Қазақша
Сырым батыр
Екі ғасыр бұрынғы Сонау атам заманда, Екі басты аждаһа
Аранын ашып адамға, Айбат шегіп ысқырып, Зәрін шашқан заманда Қоңырауы шіркеудің Араласып азанға, –
Кіші жүздің адамы
Азан-қазан заманда
Тарихтың жаңа жалауы Желбіреді далаңда.
Хан мен қара айқасып, Белдесетін алаңда.
Кіші жүздің ханы Нұралы Болып туған мұрады, Көңілін судай тастырып, Орынбордың аузында
Отыз отау тіктіріп,
Салтанатын арттырып, Он екі қанат орданың Ортасында тақ құрып, Төбеліндей төренің
Төрелерді жақ қылып. Қан балталы нөкерге Төңіректі бақтырып,
Қошемет күйін ойнатып, Сырнай-керней тарттырып, Отырды алтын тағында.
Саяның салқын самалын Сары қымыздай сіміріп, Жасыл орман бағында. Әмір етіп отырад
Елек, Қобда, Жем, Сағыз, Ойыл, Қиыл, Жайыққа.
Уәзірлері тәжім қып, Тәңіріндей табына.
Ералы, Есім, Айшуақ Сұлтандары жанында.
Қазақтың қызы демесең, Хан қасында – туған ай Ақлима ханым да.
Ордасының төрінде – Орынбордың ұлығы,
Құрметті қонақ барында,
Дамылдап бір күн дау -жанжал, Дархан қызған шағында
Шауып келіп, шабарман Қодар айтты ханына:
Шабарман Қодардың айтқаны:
– Алдияр тақсыр ханымыз! Алдыңызда малымыз. Қолыңызда жанымыз,
Жалған болса сөзіміз, Төгілсін қасық қанымыз. Көлденең жатқан Електен Көктей өте жортқан
Бір батырға жолықтым. Түр-түсінен түңілдім,
Жолыққан жерде торықтым.
Ордаңызға жеткенше, Жетіп, тағзым еткенше,
Шабуыл салдым, зорықтым. Тұлғасына қарасам,
Адамға біткен бір алып, Жерге біткен асқардай. Оны тапқан анасы
Тоғыз күн ұдайы толғатып,
Оныншы күні тапқандай. Ажарына қарасам,
Ашулы көкжал арыстандай. Айдалада айдаһар
Айбаттанып жатқандай, Қара бұлт жапқан аспандай. Жас шамасын қарасам, Сәукеле қара шашында Азын-шоғын ақ бардай.
Қимылына қарасам,
Найзағайын аспанның Қағып ап, қайта атқандай.
Қамалдардың қақпасын Қақыратып ашқандай. Қараңғы айсыз түндерде
Қалың қолды басқарды-ай. Қаруына қарасам,
Ашулы ұста долданып, Суарып кекке соққандай. Астындағы Азбанкер Мыңнан оза шапқандай. Құйындайын құйғытып,
Жұлдыздайын аққандай. Ізінен келіп сынасам, Жемнен келе жатқандай. Суыт жүріп келеді
Кеудесінде кек бардай, Жүрегінде дақ бардай. Қамсыз болып қалмаңыз, Хас батырдан сақтанбай.
Нұралы сынды ханыңыз – Қабағы – жар, алды – мұз.
Тағасыз тұлпар төзер ме, Құлап түспей, тайғанап. Хан ордасы қаһарлы,
Қаймықпай кірер қай қазақ? Орданы қамап нөкер тұр Айбалтасын қайрап ап.
Қарсылық қылған пендеге Көрсетпей ма қайғы, азап? Кісендеп, көктеп, көгендеп, Соркешуге айдамақ.
Жағымсыз айтқан хабарға Хан ашусыз қалар ма?
Хабар берген адамға Жарлық етті табанда Жазалап дүре соғарға, Қол-аяғын байлап ап.
Кіріп келді бір маңғаз, Сөз аяғы бітпей-ақ.
Көк сауытты, семсерлі, Қынапты қара сапылы.
