Қозы Көрпеш – Баян қыз (Г.Н. Потанин нұсқасы)

Шешендер білген сөзін көлдетіпті, Сөз бастап бұрынғыдан тербетіпті. Кешегі о бірқатар заманында, Қарабай хан, Сарыбай бай өтіпті. Кемел ақын келтірер сөздің нұрын, Оған да заман өткен бір ықылым. Қарабай хан, Сарыбай өткен екен, Олар да о бірқатар бізден бұрын. Солар да көп сөз болған өткен жандар, Мінеки, құлақ қойып...

Қазақша
Қозы Көрпеш – Баян қыз (Г.Н. Потанин нұсқасы)
Шешендер білген сөзін көлдетіпті, Сөз бастап бұрынғыдан тербетіпті. Кешегі о бірқатар заманында, Қарабай хан, Сарыбай бай өтіпті. Кемел ақын келтірер сөздің нұрын, Оған да заман өткен бір ықылым. Қарабай хан, Сарыбай өткен екен, Олар да о бірқатар бізден бұрын. Солар да көп сөз болған өткен жандар, Мінеки, құлақ қойып сөзді аңлаңдар. Аз ауыл қарашысы халқыменен, Қарабайдың тоқсан мың жылқысы бар. Әңгіме солар болған бірталай кеп, Басында Құдай берген дәулеті көп. Жылқы айдаған тоқсан мың бай болса да, Үйінде сайманы жоқ бойына еп. Сексен үш жасқа келген сол күнінде, Сүйер оның бір жалғыз перзенті жоқ. Оның тегін кім десе айтады екен, Бұрынғы өлеңшілер түрікпен деп. Нәсілі Сарыбайдың ноғайлы емес, Оның тегі “құндыкер, құбаң жұрт” деп. Шалқар дәулет, шағын бас Құдай беріп, Азын-аулақ қасына қарашы еріп. Сол екі бай елінен ауған екен, Туысқан-туғанынан зорлық көріп. Қаша-қаша бірталай жерге келді, Һәм түрі өзге жұрттан бөлек еді, Су аяғы – Құрдымды жайлап жатқан, Бір Балталы дейтұғын елге келді. Балталының бір биі Тайлақ еді, Қасында жүз кісімен келіп еді. Әуелі Қарабайға кездей келсе, Сонша ауыр дәулетінен түк бермеді. Сонан соң Сарыбай байға барып түссе, Бәрін де сый-сияпатпен жөнелтеді. Еліне барды Тайлақ кеңесті енді: – Мына Сарыбай тегін жан емес, – деді. Көптің сөзі бір жерге құйылды да, Сарыбайды хан қылып, тізгін берді. Жақсының шарапаты көпке тиген, Қарабай да бір тайпа ел билеп еді. Қарабай аң аулаудан ерінбейді, Көзіне сол тоқсан мың көрінбейді. Шыршы деген бір тауға аңға келсе, Атуына ешбір аң кез келмейді. Кешке таман бір жерде келе жатып, Бір маралды жатықта көрді дейді. Аң көріп аңдаусыздан қалды сасып, Атқанша сасып жүріп білте басып. Онан-мұнан қалбаңдап қарап жүрсе, Мұны көріп сол марал кетті қашып. Байғұсты аңқұмарлық тентіретті, “Әттеген-ай, арманда болдым” депті. “Қап, бәлем, ертең түсте атармын” деп, Қаңтарып Аққайыңын жата кетті. Сарыбай да аңға құмар адам еді, Ол да таңнан сол тауға аңға келді. Бір жанға ат қаңтарған кездей болып, Сөйлескелі ат басын бұрды-ай енді. –Жатырсың түске дейін ат қаңтартып, Үмітсіз бұл жалғаннан кімсің? – дейді. –Көңілімді мың мен санға баламаймын, Пенденің елігіне жарамаймын. Сексен үшке келгенше баласы жоқ, Бір Құдай Тағалам қаңғыртқан Қарабаймын. Шошып қалды Сарыбай “Құдая” деп, Налысын Қарабайдың көрмеді еп. –Қареке, неге айтасың ондай сөзді? Үмітсіз болма Алладан, қазынасы көп. –Жарқыным, жасы жеткен қызық көрмес, Аллаға екі тілеу жүрген емес. Мал сұрап ем Тәңірден, оны берді, Үстіне қартайғанда перзент бермес. –Хақ Алланың ісіне налымаймын, Және айтып асылық сөз жарымаймын. Жетпіс беске келгенше баласы жоқ, Мен де өзіңдей бейшара – Сарыбаймын. –Өтіпті бізден бұрын талай жандар, Сендей күнде уайым қылмағандар. Сексен үште жасы бар мені айт, балам, Сенің әлі алдыңда тілеуің бар. –Қареке, заманында сен де бір ер, Жапан түзде кез қылды Пәруардігер. Сегіз-ақ жас үлкенсің ойлап тұрсам, Жетпіс бес сексен үшпен қарайлас жер. –Екеуміз осы аздықтан елден кеттік, Ызадан қаңғып талай жерге жеттік. Мал айдап, бас көрмеген сорлы екенбіз, Кел, дос болсақ қайтеді қияметтік?! Дос болды жапан түзде бек сөйлесіп, Қайғы-мұңын екеуі көп сөйлесіп. Ақыреттік достыққа серт айтысты, Жалаңаш құшақтасып, Құдай десіп. –Алланың әміріне көніселік, Рахым қып, бала берсе, көріселік. Ұл туып, қыз туғандай заман болса, Қалыңмалсыз уәде қып беріселік. –Мұнымыз кейінгіге сана болсын, Қай сөзі шын сертінің шала болсын. Екеумізден ұл туар заман болса, Ол да біздей достасқан бала болсын. –Қарабай шал, қартайған мені көрші , Бек сөйлескен серт айтып достым деші. Кеше кеткен бір марал ыза қылып, Ұзамай жатқан шығар, атып берші?! –Не болды соны сөз деп, достым, саған, Әлім келмес деймісің менің оған. Кез келген бұйрықты аңды қоюшы емес, Мылтығым алты қарыс, көрсет маған! –Дейсің бе аң кез келмес, уәде берсең, Сүйтсе де кешегіден аш жүрмін мен. Алдыңдағы түбекте жүрген шығар, Байқа, жаным, бойыңды шалдырма сен! –Мынауың әңгіме емес менің жолар, Атармыз, аң кез болар, көңіл толар. Маралың буаз екен, бата алмадым, Келінің екі қабат, кесел болар. –Уайым неге айтасың ақырзаман, “Атпаймын” деген сөзің тым-ақ жаман. Не көрсем мен көрейін, атып берші, Жазасы ақыретте болсын маған. Сарыбай тұрды сөзін мақұлдамай, Ыңғайланып мылтыққа оғын салмай. “Талай аң мұнан басқа кез болар” деп, Обалсынып тұрады қолы бармай. – Енді балам, сертіңе жетпедің бе? Дүниеден екі сөзбен өткенің бе? Кез келген бұйрықты аңды менен аяп, Достықтан шыныменен кеткенің бе? Мінезін Қарабайдың Құдай алды, [Сарыбай] мылтығына оғын салды. Бетіне алып маралды тарс қойғанда, [Бос] кетсін бе, ұрудан құлап қалды. Қасында Сарыбайды ескерген жоқ, Қарабай қарбаң қағып жетіп барды. Арбаң-құрбаң аптығып солақай шал, “Бісмілләсіз” маралдың ішін жарды. Қарабай қартайса да тым-ақ мықты, Қартайғанша білмейді алалдықты. Жарған пышақ денеге жазым тиіп, Ішінен егіз қодық мөңіреп шықты. Мақтанды “[қатарыммен] бірдеймін деп, Һешқашан жолым болмай жүрмеймін” деп. Тыпырлатып қодықты бауыздайды, “Сілікпелеп үйге апарып бір жеймін” деп. Бір маралға қуанып өліп-талып, Жауды алғандай мақтанып, саңлауланып. Үсті-басы қан болып қайтып келді, Солақай шал маралды жайлап салып. –Әуре қылдың, әуелде, сөзіме ермей, Қойды ма тілегімді Тәңірім бермей? Атуын атқаннан соң бұл маралды, Отырып неге қалдың маған келмей? –Кез болдым да, дос болдым бір кезіңе Не айтайын, Құдай қылған мінезіңе?! Үш ұмтылып орнымнан тұра алмадым, Кеселі мылтығымның тиді өзіме. –Уайым сөз айтқаның, жаным, жаман, Көп кейіп ең, әуелде, тұрғанда аман. Мылтығың қатты оқтаған тиген шығар, Мұнша уайым сөз айтып не етті саған? – Ақ өлім бұрынғыдан қалған санат, Ажал жетті, шығады жан-аманат. Бір-екі ауыз аузымнан арзымды естіп, Басымды кешіктірмей оңға қарат. Жапандағы бұл сөзді жаярсың ба? Жаным құрбан достым ең, аярсың ба? Егер менен ұл туып, қызың болса, Бағанағы сертіңнен таярсың ба? – Көңілім сүйген кісіге тас бұлақпын, Сүймес кісім кез болса, қас шұнақпын. Бір айтысқан сертінен ит таяды, Ондай атты күн болса берер-ақпын. Құлағы естіп, сертіне көзі жетті, “Жасың үлкен достымсың, құлдық” депті. Құдіретіне Құдайдың таң қалғандай, Сарыбай иман айтып, өліп кетті. Ит Қарабай жүреді сұмдық бастап, Айтқан сөзін тұрмайды адам қостап. Егіз қодық, маралды теңдеп алып, Бек сөйлескен достысын кетті тастап. Тұра алмады бір сағат сертке жетіп, Сөйлескен құдайшылық естен кетіп. Өліп қалған Сарыбай көңілінде жоқ, Үйіне қайта салды өлеңдетіп. Ақылсыз бай үйіне жөнеледі, Бір маралға қарық болып кенеледі. Шыршыдан елге таман келе жатса, Шаңлатқан бірталай жан кез келеді. –Қарабай шал, қартайған сізді көрдік, Сарыбайдың, қарашы, адамы едік. Ханымы ханымыздың тапты бір ұл, Сейілде көрдіңіз бе? Сәлем бердік! –Бұл сорлылар жоқ істі өнер еткен, Құдай шығар құр босқа тентіреткен. Былшылдамай, бәрің де, үйіңе қайт, Жете алмайсың, Сарыбай марғау кеткен. –Міне қалай бай еді сөзі надан?! Дүниенің қызығын байқамаған. Марғауың неше күндік, неше түндік, Қос-қос атпен ұшыртып барсам соған?! – Ертіс басы Қарадың жерге кетті, Бейне теңіз дейтұғын көлге кетті. Бес жүз киік соқтығып, соны қуып, Тәшкен жолы Бетпақ бар шөлге кетті. Қарабай ақылы жоқ, қайраты мол, Һәр ісі өзгеге теріс, өзіне жол. Қарабайдың ұға алмай айтқан сөзін, Дел-сал болып алтауы қайтқаны сол. Онан да әрі еліне жөнеліпті, “Алтауын алдадым” деп кенеліпті. Алдынан тосып жүрген сақау қатын Қарабайға бір жерде кез келіпті. –Қайнаға-ау, сізді іздеп ем, кез келесіз, Елді ескермей күнде аңға жөнелесіз. Көрдіңіз қартайғанда сіз бір перзент, Сүйініші сұрай келдім, не бересіз? –Баланы сен беріп пе ең маған сүйер? Тон берсем алар едің топқа киер. Былшылдамай, сақауым, жөніңе кет, Сегіз өрме, бұзау тіс қамшым тиер. – Жас иіс көрмегеннен талай зарлық, Тартып ең, ұмыт болды, нағылалық? Ат бер деп, алтын бер деп тұрғаным жоқ, Бір шапанға қылдың да мұнша тарлық? Хан Қарабай келеді күн-түн қатып, Егіз қодық, маралды қабат атып. Сегіз өрме, бұзау тіс, ала мойнақ Сақау күңді кетіпті тарсылдатып. Сол сақау дуадақтай жорғалайды, Бастың қаны мойнына сорғалайды. Бар екен жар басында жарты-ай лашық, Қамшыдан қашып барып қорғалайды. – Бір басымды жүремін санға балай, Жеті атамнан бақ берген Алла Тағалай. Өз тіліңнен, сақауым, жаза таптың, Дәл енеңді ұрайын, мұным қалай? Қарабайдың мұнысын не сөз дерсің? Кінә аудармай сабады, Тәңірім көрсін. Қуанышына қамшы екен сүйіншісі, [О дүниеде] жазаңды Құдай берсін. Көрмессің Қарабайдай бейілі тарды, Балдырғанды ауылға түсте барды. Бейілі антұрғанның сонда кеңіп, Бір сарттан жиырмалап шапан алды. Есер етсе Тәңірі етті Қарабайды, Һеш қылығы тірі адамға ұнамайды. Ол алғашқы аптыққан алқынымен, Түзде қылған бар сертін елге жайды. Досын тастап кеткеннен ұялмайды, “Құдама бата етем” деп қарбаңдайды. Тосқан саба толтырып, жұртын ертіп, Барудан басқа ақыл таба алмайды. Ауылына Сарыбайдың жақын кепті, – Осы жерде сендер тұра тұршы, – депті. Өзім барып бір көріп келейін, – деп, Ауылға жалғыз өзі жүріп кетті. Жөнелді бір қылықты және бастап, Солай қыл демесе де ешкім қостап. Иесіз ақ ордаға кіріп барды, Белдеуге Бақа айғырын іле тастап. Алтынды ақ ордаға кіріп кепті, Сән-сайманы өзгеше екен тіпті. Жан-жағына қаранып жалтаң-жалтаң, Өз-өзінен антұрған шошып кетті. Жөргектегі баланың бетін ашты, Ай жүзін көре сала жаман састы. “Мені жұтар жалмауыз туыпты” деп, Тантық шал Бақа айғырға міне қашты. Бағаналы жұртына жетіп келді, –Барғайсың қайта ауылға бәрің, – деді. Тоқсан саба бір сайға жарып тастап, Түйелерін желдіртіп ит жөнелді. Тайлақ та сол ауылға келген екен, Анадайдан бәрін де көрген екен. Ханым айтты Тайлаққа, көріп соны: –Байқадың ба, патшаңыз өлген екен. –Ақ орда алтындаған тіккен үйім, Болмас-ты бұрынғыдай менің күйім. Аңға шыққан жөнімен жұртты жиып, Сүйегін іздеу керек, Тайлақ биім. Хабар кетті жұртына “жиылсын” деп, Есепсіз ел тоқталмай жиылды көп. Халқына қасиетті бір хан еді, Бәрі шошып жылап жүр уайым жеп. Сол жерде дәл он бір мың кісі келді, Тайлақ та “қайтеміз” деп аз бөгелді. Он бір жыршы, ханым мен Тайлақ та бар, Шеру тартып Шыршыға ел жөнелді. Бір өлген жан кез болып жыршыларға, Кім екенін біле алмай шошиды енді. [Тазша]: –Аң-таң қалма, ағалар, бәрің надан, Һеш нәрсе өнбес құр босқа қамалғаннан. Шыққыр көзім шықпаса, мен таныдым, Осы жатқан алдыңда – Сарыбай хан. –Сен кәпірдің қылғаның бәрі шала, Ту жығылса болдық қой қас масқара. Жұрт ұстаған жақсыға жора қылдың, Ұяңменен өртеңгір, тазша бала. – Білемін мен, сендердің біліуің тар, Алды-артын байқамай-ақ айтасыңдар, Белгісі сол емес пе, бейшаралар, Қас алтыннан қолында жүзігі бар. Астан-кестен шапқылап бәрі келді, Қара қалмақ секілді іштен бүлді. Жалғыз-ақ сонда ханым есіткен жоқ, Басы Тайлақ болды да, бәрі білді. Батыр Тайлақ әр істі ойға алады, Жұрт таба алмай мәнісін қамалады. – Ханымға есіттерге, ей, жыршылар Талапкер іштеріңнен