Қисса Зейнеп пен Заидтың уақиғасы

Жұрт тыңдар сөзім жақсы болса тамам, Күлісер қатесі көп болса жаман. Осы күнгі халыққа кім ұнайды, Қатесіз жалғыз өзі Хақ Тағалам. “Халі келмес қалыңға кіреді” деп, Халайық әр түрлі сөз айтар маған. Ықтияр, не десе де мойынға алдық, Біз түгіл Расулды да ғайбаттаған. Надандықтың зұлматы адасқандай, Өз көңілі раушан жолм...

Қазақша
Қисса Зейнеп пен Заидтың уақиғасы
Жұрт тыңдар сөзім жақсы болса тамам, Күлісер қатесі көп болса жаман. Осы күнгі халыққа кім ұнайды, Қатесіз жалғыз өзі Хақ Тағалам. “Халі келмес қалыңға кіреді” деп, Халайық әр түрлі сөз айтар маған. Ықтияр, не десе де мойынға алдық, Біз түгіл Расулды да ғайбаттаған. Надандықтың зұлматы адасқандай, Өз көңілі раушан жолмен таласқандай. Ғайбат, өсек Расулды қылғаннан соң, Біздерге не десе [де] жарасқандай. Тәубе қылып дауасын іздеу керек, Зұлматтан құтылатын халас қандай. Наданға жай сөзің де сұрағандай, Білгенменен таласар тұра қалмай. “Білем” дер көңіліменен пасық адам, Жауабы биік жерден құлағандай. Ғалымның тілін алып тиылмаса, Надандықтың ақыры жылағандай. Пайғамбарды өсекке байлаған соң, Не десе де біздерге ұнағандай. Наданның заһары көп шаяндайын, Пәтуасыз, айлалы аярдайын. Білімсізім білініп кете ме деп, Атасызды атақ қып жая алмаймын. Расулдағы өсекті тыңдасаңыз, Хал-қадар білгенімше баяндайын. Тәпсірден көзім көрсе, соны жазам, Дәлелсізге паналап таянбайын. Хаққа жақтың халыққа ұнасаңыз, Күнә ғафу – ықыласпен жыласаңыз. Бір Аллаға сиынып айтып көрем, Пайғамбардың ғайбатын сұрасаңыз. Шаһуәли Рахматулла айтқан мұны, Расулды жамандай ма Құдай құлы? Өсектеп ғайбат қылған мұнафиқтың Қор болып, екі жұртта кеткен пұлы. Пәтуасыз айтқан сөзге көңілім толмас, Өсекші мұнафиққа болар жолдас. Бұлбұлың бар шағында сайрау керек, Бір ұшса, қайта айналып қолға қонбас. Он сегіз мың ғаламға шапағатшы, Расулды жамандаған адам оңбас. Үлкен тәпсір иесі Шаһуәли, Иншалла, сөзінде жалған болмас. Тәпсірге жазып кеткен сөзін айтам, Қисықты түзеп кеткен тезін айтам. Расулдың мәселесі толып жатыр, Тұһматқа байланған кезін айтам. Шаһуәли Рахматулла айтқан бұлай, Олар да тағат қылған жылай-жылай. Құраннан көріп ғибрат жазып кеткен, Ахзаб сүресінде айтқан Құдай. Олар қылмас риуаят жалған сөзді, Жазған шығар аяттан алған сөзді. Кітаптан көзім көріп тұрғаннан соң, Мен де айтамын олардан қалған сөзді. Хазіреті Зейнептен сөздің басы, Олардың Хаққа түзу ықыласы. Хажашұлы Абдулланың қызы Зейнеп, Мұхаммедтің нағашы қарындасы. Зейнепті сұрасаңыз асыл тектен, Ол заманда несіп жоқ онан өткен. Таза қылып жаратып нәсіл шарифін. Құдайым ол тұқымға нұрын төккен. Расулдың Зейнеп туған тағасынан, Нәпсінің