Арыстандай айбаттың
Ағын да судай қарқыны. Жолбарысы жүректің,
Теңіздей терең ақылы. Тілдің жүйрік дүлдүлі, Көлдің қиғыр лашыны. Он екі ата Байұлы, Байбақтының нәсілі,
Ақ Жайықтың көкжалы, Кіші жүздің батыры –
Хабаршыға кездескен
Осы еді Сырым Датұлы. "Жайсыз хабар айттың",-деп, Жарлық еткен Нұралы
Қатулы түсті бұзбастан, Батырдан жөн сұрады.
– Қарадан туған хан болмас, Айырдан туған нар болмас. Төреден тумай паң болмас, Құлазыған қу дала
Үйрек ұшып, қаз қонбас. Қырдың қырғыз – қарасы, Көргенсіздің баласы,
Тақта отырған ханыңды, Төрде отырған төрені, Ұлт бағынған ұлықты, Нөкерді көзге ілмедің.
Баса-көктеп еніпсің, Бір жортуыл шегіпсің,
Шеру тартып жүр ме едің?
Көкке тойған көбеңдей Құтырып, тасып жүр ме едің? Төгілер түсің түнеріп,
Қуғын көрген бөрідей Жанталасып жүр ме едің? Көргенсіздік емес пе
Сұраусыз үйге кіргенің?
– Халқы болмай, хан болмас, Ақылсыз ханда ар болмас.
Керуен бастап бармаққа,
Қатепсіз қара нар болмас. Халыққа қамқор хан болса, Көңлі шалқар көл болсын. Шалқыған шалқар болмаса, Үйрек ұшып, қаз қонбас. Қаз қонбас тақыр татырдан Игілік күтіп ел қонбас.
Елі болмас ер болмас, Үйірде болмас ат болмас,
Ұяда болмай, құс болмас.
Хандығыңнан не пайда? Халқыңның күні қараңғы. Тақта отырдың тақымдап,
Тарлықтың мынау заманы. Тар заманда тарығып,
Таба алмай келдім амалды. Елімді қамап сұм патша, Салып жатыр қамалды.
Балығы тайдай тулаған, Бақасы қойдай шулаған,
Жайыққа кісен салынды. Орақ тиіп көрмеген
Көкорай шалғын шабылды. Құлпырған құба талының Тамыры, түбі қазылды.
Түрме тасы қаланды,
Атаман шауып, шаңдатып, Ауыл күнде таланды.
Қит еткен пенде – қылмысты, Тас қамалға қамалды.
"Бағындық,-деп,-патшаға", Бастағы еркін тағы алды. Ақсақалдан әл кетті,
Бәлеге бәле жамалды. Өзіңнен шыққан уәзірлер Сүліктей елге қадалды.
Салықтың саны көбейіп, Қоралап айдап мал алды. Мал бере алмас жарлыдан Әзірейілдей жан алды.
Хандық құрған шағыңда Халық малға саналды. Айтып берші, алдияр,
Аяушы бар ма адамды? Жаудай шаптың елімді, Алмақ па едің кегіңді – Қазаланған қазақтан Бұрынғы ата-бабаңды?
– Арғы тегім хан Шыңғыс Асылы нұрдан жаралған.
Одан бергі хандардың Ұрпағы содан таралған. Кешегі асыл Қайыр хан – Аты шулы дана адам.
Ақ патшадан жүлде алған, Аузына халық қараған.
О да шаһит болғанда, Тағы иесіз қалғанда, Хан көтеріп қазағың,
Ханнан туған дарамын.
Әбілқайыр хан салған Сара жолдан тай алман. Ақ патшаға бас имей, Пананы қайдан табамын? Жағасына Жайықтың Қаласа тасын қаланың, Салса берік қамалын, Жаңара берер заманым. Тағылар талап ала алмас, Тайғақ болмас табаным.
Пәленің бәрін қаптатып, Салықтың бәрін санадың. Байбақтыны басқарған Сөзі ме айтар дананың? Салмақ па екен салық та? Хан несібі – халықта.
Бай несібі – жарлыда, Би несібі даулыда.
Бассыздық болса еліңде, Жау несібі – жеріңде.
