Қара өлең үлгілері
Болғанда өлең тілден, ән тамақтан, Қосылса екі жақсы, елге мақтан. Демей ме жақсы көпшіл, жаман кекшіл, Емес пе ырыс алды ынтымақтан?
Search Interface
A research-first corpus interface built for annotation workflows, citation discipline, and cross-lingual reading
Болғанда өлең тілден, ән тамақтан, Қосылса екі жақсы, елге мақтан. Демей ме жақсы көпшіл, жаман кекшіл, Емес пе ырыс алды ынтымақтан?
Өлеңді тіл бастайды, ән қостайды, Екеуі тыңдағанға ой тастайды. Ақындық атасынан үзілмеген, Өлеңді біз тұрғанда кім бастайды?!
Сөйлейін, сөйле десең, сөз келгенде, Қырық парыз, он екі иман бар кеудемде. Несіне айтар сөздің іркілейін, Осындай жиын-тойға кез келгенде.
Қолыңа домбыраңды аласың ба, Айқайға бес-алты ауыз саласың ба. Жақсы аға жолы биік айт дегенде, Тұнжырап үн жоқ, түн жоқ қаласың ба?
Қарағым, айналайын мұсылманым, Көрдің бе жас баланың қысылғанын. Көлдерде бір бір қонған көк ала үйрек, Көрдің бе бір жаманның ұшырғанын.
Дастархан қызыл ұштап тәрелке алтын, Құрбыңмен ойнап жүрген болма салқын. Құрбыңмен ойнап жүрген болсаң салқын, Болмайды бұрынғыдай көңіл жарқын.
Бір мал бар түйе деген үлкен көлік, Жаманға жай білмейтін сүйкенбелік. Жаманға жай білмейтін сүйкенем деп, Басыңның бұлы кетер мың теңгелік.
Жігітке өнер де өнер, өлең де өнер, Қас жүйрік өрге салса, өршеленер. Барында базарыңның ойна да күл, Шамшырақ мың күн жанған бір күн сөнер.
Малға жай айналасы шоқ жиденің, Ісі жоқ бітіретін көк иненің. Барында оралыңның ойна да күл, Ұстайтын тұтқасы жоқ сұм дүниенің.
Өлеңді айт дегенде аянбаймын, Жығылсам, жерге қолым таянбаймын. Жақсы аға жолы биік айт дегенде, Жетекшіл қара нардай аяңдаймын.
Сөз сөйлеймін саумалап, Ағалар отыр қаумалап. Сатып алған сөзім жоқ, Орынбор барып саудалап.
Өлеңді айт дегенде ал бола ма, Мойнында жүйрік аттың жал бола ма? Өлеңді айт дегенде айтпай кетсек, Базарға айдап салар мал болар ма?
Көтерген білезікті білегім-ай, Үстіңде ағалардың тілегім-ай. Ағалар армиядан аман келсе, Жарылар қуанғанда жүрегім-ай.
Жылқымды айдап салдым ойтаң-сорға, Жылқысы біздің елдің өңшең жорға. Ағалар, армияға шыққаныңда, Шығарып салушы едім орта жолға.
Базардан алып келген қоймақпалдай, Біздің ел қоймақпалмен үй жапқандай. Ағалар айт деп өлең қинамашы-ай, Жас бала жаңа өспірім не тапқандай.
Қара ойдың қамшым қалды қабағында, Бояудың бір белгісі сабағында. Бір көрсем құлынтайды, таныр едім, Ақша ілгек алтын шайған тамағында.
Басы еді өлеңімнің айым-қайым, Кім біледі, жолдас болмай жақсы жайын. Бұрылмай алыс сапар кетіп барам, Артымда қалып барады құлынтайым.
Қарағым, айналайын, қарындасым, Құдайым ұзақ қылсын ғұмыр жасың. Жат елге бауыр басып барасың-ай, Алдыңнан ақ күн туып жарылқасын.
Ішінде көп қойымның көзгіл қойым, Бұралған талшыбықтай өзім бойым. Бір тұтам бақалшағың, кеудең жуан, Тұрады қай жеріңде ақыл-ойың.
Жайықтың ортасынан сең жүреді, Біреуі-біреуінен кем жүреді. Бір сәлем құлынтайға айтар едім, Апырмай, осы арадан кім жүреді.
Browse authority entries and aliases used in corpus metadata.
