Қара өлең үлгілері
Сөзіңнің риза болдым нұсқасына, Айтады әркім назын тұстасына. Жараспайды жастарға серттен таю, Сене тұрып өмірдің қысқасына.
Іздеу интерфейсі
Аннотация үдерісі, дәйексөз беру және көптілді оқу үшін жасалған зерттеу интерфейсі
Сөзіңнің риза болдым нұсқасына, Айтады әркім назын тұстасына. Жараспайды жастарға серттен таю, Сене тұрып өмірдің қысқасына.
Көл жағалай тізіліп құстар отыр, Оны көріп қаршығам ұшқалы отыр. Айта берме сырыңды әшкерелеп, Маңымызда дос отыр, дұшпан отыр.
Жарасар таққан божы бірешкеге, Жақсылық тілемесем адам деме. Сілкініп осындайда бір шықпасаң, Көзіме күйік болып келдің неге.
Мал әдемі көрінер қиядағы, Бұзылмайды жұмыртқа ұядағы. Төмендеуі адамның тіпті оңай, Жүріп тұрған басынан тайса бағы.
Әуелі керек нәрсе білім деген, Білімсіз ілтипатқа ілінбеген. Екінші, елден таңдап бір сұлу ал, Қиғаш қас, оймақ ауыз күлімдеген.
Не асыл заттың бәрі жерден шығар, Меруерт, маржан тастар көлден шығар. Қанша тентек болса да бала кезде, Тез ес жиса, жақсы адам ерден шығар.
Бай кісі үйде отырып малды айтады, Сал жігіт сүйер ғашық жарды айтады. Туған ел, өскен жерден шетте жүрсең, Сағынтып ойдан кетпей сарғайтады.
Бар қашаған құтылмас, жоқ табылмас, Қараңғыда атылған оқ табылмас. Тіршілікте сыйласшы, ойнап-күлгін, Көре алмаған көп дұшпан боқ та қылмас.
Уайымнан өлмейді адам, ажал біреу, Босқа ойлап неге керек жадап-жүдеу. Адам—үй, қайғы—дауыл соқса келіп, Ығында жыққызбайтын ақыл тіреу.
Басынан ақындар сөз асырмайды, Әр жерде екі жақсы қосылмайды. Қосылса екі жақсы сәті түсіп, Қызығы өле-өлгенше басылмайды.
Жан кенет ыстықта «өлім» десе тоңар, Тамшыға пейіл қосса, кесе толар. Ішінде бір терінің ер азамат, Тірлікте неше толып, неше солар.
Ені жоқ, таңбасы бар қара ала аттың, Болады бәрі қымбат асыл заттың. «Тек жүрсең, тоқ жүресің» деген сөз бар. Жігітке залалы көп жаманаттың.
Қой семіз көрінеді қырқылмаған, Баласы сен біреудің былқылдаған. Барында талабыңның талпынып қал, Бос қалар жастық шақта ұмтылмаған.
Мал таппас еркек болмас, құрарын айт, Ұл таппас қатын болмас, тұрарын айт. Бірде шат, бірде қапа болып жүріп, Көңілдің қай уақытта тынарын айт.
Үлкеннің тыңда сөзін болса зердең, Ажалсыз пенде өлмейді қайғы-шерден. Артыңа бір ескерткіш қалдырмасаң, Тірлікте не болады алған, берген.
Басыңнан бақыт кетсе, құдаң кетер, Жеріңе бидай еккен мия бітер. Басыңа бақыт, байлық қайта оралса, Әр жерден кеткен достар жылмаң етер.
Сөз бастаймын әуелі о басынан, Тұлпар танбас теңселген жорғасынан. Құрт-құмырсқа, біріксе бақа-шаян, Қуып шығар жыланды ордасынан.
Ойнақ салып қозы-лақ жарда ойнайды, Ойнамайтын, күлмейтін жан болмайды. Өзің теңдес, ойнасаң, жаспен ойна, Кісі жары кісіге жар болмайды.
Әр адам жақсы көрер мінездісін, Кісіні хош көрмеген кім іздесін? Сақтасын жамандардың жаласынан, Түсіме өңім түгіл, кіргізбесін.
