Қазақша
Шегендіктің баласының атын Мейрамның «Қақсал» қоюы (ІІ нұсқа)
...Ел-жұрттың көшіп-қонып жүретін заманы екен. Сондай бір абыр-сабыры көптеу көш-қон кезінде Шегендіктің бәйбішесі босанып, арыстай бір ұл бала дүниеге келеді. Дәл сол күні жауын-шашын болып, ол да бір жағынан берекені алыңқырап тұрса керек. Көш үстінде асығыс құрылған қамсау күрке, сол күркенің панасында босанған ана, жарық дүниеге келген нәрестенің іңгәлаған үні, жаялық-жөргегін қамдаған қатын-қалаш, абыр-сабыр сәт... Жас босанған ана есеңгіреп жатып нәрестенің қамын ойлайды, жас шаранасының тәніне алғаш тиетін жөргек-жаялықтың жылы болғанын қалап: «Анау отқа қақ сал», – дейді әлсіз ғана. Қазақтың ат тергейтін дәстүрі бойынша сиырдың ақ жапасын немесе ақ сөңке болып қураған тезекті «қақ» деп атайтын әдеті. Сол жердегі әйелдердің бірі: «Мына бейбақ баласының атын «Қақсал» деп жатыр ғой!» – деп іліп әкетеді. Енді біреулер Мейрамсопыдан: «Қақсал деген немереңіз дүниеге келді!» – деп, сүйінші сұрап та үлгереді.
Сонда Мейрамсопы: «Мейлі, Қақсал болса, Қақсал болсын, аман өсіп, ақ шал болсын!» – деп тілек айтыпты дейді. Кейін Қақсал ержетіп, әулеті ұлғайған кезде Қозғанмен еншілес болады. Бұлардың өсіп-өнген ұрпағының «Қақсал-Қозған» деп қатар аталатыны содан дейді.