Қазақша
Мәлікриан, Рабиғұлмүлік, қыз Жәмила
Тыңласаңыз сөйлейін халайыққа,
Халайық, айтқан сөзім ылайық па.
Дейтұғын Мәлікриан әңгімесін,
Жамағат, құлақ салып тыңлайық та.
Айтайын бір қиссаны ауызға алып,
Әйласын жәрдем, медет Жаппар Халиқ.
Жел сөзді бір-екі ауыз неге аяйын,
Жүруге кейінгіге мирас қалып.
Бұрынғы патшалар пәрмен еткен,
Дүниенің тарапына қолы жеткен.
Сүлеймен пайғамбардан аз жыл кейін
Дейтұғын Мәлікриан бір патша өткен.
Сарайда Мәлікриан патша өткен,
Үстінен әр патшаның хүкім еткен.
Баласы патшаның Рабиғұлмүлік
Әр жерге өнерменен даңқы жеткен.
Мініпті Мәлікриан алтын тақты,
Бек үлкен заманында салтанатты.
Патшаның жүз жетпіске жасы келді,
Бір перзент соған шейін көре алмапты.
Беріпті бір баланы Патша Құдай,
Жүргенде бала тілеп күнде жылай.
Рабиғұлмүлік қойды мұның атын,
Болады патшаның көңілі жай.
Туған соң ер жетіпті шаһизада,
Сипаты теңеу келмес, жоқ-дүр баға.
Он беске бұл баласы келгеннен соң,
Ал енді бір ой түсті падишаға.
Қасына бес жүз кісі қосып берді,
Тұлпар ат, асыл киім киіндірді.
«Сейілде сақаралы тамаша етіп,
Қызығын бұл жалғанның көрсін» деді.
Қасында бес жүз кісі саяхатпен,
Болмайды кімдер жолдас асыл текпен.
Ұшқан құс, жүгірген аң бірін қоймай,
Соғады бәрін қуып тұлпар атпен.
Сейілде жан көрмеген жерге жетіпті,
Аққан су, шыққан ағаш тамаша етті.
Жақындап бір тоғайға келген шақта,
Ішінен алтын киік жарқ-жұрқ етті.
Тоғайды тамам ғаскер қамап алды,
Киіктің сипатына қайран қалды.
Жүні бар гауһардайын жарқылдаған,
Тоғайдан шұбатылып шыға салды.
Қуады тамам ғаскер «иә, Құдайлап»,
Киіктің сипаттарын тамаша әйлап.
Рабиғұлмүлік қуды тұлпар атпен,
Ұстауға бұл киікті белін байлап.
Ойлады тоқтатуға алдын бөгеп,
Шабады тұлпар атпен тізгін тежеп.
Қуады кеш батқанша дамыл алмай,
Адасты киігінен ақшамда кеп.
Атынан күн батқан соң түсе қалды,
Киіктің сипатына қайран қалды.
Мылтығы аң ататын мың ділдалық,
Дап-дайын азық-сайман сайлап алды.
Жатады тамақ ішіп, тиыштық алып,
Киіктің сипатына қайран қалып.
Атына міне салып тағы қуды,
Ұстауға ебін тауып ыңғайланып.
Қуады ұдайымен бір күн тынбай,
Ұзақ түн сары күні дамыл алмай.
Қараңғы көз байланып кеш батқан соң,
Киіктің кеткен жөнін қалды білмей.
Бұралып алдында тұр алтын киік,
Жылайды көрген сайын іші күйіп.
Шыдамай сипатына тағы қуды,
Береді қолға қашан Құдай қиып.
Қуады бұл киікті жеті күндей,
Жеті күн ұдайы қуды бір күн тынбай.
Бір күні ат болдырып тұрып қалды,
Қай жақтан келген жөнін қалды білмей.
Жеті күн қуған жолы жеті айлық жол,
Тобышақ ат өзі жүйрік, қайраты мол.
Білмеді басы айналып келген жөнін,
Тау мен тас, адам білмес қиындық жол.
Басына бір биіктің шықты барып,
Көрмеген тау мен тасқа қайран қалып.
Көрінді жарқыраған бір жалғыз үй
Қараса төңірекке көзін салып.
Ол үйге шаһизада келді жетіп,
Туғалы көрмеген жер тамаша етіп.
Патша уайымдап жылайды енді,
«Адастым ел-жұртымнан қайда кетіп».
Қарады терезеден түсе қалып,
Қазанда ет пісіп тұр, оты жанып.
Ешнәрсе одан басқа көрінбейді,
Бір адам қарсы алдында жатыр талып.
Әлгі адам басын жерден жұлып алды,
Отырып босағаға көзін салды.
«Табам, – деп, – сені қайдан?» зар еңірейді,
Жығылып бір аздан соң тағы талды.
Әйнектен байқайын деп бір қарады,
Ол үйде кім бар, кім жоқ аңғарады.
Бір қыздың суреті тұр ақ қағазда,
Ханзада көргеннен соң таң қалады.
Иіліп белі қандай бұралып тұр,
Саусағы еш әжімсіз таралып тұр.
Түріне көрген адам тояр емес,
Еш адам келмегендей жаралып бір.
Суретіне шаһизада қайран қалды,
Болғандай бұ да ғашық көңілге алды.
Жантайып төр алдында жатқан адам
Алдына сол суреттің жетіп барды.
«Қарағым, шын таба алмай қалдым ба?» деп,
Зарланып әлгі адамзат тағы талды.
Ол үйге аңғармады, кіріп барды,
Суретті бүктеп жиып қолына алды.
Адамға талып жатқан қарамастан,
Апарып жанып тұрған отқа салды.
Отырды «бұл қалай?» деп шаһизадаң,
Бір кезде есін жиды талған адам.
Патша сөз сұрайды мұнан енді:
– Таласың бұл суретке, не тіпті саған?
Ол адам енді бұған жауап берді,
Жанғанын суреттің көзі көрді.
–Мен дағы патша едім заманымда,
Сейілде көп ғаскермен жүрдім, – деді.
Қасыма дәл он мыңдай ғаскер алдым,
Дейтұғын Гүлжазира жерге бардым.
Тамаша ойын-күлкі салтанатпен,
Бір үлкен дарияға келіп кірдім.
Өзі – қыз сағымы бар алтын киік,
Нұрына қайран болдым ішім күйіп.
«Патшаның Шермішғайыш қызы» дейді,
Біреуден анық хабар алдым біліп.
Сағымы көрінеді алтын киік,
Көрген соң мен жыладым ішім күйіп.
Он мыңдай ғаскер ертіп мен іздедім,
Кемеге алтын, гауһар, күміс үйіп.
Іздедім, таба алмадым неше жылдай,
Сарғайдым өңім солып, болдым мұндай.
Жолдасым он мың ғаскер суға кетті,
Осындай қаза берді Патша Құдай.
Тентіреп үйге қайттым жалғыз қалып,
Ғашықтық үлкен қайғы көңілге алып.
«Құбылып киік болар жол осы» деп,
Жатыр ем суретті сүйіп сарай барып.
Жыладым күндіз-түні дамыл алмай,
Дүниенің қызығына көзім салмай.
Есіме түсіп кетсе босқа талып,
Шақырып «жүр» десе де, үйге бармай.
«Патшаны сағым қуған қайтеміз» деп,
Ел-жұртым тегіс қашты бірі қалмай.
Береді айында әкеп отын, азық,
Қайғымен зарланған соң кеттім азып.
Көруші ем анық қуат о да болса,
Суреттен ақ қағазға атын жазып.
Басыма түсуші еді ақырзаман,
Суретті тастағаның емес жаман.
Осында мың жыл тұрсам келер емес,
Қайтамын енді аманда елге таман.
Әй, балам, сауабыма бүгін қалдың,
Маған дерт сурет еді, отқа салдың.
Нәсілің патшадай көрінеді,
Шырағым, баласысың қандай жанның?
– Сұрасаң Мәлікриан әкем атын,
Патшалық Құдай берген салтанатын.
Бес жүздей ғаскер ертіп аңға шыққан,
Болады Рабиғұлмүлік менің атым.
Мен дағы қуып келдім алтын киік,
Түріне тамаша еттім ішім күйіп.
