Қазақша
Барақ батыр (Ережеп Білеуов нұсқасы)
Халық аузынан әңгіме. Қариялардан естіген әңгіме. Қазақ арасында қазақты билеген хан тұқымы, ақсүйек сұлтан шонжарларының басы бірікпеген. Алауыздығынан қазақ халқы Жоңғар қалмағынан адам айтқысыз зілді соққы көріп, неше мыңдаған адам қырылып, тұтқынға алынып, “Ақтабан шұбырындыға” ұшырапты. Бұдан кейін ақсүйек сұлтан шонжарлардың аузы бірікпеді.
“Ақтабан шұбырындыдан” қанша жыл кейін екенін білмедім, қазақтың батыр, билері бірін-бірі ауызбірлікке шақырып: “Қалмаққа жорық қылайық”, – деген кеңесі болыпты. Кеңес қылатындар – арғын Жәнібек батыр, тамада Есет батыр, табында Бөкенбай батырлар шығып, қалмаққа шабуыл жасаған уақыты болыпты.
Бұл батырлар өлгеннен кейін “қалмақтың Алакөбек батыры бастаған қалмақтың қазаққа аттанған үлкен жорығы” деп ел аузында айтылады.
Қазаққа жау келетін хабары Абылай хан арқылы таратылыпты. Қалмақтың: “Қазаққа аттанамын” деген хабары, ат жолы жіңішке, Абылай ханның құлағына ілініп, қазақты хабарлай, үш жүздің қазағына хат жазып хабарлапты. Жазған хатында: “Қалмақ “қазаққа аттанамын” деп әскер жинап жатыр. Ертелі-кеш елге жау келеді. Күтініп тұрып, аңсыз қалмайық, қамсыз болып”, – деп Абылай ханнан хат арқылы хабарланыпты.
Қазақтың батыр, билері хабарланып, қамданып, көрсетілген жерге жиналды. Жиналған адам ішінде қолға басшы болатын хан тұқымы болмады. Қазаққа хабарлап, майданға шақырған Абылай хан көрінбеді. Жиналған қазақтар кеңесіп, Орта жүзден келген 70-75 жастар шамасындағы Түгелді қолбасшы етіп сайлады. Түгел жасында ер болып, ел бағып, жауға ту көтеріп, батыр болған адам екен. Қазақтар Түгелді басшы қылып, жау келетін жаққа қарауылын шығарып, үш жүздің адамы үш қос болып, үш жерден ұран отын жағып жата берді.
Жау жақындады. Алты жерден көтерген ту көрінді. Бір ту мың адамның белгісі еді. Қалмақ алты мың шамасында болды. Қалмақтың қолбасшысы – Алакөбек батыр ат ойнатып майданға шығып, ортада тұрып, жекпе-жекке шақырды. Алакөбек батырдың майданға шақырған жері ұлы жүздің тұсы еді. Ұлы жүзден Жыға батыр шықты. Ендігі сөзді қалмақтың Алакөбек батырынан есітіңіз:
“Қазақты шауып келем, – деп, Қазақтан кегімді алам, – деп, Алмасам кегім, өлем”, – деп, Алакөбек желікті.
Желіккен батыр желігіп, Тыныштықтан жерініп, Жау сағынып ерігіп, Қатты Сыбан ханынан Әскер сұрап келіпті.
Қатты Сыбан хан еді, Қаһары қатты жан еді.
“Қазақты шабамын”, – дегенді Ханы да бөтен көрмепті.
“Алакөбек ер, – деймін, Бұныңды бөтен демеймін. Әскер жинап беремін, Керегіңді ал”, – депті.
Тыныш жатқан жерінде Жар шақыртып еліне,
Күш қылып ханы көріне, Есебін елдің алыпты.
Әскерін алды сұраған, Еріксіз әскер құралған, Болмады ырза ел бұған. Еріксіз әскер салыпты, Есебін елдің алыпты.
Халыққа әскер салыпты, Майдан көріп ысылған
Алты мың адам тауыпты.
Қазаққа қылып талапты, Кигені мауыт – жанат-ты, Хан алдынан өткізіп,
Алты мың әскер санатты, Құдайым кімді қалапты? Қалаған киер манатты.
Ханның алып бұйрығын, Әскербасы болыпты.
Қолына алып бұйрығын, Ханның алып сыйлығын,
Әскердің алып билігін, Қаладан айдап шығыпты. Айдап шықты қаладан,
Алты мыңға алты адам Басшы қылып алыпты.
Алты мыңға бас болып, Қайратына мас болып, Қазақпенен қас болып, Қан ішуге жерік-ті.
Жар шақыртып қалаға,
Ат шаптырып далаға, Аттанғанын қазаққа
Абылай сұлтан біліпті. Қалам алып қолына, Қағаз жолдап еліне, Үш ананың ұлына
Абылай хабар беріпті. Ханнан қағаз алыпты, Хабарға ел қаныпты.
Үш мың адам үш жүзден
Қан майданға барыпты. Жаудың алдын торыпты, Қарауылын қойыпты.
Үш мың адам үш қос боп, Ұран отын жағыпты.
Қарауыл қарап жан-жақты, Қарайды бәрі жау жақты. Қолға басшы болатын
Хан тұқымы болмапты. Қазақта әскер басшы жоқ,
Басшысыз бірлік, күш те жоқ. Бұрынғы жүрген соқпақты
Хан тұқымын таппапты. Майданға елді шақырған Абылай ханды жоқтапты. Үш мың қазақ жиналды,
Таба алмай басшы қиналды. Жетпіс бестегі Түгелді Басшы етіп сайлапты.
Түгел қарт бұйрық етіпті.
Қарауыл шетке кетіпті, Жаудың алдын күтіпті,
“Жау келе жатыр екен”, – деп Түгелге хабар жетіпті.
Қазақтар тұр майданда, Ту тігілді майданға.
“Тәуекел, ерлер, ойланба”, – Деп Түгел қарт тұрыпты.
Қарауыл жауды көріпті, Ат құйрығын өріпті,
Шамасын жаудың біліпті. Жау қарасы көп екен,
Түгелге хабар беріпті.
Аспан мен жердің арасын Шулаған дауыс алыпты. Таңмен бірге аттанып, Көптігіне мақтанып,
Қалмақтар әнге салыпты. Қарауылдың құлағын Шулаған дауыс жарыпты.
“Жаудың түрі мынадай, Сақтасын елді бір Құдай Дүбірі мен шуылы
Таңдандырып бір талай, Тұрғанымда таңданып, Қарасам, таң атыпты,
Таң артынан күн шықты.
