Барақ батыр (Ерғожа Құлпыбаев нұсқасы)

Қолыма қалам алайын, Ақ қағаздың бетіне Қарадан сия жағайын. Жазайын деп ойлансам, Сөзге толық сарайым. Бір нұсқа артта қалуға Келтірген шығар орайын. Ер Барақты жыр етіп Жазуға тұрмын мұғайым. Қатесі болса сөзімнің, Кешірерсіз, ағайын. Құлақ салсаң, жігіттер, Ер Барақтың сөзінен Азырақ қозғап қарайын. Бұрынғы өткен за...

Қазақша
Барақ батыр (Ерғожа Құлпыбаев нұсқасы)
Қолыма қалам алайын, Ақ қағаздың бетіне Қарадан сия жағайын. Жазайын деп ойлансам, Сөзге толық сарайым. Бір нұсқа артта қалуға Келтірген шығар орайын. Ер Барақты жыр етіп Жазуға тұрмын мұғайым. Қатесі болса сөзімнің, Кешірерсіз, ағайын. Құлақ салсаң, жігіттер, Ер Барақтың сөзінен Азырақ қозғап қарайын. Бұрынғы өткен заманда Айтқан сөз босқа кетеді Сөз білмейтін наданға. Қалмақ пен қазақ сөздері Айтылып жүр жыр болып Осы күнгі адамға. Мекені еді қалмақтың Арқаның алты саласы, Жалпы жатқан даласы. Мекенінен қозғаған Біздің қазақ баласы. Жалған десең сөзімді, Шежіреден қарашы. Асу, асқар белі бар, Себер деген жері бар. Қара қалмақ дейтұғын Есепсіз қалың елі бар. Сол қалмақтың елінде Алакөбек ері бар, Қатты Сыбан дейтұғын Халық сұраған ханы бар. Ала алмай жүрген қазақта Қалмақтың кеткен кегі бар. Бір күндері болғанда Қатты Сыбан желігіп, Халқына жарды салады, Жұртын жинап алады. “Аттануға қазаққа Бар ма екен”, – деп талабы, Қол жиылып қалмақтан Алты мыңдай болады. Алакөбек бас болып, Мұсылманменен қас болып, Қазақтың елін шабуға Аттанып қалмақ барады. Аттанды қалмақ белменен, Қазақты шаппақ ойменен. Қалмақ жүріп келеді, Босқандағы өзінің Салып кеткен жолменен. Жылмиып жатқан қу дала, Адам жүрмес жерменен, Төтелеп асып келеді Асу да асқар белменен. Күн-түн қатып жол жүріп, Ай жарымдай күн жүріп, Жеріне қазақ келеді, Ел қарасын көреді. Қосынын төгіп көп қалмақ Ат жеңілтіп мінеді. “Бүгін жатып дем алып, Тиелік ертең”, – деп еді. Сол күндері қазағым Бейқұт жатқан ел еді. Үстіне келген қалмақтан Хабар таппай тұр еді. Орта жүздің ішінде Түгел батыр бар еді, Әруағы зор еді. Ақылы артық данышпан Патшаларменен тең еді. Үш жүздің қазақ баласын Ақылыменен жайғарып, Басқарып тұрған сол еді. Айтқанына Түгелдің Қазақтың халқы көнеді. Ақылмен ойлап алды-артын, Халқының қамын жеп еді. Қалмақ елінен шыққан соң бір жарым ай жол жүріп, қазақтың жеріне кіреді. Елдің қарасын көріп, бір өзеннің бойына қосынды төгіп: “Бүгін жатып дем алып, ертең қазақты талқандап шауып алайық”, – деп жатып қалды. Бұл күндері қазақтың елдері дұшпаннан қауіпсіз отырған ел еді, ел сүйгендей қазақтың арасында атақты батыры жоқ, бұрынғы Бөкенбай, Есет, Жәнібек деген аруақты ерлерінің өлген кезі екен. Солардың заманын көріп қалған Түгел деген бір ақылды, данышпан қарт адам бар екен. Сол кездерде үш жүздің қазақ баласын тегіс басқарып тұрған осы Түгел қарт екен. Елдің шетіне ауыр қолдың түнегенінен хабарсыз Түгел қарт ордасында жатып қалды. “Таң атқан соң, қазақтың еліне тиерміз”, – деген түні Түгел қарт жатып, ұйқысында қорқынышты түс көреді. Көрген түсінен қорқып оянып, түн ішінде үш жүздің қазақ баласын, ат шаптырып, ордаға жинап алды. Басшы адамдарын ордаға алып, Түгел қарттың мезгілсіз халық жинағаны туралы сөйлеген сөзі: Түгел қарт сонда сөйледі: – Келдің бе, жұрт, жиналып, “Не айтар” деп ойланып? “Шақырды, – деп, – не үшін?” Жүрмеңіз, жұртым, қиналып. Мен бір түнде түс көрдім, Түсімде мүшкіл іс көрдім. Елдің аулақ шетінен, Күннің шығар бетінен Бір айдаһар келіп жүр, Мұны көзім көріп жүр. Иреңдеген көп жылан Шағайын деп өріп жүр. Айдаһардың үстіне Аспаннан келіп ақ бұлт, Түсейін деп төніп жүр. Түсім шайтан болмаса, Ата жауым бұрыннан Елімді қалмақ торып жүр. Айдаһардың үстіне, Төніп жүрген ақ бұлт – Ерлерімнің әруағы, Елімді жаудан қорып жүр. Көрген түсім аян-ды, Түсімнен шошып ояндым. Болмас едім жалғаншы, Еліме берсең хабарды. Бір Аллаға сиынып, Қазағым салсын ұранды. Аттанып келсе жау қалмақ, Халқыма берер зиянды. Жау қалмаққа жорыдым Айдаһар менен жыланды. Айдаһар болып көрінген – Алакөбек қалмағың. Төніп жүрген ақ бұлт – Ақтан келген әруағым, Алдынан қарсы аттансақ, Кәпір жауға ат қойсақ, Оң болар еткен талабым. Бұл түсімді “жалған” деп, Қапыл болма, қазағым. Обалына қаларсың Жылаған қатын-баланың. Алакөбек аттанса, Ауыр қолмен қаптаса, Алмай кетпес алмағын, Салмай кетпес салмағын. Қырып кетер елімді, Өлтіріп кетер ерімді. Өртеп кетер көлімді, Хабарсыз жатқан қазаққа Көрсетіп кетер көрімді. Аттанар күнің бүгін-ді, Бүгіннен қалса, қиын-ды. Түсім шайтан болмаса, Жеріме дұшпан құйылды. Осылай деп Түгел қарт Көрген түсін жорыды. Осы түннің ішінде үш жүздің қазақ баласын жинап алып, Түгел қарттың аттанысқа шыққан жері. Жиналып келген көп қазақ Түгелге құлақ салады, Айтқанына нанады. Үш жүздің қазақ баласын, Ат шаптырып жинады. Елдегі қару жинатып, Жау құралын сайлады. Үш жүздің қазақ баласын Жау алдына айдады. Бұл жігіттің ішінде Кімдер бар да, кімдер жоқ? Аты шыққан ерлер көп. Есет пенен Бөкенбай, Арғыннан шыққан Жәнібек, Тілегін берген бір Құдай. Заманында ер болып, Қалмақты қырған бірталай. Олардың өлген шағы екен, Абылай сұлтан хан екен. Үш батырдан басқасы Сол сапарда бар екен. Сол уақытта Түгел қарт Сексенге шыққан шал екен. Қарт та болса, сайланып, Беліне қару байланып, Түгел батыр келеді Аз ғана халқын айналып. Түгел бастап келеді Жасыл ала туменен, Алтын жыға тонменен, Жинап алған қазақтан Мың жарымдай қолменен. Сиынып Аққа келеді, Рауан жолға кенелді. “Барлап жүр!” – деп алдына Қарауылшы жіберді. Жер қайысқан қалмақты Қарауылшы көреді. “Қалмақ жауың келді”, – деп, Түгелге хабар береді. Көп деген соң қалмақты, Елге қайғы енеді. “Бір тәуекел, Алла!” – деп, Түгел батыр жөнелді. Жаудан қорқып қайтпаған, Атының басын тартпаған Әруақты ер еді, Кереметті пір еді. Сол уақыттар болғанда, Шұбалған шаңды көреді. Шаң астына қараса, Алты мыңдай қол шықты, Алты жерден көтерген Желбіреген ту шықты Қанаты бар қара атпен, Үсті толған болатпен, Көк бүркіттей шаңқылдап, Дулығасы жарқылдап, Алакөбек ер шықты. Көрінді жаудың қарасы, Енді болды тамаша-ай! Қарсыласып екі жау, Жақындап қалды арасы-ай. Екі жақтан екі қол Тұра қалды сап түзеп, Бір-біріне оқ кезеп. Алакөбек шығып тұр: “Бір қазақ кел, – деп, – жекпе-жек”. Қанын құйып қалтаға, Басын ұрып балтаға, Өзі батыр болғансын, Өлемін деп қорқа ма. Алакөбек шығып тұр: “Біреуің кел, – деп, – ортаға”. Айтулы ердің бірі еді, Қолында оғы кезеулі. “Батырына қазақтың Жекпе-жек шықсам!” – деп еді. Ат ойнатып, ақырып, Маңдайын аттың тіреді. Ақырып қалмақ тұрады, Адырнасын құрады. Жыға деген бір батыр Қалмаққа қарсы шығады. Барған жерден Жығаны Қалмақ атып жығады. Жыға батыр өлген соң, Қазақтың белі сынады. Бөкенбай, Есет, Жәнібек – Соларды жоқтап жылады. Астында қара ат ойнайды, Ішіп, қанға тоймайды. “Батырың болса, шығың!” – деп, Қазақты сөгіп қорлайды. Алакөбек қалмаққа Шығатын батыр болмайды. Енді батыр шықпады, Шыққанды қалмақ мықтады. “Батырың болса, келің!” – деп, Қазақты сөгіп боқтады. Қалмақтың айтқан бұл сөзі Сүйектен өтіп кетеді, Ту ұстап тұрған Түгелдің Құлағына жетеді. Сексенге келген Түгел қарт Бұған не амал етеді? Енді Түгел шықпаса, Қазақтың ары кетеді. Кеткенменен тұрмайды, Қазақты шауып, ұнтайды. Сонда Түгел толғайды, Жасыл туын бұлғайды, Жасы ағып көзінен, Қысылып қалмақ сөзінен, Жыламасқа болмайды: –Қайран қазақ елім-ай! Сынды жаудан белім-ай! Белім сынбай, не қылсын? Қырылды жаудан елім-ай! Есет пенен Бөкенбай, Арғыннан шыққан Жәнібек, Тілегін берген бір Құдай. Заманыңда ер болып, Қалмақты қырдың бірталай. Қартайып тұрған шағымда Қысылды жаудан інің-ай! Осы бүгін жар болып, Бір көрінсе көзіме-ай, Тарқар еді ішімнен Менің қайғы-шерім-ай! Қайтып келсейші баяғы Өткен жастық күнім-ай! Қайтып келсе сол күнім, Осы күнде өзім-ай, Жіберер едім қалмақты Жеті тамұқ түбіне-ай. Өткен күнім келмейді Қазасыз пенде өлмейді. Қартайып тұрған шағымда, Қайтып тұрған бағымда, Алакөбек кез болып: “Жекпе-жекке кел, – дейді. Енді бұған не шара?” Осылай деп бейшара, Жылап, толғап, еңірейді. Жылап тұрған өз көзі, Түгелдің айтқан бұл сөзі Жиналып тұрған