Адасып келіп тұрмын жолдасымнан,
Басына шығып едім таудың биік.
Он мыңдай шығып еді ғаскер еріп,
Жеті күн киік қудым көңіл беріп.
Қуанып, желе шауып келіп едім,
Бұл жерге жарқылдаған үйді көріп.
– Шырағым, атаң асыл патша екен,
Байқасам, сөзің де жоқ менен бөтен.
Жол тауып жөніңе қайт, үйіңді тап,
Тағы да сені әуре қылған екен.
Астыңда ұшқан құстай тобышағың,
Бар екен Құдай берген артық бағың.
«Әкем кәрі, жүз жетпісте патша» дейсің,
Үйіңе қайт аманыңда, әй, шырағым.
Патша толғанады мына сөзге:
– Ағасы, Құдай айдап келдім сізге.
Бірде қыз, бірде киік, не кебі бар,
Беріңіз жөнін айтып енді бізге.
– Жарқыным, жөн сұрама бұл суреттен,
Түбіне патшаның қайсы жеткен.
Үйіңді тап, бар, сұрама, тілімді алсаң,
Өзіңдей көп асылды тентіреткен.
– Айтып бер бұл киіктің жайын маған,
Болайын мен разы енді саған.
Ішіме ғашық дерті түсіп кетті,
Іздемей не де болса мен тұра алман.
Ол адам естіген соң зарлық етті:
– Шырағым, обалыңа қалдым, – депті.
Атпенен жалғыз жүріп не бітеді,
Дария, көл, жүрер жерің қиын, – депті.
Естимін бір шаһары бар Шерміш атты,
О дағы өзіміздей адамзат-ты.
Бар дейді сол патшаның жалғыз қызы,
Жанда жоқ сұлулығы Жәмила атты.
Естимін сұлулығы күндей анық,
Болады бірде киік сағымданып.
Ыстықта, қараңғыда тысқа шықса,
Түріне бүтін шаһар нұры жарық.
Кәпір ме, мұсылман ба кім біледі,
Дінінің не екенін білмейді анық.
Адамды, дию, пері бірдей билеп,
Патшасы тұрады дер алым алып.
Төсеген көшесіне алтын, күміс,
Патшасы қанша жанды билейді-міс.
«Шаһары солтүстікте» деп айтады,
Адамзат оны табу қиын жұмыс.
– Рұқсат ет маған, жүрем, – деді,
Шаһарын Жәмиланың көрем, – деді.
Ғашықтық қиын екен басқа түссе,
Жолында қазам жетсе, өлем, – деді.
Ол жігіт қолын жайып бата берді,
Баланың тоқтамасын енді білді.
Қош айтып бір-бірімен амандасып,
Мінді де тұлпарына жүре берді.
Жүгіртіп тобышақпен жүріп кетті,
Арада бірнеше күн, түндер өтті.
Далада дамыл алмай үш ай жүріп,
Дарияға айдын шалқар келіп жетті.
Зарланды жапан түзде жалғыз өзі,
Сарғайды зағыпырандай нұрлы жүзі.
«Патшаның Шерміш халқын бір көрсет» деп,
Аузынан бір кетпейді осы сөзі.
Сол дария қазандай боп қайнайды екен,
Толқыны қояндай боп ойнайды екен.
Қасына сол дарияның келіп тұрса,
Өзінен адам өтіп болмайды екен.
Шаһизада аямайды жалғыз жанын,
Қыз үшін сарп етті шәріп тәнін.
«Айырылған ел-жұртынан мен бір ғаріп,
Өзің біл не қылсаң да, Зұлжалалым».
Патша осылайша зарлық етті,
Ақыры тәуекелге бел бекітті.
Көз жетіп көлденеңін біле алмайтын
Жағалап дарияны жүріп кетті.
Жағалап үш ай жүрді тыным алмай,
Арыды тобышақ ат жалы қалмай.
Атынан жалы, өзінен халі кетіп,
Сарғайды сары ағаштай жылап мұндай.
Жылайды жапан түзде мұңлы болып,
Сарғайған зағыпырандай жүзі солып.
Соларын ойына алып көп жылады,
Бір күні жолдастарын есіне алып.
Көрінді бір топ қара келе жатса,
Басады тобышағы дүлдүл атша.
Байқаса жақын келіп шаһизадаң,
Дауласып келе жатыр адамзатша.
Қасына тұлпар атпен жетіп келді,
Үш адам жанжалдасқан көзі көрді.
«Үшеуміз жолығып ек бұл жігітке,
Әкеліп оңтүстіктен Құдай берді».
Бұл үшеу душар болған жапан түзде,
– Жеткізер әділдікке Алла-ай бізді.
Әділдік үшеумізге тура берсең,
Айталық жөнімізді сізге, – депті.
– Кез қылды төртеумізді бір Құдайым,
Аллаға адам көңілі болар дайын.
Зейінім әділдікке жетіп тұрса,
Сіздерден білгенімді аямайын.
Үшеуі енді отырып сөз сөйлеген:
– Әкеміз патша еді жұрт билеген.
Дүниеде әкеміздей патша жоқ
Айталық бәрін, түгел сізге, – деген.
Әкеміз – бұл заманның пайғамбары,
Білетін қанша халық, жұрттың бәрі.
Аспанмен ұшып жүріп ел биледі,
Өзіне нәсіп болған қасиеттері.
Қамшы, кілем, бөрік киіп болған,
Нана ма айтқаныма көрмегенмен.
Қамшы алып, кілем мініп, бөрік киіп,
Аспанмен ұшып жүріп, ел билеген.
Бөрікті кілем мініп киіп алар,
Қамшымен көзді жұмып бірақ салар.
Ұшады аспан-көкке кілем [мініп],
Машриқ, мағрибтан хабар алар.
Дүниеден, уаллаһи, әкеміз көшіп кетті,
Мезгілді уақытында ажал жетті.
Мен едім үшеуінің ең үлкені
Бұлардан мен аламын, – деп арызын айтты.
– Дүниеге бұрын келген жолым үлкен,
Бір тудық, үшеуміз де емес бөтен.
Ағалық екеуінде хақым барын
Осыным шариғатқа бұрыс па екен?
Кенжесі тізе бүкті сөзін айтып:
– Алады бұл мансапты менен қайтіп?
Кенжеде ата мұрасы қалмағы анық,
Беріңіз әділдігін дұрыс айтып.
Кез қылдық, Құдай айдап, сізді, – деді,
Тиерлік бар ма, жоқ па жолы? – деді.
– Атамның жақсы көрген ортаншы ұлы,
Сіз дағы құр тастама мені, – деді.
Үшеуі сөзін айтып тамам болды,
– Сіздерге мен айтайын хүкім жолды.
Үшеуің бір кісінің баласысың,
Қиыспай, таласқаның қиын болды.
Сіздерге таласқаның емес пайда,
Әпкелші, асылыңның өзі қайда?
Қамшы, кілем, бөрікті қолыма бер,
Сыйынып сөз айтайын осындайда.
Үшеуі бір-біреуден бөліп алған,
Қоя ма таластырмай дүние жалған.
Қамшы, кілем, бөрік барлығын да
Алдына патшаның әкеп салған.
– Жігіттер, төрелікті маған берсең,
Жарай ма үш нәрсені үшке бөлсем.
Үшеуің ана белден жарысыңдар,
Алыңдар қай озғаның бұрын келсең.
Үшеуі осы сөзді қабыл етті,
Түрініп етектерін жүріп кетті.
«Алармыз озғанымыз келсек бұрын,
Тәуекел, бағымыздан көрдік» десті.
Кілемін шаһизада жайып салды,
Басына сол бөрікті киіп алды.
«Шерміштің жеткізгіл, – деп, – шаһарына»,
Қамшымен көзін жұмып салып қалды.
Бұлдырап шаһизада аспанға ұшты,
Көрсетті құдіретпен әрбір істі.
Патша хайламенен ұшқаннан соң,
Үшеуі соны көріп шулап тұрды.
Жарқылдар айналасы алтын шаһар,
Патша бұл шаһарға келіп түсті.
Бұлбұл құс, сандуғаш сайрап тұрған,
Үйлері өңшең гауһар жайнап тұрған.
Біп-бітеу айналасы алтын шаһар,
Бұрын еш көрген емес мұндай қорған.