Халық иесі ханыңда
Қырық анадай ақыл бар. Ашулы келер батырлар, Ұғымпаз келер асылдар. Айтқанымды мақұл ал,
Ханыңды патша ардақтап, Арнап жазған хаты бар,
Дегдар асыл заты бар. Ханға қарсы болғандар Дарға тартып асылар.
Жарлық етсе патша ағзам, Асаудың сұлқы басылар.
– Елдің бассыз болмағы – Басқара білмес ханынан. Дау-жанжалдың болмағы Жүгініске келгенде,
Төрелей білмес қазыдан. Байтақ жатқан халықтың Ханға несіп болмағы – Зиянды хан заңынан.
Малсыз жарлы-жақыбай Байға несіп болмағы –
Замананың тарынан.
Ел қамын жеген еріңмін Ежелден Қыдыр дарыған. Түлеп ұшқан қыранмын. Тұғырға қона алмай,
Түлкідей құйрық сілкінем деп, Талайлар тайған тағынан.
Атаң – Әбілқайыр хан
Екі жүзді зайыр хан.
Хандық құрған шағында Қазымен ауыз жаласқан. Жоңғар – қалмақ ханына Қызын беріп, жарасқан. "Үш арыстың баласын Бағындырып алам, – деп, Шеңгелімді салам", – деп, Мансап үшін таласқан.
Ойған-жойған арасын,
Жаулаймын деп қаласын, [Сыбағасын ажалдың]
Татқан батыр Барақтан. Сені де қалап, ардақтап, Хан көтерген қазақ жоқ. Жарлығымен патшаның Хан тағына бас салдың, Халқыңа қазір бағаң жоқ. Қайырың жоқ халыққа,
Қадірсіз ханнан жаман жоқ.
Атаңа тартқан нарқоспақ, Аруана болар шамаң жоқ. Шеп салған жерін бұздырған, Ұрысты қатты қыздырған, Қалдан ханды қашырған,
Абылай сынды асылдан Садаға кеткір ант ұрған, Жұртыңа тиер панаң жоқ. Талайларды табалап,
Тәніңе салған жараң көп.
"Қатерің жоқ", – демеймін, Қастерін тіккен адам көп.
Ашуланып Нұралы:
–Тарт, – деді, – ащы тіліңді, Әмір етті нөкерге:
–Байла, – деп, – батыр Сырымды! Тұс-тұсынан нөкерлер
Арқан ала жүгірді.
Ажалды қарға секілді Ақиыққа ұрынды.
Бата алмай батыр түрінен Нөкер біткен түңілді. Батыр сонда долданып, Қара бұлттай түнерді. Қабағы тастай түйілді. Қабарып қара бурадай
Бұрқырап, түсі бұзылды. Хан тағына ұмтылды, Қынаптан қылыш суырды. Нұралы ханның ханымы –
Қарындасы батырдың Айдай сұлу Ақлима
Аяғына жығылды.
Алмаққа тосып денесін: "Сабыр – сабыр, көкешім, Ашуды ақыл жеңетін.
Қайратты ашу билесе, Батыр мыңды жеңетін. Қастерін тіккен қалың жау: "Ақылсыз екен", – демесін.
“Қамал бұзар қас батыр Қапысын тапты” демесін. “Қарусыз ханды қапыда, Ордада шапты” демесін. Ханның басын баурыңа Сауғаға беріп, сау аттан. Көре алмаған көп дұшпан: "Кек алмай кетті" демесін. Айтқанымды сезерсің,
Тілегімді берерсің.
Қатерін сезген ханыңыз Ақылыңа келмесе, Айтқаныңа көнбесе, Сонда жорық шегерсің. Жанарыстың баласы, Айбарың күшті ер едің,
Қоңыраулы найза қолға алып, Қол алдында желерсің.
"Мен де Даттан жасық боп Туғам жоқ" десем не дерсің?