Articles
Articles and research findings
Бұл зерттеуде Шыңғыс Айтматов прозасындағы Жер-ана концептісінің семантикалық, мәдени және экологиялық категория ретінде қалыптасуы қарастырылады. Осы бағыттағы зерттеу олқылығын толықтыру мақсатында жұмыста жазушының төрт прозалық шығармасы талданады: «Плаха», «Қош бол, Гүлсары!», «Ақ кеме» және «Ғасырдан да ұзақ күн». Зерттеу барысында табиғат элементтері этикалық, эмоциялық немесе символдық мәнге ие болатын 37 үзіндіге сапалық концептуалды-семантикалық талдау жүргізілді. Үзінділерді іріктеу мәтіндерді мұқият оқу негізінде жүзеге асырылып, олар қайталанып отыратын лексикалық, метафоралық, баяндау сипатындағы және мәдени тұрғыдан мәнді белгілеріне қарай топтастырылды. Талдау нәтижесінде өзара байланысты төрт концептуалды модель анықталды: Жер-ана — өмір бастауы, аналық қамқоршы, моральдық бедел иесі және жады сақтаушы. Бұл модельдер Айтматов прозасындағы табиғаттың жай ғана оқиға өрбитін орта немесе поэтикалық бейне емес екенін көрсетеді. Керісінше, табиғат адам жауапкершілігі, мәдени сабақтастық, экологиялық осалдық және моральдық бағалау мәселелері көрініс табатын этикалық негіз қызметін атқарады. Зерттеу нәтижелері Айтматовтың көркемдік дүниетанымындағы Жер-ана концептісінің құрылымды концептуалды модель ретінде қызмет ететінін айқындау арқылы лингвомәдениеттану мен әдеби экокритика салаларына үлес қосады.
Гуманитарлық саланы цифрландыруды көздейтін мемлекетіміздің негізгі бағдарына сәйкес соңғы жылдары мәтіндік базалар құруға деген талпыныс артуда. Бұл шын мәнінде әлемдік маңызы бар қазіргі тенденциялар қатарында танылады. Корпустық ізденістердің, атап айтқанда, табиғи тілді модельдеу, тілдік алгоритмдер түзу, мәтін өңдеудің қазіргі лингвистиканың басым бағытына айналуы шынайы қажеттіліктерден туындап отыр. Бұл мақалада «Қазақ фольклорлық мәтіндерінің корпусын әзірлеудің мәтінді ғылыми талдау және зерттеуге беретін мүмкіндіктері қарастырылады. Жұмыстың негізгі бағыттары мәтіндерді жинақтау, цифрлық ортаға енгізу, морфологиялық және семантикалық таңбалау, конкорданс құру және тілдік бірліктерді статистикалық талдау әдістерін қамтиды. Зерттеудің ғылыми маңызы – қазақ фольклорын жаңа деңгейде зерделеуге, оның мәтіндік құрылымын заманауи әдіснама арқылы талдауға жол ашатын лингвистикалық корпус базасын қалыптастырудың теориялық негіздемесін ұсынып, тілдің бай қабаттарын ғылыми айналымға енгізуді көздеуінде. Негізгі нәтижелер ретінде қазақ фольклорлық мәтіндерінің корпустық моделі екшеліп, тілдік деректерді кешенді талдау мүмкіндіктері көрсетіледі. Бұл жұмыс корпус лингвистикасының теориясы мен практикасын ұлттық фольклорға бейімдеу арқылы қазақ тіл білімінде жаңа зерттеу кеңістігін ашады. Жүргізілген зерттеу фольклор мәтіндерінің тілдік табиғатын жан-жақты сипаттап, қазақ фольклортану ғылымына әдіснамалық үлес қосады.
Мақалада қазақ тілін құндылық бағдарлы оқытуда корпус деректерін қолданудың теориялық және әдістемелік негіздері қарастырылады. Құндылыққа бағдарланған білім беру тұлғаның рухани-адамгершілік, мәдени және әлеуметтік жауапкершілік қасиеттерін қалыптастыруға бағытталатыны көрсетіледі. Зерттеуде қазақ тілінің ұлттық корпусы, А. Байтұрсынұлының қазақша-орысша параллель корпусы және фольклорлық мәтіндер корпусының материалдары негізінде ұлттық құндылықтарды білдіретін тілдік бірліктердің жиілігі мен қолданыс ерекшеліктері талданды. «Ар», «намыс», «сабыр», «мейірім», «жомарттық» сияқты концептілердің мәнмәтіндік сипаты KWIC әдісі арқылы анықталды. Нәтижесінде корпус деректеріне сүйене отырып, құндылықтық мазмұнды іріктеудің және оны оқу үдерісіне енгізудің үш сатылы моделі ұсынылды. Зерттеу корпусқа негізделген оқытудың қазақ тілін меңгертумен қатар білім алушылардың мәдени-аксиологиялық дүниетанымын дамытуға мүмкіндік беретінін дәлелдейді // «Тіл мен әдебиетті құндылық бағдарлы оқыту: тәжірибе, мәселелер және перспективалары» атты ғалымдар мен мұғалімдердің халықаралық ғылыми- практикалық конференциясы материалдарының жинағы. 2 томдық., 2-том. – Астана: Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ, 2025..17-21 бб.
This corpus was developed to preserve, study, and teach Kazakh folklore in a digital environment