олар алған жағасынан. Зейнеп разы Алла анһу туған екен, Расулдың анасының ағасынан. Олардың нәсілі артық басқа жаннан, Тұқымын білген кісі қайран қалған. Көрсетіп шариғаттың жолын ашып, Пайғамбар талайларға үлгі салған. Зейнептің заты шариф, жүзі нұрлы, һешкімге әшкере қып шашпас сырды. Қандай көркем құлқы бар, өнері көп, Лұғатпен сөз сөйлер һәрбір түрлі. Шамшаттың ағашындай сұлу сырты, Бағасы миллион теңге, жүз-жүз жылқы. Сөйлесе аузын ашып дүр төгілер, Амалы Хаққа лайық, түзу құлқы. Олардың нәмахрамды көрмес көзі, Алдында көрулі тұр тұрған тезі. Тағы бір басқа жерден кеңес келсін, Бұл жерде тоқтай тұрсын Зейнеп сөзі. Пайғамбар дін исламға болған тіреу, Расулға ерген махшарда болмас жүдеу. Арабтың Заид деген бір баласын, Меккеге алып келіп сатқан біреу. Бір залым ұрлап алып сатып кеткен, Заид бала он жасқа сонда жеткен. Хадиша сол залымнан сатып алып, Хазіреті Расулға һайба еткен. Хадиша сатып алып һайба қылған, Пайғамбарды құрметтеп сыйға қылған. Расулға ықыласымен қызмет етіп, Жолына шыбын жанын пида қылған. Расулға ұғыл болды Заид бала, Ерінбейтін қызметші болды және. Пайғамбарды көрмесе тұра алмайды, Махаббатын түсірді Хақ Тағала. Деп жүрер: – Мұхаммедтің баласымын, Меккедегі асхабтың сарасымын. Атам Расул – ғаламның сәруары, Басқалар тон болғанда жағасымын. Пайғамбар да шүбһасыз “балам” дейді, “Үйретіп жақсы жолға салам” дейді. “Парыз, уәжіп, шариғат жолын біліп, Халыққа әдепті бол тамам” дейді. Шариғат үйретеді күн-күн сайын, Үйреніп халал-харам білді жайын. Расулға махаббатты болғаннан соң, һәр нәрсе кеудесіне болды дайын. Расулға бала болды бөтені жоқ, Заидтың ішпей-жемей көңілі тоқ. “Расулға біз де бала болмадық” деп, Басқаның көкірегіне қайнайды шоқ. Заидтың көңіліне жоқ ешбір арман, Құрмет-сый көргеннен соң Пайғамбардан. Мұхаммедте бір бала бар дегенді, Заидтың ата-анасы хабарланған. Естіп ата-анасы сандалады, “Баламыз тірі екен” деп зарланады. “Біз барып Мұхаммедтен сұрайық” деп, Заидтың ата-анасы қамданады. “Расулға барып сұрап жалынайық, Жаяулап бейнет тартып барылайық. Пайғамбар мархабат қып бермесе егер, Баласыз бұ дүниені не қылайық. Көп өтініп Расулдан сұрайық біз, Көл қылып көздің жасын бұлайық біз. Бермесе үшбу жұртты талақ қылып, Сол Меккенің өзінде тұрайық біз. Пайғамбар шапағатты берер бізге, Қайтарар сұрап барсақ өзімізге. Зорлық қып баламызды бермей қалса, Тентіреп біз өлейік жапан түзде”. Бұл ниетпен Расулға келді сұрап, Көп өтініп, жалынып тұрды жылап. Заидтың ата-анасын көргеннен соң, Көңілі жұмсап, зарына салды құлақ. Расулдың көңілі жұмсақ, мархабатты, Тұрады көргеннен соң аяп қатты. Заидты атасына берді