кім барады?! Бағанағы тазша айтты: – Ей, Тайлақ ер! Елімдегі биімсің сен кемеңгер. Есіттіре ханымға мен барайын, Рұқсат болса сізден, батаңды бер! – Жолың болсын бара ғой, балам, – депті, Қотыр ала тайменен тазша кетті. Бір жерде қырық жолдасымен ханым жүрсе, Алдынан қарама-қарсы кездей кепті. –Тоты құсым, сұңқарым, сізді көрдім, Саяңда мен бір жүрген адам едім. Мен түсімнен шошыдым бүгінгі күн, Жорытқалы әдейі сізге келдім. –Бөтен емес, бұл тазша біздерге өз, Есің шығар, байғұсым, бір болған кез. Басын сегіз, аяғын қылма сексен, Тез айтшы, шошығаның немене сөз?! –Жаратқан бұл жаһанды Тәңірім күшті, Қызығы сұм жалғанның енді екіұшты. Шошыған менің түсім, даныспаным, Сәлдем ұшып басымнан жерге түсті. –Құдайы құрбандыққа қой соярсың, Берсе Тәңірің мал басқа бір тоярсың. Сенің сәлдең басыңнан жерге түссе, Қаза қылмай намазға бас қоярсың. –Ханым-ай, олай болса онан өттім, Бір шошыған түсіме жаңа жеттім. Қолымнан ешбір адам ұстай алмай, Түпсіз терең түсімде суға кеттім. –Жапанда жалғыз тазша кез келеді, Шошыса да байғұсым жөн көреді. Түпсіз терең түсіңде суға кетсең, Есепсіз Құдай қалың мал береді. –Ойласам бұл ханымның ақылы асты, Қарашыңыз дәл, міне, енді састы. Мен шошымай қайтейін, тақсыр ханым, Жібек баулы қолымнан сұңқар қашты. –Жамандық сөз сөйлеме һеш шағыңда Уы бар кей адамның тіл-жағында. Қолыңнан жібек баулы сұңқар ұшса, Болғаны халық орында, хан тағында. Болып ең әлдеқалай, сен, маған кез, Әдеппен айт, білімсіз қылықтан без. Мен сенің қалжыңдасар кісің емес, Айтарың найзаласып немене сөз?! Аңға шыққан Сарыекем Таңертеңгі салқында. Мінсіз туған жан еді, Өне бойы қалпында. Келімсек төре хан болған Балталының халқында. Өрісі толып малына, Қазынасы толған алтынға. Жер жүзіне жеткізген Мырзалық, ерлік, даңқын да. Білуші еді өзгеше Һәр ақылдың шартын да. Иманы жолдас болғай-ақ Сарыекем сынды марқұмға. Тауфиқты ғұмыр бергей-ақ, Қозыжанға артында. Сарыекеме белгілі еді Әр істің ақыл, парқы да. Күн көреді сүйеніп Сіздей жүзі жарқынға. Тәңірі ісіне тоқтау жоқ, Жетпесті қуып алқынба. Хан орнына хандық қыл, Кешегі билеп жүрген шарқыңда. – Сарыбай хан өлді ме, жұртым көрсін, Жыламан, патша Құдай иман берсін. Әлемнен хан Сарыбай өткен болса, Иншалла, тәубе Тәңірім, артын берсін. [Тазша]: Көздің [жасы] татымас Сарыекемнің дертіне. Сабырдан басқа дауа жоқ Іштегі қайғы өртіне. Бассыз қалған байғұс ел Кір жұқты көңіл-көркіне. Көргеннен соң босарсың, Нәпсің қоймас еркіңе. Қайраттанып осы жерден, Ақыл тоқтат беркіне. Сүйегіңе мін болар, Жетпей кетсең сертіңе. [Ханым]: – Сен, тазша, жылайды деп көңіліңе алма, Алып жүр сүйегіне, енді айланба. Сүйекті [құр] босатпақ білімсіздік, Өлікке жыламақта пайда бар ма? Ханымға тазша есірттірді жеке барып, Жұрт сілтідей тынады қайран қалып. Қасына ханымды ертіп келген алып. Егіл-тегіл еңсеген сүйегіне, Ал сонда ханым келді, жұрты көрді, Ұрғашыда көрмессің мұндай ерді. Ақылынан шатаспай, һешбір саспай, Жұртына ақыл қылып қайрат берді. – Жылама, батыр Тайлақ, сен де өлерсің, Ажал келсе тоқтамай жөнелерсің. Сауапшылық болардай іс ойлаңдар, Имандың махшар күні кез келерсің. Жұртым-ай, бұл жылаған мінезді қой! Өлік шықса, тіріге болмай ма той? Жылағанмен бір нәрсе өндірсеңдер, Жылап-жылап тірілтіп әпкеле ғой. Ер Тайлақ, олай тұрма, сен бермен жүр! Аулаққа алып шығып ойлатты түр. – Осы жерге қою керек алып жүрмей, Елге шаптыр, жабдық пен үй әпкелтір. Ілезге болмай керектің бәрі келді, Дайын болды, халайық көзі көрді. “Зиарат қып бір күмбезді жасаймыз” деп, Жұрт ұйғарып сол жерге қояды енді. Он бір мың жаназаға жиылған жан, Бәрін де тартуменен жөнелтеді. Әлеумет, бұл жиылған халықты көрдім, Мен бір түрлі жаралған адам едім. Ас беріп, ат шаптырсаң өз заңыңша, Билігін, батыр Тайлақ, саған бердім. Қай кісі ер Тайлаққа теңеледі, Жиылған топ, әлеумет, көп ел еді. Билігін батыр Тайлақ алғаннан соң, Сол жерде сауын айтып жөнеледі. – Тыңлаңдар, міне, жырын, ал, жаранлар! Бай мақтанын асырмақ, ол істі аңғар. Өтірік айтса обалы ақындарға, Басқы аттың бес жүз жылқы бәйгесі бар. Ал, сонда Тайлақ айтты: – Ой ойлаңыз, Елде тентек-тебізді һеш қоймаңыз. Даусыз болып, ал, келсін аттарыңыз, Һәр рудан бір кісі ат айдаңыз. Мұсылман Аққа жуық мойын бұрсын, Жанжал, қулық қылғанды Құдай ұрсын. Қара Еңестен атты айдап жібертіңіз, Үстінде Ақкезеңнің көмбе тұрсын. Байлығын Сарыбайдың жұрты көрді, Сонша алысқа атты айдап жіберді енді. Алдында бес жүз аттың бір шақырым, Өз үйінің Телқызыл аты келді. Һеш адамнан жамандық, жанжал шықпай, Жиынын тып-тыныш қып жөнелтеді. –Мінезі Қарабайдың жаннан бөлек, Серттерін жұрт есітті дөп-дөңгелек. Тайса өзі Құдайға шет боп кетсін, Тайлақ-ай, бір сөйлесе барсаң керек. –Ханым-ай, Қарабайың құрып қалсын, Келуге жарамаған Құдай алсын. Мен барсам тек келмеспін ол итіңмен, Жалғыз ұлым Таркеніш бала барсын. Ханым да Тайлақ сөзін мақұл депті, “Барсын” деп жалғызына жарлық етті. Қасына он бір жігіт ертіп алып, Ер Кеніш Қарабайға жүріп кетті. – Хан Қарабай, ақсақал, сәлем бердік, Біз биыл құдіретпен не көрмедік? Кешегі Сарыекемнің заманында, Қайғысыз, уайымсыз жүруші едік. Құдағиың жіберді, құрбың Тайлақ, Алдыңа бір сәлеммен келіп едік. –Былшылдама, сендерге тіпті ермеймін, Ұмыт болған сөзді қой, мен көрмеймін. Сен антұрған он [екің] үйіңе қайт, Жетім ұлға құда боп, қыз бермеймін! –Қареке-ау, қалжың қылып арбаймысың, Тәңіріңді бір жаратқан алдаймысың? Құдай десіп, ант еткен серттен тайып, Тегінде ақыретке бармаймысың? Тәңірі алдында уәдеңді сұрағанда, Сол жерде қара жүзді болмаймысың? –Мына сөзге мен тұрмын аң-таң қалып, Қалыңмалын қойып ем қашан алып? Жөн қайт десең, былшылдап сөйлей берсең, Бәріңнің де кетермін басың жарып. –Орның жоқ дүние үшін дінің сатар, Кінәң жоқ серттен тайып, атын атар. Бұл ақылдан қайтпасаң, шал Қарабай, Осы тәнің дозақтың дәмін татар. “Бетін топырақ басты” деп серттен тайдың, Орның келді жаһаннамда күйіп жатар. Шыдамады Қарабай, ашуланды, Арбаң-құрбаң Аққайың мініп алды. Сегіз өрме, бұзау тіс қолына алып, Тарсылдатып бәрінің басын жарды. Қайтеміз, Қарабайдың қылығы сол, Осынысы өзіне болған соң жол. Бір тау тесіп мойынға ілсе дағы, Он бір аға үндемей қайтатын жол. – Барсын деп бізге, ханым, қылдың жарлық, Мен көрген жан емес-ем қорлық-зарлық. Мінезін Қарабайдың біле тұра, Нәлет, кәпір құдаңа кеше бардық. Бір көңілің қалмасын деп барып едік. Қызыл тақия сый-сияпат киіп алдық. – Ол кетер, бұл араны қылмас мекен, Кетсе кәпір біржола-ақ кетсе екен. Жалғыз-ақ қорқынышым Қозы ер жетсе, Һешкім соны сөз қылып айтпаса екен. Жұртына батыр Тайлақ тыю қылды, Сол итті не қылсын жұрт кәпір сынды. Һешбір адам сөз қылып айтпаған соң, Аты өшкірдің аты әбден ұмытылды. Кел, жігіттер, бұл сөзді тербетелік, Айтпақ болдық, енді іркіп біз не етелік? Қозы Көрпеш ханыммен жата тұрсын, Жөнелтіп Қарабайды әпкетелік. – Қатын-ау, менің айтқан сөзіме ерші, Ойланып айтқан сөзді мақұл көрші. Ауылынан Сарыбайдың тынышым кетті, Кел, ауамын, үйімді жығып берші! –Байғұс-ау, қандай адам серттен таяр, Уәдесізді деп пе едің Тәңірім аяр? Тоқсан мыңды, бұл елді тентіретпе, Мұндай байтақ қай жерде орның даяр?! –Мұныңа ермен, өзгеңе ерсем дағы, Қара басым жамандық көрсем дағы. Балталымен қоныстас һеш болмаймын, Тоқсан мыңды мен жауға берсем дағы. –Қайтейін бұл сөзіңді шайтан бұрған, Шайтан бұрған кісіні Құдай ұрған. Бұл басымды мойнымнан кессең дағы, Жерімнен осы отырған өлсем тұрман. Белгілі ерімейтін іштің мұзы, Қатынына батпады қылған сызы. Үйді жығып артуды білмей тұрса, Түсті есіне асыранды екі қызы. Келді де қыздарына айтты майда: – Ай, Таңсық – менің екі қызым қайда? Қақбас шешең тілімді тіпті алмайды, Пайдаңды тигізе көр осындайда. Сөзінен ызыңдаған қыздар өлді, Амалсыз шақырған соң келіп еді. Жылап жүріп үйінің бауын шешіп, Талқан қылып, түйеге артып берді. – Мен анаң, сендер қызым, тіліме ерші, Мына антұрған кәрі иттің ісін көрші! Құдай қосқан жарынан тірі айырылған, Сұмырай қызды алдыма алып берші. Қайран балам, күңменен тең боларсың, Қайран малым, қандайға жем боларсың?! Обалдарың әкеңді жібермесін, Үш сорлым, қандай жерде кем боларсың?! Қарабай тоқсан мыңмен өрге салды, Жылқыдан Аққайыңды мініп алды. Бақа айғырды жетелеп жөнелгенде, Қотыр ақсақ жабағы, тай қалмады. Тау мен тас , жер мен суға қоштасқалы, Ай мен Таңсық көшінен тұрып қалды. [Ай, Таңсықтың елімен, жерімен қоштасуы]: – Балталы мен Сақалы ел, аман бол, Балдырғанды бақалы көл, аман бол! Шығушы ем күн ыстықта самалыңа, Қарағай бөренелі жер, аман бол! Теруші ем еріккенде ермегіме, Екпе жиде-жемістер, сен аман бол! Анамнан мен шыр етіп туған жерім, Белімді мен қыз болып буған жерім. Қай жеріңде кемтігің қалды енді! деп, Қара құрттай толықсып толған жерім. Сегіз сай тау біткенде сала, аман бол Қалған жұрттың, халайық, шалы, аман бол! Ақылы жоқ қайын атаң қашты сенен, Жөргекте Қозы Көрпеш бала, аман бол! Өзен, өлке, жотамен төбе, аман бол, Игі жақсы, Тайлақ би, көп, аман бол! Изенді, бетегелі, мық жусанды, Ақ көде малға шүйгін шөп, аман бол! Жасы кіші іні мен аға, аман бол, Іребдел өңкей мырза жаға, аман бол! Қайын атаң Қарабай қашты өрге, Қозы Көрпеш шешеңмен, тағы аман бол! “Байлығын Балталының көрмеймін деп, Тіліне Тайлақ бидің ермеймін” деп. Дінсіз шал, ақылы жоқ, өрге қашты, “Қызымды жетім ұлға бермеймін” деп. Атадан асыл туып, оқ жонар ма, Бойына ақыл, қайрат, күш толар ма. Қозы Көрпеш жігіт боп іздеп келіп, Иілісіп бір тұрар күн болар ма? Қарабай, Тәңірі алсын, малын соймас, О дағы дамыл көріп дәмге тоймас. Құдайым тағдырында қосқан болса, Қайда барсаң, онда бар, сені қоймас. Үйіне Құдай сүйген Қыдыр қонар, Ер әулие қолтықтап демеу болар. Бір күнде сапар қылып бізді іздесең, Тоқсан мыңның осы ізі соқпақ болар. Балталы, Сақалының халқы, аман бол, Қозы Көрпеш атадан жалқы, аман бол! Жеңге, шеше, келіншек, құрбы- құрдас, Жамағат, бізді ойлаған жалпы, аман бол! Барады Қарабайдың ызасы өтіп, Қыздар салды жорғасын сонда еңіретіп. Таңертең тұрып қалған сол екі қыз, Екіндіде көшіне келді жетіп. Жөнелді сол екі қыз белін буып, Тым көрім сұлулығы айдай туып. Артынан көштің әрең қуып жетті, Көздің жасы атының жалын жуып. Тыныштық жоқ Қарабайда көзі терлеп, Жүре алмай өзге жақпен малы кернеп. Дамыл жоқ та, тыным жоқ, көше берді, Шұбатып елін, малын Ертіс өрлеп. Қарабай тоқталмады арам терлі, Көше-көше тауысты талай жерді. Бір тоқталмай Ертісті өрлей беріп, Үліңгір судың басы – көлге келді. Талай жерге ол көшіп барып қалды, Барғанменен барқадар таба алмады. Көл Қарасу бойына онан барып, Құм жағалап қайқайып қайта салды. Алатаудың ол үркіп ар жағымен, Іле басы Құлжаға және барды. Және көшер бастаса мал тойына, Сірә, тоқтау келмейді еш ойына. Іледен тау жағалап Шыршық барып, Одан көшіп барады Сыр бойына. Аз ғана Сыр бойында дамыл етті, Бір күні ол қаңғырып Қоқан кетті. Тоқсан атқа бір белбеу сатып алып, “Не қыласың?” дегенге “Шұлғау”, – депті. Көшеді қысы-жазы дамыл бермей, Біраз ел қала алмады бұған ермей. Сарыарқаны сағынып қайта көшті Тізерлі елдің ішінде тыныштық көрмей. Көрмейсің Қарабайдан жарыместі, Аз-аулақ өзінен де қатыны есті. Қырық күн шілігір ыстықта қарсы көшіп, Бетпақтың сары даласы келіп түсті. – Терісінен салқын соқса самал болар, Мұнан артық не қиын қамал болар. Құлын-тайым қырылып шөлдеді ғой, Ойбай, қатын, ойлап көр, не амал болар? –Немене деп айтайын бұл сөзіңе, Құдай беріп