Жапанда
Нұралыдай ханыңыз Сауғаға беріп бауырға, Бірге туған қарындас – Ақлима сынды аруға, Азбанкерді тебініп, Батыр қайтты ауылға. Келелі кеңес қылмаққа Ауылдағы қауымға. Келе жатса жапанда, Қараобаның баурында,
Қараитті тауында
Бұрқыраған шаң көрді. Шаң астында бір топ жан Жөңкіле қуған мал көрді. "Ауылды шапқан жау ма?"- Деді де, сипай сыпыртып Келсе, өзінің малы екен.
Жау қолында құлындай Шыңғырған жас бала екен. Жалғыз ұлы Сырымның –
Алты жасар Қазы екен.
Қолына кісен салынған
Қосылған жұпты жары екен. Текеден шыққан шақа топ Ел жүрегін жаралап,
Ер Сырымның ауылын
Шауып қайтқан шағы екен. Жүгімен жұтқан түйені,
Түгімен жұтқан жылқыны Ел талағыш тазы екен.
Бұлтты күндей күркіреп Шапты Сырым желіге. Құрылған тұрғы тұстағы Толқыды қатты желіне. Қалтырады Қараоба:
"Не керемет?" – деді де. Дүрліге жосып ал, қашты, Дүбірінен безіне.
Сермеді батыр алмасты Текенің тентек еріне.
Қарсыласқан жасағы Хас батырдан жеңіле,
Текеден шыққан атаман Жылқыны тастай шегіне, Қамшы басты Ер Сырым Астында – Азбанкеріне. Баурынан тамшы тер ағып, Додасына бір керіле.
Жеткізбеді дұшпанды Бас сауғалар жеріне.
Ұябасар бүркіттің Түлкі түсті жеміне.
Атаман атын аттатпай, Артынан жетті азбаны – Жылқыда жүйрік дүлдүлі, Жүзден асқан саңлағы.
Қашқанменен шақа топ, Көрім жерге бармады.
Мойнына шылбыр салғанда, Алқымынан алғанда,
Батырдың батты зардабы.
–Жанымды қой, – деп жалынып, Күнәмді кеш, – деп зарлады.
Құтқарсаң, құлдық ұрам, – деп, Әб жыландай арбады.
–Арбама, – деді Ер Сырым. Жау тілін ұқпас тұмсамын. Мен – оқтаулы ақберен, Серіппелі тиіп, от алдым.
От алған мылтық оңдырмас,
Оттан өткір болғасын. Қай батырдан осалмын, Текенің тентек-тебізін,
Тобыңды бұзар топанмын. Топандата тастармын, Басқаңды көкке атармын. Әзіреттен ант іштім,
Анадан ақ бата алдым. Қасарысқан дұшпанға Қайырымсыз қаталмын.
Қол-аяғың байлармын Тәніңе таңба басармын.
Құлағың кесіп, құлдыққа Хиуаға сатармын, –
Деді де, батыр секіртіп Шақа топты байлады. Алдына салып жүгіртіп, Жылқымен бірге айдады. Алты жаста тартысты
Алғаш көрген жас Қазы,
Осының болды айғағы,
Жайықта
Ақ Жайыққа жетуге, Жайықтан өктеп өтуге, Стаханов салған қамалға Қанды қырғын етуге, Сарша тамыз түнінде, Түнек басқан тұманда Ат арытып, жаратқан,
Найзаға үкі қадаған,
Бір-бірін мыңға балаған,
Үдере жортқан аламан – Қырдың қырық жігіті Ат қоймаққа азанда, Жортармандар жорығы Батыр Сырым басқарған Атқа қонған ақшамда. Күңгірттеніп көкжиек,
Даланы ымырт жапқанда, Жамандатқыр қырық тұлпар Жер табанын қуырып,
Топырақты суырып, Тозаңын көкке шашқан-ды. Жарқыратты жай оғын,
Тұяғы жерді басқанда.
Адыра қалғыр Ақ Жайық, Түніменен дөңбекшіп,
Күрсіне түсіп, толғанып,
Толқыны тоқсан қозғалып, Ұйықтай алмай жатқанда. Күншығыстан бозарып
Құланиек атқанда, Қоя берді шырылдап
Таң торғайы аспанда.
