Қазақша
Қисса Наушаруан
Иман келтір әуелі “Алла бір” деп,
Мұхаммед – хақ расул, Пайғамбар деп.
Дін үйрете жіберген елшісі-дүр,
Құлдарымды хақ жолға көндірер деп.
Ол Расул Жәбірейілден хабар алды,
Қисабы жоқ дұшпанды дінге салды.
Және жүһүд болған соң амал бар ма,
Әбу Жәһіл хақ дінге көнбей қалды.
Алпыс жасқа келіпті Пайғамбарым,
Бір күні шақырыпты жұрттың бәрін.
Әбубәкір, Омар, Оспан, Әли Арыслан,
Хасан менен Хүсейін балаларын.
Насихатын айтыпты жұртын жиып,
Сахабалар отырды уайым жеп.
– Менен соң дау қылмаңыз, жарандарым,
Әбубәкір Сыдық – халифаңыз.
Сол сөзбенен Пайғамбар көшті дейді,
Таққа Әбубәкір Сыдық шықты [дейді].
Қырық күн әділдікпенен хүкім етіп,
Әбубәкір дүниеден және көшті [дейді].
Сонан соң Пайғамбарым айтқан екен,
Сол сөзбенен дүниеден қайтқан екен:
“Әбубәкір соңында Омар болсын,
Ешқайсыңыз таласпаң” деген екен.
Сонан тақсыр Омар таққа мінді,
Насихатын жұртына айтады енді.
Оспан менен Әли де риза болып,
Сахабаның бәрі де құрмет етті.
Жазбасам да мәшһүр болды менім атым,
Мағлұм-дүр һәр жерде жазған хатым.
“Салсал” менен “Ғұқбаны” қарасаңыз,
Көрерсіз сонда менім салтанатым.
Төрт жарға Пайғамбардан қалды хабар,
Олардың сөзін бұзбай ұғып алар.
Өзінің патша болған заманында,
Шаһарға жар шақырды хазірет Омар.
Мініпті әділ Омар қаһарына:
“Асхабтың құт бердім баһарына,
Бір айтқан Пайғамбардың сөзі бар
Аттан,– деп,– Наушаруан шаһарына”.
Сонда Омар әділдікпен сөз сөйлейді,
Жалықпай күні-түні көп сөйлейді:
– Ғараб деген шаһардың падишасы,
Мәлікаждар бас болсын,– деп көп сөйлейді.
Сонда Омар батасын бермек болды,
Алланың бұйырғанын көрмек болды.
Он екі мың кісіге жолдас болып,
Аллаға тәуекел қылып жүрмек болды.
Сәдуақас, Мәлікаждар екі батыр,
Дұшпанға салайын деп заманақыр.
Он екі мың әскерге басшы болып,
Мәлікаждар бас болып келе жатыр.
Оларға Құдай берген таудай талап,
Келеді аз кісі көпке балап.
Хабарын бір-біріне білдірместен,
Шаһарын Наушаруанның алды қамап.
Әскер түсті шаһардың жандарына,
Жібермейді, ұрысты, жандарына.
“Алыстан жер қапсырып қол келді” деп,
Хабар берді Наушаруан хандарына.
Наушаруан хан есітіп састы дейді,
“Неге түнде шаһарымды басты” дейді.
“Оларға ұрлық қылған жөн бе екен?!” деп,
Бұ хабарды әскеріне шашты дейді.
– Жиылып, көңілі болса, келер,– деді,
Қор болып, бас көтерсе, өлер,– деді.
Әулие Пайғамбардың әулетіміз,
Тілімді алса, дініме кірер,– деді.
Сол сөзге қаһары келді дейді,
Шаһарына хабарды берді дейді.
Неше жүз мың әскерін жиып алып,
Бөлек-бөлек һәр жерге қойды дейді.
Сансыз қол шаһарынан шықты дейді,
Көптігі бұ ғаламнан өтті [дейді].
Аяғына бір-бірінің қарамай-ақ
Бет-бетімен соғысып кетті дейді.
Он екі мың палуан барды дейді,
Күрзі, семсер қолына алды дейді.
Мінәжат қылып Алладан тілеген соң,
Шаһар халқы таусылып қалды дейді.
Ұстап алып Наушаруан кесті басын,
Қырады байбаламдап кәрі-жасын.