Расул, Көп айтып ғибрат, қылып мінәжатты. Қуанды ата-анасы келгеніне, Баласын сау-саламат көргеніне. Расулды ата-анадан артық көріп, Заид риза болмайды бергеніне. Заидты ата-анасы сұрап алды, Расулдың бергеніне бек шаттанды. Пайғамбарға ықыласы артық болып, Ата мен анасына ермей қалды. Қасына еріте алмады баланы алдап, Расул да бар демейді сөзін аңлап. Өз баласы қасына ермеген соң, Ата-анасы еліне қайтты зарлап. Пайғамбар бар демейді көңілін біліп, Зарланып ата-анасы кетті жүріп. Ренжіп кеткенімен жұмысы жоқ, Заид жүр қайғысы жоқ, ойнап-күліп. Қуанады онда бармай қалғанына, Жеттім деп көңілдегі арманына. Жоғалып кеткенімен тұрмады деп, Жүдейді хабар естіп барғанына. Бар дейді сол жердегі жиылған көп, Бар десе көкірегін күйдірер шоқ. Өлтіріп өлімтігін әкетпесе, Айрылар Расулдан ниеті жоқ. Ал енді сөз басына келсін Зейнеп, Расулға Заид шапан, Зейнеп көйлек. Тыңдаушы ерінер деп ұзай тартсам, Қиссаны тамамдайын қысқа сөйлеп. Зейнептің ата-анасын алды жиып, Бәрі қабыл көрер деп көңілі сүйіп. Хазіреті Зейнепті ренжітіп, Заидке қоспақ болды некаһ қиып. Оңбайды Расулменен қуысқаны, Ренжітсе бәлені уыстайды. “Тегі араб, сатылған құл еді” деп, Зейнептің тең көрмейді туысқаны. Сонда да білдірмеді Пайғамбарға, Сіздерді тең емес деп шаһариарға. Қайтарып “тең емес” деп айта алмады, Расул ұнатқан соң амал бар ма. Бұл Заид тең емес деп айта алмады. Расулдың айтқан сөзін қайтармады. Зейнептің ренжіген қайғысынан, Үйіне туысқаны қайта алмады. Пайда жоқ мехнаттанып қайғы жеуде, Неге талап қылмайды көңіл кеуде. Құр ойлап көңіліменен ұнатпады, Расулға бата алмады берме деуге. Зейнеп те қайғы жеп жүр бергеніне, Заидқа қатын болып ергеніне. Расулға амалы жоқ үндемеді, Онан дағы риза өлгеніне. Зейнепті некаһ қиып берді сонда, Зейнеп лайық еді ғой мұнан зорға. Жылайды күндіз-түні қайғыланып, Шықпастай шырмалдым деп темір торға. Қасіреті көбейді қапаланып, Мұнан да кірмедім деп қазған орға. Зейнепті Заид алды бақыт қонып, Зейнеп оған жүрген жоқ риза болып. Сарғайып құсаменен өлер болды, Зейнептің кеудесіне қайғы толып. Зейнепті қайғы-қасірет жүдетеді, Пендені шаттық кірсе түлетеді. Күндіз аз дамыл алып отырады, Түн болса ұрыспенен күн өтеді. Зейнеп жылап жүреді күнде зарлап: – Қасірет Қап тауындай болды салмақ. Расул ықтиярсыз некаһ қиды, Заидты жаратқандай маған арнап. Зейнепте дамыл, рахат бір болмады, Әуелде көңілінде кір болмады. Өзі араб сатылып келгеннен соң, Заидты бояса да дүр болмады. Екеуін теңдес қой деп некаһ қиды, Пайғамбарда жасырын сыр болмады. Екеуінің қосылмады ынтымағы, Заидтан көп зиада Зейнеп бағы. Зейнептің көңілі тоқтап орнықпады, Қанша жұрт насихаттап айтса