Түсі қашып, қырық жігіт Түн ұйқысын бөлгенде, Жау жарағы жарқылдап, Жайыққа жетіп келгенде, Жануарды жүздіре, Ауыздығын сүздіре, Айдынына енгенде,
Енетінін ерлердің Дұшпан бұрын сезген бе, Әлде біреу астыртын Жауға хабар берген бе, Арғы беттен күркіреп
Көк зеңбірек атылды. Көктен нөсер төгіліп,
Жаудырды кеп жасылды. Зеңбіректен жауған оқ Жайықтың суын сапырды.
Тұңғиықтың түбіне
Жігіттің көбін батырды. Қанды көбік бұрқырап, Қара суды жасырды.
Хас батырың қашан да Сұрапылдан сасқан ба? Сырым батыр долданып, Әруағын шақырды.
Жайықтың жарын жаңғырта Айбат шегіп ақырды.
Аранын ашқан ажалға Ашулы батыр қарсы ұрды. Жар басына төніп кеп, Жағадан атқан жаудан да Мергендігін асырды. Керіле жүріп Керазбан Қанды қара толқынды Кеудесімен жапырды.
Аман-есен ар жаққа Алып өтті батырды.
Сырым батыр жағада Жан-жағына қарады, Жігіттерін санады,
Қырықтан тоғыз қалыпты. Қамал бұрын қамданып, Ханнан хабар алыпты.
"Аламан атқа қонбақ", – деп, Жайықтың суын бағыпты.
Қорғанды қоршап жасауыл, Өлім орын қазыпты.
Қақпасының аузына Қос құлыпты салыпты. Қанды болат қылышты
Қара тасқа жаныпты. Қамалдан жау қарсы атып, Оқ жауынын дамытты.
Дамыған оққа қарамай Дауылдата барысты.
Аңдыған жаумен шендесіп, Араласып қалысты.
Халқынан туған он алып Қадалған жерден қан алып, Қамалған жерден қарысты. Күн екінді болғанда,
Тоғыз жігіт оққа ұшып, Батырды ыза-кек қысып, Бадана көзді сауыттың Алқым бауын ағытты.
Долданып, көзі қанталап, Халықтың арын арқалап,
Жаумен жалғыз алысты. Күн жиекке барғанда, Қызыл іңір болғанда,
Зеңбіректен оқ тиіп, Жараланды, тарықты. Төмендеді қарт бүркіт, Қанаты оның талыпты.
Қамаған жаудың ішінде Ат үстінен ауытқып, Қансырады, қамықты.
Қамыққанын сездірмей, Назаланып, толғады,
Толғамасқа болмады. Алпыс екі тамырын Арман улап, күйдіріп,
Іштегі дертін қозғады. Немере менен шөбере – Жұрағатқа жыр болған
Сырымның жыры сондағы: "О, сұрқия сұм тағдыр!
Сұстанып тұрсың алмаққа, Аяққа кісен салмаққа.
Әбжыландай арбайсың, Айдаһардай ысқырып, Ысқырған демің үскірік,
Араныңды ашып, жалмайсың. О, дариға, тәтті өмір!
Тарыққан күні балдайсың. Көркің күмбез күндей боп, Жарқырап атар таңдайсың.
Аймалап сүйген аруым
Артымда қалған жардайсың. Жалғыз ұлым Қазыжан,
Үкімен өрім талдайсың. Етегіме жармасып,
Еркелеп, еріп, қалмайсың. О, сұм жалған дүние!
Жалпақ жатқан майдансың. Майданға майдан ұласып, Ұлы ұрысқа айналсын.
Айналайын Ақ Жайық, Жарқыраған айнамсың. Азамат ерге сәлем айт,
Майданға түсіп, бәйге алсын. Жүрегіне жырымды
Жалау қылып байлансын. Жау-жарақсыз болмасын, Тағасыз мұзға таймасын. "Тап-таяз" деп кемесіз Кешпесін наһыл дариясын.
Сауытын берік соқтырып, Саптасын болат найзасын. Қылышын кекке суарып, Балтасын өткір қайрасын. Ау, ақ бесті ат! Ақ бесті ат! Ақ бөкендей желесің.