Шаһарды көзі көріп тамаша етті,
Көрген соң сипатына есі кетті.
Кілемін жан қалтаға тығып алып,
Шетірек оңаша үйге кіріп кетті.
Кілемін бір-ақ уыс бүктегенде,
Аузынан жалын шығар «үһ» дегенде.
«Бере гөр өзің медет, иә, Иләһым,
Нақысын өзің тауып, құп дегенде».
Шаһизада сәлем беріп үйге кірді,
Отырған бір кемпірді көзі көрді.
– Бәйбіше, бұл шаһардың аты не? – деп,
Қонағы осылай деп жауап сұрды.
Отырып сонда кемпір сөз сөйледі:
– Білмейтін бұл шаһарды, сен кім? – деді.
Шерміштің шаһары-дүр білмесеңіз,
Адамды, дию, пері сол билейді.
Жас бала, қалай жүрсің жолды кезіп,
Айырылған ел-жұртынан жүрген безіп?
Сипатың патшаның баласындай,
Сұрайсың бұл шаһардың несін сөз деп?
– Жолаушымын, келімсек алыс жерден,
Бейнеті көп болады жігіт ердің.
Адасып керуеннен ұйықтап қалып,
Қаңғырып жол таба алмай, мұнда келдім.
Шешеке, қалай айтсаң өзіңде ерік,
Мүддем бар жүрегімде менің, шеше,
Жүруге бала болып тұрайын деп.
– Шырағым, осы отырған жалғыз басым,
Мал-мүлкім, толып жатыр асыл тасым.
Ие бол өзім өлсем мал-жаныма,
Бұл үйге лайықты сенің басың.
Кемпірге сөйлесті де жай болады,
Кемпірдің баласына көңілі толды.
Осымен ақыл тауып, хайла істеді,
«Бір хабар өстіп жүріп алайын» деп.
Жатады екі-үш күндей тыным алып,
Шаһардың сипатына қайран қалып.
Алмаған көптен тыным бала батыр,
Оятты бір заматта кемпір барып.
– Не болды, балам, саған жата беріп,
Әуелде қуанып ем түсің көріп.
Көрсеңші не бар, не жоқ бұл шаһарда,
Қолына алтын, гауһар, күміс беріп.
Жетерлік бір өзіңе қазына бар,
Иесі жалғыз өзің, өзге кім бар.
Арала шаһар ішін, бәрін де көр,
Шаһизада, неше түрлі базарлар бар.
Аралап енді бала жүріп кетті,
Зейнетлі неше түрлі үйден өтті.
Күмбездер неше түрлі жарқылдаған
Көрген соң енді бала тамаша етті.
Бір шарбақ бәрі темір келіп жетті,
Көрген соң бала мұны шошып кетті.
Басында темір қазық бір-бір бас тұр,
Шошынып мұны көріп қайта қашты.
Кесіп ап, іле берген адам басын,
Істепті темір қорған айналасын.
Күмбезі жарқылдаған бір үй көрді,
Ауызбен айтып болмас тамашасын.
Шаһардың бәрі қорған байлауы жоқ,
Неше нәрсе тамашамен ойлауы жоқ.
Патша есі кетіп қарап тұрды,
Жерден тіреу, аспаннан байлауы жоқ.
Шарбақты көргеннен соң енді састы,
Қисапсыз іле берген адам басты.
«Бұл жерге келген адам өледі» деп,
Шошынып енді бала қайта қашты.
Бек қорқып енді бала үйге келді,
Келгенін жаман шошып кемпір білді.
– Базарға жалғыз күні барамын деп,
Шошындың неден бүйтіп, балам, – деді.
– Базарға жақындап ем бір-бір басып,
Шошындым бір нәрседен жаман сасып.
Шарбақтың айналасы темір қазық,
Бәріне адам басын қойған асып.
Жоғары жарқылдаған бір үй көрдім,
Шошынып соны көріп, келдім қашып.
Дүниеде мұндай істі көргенім жоқ,
Қазықта адам басы қисапсыз көп.
Сол жерге барған жанның басын кесіп,
Ойладым «мені сөйтіп іле ме» деп.
– Айтайын оның жайын, балам, саған,
Бек сұлу бір қыз туған падишадан.
Жояды адам көрсе күнде көзін,
Дүниеде ондай асыл еш болмаған.
Сол қыздың аты болар Жәмилажан,
Түріне ғашық болған падиша, хан.
Алтын үй көкте тұрған тіреуі жоқ,
Сарайы осы қыздың жарқылдаған.
Бір сондай патша дана, назыгүл бар,
Қандай жан осы асылға болады пар.
Сол тұрған лағыл сарай қырық бір бөлме,
Қасында бірге тұрған қырық қызлар бар.
Қырық қыз қырық бөлмеге бөлінеді,
Осылар бір көрмеге көрім еді.
Қоңырауын ханша қағып қалса,
Осылар сарайына бөлінеді.
Қолында осылардың бірден алмас,
Естісе қоңырауды бірі қалмас.
Тұрады осындайлық өзін сақтап,
Қасына Жәмиланың адам бармас.
Патша барлық жанға жарлық айтқан,
Бұл сөзі ел мен жұртқа түгел жеткен.
«Өлшеймін Жәмиламен таразыға,
Жан шықса аламын деп үміт еткен.
Құл болсын, патша болсын, бәрі келсін,
Баламмен таразыға түсіп көрсін.
Беремін кім артылса неке қиып,
Кімде-кім жеңіл болса, басын берсін».
Құмар боп сұлулығына әркім,
Қызбенен таразыға түсіп көрген.
Патшадан шыққан жарлық екі болмас,
Талай жан уәдемен[ен] басын берген.
Сол тұрған адам басы көзің көрген,
Адамдар шошынсын деп асып қойған.
Бұрында бір адамнан естіп едім,
«Кескен бас бес жүз қырық болды» деген.
– Шешеке, мен қорықтым кескен бастан,
Көрінді сарайлары асыл тастан.
Жерден тіреу, аспаннан байлауы жоқ,
Неғып тұр бұл қалайша құламастан?
– Әуелі бұл сарайды жерге салған,
Бір дию аспан-көкке алып барған.
Диюды тылсымменен ақымақ қып,
Құшақтай көк жүзінде тұрып қалған.
Болғанда тылсым күшті не болмайды,
Бұрылып жан-жағына қарамайды.
Айырылып ес пен түстен жынды болып,
Құшақтап үйден дию айырылмайды.
Патша шешесінен сөз сұрайды,
Мәнісін әрбір сөздің көп сұрайды:
– Неткен жан пар келеді ол асылға,
Неткен мұнша ауыр? – деп сөз сұрайды.
– Шырағым, Жәмиланың асылы артық,
Бір ауыз несие сөз келмес артық.
Бойында қасиеті асылзаттың,
Тұрады осыменен ауыр тартып.
Ақсүйек, жеті атадан бері патша,
Төгілгендей меруерт аузын ашса.
Жеңіліп, таразыны баспас еді,
Дүниенің қызығына араласса.
Көп сөз қып айтып бердім, балам, саған,
Бәрін де сұрағыңа айттым тамам.
Жеңіл боп тағы дағы қалар еді,
Бетінен бірер сүйсе еркек адам.
Есітіп қайран болды шаһизада,
Ойлайды «жолы қиын, уа, дариға!»
Ұйықтамай үш күн, үш түн ойланады,
Баруға қызға жақын не-дүр хайла.
Төрт күн өтіп, бес күннің дәл ортасы,
Ағады қызды ойласа көзден жасы.
Неде болса тәуекел бармақ болды,
Сарғайған ғашық үшін ғазиз басы.
Кілемін түн болған соң жайып салды,
Басына тағы бөркін киіп алды.
«Түсір, – деп, – Жәмиланың сарайына»,
Қамшымен көзін жұмып бір-ақ салды.
Көтеріп енді кілем алып ұшты,
Көрсетті осындаймен әрбір істі.
Әйнектің алтын шарбақ қорғаны бар,
Ішіне шаһизада келіп түсті.
Алдына терезенің жетіп барды,
Қыздарға тамаша етіп көзін салды.
Құбылар неше түрлі тоты құстай,
Көрген соң Жәмиланы қайран қалды.
Ғашығы бұрынғыдан тағы да асты,
Төгеді зар еңіреп көзден жасты.
«Айырылған ел-жұртынан мен бір ғаріп»,
Осыны айтып пида қып мал мен басты.
Ойланды еш тынымсыз дамыл алмай,
Қырық қыз тұр қызметінде бірі қалмай.
Таң атып көрінетін болғаннан соң,
Үйіне қайта қайтты шыдай алмай.
Жүреді кешке шейін қайран қалып,
Сипатын Жәмиланың көңіліне алып.
Кеш болды қараңғылық қайта жауып,
Көлеңкелер әр жерге түсті барып.
Келсе, қыздар үйінде бәрі отыр,
Қараса терезеден көзін салып.
Қимайды маңайынан кетуінен,
Сарғайып таң келеді тағы да атып.
Тағы да әдетінше жерге түсті,
Қайғысы артып басында болды күшті.
Бос егіліп жылайды бой тоқтатпай,
Келтіру қалай оңай қиын істі.
Болғанда үшінші күн тағы барды,
Сығалап терезеден көзін салды.
Кіруге қыздар ояу ылажы жоқ,
Тағы да таң белгісі келіп қалды.
Жәмила енді отырды алтын таққа,
Жіберді қолын сермеп екі жаққа.
Жататын өздерінің сарайына
Бөлінді жатпақ үшін әр тарапқа.
Назыгүл жатайын деп ойына алды,
Ыстықтап терезені ашып салды.
Сарайды жарық еткен гауһар екен,
Үстіне торғын көрпе жаба салды.
Қараңғы үйдің іші күңгірт тартты,
Ыстықтап терезесін ашып сапты.
Атлас, өңкей мамық төсектері,
Назыгүл күндей балқып ұйықтап қапты.
Ойлады енді тұрып шаһизадаң,
Ұйықтаған дыбыс шықты Жәмиладан.
«Бетінен осы қыздың бірер сүйсем,
Бойымда қалмас еді біттей арман».
Үстінде барабаны тағы дайын,
Бекінді өзін-өзі етпей уайым.
«Тар жерде жалынамын медет сұрап,
Өзіңнен, Рахман атты бір Құдайым».
Бекініп терезеден кіріп барған,
Сұлу қыз ұйқыда екен оттай жанған.
Пердесін бетіндегі ептеп ашып,
Бетінен әдемілеп сүйіп алған.
Бір сүйіп, терезеден шығып кеткен,
Оянып қыз Жәмила сескеніпті.
Ойлады бойы балқып шаһизадаң,
«Арманым енді сүйсем қалмас» депті.
Қасына осыны айтып жетіп кепті,
Көрген соң сипатына есі кетті.
Бетінен ғашық жардың тағы сүйіп,
Сып етіп терезеден шығып кетті.
Оянып Жәмила қыз тұра келген,
«Кездескен оқиға екен бұл бір» деген.
Отырып, әрі-бері шашын сипап,
Ұйқысы жатайын деп тағы келген.
Көңіліне шаһизаданың болды түйін,
«Үшінші қайта кірсем болар қиын.
Өлсем де тағы барып сүйейін» деп,
Қасына бұл қия алмай жетіп барған,
Жәмила ояу екен көзін салған.
Ұмтылды қағайын деп барабанды,
Бас салып екі қолын ұстай алған.
Ғашығы бұрынғыдан болған қатты,
Құшақтап қызды мүлдем басып жатты.
– Жынбысың, адамбысың, перімісің,
Кімсің? – деп, бұған сұлу жауап қатты.
– Пері емес, дию емес, мен бір адам,
Ынтызар неше жылдан болдым саған.
Дүниеден бір сен үшін безіп жүрмін,
Қасіретті басымдағы айтсам тамам.
Тастадым бір сен үшін алтын тағым,
Иесіз бәрі қалды мал мен бағым.
Жолыңда күн мен түні зарлаймын деп,
Таянды таусылуға тіл мен жағым.
Ал енді сөз бастады қыз Жәмила:
– Түрегел олай болса, шаһизада.
Жетерсіз мақсатыңа нәсіп болса,
Саламат, аман тұрса жан ұяда.
Үстінен аман-есен тұра келген,
Босатып екі қолын қоя берген.
Босатпай жатқанменен не шығады
«Тәуекел, не болса да болды» деген.
Орнынан енді сұлу тұра келген,
Астына асыл кілем төсендірген.
Гауһарменен үйдің ішін жарқыратып,
Алдына түрлі тағам, ас келтірген.
Толықсыр сары майдай біздің бала,
Тағы да көзін салды Жәмилаға.
«Қалайша қосыламын, – деп ойлайды,
Осы деп еді, уа, дариға».
Бір уақыт осы бала сөз сөйлескен,
«Мен ғашық дидарыңа» деп сөйлескен.
Ғашығын жүректегі мұңын айтып,
Падиша назыгүлге көп сөйлескен.
Осыған Жәмила қыз жауап берген,
Екенін шын жарының көзі көрген.
– Қайтыңыз, жарық түсіп таң атады,
Қиындық бір басыңа келер, – деген.
– Сен едің қарағанда көрер көзім,
Оянсам, ұйықтасам да сөйлер сөзім.
Бір сен үшін жанымды отқа салдым,
Өлімге де шыдаймын білсең, шырағым.
– Таба алмай бойыңыздан мініңізді,
Көремін толықсыған жүзіңізді.
«Ғашық болып көп іздеп жүрдім» дейсіз,
Баянда, қай жерліксің жөніңізді?
– Баласы ем мен де патша өзіңмен тең,
Еш нәрсе бұл жағынан қорықпа сен.
– Шын дегдар, ата-тегің асыл болса,
Жайымды үш күннен соң айтайын мен.
Ғашығын шаһзаданың көзі көрді,
Нанды да қыз Жәмила көңілін берді.
«Бетіңді, нәсіп болса, қайтарман» деп,
Перізат уағда етіп қолын берді.
Қызбенен уағда етіп көңілі толды,
Кілемге бұрынғыдай қайта мінді.
Бір салып көзін жұмып жерге түсті,
Жүрегі жарылғандай болып тұрды.
Қуанды енді бала нұры тасып,
Бақыты кеткеніндей ілгері асып.
Кешке дейін жүрегі алып ұшып,
Көтеріліп көңілі жүрді тасып.
Жүреді шаттық жүрек жарқ-жұрқ етіп,
Ішінен қасірет, қайғы бәрі кетіп.
Болғанда үшінші күн түн қараңғы,
Бақшаға әдетінше келді жетіп.
Қоныпты ұшып келіп бау-шарбаққа,
Сыйынып, зарын айтып жалғыз Хаққа.
Мініпті тақытына Жәмила қыз,
Жіберді қолын сермей екі жаққа.
Бөлінді қырық сарайға қырық қыз барып,
Тұрыпты шаһизада қайран қалып.
Қақпағын терезенің ашып еді,
Ішіне біздің бала кірді барып.
Мойнына бір-бірінің қолды салды,
Патшаға Құдай берді мұндай халді.
Атлас, торғын көрпе төсектері,
Екеуі бұдан былай жатып қалды.
Екеуі бірге жатты көрпені ашып,
Жүрегі қуанғаннан кетті тасып.
Тал шыбықтай бұралтып Жәмекеңді,
Бауырына балапандай алды басып.
Ұйқыдан есі кетіп қалжырапты,
Мас болып, екі-үш күндей ұйықтап қапты.
«Түрегел, балам, неғып жатырсың?» деп,
Баланы кемпір барып оятыпты.
– Той құрды падишамыз алтын шашып,
Күйеуге Жәмиланы бермек болды,
Тастады қазынаның аузын ашып.
Бір патша алыс жерден іздеп келген,
Екеуін таразыға салып көрген.
О дағы бір асылдың тұқымы екен,
Парапар Жәмиламен теңдес келген.
Патша той істеді жарлық шашып,
«Қызыма тең болды» деп көңілі тасып.
Той істеп, елді жиып аласұрып,
Қазынаның тастады аузын ашып.
Жиылған осы тойға жамағат көп,
Алтыннан алып жатыр халайық бек.
Патша қуанғаннан алтын шашты,
«Баламмен теңдес адам бар екен» деп.