дағы. Түн болса ұрыс-талас машақатта, Зейнеп көңілі бір теңдес жақсы затта. “Менсінбей алған байын бұзылды” деп, Зейнеп тағы байланды жаман атқа. Әйтеуір не қылса да шаттығы жоқ, Бір құлға бергеніне арманы көп. “Жан болып келмегенім артық еді, Осымен өтіп кетсе бұ дүние боқ. Қызы едім Абдулланың – Зейнеп атым, Халыққа мағлұм еді инабатым. Түнде мехнат тартамын жанжалменен, Болмады осы күнде рахатым. Өлсем де бұл Заидқа бахыл болман, Нәпсіден өлсем дағы жақын болман. Пайғамбар өзі біліп айырмаса, Тірлігімде еркіммен қатын болман”. Әуелде шаттықпенен алды Заид, Жүре-жүре бәлеге қалды Заид. “Осыған талақ беріп құтылам” деп, Бір күні Пайғамбарға барды Заид. – Мұны алсам бір бәлеге тұтыламын, Бойдағы бар ақылымнан сытыламын. Қатынсыз өмірімше өтсем дағы Тақсыр-ау, бұл Зейнептен құтыламын. Өлмеспін Зейнеп кетіп қалғанменен, Маған һеш қызметі жоқ барғанменен. Күндіз-түн жанжалменен күнім өтті, Бір рахат көрмедім алғанменен. Тақсыр-ау, не қылсаң да құтқар менен, Зейнептен қорыққанымнан шошыр денем. Айырсаңыз рахмет жүз мың қабат, Қатынсыз жүргеніме қайғы жемен. Арым кетіп барады күн-күн сайын, Бір қызметсіз қатынды не қылайын. Мені көрсе шошиды есі қалмай, Мен, тақсыр, біле алмадым Зейнеп жайын. Расул айтты: – Бұл сөзді аузыңа алма, Зейнептен айырылып ғапыл қалма. Жіберме талақ беріп өз еркіне, Айырылсаң сүйегіңе болар таңба. Сүйікті жақсы қатын жар емес пе, Зейнептің һәр білімі бар емес пе. Тірідей қатыныңнан айырылғаның, Өзіңнің сүйегіңде ар емес пе? – Айырсаңыз жолыңа жаным құрбан, Ал деген сөзіңізге мойным бұрман. Қалай қатын болады тақсыр маған, Мені көрсе зарлайды құдай ұрған. Зейнепті қатын қылып алмақ түгіл, Сіздің осы мекенде бірге тұрман. – “Айырылам” деп сөйлеме жаның қинап, Ар емес пе өзіңе, жұртты жимақ. Өзімді құрметтеп, көңілім сақтап, Әуелде барған саған мені сыйлап. Мен үшін көріп еді сені қабыл, Қылмадың бой тоқтатып сен де сабыр. Көңілінде махаббаты болмаған соң, Зейнепте болмады һешбір дамыл. Екеуін қойды Расул жарастырып, Ұрыс-талас, жанжалдан халас қылып. Пайғамбардың алдынан кеткеннен соң, Зейнепті қайғы кетер адастырып. Зейнеп жүр “болмады,– деп,– өзім теңді”, Шаттығын сол себепті қайғы жеңді. Жақсы ниет, көркем құлықпен тұрса екен деп, Расул ықыласымен қоса берді. Екеуінің ықыласы оңалмады, Ұшқан көңіл айналып қона алмады. Расул қанша өсиет айтса дағы, Зейнепте бір рахат бола алмады. Заидке Зейнеп бермес ықыласын, Жататын матлық харам қылып қасын. Бірі бай, бірі қатын болмақ түгіл, Жанжалы күннен-күнге болды басым. Зейнепке болып жүр ғой кең дүние тар, Таба алмады өзі теңді бір жақсы жар. Егер де Заид талақ қылса мұны, Расулдың