қойды ғой мінезіңе. Су аяғы Құрдымнан қашып едің, Қырылмақтан жойылсын, аз-ды өзіңе! –Сөйлеме, ойбай, қатын, сөзіңе ермен, Олай деген ығыңа жүре бермен. Балталыңды, ұрайын, Сақалыңмен, Жалғыз тайым қалса да, өлсем көрмен! Көрмейсің Қарабайдай бейілі тарды. Қайта көшіп Шуға ол әрең барды. Жып-жылы Шудың суы амалы жоқ, Көше алмай бос қамалып жатып алды. “Қызы сұлу Арқадан бай қашты” деп, Торғауыттан бедеумен Қодар салды. Қодар да ойланып жүр һәрбір кепті, Ала бедеу байталын сонда еңіретті. Сұрай-сұрай һәркімнен, қуып жүріп, Шу бойында қамалған байға жетті. – Әрі-бері бара алмай бос қамалып, Шөлдеткен құлын-тайын кімсің? – депті. – Көңілімді мен ешкімге баламаймын, Кісінің керегіне жарамаймын. Құрдымнан су аяғы қашып едім, Құдай Тағалам қаңғытқан Қарабаймын. Қарабай хан, іздеп еш кез келесің, Қодар батыр мен едім сен көресің. Бетпақтан мен шөлдетпей өткізер ем, Ханеке, ақысына не бересің? – Балам-ау, сен іздесең кез келейін, Құдайым сені берді, неге өлейін? Малымды шөліктірмей сен өткізсең, Қалымалсыз, боршысыз қыз берейін. – Қыз берсең, сен – атасың, мен – баламын, Не қылып тең құрбымнан кем қаламын? Олай-бұлай қызыңның керегі жоқ, Жалғыз қызың Баянды мен аламын. Уәде қылып, серт қылсаң, сенсем екен, Сенген соң не айтсаң да, ерсем екен. Олай-бұлай қызыңды тіпті алмаймын, Әлпештеген Баянды берсең екен. – Қырылды-ау, жас құлыным тамам, Қодар, Бере көр бір су тауып маған, Қодар. Шөлдетпей бұл Бетпақтан сен өткізсең, Берейін ақ Баянды саған, Қодар. –Қареке, бұл лепесің жақсы кеп-ті, Асығыс жауап айтпақ сіздерге епті. Бейнеттеніп Бетпақтан өткізермін, Дер күніне іс келісе, алдап кетпе! –Қодар сұм сүймегенге жұмыр-ақпын, Құдай білер, бұл іске көнер-ақпын. Қыз Баянның билеуші әкесі мен, Серттен қайтпан, шырағым, берер-ақпын. – Қареке, енді артымнан тез келе көр, Құдая, қуатыма дем бере көр. Темір күрек, екі үлкен кетпенменен Және сегіз көшіңнен мес бере көр. Сөзімді менің айтқан біле бер, – деп, Атыңа енді отырма міне бер, – деп. Ізін сызып Қодекең жөнеледі, Менің осы жөніммен жүре бер, – деп. – Байталым, аяңдай көр, бүгін ел жоқ, Бұл жерде Аягөздей мөлдір сел жоқ. Бүгінгі айтқан сертке жете алмасам, Сірә, маған Баяндай бұраң бел жоқ. Болдырмайды антұрған Қодар жасып, Һәр жерден жүз кісілік құдық аршып. Су шыққаннан су шығар құдығының, Суы жоғын толтырар меспен тасып. Сол кезде [барлық] жаннан Қодар асып, Қайраты денесіне құп жарасып. Шауып жүріп аянбай қимылдайды, Бедеуіне аямай қамшы басып. Түніменен құдық аршыр түске шейін, Сондай құдық жасайды беске шейін. Кейінің өз суы бар, кейінде жоқ, Меспен тасып толтырар кешке шейін. Әйтеуір жаннан бөлек қайрат етті, Уәде қылған сертіне анық жетті. Жанды аямай қимылдап айла тауып, Не қылса да Бетпақтан алып өтті. Аяқ жерде байталы болдырған соң, Жаяу жүріп тартады көп бейнетті. Жаяу жүріп табаны шыдасын ба? Етік қажап аяғы қанап кетті... [Қодардың жолда айтқан өлеңі] – Алыс болса ауылды жуытармын, Байталды біржолата суытармын. Қанасаң да, аяғым, қарамаймын, Баянжанды көрген соң ұмытармын. Уәдесі Қарабайдың жалған ба екен? Суын алып мырзасы барған ба екен. Аяғымды қанатып мен келемін, Белден төсек белгілеп салған ба екен? Өзен-суды Қодекең бұрған шығар, Жалғаншыны Құдайым ұрған шығар. Қанасаң да, аяғым, қарамаймын, “Күйеу қашан келед” деп тұрған шығар. Жылқысы суға қанды, тойып алды, Қодардың әр нәрседе ойы бар-ды. Қайтіп күйеу болады ол антұрған, Бес кез жарым өзінің бойы бар-ды! Әйтеуір, тоқсан мыңды суарды тез, Ақылы жоқ, ойы жоқ Қодардан без. Қайтіп күйеу болады ол антұрған, Жауырынының жалпағы бір жарым кез! Тал шыбықтай бойы бар ол Баян қыз, Жан таңқалған өзгеше жұртқа аян қыз. Өзінің бойыменен бір ісі жоқ, Содан дәме қылады Қодар арсыз. Сол күндегі жандардан Қодар мықты, Өзгеше бір көрсетті палуандықты. Қайратты жанға өлшеусіз қылып-қылып, Әйтеуір сол Бетпақтан алып шықты. Қодар айтты: – Қарабай, құлағың сал, Менің осы сөзімді жақсы ұғып ал. Жетісуға бір жетсең тау бөктерлеп, Һешқашан қауға тартып, шөлдемес мал. Арғы шеті Аягөз, Лепсі, Ұржар, Тоқсан мыңға лайық жақсы жер бар. Қарекең Бақа айғырға мініп алды, Қодарға “өзің біл” деп ақыл салды. Көшіп келіп әлгі айтқан жерлеріне, Мекендеп, жайлап, қыстап жатып алды. Қарабай, хан Сарыбай мерген екен, Сарыбай күні бітіп өлген екен. Он үш жыл болған екен бұл ауғалы, Баян Сұлу он төртке келген екен. Тал шыбықтай бұралған ол бір керім, Мінеки, өңін айтар келді жерім. Беті аппақ, ұшы қызыл, қара көзді, Қиғаш қара қасы бар сондай көрім. Аппақ керік маңдайлы, қолаң шашты, Шашының ұзындығы ізін басты. Аузы гүлдің басындай, тісі – меруерт, Мұндай сұлу жаһанда жаралмас-ты. Тоты құстай жүрісті, қылығы – наз, Малың түгіл басыңды берсең де аз. Сыртынан күлімсіреп сөйлеседі, Көңілі – қораз, менсінбес жанмен араз. Дуасы бар кісідей дидарында, Тік қарап жақын келмес Қодарың да. Жасынан есітетұғын, сырттан асық, Есі-дерті, ынтасы өз жарында. Жұрт айтатын темірлі күймесі бар, Қозы Көрпеш дегенде дүниесі тар. Анда-санда болмаса көрінбейді, Жалғыз жатып жары үшін болады зар. Қозының алал жары арнап соққан, Қодарды кісі дейме елі қорыққан. Көңілінде қозы Көрпеш тұрған шақта, Қодар түгіл қорықпайды жанған оттан. Қас асыл бойы-шетен, қайқы кірпік, Жақаурап Қодар келсе өйтіп-бүйтіп. Қара көзін қан басып қарағанда, Маңына жуымайды Қодар үркіп. Көңілінде ашық жары Қозыбекем, Тәңірінің жарлығы екі бола ма екен? Тантық құлды маңына жуытқызбай, Қорқытып қойған оны Құдайекем. Баянды сұлу қылса Тәңірім қылған, Атағы мен даңқына дүние толған. Тоқсан байдың жалғызы тоқсан сері, Сыртынан көзі көрмей асық болған. Тоқсаны асықтықпен елден безген, Құмарлығы күшті боп ақылын жеңген. Тоқсан жолдың аяғы бір жол болып, Тәңірі айдап жапан түзде кездей келген. Болмайды тоқсанының бейілі тары, Бірінен бірі артық қайраттары. Бір өзінің күші бар он кісілік, Нұрқара би баласы – Көсемсары. Елінен іздеп шыққан тоқсан бала, Тоқсанының ақылы тоқсан сала. Жүз кісілік өзінің қайраты бар, Қаратоқа баласы – Бұланқара. Әр елден іздеп шыққан тоқсан ері, Һәрбірі жанға өлшеусіз көңілдері. Қайсы бірін айтайын осалы жоқ, Аяғы бес кісілік өңкей сері. Тоқсаны жапан түзде бек сөйлесті, Қайғысын қыз Баянның көп сөйлесті. “Бірімізді біріміз күндемелік, Сыналық бағымызды” деп сөйлесті. Тазы тау, Тарбағатай белге келді, Қатын суы жайтөбе жерге келді. Басына Ақшәулінің шығып тұрып, Аягөздің бойынан елді көрді. Сол шақта жалғыз жүрген Қодар мықты, Байқарсың аяғында кімді жықты? “Ел шетіне жау келді” деді дағы, Айқайлап Байқа айғырмен жалғыз шықты. Сол күнде тамам жаннан Қодар асты, Сескенбей тоқсанменен араласты. Ықты-жөнді білетін Қодарың ба, Тау соққандай сол жерде майдандасты. Әрі-бері тоқсанмен ұрыс қылса, Біреуі беттемеді, бәрі қашты. Қодарды батыр қылса Құдай қылды, Астында Бақа айғыры судай желді. Әрі-бері тоқсанмен соғысқанда, Біреуін-біреуіне шоқпар қылды. Қодардайын көрмессің бейілі тарды, Үш құлаш темір шоқпар қолда бар-ды. Бәрін де батыр Қодар жеңіп алып, Сары азу жалшы қылып малға салды. Күймедегі Баянды бір көрген жоқ, “Бұқа – буға” дейтұғын сонан қалды. Қарабайдың тоқсан бір құлы болып, Мал жайып иен суда жатып алды. Енді тоқта, қызықты біз көрелік, Ұмытпасқа айналып бір келелік. Қодар, тоқсан, Қарабай жата тұрсын, Балталыдан бір жігіт әпкелелік. Осындай болса керек ердің ері, Міне, бір тыңдайтұғын келді жері. Намыс үшін елінен іздеп шықты, Тайлақтың кенже інісі – Айбас сері. “Күшімді мың мен санға теңеймін деп, Бір санды садағыммен бөгеймін” деп. Айбас сері елінен іздеп шықты, “Сұраса қозы Көрпеш, не деймін?!” деп. “Көңілім қай жекжатқа сенейін деп, Не қылып тағдыр жетпей өлейін” деп. Айбас сері елінен іздеп шықты, “Дұшпанға неге намыс берейін” деп. Қараңыз сонда Айбастың қылған ісін, Аямай қайраты мен бойда күшін. Туысқаны-туғаны, жақыны емес, Іздейді жетім ұлдың хақысы үшін. Ер Айбас ойланды да сол ниетті, Талаптанып өзгеше қайрат етті. Құр айыл, құр құйысқан тағып алып, Тұлпармен Көктай деген іздеп кетті. Тайкөкпен батыр Айбас өрге салды, Ізімен тоқсан мыңның кетіп қалды. Қаңғырған сары ізімен жүре-жүре, Белгілеп адаспастай болып алды. Тайкөкпен кейде шапты, кейде желді, Қыдырды сергелдеңмен талай елді. Аз жүрді, көп жүрді ме Құдай білер, Аяғы Жетісуға о да келді. Һеш адамнан кем емес, Айбас мықты, Болдыруды білмейді Көктай тіпті. “Мөлшері жұрттың айтқан болды ғой” деп, Жүгіртіп бір биікке келіп шықты. Қаңғырды батыр Айбас талай жерді, Ит Қарабай сенделтті есіл ерді. Сол биіктің басынан қарап тұрып, Отырған Аягөзде елді көрді. – Астында патшалардың алтыннан тақ, Болғай-ақ бұл ісіме бір Тәңірім жақ. Не етейін бұрынғыңды, Тайкөгім-ай, Барыңды бүгінгі күн қарыштап бақ. Жер аулақта үш қызға бір жолықсам, Құдайдан менің сұрар арманым жоқ! Құдайым сол тілеуін қабыл алды, Ел шетіне тал түсте жетіп барды. Жидек теріп өзенде ойнап жүрген Алдынан үш қыз душар бола қалды. Алдынан тұра қалды үш қыз кесе, Ішінде біреуінің түрі өзгеше. Таныды көрген жерден кім екенін, Құмар болып келеді сөйлескенше! Нұрына көзі Айбастың көріп жетті, Тал бойы қорғасындай еріп кетті. “Мынаны кешіктірмей іздеу екен, Жат жерге қайтіп қояр адам?” депті. –Біреудің айтылмас бөлек бағасысың, Кіреуке алтын-ды тон жағасысың. Елдің жөнін сұраймын, шырақтарым, Тоқта үшеуің, қай байдың баласысың? –Ағаеке-ау, асылзада сіз бір ерсіз, Жапан түз, жадағайда кез келгенсіз. Сөйлеспей Қодекеме мұнда келіп, Жүрек жұтқан жанбысыз, не қып жүрсіз? –Жарқыным, сыртың сұлу, болмайды мін, Иманнан қуаттанып ашылар дін. “Қодеке” деп қодитып мақтап тұрған, Ол нәрсең қайдан шыққан, нәсілі кім? –Қорықпас һеш нәрседен Қодар тайып, Есітсе мұныңызды үлкен айып, Қодардың атасы – тау, енесі – жел, Сар далада кез болған ол бір ғайып. –Ендеше, Қодарыңды ойға алармын, Не қылып мен сол иттен кем болармын? Құдайдан демеу болып бұйрық берсе, Астына табанымның бір салармын. –Ағаеке, жақсы айтасыз сөзің майда, Бір пайда тигізе көр осындайда. Қодары жеңіп алып, кек әперер, Алаштан асып туған ер ұл қайда? –Астымда Тайкөгім бар тұлпармен тең, Қодардан қылма қорқыныш маған сенсең. Жерімнен арнап, іздеп шыққан жаным, Құдай қосса, керек-ті оны жеңсем. –Бұл сөзің құлағыма тиді шым-шым, Көңілім жақын тартар сізге тым-тым. Жақындық бізге таман сөз айтасыз, Нәсіл затың, ел-жұртың болар кім-кім? –Ақкезең, Ай, Балталы жерден келдім, Бақалы, балдырғанды көлден келдім. Сарыбайдың жұрты деп естуші ме ең? Балталы мен Сақалы елден келдім. –Ағаеке-ау, бұл бір қызық заман ба екен, Сізге деген жамандық маған ба екен? Су аяғы Құрдымнан келген болсаң, Қой, Қозының, ел-жұрты аман ба екен? –Сіздерге күмән шығар, өзіме аян, Елімнен іздеп шыққан кісім Баян. Қозы Көрпеш падиша халқымызда, Сақалы, Балталы мен елім аман. –Адамға бірдей емес жат пенен өз, Мұндай ер күнде бізге келе ме кез? “Қозы Көрпеш, қыз Баян” деп айтасыз, Апалар, жөнін ұқтыр немене сөз? –Артылмас жасың кіші саған кеңес, Біреуге бұйырғанды біреу жемес. Бір мұңшылық айтамыз әншейін-ақ, Сен тыңдап сұрайтұғын ештеңе емес. –Құлақ кәрі, бой кіші, ақыл дана, Аулыңа Көктайменен келдім жаңа. Апаларың жасырса, мен жасырман, Сөзіңе ара, шырағым, маған қара! Құрдымнан сенің үшін іздеп келдім, Қозы Көрпеш – шын жарың, келін бала. –Әкеміз Қарабай да мерген шығар, Қаңғырып талай жерді көрген шығар. Қозы Көрпеш дегенді біз білмейміз, Қодарға суға сатып берген шығар. –Тайкөкпен