Күн астынан, қарасам,
Жарланған белес тау шықты. Белес те емес, тау да емес,
Белес пен таудың орны емес, Жер еді кеше теп-тегіс,
Жарланған биік шаң шықты. Шаң астына қарасам,
Қаптаған қалың қол шықты. Қолды байқап қарасам,
Алты жерден көтерген Шағылысқан күнменен
Сары ала алтын ту шықты. Ту астына қарасам,
Алакөбек бастаған
Алты мың әскер қол шықты. Жиылған қазақ мөлшерлі, Көз таразы өлшеулі,
Осылай көздің өлшеуі, Көрініп тұр жау мықты. Екі жақта екі қол
Тұра қалды сап түзеп, Бір-біріне оқ кезеп.
Бұрынғы ердің жолы екен
Майданға шығу жекпе-жек, Сәске уақыт болғанда,
Күн сәскеге толғанда, Ат ойнатып, майданға Алакөбек ер шықты. Қара қасқа ат астында,
Қазақты қырмақ қастықта, Дулыға, сауыт үстінде,
Ұлы жердің тұсында Алакөбек тұрыпты:
“Майданға шық! – деп ақырып, Жекпе-жекке шақырып. – Жекпе-жекке шықпасаң,
Еліңді шабамын жапырып”, – Деп тұрғанда қазаққа,
Шыға алмай тұрды қазақ та. Қазақты қалмақ шабуын Әуелде тағдыр жазыпты.
Жыға шықты майданға:
– Көнбеймін, – деп, – мазаққа.
Мазағыңа көнбен,– деп, Жетпесе қазам, өлмен, – деп, Бүгін демім таусылса,
Үйде жатсам да, өлем, – деп, Халық үшін өлсем, арман жоқ. Шабылған елді көрмен, – деп, Қалмаққа жеке шықпасам,
Ішімде кетер арман, – деп, Майданға өзім шығамын.
Сөзіңе қалай шыдайын?
Өліп кетсем қалмақтан, Разы болың, ағайын, – Деді Жыға халыққа, Разы болды халық та. Ат ойнатып, майданға Жыға шықты қалмаққа.
Келе жатқан шауып Жығаны Көріп тұрды қалмақ та.
Алакөбек майданда,
Жыға да шықты майданға.
Майданда ажал күтіп тұр, Біреуінің басына
Ажалдың оғы ойнауға. Екі жақта екі қол Көтеріп тұр жалауын. Алакөбек батырға
Ұрыстың берді қалауын. Екі батыр егесті,
Ат құлағын теңесті. Егесті қойып екеуі,
Кезегіне келісті.
– Жыға батыр, ер, – деді,
Тұрғаның майдан жер, – деді. Әуелі кезек менікі,
Соңғы кезек сенікі, Кезегімді бер, – деді.
Қалмақ алды қалауды, Көтерді қалмақ танауды. Кезегін беріп Жыға тұр, Өлшеулі өмір санаулы.
Өлшеулі өмір бітер ме, Жығаға кезек жетер ме, Кезегіне жете алмай, Ішінде арман кетер ме? Алдағы істі кім біледі, Білетін бір Құдірет, Құдірет хабар бергенде,
Майданға Жыға келер ме еді? Адамда бар ма құдірет, Құдіретті кім біледі?
Құдіретін білгенде, Үйінде адам өлер еді. Бір тәуекел қылады, Құдайдан өмір сұрады,
Кезегін беріп қалмаққа, Жыға батыр тұрады.
Жыға батыр ер еді, Қалмаққа кезек береді.
Мақсат алыс, өмір шақ, Күткен ажал күледі,
Гүл жайнаған өмірі Жанады да, сөнеді.
Адамның өзі білмейді, Бұны тек тағдыр біледі.
Алакөбек батырың
Қорамсаққа қол салды, Көп оғына жол салды, Көп оғының ішінен
Сұр жебе деген оқ алды. Сұр жебе оқты алғасын,
Алакөбек қуанды.
–Қолыма түсті сұр жебе, Сұр жебе оқты алғасын, Жолым болмай, немене? Жыға батыр, атайын, Қасқайып қарап тұр, қане. Жыға тұрды қасқайып,
Алакөбек оғынан Сескенбейді жасқанып.
–Кезегіңді ала бер.
Ажалым жетсе, өлермін, Бейнетім болса, шегермін. Не де болса, тәуекел,
Маңдайымнан көрермін. Ер туады елі үшін,
Ел үшін жаным берермін. Ел үшін ер боп туғанмын, Беліме қылыш буғанмын. Талай жерде майданда
Қылышым қанға жуғанмын.
Кезегін беріп талайдың, Ердің жолын қуғанмын. Кезегіңді беремін, Кезегім келсе, көремін. Өлмей қалсам оғыңнан, Мен де саған төнемін, Разымын мен, көнемін. Алакөбек, ата бер.
Үстіме келген қонағым, Кезегіңді беремін, –
Деп тұрғанда Жығаны, Алакөбек атады.
Кірістен оғы жетеді.
Таңдап алған сұр жебе Жығадан да өтеді.
Жыға батыр оққа ұшып, Кезегіне жетпеді.
Ат ойнап шықты далаға, Жыға жатыр далада.
Майданда Жыға жатқаны
Қазаққа оңай бола ма?
Алакөбек мақтанды:
“Батырың болса, шық!” – деді, Жығадан кейін майданға
Ұлы жүзден шықпады. Ат ойнатып майданда, Басты шаншып найзаға: – Алакөбек батырмын, Меніменен ойнама.
Алакөбек – мен! – деді,
Батырың болса, кел! – деді. Жығаның басы мінекей, Қаныңды алып қал, – деді. Ұлы жүзден шықпады,
Жығаны шыққан мықтады. Алакөбек шауып кеп,
Орта жүзге тоқтады. Орта жүздің тұсында: – Орта жүзің осы ма?
Жекпе-жекке шақырам,
Батырың келсін қасыма. Батырың болса, шық, – деді, Шықпасаң, туың жық, – деді. Бөкенбай, Есет, Жәнібектен Қалған менде кек, – деді.
Ол күнде мен баламын, Ойласам, күйіп-жанамын. Ата жауым қазақтан
Кегімді бүгін аламын. Аламын бүгін кегімді,
Ұлы жүзің жеңілді.
Батырың шықсын майданға, Шықпасаң, туың жығылды. Туыңды жық, ойлан да,
Жығылады туың, ойланба. Туыңды, қазақ, жықпасаң, Еліңді саламын ойранға.
Алакөбек батырмын, Меніменен ойнама.
Ойнаймын деген менімен
Батырың шықсын майданға. Қызығымды көре қал,
Меніменен ойна да, – Деді қалмақ Түгелге. Есітті сөзін Түгел де.
