Қара өлең үлгілері
Өлең көп, өлең жастан сүйгеніміз, Жоқ болса, сіздер бізден үйреніңіз. Жеңіліп осы тойда, қос келіншек, Жүрмесін жер тепкілеп үйдегіңіз!
Іздеу интерфейсі
Аннотация үдерісі, дәйексөз беру және көптілді оқу үшін жасалған зерттеу интерфейсі
Өлең көп, өлең жастан сүйгеніміз, Жоқ болса, сіздер бізден үйреніңіз. Жеңіліп осы тойда, қос келіншек, Жүрмесін жер тепкілеп үйдегіңіз!
Өлеңді айта алмаймын былтырғыдай, Ақ көйлек, ары тартсаң, жыртылғандай. Өлең айт тәуір сайлап бері отырып, Бүркіттей томағасыз ұмтылдырмай.
Аққудай айдын көлде қаңқылдаған, Әдемі даусың сұлу саңқылдаған. Дауылын қара өлеңнің соқтырғанда, Жел есер көмейіңнен аңқылдаған.
Жарысса екі жүйрік озар бірі, Көңілдің, өлең айтса, кетер кірі. Тыңдаушы төреші жұрт өзі айтады Кімдердің ұшқыр ойы, өткір тілі.
Жаяудың қамшы болар екі етегі, Ақылсыз атты оны кекетеді. Жаманға тәуір сайлап өлең айтсаң, Ертеңгі күнді үнсіз кеш етеді.
Елімнен өнерімді аянбадым, Өлеңмен көргенімді баяндадым. Сыйға сый, сыраға бал дегендейін, О, халқым, көлеңкелі саяңдамын.
Өлеңді айт дегенде тоқталмаймын, Басынан сыпыра қайың шоқ талдаймын. Тілегі көпшіліктің өлең болса, Мен неге өлең кенін ақтармаймын.
Қалауы өлең көптің деп айтамыз, Уайым артын ойлап жеп айтамыз. Әріптес көңілімізден шықпай жатса, Өлеңді құры босқа неге айтамыз.
Ауылым Алатаудың ой жағында, Болады бота сұлу тайлағында. Өзіңмен тағы да бір айтысуға Жүремін қалмай барып тойлы ауылға.
Мал жүрсе үн қатады қалың қаудыр, Қасында қарағайдың бие саудыр. Бітіріп жұмысыңды тойға келсең, Кәнеки, өлеңіңді қардай жаудыр.
Үлкендер өлең басы не дейді екен, Жез таңдай айтқан күміс көмей ме екен. Атаның жақсы салтын жалғастырсаң, Қолдан ап, қолтығыңнан демейді екен.
Қаз қонып айдын көлін қаңқылдаған, Суалып қысы-жазы тартылмаған. Бұлақтай таудан аққан тұнықсың сен, Өлеңді қанша айтса да сарқылмаған.
Өлеңді айт дегенде тоқталар ма, Басынан шын жүйріктің ноқта алар ма. Өлеңді айт дегенде қоя бермей, Шын ақын сылтау іздеп ақталар ма.
Басы еді өлеңімнің түре-сүре, Айтайын түре өлеңді үйге кіре. Өлеңім дауылдатып келе жатыр, Кетпесін үйді жығып бақан тіре.
Өлеңді айт дегенде айта алайын, Жорғадай жолға түскен тайпалайын. Әріптес, іздегенің өлең болса, Көтертіп қап-қап өлең қайтарайын.
Берейік өлең айтып заулап-заулап, Тұрған жоқ жоқты бізден ешкім даулап. Айтайық біраз өлең кезектесіп, Отырған көпшіліктің көңілін аулап.
Берейік өлең айтып тамашаға, Жақсыға жаман адам жанаса ма? Бас қосып үлкен-кіші отырғанда, Көңілін көтермесек, жараса ма?
Өрістеп мал асады аласаны, Жасайды ел жастар үшін тамашаны. Осындай үлкен-кіші бас қосқанда Отыру өлеңдетіп жарасады.
