Қазақша
Тырна мен Көкқұтан
Бір шалшықта бір көкқұтан мен тырна мекендеп тұрыпты. Тырна жалғыз тұруға қапаланып, көкқұтанға барып айтыпты:
– Мен сені өзіме айттыра келдім, маған ти, екеуіміз бірге тұралық деп.
– Жоқ, саған тимеймін, сенің жүнің қысқа, жаман ұшасың және де сен мені немен асырайсың? – деп, көкқұтан жауап қайтарады. Тырна үйіне қайтты. Тырна кеткесін көкқұтан ойға қалады. Жалғыз тұру қапа ғой, тырнаға тиейін екеу болсақ уақыт та тез өтер, – дейді де, тырнаға барып:
– Мен саған тиейін деп келдім, – дейді. Тырна ашуланып:
– Жоқ, енді мен сені алмаймын, айттыра барғанда тисең еді, – деп қайтарды.
Ұялып һәм ызар болып көкқұтан үйіне қайтып келді. Бұдан кейін тырна ойға қалды:
– Неге мен көкқұтанды қайтардым, екеу болсақ, қызығырақ болар еді деп, қайтадан көкқұтанға барады да: «Мен сені аламын, жүр енді біздің үйге», – дейді. Көкқұтан ашуланып:
– Кет, енді итше шұбатылмай, өзім барғанда алсаң болмас па еді? – дейді.
Бұдан соң көкқұтан ойға қалып тырнаға барғанда, тырна алмай, оның артынан тырна барғанда көкқұтан тимей, екеуі осы уақытқа дейін әуре болып жүр.