шаттандырар ниеті бар. Расул жұрттың қамын жеп ойлайды, Екеуінің бір тұруын көп ойлайды. Өзімнің некаһыма бір кіргізіп, Зейнепті шаттандырсам деп ойлайды. Талақ қылса, сертімнен тая қалман, Жалған сөзді халыққа жария қылман. Қайғыменен сарғайып жүдеген соң, Зейнепті айтты Расул аяғаннан. Бұ Зейнеп тимек түгіл жаннан безді, Көрсе де түзелмеді құрған тезді. Жұртқа сөйлеп Пайғамбар паш қылмады, Көңілінде ойлады үшбу сөзді. Қасіреті бүгін көп кешегіден, Жоламас шошығандай төсегінен. Пайғамбар үшбу сөзді айтса дағы, Жұрттың және қорқады өсегінен. Расул істің кірмес батылына, Алыс пен бірдей болған жақынына. Заид үшін Зейнепке некаһ қиып, Көп кірді бір тұрудың ақылына. Тәкаппар не ақылына жоламайды, Пенденің шапағатты пақырына. Зейнепті қуантамын деп айтады, Дүниенің кірмес Расул ғапылында. Жанын пида қылғандай рақымы көп, Жамандықтан тиылған мақұлында. Мұнафиқ қызықты деп өсек қылар, Өзінің ұлының қатынына. Осыны тағы ойлады айтса дағы, Зейнеп мехнат өмірінше тартса дағы. Заидке жақсы қатын болып жүрмес, Ұнамсыз бұл пиғылдан қайтса дағы. Заидке Зейнеп көңілі тынар емес, Қайғысы көкірегінен шығар емес. Зейнептің жабық көңілін ашық қылмақ, Онан басқа қатынға құмар емес. Зейнептің көңілін хош қып жүргізуге, Түзу жол ізгі амал білгізуге. Азуаж матхараттың замрасына, Халалдық некаһ илә кіргізуге. Құт басып, қасірет тартып қайғы жеген, Зейнептің өлген көңілін тіргізуге. Хош латиф раушан қылмақ жабық көңілін, Зейнептің шаттандырмақ ғаріп көңілін. Пақырлықтан құтқарсам сауап көп деп, Аллаһу ағлам осы деп анық көңілін. Қатынды не қылады онан басқа, Хасадтық ойламайды дос пен қасқа. Неше күн екеуіне уағыз айтты, Түзулік кіре ме деп ықыласқа. Низағысы көбейді дамыл алмай, Расулдың насихатын қабыл алмай. Жанжалменен көбейтті күнәларын, Үстіне тәубе тонын жаба салмай. Расулдың неге тілін алмайды екен, Тілін алған тамұқта қалмайды екен. Заидке қатын болып тұрмақ түгіл, Маңына Зейнеп жақын бармайды екен. Тағы жанжал көбейді күннен-күнге, Екеуі де көнбейді айтқан тілге. “Хазірет мені құтқар осыдан” деп, Тағы да Заид келді Расулға: – Тақсыр-ау, аясаңыз айыр мені, Жаныма бек батады айтқан лебі. Мен сізге несін айтып баядайын, Мағлұм өзіңізге сөздің теңі. Хазірет, мен ойлаймын жанның тынышын, Зейнеп қайда барса мейлі білсін. Дүниеден мал-перзентсіз өтсем дағы, Тақсыр-ау, бүйтіп алған қатыны құрсын. Айырыңыз сауапты ойласаңыз, Қайғыменен көзімді жоймасаңыз. Қаңғырып мен өлейін, азаттық бер, Тағы да қосамын деп қоймасаңыз. Мен сіздің арқаңызбен шықтым төрге, Балаңыз боп отырдым биік өрде. Басқа ісіңнің бәріне разымын, Зейнепті тағы да ал деп айта көрме. Қостың тақсыр әуелде некаһ қиып, Екеуі бір тұрсын деп көңілің сүйіп. Қатын алып рахатта болмақ түгіл, Мінезіне барады ішім күйіп. Жақсы заттан бір қатын алып бердің, Дедіңіз дәрежемді болсын биік. Алланың рахматы болсын сізге, Айырсаңыз көзімнің жасын иіп. Онан басқа сөзім жоқ бөтен айтар, Талақ хат жаздырыңыз жұртты жиып. Хазірет, өз алдыңда болсын байлау, Пендеге уәжіп еді серттен таймау. Саламат талақ беріп айырылсам, Төбем қыстау болады, төсім жайлау. Зейнепті жұрт алдында қылды талақ, Тамашалап халайық тұрды қарап. Зейнеп судай тасиды қуанғаннан, “Тілегімді берді,– деп,– Құдай қалап”. Зейнепті бұрын қайғы жеңіп жүрді, Көңілі майдай жұмсап еріп жүрді. “Мұнафиқ жауыз сөйлеп, өсектер” деп, Көңіліне Пайғамбардың келіп жүрді. Зейнептің ақылын бұрын жүрген өлшеп, “Алсам дұшпан сөзіне келеді дөп. Алам деп көңілімменен уағда қылғам, Бұ қалай болады” деп ойлайды көп. “Алмасам уағдама болар хилап, Алсам жүр айтар сөзін дұшпан жинап. Қош қылып қайғысынан тазартуға, Аллаһу ағлам Зейнепті айттым сыйлап. Аламын деп жүргем жоқ қызыққаннан, Зейнеп өңді болып па барша жаннан. Көңілімнің ақтығы досыма аян, Ешбір жан ғайбат қылмас мұсылманнан”. Олар жүрген дұшпанның басын кесіп, Кіруге нәпсі дұшпан таппайды есік. Мұнафиқ тұһматтар деп көп ойлады, Өз ұлының қатынын алды десіп. Мұнафиқ сөз қылады оңбаған соң, Кеудесін шайтан қамап торлаған соң. Қысылса аятпенен тазартады, Бәле жоқ Тәңірім жар боп қорғаған соң. Шаһариар, сахабалар ұнатады, Хақиқи өз баласы болмаған соң. Расул некаһына кіргізеді, Ұнатып жолдастары зорлаған соң. Пайғамбар істің кірмес бұрысына, Арланбас Хақтың түзу жұмысына. Жәбірейіл арқылы аят келген, Күнәһі жоқ деп некаһтің дұрысына. Не нәрсе табылады қумаған соң, Нәжісті тазара ма жумаған соң. Балам деп айтқанменен бала болмас, Асылында өзінен тумаған соң. Сол үшін некаһ дұрыс арасына, Кірмейді істің жаман, қарасына. Аят келіп некаһты дұрыс қып тұр, Нәсілі басқа асыранды баласына. Мұнафиқ не десе де айта берсін, Бұрынғы түзу жолдан қайта берсін. Алланың аятымен талас қылып, Жазасын махшар күні тарта берсін. Мағлұм жақсы-жаман тыңдаған соң, Сөз бетімен кетеді бұрмаған соң. Білімпаздың сөзінен ғалат шықпас, Сыйғамен сөзін тартып сымдаған соң. Расулдың некаһына кіргізіпті, Шарасыз Заид талақ қылғаннан соң. Мұны да мұнафиқтар тұһмат қылды, Бұрынғы ислам дінде тұрмаған соң. Мұнафиқ ақыретте ұжмақ көрмес, Әуелде істің басын былғаған соң. Хас мүмін тағатымен жетіледі, Дозаққа құлқы жаман кетіледі. Құтпасыз Хақ Тағала әміріменен, Байланып некаһтары бекіледі. Алланың достысы жоқ Пайғамбардай, Бір сағат тұрмас ғапыл хабар алмай. Алланың өз әмірімен байланыпты, һеш заһыр некаһына қажет