дамылым жоқ бір жыл желдім, Сіз үшін жаным құрбан қылып едім. Шыныңмен көңілің жат болса бізден, Азап тартып жерімнен неге келдім? –Тастаңыз жамандықты көңілге алған, Қодар [деп] айтқан сөздің бәрі жалған. Қозы Көрпеш – шын жарым болса менің, Хабары жоқ, аты жоқ қайда қалған? “Тіліне Тайлақ бидің ермеймін деп, Байлығын Балталының көрмеймін” деп. Ақылы жоқ сор әкең өрге қашқан, “Жетім ұлға қызымды бермеймін” деп. – Сәлем де, олай болса, дұғай-дұғай, Біз жүрміз қайғысында жылай-жылай. Байқағалы айтамын, бәрі қалжың, Көкіректе қаяу жоқ, куәм – Құдай! –Ауыздан шыққан лебіз дін емес пе, Қалжың да болса айтқаның күнә емес пе? Ай мен күндей екі асыл жар болған соң, Бойыңды кірлегенің мін емес пе? –Ағаеке, іздеп келген бізді ерсің, Ініңе барсаң сүйдеп айттым дерсің. Сенбегендік қылмаңыз, біз жамандық Қылған болсақ, жазасын Құдай берсін! –Қасыма Баян, Таңсық қыз келесің, Қозының Айбасы едім, сен көресің. Шапшаң барып жолығып, тез қайт деген Ініме сәлемдеме не бересің? –Сәлем де ініңізге, іздеп келсін, Кешіксе, сорлы Баян дегені өлсін. Құр жаным менің қалды, көңілім кетті, Сәлемдемем менің сол – қабыл көрсін. Алтын-ды тон, жүзігім – белгім болсын, Қасына не қосса да апам білсін! –Қосқан соң ақылына екі қызды, Екеуі жыламсырап көңілін бұзды. “Сәлем де ініңе” деп әкеп берді, Жүзік пен тоннан басқа бір тоғызды. –Апаеке, мұны ешкім көрмес пайда, Ойланбай іс қыласыз осындайда. Бір тоғыз сәлемдеме бердіңіз-ақ, Келген адам сый-сияпат жөні қайда? –Мен келдім Көктайменен бір жыл желіп, Көңілімді сіздер үшін Аққа беріп, Өз басыма сабақты жіп алмаймын, Көңілім тойды, шырағым, сізді көріп. –Құдая, сапарына дем бере көр, Ағаеке, жылдамырақ жөнеле көр. Жатамыз Аягөзде жайлап, қыстап, Ініңді кешіктірмей әпкеле көр! –Шырақтарым, сөздерің тым-ақ майда, Білінбей кім кетеді осындайда. Әдейі кеп ұрыспай қайтамын ба, Қодар, тоқсан дейтұғын антың қайда? –Әзір Қодар кісіге сөз бермейді, Сіздейдің бір жүзіне бөгелмейді. Ініңізбен екеуіңіз екеулеңіз, Кәпірдің қайраты мол, бой бермейді. –Көктаймен батыр Айбас төмен салсын, Тәңірі берсе атағы халыққа барсын. Көзіме көрсет тағы қоя берші, Құлыңнан таяқ жесем, Құдай алсын. –Кәпір Қодар ол бір дәу, кім таласар, Нұсқасын көргеннен соң жаның сасар. Кері көрінбей қайтыңыз, тілді алыңыз, Кетпестей сүйегіңе таңба басар. –Сөзіңнің, бәлі, бала, бұзығына, Тәңірінің тоқтау болмас сызығына. Бізге өлшеусіз құлыңды мақтай берме, Көрсет тағы, қарап тұр қызығыма. Сол кәпір бұл сөзіңнің бәрін білген, Жылқыда тоқсанменен ойнап күлген. Үш құлаш темір шоқпар қолында бар, Жылқыда Байқа айғырмен Қодар жүрген. “Көңіліміз қай жекжатқа сенелік деп, Тілеуін мұның да бір тілелік” деп. Ай мен Таңсық, Баян қыз ере келді, “Қызығын екі алыптың көрелік” деп. –Мен – Айбас, сен – Қодарсың, сізді көрдік, Сөзіңнен тоңыраңдаған тамам өлдік. Сізді білмей, ауылға ағат өтіп, Жарлығың қандай еді, жаңа келдік? Айбас келіп Қодарды сөзден шалды, Қодар қолға шоқпарын жұлып алды. Үш қызға мақтанды да келеңсіз құл, Келістіріп Айбасты салып қалды. Айбас та жауырынынан ұстап алды, Өңгеріп ап алдына қойдай салды. Салақтатып, жортақтап желіп кетсе, Көктайы көтере алмай жата қалды. Сол күнде тұрғысында Айбас мықты, Екеуінің аты орғып дөңге шықты. Екеуі түрегеле алысқанда, Келістіріп Қодарды тағы жықты. Астында жатып Қодар ақырады, Күндей болып күркіреп, бақырады. Шыдамай ер Айбастың тізесіне, “Біздің тоқсан қайда?” деп шақырады. Бұрқырап өңкей сері келіп жетті, Япырым-ау, солар неден үміт етті? “Қодекемді бас салып жатқан кім?” деп, Тоқсаны бәрі бір-бір салып өтті. Бәрінің де сойылын жұлып алып, Көктайға міне қашып Айбас кетті. Байқа айғырмен артынан Қодар жетсе, Ұрып жығып, серейтіп және кетті. –Құба жон жығылғаның бет-ті, – дейді, Құдайға қылмысты құл шет-ті дейді. Сіз не қылып жатырсыз, ер Қодаеке? Дұшпаның қашып сенің кетті, – дейді. –Бұл тоқсан дәулетімде киім киді, Кетірді жалғыз кісі біздің күйді. Бір суырдың ініне ат сүрініп, Ақ жартасқа бұл басым жаман тиді. Қас қарайып барады, көз байланып, Қууға тұрсыңдар ма оңтайланып? Қуып барып, олжа қып, әпкеліңдер, Қуа алмаймын, басым тұр шыр айналып. Батыр қылса Айбасты Құдай қылып, Ден қойды қайратына бәрі көріп. Нені қусын Айбастан үміт етіп? Басы Қодар үйіліп қалды тұрып. Ер Айбас қайрат қылды, бәрін жеңді, Үш қыз да қиратқанын көзі көрді. “Бір тілдесіп қыздарға кетейін” деп, Орғытып Көктаймен тағы келді. –Қорықпаңдар, түк қылмайды, мұндай жандар. Сөзіме менің айтқан сіз наныңдар. Құдайлықты сенсеңдер, менің інім Қайраты менікіндей үш есе бар. Қай адам ер Айбасқа теңеледі, Үш қыз да қызығына кенеледі. Қойға қасқыр шақпандай бөріктіріп, Амандасып, секіртіп жөнеледі. Іс қылды батыр Айбас бойлай-бойлай, Қиратып қырды, жойды ерікке қоймай. “Болысар бізге жан да бар екен” деп, Күймеге Баян кетті ойнай-ойнай. Бір торы Айбас кетті бедеуменен, Бойына Алла берген демеуменен, “Жолда керек бола ма қайтеді” деп, Қамшы-жамшы, балға алған егеуменен. Көктаймен батыр Айбас төмен шапты, Тамам жолдың мәнісін оймен тапты. Қыздың берген белбеуі түсіп қалып, “Қызыл белбеу – құба жон” қоя сапты. Ер Айбас тоқтамады тағы шапты, Тамам жолдың мәнісін оймен тапты. Бір суытқан айғыры шығып кетіп, “Шұбарайғыр жорға” деп қоя сапты. Сол Айбас бөгелмеді тағы шапты, Тамам жолдың мәнісін ойлап тапты. Жанындағы жаулауы түсіп қалып, “Темірші” деп тау атын қоя сапты. Ер Айбас бөгелмеді тағы шапты, Тамам жолдың мәнісін ойлап тапты. Қарқаралы тақия түсіп қалып, “Қарқаралы” тау аты сонан қапты. Ол Айбас тоқталмады тағы шапты, Төтесін тамам жолдың оймен тапты. Жанындағы шідері түсіп қалып, “Шідерті” деген өзен сонан қапты. Ер Айбас бөгелмеді тағы салды, Құлдилап онан да әрмен кетіп қалды. Көп жүрсе, аз жүрсе де есен-аман, Бір күні ел шетіне жетіп барды. Жақындап ел шетіне келе жатса, Қой баққан кездей болып көрді шалды. –Қой жайған сейілде, бай, сізді көрдік, Жасың үлкен кісі деп сәлем бердік. Бұл қойың кімнің қойы, ақсақал шал, Жолаушы көптен кетіп жаңа келдік? –Бар екен әр нәрседе мұның ойы, Тартқан сымдай көрінер қыздың бойы. Сен сұрасаң, айтайын, жарқыным-ай, Ерте кеткен Сарыбай ханның қойы. –Ақсақал, жан екенсің сөзің майда, Мен де жат кісі емеспін, мұнымды ойла. Сарыбай ханның қойы осы болса, Жалғызы Қозы Көрпеш бала қайда? –Балам, бір сыр бар білем сіздің бойда, Білдім бе, білмедім бе, өзің ойла. Қозыжан айдай болып жүрген шығар, Қыз ұзатқан осы жерде, жақын тойда. –Келгенім менің өрден бірталай жер, Байеке, бір пайдаңды тигізе көр. Менің айтар мұңым мен шерім де көп, Тіліңді алса жалғызды шақырып бер. Мінезі шалдың дағы текті дейді, Сөзіне мұның көзі жетті дейді. “Тілімді алса шақырып келейін” деп, Аяңдап тойға таман кетті дейді. –Қозы Көрпеш жалғыз ұл, кездей келдім, Әкеңнің белгілі-ақ бір кісісі едім. Хан иемнен айрылып қалғаннан соң, Жас бала жалқық судай сені көрдім. Бір адам аты арық қылды керек, Жүрсең ертіп барғалы келіп едім. –Неғылып танымадың, байым зерек, Ол не еткен адам екен жаннан бөлек? Жауыр атты мен жабы тоқып жүрсем, Көрпелдес біз сықылды кімге керек? –Әкеңді жасыңда алған Жаппар Құдай, Атадан жалқы туған сен бір сұмырай. Жауыр атты сен жабы тоқып жүрсең, Көктайын жауыр қылған саған орай. Сол байдың айтқанына ерді дейді, Бір тілеген тілегін берді дейді. “Кім де болса көрейін, не еткен жан” деп, Байға еріп қойына келді дейді. –Ағеке, шақыртыпсың, сізді көрдік, Жасың үлкен, білемін, сәлем бердік. Неңе керек қыласыз біз баланы? Қандай іске жұмсайсыз, міне, келдік?! –Болдың ба, кішкене едің, құрбым, дардай? Қайратың басым еді, шығара алмай. Қайының айлық жерде, жақын жатыр, Сұм жалғыз, не қып жүрсің бір бара алмай? –Адамға бірдей емес жат пенен өз, Жаманнан қасиетсіз бір күнде без. Құлағым керең болсын есітпеген, “Қайын” деген, қайта айтшы, немене сөз? –Тіліне Тайлақ бидің ермеймін деп, Зорлығын Балталының көрмеймін деп. Сенің атаң – Қарабай өрге қашқан, “Жетім ұлға Баянды бермеймін” деп. –Астыңда Тайкөк дүлдүл желген шығар, Барсаң, көзің бәрін де көрген шығар. Көріп-біліп мәнісін келсең мұнда, Бір тоғыз сәлемдеме берген шығар? –Шырағым, барып едім сөзге жетіп, Тайкөкті қарыштаттым мен де еңіретіп. Тоғыз берген кінәм жоқ келініме, Түсіп қалды бір құлдың ызасы өтіп. –Бір тоғыз сәлемдеме бермеді ме? Берсе оны көзіңіз көрмеді ме? Бір тоғызды бергені рас болса, Шіркіннің бір белгісі келмеді ме? –Қайын атаң Қарабай бейілі тар, Қодар, тоқсан дейтұғын бір анты бар. [Назырқамай] сен бала алсаң мұны, Алтын тон мен бір бешпет, жүзігі бар. Алтын тон, бешпет пенен жүзік келді, Белгінің келгеніне көңілі сенді. “Маған Тайлақ батасын берсін-ай” деп, Алтын тонын сыйытқа жібереді. –Ақ күмістей жарқылдап оның мойны, Бұл дүниенің бейісі һәр ойыны. Тал шыбықтай бұралған сұлу Баян, Іздеусіз иен қайтіп жатар қойны. Әз бойынан таппадым теңгедей мін, Көрмеген жаным екен, көңілім тойды. “Тарс қойған соң, тайсанба” дегендейін, Көрген-білген бар сырын айтып қойды. Қозыке келді үйіне беті терлеп, Шешесін шақырады: – Жақын кел, – деп. Ант бергендей анасын алқымға алды, –Менің жарым кім еді, айта көр, – деп. –Түйеге сымбал тартқан теңдей болсын, Суға аққан мұз бұзылып сеңдей болсын. Жөнін жөндеп, мәнісін айтқан қазақ Жыртулы екі беті мендей болсын. –Ат мініп қырбат балаң желмей ме екен, Ер жігіт жол азабын көрмей ме екен? Жаман жора бастайсың неге ұлыңа, Баласы үй ұзатып келмей ме екен? –Көңілімді жұбаттың, соныңа деп, Бозқасқаны айтады “жолына” деп. Келмессің деп қорқамын, жалғыз сорлы, Батыр Қодар шығыпты сорыңа, – деп. –Ажалым қайда жетсе, сонда өлермін, Әйтпесе, бір қызық жол мен көрермін. Тәңірім кесел қылмаса қайратыма, Неғылып жүз Қодарға бой берермін? –Білемін сендей болмас Қодар күші, Ол сол елді меншіктеп алған кісі. Қанша мықты болсаң да, сен жалғызсың, Қорқынышсыз бола ма көптің ісі? –Қодарлық болса дағы сол жатқан ел, Бір Аллаға қылғанмын мен тәуекел. Ажалдан қашып пенде құтыла ма, Тағдырға не де болса байладым бел. –Білемін мінезіңді сен бір шоқсың, Көзіме, туып, сен де күйік бопсың. Түсімнен шошығанмын, мен, әйтеуір, Жалғызым, тірілікте маған жоқсың. Қайтейін ақылыңды жастық жеңген, Не қылса да бір хабар саған келген. Құйрығы жоқ, жалы жоқ жалғыз қылып, Күйігін тартқызбаққа Тәңірім берген. Жалғызым, бұл сапардан қалсаң не етер, Көзіңді мен сорлыға салсаң не етер? Куартып мен бейбақты тастап кетпей, Таңдап сұлу осы елден алсаң не етер? –Тұрса да неше жүз мың алдымда оқ, Тартынып бұл сапардан қалуым жоқ. Бар сұлуын дүниенің әпкелсең де, Бір жарымдай болмайды көңілім тоқ. Шешесі: –Бастаған ақтылы қой көсем серкеш, Сарыбайдың жалғызы Қозы Көрпеш. Өзің біліп қойыпсың, сенің жарың – Қызы еді Қарабайдың Баян еркеш. Бастаған ақтылы қой көсем серкеш, Кызы еді Қарабайдың Баян еркеш. Сансыз жылқың, сан қойың қалды артыңда, Кімге тастап кетесің, Қозы Көрпеш? Қозы: –Бастаған ақтылы қой көсем серкеш, Қызы ма Қарабайдың Баян еркеш? Сансыз жылқы, сан қой деп несін айттың, Бір түнде қырылса да, керек емес. Шешесі. –Қарасам, қажымайсың барлап-барлап, Қалмай ма, сен кеткен соң анаң зарлап? Сүйері, сүйенері жалғызы едің, Оны кімге тапсырдың әдейі арнап? Қозы: –Қозының атқа мініп жүрер шағы, Қиын-ды не десең де тоқтамағы. Кетпесін деп айтасыз соның бәрін, Бір Тәңірге тапсырдым сізді дағы. Шешесі: –Жалғызым, бұл барғаннан, қос барғайсың, Екі тізгін қолыңда бос барғайсың. Құдайың аман сақтап, жолың