Корпусқа оралу

Мерт болған жолбарыс

Түсірген тәкәппарлық торға құсты, Пейілінен адам табар қылған істі. Мерт болған менменсінген өзін білмей, Өзіне-өзі шапқан жолбарысты. Жолбарыс патшасы еді бір тоғайдың, Қасқыр мен түлкі, қарсақ бір қарайдың, Көзіне көрінгеннің бәрін жұтып, Зәресін алған еді бірталайдың. Зәһәрі бір тоғайға қатты батты, Аңдарды неше түр...

ATU 1168А ATU 1336 ATU 1383
Қазақша
Мерт болған жолбарыс
Түсірген тәкәппарлық торға құсты, Пейілінен адам табар қылған істі. Мерт болған менменсінген өзін білмей, Өзіне-өзі шапқан жолбарысты. Жолбарыс патшасы еді бір тоғайдың, Қасқыр мен түлкі, қарсақ бір қарайдың, Көзіне көрінгеннің бәрін жұтып, Зәресін алған еді бірталайдың. Зәһәрі бір тоғайға қатты батты, Аңдарды неше түрлі зар жылатты. «Жолбарыс шетке шықсақ жеп қояр»,—деп, Қамалып түрлі хайуан бәрі қапты. Қамалып түрлі хайуан бәрі қалды, Жиылып мекен қылды биік жарды. Құтылар жолбарыстан күн бар ма деп, Келді де бір түлкіге ақыл салды. Түлкі айтты: «Табайыншы мен бір амал, Шеріге келтірейін мен бір ажал. Бәрің де тілеулес боп соңымнан ер, Алып жер, жатсаңыздар болып қамал». Бұл түлкі ақыл ойлап тұра келді, Қулықты неше түрлі ойлай берді. Алдына жолбарыстың жылап келіп, Келді де жолбарысқа арыз қылды. «Иә, шерім, бір нәрседен қорқып келдім, Қорыққаннан жәй жүре алмай жортып келдім. Бір ұлық, жалғыз шерім, сіз деуші едім, Сізден де үлкен нәрсе көріп келдім. Иә, шерім, сенуші едім білегіңе, Жарасқан әркімдер де тірегіңде. Шынымен қаһар етіп ұмтылғанда, Жау бірін қоспаушы едің біреуіне». Жолбарыс сонда орнынан түрегелді, «Кәнеки, көрсетші»,—деп мойнын бұрды,— «Құртайын не де болса, көрсетші»,—деп, Түлкіні басшы қылып ертіп жүрді. Ол түлкі келе жатыр шұбалаңдап, Шеріні құртайын деп жүр амалдап, Басына бір құдықтың ертіп келіп, Аяғын тұра қалып басты байқап. Жолбарыс айтты : «Қорықтың неден?—деді, —Туған жоқ күшті, әлді менен,—деді.— Құртайын не де болса, көрсетші»,—деп, Қарайды жан-жағына, елеңдеді. Басына бір құдықтың алып барып, Осының түбінде деп жауап берді. Осының түбінде деп, түлкі айтқан соң, Жолбарыс сол құдыққа назар етті. Жолбарыс сол құдыққа назар қылды, Түбінде ол құдықтың суы бар-ды. Жолбарыс сол құдыққа емінеді, Айнадай өз сәулесі көрінеді. Өзіне өз сәулесін дұшпан біліп, Ал, кейін, шабамын деп шегінеді. Түлкі айтты: «Қорықтың-ау, батырым-ай, Түгіңді кейін қарап жапырып-ай. Жә, шерім, сен шаппасаң, ол шабады, Мен шабам, ол шаппаса деп жатыр ма-ай. Дыбысы осы бастан білініп тұр, Жоғары салдыратып келатыр ма-ай!». Түлкіден есіткен соң мына сөзін, Жайнатып жарқыратты екі көзін. Түлкінің бұл сөзіне шыдай алмай, Құдыққа «ап» деп барып ұрды өзін. Бұл түлкі осы араға кетіп еді, Ажалын жолбарыстың келтіреді. Әр уақытта надандық құдды осындай, Түбінде сол құдықтың өкінеді. Болғанмен білегі жуан бірді жығар, Болса егер білімі жуан мыңды жығар. Әр уақытта надандықтың тұрқы осындай, Түбінен ол құдықтың қайтып шығар. Шығады әр нәрседен ақыл болса, Ақылды орнын тауып мақұл болса. Өзінің ажалына өзі жетер, Орынсыз жолбарыстай батыр болса.
Ағылшын
Бұл тілдегі нұсқа жоқ.
Бұл тілдегі нұсқа жоқ.