қылмай. Оларға қысылғанда Құдайым бар, Мұнафиққа қылады дүниені тар. Ахзаб сүресінде көзім көрді, Үшбу сөз жалған болмас, Құранда бар. Заидты Зейнеп әуел көрген хақыр, “Сатылған араб, құл деп өзі пақыр, Бұл менімен қалайша тең болады, Көркем фағил, … жоқ деп ақыл”. “Уа кәна лимумин уа лә муминат” Бұл аят сонда келіп болған нақыл. Келген соң Құран сөзін жиып еді, Батылды жаман жолдан тиып еді. Пайғамбар бұл аятты дәлел қылып, Заидке әуел некаһ қиып еді. Аяттан Зейнеп әуел аса алмаған, Расулдың әмірінен қаша алмаған. Жүре-жүре Заидты хақыр көріп, Қасіреттен аяғын баса алмаған. Айттым ғой талақ болды аяқ жағы, Заидпенен қосылмай ынтымағы. Расулдың некаһына кіргеннен соң, Ашылды кәмілденіп Зейнеп бағы. Мұнафиқ оларды да өсектеген, Не жапа Пайғамбарға көрсетпеген. Олар сондай болғанда бізге не жоқ, Көңіліміз біреудікін жесек деген. Кімде-кім ақ пендені ғайбаттаса, Хал келсе ату мүмкін кесекпенен. Кей пенде өз жаманын тығып қойып, Біреудің зәредейін есептеген. Нақақ бір мазлұмды жамандаймыз, Қатені өз бойымыздан таба алмаймыз. Жаман менен жақсыны парық қыла алмай, Шамалап өз бойымызды баға алмаймыз. Бадағат мүфсад іске құстай ұшып, Дін десе қадам баспай табандаймыз. Сауап жаққа бармауға көңіл сонша, Он салса бір жортпайтын шабандаймыз. Ғайбатпенен өсекті осы қуып, Ақырында жазаға арандаймыз. Ақылсызға оймен тең сары белдер, Ақырында жазаға арандаймыз. Пайғамбарлар өсекке таңылған деп, Мұны да қайрат қылар пайымы кемдер. Оларды тұһмат қылған себебінен, Мұнафиқ болған мардуд қандай ерлер. Күнәні білу керек атқан оқ деп, Ғайбаттың ақырын жанған шоқ деп. Расулды өсек қылған мұнафиққа, Көріне һешбір жаза болған жоқ деп. Алдында біле алмайды азап барын, Арандар шариғаттың білмей халін. Нақақтан біз пендені тұһмат қылса, Махшарда көре алмайды Хақ дидарын. Кәлам Алла сөзімен тиылмаса, От пенен азап қылар шыбын жанын. Жазалы бұл дүниеде болып барса, Не қылсын зұбаны қысылғанын. Кей пенде мұны білмей ғайбат сөйлер, Белбеуге түйіп беттің арын. Өлгенде қараңғылық зұлматында, Тірілгенде сөндірсе көңіл шамын. Ассаламуаләйкум дін қарындас, Өмірге аз ғана күн болмайық мас. Ғибадат, құлдық қылу тіршілікте, Мүмін болған пенденің бәріне қас. Амалдан сұралады өлгеннен соң, Тіпті жолдас болмайды мал менен бас. Қыла алмас уасуаса шайтан малғұн, Бекітсек жамандықтан көңілді тас. Қылайық насұқ тәубе ықыласпенен, Жалғанда пайда бермес опасыз жас. Ажарсыз мақрұм болып пенде қалмас, Бар болса таза құлық, түзу ықылас. Сәлем хат баспашының сахибына, Көзіңізді салыңыз уақиғыма. Арман жоқ бейтулланы тауап қылып, Тән қалса ол жаннат әлбақида. Ал дұға баспашының иесіне, Сөзімнің көз салыңыз