Қисса-и Қозы Көрпеш (Н.И. Ильминский нұсқасы)

Жасым бар жиырмада, жылым – мешін, Өлімнің кім біледі ерте- кешін. Айтайын бес-алты ауыз, құлағың сал, Қозы Көрпеш – Баянның әңгімесін. Ел болар он екі ру, бірі – Шеркеш, Қом жасап, сар атанға бітеді өркеш. Бес-алты ауыз айтайын, құлағың сал, Баян мен ертеде өткен Қозы Көрпеш. Мығы бар сауыр етіктің табанында, Құдайға...

Қазақша
Қисса-и Қозы Көрпеш (Н.И. Ильминский нұсқасы)
Жасым бар жиырмада, жылым – мешін, Өлімнің кім біледі ерте- кешін. Айтайын бес-алты ауыз, құлағың сал, Қозы Көрпеш – Баянның әңгімесін. Ел болар он екі ру, бірі – Шеркеш, Қом жасап, сар атанға бітеді өркеш. Бес-алты ауыз айтайын, құлағың сал, Баян мен ертеде өткен Қозы Көрпеш. Мығы бар сауыр етіктің табанында, Құдайға құлшылық қыл аманыңда. Қарабай, Сарыбаймен бай өтіпті Ноғайлы ертеде өткен заманында. Жігіттер, я биссимилла, жанды аманат, Құлына Алла деген болған санат. Қоймадың айт дедің де саф азамат, Сұраймын енді көптен мен де рұқсат. Бердің бе рұқсатың, жақсы ағалар, Артында қаба құйрық, алдында жал. Айтайын Қозы Көрпеш пен Баянды, Төңкеріп қудай мойның, құлағың сал. Әуелі бисмилладан басты айтайын, Қиылған маңдайдағы қасты айтайын. Сарғайып сәнаменен көп жылаған, Баян мен Қозы Көрпеш жасты айтайын. Сөйлейін, сөйле десең бар Құдайды, Жаратқан Құдай артық күн мен айды. Сарғайтып сәнаменен көп жылатқан Баянның өз әкесі Сарыбайды. Қарабай Сарыбаймен аңға шықты, Екеуі аттанды деп даңқы шықты. Аттанып жолдас болып келе жатса, Алдынан буаз марал аң қашыпты. Қарабай Сарыбаймен аң қуыпты, Қарабай жол үстінде жолығысты. Екеуі уағда-серт сөз айтысқан, Ерлердің бұрынғы айтқан сөзі мықты. Мінгені Сарыбайдың көк-ті дейді, Қарабай өз сөзіне берік-ті дейді. – Күмәнді еді әйелім, ау, Сарыбай, Атпаймын буаз марал десті дейді. –Екеуміз жолдас болдық, ау, Қарабай, Перзентке менде жүрмін еш жарымай. Мен де атпаймын әйелім күмәнді еді, Ниет қылшы аузыңа, ай, дариға-ай. –Аузыңа Құдай ниет салған болсын, Сөзіңе Құдай салған жалған болсын. Біреуі ұл, біреуі қыз тапқанда, Екеуі қияметтік алған болсын. –Ұл болса екеуі дос қияметтік, Қосқалы екі жасты ниет еттік. Мен болсам қашатұғын ер Қарабай, Балаңды Алла әкбір күйеу еттік. – Сарыбай, айтқан серттен өзім тайман, Қыз болса, менің балам даярлаймын . Сенің балаң қыз болып, сөзді ұмытсаң, Кетсең де жұрттан асып, һәркез қойман. Сөзіңе Құдай салған қате болсын, Қарабай қыз балаға ата болсын. Қосалық екі жасты Алла әкбір, Меһірі пайғамбардың бата болсын. Бастаған әр не жолға Құдай болар, Қара су кешсе, тұнық ылай болар. “Көзімнен не туса да көремін” деп, Қарабай Сарыбайға сыбай қонар. Аллаға халықтың ісі болар ғаян, Тоймаған топырақ жалап құрт пен шаян. Қатыны Сарыбайдың қыз тауыпты, Қойысты оның атын сұлу Баян. Һәркімге бір дәурен бар ерте де, кеш, Өтер бит сүрмегеннің өмірі еш. Қатыны Қарабайдың ұл тауыпты, Қойысты оның атын Қозы Көрпеш. Қарабай ол күндері далада екен, Көңілі сол күнде де балада екен. Бір адам сүйіншіге қуып жетті, Алысқа сапар шегіп барады екен. Қатыны Қарабайдың ұл тауыпты, Қуанып ауыл жаққа бай шауыпты. Қарабай шауып келе жатқанында, Ат жығылып, беттерін қан жуыпты. Қарабай ақыретін жастаныпты, Мекенің тарапына бастаныпты. Қозыке ардақтаған ақыл алмай, Атадан зор күн Тәңірі жас қалыпты. Шешесі Қозыкенің қара салды, Қозыке ардақтаған жетім қалды. “Қызымды жетім ұлға бермеймін” деп, Сарыбай көңіліне сұмдық алды. Бұрынғы өткендердің салтыменен, Атаның қыз өтеді даңқыменен. “Қызымды жетім ұлға бермеймін” деп, Сарыбай кеңес етті халқыменен. Дабысы Сарыбайдың желдей есті, Сұқсұрдай сұлу Баян болып өсті. “Қызымды жетім ұлға бермеймін” деп, Сарыбай жұртыменен тұра көшті. Сарыбай жұртыменен көшіп кетті, Дариясын Аякөздің өтіп кетті. Сұлу Баян айтыпты әкесіне: – Қозыке келер ме екен мұнда?,– депті. Ауылы Қозыкенің қалды бұлай, Баянның көңілі ауып, болды жылай. Айрылайын деген жоқ Баян сұмрай, Артында екі көзі кетті жылай. Сарыбай көше қашты сұмдық ойлап, Жылайды Баян сұмрай “ойбай-ай” деп. Баян кетті, Қозыке бір білмейді, Жүр екен бір күндері асық ойнап. Кетті ғой Баян онан күдер үзіп, Жылайды кейін