Жел соқпай шөптің басы қозғалсын ба, Артқыға айта жүрер сөз қалсын да. Қолыңнан келсе, көптің көңілін көтер, Біреудің қалған оңбас көз жасына.
Корпус метадерегінде қолданылатын атаулар мен баламаларды шолыңыз.
Мақалалар
Мақалалар, зерттеу нәтижелері
Short article sample inspired by UNESCO Dede Qorqud/Korkyt Ata page.
Гуманитарлық саланы цифрландыруды көздейтін мемлекетіміздің негізгі бағдарына сәйкес соңғы жылдары мәтіндік базалар құруға деген талпыныс артуда. Бұл шын мәнінде әлемдік маңызы бар қазіргі тенденциялар қатарында танылады. Корпустық ізденістердің, атап айтқанда, табиғи тілді модельдеу, тілдік алгоритмдер түзу, мәтін өңдеудің қазіргі лингвистиканың басым бағытына айналуы шынайы қажеттіліктерден туындап отыр. Бұл мақалада «Қазақ фольклорлық мәтіндерінің корпусын әзірлеудің мәтінді ғылыми талдау және зерттеуге беретін мүмкіндіктері қарастырылады. Жұмыстың негізгі бағыттары мәтіндерді жинақтау, цифрлық ортаға енгізу, морфологиялық және семантикалық таңбалау, конкорданс құру және тілдік бірліктерді статистикалық талдау әдістерін қамтиды. Зерттеудің ғылыми маңызы – қазақ фольклорын жаңа деңгейде зерделеуге, оның мәтіндік құрылымын заманауи әдіснама арқылы талдауға жол ашатын лингвистикалық корпус базасын қалыптастырудың теориялық негіздемесін ұсынып, тілдің бай қабаттарын ғылыми айналымға енгізуді көздеуінде. Негізгі нәтижелер ретінде қазақ фольклорлық мәтіндерінің корпустық моделі екшеліп, тілдік деректерді кешенді талдау мүмкіндіктері көрсетіледі. Бұл жұмыс корпус лингвистикасының теориясы мен практикасын ұлттық фольклорға бейімдеу арқылы қазақ тіл білімінде жаңа зерттеу кеңістігін ашады. Жүргізілген зерттеу фольклор мәтіндерінің тілдік табиғатын жан-жақты сипаттап, қазақ фольклортану ғылымына әдіснамалық үлес қосады.
Мақалада қазақ тілін құндылық бағдарлы оқытуда корпус деректерін қолданудың теориялық және әдістемелік негіздері қарастырылады. Құндылыққа бағдарланған білім беру тұлғаның рухани-адамгершілік, мәдени және әлеуметтік жауапкершілік қасиеттерін қалыптастыруға бағытталатыны көрсетіледі. Зерттеуде қазақ тілінің ұлттық корпусы, А. Байтұрсынұлының қазақша-орысша параллель корпусы және фольклорлық мәтіндер корпусының материалдары негізінде ұлттық құндылықтарды білдіретін тілдік бірліктердің жиілігі мен қолданыс ерекшеліктері талданды. «Ар», «намыс», «сабыр», «мейірім», «жомарттық» сияқты концептілердің мәнмәтіндік сипаты KWIC әдісі арқылы анықталды. Нәтижесінде корпус деректеріне сүйене отырып, құндылықтық мазмұнды іріктеудің және оны оқу үдерісіне енгізудің үш сатылы моделі ұсынылды. Зерттеу корпусқа негізделген оқытудың қазақ тілін меңгертумен қатар білім алушылардың мәдени-аксиологиялық дүниетанымын дамытуға мүмкіндік беретінін дәлелдейді // «Тіл мен әдебиетті құндылық бағдарлы оқыту: тәжірибе, мәселелер және перспективалары» атты ғалымдар мен мұғалімдердің халықаралық ғылыми- практикалық конференциясы материалдарының жинағы. 2 томдық., 2-том. – Астана: Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ, 2025..17-21 бб.
Бұл корпус қазақтың фолклорлық мұрасын цифрлық ортада сақтау, зерттеу және оқыту мақсатында құрылды