жүйесіне. Мархабатыңды естіп болдым құмар, Бақшаның қызыққандай шиесіне. Оқ орнына қол жетпес сермегенмен, һешкімнің мінгім келмес түйесіне. һәркімнің сыбағасын жазған Тәңірім, Өзімнің ризамын тиесіме. Кімде-кімнің жоқ болса қанағаты, Күнәнің кірленеді күйесіне. Бақытыма қой келсе ризамын, Көз салмаймын ат пенен биесіне. Шырмалған талай сұңқар темір торға, Батырлар талай түскен қазған орға. Алланың әміріменен не болмайды, Пенденің оң дегені шығар солға. Қисық іспен табамыз бұзақылық, һешбір нақыс болмайды түзу жолда. Шүкіршілік қыламын, Хаққа тәубе, Жазғаным жүріп жүрсе қолдан-қолға. Пайғамбар өз Зейнебін құлға берді, Деп бақыс қылып жүрді кейбір молда. Сол айтып жүрген Зейнеп осы болар, Түзу кәлам көңілінің хошы болар. Кеңесті ажарлауға жалған айтса, Ақырында Ібілістің досы болар. Білмей бақыс қылудың түбі қорлық, Көз көрмей кинайамен қылып зорлық. Жастықтағы өмірді желге өткеріп, Ғапыл жүріп бұл күнде жасқа толдық. Тоқтамай қырық тоғыздан аса көшіп, Орта жер елуге кеп биыл қондық. Қағаз ысырап болмаса, еңбек зая, Он бесінші августа жазып болдық. Хұсайыновқа тапсырып жазған сөзім, Тамамдап бас-аяғын көрсін көзің. Жасымнан осындайды жаза бермей, Әншейін лағу сөзбен жүрдім өзім. Ұнамды ұнам сөзін біле алмаймын, Көргем жоқ жүйріктердің құрған тезін. Ұнамаса ысырап болды қағаз, Қатені ғапу қылар Сұбхан Ізім. Сөзімді ұнатсаңыз хабар жібер, Хал-қадар тағы жазам келсе кезім. Жазушы – Иазид атым ибн Қонай, Естілмеген сөз бізге болмады оңай. Оқу аз, ақыл дағиф, қуат кем боп, Шыға алмай биік тауға, кездім тоғай. Бұл күнде шаруа қуып, бала оқыттым, Ылаж жоқ болғаннан соң заман солай. Олардай болмаса да қарап тұрмай, Бермеген жүйріктер көп топтан торай. Шабатын жүйріктер көп құмды теңдеп, Менменсінген талайын жүрдік емдеп. Бір Алла кеше гөр деп қылдық тәубе, Бір күнде жастықпенен жүрдік желдеп. Сөзім ұнап тағы да жібер десең, Жаңадан қисса жазып қылам ермек. Сіз секілді дариядан үміт етіп, Алыс жерден жатырмын қолым сермеп. Не берсеңіз соныңа ризамын, Мен сізден сұрамаймын соны бер деп. Хұсайынов құмармын көрмесем де, Бастырыңыз һеш нәрсе бермесең де. Еңбегімді берер деп үміттімін, Бұрын кәсіп мұндайдан термесем де. Мен сіздің ғашықтандым есіміңе, Жомарттық тегіс кірген жемісіңе. Кітабымды бассаңыз қуанамын, Бір себеп бола ма деп кәсібіме. Бұрын бір жіберіп ем жөнімді айтып, Хал-қадар білгенімше қалам тартып, Тағы да жіберуге күтіп тұрмын, Сол кітабым баспа боп келсе қайтып. Мүмінге дәйім шаттық заман болсын, Мехнаттан екі жұртта аман болсын. Сөз көбейсе жасыққа ауыр болар, Бұл қисса осыменен тамам болсын.
Ағылшын
Бұл тілдегі нұсқа жоқ.
Бұл тілдегі нұсқа жоқ.