“Қалғанымыз дініңізге кіреміз” деп,
Өзгесі аяғына қойды басын.
Құдайдың бұл ісіне шүкір қылып,
“Бұ шаһарды кетелік, – деп,– дінге салып,”
Мұнысын қабыл көрді батыр Мәлік,
Қырылмай кіргеннен соң тілін алып.
Мұсылман қылды дұшпанның қалаларын,
Көкірегінен шығарды сәналарын.
Наушаруанның бір ұлы, екі қызын,
Өлтірмей алып қалды балаларын.
Фарбоз деген бір ұлы сондай қатты,
Үйреткелі келеді шариғатты.
Кіші қызы Шаһарбан сұлу екен,
Үлкен қызын сұрасаң Нәжміш екен.
Батыр Мәлік мінеді қаһарына,
Сәдуақастың кім шыдар заһарына.
Алтын, күміс, мал-жанын жиып алып,
Ырғап-жырғап жөнелді шаһарына.
Бүтін шаһар мұсылман болып қалды,
Сахабалар дәулетке толып қалды.
“Батырларың олжалы келеді” деп,
Хазіреті Омарға хабар барып қалды.
Сонда Омар қуанды судай тасып,
Тәңірім сондай һәрқашан берсін нәсіп.
Көңілі өскен батырлар әзілдесіп,
Шаһарға келіп жатыр елдей көшіп.
– Өз қолыңнан бөліп бер бізге,– дейді,
Таласар деп үмітің үзбе,– дейді.
Патша малын патшаға лайық көріп,
Патша малын шығардық сізге,– дейді.
Сонда Омар әділдікпенен бөліп берді,
Хүкіміне көндірді тамам елді.
Үш жүз түйе қазынаменен
Балаларын Омарға алып келді.
– Өліп кетті ата менен аналарың,
Соғысам деп таусылды қалаларың.
Соның бәрі тамұқтық жүһүд болды
Кел енді мұсылман бол, балаларым.
Мұны қабыл көрмеді Фарбоз бала,
Жаны жүһүд болған соң не-дүр шара.
Патшамыз “дарға ас!” деп бұйрық қылды,
Солайынан еткізді Алла Тағала.
Насихатын айтады тілін безеп,
Жұрты көнбей қалған жоқ бойын түзеп.
“Енді, қызым, мұсылман болыңыз” деп,
Шаһарбан мен Нәжмішке келді кезек.
– Атаң сенің соғысқан жұртын жиып,
Құдай үшін өлмеді жанын қиып.
Сіз де солай боларсыз, балаларым,
Екі қыздың тұрады іші күйіп.
Бол десе де мұсылман болмайды енді,
“Бізді неге қинайды” деп жылайды енді.
Көз алдында ағасын өлтірсе де,
Сөзін қабыл Омардың қылмайды енді.
Екі қыздан Омардың сағы сынды,
Көп дұшпанды мұқатып көңілі тынды.
“Қыз басымен сағымды сындырды” деп,
Жендерттерге “дарға ас” деп бұйрық қылды.
Дарға асарға жендеттер жөнеледі,
Бара жатып бір жерде бөгеледі.
Сұлуды көзі қимай келе жатса,
Алдынан хазіреті Әли кез келеді.
– Бұлардың көңілі толған уайымменен,
Айрылған бірге жүрген жолдасынан.
Әйелдердің басында не күнә бар,
Бұларды дарға асасың қалайынан?
– Біз де қиын десеміз қыздың ісін,
Тоқтатуға келмейді менің күшім,
Патшамыз “дарға ас!” деп бұйрық қылды.
Біз де қимай келеміз оның үшін.
– Сендер аял қылыңыз енді,– дейді,
Мен разы болайын саған,– дейді.
Мен барсам қалай шамам келмес екен,
Ренжімей тұрыңыз, балам,– дейді.
Сонда қыздар қаранып қалды дейді,
Әли Хайдар Омарға барды дейді.
“Ақылменен мұсылман қылсаңшы” деп,
Толы ақыл Омарға салды дейді.
– Ақылменен айтсаңшы балаңызға,
Қыздардың қанын жүктеп қаламыз ба.
Ақылменен шариғат үйретің деп,
Айталық Үммусәлім анамызға.