Өрге салсам, өңмендеп, Қос тізгінді кересің.
Көз алдыма көлбеңдеп, Неге елестей бересің?
Өлімді көз көріп тұр,
Өмір қайдан келесің?" – Деді де, батыр, есі ауып, Азбанкерден жығылды. Шуылдасып қалың жау Тұс-тұсынан жүгірді.
Қансырап жатқан жаралы Жолбарысқа жұмылды.
Қараңғы үйге шынжырлап
Байлады батыр Сырымды.
Меңіреу түн мелшиіп Түнере түскен, түндігін Дүниеге жапқандай.
Аждаһа сұсты қара бұлт, Аспанды басқан түн бүгін Әлемді тегіс опқандай.
Бұлт бүркеніп түрме тұр, Адамға құрған қақпандай. Қақпа алдында қарауыл – Қотанды төбет баққандай.
Сол түрменің төрінде
Демінен жалын жалқындай? Бадана көз, тоғыз тор
Сауыты қанға малғандай, Қапыда тайып жығылған Қабырғалы палуандай,
Бір тамшы суға зар болып, Маңайына жан бармай,
Торыққан шақта Ер Сырым Сарт етті, есік ашылды.
Түршіктіріп түрмені, Түнде кімдер басынды?
Тұтқынның түрін түрменің Түнегі бүркеп жасырды.
Алыс кетіп, ату ма? Іле дарға асу ма?
Немесе дүре соғу ма – Датұлын атап шақырды. Елжіретіп жүректі,
Шымырлатып денені,
Таныс дауыс ежелгі
Тасытты Сырым батырды.
Келіп тұрған жас палуан Жасынан жасақ басқарған, Жасқанып беті аумаған, Батырың өзі баулыған –
Есболат дейтін ер екен. Бұ да алғыр тастүлек, Адамын алған демесең, Желпи туған желпініп
Жиырма жастың желі екен. Жүйріктен басқа мінбеген, Семсерден басқа ілмеген, Сұлудан басқа сүймеген, Салқам өскен сері екен.
Сипатын көрген сыншылар: "Сырым сынды" дер екен.
Елу жігіт қол құрап, Аттандырған ел екен. Сайғақты найза өңгеріп,
Меңіреу түнді меңгеріп, Қамаудың шамын сөндіріп, Қарауылын өлтіріп,
Түрмеге түскен кезі екен. Еліне тартты Ер Сырым. Ер жалғыздық көрер ме, Қатар тұрса ел есен!
Сұлтандар:
Қарық болып олжаға, Хан алдына ордаға
Екі сұлтан еніп тұр.
Бірі – ханның інісі, Бірі – туған баласы,
Жорық шегіп келіп тұр. Ералы, Есім сұлтандар
Еліре сөйлеп, бұрқандар, – Көкірегінде желік тұр.
Ералы:
– Алдияр, тақсыр ханымыз! Тартуды қабыл алыңыз.
Өзіңізден жарлық ап, Сұлтаның атқа қонғаны.
Атаманмен одақ боп, Нөкер ертіп, желгені. – Емес пе жолы болғаны. Жер-жиһанда теңі жоқ
Атамыз – хан Шыңғыстың Әруағы қолдады.
Сырым ердің қол асты – Екі мың үй шабылды.
Шабындыдан олжаны Саралап санап берейін:
Толтырайын орданы.
Жетектеп келдім сан саңлақ Жүйрік пенен жорғаны.
Мың алалы жылқының Алпыс айғыр үйірін,
Тоғыз жүздей түйесін, Сегіз жүздей сиырын. Бағалы кілем, бау-басқұр, Оюлы өре киізін,
Қама бөрік, қамқа тон,
Түлкі ішік, түрлі киім Алпыс нарға арттырып, Алып келдім алдыңа Алуан асыл бұйымын. Үзігін тіліп үйінің,
Ажыраттым жиынын. Бұзықтар тобы түзелді, Жүз адамы қырылды. Жараланды жарты жүз, Тұтқындалды тоқсаны,
Көбіне дүре соғылды, Соққыға көбі жығылды.