қазақтың Құлағына кірмейді. Және Түгел толғайды: – Бір жаратқан Құдайым, Өзіңнен жәрдем сұрайын. Жәрдем берсең, Құдай-ай, Пендеге бар ма уайым? Қартайсам да, халық үшін Енді өзім шығайын. Шығатұғын батыр жоқ, Тумаса, қайдан табайын? Қазам жетсе қалмақтан, Өлсем, өліп қалайын. Ақ шейітке қосылып, Ұжмақтан орын алайын. Егер қазам жетпесе, Бұл қалмақты қағайын. Қайтер екен әлі де, Сабыр етіп тұрайын. Кешегі көрген түсімді Осы бүгін сынайын. Айдаһардың үстіне Төніп тұрған ақ бұлт, Сол бұлттан бар үміт. Қалмақтың тобын бұзғандай Шықпас па екен бір жігіт? Сол уақтары болғанда, Екі көзден жас ағып, Түгел қарт толғап тұрғанда, Қабағын тастай түйінген, Көк бүркіттей иілген, Қас-қабағы бүрілген, Қалың қолды қақ жарып Шыға шапты бір шырақ. Жауға шапқан баланың Он сегізде жасы бар, Қиылған қалам қасы бар. Жас та болса, баланың Балаған мыңға басы бар. Астында ақ боз аты бар, Мойнында тұмар хаты бар. Ескендірдей баланың Басына біткен шахы бар. Бір Аллаға сиынып, Қалмаққа шапты қар құдар. Баланы көріп қалмағың, Атының басын бұрады. Атайын деп баланы, Қалмақ оғын құрады. Атпай тұрып, баланың Аты-жөнін сұрайды. Сонда қалмақ толғады: – Сен не қылған баласың? Оттай қаулап жанасың. Жас жаныңды аямай, Маған неге шабасың? Атайын деп мен тұрмын, Атсам, өліп қаласың. Ажалың айдап бара ма, Қайда шауып барасың? Қай батырдың сойысың, Қай қазақтың ұлысың? Жылдам білдір жөніңді, Қай қазақтан боласың? Сонда бала сөйледі: – Мен қазақтан шыққан баламын, Қаулап оттай жанамын. Байқап қара, қалмағым, Жас та болсам, аламын. Сендей кәпір қалмақты Отқа өртеп жағамын. Абырой берсе Құдайым, Ит қалмақ, сенің басыңды Қанжығама таңамын. Менің жөнім осылай, Сені алмаққа барамын. Сонда қалмақ сөйледі: – А, жас бала, жас бала! Бола берме мас, бала! Қолым тимей жағаңа, Атыңнан жылдам түс, бала! Қолым тисе жағаңа, Боларсың көпке масқара. Тарта сөйле тіліңді, Міндет қылма дініңді! Қай қазақтың ұлысың, Қай батырдың сойысың? Жылдам білдір жөніңді. Сонда бала сөйлейді: – Мен айтайын жөнімді, Алаулаған қалмағым. Тыңдап қара сөзімді, Бір Құданың құлымын. Мұхаммедтің үмбеті, Шын мұсылман – өзіммін. Анамның аты – Қарқара, Сатыбалды ұлымын. Нағашым – Серке батырдың, Сүйекті Серке сойымын. Кіші жүздің ішінде Руым менің – табын-ды, Аллаға сырым мәлім-ді. Жіберуге келемін Жеті тамұқ түбіне Бір шыбындай жаныңды. Қолыңнан келсе, аяма Өзіңдегі барыңды. Алакөбек қ алмақ тың ү шінші сөйлеуі Сонда қалмақ сөйледі: – Арқаның алты саласы, Жалпақ жатқан даласы, Мекені еді қалмақтың Жайлаған ата-бабасы. Байтақ жатқан халқымды Мекенінен қозғаған – Сіздің қазақ баласы. Сол себепті қазақтан Алуға тұрмын кегімді, Қыруға тұрмын еліңді. Өлтірдім талай, жас бала, Ортаға шыққан еріңді. Әуелгі кезек менікі, Кезегімді бер енді. Қалаған жерден атамын, Батыр болсаң, тұр енді. Кезектесіп атысқан Ерлерден қалған жол еді. Барақтың үшінші жауабы: Сонда бала сөйлейді: – Алакөбек батырсың, Дін дұшпаны – кәпірсің. Қазақтың қатын-баласын Қыруға келе жатырсың. Құдай білер мұныңды, Ала бер, қалмақ, жолыңды. Қалаған жерден ата бер Кезеулі тұрған оғыңды. Қазам жетсе, өлермін, Бейнетім болса, көрермін. Егер қазам жетпесе, Мен де саған төнермін. Осылай деп ер Барақ, Қарсы қарап тұрады. Алладан жәрдем сұрады. Кәпірдің атқан оғына Бір тәуекел қылады Сол уақтары жау қалмақ Тұттай көзі жанады, Күшін жинап алады. Қорамсаққа қол салып, Көп оғына жол салып, Толықсып тұрған баланы Толғап тартып салады. Бала киген сауыт жоқ. Не қылып аман қалады? Ажалсыз жанға өлім жоқ, Кәпірдің оғын қағады. Оғы жөніне кетеді, Алакөбек қалмақты Ер Барақ енді не етеді? Балаға кезек жетеді. Астындағы боз атпен Алдынан шауып өтеді. Сауыттың ашық жеріне Көзі түсіп кетеді. Айналып батыр бұрылды, Сауыттың ашық жеріне Найзаны бала бұйырды. Қабаттап киген ақ сауыт Найза тиіп, жиырылды. Қазақ байғұс Аллалап, Бір Құдайға сиынды. Түсіре алмай қалмақты, Бала көрді қиынды. Әрлі-берлі ырғайды, Аттан қалмақ аумайды. “Кезегім менің бітті”, – деп, Қалмақ қарап тұрмайды. Бұ да салды найзаны, Алдырмасқа бұл кәпір Істеп жатыр айланы. Екі батыр алысты, Бермеймін деп намысты. Бірін-бірі ала алмай, Алатын амал таба алмай, Бірталай жерге барысты. Малды салды қонысқа, Бөтен амал таба алмай, Алакөбек қалмағың Балта салды ұрысқа-ай. Ұрған балта өтпеді, Шапқан қылыш кеспеді. Алакөбек батырдың Бұл жұмысы бітпеді. Қанша ұрысып жүрсе де, Нағашысы Серкеден Қалап алған ақ алмас Батыр туған Барақтың, Сірә, есіне түспеді. Мінді батыр күшіне, Тұрсын қарап несіне? Қылышты көзі көрген соң, Беліндегі ақ алмас Сонда түсті есіне. Кәміл пірге сиынып, Суырды белден алмасын. Қиялай тартып қылышпен, Екі бөлді кеудесін, Тастады кесіп кәллесін. Қалмақ аттан құлады, Ұзынынан сұлады. Шын алтыннан соқтырған Дулығасы бар екен, Еңкейіп аттан алады. Қанаты бар қара атты Қосарлап батыр шабады. “Батырың болса, келің!” – деп, Қалмаққа қарсы тұрады. Алакөбекті өлтіріп, Басына бақыт қонады. Алакөбек өлген соң, Ерлікті көзі көрген соң, Жекпе-жекке шыға алмай, Қалмақ қаптай шабады. Жабыла қалмақ шапқанда, Қазақ қалай тұрады? Араласып екі жау, Жалпы соғыс болады. Лалаулаған қалмаққа Барақ қырғын салады. Өліп жатқан қалмақтың Қаны судай ағады. Қалмақ қашып қазақтан, Сай-салаға бұғады. Ерлікті Барақ асырды, Қалмақты қырып қашырды. Бір Құдайым жар болып, Алакөбек басылды. Қартайса да Түгел қарт, Бұ да қырып келеді. Айтпай не қып кетейін Сол секілді асылды? Олжа көрсе, басатын, Жауды көрсе, қашатын, “Ер” деп не қып айтамыз Мойынға түскен масылды? Барады қашып қалмақтар, Келеді қуып қазақтар. Қашқан жауға қатын – ер, Бәрі де батыр болып кетті Алакөбек қалмаққа Шыға алмай тұрған шырақтар. Қалмақ қашты саладан, Он сегіз жасар баладан. Қашқанын біліп қалмақтың, Қуды қазақ даладан. Бір уақыттар болғанда, Ер Барақтың қасына Жетіп келді бір адам, Ақ шалмасы басында, Иман жүзді нұрлы адам. “Қолыңдағы найзаңды, Балам, бер”, – деп сұраған. Әруағын байқаса, Қардай жауып, бораған. Бұл адамды көрмейді Шауып жүрген аламан. Қолындағы найзасын Батыр Барақ береді, Пірі екенін біледі. “Қалмай, балам, ізімнен, Адаспай ергін”, – деп еді. Әлгі алған найзамен Қалмақты қырып келеді. Қайратына қызығып, Ізінен бала ереді. Асқар төбе бел еді, Кейде шауып жөнелді. Ақ сәлделі адамның Әруағы өрледі. Қарсы келген қалмақтың Жарылып өлді жүрегі. Ізінен жетсе, қалмақты Көк сүңгіменен түйреді. Қалмақты қырып болған соң, Әлгі алған найзасын Қайтып келіп береді. “Бәрекелді, балам! – деп, Мен – Әзірет бабаң”, – деп, Ғайып болып жөнелді. Әзіреті Қызыр бабаның Шылауында жүргенін, Қалмақты қырып бергенін – Мұны ешкім білмеді. “Алты мыңдай қалмақты Барақ қырды”, – деп еді. Құдай артық жаратқан Оқ өтпейді Барақтан. Жібермеді бір адам Алты мыңдай қалмақтан. Қалмақты қырып болған соң, Қас қарайып, күн батқан, Бір мезгілде таң атқан. Таң атқансын, Түгел қарт Жар салып, халықты жинатқан. Жинады батыр олжаны, Сапарын Құдай оңдады. Көп жиылған қазаққа Сонда Түгел толғады. Бұл жерде келген алты мың қалмақты өлтіргенін өлтіріп, өлтірмегенін тірідей ұстап, алты мың әскердің ат-тонын олжалап, ертеңгі сәске кезінде бір төбенің басына Түгел қарт халқын жинап: “Кешегі күнгі Алакөбек қалмаққа жекпе-жек шығып өлтірген бала қайда? Соны менің алдыма алып кел”, – деп Түгел қарттың толғағаны: – Атқа міндік алмалап, Қалмаққа шаптық Аллалап. Бір Құдайым жар болып, Қалмақты жеңдік олжалап. Көп жиналған Алашым, Бұл сөзіме сал құлақ. Алакөбек батырға Бүкіл қазақ, бәрің де Шыға алмадың қорғалап. Кәрілік, саған сене алмай, Бұл қорлыққа көне алмай, Сол уақыттар жыладым, Көзімнен жасым сорғалап. Сол уақыттар болғанда, Жыға батыр оққа ұшып, Қалмақ сөгіп тұрғанда, Қалың топты қақ жарып Шыға шапты бір шырақ. Әруағын байқадым Сол уақытта мен сынап. Зікір айтып пірлері, Ортаға алды қоршалап. “Заманында ер болып Екі Барақ келер”, – деп, Аян берді әруақ. “Әуелгі Барақ” дегенім – Қоныстың ұлы Құлбарақ. Заманында ер болып Өтіп еді сол Барақ. “Екінші Барақ” дегенім – Сатыбалды ұлы – бұл Барақ, Асынғаны – жау-жарақ, Алакөбек кәпірге Ұмтылып еді Аллалап, Алакөбек кәпірді Өлтіріп еді паршалап. Кешегі бала сол