Әлидің өзі батыр, ақылы бар,
Арыслан деп ат қойды Құдай жар.
Үммусәлім дейтұғын дана кісі,
Пайғамбардың бір алған қатыны бар.
“Омар, тапсыр бұл сөзді маған” дейді,
“Қыздар, маған еріңдер, балам” дейді.
Ертіп алып қыздарға ақыл айтты,
“Мен бір ана табайын саған” дейді.
Ер Әли сөз үйретті баласына:
– Қыздар, иә, менім тілім аласың ба?
“Менім тілім алсаңыз – арымассыз” деп,
Ертіп алып келеді анасына.
– Екі қызды алып келдім, анам,– деді,
Әлі дінге кірмеген надан,– деді.
Өзіңе деуші еді бабам,– деді,
Дін үйретсең сауап қой саған,– деді.
Өлім бар, тамұқ бар деп үйрете көр,
Бұрынғы өткендерді тербете көр.
Омардың қаһарынан айырып алдым,
Әдеппенен шариғат үйрете көр.
Қыздар шоқ келеді анасына,
Қарашы ақылының данасына.
Өзі әулие кісі екен кереметті,
Дін үйрете бастады баласына.
Сонда қыздар иманға келді дейді,
Енді исламның асылын білді дейді.
Ақылменен сөз айтып қорқытқан соң,
Кешікпей-ақ дініне кірді дейді.
Енді екі қыз мұсылман болып қалды,
Иман келіп кеудеге толып қалды.
“Екі қызың мұсылман болды ғой” деп,
Хазіреті Омарға хабар барып қалды.
Ана сөзі балаға болды тары,
Судай тасып қуанды жұрттың бәрі.
“Әли себеп бұл қызға болды ғой” деп,
Қайран қалған секілді жұрттың бәрі.
– Сөзің қабыл болды ғой, Әли,– дейді,
Кереметің бар екен, бәлі,– дейді.
“Ерге ти” деп айта көр қызыңызға,
Батырларың қуансын бәрі,– дейді.
Әбубәкір баласы Махмұд атты,
Аттанарға дұшпанға уақыт жетті.
“Махмұдқа барыңыз, тиіңіз” деп,
Әли қызға хабарды салды дейді:
“Балам менің тілімді алсын,– дейді,
Біреуі Махмұдқа тисін,– дейді.
Берейін Махмұдқа некаһ қылып,
Дұшпандарға мақтанып барсын” дейді.
Әли үйірді Омардың жауабына,
Мен қалайын қыздардың сауабына.
“Махмұдқа біреуін қоса көр” деп,
Анасының айтыпты құлағына.
Омар ұрыс қылдырған дұшпанменен,
Ақылдасып Махмұдтай батырменен.
“Махмұдқа біреуіңіз тиіңіз” де[п],
Қыздарға айтты анасы ақылменен.
Ренжіді Омардың сөздеріне,
Қайғы түсті қыздардың өздеріне.
“Ер іздей тұрған біздерде күй бар ма?” деп,
Екі сұлу жас алды көздеріне.
– Омар жұртты мұсылман қылған,– деді,
Пайғамбардың төрт жары сүйген,– деді.
Кімде-кім Омардың сөзінен шықса,
Пайғамбардың сөзінен шығар,– деді.
Достық қылып айтамын саған,– деді,
Қабыл көрмей жүргендер надан,– деді.
Омар менен Пайғамбардың сөзінен шықсаң,
Күнәһар боларсыз ғой, балам,– деді.
Пайғамбардың күйеуі Әли Арыслан,
Фатимамен екеуін Құдай қосқан.
Әйелге жұфұт болмақ сүннет екен,
Адам жоқ Фатимадан құрметі асқан.
– Құдай салды, Омарға жалынамыз,
Сөзден шығып тәубеден жаңыламыз.
Бұрынғыдай салтанат киім бар ма,
Жетім жүріп ер іздеп не қыламыз.
Сөй деген соң Омарға хабар барды,
Қыздың сөзін падиша қабыл алды.
“Олай болса, киім менен тамақ бер” деп,
Бұйырып Сәдуақасқа хабар салды.
Түрлі тамақ береді астарына,
Өзі келді Омардың қастарына.
Қазынадан һәртүрлі киім алып,
Алтын тәжін кидірді бастарына.