Майданға шығар адам жоқ, Түгел батыр түңілді.
Мына сөз батты Түгелге, “Жығылды туың”, – дегенде, Ашуланды арланды,
“Туыңды жығам”, – дегенге. Түгел батыр жылады,
Көзінің жасын бұлады,
Майданға шығар адам жоқ, Бұған не амал қылады?
Түгел туын бұлғады, Туын бұлғап, толғады:
– Бөкенбай, Есет, Жәнібек Осы бүгін болмады.
Алты мың әскер қол келді,
Аз емес қалмақ, мол келді. Алакөбек батырдың
Бір өзі бізге зор келді. Қорқып едім түсімнен, Түсімде көрген ісімнен. Жақсылыққа жорыдым Түсімді көрген ішімнен. Бір айдаһар келіп жүр, Келіп елді торып жүр.
Айдаһардың келгенін
Ұйқыда түсім көріп жүр. Айдаһардың ізінен Сансыз қалмақ еріп жүр. Жердің беті көрінбейді, Есепсіз жылан өріп жүр.
Жердің үстін жылан алды, Жылансыз жер қалмады. Ысқырып еді айдаһар,
Тас домалап, тау қозғалды. Бұл не деген аламат?
Айдаһар қандай айуанат? “Осындай зор айуанды, –
Деп еді, – бүркіт бір жұтад”. Көріп тұрдым бүркітті,
Айдаһарды бір жұтты, Айдаһарды бір жұтып, Көп жыланды үркітті.
Айдаһарды бүркіт жұтады. Бұл не деген хикмат?
Хикматы Алланың:
Жыланды бүркіт жалмады. Өріп жүрген көп жылан Жер үстінде қалмады.
Үмітім бар еді бүркіттен, Айдаһарды бір жұтып, Көп жыланды үркіткен.
Майданға шығар адам жоқ, Болмады бір жан тырп еткен. Тарылды менің тынысым, Қалай болды бұл түсім?
Айдаһар деген осы екен, Қорқайын деді сұм ішім. Көрген түсім шайтан ба, Көрмесем түсті, айтам ба?
“Жігіттіктің соңы”, – деп, Шығайын өзім майданға. Туымды қалай жығайын, Сөзіне қалай шыдайын? Туымды ұста біреуің, Қалмаққа өзім шығайын.
Жаратқан бізді Құдайым Еліме салды уайым. Туымды қалай жығайын? Жаратқанға жылайын. Кешегі көрген түсімді
Осы бүгін сынайын. Кіші жүздің ішінен
Шықпас па екен бір бала? Тумаған ба екен бір ана? Азырақ сабыр қылайын.
Кешегі көрген түсімде, Түсімде көрген ісімде Шаңқылдады көк бүркіт Ақ бұлттың ішінде.
Аспанды бұлт торлады, Күннің көзін ұрлады.
Сырғып келіп аспаннан, Қонуға жерге ойланды. Келіп қонды тұғырға,
Тұғыр менің қолымда.
Үмітім бар бүркіттен, Түсім шайтан болмаса Қазағымның сорына.
Түгел толғап тұрғанда, Ұсынып туды бұрғанда, Кіші жүзден майданға Шыға шапты бір бала. Жауға шапқан баланың Он сегізде жасы бар, Қиылған қара қасы бар.
Жас та болса, баланың Балаған мыңға басы бар. Астында ақ боз аты бар,
Қорықпайтын жаудан дәті бар. Тәуекел – ердің қайрағы,
Әр жұмыстың сәті бар.
Алакөбек майданда, Келді бала майданға.
– Ажал айдап келіпсің, Тоқта, бала, ойнама!
Бала тұрды, жүрмеді, Баланы көзге ілмеді.
–Жасың кіші баласың Кезегімді бер, – деді.
Әуелі кезек менікі, Соңғы кезек сенікі, Кезегіңе тұр, – деді.
–Мен бір келген бала ғой, Баланы көрдің сен оңай.
Сақалыңды сыйлайын,
Кезегіңді ала ғой, – Деді бала қалмаққа,
Кезеп тұр оғын қалмақ та. Қара бүркіттей шаңқылдап, Дулығасы жарқылдап, Оңай көріп баланы,
Күлді қалмақ қарқылдап. Алды қалмақ кезегін, Атты оғын кезеген.
Атқан оғы өтпеді
Көкірек қысқан көбеден. Қазақтар тұр қауіппен, Өтті бала қауіптен.
Атқан оғы өтпеді
Серкенің берген сауыттан. Сауыттан оғы өтпеді, Тілегіне жетпеді.
Алакөбек батырдың Бұл жұмысы бітпеді. Бітпеді ердің жұмысы,
Қуырылды тынысы.
“Бір оғымнан қалмаушы еді, Қалай болды бұнысы?”
Деп қалмақ ойланды, Ойда барын толғанды.
“Атайын, – деп, – баланы”, Және бір оғын қолға алды.
Бала жетті кезекке, Алды бала кезекті.
“Сауыттың ашық жері”, – деп
Шұрқылтайын көзепті. Алды бала найзасын,
“Найза – өзімнің жолдасым. Осы бүгін болмаса,
Көремін қашан пайдасын?” Найзасын алды жарақтан, Қар жаудырды қабақтан.
Алакөбек батырға Салды найза сағақтан. Ақ білегін түрінді,
Ақ найзаны үйірді. Сауыттан өтпей ақ найза, Қармақ болып иілді.
Қабағы тастай түйілді,
Лашын құстай шүйілді. Түсіре алмай қалмақты, Көрді бала қиындық.
Ақ найзаны ырғады, Ырғағанмен, бармады.
“Кезегім менің бітті”, – деп,
Алакөбек қарап тұрмады. Ат үстінен алысты,
Жағаға қол салысты.
Түсіре алмай бір-бірін, Тақымдары қарысты. Ат үстінен тартысты, Бәрінен де ар күшті.
Екеуінің күшінен
Ат жүрелеп жатысты. Басын салып балтаға,
Қанын құйып қалтаға, Екі батыр айқасты Кең майданда ортада.
Майданда батыр айқасты, Күштерін сынап байқасты. Кім өледі, кім қалады
Осы бүгін шайқаста?
Алысқан жері шаң болды, Көрген адам таң болды.
Өкпе-жүрек қысылып,
Қақырғаны қан болды. Тебінген жері тереңдеп,
Қазылып қалды ор болып. Тең таба алмай жүр еді, Қазақ бала зор болды.
Құтыла алмай баладан, Алысып жүр манадан Маңдайына сор болды. Кірді жерге тізеден, Мойны жуан күзеден.