қарап, көзін сүзіп . Жүргенде атпақылды атып ойнап, Кетіпті бір кемпірдің жібін үзіп. –Өрмекті жалғай алмай көзім көріп, Жалғармын енді мұны қашан тұрып. Атаңның атастырған кетті жарың, Жүгірмек, неге ойнайсың бармай жүріп? –Шешеке, осы сөзің расың ба-ай? Ішімнен тарқатайын құрысымды-ай. Балалар, осы бір сөз қалай болды? Ойыным ойнамасам құрысында-ай. – Шешеке, қаз келеді атайын да, Жылаған ғарызымды атайын да. Болады әлде қандай сұм заманым, Қолыңнан қуыр бидай татайын да. Жөнелді Қозы Көрпеш ойнамай көп, Көңіліне кемпір сөзін қылады кек. Жылайды тыста тұрып өксіп-өксіп, Анасы шыға келді: – Не болды? – деп. – Бір нәрсе шырағыма болды ма-ай кез, Телміртпей шақырғанда, келсейші тез. Қолыңнан қуыр бидай, татамын, – деп, Шырағым, сол айтқаның не деген сөз? – Шешеке, сөз есітіп қаным қашты, Мен жеймін, қуыр бидай, қарным ашты. Мен тұрған айтарыңа, жазған шеше, Бидай сап, ошақ ап кеп қазан асты. Қозыке хан ұлынан кем демейді, Дұшпаны сыртындағы не демейді. Алтын табақ, күмістен қасығы бар, Берсе де бидай салып бір жемейді. Қозыке бидай жемей қарап отыр, Шешесі сұмдықпенен тыңдап отыр. Қараса көзін салып жазған шеше, Баласы алдындағы жылап отыр. –Шешеке, көңілменен қолға салсаң, Бар болса, жаңылғаным есіңе алсаң. Сөзімен бір кемпірдің ішім толды, Пышақпен алтын сапты ішім жарсам. –Шырағым, қолымменен қолға салсам, Бар болса, жаңылғаным есіме алсам. Үлкеннен қарғыс алған оңбайтұғын, Болмас-ты, сірә, жолың қайда барсаң. – Шешеке, еш алданба мал ғанаңа, Барамын атам қосқан жар ғанама. Емізген ақ сүтіңді балаң едім, Бер сана, бидай салып қол ғанаңа. Қозыке алданбады малдарына, Бармақшы нағылса да алғанына. Бейшара ана байғұс шыдамады, Береді бидай салып қолдарына. Көңіліне Қозыкенің қайғы түсті, Баянның қасіретінен күйіп-пісті. –Шешеке, жаңылғаның есіңе ал, – деп, Бидайға қызып тұрған қолын қысты. –Шырағым, енді айтайын жалғанымды, Сол Баян атаң қосқан алғаныңды. Жетім деп қызын бермей көшіп қашқан, Ала алмайсың жастықтан қалғаныңды. –Мен іздеп Сарыбайға бармай қойман, Дәуренді Баянменен сүрмей қойман. Алды-арты айтқаныңның, ә, шешеке, Айттырып енді әркімді көзімді ойман. – Шырағым, айналайын, барма, балам, Сіздерге Баянды айтқан қандай адам? Ойында жоқ нәрсені ойына салып, Баламды бір қан жауғыр қылған алаң. Қозыке жүген менен құрық алды, Көңіліне сәна менен сұмдық алды. “Баянды іздеймін” деп айтып еді, Анасы “іздеме” деп ойбай салды. –Шырағым, қайда барсаң, мен ерермін, Мен сұмырай сенен қалып не көрермін. Алыстағы Баянға алаң болма, Бір сұлу жұрттан тауып әперермін. –Шешеке, олай деме сөзің жалған, Шаншудай құса дертке ішім толған. Бір сұлу жұрттан тауып әперсең де, Баяндай әкем қосқан болмас маған. Мінгені Қозыкенің қара кер-ді, Болмасын баласының енді білді. Қозыке жүген менен құрық алып, Қарамай алды-артына жүре берді. Қарамай алды-артына жүре берді, Досы жылап, дұшпаны күле берді. Жылқыға келе салып Қозы Көрпеш, Бозын жетіп, шұбарын ұстап алды. Шұбарын бозын жетіп, мініп алды, Басына бір дәуренді Құдай салды. Кетерін баласының білгеннен соң, Анасы бір сұлу қыз алып келді. Сұлу қыз отырыпты шашын тарап, Шешесі шыға келді алдын орап. “Көңілім қызды көрсем, бұзылар” деп, Тұрады анасынан ерін сұрап. – Болар ма, балам, жолың қайда барсаң, Болайын мен разы көңілімді алсаң. Сол қызға Қозыкені алданар деп, “Шырағым, үйге кіріп өзің алсаң”. Сұмдығын анасының біліп келді, Қасқайып күрек тісі күліп келді. “Әлде қандай қыз еді үйдегі” деп, Үйіне көзін жұмып кіріп келді. Қозыке көзін жұмып ерін қарар, Сұлу қыз үйде отырып шашын тарар. – Ерің, көзіңді ашсаң, алдыңда тұр, Шырағым, бір ашқаннан несі құрар. – Шешеке, жалғыз едім таяуым жоқ, Жанымды, жан шешеке, аяуым жоқ. Көзімді ашып қарарға осы үйіңде Әкем қосқан Баяндай алғаным жоқ. –Шешекең боз інгендей зар еңірейді, Шырағым, тыңдасайшы жұрт не дейді. Жұртың тілеп, шешекең еңіреп жылар, Баянға жұрттан кеткен барма, – дейді. –Көп жұртым, естімеймін сөзіңді енді, Тең құрбым, сірә, көрмен жүзіңді енді. Сарыбай кеткенінде жыламаған, Шешеке, шел қаптасын көзіңді енді. –Қайғымен көкірекке сәна салған, Сұм балам сәнаменен