– Қыздарың бұ киімді кисін,– деді,
Жоқ болса да, бар болар білсін,– деді.
Шығарсын көңілінен қайғыларын,
Біреуі Махмұдқа тисін,– деді.
Сонда қыздар қуанып қалды дейді.
Қабыл көріп қуанып алды дейді.
“Малсыз, жансыз күйеуді қайтеміз” деп,
“Омарда тілегіміз бар-ды” дейді.
– Балам, саған берейін мен де бата,
Көп қайғырып болмас-ты, сөзің қата.
Тілегіміз Омарда бар-дүр десең,
Қандай нәрсе сұрайсың атын ата.
– Омар жұрттың көтерер базынасын,
Әділ қылып жаратқан жалғыз басын.
Наушаруан атамның мүкәммалын,
Бізге бұйрық қылсашы қазынасын.
Үш жүз түйе атамның малын берсін,
Жетімдердің тілегін қабыл көрсін.
Махмұдты біреуіміз қабыл көрдік,
Сонан соң біреуімізге таңдау салсын.
Бұ сөз тиді Омардың құлағына,
Жұрт таң қалды ол қыздың жауабына.
Жетімдердің тілеуін қабыл көрді,
Өз малдарын өзінен аясын ба.
Наушаруанның малы бар үш жүз түйе,
Данышпан қылып жаратқан Жаппар Ие.
“Көңілі сүйген біреуге қармақ салсын,
Мен ерлерім жияйын жүйе-жүйе”.
Үш жүз түйе қазына малын алды,
Шапшаңынан екі қыз байып қалды.
“Махмұдқа біреуіміз тиеміз” деп,
Жылы хабар Омарға барып қалды.
Нәжміш жүр Махмұдқа ғашық болып,
Оспан қосты екеуін некаһ қылып.
Хазіреті Омар беріпті оң батасын,
Отыз үш мың асхабтан таңдасын деп.
Шаһарбанға ой берді Алла Тағала,
Ғашықтық кірді Омардай падишаға.
“Өзім бас боп алдынан өтейін” деп,
Хазіреті Омар шығыпты сахараға.
Үш жүз мыңнан жиылды сахараға,
Сол қызға қызықтырды Алла Тағала.
“Кезекпенен ерлерім таңдасын” деп,
Анасы менен қыз шықты сахараға.
Ішінде Омар, Оспан, Әли де бар,
Жастары да көп ішінде, кәрі де бар.
Ер Әлидің он сегіз баласы бар,
Асхабтардың ұғлының бәрі де бар.
Қарсы алдында жүр еді батырлары,
Шаһарбанның артық-ты ақылдары.
Ол қыздың ақылына қайран қалып,
Жиылған сахабаның қатындары.
Көп халайық келеді алдарына,
Мал айтып келеді Хақ жолына.
Қайсымызға бұ нәсіп болады деп,
Ерлер қарсы келеді алдарына.
Падишалық киімін киіп алды,
Арғымағын астына мініп алды.
Хазіреті Омар алдынан өте берді,
Шаһарбан “бұ кім?” деп көзін салды.
Үмітім бар асхабтың сірәсінан,
Ескі емес қартайған, жаңасынан.
“Патшадай салтанатты бұ кім-ді?” деп,
Шаһарбан сұрайды анасынан.
– Мұны саған сөйлесін анаң,– деді,
Сырын баян қылайын саған,– деді.
Он сегіз мың ғаламның сырын ашқан,
Әділ Омар падиша, балам,– деді.
– Әділдігі ғаламға барған,– деді,
Уағдалы кісі, емес жалған,– деді.
Сүйегіме тамғаны салған,– деді,
Қор қылып шаһарымды алған,– деді.
Шаһарбанның ақылы жұрттан асқан,
Бұ сөзбенен Омардың көңілін басқан.
Тақсыр Омар сол сөзбенен өтіп кетті,
Артынан ер келеді хазіреті Оспан.
– Сәлде салған кім еді бастарына,
Ақсақалдар ұсынбай ма жастарына.
Қартайғанда қыз іздеп не қылады?
Кәрінің қыз бара ма қастарына.
– Шаһариардың біреуі молда Оспан,
Ғалымдығы сұрасаң жұрттан асқан.