Топырақ пен шаң жұтып, Булығып жүр ызадан.
Таласқан жерде озатын, Қан төгіп, қамал бұзатын Екеуі де ер еді,
Тепсе, темір үзетін. Темір үзген тепкіні,
Дауылдан күшті екпіні. Су сепкендей басылып, Ісік алып өкпені.
Көріп тұрмыз қалмақты-ай, Көрінеді қалмақ салмақты-ай. Таудай дәудің қасында Көрінеді бала бармақтай. Қойды қалмақ кезегін,
Атпады оғын кезеген. Көз астынан қарайды Секілді бұқа сүзеген. Сүзеген бұқа сұстанды, Жұп жағадан ұстанды.
Көтеріп алам дегенде, Атынан бала түспеді. Атынан бала түспеді, “Түсірем”, – деп, күштеді. Күшін жиып бойына,
Бар айласын істеді. Айласы іске аспады, Төгілді ісіп-тасқаны. Қанша қайрат қылса да,
Қалмақтан бала саспады.
Аттан жерге қонады, Жерді қолай көреді. “Жұдырықтай баланы Көтеріп алам”, – деп еді.
Атынан жерге қонғансын, Өзі күшті болғасын, Көтеріп көрді шамасын. Жермен бірге біткендей Қозғалмайды, қорғасын. Қозғай алмай баланы,
Ісінің білді оңбасын. Іздеп келіп қазаққа,
Саудаға салды сау басын. Сәтсіз күні шығып сапарға, Жолының білді болмасын. Көрмегені көп еді,
“Өзіме тең бар”, – демеді. “Жұдырықтай баланы Көтеріп аламын”, – дегенде, Жағасына қол жетті,
Ұстауға қолы мол жетті. Төмен қарап тартқанда, Батырдың белін құржитты. Алакөбек батырдан
Баланың бойы аласа. Енді болды тамаша. Екі жақта екі қол Қызығына қараса,
Мықтымсынған қалмақтың Белгілі болды шамасы,
Жыртылғасын, жіберді Сауытының жағасын. Қабыл екен жасынан Баланың еткен тобасы. Алакөбек батырдың Жан базары құрылды.
Топырақ пен шаң жұтып, Өкпеге кірді сырылы.
Жанды сақтап қалуға Жанталасып ұрынды.
Кездескен қазақ баланың Күші басым көрінді. “Қамал бұзып қан төккен Қайратым қайда бұрынғы? Жұдырықтай баламен
Алысып жүрмін манадан. Ұстаған жері темірдей, Жібермейді жағадан”.
Жағадан қолын жіберді, Жаннан үзді күдерді.
– Қайратым қайда бұрынғы, Шіренсем, үзген шідерді?
Басайын деп өкпесін, Біраз ғана кідірді.
– Жұмыр біткен білегім, Жаралған тастан жүрегім. Кез болды бүгін бір бала, Жаудан еді тілегім.
Мен елімде ер едім, Ерге шерік шері едім.
Мынау келген балаға Жығаның жолын беретін Алакөбек мен едім.
– Алакөбек, не дейсің? Өлгеніңді білмейсің.
“Демін алсын”, – деп едім, “Дем алайық”, – демейсің. Берейін саған демалыс,
Болмасын енді сөз жарыс. Үніңді оттай өшіріп
Қылайын, батыр, тым-тырыс.
Тыныш жат, Алакөбегім, Алты мың әскер – көмегің. Осы емес пе еді Құдайдан, Алакөбек, тілегің
Еліңнен іздеп келгенің? Осы еді, батыр, керегің. Керегіңді берейін,
Сені осал демейін.
Дем алғаның күтпейін,
Уақытты бос өткізбейін,– деп, Қайта кірді ұрысқа,
Ұрыста қарап тұрыспа. Ұмытып бала жүр екен, Көзі түсті қылышқа.
“Ұрысқа майдан қолай болды.
Сыйынғаным Құдай болды. Нағашы атам – Серкені
Ұмытқаным қалай болды?” Ұмытқан екен ер Барақ
Атасы берген алмасын. Суырып алып қынаптан, Қылышты көзі шалғасын, Енді Барақ ойланды, Қолына қылыш алғасын.
“Сауыттың төмен жағы”, – деп, Шабайын деп жамбасын,
Тауға салса, тас кескен, Кеудеге салса, бас кескен, Балдағы алтын құрыш болат
Серкеменен бірге өскен. Серке батыр беріп еді, Есіне түсті наркескен.
Наркескен түсті есіне, Енді тұрсын несіне?
Алакөбек батырды Түсірді бала бесінде.
Есіне түсті баланың
Серкенің берген қылышы. Қолына қылыш алғасын,
Аңғарылды жұмысы. Жан қала ма алмастан,
Ақ алмастан қалмас жан. Алакөбек батырды Шапты бала жамбастан. Жамбастан шауып түсірді. Батырдың үнін өшірді.
Дулыға, сауыт шешіп ап, Батырдың басын кесіп ап, Шаң астынан шыға келді,
Қара қасқа атты жетекке ап, Тілла құйысқан төңкеріп, Кіреуке сауыт бөктеріп,
Шауып шықты майданға: “Батырың болса келсін”, – деп, Майданда жүріп, ат ойнатып, Қанжығаға бас байлап, Жақындап барды қалмаққа. “Жекпе-жек!”, – деп айқайлап,
“Жекпе-жек!”, – деп, қалмақтың
Жақындап барды қолына, Ысырылды көп қалмақ Өзінің келген жолына.
Суға айдаған қойдай қып, Азырақ түсті соңына.
Ізіне ере бермеді
Ат шауып жауға кірмеді.
– Жолығып кет, қайтсаңыз, Біреуің маған кел, – деді.
Қайтып келді біреуі,
Ендігі қалған тіреуі.
– Жекпе-жекке шықпаймын, Ұрыстың жоқ керегі
Ұрыспаймын сенімен, Ақылдастым еліммен.
Сабымды бұзып, ту жығып, Бара жатырмын жөніммен. Алакөбек өлгесін,
Билігін әскер бергесін, Ұрысты мен тоқтаттым,
Өзіме тізгін тигесін.
Тізгін тиді өзіме,
Нансаң менің сөзіме, Ұрыспайық қан төгіп, Ақылдастым өзіңе.
Айтшы, батыр, ақылың, Істейік істің мақұлын.
Не болып шығады, білмеймін Ұрыстың соңғы ақырын.
Ұрыссақ, қан төгіледі,
Соңында бір жақ жеңіледі.