шығар, Осы көпте бар шығар. Сол баланы алып кел, Қандай екен, көрейін. Егер Барақ сол болса, Жасыл туды ұстатып, Ақ батамды берейін, – деп Түгел қарт толғап тұрғанда, қазақтың басты адамдары: “Кешегі Алакөбек батырға жекпе-жек шығып, өлтірген бала қайда?” – деп жар салады. Баланы тауып, Түгел қарттың алдына алып келген жері: Қазақ кеңес құрады, Алладан жәрдем сұрады. Көп жиылған қазаққа Түгел қарт толғап тұрады. Түгелдің айтқан бұл сөзі Көпке мақұл ұнады. “Алакөбек қалмақты Өлтірген бала қайда?” – деп, Кіші жүзден сұрады. Сол уақытта Кіші жүз Барақтап ұран салады. Барақтың ұран болуы Сол заманнан қалады. Кіші жүздің ішінен Баланы іздеп табады. Түгел қарттың алдына Бала жетіп барады. Сәлем беріп, иіліп, Қолын барып алады. Көрді Барақ батырды, Алдына Түгел шақырды: – Өлтірген бала сенбісің Алакөбек кәпірді? Көрейін деп көп қазақ Баланың үстін жапырды. Сол уақытта Түгел қарт: “Кейін тұр!” – деп ақырды. Сонда Түгел сөйледі: – Айналайын, балам-ай, Алла болсын панаң-ай. Рақмет болсын, шырағым, Сені туған анаңа-ай. Балам, білдір затыңды, Балдай сөзің татымды. Ата-анаң, нағашың, Білдірші маған баршасын, Кім дейді қойған атыңды? Қайырлы қылсын Құдайым Басыңа біткен шахыңды! Сонда бала сөйледі: – Кереметті бабайым, Жар болсын бізге Құдайым! Қартайсаң да, бабам-ай, Ақылға толық сарайың. Сізді жауға шығарып, Мен қалайша тұрайын? Мен айтайын жөнімді, Тыңдап қара сөзімді. Сатыбалды баласы – Барақ дейді өзімді. Кіші жүздің ішінде Табын дейді затымды. Анамның аты – Қарқара, Жібермен жауға ақымды. Жеті атадан дұғалы Нағашым – Серке батыр-ды. Құдайым жәрдем болған соң, Өлтірдім қалмақ кәпірді. Алайын деп батаңды, Көрейін деп атамды, Алып келдім жетелеп Түсірген жаудан атымды. Сонда Түгел сөйледі, Бір Аллаға Түгелдің Тілегі қабыл ер еді. Алдындағы Бараққа Қол жайып бата береді: – Айналайын, Барағым, Ойнасын жауда жарағың! Кәпір жауға барғанда, Көтерілсін талабың! Жүрген жолың ашылсын, Атысқан жауың басылсын! Атың шығып жаһанға, Торпағың көпке шашылсын! Жеті атаңа барғанша, Сары алтындай азбайтын Айнымайтұғын асылсың. Ерегіскен дұшпаның Аяғыңа бас ұрсын! Дәреже қонсын басыңа, Өмір берсін жасыңа! Кәпір жауға барғанда, Ақсары бас қу болып, Әруақ қонсын қасыңа! Осылай деп Түгел қарт, Қол жайып берді батасын. Жасыл туды ұстатып, Түзеді пірдің сапасын. Қанаты бар қара атты Түгел қартқа мінгізіп, Сыйлады батыр атасын. Олжаға батып көп қазақ, Үлесіп олжа алады. Әр адамның басына Бірнеше аттан қорада. Кірелеп нарға артылды Қырылған жаудың жарағы. Дұшпанын жеңіп, тыншайып, Еліне қазақ тарады. Енді қалмақты жеңіп, ат-тонын олжалап, қазақтар әрқайсысы өз еліне амандасып айрылысты. Келген алты мың әскерден еліне біреуін қайырмай, барлығын өлтіргенін өлтіріп, өлтірмегенін тірідей тұтқынға алды. Қазақтың еліне алты мың әскер аттандырған қалмақтың халқы не болғанынан хабарсыз қалды. Барақ батыр қазаққа жар салды: “Қалмақтың еліне аттаналық! Біз өзіміз барып, қаласын бұзып, халқын талқандап, шауып алмасақ, қалмақ бізге тыным бермес. Алты мың әскердің әлек болып, Алакөбектің өлгенін өзіміз естірмесек, болмайды”, – деп. Барақтың осы бұйрығы бойынша байтақ қазақтың елінен қырық жігіт даярланыпты. Досы би дейтін ақылды данышпан би бар екен, сол Досы биді басшы қылып, қырық жігітпен Барақ келген алты мың әскердің сүрлеу ізіменен қалмақтың елін іздеп кетті. Қызылдың қия шөліне шыққан соң, жосылған ізден адасып, қу мекен шөлге шығып кетіп, жолды таба алмай, аттары шөлдеп, қырық жігіт: “Кейін елге қайтайық” деп уағда етеді. Ер Барақ қырық жігітінің торыққанын біліп, Аллаға мінәжат етіп, көк найзаға сүйеніп тұрып толғаған жері: – Байладым қару беліме, Олжа салып еліме. Және аттанып, қалмақтың Келемін түсіп ізіне. Жосылған ізден адасып, Шығып кеттім шөліне. Жанның басқан бір ізі Көрінбейді көзіме. Мінәжат етіп сиындым, Бір Жаратқан, өзіңе. Жаратып бізді шығардың Бұл дүниенің жүзіне. Қырық жігітке бас болып, Ерлігіме мас болып, Шығып ем елге көріне. Тілекті берсең, Құдайым, Қандырғыл рақым көліне. Су таба алмай, шөлдедім, Жан таба алмай, меңдедім. Тілегімді берместей, Сүймейтін пендең мен бе едім? Ылдиы жоқ, өрі жоқ, Құдығы жоқ, суы жоқ, Бұйра құмды қу дала Су бітетін жері жоқ. Маңдай түзеп жүретін Жанның басқан ізі жоқ. Шығып кеттім адасып Қу мекиен далаға-ай, Енді қайтса бола ма-ай?! “Жаяу айдап аттарды Барақ қайтып келді” деп, Қалдырма бізді табаға-ай От басында отырған Елдегі қатын-балаға-ай! Мінәжат етіп сиындым Бір Жаратқан, панаңа-ай! Тілекті берсең, Құдайым, Аспаннан жаңбыр жаудырып, Бүгін суға қандырып, Жеткізсейші қолымды Қалмақ салған қалаға-ай! Сол уақыттар болғанда, Көк найзаға сүйеніп, Батыр толғап тұрғанда, Сапарын Құдай оңдады, Бір сағаттай болмады. Қазандай қара бір бұлт Жауайын деп торлады. Су таба алмай тентіреп, Найзасымен жер тіреп, Бір Аллаға сиынып, Тұр еді батыр су тілеп. Қазандай қара бір бұлт Жауайын деп күркіреп, Бұлт ойнап келеді, Келе құя береді. Су сарқырап ағады, Тарыққанда осындай Тілегі қабыл ер еді. Шөлдеп тұрған батырлар Аттан түсе қалады, Аты менен өздері Суға мықтап қанады. Бір күн жатып, демалып, Ат оттатып алады. Суға қанып алған соң, Тілегі қабыл болған соң, Жолды іздеп табады. Жолға түсіп батырлар, Қуанысып шабады, Қалмақтың елін табуға, Қаласын бұзып шабуға, Күн-түн қатты, жол жүріп, Іздеп кетіп барады. Батырлар жолға түсіп, бірнеше күн жол жүріп, қалмақтың бір бөлек қаласының үстінен шықты. Қырық жігіт қалаға көріне шабуға жүрексініп тұрғанда, ер Барақтың қаланы көріп, қайраттанып, қырық жігітін қайрап, ағасы Досы биден ақыл сұрап толғаған жері: Суға қанып алған соң, Тілегі қабыл болған соң, Көңілден қайғы кетеді. Қалмаққа талап етеді, Күн-түн қатып жол жүріп, Не жерлерден өтеді. Алакөбек жеріне, Қалмақтың қалың еліне Бір күндері жетеді. Қалмақтың көрді қаласын, Енді табар айласын. Қаланы көріп алған соң, Қолына алды найзасын. Басшы қылған алдында Дос би деген ағасын: “Шабайық, – деп, – қалаға”, Қайрады батыр жолдасын. Енді іркіліп тұра алмады Қаланы көріп алған соң, Жолдасына ер Барақ Біразырақ толғасын. Сонда Барақ сөйледі: – Әй, қырық жігіт, жолдасым! Ақылдасым, мұңдасым! Сендерді жауға бермеспін, Кесілмесе бір басым. Қырық жігіттің ішінде, Дос би, басшы ағасың. Тар жерде ақыл табатын Сен ақылға данасың. Бүгін көрсет, Досеке-ау, Көп ақылдың пайдасын! Биікке шығып, қалмақтың Көріп тұрмыз қаласын. Қаласын бұзып, құлатып, Көл құсындай шулатып, Шығалық айдап қалмақтың Қатыны менен баласын. Іздеген жауым табылды-ай, Құдай ашқай бағымды-ай! Шаппаймысың, жігіттер, Жаулап келген жауыңды-ай, Аулап келген ауыңды-ай? Қырық жолдасым, шабыңдар, Қайтарма жаудан тауымды-ай! Өзім бастап шабамын, Ердің ісі – тәуекел, Керек пе елге уайым? Қаласын бұзып қалмақтың, Бір талқандап шығайын. Бізге жәрдем бере көр, Жаратқан ие, Құдайым! Бүгін шауаш етелік! Өлсек, өліп қалармыз, Өлмесек, бұзып алармыз. Тұлымдысын тұл етіп, Аруларын күң етіп, Ат көтіне салармыз. Қырғын салып қалмаққа, От жіберіп шарбаққа, Қанын төгіп кәпірдің, Жіберелік тозаққа. Келіп тұрып, бос қайтсақ, Болмай ма намыс Бараққа, Болармыз мазақ қазаққа. Ғазатқа шыққан ерлерді Жеткізген Тәңірім мұратқа. Кел, жігіттер, шабыңдар! Хабар тапса бұл қалмақ, Өтіп кетер ар жаққа, Хабар салар жан-жаққа. Сібірден ары өткен соң, Қиын болар алмаққа. Барақ батыр қырық жігітіне бұлайынша кеңес айтты. Барақ батырдың кеңесін тыңдап тұрып, сонда Досы бидің айтқан ақылы: Досы би сонда сөйледі: – Айналайын Барағым, Ойнасын жауда жарағың. “Жасы үлкен аға” деп, Ағаңнан ақыл сұрадың. Ақылыма түсінсең, Сабырлыққа шыдаңыз. Сабырдың түбі – сары алтын, Естіген жоқ па құлағың? Сабырлықпен іс қылсаң, Асыл болар мұратың. Қалмаққа келдік аттанып, Айтамын ақыл, сақтанып. Айласыз батыр тез өлер, Ерлігіне мақтанып. Жау қарасын көрген соң, Шабуға тұрмыз оқталып. Алакөбек қалмаққа Тұрғаның жоқ тоқталып. Екі бөлдің кеудесін, Шамырқанып, шаттанып. Мұны көріп, қуанды Қазақ байғұс мақтанып. Байлап қару беліңе, Олжа салып еліңе, Және аттанып қалмақтың Келіп тұрмыз жеріне. Айналдырған қырық жігіт Ер болсақ та көріне, Байтақ жатқан қалмақтың