Құранда нұр иесі деп аталады,
Пайғамбар екі қызын бірдей қосқан.
– Әй, ана, таң қаламын жауабыңа,
Мақтап хасыл боласың сауабына.
Қатынға анда-санда жатады деп,
Тақуа деп жетеді құлағыма.
Мұныменен өтіп кетті хазіреті Оспан,
Артынан ер келеді Әли Арыслан.
Ұжмақтан пайда болған зұлпықары,
Дүлдүлі бар айшылықты алты басқан.
Әлиді артық қылған бір Құдай-ды,
Көрді дағы Әлиді қыз сынайды.
“Нұры көкке тірелген кім еді?” деп,
Анасынан сонда қыз сөз сұрайды.
– Пайғамбардың сүйікті данышпаны,
Әлсіздерге һәр жерде әл болғаны.
Пайғамбардың Фатима қызын алған,
Бұ шер Әли, Алланың Арысланы.
– Әли екенін танып едім келбетінен,
Артық кісі Пайғамбар үмбетінен.
– Пайғамбардың жалғыз қызы Фатимаға
Күндес боп барамын не бетімменен.
Оныменен өтіп кетті Әли батыр,
Фатима үшін сұлудан қалды ғапыл.
Ғараб деген шаһардың падишасы,
Мәлікаждар артынан келе жатыр.
– Бастаған бір жолға Алла Тағалам,
Барлық сырым белгілі, Тәңірім, саған.
Падиша салтанатты адам екен,
Мұның сырын баян қыл, анам, маған.
– Жер жүзіне шықпаған жаман аты,
Омардан кейін емес салтанаты.
Ғараб деген шаһардың падишасы,
Мәлікаждар болады мұның аты.
– Аса мақтап жеткіздің бауырыңызды,
Жас тұрғанда мақтайсың кәріңізді.
Омардың жарлығыменен жұртын жиып,
Бұ да ойран қылғандай шаһарымызды.
Үлкендерден Шаһарбан тартады бас,
Қандай адам шығады бұған жолдас.
Оқышылардың бәрінен артық туған,
Артынан ер келеді Сәдуақас.
Бұ себептен Шаһарбан тапты сауап,
Пайғамбардың қабіріне қылған тәуап.
“Атқа еңкейіп отырған неткен жан?” деп,
Анасынан сонда қыз сұрды жауап.
– Төрт жардан соң асхабтың бәрі де жас,
Шек келтірсең жаныңа қыласың қас.
Он сегіз мың ғаламның бәрін кезген,
Бұ Әлидің жолдасы Сәдуақас.
Анаға тік тиді ме қыздың сөзі,
Жақпайды жастықпенен қыз мінезі.
– Атқа еңкейіп отырған ақсақал-ды,
Бейнет көрген кісі екен мұның өзі.
Бұ сөзді ките қылды Сәдуақасқа,
“Олар өтті кім шығар маған жолдасқа?”
Сәдуақас бұ халменен өтіп кетті,
Енді нәубет келеді өңкей жасқа.
Асхабтың бәрі келді бойын түзеп,
Адам бармай қалған жоқ бойын тежеп.
Бір Әлидің он сегіз баласы бар,
Асхабтардың ұғлына келді кезек.
Өңкей жастар келеді тұлпар мініп,
Қайсымызға тиер деп көзі қиып.
Бір-біріне қиыспай тамам жігіт,
Төбелесіп сол жерде салды бүлік.
“Қайдан қалдық бұ қызға қызғылықты?”
Бір-бірінен қорықпай бәрі мықты.
Омар, Оспан, Әлиге хабар барды,
“Жастардың арасынан ұрыс шықты”.
– Бір-бірімізден бір қыз үшін түңілмелік,
Бар еді ұятымыз мың теңгелік.
Үлкендер естісе ұят болар,
Баршамыз падишаға жүгінелік.
Бәрі де мұны қабыл көрді дейді,
Жүгінгелі патшаға барды дейді.
– Бұрын жүру біздерге қиын болды,
Бұған төре беріңіз, тақсыр, – дейді.
– Сіз түгіл біз де бардық бойды түзеп,
Адам бармай қалған жоқ бойын тежеп.
Бәрің ағаң алдыңда Хасан жүрсін,
Сонан соң жүре берің кезек-кезек.