болған алаң. Үйің бар алты қанат, Қозыке, Кімге тастап кетесің, жазған балам? Мінгені Қозыкенің көк-ті дейді, Қозыке айтқан сертке жетті дейді. –Алты қанат ақ үйің, ау, шешеке, Ол менен адыра қалсын, – депті дейді. –Қайғымен көкірекке сәна салған, Сұм балам сәнаменен болған алаң. Тоғай толған жылқың бар, ау, Қозыке, Оны кімге тастайсың, жазған балам? Қозыке көзден жасын төкті дейді, Аузынан шыққан сөзге жетті дейді. –Найзасын шатырлатқан қара қалмақ, Ол алсын сан жылқымды, – депті дейді. –Қайғымен көкірекке сәна салған, Сұм балам сәнаменен болған алаң. Тоғай толған түйең бар, ау, Қозыке, Оны кімге тастайсың, жазған балам? Қозыке Баянды іздеп кетті дейді, Сертіне әуелгі айтқан жетті дейді. –Тоғай толған ол түйең, ау, шешеке, Қырылсын сарысудан, – депті дейді. –Қайғымен көкірекке сәна салған, Сұм балам сәнаменен болған алаң. Тоғай толған қойың бар, а, Қозыке, Оны кімге тастайсың, жазған балам? Қозыке Баянды іздеп кетті дейді, Ойлаған мақсатына жетті дейді. “Тоғай толған қойыңыз, а, шешеке, Қырылсын топалаңнан” депті дейді. –Қайғымен көкірекке сәна салған, Сұм балам сәнаменен болған алаң. Оюлының он бөрі дегені бар, Онан нағып өтерсің, жазған балам? Қозыке айтты: – Баянға кетермін, – деп, Мінсем жүйрік, бір күнде жетермін, – деп. Оюлының он бөрі шықса алдымнан, Онынан айғай салып өтермін, – деп. –Қайғымен көкірекке сәна салған, Сұм балам сәнаменен болған алаң. Қырық бөрі қиюлының дегені бар, Өтерсің онан нағып, жазған балам? Қозыке айтты: – Баянға кетермін, – деп, Мінсем жүйрік, бір күнде жетермін, – деп. Қырық бөрі қиюлының шықса алдымнан, Қырқынан қиқу салып өтермін деп. – Қайғымен көкірекке сәна салған, Сұм балам сәнаменен болған алаң. Қара шашым шытырман шеңгел тұрар, Онан нағып өтерсің, жазған балам? Айтыпты шешесіне сертті дейді, Қозыке айтқан сертке жетті дейді. –Өз обалың өзіңе, ай, шешеке, Өтермін оған салып өртті, – дейді. –Қайғымен көкірекке сәна салған, Сұм балам сәнаменен болған алаң. Ен дария емшек сүтім кіріш тұтар, Өтерсің оған нағып, жазған балам? –Шешеке, бұ сұмдықты енді біліп, Жүре алман бұрынғыдай ойнап-күліп. Ен дария емшек сүтің кіріш тұтса, Өтермін онан дағы кеме мініп. –Қайғымен көкірекке сәна салған, Сұм балам сәнаменен болған алаң. Қарсы алдыңнан қара нар жебір шығар, Онан неғып өтерсің, жазған балам? Сиынып әруаққа мен түнесем, Әкекем есіркеп жебеп жолар. –Қайғымен көкірекке сәна салған, Сұм балам сәнаменен болған алаң. Бар ма десем тілімді һеш алмадың, Бұл жолың оңғарылмас сенің, балам. Ісіне Қозыкенің жұрт таң қалды, Қолына жау- жарағын сайлап алды. Сөздерін анасының тыңдамай-ақ, Бозын мініп, шұбарын жолға салды. Шұбарын, бозын мініп жолға салды, Бір күні қоналыққа жерге келді . Ұйқы ішінде жатқанда Қозыкеге, Әкесі ертеңгі өткен аян берді. –Ай, балам, қайт үйіңе жол көрінбес, Сарыбай барғанменен қызын бермес. Ата тілін тыңдамай кеткен бала, Жолынан аман қайтып үйін көрмес. Әкесі Қозыкеге бата бермес, Ата тілін баласы жақсы көрмес. Қозыке ажал айдап бара жатыр, Алланың құдіретін адам білмес. –Әке-еке аман-есен бол-ай, – деді, Біздерге жәрдем болсын Құдай, – деді. Батаңды бермесең де, жолын сілте, Тұрлауы Сарыбайдың қалай? – деді. – Көрерсің қырық бір күнде Аягөзді, Тілімді алмай барасың Баянды іздей. Аягөзді бағыпты ақсақ кемпір, Сол кемпірден білерсің анық сөзді. Баласын жөн батамен қоя берді, Қозыке “Құдай-ай” деп жүре берді. Қырық бір күндер болғанда, бір заманда, Алыстан бір жұлындай түтін көрді. Қуанып мұны көріп қатты желді, Шұбарға қамшы басып жетіп келді. Лашықтан бір кемпір шыға келді, Кемпірге қол қусырап сәлем берді: –Ассалаумағалейкүм, ене-ай, – деді, Арыған мен шалынғанға қиын-ай, – деді. Ноғайлының ауыл-жұрты болып еді, Азып-тозған жас ұлан мен-ай, – деді. – Уағалейкүмассалам, бала-ай, – деді, Айдаса Тәңірім сені қалай, – деді. Қырық күншілік шөлайттан, алыс жерден, Жолдассыз нағып келдің, қалай? – деді. –Енеке, қайда бармас қан айдаған, Татпайды тұзды қайдан дәм айдаған. Дәмің болса, бер сана, жан енеке, Мен бір мұңдық бейшара Тәңірі айдаған. –Жоқ еді осы үйімде дәм-ай, – деді, Ай, балам, не берейін кәні-ай, – деді. Атың