Тие алмаймыз еліне. Мен бір ақыл айтайын, Көрінсе мақұл көбіңе. Бұл сөзімді, Барағым, Арнап айттым өзіңе. Айдынды туған Барағым, Құлағыңды сал сөзіме. Қырық жігіттің ішінде, Қалмақтың тілін білетін Ысылған жігіт бар болса, Жансыз қылып қалмақтың Жіберелік еліне. Батырлық деген он түрлі, Ақиқат батыр бір түрлі Алатын жауды найзамен. Тоғыз түрлі батырлық. Болады батыр айламен. Ақиқат батыр сен едің Тар жерде ақыл табатын Ағаң – Дос би мен едім. “Әзір шаппай тұралық Лалаулаған қалмақты, Алармыз оңай” деп едім. Әзір шаппай тұралық, Барағым, етпе балалық. Жансыз болып қалмаққа Біреуіміз баралық. Өзі болып қалмақтың Барып, жарды салалық. “Алакөбек ел шауып, Аман-сау қайтып келед”, – деп, Сүйіншіні сұралық. Біреудің кеткен баласы, Аттанып кеткен қалмақтың Атасы менен анасы Алдыңнан шығар шұбалып. Қыз-келіншек, әйелі Қалмай шығар қуанып. Қаладан аулақ шыққан соң, Лалаулаған қалмақты Айламен сөйтіп алайық. Айласыз батыр тез өлер, Айламен нашар теңелер. Айламенен іс қылсаң, Сапарың сенің оңалар. Досы би бұлай дегенсін, Қасындағы қырық жігіт Бір жерге қойды кеңесін. Досының сөзін байқады, Атының басын тартады. Тайша деген бір жігіт Сонда көпке айтады, Тайша сонда сөйледі: – Ақылын айтты Досекең, Ақиқат ақыл осы екен. Хабар таппай тұрғанда, Қаланың аузы бос екен. Айтқанын мұның істелік, Бұл ақылды кісі екен. Мен барайын қалмаққа, Құмар болып мен тұрмын Жансыз болып бармаққа. Қалаға жалғыз кірейін Сиынып ата-әруаққа. Жеті жасар күнімде Қалмаққа түскен мен едім, Тоғыз жылдай қалмақтың Түйесін бағып жүр едім. Он алты жасқа келгенде, Елге қашып келгенмін. Сол себепті қалмақтың Сөйлеп тілін білемін. Жіберсең, барып келейін, Хабарын анық берейін, Қазам жетсе, өлейін. Егер қазам жетпесе, Қаласынан қалмақты Бір шығарып берейін. Тайша батыр қалмақша киініп, қабағын тастай түйініп, бір Аллаға сиынып, қалмақтың қаласына жалғыз кірді. Көп жиылып тұрған қалмақтардың ортасына барып, Тайшаның толғап тұрған жері: Тайша деген ер еді. Ерлігінің белгісі – Аузы қанды бөрі еді, Қаласына қалмақтың Тайша жалғыз кіреді. Барған күні Тайшаның Қалмақтың мейрам күні еді. Көп жиналған қалмаққа Тайша тұрып сөйледі, Сөйлегенде бүй деді: – Аттанып кеткен қазаққа Алакөбек ер еді, Аламаны көп еді. Қазақты шауып, олжалап, Аман-сау қайтып келеді. Қазына-жасау жайнатып, Аяқты малды тулатып, Жесір айдап, шулатып, Жүргізе алмай келеді. Кештен қалмай, қалаға Осы бүгін кіреді. Қасындағы жолдасы Еріп жүрген мен еді. “Елімді, барып, қуант”, – деп, Мені жұмсап жіберді. Алдынан шықсаң қуанып, “Батыр, сауға!” – дегенге Қалағанын береді. Мұны естіп қалмақтар, Қаладан шыға береді. Тапқаны көлік мінеді, Таппағаны жаяулап, Жаяу жүгіре береді. Тайша жарды салады, Ақылсыз қалмақ нанады. Қыз-келіншек, әйелі Қалмай шауып барады. Қаладан аулақ шыққан соң, Аңдып тұрған батырлар Қаршығадай шабады, Еркегін қоймай қырады. Қыз-келіншек, әйелін Қамап ұстап алады. Қайта кіріп қалаға, Қазыналы жасауын Кірелеп нарға артады. Алды толған мал алып, Шулатып жесір, жан алып, Жолы болып Барақтың, Аман-сау елге қайтады. Барақ батыр қалмақтың бір бөлек елін шауып алып, еліне қайтады. “Қаланы қазақ шауып алды”, – деп, қалмақтың ханы Қатты Сыбанға хабар береді. Қатты Сыбан хан: “Халқымды қазақ келіп зәбірлейді”, – деп ойлап жүрген жоқ еді. “Алты мың әскерменен Алакөбек батырымды қазаққа аттандырдым. Қазақты шауып, олжа алып келеді”, – деп жүр еді. “Елді қазақ шапты” дегенді естіп, халқынан үш жүз батыр ертіп, Көксуын деген тұлпар атын мініп, елін шапқан қазақтың артынан қуған жері: Қатты Сыбан ер еді, Ерлігінің белгісі – Аузы қанды бөрі еді. “Хан болып өзім тұрғанда, Қаласына қалмақтың Дұшпан келмес”, – дер еді. “Алакөбек батырым Қазақты шауып, олжалап Келеді”, – деп жүр еді. Үш жүз қалмақ ертіп, Елін шапқан қазақты Баса қуып жөнелді. Астындағы Көксуын Маядай мойнын созады, Шапқан сайын қызады. Үш жүз атты қалмақтан Көксуын басып озады. Басын тартса, тұрмады, Артына мойнын бұрмады. Сүйегі қызып кеткен соң, Дегенді тұлпар қылмады. Көксуын тұлпар есірді, Төрт аяғын көсілді. “Айырып алып қалам, – деп, Шулаған жетім-жесірді. Келе берің артымнан, “Жалғызбын” деп тартынбан. Мың кісіге бір өзім, Сұраман көмек халқымнан. Көксуын тұлпар шапқан соң, Жер танабы тартылған. Айырып алып қалайын, Көп ұзатпай жақыннан. Кегімді алып қалайын Елімді шапқан батырдан”. Астындағы Көксуын Оқ жыландай атылған. Астына мінген көк атқа Сыбан хан қамшы басады. Шаңы шығып аспанға, Күдерден күдер асады. Шаң-тозаңын суырып, Жер танабын қуырып, Қанатты құстай ұшады. Сол уақыттар Көксуын Арандай аузын ашады, Аяғын топтап басады, Бір төбенің тозаңын Бір төбеге қосады. Шапқан сайын оянып, Қара терге батады. Елін шапқан қазаққа Жететін қалмақ ұсады. Қалмақтың елін шауып, жесір алып, мал айдап бара жатқан қазақтың батырларына Қатты Сыбан хан шаңы аспанға шығып қуып жететін болды. Қуғыншыны көріп, қырық жігіттің көңліне қорқыныш, алағада кірді. Қасындағы қырық жолдасының қуғыншыдан қауіпті қорқынышын біліп, Ер Барақтың Досы биден ақыл сұрап, қырық жігітін қайрап, толғап тұрған жері: Сонда Барақ сөйледі: – Әй, қырық жігіт, қырық жігіт! Қуғыншы келді, тұр, жігіт! Жауды көрсе, шабатын Бәріміз де ер жігіт. Қалмақ қуған ұсайды, Енді ұрыстың қамын ет! Бізге жәрдем бере гөр, Бір жасаған Құдірет. Көрген жауың осы ма? “Жау келді” деп шошыма, Аптықпа көңлім, сабыр ет. Арт жағыма қарасам, Будақтаған шаң шықты. Шаң астына қарасам, Бізді қуған жау шықты. Алдымызда көгеріп Аққан өзен су шықты. Досеке, басшы ағасың, Тар жерде ақыл табатын, Сен ақылға данасың. Бүгін көрсет, Досеке-ау, Көп ақылдың пайдасын. Көріп тұрмыз алыстан Қуғыншының қарасын. Ер жігіт қайтып бере ме Қолындағы олжасын? Ұйқы көрмей, түн қатқан “Қара қалмақ” дейтұғын Қатты Сыбан болмасын. Бір жолықпай қалар ма, Артымыздан қуғанмен? Қасымдағы қырық жігіт, Қатты Сыбан қалмаққа Қайсысың тұрып қаласың? Арыстандай білекті, Жолбарыстай жүректі Қатты Сыбан қалмаққа Батыр жігіт керек-ті. Абыройлы боларсыз, Тәңірім берсе тілекті. Осы сапар, Досеке-ау, Сендерге бердім кезекті. Барақ сынды ініңе Бермейсіңдер ме көмекті? Досы би сонда сөйледі: – Батыр туған Барағым, Ойнасын жауда жарағың. “Жасы үлкен аға” деп, Ағаңнан ақыл сұрадың. Тар жерде ақыл табатын Ағаң – Досы би мен едім. Жау жағымда тұратын Әруақты інім сен едің. Тар жерде ақыл таппасам, Қол қайратқа кем едім. Қасымда жүрсең, Барағым, “Дұшпанға бермес” деп едім. Қара тастан жаралған Айнымаған жүрегің, Беріп тұрсың кезегің. Жау көрінбей тұрғанда, Бір кісіменен бір едің. Жау қарасын көрген соң, Мың кісіменен теңелдің. Қара тастан жаралған Айнымаған жүрегің. Қырық жігіттің кезегін Берсең де, бұлар ала алмас Қарсы тұрып қала алмас. Буынғаның беліңе – Балдағы алтын ақ алмас. Сен тұрғанда, бұлардың Біреуі ұстап, шаба алмас. Жасыңнан Барақ атанып, Шамшырақтай тұтанып, Аттанып едің қалмаққа, Түгел қарттан бата алып. Артымыздан қуғыншы Жау келеді тақалып. Қатты Сыбан қалмаққа Өзіңіз тұрып қалмасаң, Біз қалармыз шаталып. Малды айдап қуалық, Ағып жатқан Есілдің Өткелін тауып алалық. Өткелін тауып алмасақ, Бұрын өтіп қалмасақ, Алдымыздан су шығып, Артымыздан жау қуып, Біз қалармыз қамалып. Кетпесін жауға арымыз, Алла болғай жарымыз. Судың бергі жағында Қалмасын олжа малымыз. Тілімді алсаң, Барағым, Қатты Сыбан қалмаққа Өзіңіз тұрып қалыңыз. Сонда Барақ сөйледі: – Он сегіз мың ғаламға Пана болғай, Құдайым. Өзіңнен жәрдем сұрайын, Жәрдем берсең, Құдай-ай, Пендеге бар ма уайым? Олай десең, Досеке-ау, Өзім-ақ тұрып қалайын. Бұл секілді қалмақтың Көрермін әлі талайын, Иен аулақта ұрысып, Бір құмардан шығайын. Қырық жігітім, барыңыз, Алла болғай жарыңыз. Судың бергі жағында Қалмасын олжа малыңыз. Барақ інің сау тұрса, Дұшпанға кетпес арыңыз. Досеке, жолға бастаңыз, “Жау келді” деп саспаңыз. Мынау Барақ ініңді Жау бетіне тастаңыз. Қазам жетсе, өлермін, Ақтың жөнін көрермін. Егер қазам жетпесе, Келе жатқан қалмақты Бір тоқтатып берермін. Абырой берсе Құдайым, Қанын жерге төгермін. Ағып жатқан Есілге, Аман болсам, Досеке-ау, Артыңнан қуып жетермін. Осылай деп ер Барақ, Қарсы тұрып