Алакөбек әскерді
Еріксіз айдап келіп еді. Алты мың әскер аламан Еріксіз шықты қаладан. Алакөбек өлгесін, Қайтуға болдық таламан.
Қайтуға болдық таламан, Алакөбек – садағам.
“Қайтыңыз елге”, – дегесін,
Қуанды әскер аламан. Алакөбек бас болды, Қайратына мас болды, Ханымыздың күшімен Айдап шықты әскерді.
Хан жиып берді әскерді, Алакөбек басқарды.
“Бармаймын”, – деген адамды “Апарамын”, – деп, қасарды. Қасарған жерден қан алды,
Алты мың әскер саналды, Мың адамға бір бастық, Хан бұйрығы орындалды.
Орындап ханның бұйрығын, Ханның алып сыйлығын,
Алакөбек аттанды,
Әскердің алып билігін.
Әскер шықты қаладан, Атына мініп жараған, Алакөбек бастығы
Алты мың әскер аламан.
Әскер шықты сайланып, Бес қаруын байланып,
Ұрыс болса майданда,
Тұрмайды ерлер ойланып. Ойланып тұрған ер емес, Ұрыссақ, ұрыспасақ та, Келісімге келеміз.
Келісім бер, кеңесің,
Ұрыспаймын – менің кеңесім.
Төгілген қанды мойныңа ал, Ұрыссаң, қан төгесің.
Қатты Сыбан хан еді, Қаһары қатты жан еді,
Ханның қорқып қаһарынан,
Ешкім: “Бармаймын”, – демеді. Қатты Сыбан – ханымыз, Алдына бардық бәріміз.
Қаһары қатты патшаға Айта алмадық зарымыз.
Қалмақ, қазақ арасы Ежелгі дұшпан ел еді. Бірінен-бірі қан төгіп Заманнан бері келеді.
Қан төккен қайсар батырды “Қасқыр жүрек” деп еді.
Осы жүрген адамның Бәрінде қатын-бала бар, Кемпір-шалы және бар. Кемпір-шал, жетім баланы,
Қожасы өлсе, кім бағар?
Лақ маңырап, су ішер, Улап-шулап күн кешер. Ер басына күн туса,
Етігімен су кешер.
Ұрыссаң, дабыл ұрамыз, Қайтадан сапқа тұрамыз. Кім өледі, кім қалады?
Жан базарын құрамыз.
Құрамыз жанның базарын,
Қайнатып жанның қазанын, Көк бұйра қылыш күтіп тұр Өлетін жанның ажалын.
Ендігісін өзің біл, Айтып болдым, қазағым. Мен де өзіңдей баламын, Өзіңе ақыл саламын.
Әскерімді елге қайтарып, Бас сауғалап барамын.
“Батырдан сауға”, – деген бар,
Сауға бер, батыр, аламын.
Әскерім қайтты асығыс, Ұзақ болсын жасыңыз! Өмірлі жан өлмесін!
Сауғаға бер басымыз.
Сонда Барақ сөйледі, Ашуды ақыл биледі. Екеуі бітім сөйлесіп, Біріне бірі тимеді.
– Жау болып келдің, қалмағым,
Жаудың жолы – салғаның.
Соқпағыңнан адасып, Бітім менен тыныштық Сауғаға сұрап тұрғаның. Берейін, батыр, сауғаңды. Екі жақ та сауға алды.
Алакөбек болғанда,
Құрбан қылады көп жанды. Түсіндім, батыр, сөзіңе, Рақмет айтам өзіңе!
“Ұрысты тоқтатайық”, – деп, Айтайын деп едім өзім де.
Менен бұрын сен айттың,
Әскеріңді алып, тез қайттың. Алакөбекті өлтіріп,
Әскеріңді мұңайттым. Жүрегіңде мейірім бар,
Айтқан сөзің – шырын-бал. Қалмақта да бар екен
Адал жүрек адамдар.
Әскеріңді билесең, Біздің елге тимесең, Еліңе қайтсаң, қайта бер, Қан төгуді сүймесең.
Ұрысты мен де сүймеймін, Сен тимесең, тимеймін.
Желігіп тұрған қазақты
Ұрыстырмаймын, билеймін. Ер Тайға, маған кеңессең, Менің берген кеңесім:
Мейірімді бол еліңе, Қасқыр жүрек емессің. Соғыспады екі қол, Еліңе қайтсаң, анау жол.
Әскеріңді алып, қайта бер, Еліңе керек сендей ұл.
Көріскенше, көргенше, Енді айналып келгенше,
Ер Тайға досым, аман бол! Тайға қайтты қоштасып,
Барақпенен достасып,
“Қол – Құдайдың мөрі”, – деп, Достықпен қол ұстасып.
Қалмақ қашты саладан, Он сегіз жасар баладан. Еліне қайтты ізімен
Алты мың әскер аламан. Ер Тайғадан бұйрық алып, Көп әскерді жолға салып, Батырлары кейін қалып,
Кете берді қуанып.
Күннің көзін тозаң алды, Батырлары кейін қалды. “Қазақ қуып келе ме?” – деп, Әскердің артын қорғады.
Қалмақты қазақ қумады, Бір орыннан қозғалмады.
Майданда жалғыз қалып еді, Тайғадан хабар болмады.
Барақ пен Тайға сөйлесті,
Әрқайсысы елін билесті.
Біріне-бірі тимеске
Уәде қылып қолдасты. Қол ұстасып қоштасты,
Достықпенен қол ұстасты. Қалмақ, қазақ арасын
Тыныштыққа достасты.
Ер Тайға қайтты, қоштасып, Барақпенен достасып, Қолдың кетті артынан,
Тыныштық белгі ұстасып.
– Тыныштық болды жауымыз, Аламын, – деп келген ауымыз. Алакөбекті өлтіріп,
Құлады асқар тауымыз.
Тау бұзылып, болды талқан. Тауымды бұзып, жол салған – Қазақтың Барақ батыры
Тыныштықты қолдаған.
Алты мың әскер жолдасым,
Тыныштыққа қолдасым, Алакөбек өлгесін,
Білдіңіз жолың болмасын. Билік жоқ жаудың көбінде, Кешу болды жардың түбінде. Бітім қылып жауыммен,
Билеп келдім көбіңді. Тоқтап қалды жаудың көбі, Кешу болды жардың түбі.
Тоқтатып келдім ұрысты,
Көресің қалай бұл істі?
Салыстырып ақылға, Көпшілігің мақұлда. Тоқтатып келдім ұрысты, Ұрысқаның мақұл ма?
Ақылдасып қараңыз, Көбіңе ақыл саламыз. Кеңесті құл азбайды, Ақылын көптің аламыз.