Таласарсыз мәнісін білмей,– дейді,
Қаларсыз ба дүниеде өлмей,– дейді.
Бәрің ағаң алдында Хасан жүрсін,
Иазид пенен Хүсейін жүрсін,– дейді.
Жанжал қылып жүрмеңдер, балаларым,
Құдай білер сүйінгенменен кім аларын.
Елден бұрын алдыңда Хасан жүрсін,
Үлкенің жүре бер, балаларым.
Қарсы алдынан жүреді Хасан батыр,
һәрбір сөзі Хасанның балдай татыр.
һәр бір түрлі қаруын жарқыратып,
Арғымағын секіртіп келе жатыр.
– Ай секілді кім еді, анам?– деді,
Тағат қылмай барады балаң,– деді.
Бір тағатым қалмайын есім кетті,
Шапшаң маған баян қыл, анам,– деді.
– “Хасаным” деп Пайғамбар сүйер,– деді,
Сүйген кісі бұларға тиер,– деді.
Фатиманың тұла бойы тұңғышы еді,
Тәңірім досты Пайғамбар жиені еді.
Көріп-дүр қыз Хасанның салтанатын,
Жалғыз өзі алыпты үш жүз қатын.
“Көп күндестің күйігін тартсам дағы,
Қызықсам да қалмайды тоқал атым”.
Батырларға батып тұр қыздың назы,
Қатарласып келеді Хүсейін ғазы.
Үлкендерден бұ нәубет өтіп кетті,
Хүсейін бірлән келеді Иазид өзі.
Хүсейін ғазы Иазид пенен барды дейді,
Сұлу көзін бұларға салды дейді.
Қызға жақын жеткенде қаза болып,
Аты сүрініп Иазидтің қалды дейді.
Иазид аты жығылды омақасып,
Бозбалалар күлкіге қалды батып.
Сонда қыз Хүсейінге көзін салды,
Ғашық қылды бір Тәңірім таңырқатып.
– Хүсейіннің таң қалдым қылығына,
Қыздан жақсы қылығы, сыйлығына.
Тезірек баян қыл, анам, маған,
Ұжмақ исі кіреді мұрыныма.
Жаман кісі жақсыға таласыпты,
Таласам деп қор болып басы кетті.
Ғашықтық кіріп кетті көңіліме,
Бір тағатым қалмайын есім кетті.
Құдайым Пайғамбарға болған қорған,
Суретін ол кісінің нұрдан қылған.
Әли менен Фатиманың сүйер ұғлы,
Сол екі асыл заттан пайда болған.
– Бұған ғашық болдың ба, балам?– деді,
Тағдырда жазған шығар саған,– деді.
Пайғамбардың жиеніне тиген жанға,
Әууәл минге тамұқ оты харам,– деді.
Сонда қыз Шаһарбан састы дейді,
Құдай оны Махфузда қосты дейді.
Қыздың іші қайғысыз нұрға толып,
Жуан табақ жауһарды шашты дейді.
Шаһарбан Хүсейінге шашу шашты,
Сүйгеніне Құдайым өзі қосты.
Хүсейінге шашқанын көргеннен соң,
Иазидтің ыза болып құты қашты.
– Ей, балам, ақылың асты тірі жаннан,
Сонда қыз бетін басты ұялғаннан.
“Мүбәрак болсын, балам”,– деп дұға қылды,
Анасы қасындағы қуанғаннан.
Қайтып келді төрт жар менен батырлары,
Кәміл екен ол қыздың ақылдары.
Фатиманы жад етіп көп жылады,
Қасындағы асхабтың қатындары.
Сонда Омар патшаға хабар барды,
“Хүсейінді Шаһарбан сүйді” деді.
Пайғамбардың құрметтеп жұрағатын,
Қасына аттан түсіп жаяу келді.
Қуанғанға төрт жардың көз жетпейді,
Хүсейіннің атын Омар жетелейді.
Құдай берді біздерге бұ дәулетті,
Мұхаммед Мұстафаны құрмет етті.
Сонда жұрт Пайғамбарды есіне алды,
Пайғамбар болмады деп қайғыланды.
Мұхаммед-Ханафия Хасан менен
Омардан Хүсейіннің атын алды.
Жұрт жиылды Хүсейіннің қастарына,
Тәңірім ғұмыр берсін жастарына.