қалады, Алладан жәрдем сұрады. Келе жатқан қалмаққа Бір тәуекел қылады. Шаң-тозаңын суырып, Жер танабын қуырып, Бала қарсы тұрады, Бір Аллаға сиынып. Үш жүз атты көп қалмақ Келе жатыр құйылып, Кезеулі оғы қолында, Аламаны соңында, Келе жатқан қалмақтың Тұр еді бала жолында. Тұр еді жалғыз оңаша, Енді болды тамаша. Келе жатқан қалмақтың Кескініне қараса, Басы қара қазандай, Кірпіктері сабаудай, Екі көзі қалмақтың Жанып тұрған панардай. Аузын байқап қараса, Қазып қойған ұрадай. Аузынан шыққан түтіні Бұрқырайды тұмандай. Келе жатқан қарқыны Арқадан соққан борандай. Айбатына қараса, Күркірейді қабандай. Әр саусақтың жуаны Жаңа туған баладай. Тұрпатына қараса, Балшықтан үйген моладай. Түгі шығып сыртына, Ысқырады жыландай. Екі аяғы салақтап, Екі көзі алақтап, Сыбан қалмақ таянды-ай. Сыбан жетіп келеді, Жалғыз тұрған баланы Сыбан қалмақ көреді. Баланы көріп жау қалмақ, Сонда тұрып сөйледі: – Мен бір жүрген лашын, Жазып келдім құлашым. Лашынның алдында Қарға тұрар бола ма? Не қылып тұрған баласың? Өлмей тұрып, жөніңді айт. Елімді шауып, бүлдіріп, Қайда қашып барасың? Сонда бала сөйледі: – Келдің бе, қу қалмағым, Сенде көп-дүр алмағым. Кәпір болдың, сен қалмақ, Дегенін қылмай Алланың. Аллаға қарсы болған соң, Сол себеп сені жауладым. Жаулығым әлі біткен жоқ, Жағаңнан қолым кеткен жоқ. Батыр болсаң, алып қал, Көзіңнің қырын салып қал, Есілден малың өткен жоқ. Сонда қалмақ сөйледі: – Қазақ деген ел едің, Ежелден жауым сен едің. “Қазақ шапты” деген соң, Баса қуып келемін. Алакөбек батырдың Ағасы Сыбан мен едім. Алты мыңдай қолменен Аттандырдым қазаққа Алакөбек ерімді. Ол да барып, бір жерден Шапқан шығар еліңді. Жылдам қайыр малымды, Қазына-мүлік барымды. Өлмей тұрып, тастап кет Қатын-бала, жанымды. Қайырмасаң, төгермін Бір қасықтай қаныңды. Менің атым – Сыбан ер, Қашаннан халыққа мәлім-ді. Өзің қандай, мен қандай, Білемісің әліңді? Сонда бала сөйлейді: – Бір Аллаға жылармын, Пірден медет сұрармын. Сыбан болсаң, бола бер, Мен де саған құмармын. Көп сөйлеме, қалмағым, Басыңды жерге тығармын. Абырой берсе Құдайым, Ит қалмақ, сенің басыңды Қанжығама тағармын. Батыр болсаң, алып қал, Көзіңнің қырын салып қал. Алакөбек ініңді Жекпе-жек шығып өлтірдім. Еліңді шауып бүлдірген, Найзаға жүрек ілдірген, Тұқымыңды тұл қылып, Аруыңды күң қылып, Ат артына мінгізген Барақ атты баламын. Өзіңменен жекпе-жек Бір айқасып қаламын. Атым – Барақ, танып қал! Сен – бір жүрген қабансың! Қарсы келдім, шалып қал. Егер шалып қалмасаң, Аларсың орын тамұқтан. Осылай деп ер Барақ Қалмаққа өзін танытқан. “Алакөбек ініңді Мен өлтірдім”, – деген соң, Берейін хабар қалмақтан. Қаһарланып, қарланып, Қар жаудырды қабақтан. Талап етті жау қалмақ – Алакөбек батырдың Алуға қанын Барақтан. Қорамсаққа қол салып, Қардай оғын боратқан. “Түсірем, – деп, – Барақты”, Бір атқанда, мың атқан. Қанша Сыбан атса да, Оқ өтпейді Барақтан. Кереметті ер еді, Құдай артық жаратқан. Қабыл болған секілді Түгелдің берген батасы. Қабыл болған батаның, Бар ма мұның қатасы. Болып еді Түгел қарт Қияметті атасы. Оқты қағып тигізбей, Қасында жүр баланың Алла ұрандай қожасы. Қабыл еді баланың Жас күнде қылған тобасы. Балтаменен салысты, Қылышпенен шабысты, Күшіменен қарудың Бәрі қирап қалысты. Тастай беріп қаруды, Жағаға қолды салысты. Қатты Сыбан ақырып, Қайыра берді жапырып: “Бермейін, – деп, – намысты”. Қатты Сыбан ер еді, Өзі мықты, зор еді. Жағадан ұстап баланы, Көк бүркіттей бүреді. Пірлер жәрдем болған соң, Түсіре алмай келеді. Батыр туған ер Барақ, Екі қолы босанып, Беліндегі алмасын Суыра алмай жүреді. Ғайып Ерен пірлері Келіп жәрдем береді. Сол уақыттар болғанда, Барақ мінген бурыл ат Тізесін жерге бүгеді. Сыбан мінген Көксуын Қарқынмен жүріп кетеді. Аты жүріп кеткен соң, Қолын жазып жіберді. Айрылып қалды Барақтан, Қолы кетті жарақтан. Қайта айналып келгенше, Беліндегі алмасты Суырды бала қынаптан. Бір айқасып қалғанда, Шапты батыр сағақтан. Қан сорғалап тамақтан, Қылыш өтіп кетіпті Үстіне киген сауыттан. Шамырқанып ұрғанда, Жан қалмайды болаттан. Таудай болған қалмақты Ер Барақ аттан құлатқан. Қалмақ аттан құлады, Ұзынынан сұлады. Балықтай шоршып, қалмақтың Жаны шықпай тұрады. Сол уақытта ер Барақ, Жәрдем болды әруақ, Аттан түсе қалады. Басын кесіп қалмақтың, Ұртын тесіп танадай, Шылбырменен ноқталап, Қанжығаға таңады. Бурыл аттың бір жағын Бір басының салмағы Қисайтып кетіп барады. Қатты Сыбанды өлтіріп, Басына бақыт қонады. Көксуынды жетелеп Қосарына алады. “Батырың болса, келің!” – деп, Қалмаққа қарсы тұрады. Сыбан батыр өлген соң, Ерлікті көзі көрген соң, Кеудесін бағып Сыбанның, Иіріліп қалмақ тұрады. Батыр туған ер Барақ Сыбанды жеңіп, олжалап, Көп қалмаққа қарамай, Ағып жатқан Есілге Қос тұлпарды салады. Сөгерліктен келмеді, Салып өте шығады. Қырық жігітке ер Барақ Аман-сау келіп қосылды. Ақылы толық Досыны, “Маңдай түзеп, Досеке-ау, Көшір, – деп айтты, – қосыңды”. Досы би елге жөнелді, Рауан жолға кенелді. Бірнеше күн жол жүріп, Еліне аман келеді. Атасы Түгел батырға Көксуын атты береді. Және батыр бата алып, Қош айтысып жөнелді. Бір өзіне батырдың Он екі жесір тиеді. “Батыр – сауға” дегенге Үлестіріп береді. Атқан мылтық тимеген, Шапқан қылыш өтпеген Кереметті ер еді. Ақ некесі болмаса, Кісінің жарын сүймеді. Өзінің малы болмаса, Кісінің ақын жемеді. Қара жерді ер Барақ Дәретсіз басып жүрмеді. Сол себептен Бараққа Кәпірдің оғы тимеді. Тисе де, оғы өтпеген, Қасынан пірлер кетпеген. Егескен жауы болмаса, Мұсылман қанын төкпеген. Заманында ер болды Үстінен дұшпан өтпеген. Елдің болды қорғаны, Елін жаудан қорғады. Бөтен міллет аттанып, Бұған көзін салмады. Заманында ер болып, Жайылды жұртқа аңызы. Ауазынақтың тұсында, Қызылбастың патшасы – Нәдірше келіп әскермен, Хиуаның шәрін қамады. Қырдағы жатқан Бараққа Келді мұның хабары, “Келсін, – деген, – аттанып”, Ауазынақтың қағазы. Досы биді бас қылып, Аттанып Барақ барады. Нәдіршені қашырып, Аламанын қырады. Құлақ салсаң, халайық, Нәдіршенің шолақ топ Сол заманда қалады. Дұшпанын жеңіп берген соң, Хиуаның ханы сыйлады. Досы биді би қойып, Барақ жарлық алады: “Үргеніштің байлары, Бағып ақша, жайлары, Ала шапан, ақ мата, Қырға шыққан жайдары. “Бес мата мен бір шапан Бересің, – деген, – Бараққа,” Хиуа ханның пәрмені. Хан жарлығы болған соң, Бермеске бар ма амалы? Мұнша артық жаратқан Бір Аллаға Барақтың Бар ма екен арманы? Атасындай ер болып, Арыстандай шер болып Барақтан Асау туғаны. Он екі жаста аттанып, Беліне қару буғаны. Осы жерден басталар Барақ пен Асау болғаны. “Асау, Барақ” атанып, Алты алаштан озғаны. Ақсақ қара майырды Көп солдаттың ішінен Асаудың ұстап алғаны, Сібірге кеткен жерінен Айшуақ ханды алдырып, Басына бақыт қонғаны. Құлақ салсаң, жігіттер, Сол жерден бастап қозғалы. Енді Барақ батырдың қиссасының екінші бөлімінің мәнісі мен мағынасын кейін де оқып, тексеріп көріп, түсінерсіздер. Ол заманда сұраған Әбілқайыр хан еді, Қара қазақ халқына Ағармай атқан таң еді. Атасы өлсе, баласы Мұрасын ұстар заң еді. Теңдіктің тапқан қапысын Нашардың күні зар еді. Әбілқайыр ханның Бес баласы бар еді. Айшуақ пенен Нұралы, Еділ, Есім, Ералы, Әбілқайыр өлгенсін, Хан болып халыққа тарады. “Хан болам”, – деп Ералы, Бесқалаға барады. Байұлына хан болды Отыз ұлды Нұралы, Қаратай менен хан Бөкей Нұралы ханды аулады. Әлім менен Жетіру Айшуақ ханды қалады. Жетіруға хан болып, Алтын тағын құрады. Айшуақ ханның дәуірі Нұралы ханнан озады. Күншілік деген қиын ғой, Жақындықты бұзады. “Кіші жүздің еліне Өзім сұлтан болам”, – деп, Айшуақ хан да қуанды. Ол заманда сұраған Паулы патша дер еді. Күннен күнге көбейіп Келе жатқан кезі еді. Орынборды сұраған Ақсақ майыр төре еді. Дәрежесі зор еді, Патшадан соңғы сол еді. Ақсақ қара майырға Нұралы хан келеді. Айшуақ ханның үстінен Шағым арыз береді. Арызының ішінде Жазған сөзі бұл еді: “Айшуақтың бұл күнде Қазақ деген елі бар Елек, Қобда жері бар, Барақ деген ері бар, Жайықтан өтіп, орыстан Жезие алар көңілі бар”. Осылай деп майырға Нұралы сөзін бастады, Жақындықты тастады. Нұралы ханның бұл сөзін Ақсақ майыр қоштады. Айшуақ ханды