“Ұрысамын”,– десең, көбің біл,
Ұрыссаң, дабыл қағамыз. Әскерді сапқа тұрғызып, Майданға қайтып барамыз. Сабын бұзбай қазақ тұр,
Алыс емес арамыз. Көрініп тұр қан майдан, Үзілген жоқ қарамыз.
Ақылдасып бәріңіз, Жасы кіші, кәріңіз.
Мал іздеп келіп, қазақтан
Төгілмесін қанымыз. Жаудан алып қашатын Жоқ қой біздің малымыз. Жауың осы іздеген,
Іздеген жауың кез келген. Мықты ма жауың, осал ма? Жауыңды көрдің көзбенен. Қашқанымыз мәлім боп, Қорғағаным жаным боп,
Жекпе-жекке шығып майданға
Ұрысатын әлім жоқ.
Майданда тұрды шаңғытып, Қызыл жоса қан күтіп.
“Өмірлі жан өлмесін!” – деп, Ұрысты келдім тоқтатып.
Ұрыссақ, қан төгіледі, Өмірге өлім себіледі. Өмірге өлім себілсе,
Өлмейтін жанды кім біледі? Алты мың әскер келіп ек,
Келгенше келдік желігіп. Желіккен жер де басылды, Алакөбек өліп еді.
Алты мың әскер аламан, Ұрысты кім қалаған?
Ханымыздың күшімен
Еріксіз шықтық қаладан. Жау сағынып келіп едік, Шығынымыз – бір адам. Бір адам шығын болмайды,
Болады мұрын қанаған.
Алты мың әскер басынан Алакөбек – садағам.
Ұлықсат елге қайтуға, Қуанбайтын қай тума? Келе жатырмын асығып Сүйінші хабар айтуға.
Ізіңнен енді жау қумас, Тарасын бойға ішкен ас.
Қайта бер елге, қайта бер,
Жай жүріп, жатып жалаңаш, Туып өскен қалаға,
Шықпаған көбі далада. Күні-түн келеді,
“Жетсек, – деп,– қатын-балаға”.
Қалмақтар кетіп барады, Қазақтар тұрып қалады. Ендігі сөзді қазақтан
Есітсеңіз болады. Алакөбек өледі,
Өлгенін халық көреді.
Алакөбекті өлтірген Белгісіз бір бала еді. Өлтірген бала ер еді, Жау сағынып жүр еді. Алакөбек өлгенсін, Үш ананың баласы Қуанышқа бөленді.
Қалмақ қашты бас сауғалап, Қазақтар тұр жау қаштылап.
Үш ананың баласы
Қосылып кетті жамырап. Жамырасып араласты,
Ұрысатын жау қашты. Сүйінші сұрап бір-бірінен, Ту түбінде табысты.
Жиылып тудың түбінде, Араласып бір-біріне,
“Қашқан жауды қуамыз”, – деп, Қазақтар келді Түгелге.
– Қол бастаған қартымыз, Қартына келді халқыңыз. Халықтың айтқан сөзіне Құлағыңды салыңыз.
Анау қашып баратқан
Манағы мықты жауымыз. Жауымызды қуамыз,
Қылышты қанмен жуамыз. “Өзі келген текені
Көзге ат” деген мақал бар,
Жібермей бірін, қырамыз.
Аты-тонын қалмақтың Олжа қылып қаламыз, Ұлықсат бер, бабамыз. Араласып ұрысып,
Бір құмардан шығамыз. Мынау жатқан даланы, Созылып жатқан саланы “Қалмақ келіп қырылған” Деген атақ қыламыз, –
Деп аламан тұрады.
“Не айтар екен қартым?” – деп, Қолбасшыға қарады.
Сонда Түгел не деді,
Сабырлы қарттың бірі еді. Желігіп тұрған қазаққа: “Қуа бер жауды”, – демеді. Қалмақ қашты ізімен
Желіккен қазақ тоқтады Түгелдің айтқан сөзімен.
Түгел айтты: – Тоқта! – деді, Ұшырайсың оққа, – деді.
Желіккен батыр, қайда едіңіз Жыға өлген уақытта? – деді. Жыға өлді майданда,
“Кім шығады, – дедім, – майданға?” Бір де бірің шықпадың,
Шақырып қалмақ тұрғанда. Қалмақ тұрды ақырып, Жекпе-жекке шақырып.
Бірде-бірің шықпадың.
Жыладым сонда аһ ұрып.
“Майданға шық, батыр, – деп, Шықпасаң, болдың қатын, – деп, Қазақтан кегін алатын
Алакөбек – атым”, – деп, Алакөбек ақырып, Жекпе-жекке шақырып:
“Жекпе-жекке шықпасаң, Бәрің кел, қазақ, жапырып!
Қазаққа болам бір өзім, Санаспаймын жаумен мінезім. Жапыра шығып майданға,
Көресіңді көресің.
Майданға шығар еріңді, Шыққанға берем өлімді. Туыңды жығып, қазағым, Шабатын күнім еліңді”, Деп тұрғанда қалмағың,
Аламын деп тұрды алмағын,
Салып тұрды елге салмағын.
Сол уақытта қайда едің,
Желігіп тұрған қазағым? Батырларым, желікпе, Желігіп қалмақ келіпті. Желіккен жауды көрдіңіз, Алакөбек өліпті.
Қашқан жауды көріпсің.
“Қуамын, – деп, – жауды” келіпсің. Алакөбек өлгесін,
Бәрің де батыр болыпсың.
Тілегіңді берейін.
“Жауды қума”, – демейін, Жау бара жатыр жөнімен. Қашқан жөнін білейін.
Алакөбекті өлтірген, Елімізді күлдірген, Жауға күшін білдірген Баланы да көрейін.
Баламенен танысып,
Аман-түгел алысып, Баламен ақыл салысып,
Содан соң жауап берейін, – Деп Түгел қарт тұрды да, Әскерге мойын бұрды да:
– Алакөбек батырды Өлтірді бала ортада.
Өлтірген бала қайда екен? Шақырып әкел біреуің.
Қандай екен көрейін,
Кімнің баласы екен, білейін.
Басшы қылып жорыққа, Ізіне өзім ерейін.
Шақырып әкел ортаға, Бала тұрсын ортада.