арық болыпты, жүзің сарық, Баласы көргендінің Тәңірі-ай, – деді. Қозы Көрпеш келеді уайым жеп, Кемпір сөзі көңіліне болды жұп. Кемпірден әдіспенен сөз сұрайды, –Сары атан ерні сетік көрдің бе-ай? – деп. Кемпір айта тұрады: “Жол болсын!” деп, Қозы Көрпеш тұрады: “Мол болсын!” деп. –Ерні сетік сары атан дегеніңіз Қайын атаң Сарыбай болмасын, – деп. Қозы Көрпеш таң қалды “Сөзін-ай деп, Қалай тура келеді кезін-ай” деп. Кемпірден әдіспенен сөз сұрайды: –Құба інген сылаң аяқ көрдің бе-ай? – деп. Кемпір айта тұрады: “Жол болсын!” деп, Қозы Көрпеш: “Мол болсын!” деп, –Сылаң аяқ құба інген дегеніңіз Қайын енең,құба кемпір болмасын, – деп. Қозы Көрпеш тұрады “Сөзін-ай” деп, Сөзі қалай келеді кезін – ай” деп. Кемпірден әдіспенен сөз сұрайды, – Нар тайлақ жез бұйдалы көрдің бе-ай? – деп. Кемпір айта тұрады: “Жол болсын!” деп, Қозы Көрпеш тұрады: “Мол болсын!” деп. –Жез бұйдалы нар тайлақ дегеніңіз Алғаның сұлу Баян болмасын,– деп. Қозы Көрпеш разы жолын- ай көп, Кемпірге қарай салды “Сөзін-ай” деп. –Енеке, уәлі ме едің, дайыр ме едің, Тағы да айтшы әлгі сөзіңді- ай,– деп. Бұл кемпір тағы да айтты сол Баянды, Қашқаны Сарыбайдың халыққа аян-ды. Баянды айтып еді, Қозы Көрпеш Бүйірін ойбай-ай деп бір таянды. –Енеке, арып-ашып мен де келдім, От жағып, үй тіккенге ел деп келдім. Су берші бір тостаған тым болмаса, Шөләйттен қырық күншілік шөлдеп келдім. –Ай, балам, тыңдамайсың мені-ай,– деді, Су берсем ішермісің сен- ай,– деді. Су түгіл сүт саумалды ішпейтұғын Қозыке Қарабайдың сен- ай,– деді. –Ішермін су да болса, азған ұлмын, Енеке, арып-ашып тозған ұлмын. Сарыбай алғанымды алып қашты, Іздеген Сарыбайды жазған ұлмын. Ауылы Аягөздің бойында-ды, Баянның Қозы Көрпеш ойында-ды. Көзін тұтып сенің үшін көп жылаған Обалы әкесінің мойында-ды. –Мен іздеп Сарыбайды болдым сарсаң, Адам нағып болайын қайда барсам. Үйіне ала қайтар ем қайтарымда, Жолына Сарыбайдың мені салсаң. –Сөйлейсің Баянды айтсам жылай, – деді, Сүрлеуі Сарыбайдың бұлай, – деді. Шырағым, жолың алыс,өзің жалғыз, Біледі қайтарыңды Құдай, – деді. –Біледі қайтарымды Құдай, – деді, Сергелдең Құдай мені қылды-ай, – деді. Қолыңнан су да болса, дәм татып ем, Өзің де аман-есен бол- ай, – деді. – Сүрлеуі Сарыбайдың солай, – деді, Мұңлығым оңғарылсын жол-ай, – деді. Жаман сөзің жоқ екен, жарықтығым, Өзің де аман-есен бол-ай, – деді. Ісіне Сарыбайдың күйіп-пісті, Жүрісі боз шұбардың желдей есті. Қозыке күн-түн қатып тынбай жүріп, Бір шоқ біткен терекке келіп түсті. Түсті де ат байлады Шоқтерекке, Жүрек лоблып симайды көкірекке. Жүрегі лобылғаннан шыдай алмай, Қарайды қырға шығып төңірекке. Қозыке Шоқтерекке ат байлады, Бір бала атқа мінген түйе айдады. Күйеу аты секілді көрінгенге, “Жездекем бола ма” деп ой ойлады. Баянның бала келді жеңгесіне, Бұлардан аңғартпайды өңгесіне. Баянның жатса-тұрса көңілінде екен, Қозыке болмасын деп келді есіне. –Болсайшы ол айтқаның Қозыкежан, Ол мұнда нағып келсін есен-аман. Қосылып Қозыкемен дәурен сүріп, Маған да болар ма екен ондай заман. –А, бикеш, осы сөзің жора болғай, Жіберші Шоқтерекке барсын торғай, Көк етік сүйіншіге беремісің, Сол кісі Құдай оңдап күйеу болғай. –Жеңеше, ол кісіге өзің барсаң, Әлі күдер үзбеген мен бір сарсаң. Ол адам Құдай оңдап күйеу болса, Көк етік адамға айтпай өзің алсаң. –Жарасар ақ отауға тұтқан шилер, Мен барсам, торғай бармай, кадік илер. Барып-келіп жүргенде, көре қойса, Әлдеқандай қылады Қодар билер. –Жеңеше, кім барса да тіліңді алсын, Терекке олай болса торғай барсын. –Қоймайсың айтасың да Қодарыңды, Сол құлың ойбай шұнақ адыра қалсын. Қонады Шоқтерекке торғай барып, Қозыкені көреді көзін салып. –Жарқыным, жоқшымысың, күйеумісің, Болыпты атың арық, жүзің сарық. –Атым арық болғаны – түндер қаттым, Жүзім сарық болғаны – дертім қатты. Жоғым білсең, айтайын, жаным торғай, Сарыбайдың қызы еді Баян атты. –Жарыңның ойнап-күліп көңілін аула, Сұм дүние өтіп кетер күн санаулы. Ауылдың бергі шеткі ақ отауы Сарыбайдың қызы еді Баян аулы. Сарыбай күн-түн қатып қуып жетті, Дариясын Аягөздің көктей өтті. –Жігітім, сенің жолың болар, – дейді, Ел жеңгеңнен