шақыртып, Орынборда ұстады. Айшуақ ханым ұсталып, Көңлінен кетті хоштығы. Айшуақ ханым бар еді Барақпенен достығы. Оқыған жастан өнері – Қаламға жазғыш шебері, Сәлем жазып Айшуақ, Інісі Әділ төрені Самдағы Барақ батырға Күн-түн қатып жіберді. Құстай ұшқан күреңді Қайырып баптап мінеді. Самдағы Барақ батырға Қамшы басып жөнелді. Құстай ұшқан күреңмен Күн жарымда келеді. Айшуақ ханның сәлемін Батырға келіп береді. Айшуақ ханның сәлемін, Пешеттеп берген қағазын Ашып оқып көреді. Сәлемінің ішінде Жазған сөзі бұл еді: “Қолыма алдым хат-қалам, Алладан басқа жоқ панам. Айдынды туған Бараққа Дұғай-дұғай көп сәлем! Бұл сәлемнің соңынан Біздің халді сұрасаң, Бұрылуға жоқ шамам. Ақ сүйекті хан едім, Дұшпанға түсіп, қор болдым. Қай қазақтан кем едім, Қылыш ұрған кәпірге Әруақты ер едім. Арқама таңып қазақты, Дұшпанға табан тіредім. Қазақ үшін ұсталып, Айдалып Сібір жөнелдім. Бар қуушы інім – Әділді Сізге арнап жібердім. Елімде біреу жоқтаса, Шағымменен шақыртып, Ақсақ майыр ұстады. Нұралы сөзін қостады Ақсақ майыр дейтұғын – Патшадан соңғы бастығы. Шағымменен ұстатқан Нұралы ханның қастығы, Отыз ұлдың мастығы. Нұралы берді шағымды, Ұшырды бастан бағымды. Суық теңіз өткеріп, Ел-халқымнан айырды. Болғаным бекер, Барағым, Мені жоқтап аттанып, Ақсақ қара майырға Көрсетпесең зайырды. Келер едім Сібірден, Мендей қылып ұстасаң Ақсақ қара майырды. Дұғай-дұғай көп сәлем Айдынды туған Бараққа, Үш ананың баласы – Дін мұсылман қазаққа! Қазағымның ерлері Қалмай шықсын ғазатқа, Ғазатқа шыққан ерлерді Жеткізген Құдай мұратқа”. “Ұстадым”, – деп білдірді Патша менен санатқа. “Аттанып Барақ келер, – деп, Қаланы бұзып кірер”, – деп, Мұнанайды толтырды Атты казак солдатқа. Мені Барақ жоқтасын, “Достым” десе жатпасын. Көк арбаға таңылып, Мен Сібірге жөнелдім, Тұтқынның киіп ноқтасын. Қазағыма көп сәлем! Аты болса, баптасын, Қаруларын таптасын, Ақ сүңгісін саптасын. Қазағымның ерлері Көңліне қайрат сақтасын. Ат шаптырып халыққа, Орынборға аттансын. Ер Бараққа көп сәлем! Сәлемімді сыйласын, Мұның түбін ойласын. “Құдай!” дескен дос болса, Ердің қолы бос болса, Мен үшін жанын қинасын. Аз етпесін, көп келсін, Бір ерлікке сенбесін. Қатуланып, қарланып, Аз кісімен келмесін. Жасыл туды байласын, Жау жарағын сайласын. Үш жүздің қазақ баласын, Ат шаптырып, жинасын. Бір жағында Адай бар, Адай түгіл талай бар. Он екі ата Байұлы, Дін қарындас ноғай бар. Алты аталы Әлім бар, Жеті аталы Жетіру, Алты Алашқа көп сәлем! Менің мұндай әлім бар. Ер Барақтан қалмасын, Жалтылдатып найзасын, Жай бұлтындай жайнасын. Қазағымның ерлері, Ішіп, қанға тоймасын. Сөйтіп көрсін Барағым Ақсақ майыр қаласын. Майырды тірі ұстасаң, Құртасың сонда шарасын. Тез келтіріп Сібірден Сонда мені аласың. Қолыңа майыр түспесе, Бір көре алмай қаласың Айшуақ ханның қарасын. Әрқашан да бұл сөзім Жадыңда болсын, Барағым, Білдірдім істің шамасын”. Хан сәлемі келгенсін, Ашып оқып көргенсін, Шамырқанды, шаттанды, Әр тарапқа хат салды. Шөміштінің ерлерін Жинап алып, аттанды. Қаражонда Маман бар, Маман бұзған қамал бар. Ақыл тауып беретін Досы бидей дана бар. Аты жоққа ат берген, Құдай артық бақ берген Алдасүгір мырза бар, Қатарлап тіккен орда бар. Асан қожа пірі бар, Батыр Барақ ері бар. Сол заманда қазақтың Қай халықтан кемі бар? Алдасайдың баласы – Бармақ батыр тағы бар. Жалпақ тілді Құламан – Батыр жігіт таламан, Жау қарасын көргенде, Бір басын мыңға балаған. Ішінен Барақ шыққан соң, Құдай ісін қалаған. Жалтылдатып жарағын, Алдына салып Барағын, Аттанып шықты аламан. Атқа мінді азаннан, Батыр шықты Сазаннан, Көней менен Тауасар Туғаннан туға таласар. Желбіреген жасыл ту Ер Бараққа жарасар. Аттан жері Сам екен, Қару-жарақ сай екен. Қалмай батыр аттанды, Тартқаны садақ-жай екен. Асау батыр сол күнде Он екі жасар бала екен. Иман ислам үйреніп, Молдаға оқып жүр екен. Қасым қожа пірі екен. “Қалма, балам, аттан!” – деп, Асамен түртіп оятып, Бермеді маза қожекең. Қойшының мініп көк атын, Беліне байлап болатын, Қол соңынан жөнелді. Ізінен Асау келгенсін, Көлденең Жемнен өткенсін, Жан-жақтағы қазаққа: “Аттан!” – деп хабар бергенсін, Жоғарылы-төменнен, “Үш ананың баласы – Мен қазақпын” дегеннен, Аттанды батыр қазақтан, Тілеу менен Қабақтан. Алты Әлімнің баласы: “Қалмайын, – деп, – Барақтан”, Бақтыбайлап ат қойып, Қосылды келіп ұзақтан. Мұнан бөтен тағы да Аттанды батыр Адайдан, Жәрдем тілеп Құдайдан. Адайлардың батыры Ер Бараққа қосылған. Байұлыда батыр көп Жауменен ұрысып, ысылған. Он екі ата Байұлы, Аузын бірлеп мұсылман, Тап-табымен аттанып, Өзінің жүрген жерінен. Байұлыға бас болып, Әруаққа мас болып, Атақозы менен Сырым би келіп қосылған. Жағалбайлы, Тілеулі Батырлары елеулі, Бес қаруы белінде, Қолында дайыр білеулі, Керейіт пенен Кердері, Тама, Табын, Рамадан – Жетірудың елдері. Осы емес пе ерлердің Көрінетұғын жерлері?! Бөкенбай ұлы Тіленші Нарға артып қосыңды, Тастама жауға досыңды. Жетіруға бас болып, Алтын ерге қас болып, Тіленші келіп қосылды. 1810 Аттанбай батыр қалмаған, Тілек тілеп Алладан. Тамам батыр бас қосып, Жөнеліп кетті құбыладан. Жөнелді батыр Електен, Аузы кетпей тілектен. Атақозы, Сырым би Електен бәрі бір өткен. Електен арман өткен соң, Байұлының ерлері Әскерін бөлек жөнелткен. Күйік деген қаланы Шабамыз деген ниетпен. Он екі ата Байұлы Етек-жеңі жаюлы. Байұлының ерлері Орта жолға барғанда Аламанын айырды Батыр Барақ жөнелді: “Ұстайын, – деп, – майырды”. Аузы түкті кәпірге Көрсетуге зайырды. Сырым батыр жөнелді Күйік қала баруға, Байұлы болып бөлініп, Бөлек олжа алуға, Намыс етіп Бараққа Нөкер болып еруге. Поселке қылып Бараққа, Жөнелді Күйік қалаға. Күйік қала жете алмай, Сол күні қонды араға. Араға сол күн қонады, Басқа болды талабы. Атақозы батырдың Көзі ұйқыға барады. Түсінде көрді Барақты, Қасында көрді батырдың Ақ сәлделі қожаны. Жауайын деп ақ бұлт Төбесінде батырдың Торлап кетіп барады. Құс қырғыны – бидайық Ер Барақтың үстінде Ойнап кетіп барады. Жез бұйдалы нар тайлақ Ер Барақтың алдында Боздап кетіп барады. Ақ сәлделі пірлері Ер Барақтың қасында Қолдап кетіп барады. Осы түсті көреді, Атақозы оянып, Сырымның келіп қасына Атақозы сөйледі: – Көлденең жатқан су Жайық, Су жүзінде қу қайық. Батыр Сырым, жолдасым, Көп жиылған халайық, Мен бір түнде түс көрдім, Көрген түсім ғажайып. Ер Барақтың үстінде Бір ақ бұлт барады. Жауайын деп тұр жайып, Қанат қағып барады. Ер Барақтың үстінде Құс қырғыны – бидайық. Жез бұйдалы нар тайлақ Ер Барақтың алдында, Боздап кетіп барады, Жез мұрындық сарғайып. Ақ шалмалы пірлері О да кетіп барады Дұға беріп, қол жая. Жорысын деп түсімді, Сізге келдім оянып. Сырым би түсін жорыды: – Жақсы ниет ойға алып, Жорыдым, батыр, түсіңді, Алла оңғарғай ісіңді! Он екі ата Байұлы, Біріктірдің күшіңді. Аттанды Барақ ар үшін, Біз аттандық мал үшін, Бұл ниетпенен жүргенде, Бізге қалай дарысын. Бұл ниетті тасталық, Ақ жолына басталық. Әруақ аунап кетіпті, Біз Барақтан қашпалық. 