Алтын таққа мінгізіп Шаһарбанды,
Омар, Оспан көтерді бастарына.
Тақ көтерді Омар менен Оспан молда,
Әли Хайдар қуанып келді сонда.
Бір қызды төрт жарға құрметтенген,
Бір хабибі досты үшін жалғыз Алла.
Әлидің төрт баласы жетіп келді,
Төрт жарлардың қолынан атын алды.
Олар қызды көтеріп бастарына,
Әли Арыслан үйіне алып барды.
Қызды көріп жылайды тамам қатын,
Құрметтеп Пайғамбардың жұрағатын.
Фатима тірі болса қайтер еді,
Бұ тойдың қылар еді салтанатын.
Сонда Әли жұрт жиып қылды тойды,
Киіт жауып силады тамам биді.
Бұ тойда тамам асхаб көп жиылды,
Сол жерде хазірет Оспан некаһ қылды.
Бір алтынды үйі бар Арысланның,
Басын жойған кісі екен көп дұшпанның.
Шаһарбанға шақырып сөзін берді,
Ошал үйге қояды данышпанын.
Бұ қызықтан кетпейді жас пен кәрі,
Мал-жаннан түңілді жұрттың бәрі,
Фатима, Пайғамбардың құрметі үшін,
Он күндей той қылады Арыслан Әли.
Сонда Әли қуанып судай тасқан,
Фатима есіне түсіп көп жылаған.
Пайғамбар, Фатиманың құрметі үшін,
Аямай барлық малын судай шашқан.
Алтынды үйде ол екеуі үш күн жатқан,
Бір-бірінен бұйрықты дәмін татқан.
“Іздеген жоқ біздерге кез келді” деп,
Хасанға Хүсейін батыр хатты жазған.
Хасан бір күн мешітке барған екен,
Көп кітапқа көздерін салған екен.
Бұ шаһарға бір сұлу келеді деп,
Оның үшін көп қатын алған екен.
Сонда Хасан бекітті өнебойын,
Өзі бас болып қылдырды ойын-тойын.
Ұжмақ есігі ашылды Шаһарбанға,
Құдай артық жаратқан ақыл ойын.
Жұрт тарқады Әлидің тойын жиып,
Бұ қызға Құдай берген артық нәсіп.
Әлидің баласына тиген үшін,
Қызға сегіз ұжмақтан есік ашық.
Наушаруанға Мәліктің барған жері,
Хүсейін Шаһарбанды алған жері.
Үш жүз алпыс қатынды бұрын алып,
Хасанның сұлудан қалған жері.
Сонда да қыз кеткен жоқ бөтен жаққа,
Хүсейін[мен] бірге мініпті алтын таққа.
Біз Құданың достарын ауызға алдық,
Дұға қылып қойыңыз әруаққа.
Сөйлейді һәрбір адам көрген жерін,
һәр жерде тамаша етіп жүрген жерін.
Асығып бұ қиссаны жаза салдым,
Түзетің ойыңызбенен қалған жерін.
“Молдеке, қисса сөзін қойма,– деген,
һәр жерден дұға тілеп тойма” деген.
“Тауфиқ бер” деп сонда да дұға қылың,
Ғайып дұға мұстажап болар деген.
Бар ма екен бұ дүниеде мендей болған,
Надандықтан кеудеме қайғы толған.
Оқу оқып, дін күтіп жатсам нетті,
Мәнжірдің медресесі жерім тұрған.
– Әй, бейшара қиссаны не қыларсың,
Соныңменен оқудан жаңыларсың.
Қойсаңшы, қисса сенің неңді алған,
Соң күні оқуыңды сағынарсың.
Өзіңнің медресе екен тұрған жерің,
Бұлай болса жақсы емес сенің түрің.
Екенсің мақсұтыңды хасыл қылған,
Толып жатыр һәр жерде өлең, жырың.
Мұнан соң сөкпеңіз, жарандарым,
һәр жерге мағлұм болды өлеңдерім.
Жарамаса қояйын бұ күннен соң,
Әуре болып не қылам, жарандарым.
Өзімнің енді жасым қырық жеті,
Туғаным мың сегіз жүз отыз төрт-ті.
Мешін жылы мен өзім туған екем,
Числосы туғанымның асад деді.