Search Interface

Folklore Text Corpus

A research-first corpus interface built for annotation workflows, citation discipline, and cross-lingual reading

4397 Total records
175,437 Unique word forms (full index)
3919 Avg. Document Length
Clear

Results include: concordance, frequency, collocations

Corpus Records

Showing 20 of 4397 records

Қара өлең үлгілері

Өз күшін жеңілмейді шамалаған, Оңбайды ағайынды алалаған. Дос адал, туыс тату, жар бақытты Сыйласып бірін-бірі бағалаған.

Genre: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Жантақты жолда жатқан алып таста, Кірмесін кісіге де сенен басқа. Мың болып бір жақсылық еселенер, Кейінгі үлгі болса келер жасқа.

Genre: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Жүйріктің сәні болмас қамшылаған, Ақпаса су бола ма тамшылаған. Күніне сан мың үйрек ілсе дағы Тұйғынның бағасы артық қаршығадан.

Genre: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Жабыдан тұлпар жақсы шаппаса да, Дариядан зәмзәм артық ақпаса да. Баласы ителгінің түлкі алмайды, Тұғырын алтынменен аптаса да.

Genre: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Не пайда бұра тартқан биліктен де, Жолама жөнсіз іске киліккенге. Олжа алып, оза шауып жатпаған соң, Жемделген жабы артық жүйріктен де.

Genre: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Алыстан дыбысыңа құлақ салам, Тағдырдың пендесі жоқ жылатпаған. Адам түгіл ағаш та сүйемел боп, Орманда бірін-бірі құлатпаған.

Genre: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Жібекке, мақтасаң да, бөз жетпейді, Шабан ат жемдесең де, тездетпейді. Жаманмен жайды білмес болсаң жолдас, Басыңнан ертелі-кеш сөз кетпейді.

Genre: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Ит болмас қасқыр қанша баққанменен, Оқ тимес ажалсызға атқанменен. Жалғауға сөз, шабанға қамшы өтпес, Жібімес тас өзенде жатқанменен.

Genre: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Бір тасып, бір азаймас дария бар ма, Жан сырын жасырмайтын жария бар ма. Ініге үлгі-өнеге болам десең, Алдыңғы қарап үйрен қарияларға.

Genre: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Көреді бірін-бірі есен кісі, Сөйлейді топты жарып шешен кісі. Әр жерде алтын басың қор болмайды, Жақсыны өзің сыйлап десең кісі.

Genre: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Сынама хас батырды жаралыда, Сынама хас сұлуды қаралыда. Өзіңе өзге қамқор болсын десең, Басқаның қарап үйрен қабағына.

Genre: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Айта біл өлеңіңді өрнекпенен, Жақсыны бір ғанибет көрмек деген. Қонар бақ, ер жігітке бітер дәулет Ақ адал елге еткен еңбекпенен.

Genre: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Арыстан пар болмайды тышқанменен, Сүймеген жар болмайды құшқанменен. Көбелек, от болмаса, гүлге қонбас, Қалбақтап қараңғыда ұшқанменен.

Genre: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Бүкіл қазақ баласы бәрі сырлас, Жөн сұраспай, таныспай қарап тұрмас. Көрсетер сый-сияпат, мейір-ықылас, Қайтар деп қарымтасын талап қылмас.

Genre: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Ауыздың қайда екенін қол біледі, Ауылдың қайда екенін жол біледі. Білмейді өмір сырын көп жасаған, Көп естіп, кім көп көрсе, сол біледі.

Genre: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Жақсының ісі оңалар әу басынан, Жаманның арылмаған дау басынан. Күңкілдеп қашан көрсең жүрер жаман Жаңылған саудагердей саудасынан.

Genre: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Гүл өспес көлеңкеде аптап көрмей, Бәйгеге ат қоспайды баптап келмей. Шарықтап жүрсің, сәулем, көптен бері, Көгінде көңілімнің ақ кептердей.

Genre: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Жібекті бос берсең де, бөз болмайды, Алтынды боясаң да, жез болмайды. Мысалы әр нәрсенің, міне, осындай, Өжетті кемсітсең де, ез болмайды.

Genre: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Жапалақ жалп етеді жар басында, Немене жоқтың күні бар қасында. Дос болып қас болғаннан сақта, Құдай, Қасқыр да қас қылмайды жолдасына.

Genre: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Қамысты қанша жақсаң, шоғы болмас, Қара су қанша ішсең де, тоғы болмас. Қадір білмес жаманмен жолдас болсаң, Қарап жүріп атарға оғы болмас.

Genre: Қара өлең
Previous Page 79 of 220 Next

Reference

Browse authority entries and aliases used in corpus metadata.