Алакөбекті өлтіріп,
Қайтарған жауды жұртына. Майданнан жауды қашырған, Жерімнен жауды ысырған,
Алакөбекті өлтіріп,
Қара қасқа атты түсірген, Ердің жолын қуатын, Беліне алмас буатын,
Осындай қан майданда Қылышын қанға жуатын. Қалмақ өтпей тұсымнан, Сондағы күнім қысылған, Көк бүркітім осы екен
Аждаһаны ұшырған. Шақырып әкел біреуің,
Қазағым, сенің тіреуің. Жылап едім Құдайға, Қабыл болды тілегім. Шақырып әкел, көрейін,
Көзім көріп, сенейін. Қолына ту ұстатып, Батамды да берейін. Батамды беріп балама, Тапсырайын Аллаға. Енді өлсем, арман жоқ,
Баладан жаным садаға. Ішіме арман кетер еді, Қалмақтан өлсем далада. Ту ұстатып қолына,
Түсіріп ердің жолына, Иесіне елді тапсырып, Жатайын енді жөніме, Елдің иесі табылды, Тілегіміз қабыл-ды.
“Көреміз, – деп, – баланы”,
Көргенше, халық сағынды.
Қолына балам ту алсын. Алған туы құтты болсын. Ел қорғаған ерін көріп, Қалың қазақ қуансын.
Естіп қарттың кеңесін, “Шақырып әкел”,– дегесін, Танитұғын бір жігіт
Атына мініп алады,
“Шақырамын, – деп, – баланы”,
Үш мың қолды аралап, “Барақ!” – деп айғай салады. “Барақ!” деген дауысты
Құлағы елдің шалады. Тау да айқай салады, Тас та айқай салады.
Жаңғырыққан бір дауыс Құлағын елдің жарады. Танымайтын адамдар:
“Барағың кім?” – деп сұрады.
– Барағымды сұрасаң, Сөзіме құлақ саласың. Жөнін айтып Барақтың, Танымайтын танымасаң, Танымасаң, танытайын,
Барақтың жайын айтайын. Ел қорғаған еріңді
Сұрасаң, айтпай қайтейін? Танытайын Барақты, Жауда ойнаған жарақты,
Алакөбек өлтіріп,
Майданда жүрген шырақты. Алты мың қолды қашырған, Жерімнен жауды ысырған, Қайғының қара бұлтын
Ел басынан көшірген, Жылағанды жұбатқан,
Құдайым артық жаратқан, Алты мың қолды қашырып,
Қалмақтың алты туын құлатқан.
“Барақ” деген дауысты, Естіген адам дабысты, Алакөбекті өлтіріп, Алып берген намысты, “Барақ екен аты”, – деп, Атына халық танысты.
Танысты халық атына, “Барақ” деген затына. “Шақырып жатыр”, – дегесін, Келді бала қартына.
– Шақырдың, ата, келіп ем, Келейін деп жүріп ем.
Ер Тайғамен сөйлесіп, Кешігіңкіреп қалып ем. Алдыңа келіп, атамыз, Беріп тұрсың батаңыз. Биліксіз сізден бітістім, Кешіре көр қатамыз.
Кешіре көр, атам-ай, Болған болса қатам-ай.
Қалмақ сауға сұрады, Сауғаға бердім бітім-ай. Қалмақ қайтты еліне, Қазақ қалды жерінде.
Еліне жауды қайтардым, Жауыммен қылып бітімді. Бітім болды жау түбі, Кешу болды жар түбі.
Тоқтатып келдім ұрысты, Көресің қалай бұл істі?
Бітім бердім, сауға алды, Екі жақ та сауға алды.
Таразыға тартыңыз:
Бұл істен кім алданды? – Деді бала қартына, Қартына да халқына.
Асығып Түгел сөйледі, Түсініп сөздің парқына:
– Алданбапсың, балам, – деді, Мен ырзамын саған, – деді.
Қан төгуді сүймесең,
Адал жүрек адам, – деді, Қасқыр жүрек надан, – деді. Ата-анаң, нағашың кім?
Таныстыр, балам, маған, – деді.
Атаға бала танысты, Баланы ата танытты.
“Кім баласы екен?” деп, Құлағын халық салыпты.
– Құлағың сал, атам, – деді,
Танытайын саған, – деді.
Кіші жүздің ішінде Жетірудан боламын, – деді. Жетірудың біреуі.
Жетірудың жау еді тілегі. Жетірудың ішінде
Есітесің Табынды,
Құдайым ашсын бағымды. Бір бөлімі Табынның
Шөмішті деген ауыл-ды.
Осы ауылдың ішінде Сатыбалды баласы “Барақ” дейді атымды. Шешемнің аты – Қарқара,
Нағашым – Серке батыр-ды. Серке батыр – нағашым Жаулап өткен кәпірді.
Шығысым, ата, осы еді, Таныттым арғы затымды.
Майданға шығып, өлтірдім
Алакөбек батырды. Беріп тұрмын әкеліп
Түсірген жаудан атымды. Алла тізгін оңғарса,
Жібермеймін жауға ақымды. Өзім өлмей, майданға
Шығарамын неге қартымды? Қартым, неден қысылдың?
Қысылғанды түсіндім. Қасыңда бір адамға
“Ұста”, – деп туды ұсындың. Ұсындың туды: “Ұста”, – деп, Шығуға тұрдың құштар боп. Шыға шаптым, асығып,
“Атамнан бұрын шықсам”, – деп. Бұрын шықтым атамнан,
Атамнан жоқ ем бата алған. “Бата алмай шығып атамнан, Асыққаным не болған,
Ұлықсат алмай атамнан?”
Ойладым, ата, осыны-ай. Жан базары кімге оңай? Шауып шықтым майданға, Қауіп-қатер ойламай.
Сонда Түгел толғады,
Бұлардан толғау сөз қалды.
Бір қайғыны ойласа, Мың қайғыны қозғады. – Алакөбек майданда
Шықпады адам майданға.
Майданға адам шыға алмай, Тұрғанда халқым қайғыда, Қайғы басты қара тұман, Жаудың түрі тым жаман.
Сап-сабымен тұрып алды Алты мың әскер аламан. Алакөбек батырдан
Құтылмас жанды қашырған. Екі көзі қанға толып,
Мейманасы тасыған.
“Кім шығады, – дедім, – бұған?” Демеді ешкім: “Мен шығам”.
Айдаһардай ысқырып тұр, Жанды сақтау болды күмән. Қанқор екен қанға жерік,
Өмірлі жанға өлім беріп, Қазақтан қан төгуге
Келген екен желігіп. Желігіп келді қалмағың, Салды елге салмағын,
Қазаққа үлкен қайғы болды Жаудан аман қалмағың.
Елді сақтау болды күмән, Күн тұтылып болды тұман. Ел басына қайғы туды
Қара бұлт қаптаған. Бұны көріп бабаң-ай,
Тұр едім жылап, балам-ай: “Бір баланы шығар”, – деп, Жаратқаннан сұрап-ай,
“Ұйқыда көрген түсімді
Көрейін, – деп, – сынап-ай”.