Ел алған алтыннан сен дағы ал,
Қолыңа бір түскені – бір қауым мал.
Есітіп бала байғұс жата кетті,
– Шешеке, тұра алмайтын науқасым бар.
«Мен нағып ұйықтап қалдым қара басып,
Тұрмадым түн болған соң хабарласып.
Өлгенім артық еді мұнан дағы,
Етемін, уа, дариға, енді нешік?!»
Құдайдан «бір көрсет» деп, тұрған сұрап,
Ғашықтық оты жанды ішті бұрап.
Шапанмен үстіндегі бетін жауып,
Астында шаһизада жатыр жылап.
Кілемін түн болған соң жайып салды,
Басына асыл бөркін киіп алды.
Аты бар мініп алса, оқтай жүйрік,
Көктегі бау-шарбаққа барып қалды.
Алдына терезенің барды жетіп,
«Болар, – деп, – әлдеқандай» үміт етіп.
Дейтұғын мұны келер ойында жоқ,
Отырған қыз Жәмила өлеңдетіп.
Отырды ойынына таңырқатып,
Қыздары олар да отыр қалмай жатып.
Жәмила терезеге келген шақта,
Жіберді қолыменен тықылдатып.
Келгенін Жәмила қыз енді білді,
«Қырық қыз, тараңыз!» деп, жарлық берді.
Қақпағын терезенің ашып еді,
Шаһизада ақырындап үйге кірді.
Орнынан сонда сұлу тұра келген,
Астына асыл кілем төсендірген.
Ішінде алтын табақ түрлі тағам,
Алдына алуан шекер, ас келтірген.
Осылай қыз Жәмила құрмет етті,
– Айтайын азғана сөз сізге, – депті.
Айырылар екеумізге уақыт жақын,
Қайырып жауап айта бізге, – депті.
Біздерден жастықпенен бір сын өтті,
Жалғанда қылар ісім емес, – депті.
Дүниеде мен саған жоқ, сен маған жоқ,
Қарсылық жауап айтып, болма кекті.
Әкеміз күллі жанға жарлық еткен,
Бұл сөзі жер жүзіне тегіс жеткен.
«Жәмиламмен бір саламын таразыға,
Жан болса алам деген үміт еткен».
Көп адам алыс жерден іздеп келген,
Кем шығып таразыдан басын берген.
Салмағым өлшегенде ауыр болып,
Құдайым сақтап еді талай ерден.
Бір патша алыс жерден іздеп келген,
Екеумізді таразыға салып көрген.
«Басымды жеңіл шықсам беремін, – деп,
Тәуекел, өз бағымды көрдім» деген.
Түскенде таразыға тең боп шықты,
Әкеміз мені соған «берем» депті.
Әкеміз айтқан сөзін екі айтпайды,
Жалғанда айтқанынан еш қайтпайды.
Бетіме қияметлік таңба бастың,
Көңілімді осы дертің босатпайды.
Көңіліме бір нәрседен болды ғой мін,
Отырмыз қош дескелі бүгінгі түн.
Түсіріп бізді жерге неках қияр,
Байлағаны уағдалы ертеңгі күн.
Ойлап ем қосты ма деп жаратқан Хақ.
Ылаж жоқ екеумізге қылар бап.
Өлерсің пері, дию сезіп қойса,
Тезірек жазым болмай жөніңді тап.
Берейін және сізге бір асыл ер,
Дүниеде мұнан асыл болмайды дер.
Бағасы патшалықтың жартысындай,
Ерембақ деген шаһар гауһары дер.
Бұл өзі сізге берген менің сыйым,
Көңіліңді қайта бұрып, қылма түйін.
Аңдитын пері, дию мезгіл болды,
Көрінсең, өзіңізге болар қиын.
– Ханша, сіз міне, жауап бердің,
Екінші, сипатыңды қайта көрдік.
Асылы дүниенің мұқтаж емес,
Біздерге керек емес гауһар бұйым.
Біздерге дүние малы керек емес,
Шын ғашық бойды жеңген кетер емес.
Айтайын арман етпе бір ауыз сөз,
Ақылың, ата тегің нашар емес.
Ұғарсың асыл болсаң сөзімізді,
Көп ғашық бізден бұрын жаһан кезді.
Айтыстық уағдалы бір ауыз сөз,
Сұрасып үш күннен соң жөнімізді.
Білмейсің әке тегім кім екенін,
Пері ме, адамзат па, жын екенін.
Бір күнде ойға түссе өкінерсің,
Сұрамай қапылыста кім екенім.
Жәмила сонда тұрып жылады енді,
Көзінің аққан жасын бұлады енді.
– Патша, менен қате өткен екен,
Жөніңді айтыңыз, – деп сұрады енді.
– Сұрасаң Мәлікриан әкем атын,
Патшалық Құдай берген салтанатын.
Шаһарын Саренделдің билеп тұрған,
Болады Рабиғұлмүлік менің атым.
Патша жүз жетпіс жаста әкем менің,
Тәңірден тілеп алған мен ұлы оның.
Бір кілем, бір бөрікпен, бір қамшыны,
Ғайыптан Тәңірім берген білсең, жаным.
Далада киік қуып шапқандарын,
Ғашық боп көзінен жас аққандарын.
Жасынан көргенінің бәрін айтты,
Қамшы мен бөрік, кілем тапқандарын.
– Азырақ қосуы бар жалғыз Хақтың,
Атпенен Шерміш деген іздеп таптым.
Жетеміз мұнан ұшсақ Саренделге,
Ішінде неше айланалым бір сағаттық.
Қосылдың нәсіп болып меніменен,
Мен түссем таразыға сеніменен.
Бола ма ауырлығың бұрынғыдай
Он есе дәл өзіңдей боламын мен.
Бұл сөзге қыз Жәмила болды дайын:
– Шын берді тілегімді бар Құдайым.
Білмедім мұндайыңды, әй, падишам,
Кісіні сенен басқа не қылайын.
Таң атып қалған екен, жарық болып,
Қуанды айтылған сөз анықталып.
Кілемге асып-сасып мініп алды
Көңілі әлдеқайда кетіп [қ]алды.
Патша қашса дағы ақыл таппай,
Құла дүз, қу медиенге бір-ақ салды.
Екі асыл көзді жұмып аспанға ұшты,
Құралы қолындағы қандай күшті.
Баспаған адам ұғылы жапырағын,
Құла дүз, қу медиенге келіп түсті.
Қызық-ты осы арада арқар, құлан,
Көк жанат, қара құндыз, түнгі түлен.
Киік, басқа мақұлық бәрі осында,
Бар екен дүниеде не түрлі аң.
Қызықты мұны көріп шаһизада,
Ұмтылды қаруымен ала-сала.
Аң қуып, бір-екі күн тамаша етіп,
Кеңесті қыз бен жігіт, екі бала.
Көп аңды қырып салды көрген жерден,
Қыз жатты шатыр тігіп құба белден.
Далада енді бұлар жата тұрсын,
Айтайын Шерміш шаһар кейінгі елден.
Падиша таң атқан соң жарлық етті:
«Қызымды жерге түсір, әпкел!» депті.
Қырық қыз, елші барса, жылап отыр,
«Жоғалды ханшамыз бүгін» депті.
Таба алмай барған пері қайта кепті,
Мәнісін падишаға айта кепті.
Падиша ашуланып қышқырады,
«Әммасы дию, пері келсін!» депті.
Падиша алтын таққа мініп алды,
Баршасын дию, пері жиып алды.
«Жәмиланы таппасаң қырамын» деп,
«Бәріңді қырамын!» деп қаһарланды.
Падиша осылай деп қаһар етті,
Есітіп дию, пері шошып кетті.
Іздеді әр тарапқа елші салып,
Дүниенің төрт бұрышына даңқы кетті.
– Айтайын, пері, дию, мұны саған,
Ұшпайды аспан-көкке жерден адам.
Төрт бұрышын жер жаһанның түгел шарла,
Таппасаң, өздеріңе болар жаман.
Мықтысын пері, дию байлап алды,
Мойнына темір шынжыр, бұғау салды.
Шошынып «мұны қайдан табамыз» деп,
Әуенің ұшқан пері жүзін алды.