басқасы тоғай кетті. Қозыке тілін білді ол торғайдың, Құдіреті сондай күшті бір Құдайдың. –Жеңгеңе сүйінші бер, достым Баян, Ол екен Қозы Көрпеш Қарабайдың. Сарыбай көшіпті де ол кетіпті, Қозыке өсіпті де ер жетіпті. Жеңгеңе сүйінші бер дегенінде, Шешіпті қуанғаннан көк етікті. – Есімді Қозыке үшін жаңылып ем, Әкеме мұнша қашып, не қылып ем. Жеңеше, күйеуіңді алып келші, Көп болды көрмегелі, сағынып ем. Қозыке айлық жолдан арып келді, Ат арықтап, жүздері солып келді. Баян сүй деп айтқан соң, ол жеңгесі Кешке таман барды да алып келді. Қозыке алып келді, үйге кірді, Құдайға сұлу Баян шүкір қылды. Көрген соң Қозыкенің есі кетті, Тұра алмай орынынан үш ұмтылды. – Баян-ау, келші бермен, сағынып ем, Есімді күніне бір жаңылып ем. Ұмытып уағыдасын, мұнша қашып, Әкеңіз Сарыбайға нағылып ем? Әкеміз жаста сізді күйеу етті, Балаға жетім қалған қиын етті. Шырағым-ай, жатсам-тұрсам көңілде едің, Көрген соң ақ жүзіңді есім кетті. – Әкеміз жаста бізді күйеу етті, Балаға жетім қалған қиын етті. “Біреуді алғанынан айырдым” деп, Сарекең ойламай ма екен қияметті. Баянда ойын да жоқ, күлкі де жоқ, Көңілінде жатса-тұрса уайымы көп. “Біреуді алғанынан айырдым” деп, Ақырет сол әкемнің ойында жоқ. – Әкеңе мен не қылдым мұнша қашып, Әреңдеп қуып жеттім арып-ашып. Екеуі сағынысып қалған екен, Жылайды өксіп-өксіп құшақтасып. Басымен кешегі айдың іздеп едік, Құба жон құлазыған түзге келдік. Баян-ау, өксігің бас, шерің тарқат, Білдік де сағынғаның, сізге келдік. –Арымай аман-есен жүрген сіз бе ең, Сен келдің күн-түн қатып құла түзден. Жылаймын сағынғаннан, әй, шырақ-ай, Жаманның ісі болар күдер үзген. –Әкеңе мұнша қашып мен не еткенмін, Жалғызбын, жолдасым жоқ, қолғанат кім? Белімнен қатты қысып құшақташы, Дертіңе ыстық етің болады ем. –Дертіңіз болды ма екен бізден үлкен, Өлместей болып алдық құса дерттен. Беліңнен қатты қысып құшақтасам, Ет ыстығы жаман-ды жанған өрттен. –Қодар құл мұны білсе, шыдар ма екен, Бұл елден бізге жолдас шығар ма екен? Беліңнен қатты қысып құшақтасам, Қабырғаң солқылдайды, сынар ма екен? –Бұ дүние өтетұғын бәрі жалған, Дәуренді армандады сүрмей қалған. Баян қысып қабырғам сынбақ түгіл, Омыртқам қабат сынсын онан әрман. Қозыке Баянменен жасы құрдас, Екеуі Құдай қосқан болды сырлас. Қозыке сағынғанын білді Баян, Таң атты, торғай шырлап әркез тұрмас. Қозыке арып-ашып түзге қонар, Бастары жүрегінің шерге толар. –Күн түс болды, шырақ-ай, тұралық та, Енді жатсақ, жұртыңнан ұят болар. –Әркімге бір дәурен бар ертелі-кеш, Өтер бит сүрмегеннің өмірі еш. Көзімді жиын жаққа мен салайын, Қадір тұт дәулетіңді, жаным бикеш. –Бір адам жиын жақтан келе жатыр, Әліжаппар болмасын Қодар кәпір. Атаңның бір күндері азаты еді, Би болған азат болып заман ақыр. –Жиыннан қайтқан болса, келе жатыр, Алаңдап әр кісіден қорқып бекер. Атаңның бір күндері азаты екен, Ол құлың келгенменен бізге нетер. –Құдайдан бұйрық болса, қазаң жетер, Жау емес жалғыз сенің шамаң жетер. Көрген соң Қозыкені шыдай алмас, Сол кәпір келгеннен соң мазаң кетер. –Келеді жиын жақтан Әліжаппар, Күн қайда әлің жетер заман ақыр. Сол шіркін келгеннен соң мазаң кетер, Тұрып бақ жылдамырақ күйеу пақыр. Соншама Әліжаппар Қодар келді, Жатқанын Қозыкенің көзі көрді. Талағы тарс айырылып мұндар құлдың, Кісіге жиындағы хабар берді. – Бұл елді біз кеткен соң жау шауыпты, Көңілі қыз Баянның жай тауыпты. Кешегі алып қашқан қызың Баян, Сарыбай, Қозыке атты бай тауыпты. Сарыбай әлі шықпай нағып отыр, Сыртынан төрт-бес кісі бағып отыр. Түндігі ақ отаудың жабулы тұр, Құшақтап Қозыкені Баян жатыр. Қодардың мұны көріп іші күйді, Кісінің астан қайтқан бәрін жиды. Сайланып жау-жарағын киіп алып, Қамайды тоғыз қабат жатқан үйді. – Кісілер жиындағы келді жиын, Көресің, жетім байғұс, үлкен ойын. Ойласам, ойдың түбі ойран болар, Кім жалғыздың басына болды қиын. Көп біріксе жалғыздың есі кетер, Баянды ұрар, өзгенің несі кетер. Құдай-ау, шұбар жорға ат болсын нияз, Қозыке күн бар болса есен кетер. –Қорлады тоғыз қабат ақ отауға, Қалдың ғой жетім байғұс үлкен дауға. Қодарды осындайда атып өлтір, Сен Қодардай таппасың үлкен жауды. –Айтсам