Есім:
– Алдияр, тақсыр ханымыз! Алтыннан асыл тағыңыз.
Қырық күн соққан қырық ұста Қан жұқпапты қара алмас,
Тартуды қабыл алыңыз. Өзіңізден жаралған Ұлыңның атқа қонғаны, Қан майданға енгені,
Ойдағысы болғаны.
Шапқан жері Сырымның –
Шақа топтың қорғаны, Қорғанға да болмады. Сырым ерен ер екен,
Жеті күн соқпай, басылмас Қарқыны қатты жел екен.
Қамаудан әскер оқ атты, Оғын қардай боратты.
Бораған оққа қарамай,
Қамалға шапты он атты. Тоғызы оның оққа ұшып, Ыза қайнап, кек қысып, Сермеді Сырым болатты. Елестетті қимылы
Азауды шапқан Орақты. Қамалдың берік қақпасы Балтасынан бұзылды.
Қазаланып мың кісі Қылышынан қырылды.
Жараланып жарты мың, Найзасынан жығылды. Зеңбіректен оқ тиіп,
Құлатпаса Сырымды,
Көрер ме, сірә көрмес пе ең, Есім сұлтан ұлыңды –
Дегенде, ханым – Ақлима Қара алмасқа қарады.
Қардай беті қанталап, Бұзылып кетті жанары.
Туған елі тоналды.
Жүрекке салды жараны Қан жұқпайтын қара алмас Жараға кекті жамады.
Кек кеудесін кернеді, Денесін улап барады.
Ақылдың кені болса да, Дәруды қайдан табады? Дәруын оның табады.
Емдерге жоқ қой амалы.
Масаттанды Нұралы, Іздегені табылып.
Орындалды арманы Бұлдырты бойы шабылып. Қауіпті жауы Ер Сырым Қараңғы үйге жабылып.
Сырымды туған ел барын, Сырымға серік ер барын Елемеді, еліріп,
Есебінен жаңылып.
Масайрады, Сырымның Қара алмасын тағынып.
Алтын оқа, қамқа тон, Жанат ішік жамылып. Губернатор ұлыққа
Сыйлық тартты, жағынып. Мастық басты орданы,
Тасқындатты тағылық.
Тасқындай тұрсын толғандар, Олжасына кенеліп,
Қырғын ауылға келелік. Бұлдыраған Бұлдырты Сылдыраған сырлы өзен Төсіне құлаш керелік.
Еліне жетсе Ер Сырым, Еңкейіп сәлем берерлік.
Бұлдыртыда
Атырау, Жемді, Сағызды, Ойыл менен Қиылды,
Мұғажар, Жайық арасын Жайлаған қазақ баласы
Бұлдыртыға жиылды, Ақсақалдар белсеніп, Әулиеге сиынды.
Алдияр, Малай, Бұландар Ақтаға, Алғыр, Қазандар Қиядан қарап қиынды
Деді: – Орданы шабалық. Халықты қолға алалық". Өршеленіп өзгесі,
Соқты сөзден құйынды,
Құйындата үйірді.
Көбек айтты: – Шабалық. Патшаға хат жазалық.
Көсеу айтты: – Көшелік. Көшіп, Сырдан өтелік. Ауыздағы алалық, Шеше алмады түйінді. Төзер ме енді, тоқталып,
Саңдақ шіркін самғады-ай. Асқардан аққан арнадай
Сырымнан сөз құйылды:
– Уа, қаумалаған халайық! Жеңілмейтін жау бар ма, Шешілмейтін дау бар ма, Жеткізбейтін жол бар ма, Асу бермес тау бар ма?
Асусыз асқар болса да, Аспай өткен ер бар ма? Батырлардың тұлпары
Баспай кеткен жер бар ма?
Халқына жау хандармен
Алыспай кеткен ер бар ма? Күнде бір сауыт жыртылып, Күнде бір қылыш сындырып, Күнде бір сүңгі суырып,
Шабыспай өткен ер бар ма? Көз жұмбай, дария кешпек жоқ, Ер жеңілмей, ер бар ма?