“Бір бала шықпас па екен?” – деп, Майданға тұрдым шыға алмай.
Шыға алмай, жылап тұрғанда-ай, Ұсынып туды бұрғанда-ай,
Қан төгілген майданға
Шауып шықтың, шыдамай, Жылап тұрған атаңнан
Ұлықсат бата сұрамай.
Алдыма келіп, ботам-ай, Алып кетсең батам-ай, Алакөбек батырды
Түсірер едің қысылмай. Батамды алмай кеткеннен
Найзаның қармақ болғаны-ай. Біразырақ қысылдың
Найзаңды ырғап тұрғанда-ай.
Қармақ болған ақ найза, Ырғағанмен, бармады-ай.
“Кезегім менің бітті”, – деп, Қалмақ та қарап тұрмады-ай. Тұрғанмен қалмағың, Бұрынғы күші болмады-ай. Көзімнің сүрттім жасын-ай, Қарадым, балам, басыңа-ай. Басыңа қонған бақытың Көрінді маған осындай.
Көтерілген шаң-тозаң
Аспанды тегіс торлапты.
Қазандай болған ақ бұлт Күннің көзін ұрлапты.
Ақ бұлт деген ақ әруақ Басыңа, балам, орнапты. Берейін, балам, батамды, Әруағың оттай тұтанды. Өзім жатып, балама
Тапсырайын Отанды. Елдің иесі боласың.
Қол жайып, ал батамды
Қазағына үш жүздің Барақ батыр атанды.
“Жаудан бүгін қалдық аман, Туды берем, балам, саған.
Тудың иесі сен боларсың, Елді жаудан қорғаған.
Туымды ал қолыңменен, Бұрынғы ердің жолыменен. Әруақ қонсын басыңа
Жеті атаңнан үзілмеген!
Көтер, балам, білекті, Құдайым берсін тілекті!
Мұсылман үшін туыпсың, Мұсылманға керекті.
Керектісің мұсылманға, Жаратылдың кәпір жауға. Қартайып келген уағымда Туыпсың елдің бағына.
Кәпірдің оғы өтпесін!
Мұсылман оғы жетпесін!
Өзің тисең мұсылманға, Жетсе, қате кетпесін!
Мұсылманға аттанбасын,
Мұсылманмен жау болмасын! Өзі тисе мұсылман,
Ол мұсылман оңбасын! Бата берген қартыңмын, Қариялардың артымын. Ертерек туып сендерден, Пайғамбарға жақынмын.
Пайғамбар қолға алған ту, Пайғамбардан қалған ту. Ту көтерсе пайғамбар, Дұшпаны болған ызың-шу. Пайғамбар туы – алғаның, Жорыққа басшы болғаның. Көріп тұр қалың қазағың Басыңа бақыт қонғанын Бақытың өрге өрлесін,
Үстіңе дұшпан келмесін!
Ертек болып кейінге,
Мәңгілік атың сөнбесін! Қолыңа, балам, ту алдың, Ту алғанда, қуандым.
Алакөбекті өлтіріп,
Қылышың қанға суардың. Ұрысқа шықса пайғамбар, Пайғамбар ісін байқаңдар. Дүние үшін қан төкпес Дін үшін жанын қиғандар.
Қорғайтын, қазақ, дінің жоқ, Оқып алған білім жоқ.
Жерің мен сақта малыңды, Малсыз, жерсіз күнің жоқ. Ел үшін бер жаныңды,
Ел үшін төк қаныңды.
Ел үшін ер боп туғансың, Аяма жаудан жаныңды.
Аяма жаудан жаныңды, Жіберме жауға арыңды.
Жіберіп жауға арыңды, Алып қалма жаныңды.
“Арымнан жаным садақа”, Деген мақал бұрынғы.
Арыңнан бұрын жан бітсін, Арың мен жаның бір кетсін. Абырой-арың кеткенсін,
Арсыз жанды кім күтсін? Абырой жоқ, ары жоқ,
Адамшылық тағы жоқ,
Өзі үшін оттап, су ішкен Айуаннан айырмасы жоқ. Ондай адам адам ба?
Адамға оны санама. Дұшпаныңа бірігіп, Қолы тиеді жағаңа.
Аймағың кетпес қасыңнан, Әділдігіңді аяма.
Әділдігіңді аясаң, Аймағың кетпей тұра ма?
Жолдасың қалмас қасыңнан,
Олжаңды да аяма.
Олжа малы – қар суы. Қар ерімей тұра ма? Тыңдағанға насихат, Аз сөзден көп мағына
Сөздің артын созбайын, Осы да жетер балама.
Осыны айтып Түгел қарт, Бараққа туын беріпті.
Туы менен Түгелдің Батасын Барақ алыпты. Үш ананың баласы –
Үш мыңға басшы болыпты, Үш мың қолды аралап, “Барақ!” – деп айғай салғаны Ұран болып қалыпты.
Осы ұрыстан бері қарай
“Шөмішті” деген Табынның Ұраны “Барақ” болыпты.
Ұран болып халыққа Мәңгілік аты қалыпты.
Халық аузында ұран боп Ғасырдан-ғасыр келіпті. Осы істің болғаны
Өтірік емес, анық-ты. Айта алмаймын өз басым “Өтірікші” деп халықты. Барақты еске түсіріп Жазуға көңілім желікті.
Ел аузынан алынбай Әлі де көбі қалыпты. Базар етіп барымды,
Жібердім жазып Барақты. Адресін Барақтың
Батыры болған қазақтың, Адресін көрсетіп,
Түсіндіріп жазбақпын. Қазақстан жерінде, Байғаниннің елінде,
Шаруалар қыстап отырған Белгілі қоныс сенімді –
Ұлы Самның құмында, Көрсетейін мұны да.
Атасының қонысы, Мекені екен бұрында.
Барақтың Асау баласы, Көзінің ағы-қарасы
Асау менен Барақтың Жиырма жас арасы.
“Асаудың Барақ ұлы, – деп – Аты шыққан бұрын”, – деп,
Түсінбеген халықтың Осы жерде бар таласы. Әңгіменің сарасы, Сөздің осы расы.
Ұлы Самның құмында Асау мен Барақ моласы. Аталы-бала – екеуі
Ұлы Самның құмында.
Құрбан қылып, қой сойып, Адам түнейді жұмада.
Бейсенбі күні бесінде, Жұманың келер кешінде Рухани адамдар
Тілек тілеп жатады Тілеухана ішінде,
Өз елінде, өз жерінде,
Көрсеттім адресін де.