1900 Хас масқара болармыз, Абыройдан бос қалып. Барақпен бірге болайық, Төбесінде Барақтың Қанат қағып ойнаса Құс қырғыны – бидайық Бидайықтай қуырып, Ақ алмасын суырып, Барақ тиер майырға, Ұстап алып Майырды, Айналар ісі қайырға. Жауайын деп ақ бұлт Төбесінде торласа, Ол – әруақтың иесі. Боздап жүрген нар тайлақ – Пірлердің мінген түйесі. Жезден болса бұйдасы, Мойнындағы кресі. Арағын ішкен ақыртып, Нар тайлақтай бақыртып, Ұстап алар майырды, Заманасын қапылтып. Алдырып берер Сібірден, Айшуақ ханды шақыртып. Ақ сәлделі пірлері Алдында жүрсе, қол жайып, Ердің жолын ашқаны. Біз Барақтан қашпалық, Түсіңді жорып қарадым. Барақта емес, бізде айып, Қосылайық Бараққа, Мініңдер атқа, халайық. Атақозының көрген түсін Сырым би жорып: “Біз әруаққа кінәлі болған екенбіз”, – деп, пікірін өзгертіп, қайтадан аттанып, Барақтың тобына келіп қосылды. Атақозы мен Сырым би әскерін бөліп, бөлек жөнелген кезде Барақ батыр еш нәрсе айтқан жоқ, қайтып қосылғанда да еш нәрсе айтпады. Батырлар аузын бірлеп, Орынбордың қаласына жетеді. Ақсақ майыр: “Айшуақ ханды айдап жібергені туралы қазақтың ерлері аттанып келер”, – деп әскер жиып, сақшы қойып отырады екен. Қазақтың әскерінің аттанып келгенін барлаушыдан естіп, патшалық туын көтеріп, әскерменен қазақтың ерлерінің алдынан шықты. Ақсақ майырдың әскер жиып, құралданып алдынан қарсы шыққанын көріп, қазақтың ерлері кеңес құра бастады. “Бұрынғы қазақтың әруақты ерлерінен қалған кереметті туды Барақ ұстап келеді. Басшылық абырой Барақта тұр. Туды ұстайтын жол Барақтікі емес еді”, – деп, әр рудың ерлері туға таласқан нышанын білдіріп тұрды. Ерлердің көңіліне алалық кіргенін біліп, батыр Барақтың ту ұстайтын орынды қазақтың ерлерінің алдына салып сөйлеген сөзі: Аттанды батыр саладан, Аузы кетпей тобадан. Аттанып Барақ келгенсін, Отряд шықты қаладан. Қаласына кіргізбей, Ұрысайын деп даладан. Ақсақ майыр Романов Солдатын айдап шығарған, Көп солдаттың ішінде Ақсақ майыр тұрады, Ортасында ту алып. “Ұстаймыз, – деп, – майырды”, Батырлар тұр қуанып. Батырлардың алдына Барақ келді ту алып. Батыр шыққан Алаштан, Ер қайратын сынасқан. Желбіреген жасыл ту Ер Бараққа жарасқан. Жау қарасын көргенсін, Аттанып келген батырлар Ұстауға туға таласқан. Таласып тұрған ерлерге Барақ келіп жол ашқан. Сонда Барақ сөйледі: – Он сегіз мың ғаламның Бір Құдайым панасы. Алла пана болғасын, Пенденің болмас жарасы. Келіп тұрған жеріміз – Текенің мықты қаласы. Ұрысайын деп тұрған жер – Қаланың сыртқы даласы. Бірлесіңіз, халқым-ай, Болмасын ауыз аласы. Жау қарасын көргенсін, Тудың болды таласы. Таласып тұрсың ұстауға Үш ананың баласы. Үш ананың ішінде Әлім еді ағасы, Әлім аға болғансың, Жол сенікі, ұстаңыз, Ұстап жауға бастаңыз, Ұстамасаң туыңды, Ала алмасаң жолыңды, “Ағамын” деген сөзіңді Мұнан былай тастаңыз. Әлімнен қалсаң, Байұлы, Байұлының ұстайды Ішіндегі шайыры. Ту ұстайтын батырдың Енді келді қайымы. Байұлының бастығы – Атақозы, Сырым би, Орта жолға келгенде, Аламанын айырды. Атақозы түс көріп, Әжептәуір іс көріп, Әскерін тағы қайырды. Байұлының бастығы – Атақозы, Сырым би, Жасырдың бізден сырыңды, Жөн деймісің мұныңды. Жасырсаң да сырыңды, Беріп тұрмын жолыңды. Бастап айтып келемін Ту ұстайтын орынды. Жолдасым, бірің ту ұстап, Босатып жібер қолымды. Ұстамасаң туыңды, Ала алмасаң жолыңды, “Батырым” деп мақтама Жылқы ұрлаған ұрыңды. Жақсының сөзі баянды, Батырлар туға таянды. Сырым би бөлек кеткенде, Ер Барақтың пірлері Берген екен аянды. Ер Барақтың сөзінен Атақозы, Сырым би Төмен қарап ұялды. Байұлының соңынан Енді келді Жетіру, Жауды көрсе, құтыру. – Батыр шыққан ішінен Тама, Табын – екі ру. Бөкенбай, Есет, Жәнібек! Осы бүгін жар болып, Кереметті бір көрсет. Есеттің ұлы Құрымшы, Жасанған жауға ұрыншы, Атаның туын өңгеріп, Халықты аузыңа меңгеріп, Бүгін жауға көрінші. Ұстамасаң туыңды, Азып туған атадан Сен бір жүрген көрімші. Ту ұстайтын бір орын – Бөкенбай ұлы Тіленші, Көк темірге бөленші. Атаның туын көтеріп, Бүгін жауға жөнелші. Қайтпасын жаудан тауың-ай, Шаппаймысың жауыңа-ай. Айтып тұрмын бұл сөзді Бірің емес, бәріңе-ай. Беріп тұрмын жолыңды, Бастап айтып келемін Ту ұстайтын орынды. Жолдасым, бірің ту ұстап, Босатып жібер қолымды. Екі қолым бос болса, Ашар едім жолымды. Ұстар едім өлтірмей, Ақсақ майыр көрімді. Ұстағанша майырды Таба алмаспын тынымды. Майырды тірі ұстасам, Алар едім арымды. Келтірер едім Сібірден Айшуақтай ханымды. Сол уақыттары болғанда, Батыр толғап тұрғанда, Әлім болып кеңесті. Кеңескенде, не десті? Мөңке бидің баласы Ішінен шыққан данасы Сонда көпке сөйледі: – Мен шешейін бұл істі. Біздің тілді алсаңыз, Бітірейін жұмысты. Құдай артық жаратқан, Бақты өзіне қаратқан Кереметтей ер еді, Озып туған қазақтан. Біздің тілді алсаңыз, Қозғамаң туды Барақтан. Жұрттың бәрі Мөңке емес, Мөңкеден шыққан бұл кеңес. Жасы үлкенге тартатын Қойдың басы бұл емес. Жолдасы шапан киетін Ұзатқан қыздың тойы емес. Тілімді алсаң, таласпа, Бұл – ағалықтың жері емес. Кім көрінген ұстайтын Бұл келемежді ту емес. Оқ қағарың болмаса, Ұстағанмен, ер емес. Тілімді алсаң, таласпа, Таласқаның жөн емес. Көз жасына қазақтың Шыққан батыр бұл еді, Қасиеттен кем емес. Әй, Шектінің баласы, Қыруға келген қазақты Қалмақтың қалың шерігін Қырған батыр емес пе? Алмаңыз туды қолынан, Қалдырмаңыз жолынан. Бараққа туды ұстатып, Қалмаңыз, жұртым, соңынан. Әруаққа қарсы болмасақ, Айналар ісің оңына. Мөңке бидің баласы, Ішінен шыққан данасы, Танытып тудың иесін, Шектіге айтып кеңесін. Тыңдады халық ақылын, Жинайды елдің батырын. Ақылменен білдірді Болашақ істің ақырын. Батырлар құлақ салады, Айтқанына нанады. Тудың иесін біледі: “Жауыңа, батыр, баста”, – деп, Бараққа туды береді. Мұнан шығып ер Барақ, Байұлыға келеді. Байұлының бастығы, Үш ананың ішінде Байұлы кеңес құрады, Ту ұстамақ мұрады. Ер Барақтың жасыл ту Ортасында тұрады. Байұлының бастығы – Атақозы, Сырым би. Сырым би сонда сөйледі: – Байұлының баласы-ай, Қойылсын тудың таласы-ай. Бұл жерде туға талассақ, Ауыздың болар аласы-ай. Аузымыз ала болғансын, Алдырмас майыр қаласын. Үш ананың ішінде Әлім еді ағасы-ай. Бараққа берді жолдасын Алты Әлімнің баласы-ай. Бараққа біз де берелік, Тудың иесін білейік. Бараққа туды ұстатып, Соңынан қалмай ерейік. Әлімменен таптанып, Олардан кейін қалмайық. Ақсақ қара майырға Талап етіп қаралық. Майырды тірі ұстасақ, Сонда алармыз ағалық. Берелік туды Бараққа, Басшы болсын қазаққа. Ғазатқа шыққан ерлерді Жеткізгей Тәңірім мұратқа Әруаққа қарсы болмасақ, Жетерміз сонда мұратқа. Тамам батыр жиылды, Бір Құдайға сыйынды. Ту кеңесін біткеріп, Көрсетті Сырым орынды. Атақозы батырдың Сырымға көңлі бөлінді. Сырым би нағыз ер еді, Ту кеңесін біткеріп, Бараққа жетіп келеді. “Туыңды, батыр, ұста, – деп, – Жауыңа өзің баста”, – деп, Бараққа рұқсат береді. Мұнан шығып ер Барақ, Жетіруға келеді. Жиылды енді Жетіру, Ту кеңесін бітіру. Батыр шыққан ішінен Тама, Табын – екі ру. Тұлпар мініп, ту алған, Алмасын қанға суарған, Жауды көрсе, қуанған Жетірудың бастығы – Тіленші батыр толғаған: – Екі талай жер еді, Тілегіміз бір еді. Ерлігі асқан Ер Барақ Қолды бастап келеді. Әлім менен Байұлы Ту кеңесін біткеріп, Бараққа жолды береді. Әруақты ер қол бастау Бұрыннан қалған жол еді. Берелік туды Бараққа, Басшы болсын қазаққа. Кереметті туды ұстап, Салмайық басты азапқа. Әруаққа қарсы болмасақ, Жетерміз біз де мұратқа. Тіленші батыр ер еді, Айтулы ердің бірі еді. “Туыңды өзің ұста, – деп, Жауыңа, батыр, баста”, – деп, Бараққа рұқсат береді. Туды беріп Бараққа, Басшы болып қазаққа, Ат қойған жері сол еді. Аттанды қазақ саладан, Аузы кетпей тобадан. Жабыла қазақ шапқанда, Қатар тұрып солдаттар, Оқпенен атып сыбаған. Ер деп соны айтамыз, Атқан оққа шыдаған. Оқ жаңбырдай жауады, Тас бұршақтай сабалап. Атқан оқты қақ жарып, Алдыменен шапты ер Барақ. Қазағымның ерлері Желекті найза қолға алып, Әскерге тиді Аллалап. Жауға шапқан батырдың, Аллалаған ұраны, Жігіттің сайыпқыраны. Ақсақ майыр Романов Атайын деп Барақты, Жез айыл мылтық құрады. Дүрбіменен сығалап Қарсы алдынан қарады. Ер Барақтың пірлері Қаратаудай көрініп, Ақсақ майыр үстіне Құлайын деп тұр еді. Арт жағына қараса, Жалғыз қылдай көрініп. Қарауылға ілінбей, Есебін тауып ата алмай, Айласы құрып тұр еді. Сол уақытта ер Барақ, Он екі жасар Асауын Жау шетінде көреді. “Жас бала”, – деп ертпей, Тастап кеткен ұлы еді, Он екі жасар күні еді. Ол баланың талабы Ақсақ майыр төре еді. Тамам батыр ат қойып, Талап етіп жүреді. Асау кірді бір жерден, Көк найзасын ыңғайлап, Шаншайын деп жағдайлап. Жақындап келіп бір солдат, Асауды атып жіберді. Оқ дарымай етіне, Түтінменен аралас Дәрісі тиді бетіне. Атып тұрған солдатты, Найзамен Асау түйреді. Көктей өтіп найзасы, Солдатты аттан сүйреді. Суырғанда найзамен, Ере шықты дұшпанның Өкпе-бауыр, жүрегі. Баласының қайратын Тамаша етіп көреді. Сол уақыттары баланың Күйеменен аралас Маңдайдан аққан тері еді. Екі көзін ашытып, Ашып-жұмып жүр еді. Он екі жасар Асауға Сонда Барақ сөйледі: – Айналайын балам-ай! Алла болсын панаң-ай. Аттандырып соңымнан Жіберді қалай анаң-ай?! “Бала” деп сені ертпей, Тастап едім ауылға. Енді, балам, шаба гөр, “Алла” деп, жауға тайынбай. Шамаң келсе жете гөр, Соған талап ете гөр, Ақсақ қара майырға-ай. Алып шықсаң