып атты алған жерiн, Жайылып аттың оттап шалған жерiн. Бақылап қарап жүрiп тауып алды, Үйiлiп ер-тоқымның қалған жерiн. Қарады ары-берi жатқан жерiн, Тағамды ас пiсiрiп татқан жерiн. Анықтап көзбен көрiп, байқап көрдi, Жайылар атты тастап қашқан жерiн. Шыққаны қалай қарап мәлiм емес. Бiлмейдi қалай қарап кеткендерiн. Қарады әрi-берi төңiректеп, – Жақында бiреу болса, көрер ед, – деп. Қашқан ғой қорыққаннан бейшаралар, Ойлады: «Қашқанды iздеу не керек?» деп. – Қалмаққа, – бiр ойлады, – барайын, – деп, Ойранды бiр шетiнен салайын, – деп. Сұртайды Мырқыменен не қылды екен, Бар болса егер тiрi табайын, – деп, Барғанмен ақыр iздеп таппаймын, – деп. Әуелi кейiн барып қазақты iздеп, Бастарын бiрiктiрiп топтайын, – деп. Қазаққа жау келместей кiсi қойып, Сонан соң кеткендердi жоқтайын, – деп. Келдi де тұлпарларды алды тiзiп, Көңiлi өкiнiп жүр жауға қызып. «Артымнан ат иесi қусайшы» деп, Қарайды арт жағына көзiн сүзiп. Бет қойды ат жетелеп қазақ жаққа, Маңайдан жау таба алмай, күдер үзiп. Жетектеп бес тұлпарды жетегiне, Қайқайып Шора елiне кеттi сызып. Бiр жерге сөздiң басын жинау үшiн Осы жер тағы кеттiк сөздi бұзып. Жиылып қазақ-қырғыз жүрдi қаптай, Дегенi «мен еркекпiн» үйде жатпай. Адамнан жердiң жүзi көрiнбейдi, Қаптаған қазақ-қырғыз топырақтай. Қалмақтың шалғыншысын көрiп келсе, Тұрар ма мұндай iсте қалмақ қашпай. Кiредi Ешкiөлместiң етегiне Iздеп жүр соғысатын жауын таппай. Әр сайдан тау iшiне кiрдi халық, Байқайды таса жердi жердi шалып. Жайқалған жапырағы ағаштар көп, Сылдырап мөлдiр бұлақ жатыр ағып. Әр жерге кезең асып көз салады, Аңшыдай келе жатқан түлкi қағып. Қабылан би бес батырға кездеседi Отырған бiр бұлақта қызды бағып. Сұрады халық түсiп әңгiмесiн: –Отыр, – деп, – бұл арада бұлар не қып? Қабанбай болған iстiң жайын айтты, Халайық тыңдай бердi құлақ салып. Басқасы бiр Шорадан түгел болды –Қалмақтар кеттi, – деген, – байлап алып. Қалдырмай жайын айтып күлiседi: –Солай деп отырмыз, – деп, – жаяу қалып. Сөздi айтып бұлар жұртқа отырғанша, Шора келдi аттарды тiзiп алып. Отырды баршалары басын қосып, Сол жерде бес күн жатты жауды тосып. Берi қарай ендi қайтып жау беттей ме, Қалың жау жапырылған қаннан шошып. Атақты батырлары өлгеннен соң, Шошыған бөкендей-ақ кеткен жосып. Сонымен елге қайтты қазақ-қырғыз, Бес тұлпар атақты олжа, жалғыз бiр қыз. Көрнексiз түскен олжа толып жатыр, Олжа деп оның бәрiн нетелiк бiз? Қалмақтың өлiп қалған ат жабдығы, Саны жоқ, болып жатыр неше мың жүз. Ел тарап жай-жайына кеттi қайтып, Олжа алып жауын жеңiп, көңiл байытып. Ап келдi Күлән қызды найзаға сап, Екi атты қабат ұстап, белiне артып. Ем қылған жарасына Шора батыр, Он жылғы тұл борсықтың майын тартып. Жарасы Күлән қыздың тәуiр болды, Өрепкiп көтерiлiп, көңiлi тасып. Салып ап қос найзаға ап келедi, Жүргендей бiлiнбейдi суда қалқып. Сұртайдың үйiне кеп жары болды Адамның баласынан порымы артық. Қыстырып осы сөздiң аяғына Кетейiк батырлардың бәрiн айтып. Қорлыға, Бишаменен не боп шықты, Кетпекпiз осы сөздiң жайын айтып. Қорлыға өлмей тiрi қалып едi, Жалынып Қабылан биге арыз айтып. Қылжыңдап кәрiбоз ұрсып мазамды алды, Бармасам сол кеңеске тағы қайтып. Қорлыға Қабылан биге зарлап едi, Мақсаты – өлмей тiрi қалмақ едi. Халықтың бәрi жауға кеткеннен соң, Дәулеттiң ауылында болған едi. Мырқының iнiсi мен Сүрен өлiп, Жоқтаусыз екеуi де қалған едi. Халыққа ұқтырмадық бұл сөздi ашып, Қырқарлап әуе болдық таудан асып. Бiлейiк соның бiраз не болғанын, Қорлыға құтыла ма жортып қашып. Шерденнiң басын алып келiп едi, Кетпей ме тұздамаса о да сасып. «Құн дауы бар, жесiр дауы бар» деп жүргенде, Iшiнен кетiп едi өгiз басып. Басқарып жауды бiраз қайтып келдiк, Сөйлейiк