болса, Көп сарғайтпай шешеңді еске алғайсың. Қозы: –Апырмай, мына жұрттың көңілі тар, Бәрінің тоқтатпаққа ниеті бар. Мен жүрмей бұл сапардан тоқтамаймын, Ер Айбас, мінуіме қай ат жарар? Айбас: –Жылқыңды көп байқадым ерте-кешті, Бірін жүйрік, біреуін берік десті. Шыққыр көзім шықпаса сол жарайды, Дейтұғын бір атың бар Күрең бесті. Жылқыдан бір Күреңді алып келді, Ерттеп дайын сапарға қылады енді. “Арыздасып, қоштасып қаламыз” деп, Басы Тайлақ, ел-жұрты жүрді енді. –Айтар сөзім бар, Тайлақ биім, саған, Қайғымды ескертпеп ең жетім қалған. Сапарымды тоқтатам дей көрмеңіз, Құлдық, ата, көңілің қалар маған. –Қарағым, қайратыңа көңілім еріп, Мен келдім қалайын деп сені көріп. Тоқтатар деп ойлама сапарыңды, Амандасып қаламын, бата беріп. –Ендеше, батыр Тайлақ, ал тоқтай қал, Артымда қалды иесіз есепсіз мал. Ескерусіз, жоқтаусыз тозып кетер, Бәрін бүгін есептеп қолыңызға ал. Жалғыздан тірі айырылған шешем қалды, Тапсырдым көзіңіздің, сіз, қырын сал. Көрді де жиылған көп әлеуметті, Қоштасып, амандасып жұртты еңіретті. –Бәріңіз мені қимай жиылыпсыз, Үлкен-кіші, көбіңе құлдық, – депті, Жалпы аман бол, жамағат елі-жұртым, Деді де батыр Қозы жүріп кетті. Ең соңында ер Тайлақ ұстап алды, Шешесі мен екеуі ортаға алды. Қанша айтқан сөз құлаққа енер емес, Қайыспас қаса болат майталман-ды. Амал жоқ оңды-солды сүйді дағы, Екеуі бата беріп тұрып қалды. Қайыспай Қозы Көрпеш кетті сері, Қойдай маңырап артында қалды елі. Басында Құдай артық жаратқан жан, Тұқымы құрығандай болған жері. Қайыспай кетті Қозы қатты дінді, Артында жұрт шуылдап салады үнді. Ханым талып, мың сан жан шулағанда, Құдайдың құдіретімен жер сілкінді. Суылдатып Күреңмен Қозы кетті, Уайым, ойламайды, қайғы тіпті. “Қосшы болып мен бірге барамын” деп Сыдыртып Тайкөкпенен Айбас кепті. –Айбас-ай, мен жалғыз ба? Сенсің ағам, Сан кісіден артық-ты сенің бағаң. Екеуміз бірдей кетсек келіспес-ті, Тапсырдым мал, басымды, батыр, саған. –Бұл елде батыр Тайлақ би емес пе, Бәрі де мал, басыңа ие емес пе? Көріп келген жерім ғой тура бастап, Сені ертіп апарғаным жөн емес пе? –Айбас-ау, мені өзіңнен кем дейсің бе? Менің сен қайратыма сенбейсің бе? Сен тапқан ел табылар маған дағы, Жетектетіп жүргенім жөн дейсің бе? “Қалыпсыз қайрат берді саған Құдай, – Деп ұқтырды, – қайны атаң ауылы былай”. Үш жүзікті тапсырып Қозыкеге, Үш қызға сәлем деді дуай-дуай. –Үйдегідей, шырағым, балаң болма, “Қалды шешем, малым” деп алаң болма! Қодар – тоқсан бастығы, дұшпаның көп, Ендігісін өзің біл, қапыл қалма! –Мен демеймін һешкімнен қалысармын, Есен болсам біp барып танысармын. Енді-ау малың қалды деп қызыққанмен, Қасық қаным қалғанша салысармын. –Демеймін ceні өзімнен кем көрермін, Мал-басыңды өзіңмен тең көрермін. Бұл жалғаннан жолықпай өтіп кетсек, Махшарда құрттай санап мен берермін. Сол жерде Айбас қалды, Қозы кетті, Көз ұшына бұлдырлап барып жетті. Тұрып-тұрып ер Айбас көзі қимай, Сыдыртып Көктайменен тағы кепті. –Жалғызым, жөнелдің бе біp Құдай деп, Біp бұрмай аттың басын ел былай деп. Қалды шешең артыңда, қалың жұртың, Қандай сәлем айтасың, немене-ай деп. –Көрмегенін жалғызың көрді, – деп айт, Тілегенін Құдайдан берді, – деп айт. Басымды көп қаңғыртпай халқыңа қайт, Tүcіп балаң [ұштымға] өлді, – деп айт. –Жалғыздың һәр түйіні шешіле көр, Періште жазуға алмай өшіре көр. Албырттықпен айтады, астапыралла, Біp Тәңірім, балалығын кешіре көр! Жүріп кетті ер Қозы дамыл алмай, Күннен күнге салады Күрең талмай. “Әйтеуір, жөні осылай деп еді” деп, Есепсіз көп қаңғырды ел таба алмай. Жүре-жүре бірталай заман кешті, Атқан аңның етін жеп, ол су ішті. Күнде мінген Күрең тай арықтады, Қиыншылық басына сонда түсті. Күрең тай кейде жортып, кейде желген, Біp қамысты қопаға әрең келген. Ер-тоқым мен жүгенін суырып ап, “Аллаға тәуекел” деп қоя берген. Сол күні Қозы жатса түзде жүдеп, Үйдегі шешесінің түсіне енген. Ерте тұра шешесі айғай сапты, Басы Тайлақ ел-жұртын жиып апты. “Қозым жүдеп, түсімде жылап жүр” деп, Молда, қожа, ойшыға ой ойлатты. Сонда Тайлақ ойлайды әpбіp кепті, Не айтса да оның іcі сондай епті. Қозының жолына мал айтқандарды, Сол жерде шақырып ап, есеп етті. “Менде-менде” дегенді есеп қылса, Қойы мың, жылқы айтқан жүзге жетті. Айтқан малдың бәрін де жиып алып, Аш-арық, жоқ-жітікке үлестіртті. Жетім-жесір, жоқ-жітік, молда, қожа, Бәрінің біp Аллаға діні таза. –Құдай, жолын Қозының қыла көр, – деп, Аллаға кеп зар қылып болған наза. Құдайым құр тастамас, cіpә, көпті, Дуа қылып, тасаттық тарқап кетті. Осынша жан шуылдап тілеген соң, Құдайым тілектерін қабыл етті. Қозы жатыр, оттап жүр Күрең бесті, Құдіреті Құдайдың қандай күшті? Қозы жатқан өзеннің түбегіне Қытайдан қайтқан қалың керуен түсті. Керуенді көрді дағы Қозы барды, ; Ішінде біp адам бар ақсақалды. “Tүpі жат, не қып жүрген жалғыз жан?” деп, Өңгелерін шығарып, қасына алды. –Өзім қожа, молдамын және өзім бай, Жаңа қайтып келеміз барып Қытай. Түрің жат, атың арық, жүзің сарық, Елсізде неткен жансың, шырағым-ай? Әлгі байдың Қозы да көрді түрін, Бойында байқаған соң бар өнерін. Бастан-аяқ сырының бәpін айтты, “Біp ақыл сұрайын” деп ірікпей біpін. Білімді молда кісі, өзі инсапты, Бар сөзін Қозыекенің ұғып апты. Атын жемдеп, Қозының өзін күйлеп, Бір он бес күн сол жерде бірге жатты. Саудагер дүние кезген, өзі пұлды, Бек жүйрік жан өнерге неше сынды. Қожан саудагер-ді оның аты, Қозыны қияметтік іні қылды. Қозыны падишадан артық күтті, Түсін бұзып жүретін айла үйретті. –Жанның бәрі ел емес мендей саған, Өзіңді білдірмей жүр, жаным, – депті. Айрылды он бес күнде азық беріп, Ел жөнін және ақылын жазып беріп. Арыздасып, қоштасып айырылыпты, Уәде айтып, бір тәбуға өзі келіп. Ер Қозы азық қылып ас алыпты, Ақылын Қожекеңнің қоса алыпты, “Қысылғанда кез болған әулие ең” деп, Деп қимай айрыларда босаныпты. –Босағаның, ер Қозы, жаман мінез, Түсте көріп мен саған болғанмын кез. Осынау тауды бөктеріп жүре берсең, Аягөзге кешікпей барарсың тез. Тірі болсам сені іздеп бір табармын, Демеймін сені һешқашан ұмытармын. Құдайдың көрсетуі рас болса, Бір жақсылық кезінде жолығармын. Қолын жайды ақсақал, дуа етті: – Құдая, жарылқа, – деп, – бұл перзентті. Бағана ақыл саған үйреткемін, Бұл түсіңмен ол елге барма, – депті. Дәрі-дәрмек, айласын бәрін беріп, –Қош аман бол, – деді де жүріп кетті. Қозы да Күрең таймен қатты желді, О дағы бар күшіне келіп еді. Арада бір-ақ қонып, ертеңгі күн Отырған Аягөзде елді көрді. –Ауылды алыс болса жуытайын, Күреңді біржолата суытайын. Күрең тай, қимылдай көр бүгінгі күн, Баянды өксік болған уатайын. Бір жерде аттан Қозы түседі енді, Өзіне бір тазшаның реңін берді. Аягөзді ол құлдан келе жатса, Өзіндей қой жайған таз душар келді. –Бұ қойың кімнің қойы, қой жайған таз, Айта көр елдің жөнін, тазшам? – деді. –Бар екен әр нәрседен мұның ойы, Кепиат не қылған таз өне бойы. Менің қойым дейсің бе осынша қой, Қарабай деген дінсіз анттың қойы. –Шадыр тазым, емессің сен де майда, Таз желөкпе келеді осындайда. Бұл қойың Қарабайдың қойы болса, Тура сілте, антыңның ауылы қайда? –Япырым-ау, мен сенімен таныс емес, Өне бойың не қылған толған кекес? Күн батқанша үш орап, үш қайтасың, Ауылы Қарабайдың алыс емес. –Сенімен сөйлесейін аңлай-аңлай, Қандай жан екеніңді байқай алмай. Екеуміз сырласалық, қой жайған таз, Қарабайдың бой жеткен қызы қандай? –Тобаңнан, антұрған таз, жаңыласың, Қой жүнді бөстекейің жамыласың. Солардың құшырына жолығарсың, Қарабайдың сен қызын не қыласың? –Жаман таз сөз айтқанын өнер көрген, Жараукесін қоймайды жалшы деген. О да біздей жаралған адам дағы, Әулиелік оларға қашан келген? –Көрмедім сендей неме жаннан тантық, Соларға тең болар ма сендей шартық? Мүлкі, малы сай тұрған, киімі анау! Сол үшін сеніменен менен артық. –Қызы сұлу дейтұғын шықты әруағы, Артық болса артық-ты оның бағы. Біз де адам ғой, айтсаңшы, нең кетеді, Қандай-қандай қызы бар сөйтсе дағы. –Сөйлейсің сен, қу тазша, барлай ғана, Менің айтқан сөзіме нанбай ғана. Екі қыз Ай мен Таңсық дардай ғана, Артында Баян сұлу айдай ғана. Көзбен көрмей ауызбен айтып болмас, Десе болмас пішінін сондай ғана. –Жапанда, тазша ағеке, жүресіз бе? Сіз де ойнап құрбыңызбен күлесіз бе? Байдың қызы малшымен болар сырлас, Олардың тамыры кім, білесіз бе? –Япырым-ай, мынау өзі не қылған жан? Еркіме сөйлеспеген һеш қоймаған. Ертең кетіп, сан қоймен кеш келемін, Білмесіме ант алсын, Құдайға нан! –Япырым-ай, мынау неден үміт еткен, Жаныңды бекер бердің күте кеткен. Оның несін жасырып, ант ішесің? Алашқа Қодар деген даңқы жеткен. Қодарды ақылменен барлағанға, Қояндай басып ізін шарлағанға. Ақылы жоқ есер құл мақтанады, “Суға саттым” деп бекер алдағанға. Тазша құл, қартайыпсың, сені аяйын, Сен кетсең орыныңа менмін дайын. Азат бол да, елің тап, көрінбей қаш, Қойыңды сенің үшін мен жаяйын. –Құлағыма жағады мұның маған, Жоғалсын соқпай жанға мен таз ағаң. Мені азат қып, мен үшін қойды жайсаң, Қолыңа іздегенің тисін саған. Екі таз бір-біріне кез келіпті, Басы шалыс, аяғы оң келіпті. Қарабай жаудың малын аясын ба, Торғын тазға бірер жүз қой беріпті. –Тәшкен барсаң, еліңді табарсың, – деп, Түн қатырып тазшаны жөнелтіпті. –Сен екенсің, шырағым, ердің ері, Сендей жан көргенім жоқ көптен бері. Мұшқалдап Қарабайды көп сұрадың, Шыныңды айт, сен Қозының қандай жері? –Бұл сөзің, бәрекелді, жөн емес пе? Тазша құл көптен жүрген сен емес пе? Алашқа мені жайсаң, өлтірермін, Дегенің Қозы Көрпеш мен емес пе? –Біте береді екен-ау кісіге бақ, Мақтаған шығушы еді сені әр уақ. Қандай жан деп таң қалып жүруші едім, Талтайған таз екенсің өзімдей-ақ. –Мен “нәлет” деп жетпейін тегіңе енді, Жай кетсең жараушы еді жөніңе енді. Енді айналып қарашы, мен қандаймын? Мынау қолмен жасаған кебім еді. –Қозы Көрпеш екенсің, көңілім сенді, Мақтауы жұрттың сені рас келді. Айтуындай алаштың бар екенсің, Қосағыңмен қоса ағар, балам, енді. Екеуі екі айырылып жөнеледі, Ақылы Қозыкенің кемел еді. Ауыл жата қойды айдап Қозы Көрпеш, Ауылына Қарабайдың әпкеледі. –Ойласам, мынау ақыр заман ба еді? Астыңда Күрең шардақ шабан ба еді? Мұнша кешке қойымды неге әкелдің, Ит-құстан, онан-мұнан аман ба еді? –Қарабай, әлі һеш нәрсе ойға алғам жоқ, Менің айтқан сөзімде һеш жалған жоқ. Сен шошитын һештеме көргенім жоқ, Қойыңды оза шауып жау алған жоқ. –Балалар, таздың сөзін мақұл деме, Білімсіздің айтқанын көп елеме. Ойбай, қатын, бір нәрсе тамақ сайла, Қарыны ашқан екен тазша неме. –Қарабай, ат мінесің бек тағалап, Ақ қасқыр ауылыңды жүр сағалап. Қара інген от басында шөгіп жатыр, Жүгірген бозша тайлақ жар жағалап. –Қызым, сен Баян, Таңсық мені көрші, Екеуің шапшаңырақ бері келші. Тазшаның бір сөзі өтті тұспалдаған, Мәнісі соның қалай айтып берші? –Бұл тазша үйде айтты ғой түзде айтқанын, Біз білдік ақ қасқыр деп сізді айтқанын. Қара інген от басында – шешем бақыр, Білмейсіз бе тайлақ деп бізді айтқанын?! –Әпеке, жасың үлкен, ойың кемеш, Сіздерге салайыншы мен бір кеңес. Түрі жат, төркіні жат әр сөзінің, Мынау сіздің күндегі тазшаң емес. Қозыке батылданды сөзді бастап, Айтқан сөзін тұрады қыз байқастап. Еңкейіп ақ ордаға кіріп келді, Тізесін сол жағының сипай тастап. Тазшаның не қылғанын қыздар шалды, Ішін тартып бір сұмдық түйіп алды. “Алды-артын әлі де болса байқайық” деп, Сығалап босағадан тұра қалды. –Асыл ма алыс жерден іздеп келген, Құбылып, бой жасырып біздің елден. Шешем жатыр бір табақ өкпе сайлап, Кім