Ер төсектен безбей ме, Өзі туған елінің
Жүрегінде шер барда.
Қараңғыда жол тартқан, Қапы жерде сөз тапқан, Қара жерді қалтыратқан, Халқына жау хандарды
Қысқа күнде қырық шапқан, Тайбурылдай тұлпарды
Талай таудан аттатқан, Талай тақты таптатқан. Қарақыпшақ қалың ел
Қараспанға қондырған.
Қобыланды туған біздің ел! Бұлттай қайнап, мұз бүркіп, Үркер мен айдай тоғысқан, "Қаһар төксе, қатер", – деп, Қас дұшпаны торыққан.
Азды көпке теңгеріп, Нашарларға болысқан.
Қоңыраулы найза өңгеріп, Қараман ханмен соғысқан.
Соғысқан жауын мерт қылған Қара қасқа атты Қамбар ер,
Қамбарды туған біздің ел. Тауға салса, тас кескен, Кеудеге салса, бас кескен Семсерін күнде сермеген. Ел шетіне жау келсе, Кеудесін кегі кернеген.
Қаптаған қалың әскерді Бір кісідей көрмеген.
Қамалын жау бұзбаған, Дұшпаны жоқ жеңбеген Естерек ұлы Ер Тарғын Ер емес пе еді еңіреген? Өгізтауды өкіртіп,
Он екі ханды өлтірген.
Құланды қақтан қайырған, Хандарды тақтан айырған. Аждаһаның тынысын, Қолын салып, барлаған,
Туғаннан таққа таласқан, Дулығалы басты көп кескен, Аты шулы Орақтан
Жеңілмеген жау бар ма, О да туған қазақтан!
Анасы жерік болғанда, Аюдың етін жегізіп,
Жолбарыс сүтін ішкізіп, Екпінінің қаттысы Белден қарға аунатып,
Батыр туған Қарасай –
О да Орақтың баласы-ай. Атам - қазақ осал ма,
Тарихыңа қарашы-ай! Қайраты мұхит халықтың Туғызған талай батыры. Атқа қонар күн туды, Ақтайтын батыр атыңды. Атаңа нәлет Нұралы
Ел жауына сатылды.
Хан мен патша қосылып, Қорлықтарын асырды.
Сұлтандар мен атаман Аулыңды басынды.
Құл қылмақшы ұлыңды, Күң қылмақшы қызыңды. Шоқындырмақ халқыңды, Жоймақшы қазақ атыңды. Отызда оқ атпаған,
Қырықта қылыш шаппаған
Жаман жігіт өз басын Қоярға жер таба алмас. Хас батырдың белгісі – Қарындастың қамы үшін Жаудан жанын аямас, Жамандарға жалынбас, Сүйегі тұтам қалғанша, Дұшпанына бағынбас.
Ырыстың алды – ынтымақ, Бастан бақыт арылмас.
Бөліністен бөрі асар, Атқан оғың дарымас. Сөз анасы – құлақтан, Су анасы – бұлақтан, Жол анасы – тұяқтан,
Мен бастайын, сен аттан, Қаумалаған қарындас!
Сырымның сөзі – сырлы сөз, Қыздырды қызу ерлерді.
Жүрегінде желі бар
Аламанға жел берді. Атам қазақ халқының Әруағы тербеді.
Бұрқырап тасты Бұлдырты.
Құр-құрлап ұстап жылқыдан, Жұлқынған тұлпар ерленді.
Ер екен шіркін Сырым жолбарыстай. Аллалап барлық жаумен ол атысты-ай. "Жалғызға көптің әлі келеді" – деп,
Оқ тиіп, аттан құлап ол қалыпты-ай.
Есболат елу қолмен іздеп барып,
Түрме бұзып, Сырымды ала қашты-ай. Дәл бар ма, сені енді не қыл дейін, Көз тұман, көкірегі оның масты-ай
Салыпты жалғыз Сырым үлкен майдан, Баулыпты Есболатты ол бір таптан.
Жалғасы бар деп айтад бұл Сырымның Табамыз оны, Тәке, енді қайдан?