мұны бiраз қасып-қасып. Аяғын осы сөздiң ұқтырмасаң, Кәрiбоз қалатұғын қамшыласып. Судағы көн етiктi қойшы құсап, Келдiм-ау мен де жақын балшыратып. Бiлгiштер «ой тереңi қайда, – десiн, – Сөйлейтiн тiлiнен бал тамшылатып». Қабылан би Аққасқырға қызын бердi, Бiлiмдi көргенсiң бе мұндай ердi? Қазақтың қырғызбенен кегiн жойып, Екi елдi заманында тең биледi. Қабыланды, Кебекбай шал Қабанбай мен Дәулеттiң аулына бiр күнi келдi. «Барамыз Бошан байдың ауылына Келсiн» деп Шораға да хабар салды. Жиылып барлық қазақ Бошан байға, Бiтiрiп қоймақ болды осыларды. Өтеген мүйiзi бар о да келдi, Қабылан би хабарлаған талай жердi. «Қазақтың қасиеттi ерiсiң» деп, Жиылып Өтегенге сөздi бердi. Жұмыстың бастан-аяқ бәрi мәлiм Сондағы Өтегенiң белгiлi едi. –Бұл жұмыс туралықпен оңай болсын, Билiгi ораздының жолы болсын. Халықтың көңiлiнiң кiрi кетiп, Атқан оқ өтпейтұғын тоғай болсын. Шердендi Қорлыға мен отқа тастап, Жазасы опасыздың солай болсын. Дос болсын Мырқы, Сұртай құшақтасып, Сүрен мен Төле екеуi орай болсын. Халықтың бәрi бұған ырза болды, Деп шулап: – Солай болса, солай болсын. Батырлар бiр-бiрiне жақын болсын, Халыққа қарттың сөзi нақыл болсын. «Өлгенге құн, дау» деген ауыр жұмыс, Жаннаттан жайы, барып, бақыл болсын. Бiрлiктi мұнан былай бұзғандардың Қатыны талақ, өзi кәпiр болсын. Қол жайды тұра келiп, халық шулап, «Мүбәрак қарттың сөзi мақұл болсын». Нұр жауып халайыққа тұр мұңайып, Жасырын бүгiп жүрген бiлiндi айып. Халыққа мына билiк тоқтам болды, Азғындап жүргендерге жолдан тайып. «Халыққа осы билiк салт болсын» деп, Жұрт шулап бата қылды, қолын жайып. Халайық ынтымақпен кеттi тарап, Көп сөздiң айта алмадым бәрiн санап. Шораның қатыны өлiп, жесiр қалған, Шапқанда аулын келiп қалмақ қамап. Қосылды Биша, Шора жұпты болып, Аулына қайтып келiп бара сала-ақ. Осымен сөз аяғын тамамдадым, Халайық оқып көрсiн тамашалап. Қалмақтан келген қызды Сұртай алды, Айтусыз әлi жатыр батыр Самақ. Самаққа қазақ халқы ерiк берiп, Дос болды Қабанбаймен өзi қалап. Қабанбай екi қатын алып берiп, Iнi боп Қабанбайға жүрдi жанап. «Байғана қалмақ» деген ауыл болып, Аузына бiр талай ел тұрды қарап. Он бестен екi қатын бала тауып, Атанды «отыз ұлды батыр Самақ». Халайық, мен ғарiпке бiр дұға қыл, Бiлгенiм бұл жайында болды сол-ақ. Кәрiбоздың зорлығымен айттым зорға, Мақаудың бiреуi едiм тiлi шолақ. Үш жүздiң баласы боп басты қостық, Алып кеп айландырып тұз-дәм орап. Бұл қисса түгелiмен жазылған жоқ Баяғы Байсейiттен қалған сұрап. Нұр жаусын сөздi ардақтап тыңдағанға, Әжуа тыңдап, әлiп қылмағанға. Адамның пайымы бар жөнi басқа Жан қайда сөздi аңлайтын бұл заманда? Сөзiмнiң айыптары толып жатыр, Миға сап данышпандар сынағанда. Қорғанып бiлген сөзiн айтпаған соң, Пешке шығып жатар өзiн бұлдағанға. «Кеңес қып болмас сөздi жазып жүрген Кездестiк, – демеңiздер, – жынды адамға». Талай сөз тыңдаушылар көрген шығар, Боп жүрсiн бiр әңгiме бұл да араңда. Әрi елден, әрi еңбек қып, сөгiс естiп, Қалмаса жарар едi күн қараңға. Сөзiңдi, Кәрiбоз мырза, тамамдадым, Бұл сөзден көп күнәға арандадым. Өзiңiз кемшiн жерiн түзетерсiз, Бар едi әрбiр iстен хабарларың. Жiгiттiң көптi көрген бiреуiсiң, Жаңа емес жiгiт болып саналғаның. Әлiңше төңiрекке құлаш жайып, Азамат атағыңды адалдадың. Жүйрiктiң оза шапқан бiреуiсiң, Салған соң Құдай басқа шабандадың. Қырағы жiгiт едiң қиядағы, Бұл iске тағдырменен арандадық. Бiтiрдiм әңгiмеңдi бүгiн жазып, Толқыған мүсәпiрмiн жолдан азып. Болады деп сенi мұндай кiм ойлаған, Деген ғой «бақтың жолы қылдан нәзiк». Ер менен ауыр жүктi нар көтерген, Кәреке, жiгiт едiң алтын қарпық, – Деп сөздi бiтiрдi Әшiм.
Ағылшын
Бұл тілдегі нұсқа жоқ.
Бұл тілдегі нұсқа жоқ.