екенін білерміз осы жерден. Бәйбіше сонда ойынан налып келді, Бір табақ сонда өкпені салып берді. Құлаш-құлаш істікке өкпе түйреп, Қарағай табақ қайқайтып алып келді. –Қарабай, мен жарлымын, сенсің малды, Бір өкпеден басқа асың қайда қалды? “Қашанғы қорлығыңа көнейін” деп, Табақпен келістіріп қойып қалды. Қарағай табақ басына қатты тиіп, Қабағын Қарабайдың жаман жарды. Қой шетіне Күреңді мықты арқандап, Ат қасына барды да жатып алды. –Біреу бай, біреу жарлы күндемелік, Білместің қылған ісін мін демелік. Ойбай, қатын, қарны ашып, қажыған-ды, Малды бақпай кетеді, үндемелік. Баян, Таңсық аз аулақ сөз айтады, Ибадатпен ұялып аз айтады. Оятуға бата алмай Қозыкені, Қасына сонда үш келіп, үш қайтады. Сабыр, тақат тұта алмай Баян тіпті, – Баралық, апекелер, тағы, – депті. Сөйлескелі үшеуі және шықса, Таң сарғайып артынан атып кетті. Түскен соң үлкен толғау қыз ішіне, Кетерде қой жайылып өрісіне, Бір сұм қызды жіберді қой ішіне. Кигізіп тоқтының кеп терісіне, Қой келді, “тоқты” келді, Қозы келді, Жапанға елден аулақ шыға берді. Ел жоқ, күн жоқ алысқа барғаннан соң, Мұңшылық аз сөз айтып жырлайды енді: –Мұндайлыққа салды Ием Мен сықылды жалғызды. Бір қыз үшін дертті етіп, Иттің қойын жайғызды. Мен елімде көруші ем Не сықылды һәр қызды. Бәрінен де көңілімді Жалғыз Баян қалғызды. Жапан түзде қаңғыртып, Тау мен тасты шалғызды. Жөнін білмей тентіреп, Жер түбіне барғызды. Кездей қылып бір шалды, Онан бата алғызды. Асықлық деген үлкен Ақылымды таңғызды. Жарым Баян дегенде, Жүрегімді жанғызды. Тазша кебін кигізіп, Кемшілігін қылғызды. Бере ме, Тәңірім, бермей ме Ынтық болған бір қызды? Балдырғанды көлім жоқ, Балталыдай елім жоқ, Ақкезеңдей белім жоқ. Әттең, Құрдым жерім жоқ, Тайлақ бидей ерім жоқ. Тай шаптырым жолым жоқ, Алдымда менің ағам жоқ, Мұнда менің бағам жоқ. Іздеп келген қыз Баян Болғаны ма маған жоқ? Артымда менің інім жоқ, Сүйегімде мінім жоқ. Іздеп келген қыз Баян Қосар Тәңірі күнің жоқ. Алдымда менің жалым жоқ, Айдап берер малым жоқ. Іздеп келген қыз Баян Асықтық бар, алу жоқ. Артымда менің құйрық жоқ, Көңілден, сірә, жүйрік жоқ. Іздеп келген қыз Баян, Болғаны ма бұйрық жоқ? Темірлі күйме кіліт жоқ, Қыз Баяннан үміт жоқ. Осында жүріп мен өлсем, Сүйегімді іздер жігіт жоқ. Талаппенен келіп ем, Танымады қыз Баян. Кемдікпенен келіп ем, Келекке етті қыз Баян. Мен үшін сені жаратса, Менмендігің нең Баян? Шын ашығым сен болсаң, Шиге жүгіріп кел, Баян! Шыбын жаным жүргенде, Бұл тілеуден қалмаспын. Сенен басқа хор қызы Болса көзім салмаспын. Басы күміс, шашы алтын Болса дағы алмаспын. Танымасаң сен өзің, Танытқалы бармаспын. Қамықпайын, тоқтайын, Қайғы сөзге қанбаспын. Жібекті көйлек желбіреп, Жел көрмеген Баян қыз. Ақ тамағы үлбіреп, Ел көрмеген Баян қыз. Қарада көзі мөлдіреп, Қарамай ма Баян қыз? Ашық жарын көрген соң, Танымай ма Баян қыз? Ер Қозы жырлайды екен жалғыз жүріп, Жүргенін кемшілікпен қайғы көріп. Бағанағы ауылға “тоқты” қашты, Мәнісін әлгі сөздің бәрін біліп. Білді Қозы “тоқтының” жайын тіпті, Айласы бар, қайғысыз ер ғой мықты. “Аңдып жүрген дұшпанға жолығар” деп, Қайта қуып Күреңмен қойға тықты. Қой келді, Қозы келді, “тоқты” келді, Үш қыз да қой алдынан шығып еді. –Һештеменің мәнісін білдің бе? – деп, “Тоқты” қыздан ортаға ап сұрайды енді. –Апалар, һәрбір түрлі кеп айтады, Қайғы тартып, уайым жеп айтады. Ендігісін біле бер өзің ойлап, “Құйрығым жоқ, жалым жоқ” деп айтады. –Бір Құдай тілеуімді берген дағы, Дұспан оты құл болып сөнген дағы. “Құйрығым жоқ, жалым жоқ” деп сөйлесе, Тазша болып құбылып келген дағы. Қалқамды бар ма ед ойда келер деген, Көп сарғайған жарым ғой қайғы жеген. Мен кешеден біліп ем тек емесін, Көрген жерде жүрегім лүпілдеген. Қасына қыздар келді, Қозы көрді, Білмегенсіп, теріс қарап жүре берді. Үш қыз да шыдамады оны көріп, –Сөйлессеңіз не етеді бізбен, – деді. –Қараймын Аягөздің тереңіне, Үкі таққан қыз Баян желегіне. Қодар алып тоқсан мен тұрғанында Көбегеннің біздердей керегі не? –Қодар ма еді Баянның ашық жары? Құл жолдасты кісінің бола ма ары? Алыстан тоят іздеп ұшып келмек, Қайынға алтын баулы ақ сұңқары –Көңіліңе алма әншейін, ол қалжың кеп, Аққуым сіз болсаңыз біздерге еп. Таз кебін жұлып алып, айдай болды Ендеше мен ақ сұңқар болайын, – деп. Таз кебін жұлып алып бетін ашты, Есі шығып Баяның сонда састы. Бойын билеп тұра алмай, түрекеле-ақ, Жылап барып Қозымен құшақтасты. Құшақтап қанша тұрды кім біледі, Екі қыз бір жылайды, бір күледі. Ай мен күндей екеуін толықсытып, Бұраңдатып шеткі үйге ап жүреді. Киімі Баян қыздың бәрі жібек, Алтын сырға, білезік жаннан бөлек. Үлде-бүлде, қамқадан салды төсек, Жүгіріп жүр апалар көңілі зерек. Төсекке олар ол күн жатқан да жоқ, Бір-бірін көргеніне болды ғой тоқ. Серілердің жиылды бәрі ойынға, Қозы, Баян ішінде жайнаған шоқ. Екеуі құшақтасып үйір болды, Сол жерде бір келісті жиын болды. Сол қалжыңмен отырып таң атқан соң, Қайта кебін кимегі қиын болды. –Бәрін де осы жұрттың ел көрмеңіз, Басқаға осылардан, һеш сенбеңіз. Кебіңізді киіңіз, арланбаңыз, Аңдып жүрген дұспан көп, сыр бермеңіз. Некелеп, алал жарым деп жүріпті, Дұспан қалың, сыр шашпай еп жүріпті. Күндіз тазша, ол түнде Қозы болып, Тым болмаса бір жылдан көп жүріпті. Жылқыда Қодар жүрген қыстай бойлап, Жүреді тоқсанменен күліп-ойнап. “Ертең ауыл көшеді” деп хабар барса, Жылқыдан алпыс саяқ келген айдап. –Бері кел, тазша көтіңді қыс та, – деді, Сенен басқа кісі жоқ тыста, – деді. Қара жорға бұлықсып қаша берді, Жеңгеңнің келіп атын ұста, – деді. –Сен – Қодар, мен – тазшамын, ой ойлаймын, Қыңырайсаң, қиқайып еш болмаймын. Атын ұстап, шұнақ құл, өзің жалын, Күрең таймен ілгері қой айдаймын. –Қап-қап, тазша, қап бәлем, мен не етермін, Бақа айғырды қамшылап еңіретермін. Қиын жерде қысталаң сөзің өтті, Көш жөнекей көш барысын көрсетермін. Көш келді, Қодар келді, қыздар келді, Бұлықсып Бақа айғырмен желді енді. Үш қызға мақтанды да нақұрыс құл, Жауырынынан тазшаның ұстады енді. Қодардың мінезіне жан таң қалған, Жанның бәрі иіріліп саңылауланған. “Екі алыптың қызығын көрелік” деп, Тамашаға қыздар да тұра қалған. Сонда да батыр Қозы ой ойлаған, Аударыспаймын десе де құл қоймаған. Серейтіп Бақа айғырдан жұлып алып, Алдына өңгеріп ап қой айдаған. Сиынғанға тілегін Тәңірі берер, Құдайдың салғанына бенде көнер. Тірлікте мен саған үндемейін, Көштен қалып, кейінгі жеңгең көрер. –Жапанда қайрат қылып өнер баста, Қолға еркін Құдай берді тым-ақ саспа. Мұнан басқа дұспаның дәл сіздің жоқ, Шамаң келсе аяма, мықтап таста. Һәр өнерді ер Қозы бастайды енді, Көңіліне еш жамандық қоспайды енді. “Не етейін қанын жүктеп бұл иттің” деп, Анадай лақтырып тастайды енді. Басылып Қодар көңілі болды баяу, Бір сұмдық көңіліне келді таяу. Ерте көшіп, Қарабай кешке қонған, Ұзақ көшке келіпті Қодар жаяу. –Қарабай, хан болыпсың, заманды ойла, Кең заман бұрынғыдай саған қайда? Аягөзден өтпейді сенің қойың, Жүр бермен, Бақа айғырмен қойыңды айда. Қарабай Бақа айғырмен желді дейді, Боларын бір сұмдықтың білді дейді. Қозының сөзін екі қыла алмады, Жалдатып Бақа айғырмен келді дейді. –Қартайған Қарабай шал, мені көрші, Өзіңе қас қылғанды достым деші. Қойыңды мен серкештеп өткізейін, Түсе тұр, Бақа айғырды маған берші?! Қарабай, жайлы қоныс, қыста, – деді, Арыстың ішпес асын қыспа, – деді. Су аяғы Құрдымнан қашқан итсің, Құйрығын Бақа айғырдың ұста, – деді. Құйрығынан ұстатып өрге жүзді, Қарабай өз жанынан күдер үзді. Өрге жүзіп жалдатып келе жатса, Байқамай бір жартасты жаман сүзді. Құдайым ер Қозыға берген талап, Қор қылды Қарабайды итке балап. –Әкең қошқар болған ба, тас сүзді, – деп, Алып келіп тастады күйекке орап. –Һешқайда иен-еркін жүре алмадық, Уайымсыз, қайғысыз күле алмадық. Құрдымнан су аяғы қашып едік, Қасиетін жақсының біле алмадық. –Жапанда әкем жалғыз жүретұғын, Аққайың қартайса да мінетұғын. Оңалған соң бұл сөзің ұмыт болар, Ыңқылдасаң, ақылың кіретұғын. Қайны атам – хан Қарабай сөзіме ерсін, “Қодар батыр – күйеуім” мені десін. Биылғы жыл жылқыға болады жұт, Қайраты бар тазшасын маған берсін. Қарабайдың Қодарсыз көңілі дертті, –Жылқыға, тазша, барса қайтер, – депті. “Осы иттің мен бір тілін алайын” деп, Тәуекел бір сапарға шығып кетті. Түйемойнақ, Жылытау айдап барды, Маңырақтан жылқысын әрі апарды. Бір жағы Сауыр, аршаты сонан бермен Жылқыны қоя беріп жатып алды. Жапанда батыр Қодар ой ойлайды, Асау менен тарпаңды бір қоймайды. Алты ай өтіп, жаз шығып қар кеткен соң, Жылқыны елге таман қайта айдайды. –Жолдастар, сөздеріңді оң көрейін, Ауылға жылдам барып бір келейін. Жеңгеңді сағындым ғой, жіберіңдер, Сендерге өрік-мейіз әпкелейін. Күнінде Бақа айғырын Қодар салды, Қостан шығып Аягөзде елге барды. Ауылға үш-ақ күндей еру болып, Төртінші күн жылқыға қайта айдады. –Ебін тапқан екі асар амалдаған, Мұнша дәулет мал берді Тәңірім саған. Жиырма-ақ жылқым өлді осы қыстан, Қара малың һәрқандай малым аман. –Ойласам, батыр Қодар, сенсің текті, Жиырманың несі ол шығын, – депті. Менің де қара малым аман еді, Сең ойылып, жүз қойым суға кетті. Жапанда өңкей жалшы сұмдық бастар, Бірінің қылған ісін бірі қостар. Өзің барып жылқыны қаптатып кел, Арық-шырду уақытта қырып тастар! Қаңтарда сере-ау жауған қардай болды, Алып атан сымбал тартқан нардай болды. Жылы сөзге қуанып қайта салды, “Өзің бар” дегеніне-ақ дардай болды. –Қодеке, есен-аман тез келдің бе, Жеңгемді күймедегі сен көрдің бе? Ынтық болып дардай боп кетіп едің, Қанеки, өрік-мейіз әпкелдің бе? –Не қыласың, көңіліңді тіпті суыт, Жемес астан қылады бұл неме үміт. Дәл бір аяқ мейізді қойып еді, Асығыспен ауылда қалыпты ұмыт. –Қодеке, олай болса мен желейін, Ел-жұртты сағындым ғой, бір көрейін. Кірлеп кетті киімім және тозып, Кір-қоңымды жудырып тез келейін. –Барсаң жылдам келе ғой, барып қана, Бір мықты атпен келе ғой салып қана. Үш күн жетіп жегенім жарты мойын, Аштан өліп қаларсың, тазша бала. Қысталаң боп жолықпай кетіп едім, Өрік-мейіз келе ғой алып қана. Қылығы жоқ Қозының һешбір шайым, Қалжыңы Баянменен бәрі қайым. Кебін тастап, Қозы боп күймеге енді, Ойына алған нәрсенің бәрі дайын. Үш қызбен қалжыңдасып отырғанда, Айтады да күледі Қодар жайын. Күймеде жатып Қозы ой ойлайды, Күлкіге ойынменен бір тоймайды. Тоғыз, он күн күймеде ойнап күлсе, “Қайтпай ма?” деп Қарабай ызыңдайды. Мінгені Қозыкенің жүйрік Кер-ді, Тоғыз, он күн күймеде қызық көрді. –Қарағым, кірлеп жүдеп кетіпсің, – деп, Ішінен торғын көйлек тігіп берді. –Қодар көрсе қодаңдап өлтірер, – деп, Жағасын шидімменен бүгіп берді. Мойнына артқан Баянның ақ білегін, Беріп тұрған кезінде әр тілегін. Қызыл жүз, қара көзге қарап тұрып, Ыстық төске таяйды көкірегін. Аузынан сүйіп Баян қалмақ болды, Баянның нұры ойға салмақ болды. Сөйтсе де “кешікпей тез келем ғой” деп, Жылқыға итті үргізбей бармақ болды. –Таз мұндар, асау Кермен жөнелдің бе? Күлкі менен ойынға кенелдің бе? Он күн жатып, шіреніп, әрең келдің, Жеңгеңнен өрік-мейіз әпкелдің бе? –Қыздар мейіз өздері жесіп отыр, Әзіл-қалжың әңгіме десіп отыр. “Қодар мейіз сұрады” деп айтып ем, “Боқ ала бар Қодарға” десіп отыр. –Бақа айғыр құрық салсам бойлайтұғын, Қоста жатып Қодар ой ойлайтұғын. Кешегі де жолықпай кетіп едім, Өкпе қылып, қалжыңдап ойнайтұғын. –Жақпады сол қыздардың маған түрі, Сіз дегенде көңілінде бар ма кірі? “Сәлем айтты Қодар” деп айтып едім, “Шын аузына сиейін” деді бірі. –Қайын атам Қарабай, о