да осыншақты тіл алмайсың, Тілімді қанша айтсам бір алмайсың. Қодарды қолың боста атып өлтір, Құлдан зиян көрерің біле алмайсың. –Жетті ме құлдан ажал ғаріп жанға, Күнінде қан жете алмас аққан қанға. Түспеген айтып зор күн Тәңірі-ай, Басымды қайдан қостым бір аңқауға. –Қайғымен қара көздің жасы жосты, Шырағым, қаша алмадың басың боста. Түспеген айтса сөзге ойбай Тәңір-ай, Басымды [бір] аңқауға қайдан қосты. –Шырағым, сонша жерден неге жүрдің? Бітіпті күйдірерге бауыр-сыртың. Бір жетім ел ішінде жүрмей ме екен, Болмай ма есіркесе елі-жұртым? – А, жазған, сонша алыстан неге келдің, Мен бейбақ ажалыңа себеп болдым. Бір жалғыз ел ішінде жүрмей ме екен, Нетеді есіркесең жетімді, елім? Қодар құл осы жұртты билейді екен, Бұл құлға бөтен адам тимейді екен. Жалынып елі-жұртқа жыласам да, Құдайым көзім жасын имейді екен. Құдайым әлі көзімді ашпайды екен, Тағы да бір сұмдыққа бастайды екен. Сағынып, сарғайғанда көріп едім, Басымды елі-жұртым қоспайды екен. Бұлбұлдай Баян сұлу сайрап отыр, Пышағын өлтіргелі қайрап отыр. – Қашсайшы өлмей тұрып жылдамырақ, Өлімге сен байғұсты байлап отыр. Қозыке сол арада тұра қашты, Артынан сұлу Баян арақ шашты. Қараңғы үйдің іші тұман болып, Бір-бірін күтушілер пышақтасты. Қозыке көптен қорқып қашып кетті, Жөнелді ырғып міне күрең атты. Баянды алмай кетпен деп жазған байғұс, Баяғы Шоқтерекке барып жатты. Қозыке қорыққаннан қашып кетті, Ырғып міне жөнелді күрең атты. Артына бір ала атқа міне қуып, Жете алмай Әліжаппар қайтып кетті. Қодар құл ұстай алмай ғапыл болды, Айырылып Баян жазған ақыр қалды. Зар жылап Баян байғұс отыр еді, Торғайы жетіп келді асыранды. Айрылып Қозыкеден Баян қалды, Теректен торғай досты іздей барды. Қайтып келе жатқанда бейшараны, Баянның жау жеңгесі ұстап алды. – Бір сұмдықты қыласың бүйтіп жүріп, Қозы Көрпеш Баянның тілін біліп. Бүгінгі көргеніңді айт маған, – деп, Ұрып-соғып сұрайды жүнін жұлып. Торғайды айырылмастай ұстап мықты, Тамам жүнін жұлды да, байғұс қыпты. Төбе жүнін жұлғанда, шыдай алмай, “Апам Баян Шоқ” деді де, жаны шықты. Төбе жүнін жұлғанда торғай өлген, Баянға жақ кісі жоқ бір тайпа елден. Торғайының өлгенін білмей Баян, Жүгіріп жеңгесінен сұрай келген. –Басыңды нағып жүрсің бұрмай, – дейді, Көрінсін өз басыңа сұмырай, – дейді. Шашыңды жалбыратып жетіп келдің, Бар болса бұйымтайың сұра, – дейді. Боз үйге кіріп келдім көйлегім кір, Сегіз тал алтын айдар шекеме бүр. Жеңеше, айналайын торғайым бер, Ағамен өле өлгенше дәуренің сүр. –Бермеймін торғайыңды, жаным бикеш, Күйеудің жатқан жерін адам білмес. Торғайдың жүнін жұлып сөз сұраймын, Қайда, – деп, – осы күнде Қозы Көрпеш. –Білмей ме жұрт әуелі жатқан жерін, Бермесең торғайымды қалар көңілім. Жеңеше, маған өкпең болған жоқ-ты, Торғайды қолындағы берші бермен. –Торғайды бұл жеңешең ұстап алған, Сөзімде өтірік қалет жоқ-ты жалған. Өзіңе тірі болса берер едім, Торғайың әлдеқашан өліп қалған. – Торғайға, жан жеңешем, ажал шықты-ай, Баянның күні кешер жылай-сықтай. Түгел жүнін жұлдың да, түк қоймадың, Торғайдың көтере ме, жаны шықпай. Қазасы торғайымның келді сенен, Ал, жеңгем, қалағаның тағы менен. Деседі бізге лайық көрген жандар, Келіп пе қыз таба алмай соншама елден. – Келеді Қаратаудан Қозыке асып, Күйеумен табыса көр болжалдасып. Артыңнан Әліжаппар қуып жетер, Қосылып Қозыкемен кетпе қашып. –Сол болса өсиетің, қабыл алдық, Сен болсаң туған жеңгем қылдың жаулық. Жеңеше, айналайын, бер торғайым, Берместей бір торғайды біз нағылдық? –Өлтірдім торғайыңды жүнін жұлып, Жүрсің бе қашайын деп көзің күліп. Бикешім ардақтаған қашып кетсе, Өлтірер мен байғұсты жұртым біліп. –Біздерге күлсе күлсін күлген адам, Бұл жайды неге күлсін білген адам. Жігіттер бізбен теңді үйленіпті, Өтер бит бізден күліп өтті заман. –Ой, бикеш қашты деген аты жаман, Қашып барып үйленген қандай адам. Қашамын деп қоймайсың құрып қалғыр, Сен қашсаң да қояр ма Қодар ағаң. –Жеңеше, не қылғанмын Қодарыңа, Жылқышы жылқы баққан соларыңа. Екі сөздің бірінде Қодар дейсің. Қодардың қолыңды апкел өлеріне. –Әрине, ақыр өлер тірі жүрмей, Бір күні ажал жетсе тілге келмей. Қашамын-ау, қашамын