бақыртып, Шашынан ұстап, айрылмай. Менен туған ұл болып, Сапарың, балам, оң болып, Ілінерсің ауызға-ай. Тапсырайын бір сөзді, Алып жүрсең жаңылмай. Жасаған Алла жар болса, Қолдайтын пірің бар болса, Оқ дарымас етіңе. Күйеменен аралас Дәрісі тиер бетіңе. Сол уақыттары бетіңді Сыпырғаның жарамас. Ақ әруақ шамданып, Кәпірдің оғын қаға алмас. Батамды бердім, балам-ай, Тартынбай жауға шаба гөр, Ақсақ қара майырды Ұстап, балам, ала гөр. Барақтың Асау ұлы еді, Он екі жасар күні еді. “Әкем көрсе, ұрысар”, – деп, Жасырынып жүр еді. Әкесі көріп қалғансын, Алдына жетіп келеді. Қол қусырып иіліп, Келіп сәлем береді. Батасын беріп атасы, Жауап беріп жіберді. Әруағы тасып баланың, Көсіліп шауып жөнелді. Түтеген мылтық ішіне Бала шауып кіреді. Тіленші батыр бір жерден Қанға бояп найзасын, Өкшесін жауға тіреді. Шауып жүрген Асауды Тіленші батыр көреді. – Мынау бала кім? – деді, Тусаң, ту, бала, сен! – деді. – Ер Барақтың баласы – Асау батыр бұл, – деді. Соғысты Асау қыздырды, Жаудың түбін бұздырды. Он екі жасар ер Асау, Ерлікті Асау оздырды. Туды Барақ ұстады, Соғысты Асау бастады. Қарсы тұрған Барақтан Кәпірдің оғы аспады. Жабысқан оқты үстінен Төгіп жерге тастады. Үш ананың ерлері: “Оқ тиер”, – деп қашпады. Сондағы жұрттың талабы – Ақсақ майыр қастары. Алтын бедел үстінде Жарқырайды тастары. Көп солдаттың ішінде, Тұр еді майыр көрініп. “Ұстаймыз, – деп, – майырды”, Батырлар шапты тебініп. Үш ананың батыры Нар түйедей желігіп. Шапқан сайын көп солдат Барады кейін шегініп. Біреу қалып барады Балта тиіп жығылып. Біреу қалып барады, Қылыш тиіп, бөлініп, Домаланып бастары, Қаны жерге төгіліп. Бір уақыттары болғанда, Отряд қашты жеңіліп. Ұстатпады майырды, Қаласына тығылып. Қуды қазақ даладан, Бір Аллаға сыйынып. Дарбазаның аузына Батырлар келді жиылып. Балта ұрды есікке Үш ананың ерлері, Қарқыныменен килігіп, Барақ салды Алашты, Ерлер жазды құлашты. Түгел қарттың жасыл ту Ер Бараққа жарасты. Екі жақтан екі жау Дарбазаға таласты. Айтайын Барақ батырды, Алаштап ұран шақырды, Әруағы батырдың Тасыған судай сапырды. Қолына қара балта алып, Дарбазаны жапырды. Сол уақыттары болғанда, Жарқылдаған жарақтан, Көргенде, көзің қамасты. Алты Әлімнің батыры Бұзайын деп қапыны, Түйіп тастап аттарын, Бәрі қалмай жүгірді. Қазағымның ерлері Бәйгі атындай бөлінді. Байұлыға бас болып, Әруаққа мас болып, Қапталында Барақтың Сырым би батыр көрінді. Айтайын Барақ батырды, Алаштап ұран шақырды. Дарбазаның аузында Арыстандай ақырды. Әруағы батырдың Тасыған судай сапырды. Қолына қара балта алып, Дарбазаны жапырды. Сол уақыттары болғанда, Тарсылдап мылтық атылды. Атылған сайын өшікті. Бір уақыттары болғанда, Қазақ бұзды есікті. Есігін бұзды балталап, Дарбазасын жаңқалап. Қазақ кірді қалаға Аш бөрідей анталап. Солдат қашты қазақтан Жаралысын арқалап. Алдыменен қашты ұстатпай, Ақсақ майыр зәнтәлақ. “Майырды тірі ұста!” – деп, Айқай салды ер Барақ. Есік ойран, дал болды, Ала тұман шаң болды. Тұрған жері майырдың Баруға қиын тар болды. Әкесінің дауысын Асау батыр есітті. Бітіруге жұмысты, Қиялай сермеп қылышты, Көп солдаттың ішіне Оқ жыландай жылысты. Жалғыз өзі Асаудың Қиындық көріп келеді. Ұстайын деп ұмтылды Ақсақ майыр төрені. Кәпір сонда қамалап, Көбейді солдат жаңалап, Алып қалды көп қазақ, Дарбазаны тағы алып. Жетіп барды ер Асау, Солдаттың ішін қақ жарып. Дабылпазды дабысты, “Бермейін, – деп, – намысты”, Ақсақ қара майырға Барып Асау жабысты. Қойға тиген бөрідей Сүйреді Асау терідей. Қасына келген солдатты Соғып кетеді перідей. Жалғыз көріп баланы, Айырып алмақ талабы. Көп жерге дейін көп солдат Ізінен қалмай қамады. Тіленші батыр ер еді, Көп солдаттың ішінде Асауды жалғыз көреді. Қанға бояп найзасын, Өкшесін жауға тіреді. Он екі жасар Асауға Сыртынан көмек береді. Тіленші батыр келгенсін, Ерлікті көзі көргенсін, Қамаған әскер көп солдат Бәрі де кейін қалады. Сүйретіп Асау келеді Ақсақ майыр төрені. Солдаттар атқан мылтықтың, Оқ дарымай етіне, Дәрісі бетке тиеді. Дәріменен аралас Маңдайдан аққан тер еді. Екі көзін ашытып, Жүрер жолын көрмеді. Қолындағы олжасын Қамаған жауға бермеді. Майырды басып тақымға, Қиялай қылыш сермеді. Әкесінің айтқанын Асау батыр ұмытты. Маңдайдан аққан терлерін Бір сыпырып жіберді. Ақ әруақ шамданып, Арт жағынан бір мылтық Сап етіп келіп тиеді, Оқ тигенді біледі. Оқ тисе де, жібермей, Ақсақ қара майырды Сүйретіп Асау келеді. Мұны көріп қазақтар, Айқайын салып шабады. Бәйгі атындай көтеріп, Алып кетіп барады. Жарадан аққан қызыл қан Ағып кетіп барады. Оқ тисе де, жібермей, Ақсақ қара майырды Ер Асау алып шығады. Тірідей ұстап майырды, Батырдың көңлі тынады. Қаланы бұзып, қан төкпей, Соғысты енді қояды. Ортаға алып майырды, Айшуақ ханды сұрады. Көкше көзі ойнақшып, Тіл қатпай майыр тұрады. Көрейін деп көп қазақ Алды мен артын орады. Біріне бірі жол бермей, Қамшыласып та алады. Сол уақытта ер Барақ: “Кейін тұр!” – деп ақырып, Халқына айқай салады. Батырдың даусын есітіп, Шегініп халық тарады. Кеңінен салып алқаны, Халықтың бәрі қарады. Асылы орыс төре екен, Туысы артық ер екен, Көңліне жұрттың жарады. Алдырып тілмаш қазақтан, Сұрақтар қардай борады. Жауап беріп, құтылмай, Тізесін бүгіп отырмай, Жан-жаққа мойнын бұрады. Бермеді жауап сұраққа, Ойнатып көзін жан-жаққа. Ер Барақтың қасына Мөңке бидің баласы Жетіп келді сол уақта. Сонда келіп сөйледі: – Бұл тұрғанда біздерге Бермейді жауап бұл, – деді. Әділетті ер жігіт, Орыстан болған төрені. Орыс пен қазақ жау болып, Ел бүлінген жоқ еді. Болып тұрған бұл ұрыс – Нұралы ханның себебі. Шағым, арыз бергенде: “Жайықтан өтіп, орыстан Жезие алар”, – дегені. Жауықтырған екі елді, Хан баласы, қасқырдың Бұрыннан жолы сол еді. “Әділетті төрелік, Ақылдың көзі ашылып, Орыстан шығар”, – деп еді. Тілімді алсаң, Барағым, Сыйлайық мына төрені. Сыйластықпенен жеңбесек, Жүрегі болаттан шығар, Осылай тұрып өледі. Астына төсек салайық, Достасып қолын алайық. Қаланың ішін босатсын Аттанған біздің халайық. Көңлінің кірін кетіріп, Айшуақ ханды сұрайық. Патшалы халықпен өшігіп, Орынсыз тентек болмайық. Айшуақты алдырып, Осымен бітім болайық. Ақылмен ойлап қарасам, Сол болар бізге лайық. Көрдің бидің ақылын, Аңыз қылып жүріп айтады Ақылды жанның нақылын. Ақылмен айтқан бұл кеңес Көңліне қонып батырдың, Ер Барақ сонда сөйледі: – Осы екен біздің жөніміз, Қаладан шықсын қолымыз. Жазықсыз елді бүлдірген, Ұят болар мұнымыз. Қаладан шығып көбіңіз, Бір төбенің басына Орнатып шатыр құрыңыз. Ат оттатып, дем алып, Халайық, сыртта болыңыз. Тіленші, Сырым – жолдасым, Әскерді сыртқа бөліңіз. Көбіңіз шығып қаладан, Қалайық шағын тобымыз. Төремен бітім жасасақ, Табылар біздің жоғымыз. Осыны айтып ер Барақ, Қаладан қолды шығарды. Тоқтатып ұрыс тәртібін, Жинады қару-құралды. Сыртқа шықты аламан, Алмады олжа қаладан. Шатырын құрып көп қазақ, Бір жерге барып орналды. Қазақтың көріп қайтқанын, Майырдың жүзі нұрланды. Ишарат қылды Бараққа, “Достастым, – деп, – қазаққа”. Қалтасынан шығарып, Аударды жазған жорналды. Қағазын оқып отырып, Манифес жолын ойланды. Ойланды төре ойға алып: “Тимегенге тиетін Тентек емес бұл халық. Өзіне тиген жау болса, Қалмайды одан қорғанып. Қазақтан шығады әр уақта Батырлық пен мырзалық. Жау болды неге бізбенен, Өзінен өзі тұлданып? Орыста қандай кегі бар? Жайықтан өтіп қол салып, Айшуақты хан қойып, Жезие жинау, ақша алып. Айшуақ хан ойлады, Хандықты қойып патшалық. Үстінен түскен арызбен, Айшуақ кетті айдалып. Соқтыққан барып адам жоқ, Өзінен өзі шырмалып. Арызын жазып Нұралы, Ордама келді жиналып. Әбілқайыр тұқымы, Қашаннан жүріп меңгеріп, Қазақтың халқын құлданып, Әбілхайыр тұсында, Зәбірледі қазақты, Арғымақ ат пен малды алып. Қазақ үшін мен тұрмын Қара қылды қақ жарып. Қалайша маған жау болды, Хандардың кегін арланып. Қалаға кіріп ер Барақ, Ұстады мені қолға алып. Өзіме дұшпан дер едім, Тұрғаным жоқ қорланып. Халқыма дұшпан дер едім, Кеткен жоқ елден олжа алып. Ұрысар тағы дер едім, Бір сыпыра ерлері, Қаладан шықты қолды алып”. Осыны ойлап болды да, Сөйледі Майыр торланып.
Ағылшын
Бұл тілдегі нұсқа жоқ.
Бұл тілдегі нұсқа жоқ.