да кәрі, Тар күймеде қыз Баян тұрған сәрі. Сисе сисін сұм тазша, ештеңе етпес, Өз тұяғы тұлпардың бізге дәрі. –Қарабай – қайын атаң малын сойды, Халайық, жамағаты дәмге тойды. Дәрі болса, бар дағы сен іше ғой, Шынар менен бір [күбі сарап] қойды. –Сұм тазша олай десем, бұлай дерсің, Мінезің сондай жаман, өзің кесір. Айтқан сөзің бәрі де бейне мазақ, Сен менен оқыс жерде таяқ жерсің. Қодарға жолығысып дем береді, Жылқыдан жылдамырақ жөнел, – деді. Атаң сенің Қарабай сәлем айтты, Қысыр бөліп жылқыдан әпкел, – деді. –Тазшаеке-ау, шын ба, осының ой ойлалық, Асауды қашағанмен бір қоймалық. Өзге жаман жанымды тындырмайды, Екеуміз бөліп алып елге айдалық. Мен күйеу ғой, тұрайын мұнда қырын, Сен ағаңның білесің ішкі сырын. Ауылға мен баруым жараспайды, Желі тоқпақ, құрықты әпкел бұрын. Қодардың айтқан сөзін қостап келді, Күндей желпіп Күреңді бостап келді. “Осыған бір сұмдықты бастайын” деп, Құрығы мен тоқпағын тастап келді. Қозының алтын жүзі жарқылдайды, Күпілдеп мұндар Қодар тарқылдайды. “Құрығы жоқ, тоқпақ жоқ, құр қол келіп, Қайтып мұны ұстар” деп барқылдайды. Қозы мерген садақпен қу да атады, Жазым болса орнында су да атады. Желінің құлаш-құлаш қазығы бар, Қолыменен басады да зымыратады. Тағы да бір ашуды көңіліне алды, Жылқыға қаһарланып Қозы барды. Құйрығына қол тисе алып ұрып, Бас асауды қозыдай тізіп салды. Көрді де бәрін Қодар болды дертті, Байталменен тепсініп келіп жетті. “Менің айтқан сөзімді кір шалды” деп, Қақ басқа келістіріп салып кетті. Мал бағар қысты күні малды кісі, Балуанға түседі әлді кісі. Су аяғы Құрдымнан келген болса, Құлдан таяқ һеш жер ме жанды кісі? Әлгі сөзге Қозы да ашуланды, Күреңге мініп алып жетіп барды. Қодардың жауырынынан ұстап алып, Алдына бір-ақ ырғап жұлып алды. –Шіркін-ай, ашуланып не етті, тазша? Басыма жақсылығым жетті, тазша, Қоста отырып қымызды көп ішіп ем, Ердің қасы ішіме өтті, тазша. –Қодаеке, әуел баста сен де ойнадың, Қанеки, сенен артық мен не ойнадым? Қамшымен тарсылдатып кетіп едің, Көтереді ағам деп мен де ойнадым. –Ойбай, тазша кәпір-ай, саған не еттім? Ойнаған боп түбіме әбден жеттің. Өтірік айтсам, шырағым, өл де оңбайын, Кел, қоя бер, бұтыма тышып кеттім. Бір білінді сол жерде қайрат бастап, Қодарды да қорқытты ерге жаныштап. Тұңғиықты қара су иірімге Қодарды Қозы кетті атып тастап. Қор болды байғұс Қодар дымы құрып, Суға кетіп қалсын ба қарап тұрып. Алақ-бұлақ қалбаңдап бойы ұзын құл, Суға кетпей шығады құлаш ұрып. –Мынау да мықты ит екен ойға алалық, Мұнымен табандасып не қылалық? Аударысса кәпірдің тәсілі бар, Қатарлап он кетпеннен оқ салалық. Қатарлап он кетпенді Қодар келді, Талай жан садақшылар жиылды енді. “Біссімілдә” деп Қозыеке тартып кетсе, Он кетпеннен қол оғын өткізеді. Қодар да атпақ болды сертке жетіп, Оғын керіп бедеумен келді еңіретіп. Садақпенен мақтанып о да тартса, Тұрады үшеуінен әрең өтіп. –Бейілі кей адамның тар келер ме? Ажалды күні бітпей бенде өлер ме? Оқ тартқанда бар екен бір тәсілі, Күрескенде маған жан пар келер ме? Қодарға күресуге Қозы барды, Тамам жұрт тамашаға аң-таң қалды. Ең астына Қодарды тығып қойып, Бейне жүктей тоқсанды үйіп салды. –Ойласам, осы тазша текті деймін, Түбіме ойнаған боп жетті деймін. Ойының қалай мәніссіз, шіркін, тазша? Күрт-күрт етіп қабырғам кетті деймін. Сұм тазша кәпір, сенің пейілің тар ма? Ішіңде бұзық-бұзық ойның бар ма? Қабырғамды қиратып мертіктірдің, Тәңірі алғыр, қойыңа бар, тынышымды алма. Қодардың сыбағасын Қозы берді, Қоршылықты тәуір-ақ бір күн көрді. Не қылсын жылқы бағып, түзде жүріп? Өлеңдетіп қойына келеді енді. –Баян-ау, менің айтқан сөзім тыңда, Осы ма қорыққандарың, астапыралла! Шақырып қалды сені “тез келсін” деп, Байғұстың қабырғасын барып сыла. –Оңалар өзі Қодар мен де бармай, Қор қылдыңыз, қайтейін, тілімді алмай. Кектендіріп кеттіңіз тірі тастап, Сақ жүрсеңіз болмай ма, қапыл қалмай? Темір күйме, іші алтын, оның үйі, Күнде дәурен не қылса келді күйі. “Жеті күнде жеп тарқар жиын бар” деп, Сауын айтты сол елдің Сасан биі. Сауын айтып сол Сасан жарлық етті, Елінде құрметті жан қасиетті, Уәделі айтқан күні болғаннан соң, Хан Қарабай, Қодар боп асқа кетті. Ауылда тірі еркек жоқ, қалды тазша, Болыпты Қозы Көрпеш кебін ашса. “Аман бол” деп таз кепті жыртып тастап, Күйеуін киіндірді бейне патша. Қарабай, Қодарменен асқа барды, Ауылда тірі еркек жоқ, Қозы қалды. Күн жайлатып, бұршақты төгілдіріп, Он екі күн асшыны қамап салды. Соларға күнде де ойын, түнде де ойын, Ай, Таңсық та бастады түрлі тойын. Құшақтасып Қозымен көп ішінде Баян сұлу жүреді алма мойын. Кетер деп шошымайды сыр шашылып, Бір қызықтан бір қызық кетті асырып. Асшылардың қайтатын кезі болды, Он екі күн өткен соң күн ашылып. Қозы – Баян күймеде жатыр еді, Елден бұрын арсалаңдап Қодар келді. Бір қап қоқым ет оған азық келді. –Тазша көрген бар ма? – деп сұрайды енді, –Бекер буға жүріпсің, Қодар батыр, жар-жар, Мен көргенімді айтайын, тыңла да отыр, жар-жар. Сіз кеткелі он екі күн болыпты, жар-жар, Сонан бері бикешпен бірге жатыр, жар-жар. Бұрқ-сарқ етіп қайтсін-ай ашуланды, Есі шығып, кәпірдің басы айланды, Көтен тисе қапталы быт-шыт болып, Бармақ етін тісімен жұлып алды. Қозыны көруге де бата алмайды, Бағана келген асқа қайта салды. Қарабайға мал бағып Қодар жақты, Тарқ-тұрқ етіп байталмен асқа шапты. – Хан Қарабай, қызыңды бай алыпты, Суымды бер, – деп сонда әлек сапты. –Отырған, батыр Сасан, биім көрші, Бұл не қылған құтырған адам деші? Сенің суың Бетбақта қалмап па еді, Не қылайын, бар дағы, ала берші! –Батыр Сасан, отырсың малың сойып, Тарқайды өз алдыңнан жұртың тойып. Мына сөз Қарабайдың мазағы ма? Ал, кетермін еліңді қырып-жойып. –Жарқыным, осы елдегі сен бір ерсің, Шақырып қырық үш қатын алып келсін. Сыйаяқ қып һәрбірі арақ берсін, Амалмен мас қылалық, улап өлсін. Қозымен алыса алмай дау саласың, Жай белгілі, аптықсаң құр қаласың. Алдап-арбап шақырып өлтірген соң, Саған ортақ кісі жоқ, сонда аласың. Жиылып бәрі сонда кеңеседі, Бәрі де Қозыға ел емес еді. Қайратынан жасқанып тұра шаппай, Бәрі де өлтірмекке “ей” деседі. Қырық үш қатын келеді Қозыға дөп, Елдің сырын білмейді олар да көп. “Шақырды ақсақалдар сізді тойға, Тіл сыйламай жатқаның болмайды” деп. Баян айтты: – Ал, қалқам, қапыл қалма, Бұларды дос болар деп көңіліңе алма. Ептеп-септеп, қарғам, сені өлтірмек-ті, Пейілсіз жиынына тіпті барма! –Баян-ау, жақсы айтасың, сөзің майда, Ұрғашылық қыласың осындайда. Темір үйдің ішінде сақтасаң да, Алладан қаза келсе қойғандай ма? Болжалсыз таң, ажалсыз жан шыға ма? Жүз мылтықтың аузына мені байла. Шын ажалым жетпесе дәл сол жерде, Періштелер қорғайды, өлім қайда? Қырық үш қатын шақыра барған дейді, Олар да көріп көркін талған дейді. Ай мен күндей екеуін көргеннен соң, Бәрі аң-таң, айран-асыр болған дейді. Асылдан өңкей оған кигізеді, Құшақтап Баян беттен сүйгізеді. Жиылған барша жаннан шоқтығы асып, Күреңмен жарқылдатып жүргізеді. Ай, Таңсық апасына Баян барып, Көңілінде қорқынын түйгізеді. Сонда жұрт: “Мұндай адам тумас дейді, Мынаған қастық қылған оңбас дейді. Осы екеуін бөлейін деп ойлаған, Тегінде егіз екі болмас” дейді. Келді Қозы, мінеки, жұртты көрді, Ақ ордаға еңкейтіп кіргізеді. Арақтан күні бұрын жиып қойған, “Кел, мырза” деп һәрбірі аяқ берді. “Осылардың қулығын көрейік” деп, Ай мен Таңсық артынан ере келді. Тамам жұрт шуылдады, гуілдеді, Қызған кезде тысқарыдан у әпкелді. Алып келіп Қозыға беріп еді, Сығалап тұрған қыздың көзі көрді. –Сен Күреңді көлденең тарта бер, – деп, Жүгіріп Таңсық үйге кіріп келді. –Атыспай, алдауменен өлгенің бе? – Деді де бір суық су бүрке берді. Қастықты батыр Қозы білгеннен соң, Талқан қылып жапсардан жөнеледі. Жапсардан Қозы ытып кетіп қалды, “Ай, кетті” деп үйдегі ойбай салды. Есікте аңдып тұрған екі жендет Бірін-бірі қылышпен шауып алды. Қозыға бір қыз атын дайын етті, Ырғып мініп Күреңге Қозы кетті. Арағымен аузынан у құсылып, Жалы жидіп Күреңнің қолға кетті. Жаппар ием жалғызға болысты енді, Екі ортасы ауылдың талай жер-ді . Өңкей қызыл қан құсып келе жатса, Алдынан Баян сұлу кездей келді. –Демеп пе ем айтқан сөзі рас емес, Сізді ептеп өлтіруге қылған кеңес. Мені ала кет, еліңе тура баста, Енді сізге жабылар, тыныштық бермес. –Көрмейсің бе, келемін болып дертті, Аяқтатпай кетпеспін айтқан сертті. Бір аулаққа шығып мен оңалайын, Қайратыма қарап тұр сонда, – депті. –Ақкезең, Ай балталы жерің қайда? Балталы мен Сақалы елің қайда? Әділ айтып дұшпанмен теңдестірер Батыр Тайлақ секілді ерің қайда? Бір өзіңіз қайтесіз рулы елді, Арманда боп кетерсіз осындайда! –Білемін, сұлу Баян, маған елсің, Армансыз жан сенімен ойнап күлсін. “Қазан бұзар үй тентек” толып жатыр, Қайратыңды бір дұшпан, алаш білсін. Ажал жеткен пендесі қайда өлмейді, Ең болмаса артқы жұрт айта жүрсін. Қайыспайтын мінезін Баян көрді, Ол қайтсін іштен болат туған ерді? Жабылған тамам жұрттың ең алдында Ала бедеу байталмен Қодар келді. Шыбын жаны қалғанша қорқар ер ме, Көлденеңдеп Күреңмен тұрады енді. –Келдің бе адырайып, мақтанған боп, Қылайын құзғын, қарға басыңа топ. Осынша қыр соңымнан һеш қалмадың, Қай жеріңнен атсам да обалың жоқ. Сарала сай кез оқты еңіретеді, Зәресі Қодар құлдың бек кетеді. Шауып жүріп Күреңмен тартып кетсе, Байталдан алты құлаш жалп етеді. Қодардай Баян қарап сүймесіне, Ашуланып келмейді дүние есіне. Тырайғанын Қодардың көргеннен соң, Шүкіршілік қып қайтады күймесіне. Күреңді Қозы мінген сонда баптап, Баянды қосқан екен лайықтап. Әлгі атқан оқ өтіпті қара саннан, Қорқып қанынан түсіпті амал сақтап. Қозы кетті, Қодар құл аман қалды, Біраз жатып атына мініп алды. “Қашқын кетті Баянды аламын” деп, Келді де таман жұртқа азап салды. Айтты тоқсан: – Осыған көнеміз бе? Қорлығынан Қодардың өлеміз бе? Бәріміз де жүр едік Баян үшін, Бір соғыспай тірі боп береміз бе? Сонда тоқсан Қодармен жамандасты, Бәрі де бір Қодармен сабаласты. Темір шоқпар басына қатты тиіп, Көсемсары сол топтан шыға қашты. Сандалып есі шығып келе жатып, Жапанда ер Қозыға душарласты. –Құрбы едің бірге жүрген Көсемсары, Дәмдес боп жүріп едің бізде талай. Үсті-басың қызыл қан, өңің қашып, Сандалып жүрген сенің жайың қалай? –Сіз кеткен соң қоқиды бізге Қодар, Көңілін балап мың менен жүзге Қодар. “Баянды мен алам” деп мұндай қылды, Бата алмай бұғып жүріп сізге Қодар. –Сендерді сол антұрған жеңген екен, Көңілі өлмесіне сенген екен. Атып жығып тырайтып кетіп едім, –Сірә, Тәңірім, тілеуін берген екен. Удан жүдеп буыны бос болыпты, Ермек келіп көңілі қош болыпты. Құдайым айдап келіп жолғастырып, Уәде айтып екеуі дос болыпты. Күнде Баян жіберер азық беріп, Қу қызға келе ғой деп тезек теріп. Жүрісін әлгі қыздың кәдік етіп, Бір жау қатын шығады соңына еріп. Келе сала Қодарға хабар берді, Қылып жүрген қылығының бәрін көріп. Қодар шауып ауылға барып еді, Қарабай елі-жұртын жиып берді. Екеуі қалың қолды бастап алып, Қозы жатқан түбекке жөнеледі. Қойдан қошқар, түйеден бура шалып, Баян жаяу артынан жылап келді. Сірә, Қодар білмейді ұят-арды, Оқ бойы жұрт алдында жетіп барды. Шоқтеректің түбінде ұйықтап жатқан Біреуді қамыс оқпен тартып қалды. Оқ тиіп, тыпыр қағып қалғаннан соң, Қылышпен барып басын кесіп алды. “Жауды алдым” деп қуанып мақтанады, Жұрт жиылып шуылдап анталады. Жаяу Баян бір жерде келе жатса, Қарабай елден бұрын кез келеді. –Әуре болған, қаңғырған, байғұс шал-ай, Осыған шыдап жүрген