деп қоймайсың, Әкең менен шешеңнің көңілін көрмей. –Әкемнің, шешеменен көңілі қандай, Әуелі атастырған жарға бермей. Жұртымның қылған ісі мынау болса, Жеңеше, мен де өлермін тірі жүрмей. –Аһ, бикеш, жас басыңнан неге өлесің, Дүниеден жасыңда өліп не көресің. Басыңа сап-сау тұрған өлім тілеп, Күнәні азын-аулақ өңгересің. –Жеңеше, сенің өзің күнә білдің, Торғайды күнә білсең, неге жұлдың? Жеңеше, тірі болса, торғайым, бер Сіңіліңді аямастай мен не қылдым? –Аһ, бикеш, торғайыңды ұрғаным жоқ, Жүнін жұлдым, һешнәрсе қылғаным жоқ. Көңілімді қалдырғансың қатты, бикеш, Көргелі сұм жүзіңді тұрғаным жоқ. –Көрмесең көрге түсші, ол да ар маған, Торғайым өлтіргенің болар маған. Жаулық қылып өлтірдің сырласымды, Жүзімді көрмек түгіл кет садағам. –Келдің бе меніменен ұрысарға, Мен мұндай қайдан қалдым бейілі тарға. Ішінде осыншаның садағам деп, Жұртым-ау, мен не қылдым осы қарға? – Жеңеше, бикешпін деп наз қылдым ба? Өлтірдің торғайымды, аз қылдың ба? Бір торғай елі-жұртым емес еді, Айырып мұңдасымнан жазғырдың ба? Баянның осы күнде күні солды, Қайғы мен қасіретке іші толды. Жанбай жалын, күймей шоқ дегендейін, Тірі тұл осы күнде Баян болды. – Боз торғай “Шоқ” деп өлді біздің, – дейді, Қодар құл үйде отырып күлімдейді. Торғайдың шоқ дегені – “Шоқтерек” деп, “Барлық жұрт, жиылып, жүрің” дейді. Қодар құл Шоқтеректен іздеп келді, Күйеудің жатқан жерін көздеп келді. Келгенде абайламай жазған байғұс, Қодарға қол қусырып сәлем берді. Мінгені Қозыкенің күрең ат-ты, Түбінде Шоқтеректің күйеу жатты. Қайнағам деп сәлемді бергенінде, Шұнақ құл қолы сыңғыр нағып атты. Оқпенен керіп алып атты дейді, Денелеп оқ жүректен тапты дейді. Бейшара дәмі жеткен жазған байғұс, Сол жерде жер құшақтап жатты дейді. Қозыкені өлтіріп Әліжаппар, Мойнынан басын кесіп алды дейді. Бастарын Қозыкенің алды кесіп, Байлады қанжығаға ернін тесіп. “Сарыбайдың күйеуі болармыз” деп, Келеді жолдасымен әзілдесіп. Келеді Сарыбайға Қодар өзі, Баян жаққа қарайды екі көзі. Қозыкені өлтіріп, көңілі тынып, Қодар құлдың, мінеки, айтқан сөзі: – Сарыбай, Баян қызың байлы болған, Байлы болған қызыңыз сайлы болған. Шоқтеректің түбінде күйеу жатып, Теректің түбі құтты майлы болған. Қырық кісілік қуат бар бізде – дейді, Қозыкеге жолықтым түзде, – дейді. Баян қызың Қозыкені көрсінші, – деп, Басын кесіп ап келдім сізге, – дейді. Дүниесін тастап кетті көзге салмай, Арманда жар төсегін төрге салмай. – Ал, байыңның басы, – деп тастағанда, Баян жайды етегін жерге салмай. Жарлығы Құдайымның тастан қатты, Бір шыбындай ғаріп жан балдан тәтті. Құры басын құшақтап сұлу Баян, Орнынан қозғалмастан үш күн жатты. –Аһ, Баян, жарықтығым, тұршы, – депті, Баян тұрмай жылайды мұңы көпті. Жұрттан таңдап бір жігіт алып келіп, –Қозы Көрпеш қояйын атын, – депті. –Өлгенін Қозыкенің білген едім, Ұл туар Қозыкедей кімнен дедім. Борышын елі-жұрттан іздегендей, Қайымаған бурадан інген бе едім. –Әкекей, ардақтаған балаң едім, Балаңды жанған отқа салар ма едің. Өлтіртіп Қозыкені Қодарыңа, Енді өзің Баян сұмды алар ма едің? Баянға жаман істі Баян қылды, Өлтіріп Қозыкені көңілі тынды. Қозы Көрпеш маған жоқ, ай, әкеке, Өзің алмай қайтесің Баян сұмды. Баян байғұс күйікке шыдамады, “Алармын” деп Қодар құл қуанады. Қозыкені өлтірдің, ай, Әлеке, Енді мені сен алмай, кім алады. Өп-өтірік киінген Қодар бопты, Қара құстай айналып қайтып кепті. Баян сүйдеп айтқан соң Әліжаппар, –Шырақ Баян, не дейсің маған? – депті. –Өлтірдің Қозыкені, нешік жансың, Өтірік жоқ сөзімде маған нансаң. Қозыкені өлтірдің, Қодар батыр, Енді мені қор қылмай өзің алсаң. Қодар сұм мұны айтқан соң күлімдейді, Баянның алдағаны білінбейді. Қозыкені қоялық, көрсет десе, –Жылдамырақ баралық, жүрің, – дейді. –Мен бір қолқа салайын, тілімді алсаң, Өтірік жоқ сөзімде маған нансаң. Қозыкені көмелік таза жуып, Ақ некелеп Баянды өзің алсаң. Ішінен зар жылайды Баян пақыр, Қыздың тілін алады Қодар батыр. Бір түйеге кетпен мен месін теңдеп, Атқа мініп екеуі келе жатыр. Қодар сұм сол Баянды икемдейді, Бұрылып ақ бетінен сүйсем дейді. –Ойтаң-ойтаң жер келді, ойбай Баян, Кел сүйіссек