Articles

Articles and research findings

Шыңғыс Айтматов прозасындағы Жер-ана — көпқабатты концепт: семантикалық, мәдени және экологиялық талдау

Бұл зерттеуде Шыңғыс Айтматов прозасындағы Жер-ана концептісінің семантикалық, мәдени және экологиялық категория ретінде қалыптасуы қарастырылады. Осы бағыттағы зерттеу олқылығын толықтыру мақсатында жұмыста жазушының төрт прозалық шығармасы талданады: «Плаха», «Қош бол, Гүлсары!», «Ақ кеме» және «Ғасырдан да ұзақ күн». Зерттеу барысында табиғат элементтері этикалық, эмоциялық немесе символдық мәнге ие болатын 37 үзіндіге сапалық концептуалды-семантикалық талдау жүргізілді. Үзінділерді іріктеу мәтіндерді мұқият оқу негізінде жүзеге асырылып, олар қайталанып отыратын лексикалық, метафоралық, баяндау сипатындағы және мәдени тұрғыдан мәнді белгілеріне қарай топтастырылды. Талдау нәтижесінде өзара байланысты төрт концептуалды модель анықталды: Жер-ана — өмір бастауы, аналық қамқоршы, моральдық бедел иесі және жады сақтаушы. Бұл модельдер Айтматов прозасындағы табиғаттың жай ғана оқиға өрбитін орта немесе поэтикалық бейне емес екенін көрсетеді. Керісінше, табиғат адам жауапкершілігі, мәдени сабақтастық, экологиялық осалдық және моральдық бағалау мәселелері көрініс табатын этикалық негіз қызметін атқарады. Зерттеу нәтижелері Айтматовтың көркемдік дүниетанымындағы Жер-ана концептісінің құрылымды концептуалды модель ретінде қызмет ететінін айқындау арқылы лингвомәдениеттану мен әдеби экокритика салаларына үлес қосады.

Қазақ фольклорлық мәтіндерінің корпусы: ғылыми талдау және зерттеу мүмкіндіктері

Гуманитарлық саланы цифрландыруды көздейтін мемлекетіміздің негізгі бағдарына сәйкес соңғы жылдары мәтіндік базалар құруға деген талпыныс артуда. Бұл шын мәнінде әлемдік маңызы бар қазіргі тенденциялар қатарында танылады. Корпустық ізденістердің, атап айтқанда, табиғи тілді модельдеу, тілдік алгоритмдер түзу, мәтін өңдеудің қазіргі лингвистиканың басым бағытына айналуы шынайы қажеттіліктерден туындап отыр. Бұл мақалада «Қазақ фольклорлық мәтіндерінің корпусын әзірлеудің мәтінді ғылыми талдау және зерттеуге беретін мүмкіндіктері қарастырылады. Жұмыстың негізгі бағыттары мәтіндерді жинақтау, цифрлық ортаға енгізу, морфологиялық және семантикалық таңбалау, конкорданс құру және тілдік бірліктерді статистикалық талдау әдістерін қамтиды. Зерттеудің ғылыми маңызы – қазақ фольклорын жаңа деңгейде зерделеуге, оның мәтіндік құрылымын заманауи әдіснама арқылы талдауға жол ашатын лингвистикалық корпус базасын қалыптастырудың теориялық негіздемесін ұсынып, тілдің бай қабаттарын ғылыми айналымға енгізуді көздеуінде. Негізгі нәтижелер ретінде қазақ фольклорлық мәтіндерінің корпустық моделі екшеліп, тілдік деректерді кешенді талдау мүмкіндіктері көрсетіледі. Бұл жұмыс корпус лингвистикасының теориясы мен практикасын ұлттық фольклорға бейімдеу арқылы қазақ тіл білімінде жаңа зерттеу кеңістігін ашады. Жүргізілген зерттеу фольклор мәтіндерінің тілдік табиғатын жан-жақты сипаттап, қазақ фольклортану ғылымына әдіснамалық үлес қосады.

Қазақ тілін құндылық бағдарлы оқытуда корпус деректерін қолдану

Мақалада қазақ тілін құндылық бағдарлы оқытуда корпус деректерін қолданудың теориялық және әдістемелік негіздері қарастырылады. Құндылыққа бағдарланған білім беру тұлғаның рухани-адамгершілік, мәдени және әлеуметтік жауапкершілік қасиеттерін қалыптастыруға бағытталатыны көрсетіледі. Зерттеуде қазақ тілінің ұлттық корпусы, А. Байтұрсынұлының қазақша-орысша параллель корпусы және фольклорлық мәтіндер корпусының материалдары негізінде ұлттық құндылықтарды білдіретін тілдік бірліктердің жиілігі мен қолданыс ерекшеліктері талданды. «Ар», «намыс», «сабыр», «мейірім», «жомарттық» сияқты концептілердің мәнмәтіндік сипаты KWIC әдісі арқылы анықталды. Нәтижесінде корпус деректеріне сүйене отырып, құндылықтық мазмұнды іріктеудің және оны оқу үдерісіне енгізудің үш сатылы моделі ұсынылды. Зерттеу корпусқа негізделген оқытудың қазақ тілін меңгертумен қатар білім алушылардың мәдени-аксиологиялық дүниетанымын дамытуға мүмкіндік беретінін дәлелдейді // «Тіл мен әдебиетті құндылық бағдарлы оқыту: тәжірибе, мәселелер және перспективалары» атты ғалымдар мен мұғалімдердің халықаралық ғылыми- практикалық конференциясы материалдарының жинағы. 2 томдық., 2-том. – Астана: Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ, 2025..17-21 бб.

Project Overview

This corpus was developed to preserve, study, and teach Kazakh folklore in a digital environment