Сандалды хабар таппай дию, пері,
Патшаның жан бармайтын тұрған жері.
«Хабарын Жәмиланың білем» депті
Перінің жүз жетпісте бір кемпірі.
Сол кемпір дүние кезіп жүреді екен,
Бұлардың кеткен жөнін біледі екен.
Сандалып ұшып жүрген көп періге,
«Шошыма, мен табамын» деген екен.
Кідірместен патшаға алып келген,
Кемпірді патшаның көзі көрген.
– «Хабарын Жәмиланың білем» депсің,
Қанеки, білгеніңді сөйле, – деген.
– Сөйлейін білгенімді, тақсыр ханым,
Білемін Жәмиланың тұрған жерін.
Алатын, әй, падиша, хақым үлкен,
Бекітіп уағдаңмен берсең бәрін.
Падиша бұл кемпірмен уағда етті,
Кемпірдің уағда алып көңілі бітті.
Бұлардың кеткен жөнін біледі екен,
Соңынан іздеп кемпір жүріп кетті.
Соңынан іздеп тауып кемпір барды,
Балаға аңда жүрген көзін салды.
Құбылып адамзаттың суретіне
Кірді де, бір шұңқырға жатып қалды.
Үстінен шаһизада тура жүрген,
Кемпірді әлсіз жатқан көзі көрген.
Еңбектеп, басын жерге төмен салып,
Бас қойып аяғына зар еңіреген.
Патша мұны көріп тамаша етті,
Кемпірді жылаған соң есіркепті.
– Көрерсің менен, пақыр, бір жақсылық,
Бейшара, мұнда қайдан келдің? – депті.
– Ойда жоқ адамзатты көрем деген,
Ажалсызға бір себеп болар деген.
Біз дағы патшалық халық едік,
Мекенім осы ара еді, ием, – деген.
Халқымды бір аждаһа жұтып кетті,
Түк қалмай сонан бері көп жыл өтті.
Шұңқырда жасырынып мен бейшара,
Етін жеп өлген аңның қорек еттім.
Көрмедім көп болды бір адамды,
Қорек етіп жей бердім өлген аңды.
Шұңқырда осыменен күнім өтті,
Дүниеде жан бар ма екен менен зарлы?!
Патша мұны естіп қабыл етті,
Айтқан соң кемпір зарлап әрбір кепті.
– Мен патша бақытыңа душар болдым,
Қайғыңнан тарқатайын сен байғұсты.
Кемпірді бұл падиша жүрді алып,
Жүре алмай еңбектейді кейін қалып.
«Жәмила, саған серік әпкелдім» деп,
Шақырды сонда патша айғай салып.
Шатырдан қыз Жәмила шыға келді,
Кемпірді қасындағы көзі көр[ді].
– Мұныңыз жәдігөй боп қастық етсе,
Қиындық екеумізге болар, – де[ді].
Естіп мұны кемпір зар еңіресті:
– Қайғымен осы күнде көңілім күпті.
Сіздерді көретұғын күн бар екен –
[Деп], жығылып аяғына бас иіпті.
Айтады жолдасына Жәмила қыз:
– Падиша, қайда сіздің ел-жұртыңыз,
Бар ма еді өз басыңда мал-мүлкіңіз?
Кездесіп бір пәлеге душар болсаң,
Арманда айырылармыз енді екеуміз.
Патша мұны естіп күлмеңдеді,
– Бұл жерге қанша тұрсақ білінбейді.
Аулайын мынау аңды әрі-бері,
Кетеміз Саренделге бүгін, – деді.
Падиша тамақ ішіп аңға кетті,
Аққан су, шыққан ағаш тамаша етті.
Сол кемпір келгеннен соң көп сөз айтып,
Отырып Жәмилаға зарлық етті:
– Қарағым, айтар болсаң сыр сұрайын,
Қалайша осы араға келдің? – депті.
Кемпірді есіркеді Жәмила да,
– Падиша алып келді мені мұнда.
Кілем мен бір бөрік, қамшысы бар,
Не қиын бір Алланың әміріне.
Әкесі халық билеген патша екен,
Шаһарын Саренделдің еткен мекен.
Асылы Алла берген оқтан жүйрік,
Дүниені ұшып жүріп билейді екен.
Ұшырып осыменен келді алып,
Қызығып кете алмай тұр аңға айналып.
Тарқатып ішіндегі қайғы-қамды,
Кетеміз мұнда қоймай сізді де алып.
– Екі асыл қосылып сіз екі жақтан,
Менің де арманым жоқ сізді тапқан.
Сөйлесем білгенімді баян етіп,
Асылдар шыққан мұндай сан ұжмақтан.
Көрсетіп үш асылын берді алып,
Үстіне кемпір мінді жайып салып.
Қамшымен көзін жұмып салып қалды,
Үстіне Жәмиланы басып алып.
Өзімен Жәмиланы алып кетті,
Алдады кемпір, етті айла-кепті.
Дүниенің ұясына сенім бар ма,
Айырылар екеуіне уақыт жетті.
Білмеді, сейілде жүр патша пақыр,
Түбіне жетіп кетті кемпір кәпір.
Аң атып, кешке келсе мәз-мәйрам боп,
Қосына қайтып келсе, дәнеңе жоқ.
Қайнатты ішін оттай жалын мен шоқ,
Жүгірді түсіп кетпек боп қара суға,
«Жалғанда неге тірі жүремін» деп.
«Бұл жылау пайда болды жас шағымда,
Кемпір ит алдап соқты ойда жоқта».
Сол суға түсіп кетпей сабыр етті,
«Кетермін, – деп, – мордар өлім қисабында».
Ессіз боп содан кейін қалды талып,
«Не болам, уа, дариға, сенен қалып».
Ессіз боп бір сағаттай талып жатып,
Жылайды тағы да есін жиып алып.
«Табамын қайдан іздеп, жан-жананым,
Не болар зарлағаным, жылағаным.
Бар болсаң жер жүзінде іздер едім,
Жүруге аяқ басып келмес халім.
Жүрегім қайғы-қасірет толды қанға,
Табармын іздеп сені қай заманда.
Кеткенін қайсы жаққа біле алмадым,
Жылаумен өтемін де бұл жалғанда».
Падиша осылайша зарлық етті,
Еңіреп, бет алдына жүріп кетті.
Тірелген аспан-көкке биік тоғай,
Бір жерге қара баран келіп жетті.
Мың жылқы топ ішінде анық жатқан,
Патша талай жердің дәмін татқан.
Кем емес үлкендігі биік таудан,
Көрінді бір ақ түйе келе жатқан.
Үстінде мінген сұлу үш адам бар,
Жаратқан не ғажайып Қадір Жаппар.
Жарқылдар өне бойы от секілді,
Көрген жан шошынғандай сипаты бар.
Көрген соң шошып кетті бала ғаріп,
Бір інге жасырынып кірді барып.
«Иісі адамзаттың шығады» деп,
Үшеуі сөйлеседі тұра қалып.
Бірі айтты: – Адам мұнда келген емес,
Адамзат бұл араны көрген емес.
Жалғыз-ақ тақ Сүлеймен аралаған,
Үшеуі осылай деп құрды кеңес.
Бірі айтты: – Не қылса да бір адам бар,
Табалық иісіменен, қараңыздар.
Түйеден түсе салып оттай жанып,
Үшеуі осы араны қарадылар.
Біреуі иісімен жетіп келді,
Бақыртып сирағынан тартып алды.
Зарланып басындағы мұңын шағып,
Үшеуі құлақ салып тыңдадылар.
Патша осылайша зарлық етті:
– Ғаріп боп, тар уақытта ажал жетті.
Балқыған туған айдай, Жәмилажан,
Бір көрмей дидарыңды өлдім, – депті.
Мен таптым аспандағы нұр сарайдан,
Сипатың бөтен емес туған айдан.
Шаһарын Саренделдің аузыма алмай,
Құла дүз, қу медиенге келдім қайдан.
Үш қыздар сонда тұрып кеңес етті,
Жылаған мұң-зарына тамаша етті.
– Жәмила бір жігітпен қашып еді,
Сол жігіт енді ойласақ осы, – депті.
Бір кемпір жүз жетпісте іздеп тапты,
Патшамен серттескен тілін апты.