қайтеді, бикеш, – дейді. –Шоқтерекке, Әлеке, келдік жуық, Зорлай берсең, кетпес пе көңілім суып. Ойнар күнің ілгері, Қодареке, Қозыкені қоялық таза жуып. Құдай-ау, іс бар екен мұндай-мұндай, Келеді Баян байғұс жылай-жылай. Көзде жас, ішінде от, зор көз, Тәңір-ай, Жетеді Шоқтерекке Баян сұмрай. Келеді ғой Шоқтерекке Баян пақыр, Болады сол арада заман ақыр. Зар жыламай нағылсын сұмрай Баян, Қозыке арыстандай болып жатыр. Көрген соң Қозыкені аттан ұшты. Басы жоқ, құр денесін барып құшты. Баянның зар еңіреген дауысымен Айналып әуе аспан жерге түсті. Баянның іші-бауыры күйіп-жанды, Не болғанын білмейді, есін танды. Қозыкені құшақтап біраз жатып, Есін жиып ойланып демін алды. Әлекем атқан екен ақша қуды, Баянға қуды көріп зор күн туды. Енді мұны көмелік таза жуып, Әлекем, бұл құдықтан әпер суды. Құдайдың өзі қылды мұндай істі, Баянның іші-бауыры күйіп-пісті. Бұл қыздың алдауына еріп Қодар, Беліне арқан байлап суға түсті. Қодарды алдап-сулап суға салды, Толтырып тоғыз месті тартып алды. Керек суын шығаріп алғаннан соң, Аузынан ғарыз сөзін сұрай қалды. Қодар құл байқамады көп айланы, Сұмдыұты Баян жазған бек ойлады. Құдықтың аузына жақындатып Арқанды бір ағашқа нық байлады. Арқанды бір ағашқа байлай салды, Қодар құл “тарта көр” деп ойбай салды. Қодардың тулағанын қызық көріп, Бетіне Баян Сұлу қарай қалды. Әлекем Қозыкені керіп атты, Қозыке керіскедей болып жатты. “Мені сүйер аузың қайсы?” десе, “Мінеки” деп құл ернін қимылдатты. Қодар құл Қозыкені керіп салды, Қозыке керіскедей болып жатты. – Мені сүйер аузың осы ма? – деп, Ырбайтып жоғары ернін кесіп алды. Құдықта Қодар батыр күрсінеді, Мұндарға мұнан жаман қылсын еді. –Аямайсың, ашпайсың, қатты ойнайсың, Ойнауың сенің, Баян, құрысын, – деді. Сарыбай жұртыменен көше қашты, Қозыке іздеймін деп арып-ашты. –Мені көрер көз кінәң осы ма? – деп, Арқанын тартып тұрып пышақ шанышты. –Бәлеңді өз басыма салдым, – дейді, Қор болып абайсызда қалдым, – дейді. Қу Баян қылмақшы едің, қылдың, – дейді, Өшіңді, бақытты қара, алдың, – дейді. –Теріңді теріскері соярмын да, Сен құлмен дәурен сүрмей қоярмын да. Жанып тұрған шырағым сөндіргенсің, Көзіңді мұнан жаман оярмын да. Қайғырып Қозыке үшін бүгілгенмін, Жанымнан бір шыбындай түңілгенмін. Өзіңе өз қылғаның мен қылғанмын, Шұнақ құл, сенен артық не қылғанмын. –Бүйткендей мен не қылдым, ойбай Баян, Һәркімнің қылған ісі Құдайға аян. Құдықтан бір шығаріп өлтірсейші, Жейді ғой мұнда жатсам жылан-шаян. Іштері қанды болсын бұл құдықтың, Өлгендей әлі саған не қылыппын? –Қозыкені өлтірдің күнәсі жоқ, Бұ да саған аз болды жаның шықсын. – Не қылайын деп едің мұнан артық, Енді мен өлмеймін бе мұнда жатып. Алмақ түгіл қасыңа жоламаймын, Арқанмен шығаріп ал жылдам тартып. Пышақты шұрқылтайдан құлға салды, Жеткізіп жетесіне былғап алды. “Шырағым, Қозыкежан, разы бол” деп, Қанынан қолын тосып ұрттап алды. Баянға, Қозыкемен обал қылды, Өлтірген Қозыкені Қодар құл-ды. Қозыкеге үш күндік өмір тілеп, Құдайға сұлу Баян бек зар қылды. Бір адам ақ шалмалы іздеп келді, – Бек зарландың, тілегің тіле, – деді. Аузы күйген бейшара, жазған Баян, Тілегін көп тілемей, аз тіледі. Бар ма екен бір Құдайға ғарыз жеткен, Рас болса сұм Баянды аяп кеткен. Баян мен Қозыкені аяғаны – Үш күндік Қозыкеге жан тербеткен. Үш күндік Қозыкеге өмір берді, Армансыз үш күн, үш түн дәурен сүрді. Үш күні уағыдалы өткеннен соң, Құдайдың аманатын қайтып берді. Қозы Көрпеш Баянның болған жайы, Түрленіп бәйшешектей солған жайы. Қозы Көрпеш өлгенде Баян да өлген, Һәркімнің сондай болсын алған жары. Мінгені Қозыкенің бсеті екен-ді, Тіккені Баян Сұлу кесте екен-ді. Қозы көрпеш өлгенде Баянда өлді, Құдайымның бұйрығы күшті екен. Бұйрығы Құдайымның күшті екен, Көнбейді Құдай салса не іске бенде. Қозыкеден сол Баян нағып қалсын, Екеуін аттастырған іште күнде. Суреті Аягөздің тұсында тұр, Қабыры екеуінің қасында тұр. Өтірік-рас екенін кім біледі, Шырылдап боз торғайы басында тұр. Осындай Қозыекенің жайы ғана, Көзімнің таусылды ғой майы ғана. Жамағат, енді бізді айып етпе, Қозы Көрпеш Баянның байығаны.
Ағылшын
Бұл тілдегі нұсқа жоқ.
Бұл тілдегі нұсқа жоқ.