шыбын жан-ай. Мың сан жан кетіп едің соғысқалы, “Жалғыздың жары Құдай”, жайы қалай? –Қосағың көрмегенін көрді, – дейді, Тілегін ана құлдың берді, – дейді. Ұйықтап жатқан жерінде Қодар атып, Өз көзім көргемін жоқ, өлді, – дейді. Балам-ай, сені һешкіммен тең көрмеймін, Өңіңнің бұл қашқанын жөн көрмеймін. Қодарға қор болам деп қорқасың ба? Іздеп тауып теңіңе мен бергеймін. –Һешқайда бөтен бастақ жүрген емен, Бір Қозыдан басқаны білген емен. Елден бура қалдырмай қыдыртатын Мүйіз көк термешелі інген емен. Әкесін бір бозақор мастай көрді, Қодар өзін солқылдақ жастай көрді. “Бақты қара, байыңның ал басы” деп, Бір басты әкеп алдына тастай берді. Аяғын бір-бір басып жүріп алды. Іші түйіп бір сұмдық біліп алды “Тастап кетсем, тағы іздер антұрған” деп, Езу тартып, мырс етіп күліп алды. Қайда бар ер Қозыдай ерлік еткен? Айтқан серттің бәріне қорықпай жеткен. Таңертең бір түлкінің ізін көріп, Күреңмен оны қуып Қозы кеткен. Қозыға жәрдем болған Құдай патша, Орнында Көсемсары ұйықтап жатса, Оны өлтіріп мақтанып Қодар кеткен, Амал бар ма бір Тәңірім қалжыратса? Басты әпкетті етекке Баян салып, Қодар қайтты мақтанып саңылауланып. Көсемнің қанын шашып кеткен екен, Қозы келсе түлкіні соғып алып. –Дос болып кеше сені сүйдім, – деді, Жыламайын, көңілімді тыйдым, – деді. Қатты уәде айтып ем серт қып саған, Жаным құрбан сен үшін, қидым, – деді. Құдайым ер Қозыға дем беріпті, Күреңмен Қодарды іздеп жөнеліпті. “Жауды алдым” деп мақтанып шауып жүрсе, Арадікте сол құлға кез келіпті. Ер Қозы ашуланып жетіп барды, Ашумен екі көзі оттай жанды. “Мейманаң асып кетті сен құлдың” деп, Сай кез оқпен қисайтып тартып қалды. Салған соң шын қимылды іс қиын-ды, Әулие-әнбиеге көп сыйынды. Қақ жүректің басынан оқ өткеннен соң, Қорқырап салдыр-күлдір құл жығылды. Ашуы ер Қозының қозып кетті, Құл жығылды, жұрт қашып тозып кетті. Ақырып оғын кезеп жетіп барса, Тірі жан шыдай алмай безіп кетті. Дәулет құсы басына қонып қалды, Сол елге жалғыз ие болып қалды. “Құлдық” деп қол қусырып келген жанның Бәрін де қаһарланбай қабыл алды. “Дінсіз кәпір, осынша не жаздым?” деп, Кескілеп Қарабайды итке салды. Қарабай өліп қалды, қазасы бар, Көп еді сонда дұшпан жазасы бар. Басылмаған ашудың шаласы бар, Жауды түгел іздейді, ызасы бар. “Қойыңыз” деп жетектеп үйге кетті, Өзінің Күлап деген баласы бар. Сол күнде Күлап келген тоғыз жасқа, Пішіні салғандай-ақ таңба тасқа. Тар күймеде көрсетпей асыраған, Бөтенге Ай мен Таңсық қыздан басқа. Сол елдің ханы болды, билеушісі, Теріс емес шариғатқа қылған ісі. Елдің бәрі сүйеді Қозыкені, Көбейіп құрбысы мен сан білісі. Құлақ қақпас һеш адам жарлығына, Жарасты мүлік-мүкәммәл байлығына. Бір күнгі қылған асы, һәр шығымы, Барабар өзге байдың айлығына. Құй алыс, құй жақыннан келсе қонақ, Түрлі тағам, салтанат сәні мол-ақ. Алдына алуа, секер, бал қояды, Һәр түрлі алтын-күміс аяқ толы-ақ. Жемей тоқ, ішпей мас болар солар, Екеуін көргеннен соң соған бола-ақ. Ер-қатын екеуінің нұры өзгеше, Асықлық бәрінен де сыры өзгеше. Әзіл-қалжың, есітсең сөз тәттісін, Көрген адам кеткісіз түрі өзгеше. Дем болған ер Қозыға шын әулие, Не іздесе оны берді көңілі сүйе. Бір бенденің көргенін солар көрді, Тоқсан мыңға жарасты ендігі ие. Құдайым мал мен басты тең беріпті, Хан болып бірталай жұрт меңгеріпті. Тұйғын, сұңқар қолға алып, жолдас ертіп, Бір күні құсқа шығып жөнеліпті. Намазшамды бір жерде оқып тұрса, Бір адам ақсақалды кез келіпті. Баяғы Қожа екен көзі көрді, Бата қылып болған соң таниды енді. Қол қусырып алдынан түре келіп, “Тақсыр,” деп қарсы барып сәлем берді. Құшақтап ол да жатыр байғұс шал-ай, “Жүр,” деп ертіп жөнелді қосқа қарай. Қозының әлі-күйін сұрайды енді, –Жай-жапсарың, шырағым, күйің қалай? –Біз сізден көріп едік мейірбандық, Білесіз һәр ақылға сізден қандық. Сізден себеп, Құдайдан болды мұрат, Іздеген, қалағанның бәрін де алдық. –Түп-түгел мен де аманмын қуат-күшім, Келемін әдейі іздеп мен сен үшін. Талай жыл өтіп еді [содан бері], Шын екен сен туралы көрген түсім. Айтысып һәр әңгіме оны-мұны, Құдайға мұң айтысып шүкір қылды. Сөйлесіп ақсақалмен әрбір шерін, Ол түні қосқа Қозы қонақ болы. Шал айтты: – Бір сөзім бар тағы сенсең, Ақсақал атам ғой деп сөзіме ерсең. Шешеңе Құрдымдағы тапсырар ем, Қайтер еді Күләбсіңді маған берсең? Айтысалық аз ғана сыр боп кетсін, Сөзімнің төркініне көзің жетсін. Баяғы айтқан түсімді балаңменен, Екеуің осы екі елді билемексің. Ұмытпасам есің, бар зиректі едің, Көрген соң қамыңды мен жемеп пе едім?! Бір жақсылық күнінде, балам, саған, Іздеп кеп жолығармын демеп пе едім?! Сенсің ғой шал атаңның сүйер досы, Ер жігітке жараспас серттің босы. Ендігіңді өзің біл не қылсаң да, Менің сол сертім де осы, сөзім де осы. –Ақасқал, аға, құлдық мұныңызға, Айтпай көзім жетпейді шыныңызға. Біздікінен сіз дағы дәм татып кет, Балаңызды берермін қолыңызға . Артында да балам бар, аяймын ба, Балам түгіл, жанымды жолыңызға? Ертең бастап ауылға алып жүрді, Сый-сипатын қылады неше түрлі. Он-он бес күн қылады той, тамаша, Көрінбей соның бәрі бір күн құрлы. Жаһанда жан өтпеген бұлар сынды, Ризалық екі достың көңілі толды. Тал шыбықтай бұралып сұлу Баян, Табанынан тік тұрып қызмет қылды. Айтады ақсақал бай күнде кеңес, Ол бармаған дүниеде жер бар демес. Жасынан жер дүниені кезсе дағы, Баяндай һеш ұрғашы көрген емес. Көп қылып мырзалықпен о да шығым, Бай кісі есепсіз-ақ малы мығым. Батасымен Баянға қоса берді Һәр түрлі жан көрмеген базарлығын. Қожаның өзі молда, сөзі тәтті, Он-он бес күн ауылда бірге жатты. Өзінің баласындай еркелетіп, Оған да бала үйір болып қапты. Қозы – Баян баламен кеңес құрды, “Шешеңе барасың” деп сөзді ұқтырды. –Қош аман бол, атамнан қалмаймын, – деп, Бала отырған жерінен ұшып тұрды. Тоқтамады бір тиын бала шошып, Атасына апарып берді қосып. –Бір хабарын қайтарда беремін, – деп, Уәде қылып жөнелді қол соғысып. Қожаекең амандасып жүріп кетті, Біледі жол төтесін сапарға епті. Аз ба, көп пе, бірталай жолда жүріп, Аулына Сарыбайдың барып жетті. Қожаң да бір Құдайға көп сиынды, Жеңіл қылды Құдайым һәр қиынды. “Жүз түйелі бір керуен келіпті” деп, Аулына Сарыбайдың жұрт жиылды. –Айтайын мен бір хабар жұртқа пайда, Айбас, Тайлақ, кез болдың осындайда. Қозы Көрпеш ауылынан тура келдім, Немересін әкелдім, ханым қайда? Жүгірді жұрттың бәрі айғай салып, “Сүйінші” деп ханымға жетіп барып. Есіткенін ханымға айтқаннан соң, Қуанғаннан бейшара қалды талып. Талғанымен ісі жоқ қуанған жұрт, Кілемменен көтеріп келді алып. Қала ма тақсыр Қожаң сертке жетпей? Алып шықты Күләпті жұртты еңіретпей. Жұрт анталап қараса пішініне, Әкесінің дәл өзі аумай-төкпей. Екі қолын Тайлақ пен Айбас алды, Немересін ханымға алып барды. Байғұс кемпір мойнынан құшақтап ап, Балапанды құстай-ақ бас-ақ салды. Көрген соң немересін көңілі сенді, Келіншек мүшесіне қайта келді. Емшегін баласы иіскеп, сорып еді, Жаңа бала тапқандай ииді енді. Той қылды, ат шаптырып, жұрт жиылып, Елден артық Қожаға құрмет қылып. Екі күнде Қожаның бұлы бітті, Көтере сатып алды жұрт ұмтылып. Елдің бәрі тасаттық – мал қырыпты, Сол елге бала Күләп хан тұрыпты. Тәркенішті Күләпқа ата қылып, Кенже қызы Көрімді айттырыпты. Сырлас болмас сол Қожаң серті боспен, Жолдас болды қайтарда Айбас доспен. Алтын-күміс бар малын қылып алып, Аягөзге жөнелді жеңіл қоспен. –Барсаң шығар алдыңнан, Айбас, інің! Сәлемімді түгел айт, жаным менің. Төрт теңменен жібердім екі түйе, Асыл-жабдық мұрасын әкесінің. Асыл жабдық жіберді бар бұйымын, Ер Айбасқа тапсырды сөз қиынын. “Қарағыма – Баянжан сәлем де” деп, Сарқыты мен жіберді кір киімін. –Қос жалғызға сәлем де дуай-дуай, Күләп келді, жүрмеспін енді жылай. Көздің жасын көл-дария қылушы едім, Тәубе қылдым Тәңіріме мұнан былай, Жас жетті, дуасынан ұмытпасын, Махшарда жолықтырсын Жаппар Құдай. Демеймін енді олар да мұнда келсін, Құдайым Күләбыма өмір берсін. “Қосағымен екеуі қоса ағарсын”, – Батам осы, Құдайым қабыл көрсін. Сол күнде он үш жасқа Күләп келген, Айттырып жас та болса қыз әперген. Жол үстінде Қожадан шәкірт болып, Неше түрлі тағылым өнер білген. Жас та болсақ хан болдық елге шеге, Қылмаспыз бір балалық ештемеге. Қарын шашы Күләптың басында екен, Соны алдырып жіберді – сәлемдеме. Соны айтып, Қожаекеңе Күләп келді, – Риза, қош болыңыз бізге, – деді. Балаңызға бір бата қылыңыз, – деп, Арғымақ ат, алтын тон, жамбы әпкелді. –Жағың түспей жамандық көрме, балам, Қисық төре кісіге берме, балам. Екі дүние қызығын бірдей берсін, Қолыңды алалдыққа серме, балам. Амандасып Қожаекең жүрді өрге, Қасында Айбас батыр кетті бірге. Елінің игі жақсы азаматы, Шығарып салды оларды үш көш жерге. Ай жүрді, жыл жүрді ме Құдай білер, Есен-аман іздеген жетті-ау елге. Алдынан Қозыкеге хабар кетті, Баян менен екеуі жаяу кепті. Айбаспен құшақтасып жыласқанда, Қасында қарап тұрған жұртты еңіретті. Қолына тиді түгел сәлемдеме, Ауыз айтқан сәлемі және әңгіме. Қайсыбірін айтайын, бәрі өзгеше, Түгел айтсам, таусылып сөз бітер ме? Айбас, Қожа сол елге тұрып қалды, Ай мен Таңсық екеуін екеуі алды. Молдасы Қожа болды, биі – Айбас, Салады жақсы жолға тамам жанды. Қасиетті хан – анау, ханым – анау, Айбас, Қожа бір түрлі біткен жан-ау! Ақ көңіл, ер жүректі өңкей асыл, Соларды біріктірген Аллатағала-ау! Асса да бірі алпыстан, бірі елуден, Кешікпей екі ұл туды екеуінен. Қайраты да, нұры да қайтпаған жан, Көрмейсің бе құрметтеп қыз беруден? Ер Қозы елді жақсы жолға салған, Емес-ті бұл сөзімнің бірі жалған. Қанша қызық көрсе де, аты пенде, Пенде ісінің аяғы болмай ма арман? Жамандық-жақсылықты түгел көріп, Жарықтық отыз бесте дүние салған. Қолы жеткен хан еді өз шарқында, Айыбы жоқ жан еді һеш халқында. Он жетіде қосылған сұлу Баян, Арғанат – жас ұлымен қалды артында. Өткен соң дүниеден Қозыке хан, Қойдай маңырап шулады тамам адам. Ақ сүйегін ер Айбас өзі жуып, Жаназасын батырдың қожа оқыған. Қалған жұрттың билігін Айбас алды, Қызметіне елу мың жұрт қамалды. Үш көш жерден тас тасып “тозбасын” деп, Жүз ағашты үстіне күмбез салды. Күні бүгін тозған жоқ сол күмбезі, Ұмытпастай артында белгі қалды. Салуға алыс жерден ұста келді, Тарқатпай Аягөзден қалың елді. Бір жыл жасап күмбезін бітірген соң, Құран оқи бейітке Баян енді. “Арыстан жүрек, піл қуат, Һәр дұшпаннан кек алған. Денесі болат, миы алтын, Талаппенен ел алған. Көңілі сарай, көркі артық, Нәсілі нұрдан жаралған. Сымбатын, нұрын көрген жан Есі де кетіп қадалған. Қылығын, ақылын білген жан Елін де тастап қамалған. Адам да таппас түйіндер Алдынан оның таралған. Жүрекке сүйеу, көзге нұр, Жұрт саяңда дем алған. Бейнеттен қорықпай, бел байлап, Мейірі түсіп, мені алған. Сондайын асық жарымды Бауырына суық жер алған. Арғанатым жас емес, Ат жалын тартып міне алған. Молдасы оның Қожекең Шариғаттан төр алған. Ағасы – батыр ер Айбас, Тұлпарды мініп ту алған. Мазарың бітті, мінеки, Атыңа лайық ел салған. Қосағым сенен айрылып, Арам ғой маған бұл жалған” ... Соны айтып барып бейітті құшақтапты, Сол жерде-ақ жаны асық жарын тапты. Барып біреу сүйейін десе басын, Шын асық әлдеқашан өліп қапты. Ойлашы, солар шыны дос емес пе? Өзге доспын дегендер бос емес пе? Бірі үшін жаратып бірін Құдай, Ақ асық Алла қосқан осы емес пе? Қозы менен Баянды көмген бірге, Қайтіп ақыл жетеді мұндай түрге? Жарын көріп, жан беріп сап-сау Баян Үлгі болған кейінгі білгендерге.
Ағылшын
Бұл тілдегі нұсқа жоқ.
Бұл тілдегі нұсқа жоқ.