Тілегі Жәмиланың жүрегі екен,
Жүрегін іштен тауып, жұтып апты.
Бұл кемпір жасаңқырап жайтаңдап жүр,
Жәмила саркездік боп жатып апты.
Уағдасы падишаның тастан қатты,
Бұл жара Жәмилаға әбден батты.
Дию ит жасаңқырап кетуші еді,
Жүрегін тауып жұтса адамзаттың.
Сол кемпір жайраңдап жүр жасаңқырап,
Көрген жан Жәмиланы аяр жылап.
Істейік Құдай үшін бір жақсылық,
Екі жас тілегіне болсын себеп.
«Құп» десті «бірін-бірі жазар» депті,
Шешеді үстерінен киген кепті.
Перінің патшасының қыздары екен,
Үшеуі үш сұлу қыз бола кетті.
– Істелік бір жақсылық, жігіт, саған,
Келпеңдеп, байпаңдап жүр кемпір надан.
Бұлар да өзіміздей екі жас қой,
Сауапқа жазар ма екен Хақ Тағалам.
Бірі сөйлеп, бірі тыңдап «жарар» депті,
Төртеу боп мінгесті де жүріп кетті.
Түйенің жүрісіне жел жетпейді,
Патша көргеннен соң тамаша етті.
Ғажайып мұны көріп тамаша етті,
Алып тұр алтын терек жер мен көкті.
Бақ емес адам барар маңайына
Патшаның көргеннен соң есі кетті.
Сөйлескен аспанменен алтын терек,
Шым болат айналасын еткен берік.
Жолы бар асыл тастан қиып салған,
Ішінде бау шарбағы бөлек-бөлек.
Ғажайып бау шарбаққа алып барды,
Патша мұны көріп қайран қалды.
Басында бәйтеректің үш жұмыртқа
Қыздардың бірі барып қолына алды.
Қысып ап жұмыртқаны келді жетіп,
Көріп тұр шаһизада тамаша етіп.
– Әкеміз үшеуміздің – үш патша,
Періні билеп тұрған пәрмен етіп.
Береді жұмыртқаны жігіт жасқа:
– Әркімге қастық етер діні басқа.
Үшеуін жұмыртқаның қысып қойсаң,
Таңылар үш патша үш ағашқа.
Бойында дию, пері жаны жоқ-ты,
Көңілі соныменен болған тоқ-ты.
Басында бәйтеректің зар еңіреп,
Істейтін бұдан басқа айла жоқ-ты.
Басында бәйтеректің зар еңірер,
«Айтшы жұмысыңды бізге, әй, ер,
Жұмысың қандай болса орындайық,
Барлығын тілегіңнің істелік» дер.
Айтарсыз сіз де бастап сөзіңізді,
«Көрдім» деп өлсең дағы айтпа бізді.
Бекітіп үшеуінен уағда алсаң,
Жеткізер жақсылыққа сонда сізді.
Сөзіңді бекітіп ал әуел бастан,
Кетеміз бұдан кейін біз қасыңнан.
Деген соң «Алла оңбайын Құдай оңдап»*,
Қайтпайды содан кейін уағдасынан.
Ол сөзді аузына алса, жалған айтпас,
Сонан соң уағдадан тіпті қайтпас.
Босатсаң мұны айтқызбай ол үшеуін,
Босаса, өз жаныңа қылады қас.
Екінші, тағы әпкелді бір көк кептер,
Қас қылған кемпіріңнің жаны бұл, – дер.
Дүниеде көрдім деме өзің бізді,
Әй, жігіт, жолың болсын, қош-аман жүр.
Ақ нармен үш перизат кетті ұшып,
Сонан соң жұмыртқаны қойды қысып.
Үш пері аспан-көкте зар еңірейді,
Басына бәйтеректің келді түсіп.
«Қинама жанымызды, әй, адамзат»,
Үшеуі осылай деп етпес тағат.
– Жұмысың қандай жанда, айтшы бізге,
Барлығын бітіреміз бір-ақ сағат.
– Билікте үшеуіңнің дию, пері,
Көңілімнің толып жатыр қайғы-шері.
Әпкетті өзім сүйген жолдасымды,
Диюдің жүз жетпісте бір кемпірі.
Бар еді үш асылым серік болған,
Соныменен ұшып келдім талай жерден.
Әпкетті соның бірін ғаяр кемпір,
Бейнетім толып жатыр өзім көрген.
Патшаның баласымын өзіңмен тең,
Қайғымды бастан кешкен айтайын мен.
Патша залым болса, халық бұзылар,
Ісіне шариғаттың болмаса жөн.
– Қинама бекерліктен, жаным, бізді,
Құрметтейік, адамзат, біз де сізді.
Әкеңнен мирас болған үш асылың
Кемпірден әперейін мұныңызды.
Келмейді халдеріміз Жәмилаға,
Қарайды дию, пері падишаға.
Билейді шартарапты жалғыз өзі,
Біздерде оған істер жоқ-дүр айла.
– Көп көрдім қатты бейнет осы жолда,
Сендер де нәсіп болып түстің қолға.
Кемпірден асылымды әперерге,
Етіңіз уағда деп «уалла, билла».
– Адамзат, Құдай айдап көрдік сізді,
Тез жібер жұмысыңа өзің бізді.
Дүниеде ауызға алмас бір шарт еді,
Ол сөзге келтірмеңіз тілімізді.
– Тілеймін, періштелер, мен де сенен,
Кез болдым нәсіп болып сіздерге мен.
Айтпасаң осы сөзді ауызға алып,
Сендерге көңілім сеніп, разы емен.
Сонан соң ант берді үш перізат,
Жандарын қолына алды сау-саламат.
«Падиша, жұмысыңды бітіреміз,
Болады, иншалла, көңіліңіз шат».
Соны айтып үш перізат ұшып кетті,
Жұмысын бітірерге ыждаһат етті.
Кілем, бөрік, қамшы бәрін түгел,
Ішінде бір сағаттың алып кепті.
Бұларын шаһизада қолына алды,
Кілемді бұрынғыдай жайып салды.
«Шерміштің түсір, – деді, – шаһарына»,
Қамшымен көзін жұмып, бір-ақ салды.
Бұлдырап кілем мініп аспанға ұшты,
Көрсетті құдіретпен әрбір істі.
Ішінде бір сағаттың шаһизада
Шерміштің шаһарына келіп түсті.
«Айырылған ел-жұртымнан мен бір ғаріп,
Зарландым жапан түзде жалғыз қалып.
Дидарын Жәмиланың бір көрсет» деп,
Зарланып мұңын айтып тұрды барып.
Шаһарды шаһизада аралайды,
Бір хабар ғашық жардан таба алмайды.
Бұрынғы көкте тұрған алтын сарай,
Барғалы енді бұған жағалайды.
Бір адам келе жатыр қос ат алып,
Шақырды шаһизада айғай салып.
Көрісіп бірі-бірімен айғай салып,
Қасына жөн сұрасып тұрды барып.
Патша енді бұдан сөз сұрайды,
Мәнісін Жәмиланың көп сұрайды.
– Асығыс қолыңызда қос атың бар,
Неліктен сасып жүрсің? – деп сұрайды.
Әлгі адам енді бұған жауап берді:
– Жіберді молла іздетіп патша мені.
Патшаның жалғыз қызы жаман ауру,
«Тезден тауып бір емсек әпкел» деді.
Өлген жоқ, кеудесінде құр жаны бар,
Ханша күндіз-түні қылады зар.
Айтуға бәрін тамам асығыспын
Бұл сөздің сұрай берсең көп кебі бар.
– Молла едім көп оқыған мен бір ғаріп,
Хандардан жеті түрлі сабақ алып.
Жүрегін дию жұтқан қайтарамын,
Тезірек патшаңа барсаң алып.
Әлгі адам қуанады мына сөзге,
Нұр берген Хақ Тағала артық көзге.
«Қасиетің патшадай көрінеді,
Істейін жаным құрбан мен де сізге».
Мінгізіп қос атына алып жүрді,
Кез болып ізденгенге Құдай берді.
«Әпкелдім оқымысты бір молла» деп,
Барды да патшаға хабар берді.
Алдына падишаның алып келді,
Жігітті оқымысты көзі көрді.
– Сәт болса, деміңізді аяй көрме,
Сарғайған жалғыз қызым ауру, – деді.
– Падиша, мен естідім атыңызды,
Айтайын сізге деген датымызды.
Жазамын бұл аурудан бір сағатта,
Бересің, егер, жазсам қызыңызды.
Патша мына сөзге қаһар етті:
– Айтпаған мына сөзді ешкім, – депті.
Дүниеде мұндай сөзді есітпедім,
Дарға жылдам мұны ассын! – депті.
Патшаға уәзірлері сөз айтады,
Әр сөзді ақылменен көп айтады:
– Жазсын да, әуел баста, сабырлық ет,
Көрерсіз ақырында, – деп айтады.
Патша тоқтау етті мына сөзге:
– Шырағым, Құдай айдап, келдің бізге.
Ықтияр, балам саған барам десе,
Кісіге мен бермейін сенен өзге.
– Патша, жаңа көрдім қайратыңызды,
Шығарам жүректегі сәнаңызды.
Іші алтын үйдің шымылдық құр,
Алып бар менен бұрын балаңызды.
Әй, тақсыр, менің айтқан сөзімді аңғар,
Уәзір көп халықпен бірге барар.
Қолыма өткір қанжар қару алам,
Сол кезде аңғарсаңыз бір кеп болар.
Патша мына сөзді қабыл алған,
Не десе разы боп құлақ салған.
Құр жаны жатыр екен кеудесінде,
Көтеріп оңаша үйге алып барған.
Көтеріп оңаша үйге алып барды,
Ішіне шымылдық қызды салды.
Отауға жалғыз өзі кіріп кетті,
Патша, қанша халық тыста қалды,
«Не хайла істейді?» деп, құлақ сапты.
Ораулы кемпір жаны қалтасында,
Мойынын көгершіннің бұрағанда,
Жүгіріп осы араға кемпір барған.
«Жанымды қинама» деп жалынып тұр,
«Патша, өзің біл» деп жалынған құр.
Жүгіріп кемпір сонда: – Балам, – деді,
Жүрегін Жәмиланың салам, – деді.
Бір қате, балам, менен өткен шығар,
Ішіне шымылдықтың барам, – деді.
Ішіне шымылдықтың кемпір кірді,
Жүрегін кешіккен жоқ қайтып берді.
«Жазылдым науқасымнан саламат» деп,
Азырақ жауаптасып қыз сөйледі.
Мойынын көгершіннің бек бұрады,
Перілер жақынырақ кеп тұрады.
– Салды, – деп – қыз жүрегін өз орнына,
Ауырған жерің бар ма? – деп сұрады.
– Ақылың кең, бәрекелді мұныңызға,
Диюдің жаны түскен қолыңызға.
Ауырған осы күнде бір жерім жоқ,
Етейін жаным құрбан жолыңызға.
Жәмила «жазылдым» деп айтып салды,
Қанжармен көк кептердің жанын алды.
Тұра ма жаны өлген соң дию тірі,
Сылқ етіп кемпір малғұн құлап қалды.
Жәмила шымылдықтың бетін ашқан,
Көрінді ғашық жары бірге қашқан.
«Қарағым, аман-есен келдің бе!» деп,
Зарланып екі ғашық құшақтасқан.
Патша о да кірді есік ашып,
Көріскен екі ғашық зар жыласып.
«Қарағым, сабырлықпен жылаңыз» деп,
Көңілі патшаның тұрды жасып.
Сөйледі патшаға енді жайын,
Айтуға бастан кешкен сөзді дайын.
Патша барлық сөзін естіген соң,
Біреуі – күйеу, бірі – ата, болды қайын.
– Өз теңін Жәмилажан тапқан екен,
Тәңірім бәлесінен қаққан екен.
Патша ат шаптырып, тойын істеп,
Ақырда осындай ғып қосқан екен.
Патша қырық күн ұдайы етті тойын,
Қосылды бір-біріне алма мойын.
Адам мен дию, пері араласып,
Қызықты, бек тамаша тарқады ойын.
Патша қырық күн ұдайы істеп тойын,
Түсірді көкте тұрған алтынды үйін.
«Ұшырып Саренделге жіберем» деп,
Перідей қызметшіге несі қиын.
Тарқады қырық күн ұдайы той біткен соң,
Нұрланар ғашық көңілі тойғаннан соң.
Сағынып ата-анасын қайтпақ болды,
Мұратқа шын іздеген жеткеннен соң.
«Өзімнен алтын сарай бұрын барсын,
Әкемнің оң жағынан орын алсын.
Барамын кейін ұшып кілемменен,
Жәмила өз қасымда бірге қалсын».
Падиша перілерге жарлық етті,
Көтеріп алтын үйді алып кетті.
Періге ұшқаннан соң жер алыс па,
Сарандел шаһарына келіп жетті.
«Аспаннан от домалап келеді, – деп,
Шаһарға кешікпей-ақ енеді» деп.
Жасы бар жүз жетпісте Мәлікриан,
Бұл сөзді естіген соң шошып кетті.
Шулады шаһар елі көкке қарай,
Сақтанар жанып тұрған оттан қалай.
Патшаның оң жағына келіп түсті,
От емес, бек тамаша алтын сарай.
Патшаның оң жағына келіп түсті,
Көтерген осынау үйді пері күшті.
Сөйлесіп, бір адамға жөнін айтпай,
Дүр етіп бәрі дағы аспанға ұшты.
Орнатып пері қайтты таңырқатып,
Таңырқап адам көзін тұрды атып.
Тоқпақтай сары алтыннан замогі бар,
Бара алмас маңайына адам батып.
Орнатып алтын үйді пері кетті,
Бара алмай маңайына есі кетті.
Астына мініп алған кілемі бар,
Бір кезде қыз бен жігіт келіп жетті.
«Балаңыз ғайып болған келіп тұр» деп,
Біреу кеп падишаға хабар етті.
Жасы бар жүз жетпісте Мәлікриан,
Баласын көргеннен соң талып кетті.
Бір уақыт есін жиып, көзін ашты,
Тұра сап баласымен құшақтасты.
Әкесі-шешесімен зар еңіреп,
Сүйісіп кезек-кезек мауқын басты.
Отырды амандасып жақсы жайда,
Кірісті есік ашып жұрт сарайға.
Баласын есен-аман көргеннен соң,
Падиша шүкір етті бір Құдайға.
Патша қырық күн ұдайы қылды тойды,
Қисапсыз осы тойға көп мал сойды.
Халқына тойға келген ақылдасып,
Баласын өз орнына патша қойды.
Патша боп таққа отырып көңілі толды,
Билеген заманында оң мен солды.
Адамға бақыт қонса не істемейді,
Жәмила бір жылдан соң буаз болды.
Бай болмақ, батыр болмақ қонған бақтан,
Хан түсер бақыт тайса алтын тақтан.
Тоғыз ай, он күн тамам толған кезде
Балқыған ай мен күндей бір қыз тапқан.
Кем етпей заманында салтанатын,
Жақсылар айтпай таныр ердің затын.
Той жасап, өз сәнімен елін жиып,
Қойыпты «Мәлике» деп мұның атын.
Өтіпті солардан да пәни жалған,
Ғашықтық бірден-бірге мирас қалған.
Оқысаңыз осы қыздың затын байқап,
Жолдасы Сейпілмәлік Сағит алған.
Әмірі патшаның жұрттан асқан,
Шын ғашық бірін-бірі іздеп тапқан.
Патшасы Шаһбол Шаһирух – өзі пері,
Тұсында жан болған жоқ бұдан асқан.
Олардың Ерембағы – мекен жері,
Сарандел шаһарымен араласқан.
Аралас адамзатпен дию, пері,
Көләйтпен екі арада жолын ашқан.
Мәлике Бәдіғұлмен сырлас екен,
Екеуі бір жыл туған құрдас екен.
Ғашық боп Бәдіғұлға Сейпілмәлік,
Ақырда мұрадына о да жеткен.
Бір сөзді көріп жаздым сызған хаттан,
Жүйрік қой, шіркін, көңіл шапқан аттан.
Талаппенен ер жетпек мұрадына,
Өлеңді мен бір адам талап еткен.
Оқыған, рахмет айтыңыздар,
Аяғын осыменен тамам еттім.