Өлеңді айт дегенде тұрыс болмас, Сөзінде үлкендердің бұрыс болмас. Ағытып ә дегенде қоя бермей, Іріккенмен өлең шіркін ырыс болмас.
Өлеңнің әрияйдай ән кемесі, Адамның қолқа жүрек, жан-денесі, Кеткенде аулың алыс, қимас қалқа, Жетпейтін жандай болам әлде несі.
Корпус метадерегінде қолданылатын атаулар мен баламаларды шолыңыз.
Мақалалар
Мақалалар, зерттеу нәтижелері
Бұл зерттеуде Шыңғыс Айтматов прозасындағы Жер-ана концептісінің семантикалық, мәдени және экологиялық категория ретінде қалыптасуы қарастырылады. Осы бағыттағы зерттеу олқылығын толықтыру мақсатында жұмыста жазушының төрт прозалық шығармасы талданады: «Плаха», «Қош бол, Гүлсары!», «Ақ кеме» және «Ғасырдан да ұзақ күн». Зерттеу барысында табиғат элементтері этикалық, эмоциялық немесе символдық мәнге ие болатын 37 үзіндіге сапалық концептуалды-семантикалық талдау жүргізілді. Үзінділерді іріктеу мәтіндерді мұқият оқу негізінде жүзеге асырылып, олар қайталанып отыратын лексикалық, метафоралық, баяндау сипатындағы және мәдени тұрғыдан мәнді белгілеріне қарай топтастырылды. Талдау нәтижесінде өзара байланысты төрт концептуалды модель анықталды: Жер-ана — өмір бастауы, аналық қамқоршы, моральдық бедел иесі және жады сақтаушы. Бұл модельдер Айтматов прозасындағы табиғаттың жай ғана оқиға өрбитін орта немесе поэтикалық бейне емес екенін көрсетеді. Керісінше, табиғат адам жауапкершілігі, мәдени сабақтастық, экологиялық осалдық және моральдық бағалау мәселелері көрініс табатын этикалық негіз қызметін атқарады. Зерттеу нәтижелері Айтматовтың көркемдік дүниетанымындағы Жер-ана концептісінің құрылымды концептуалды модель ретінде қызмет ететінін айқындау арқылы лингвомәдениеттану мен әдеби экокритика салаларына үлес қосады.
Гуманитарлық саланы цифрландыруды көздейтін мемлекетіміздің негізгі бағдарына сәйкес соңғы жылдары мәтіндік базалар құруға деген талпыныс артуда. Бұл шын мәнінде әлемдік маңызы бар қазіргі тенденциялар қатарында танылады. Корпустық ізденістердің, атап айтқанда, табиғи тілді модельдеу, тілдік алгоритмдер түзу, мәтін өңдеудің қазіргі лингвистиканың басым бағытына айналуы шынайы қажеттіліктерден туындап отыр. Бұл мақалада «Қазақ фольклорлық мәтіндерінің корпусын әзірлеудің мәтінді ғылыми талдау және зерттеуге беретін мүмкіндіктері қарастырылады. Жұмыстың негізгі бағыттары мәтіндерді жинақтау, цифрлық ортаға енгізу, морфологиялық және семантикалық таңбалау, конкорданс құру және тілдік бірліктерді статистикалық талдау әдістерін қамтиды. Зерттеудің ғылыми маңызы – қазақ фольклорын жаңа деңгейде зерделеуге, оның мәтіндік құрылымын заманауи әдіснама арқылы талдауға жол ашатын лингвистикалық корпус базасын қалыптастырудың теориялық негіздемесін ұсынып, тілдің бай қабаттарын ғылыми айналымға енгізуді көздеуінде. Негізгі нәтижелер ретінде қазақ фольклорлық мәтіндерінің корпустық моделі екшеліп, тілдік деректерді кешенді талдау мүмкіндіктері көрсетіледі. Бұл жұмыс корпус лингвистикасының теориясы мен практикасын ұлттық фольклорға бейімдеу арқылы қазақ тіл білімінде жаңа зерттеу кеңістігін ашады. Жүргізілген зерттеу фольклор мәтіндерінің тілдік табиғатын жан-жақты сипаттап, қазақ фольклортану ғылымына әдіснамалық үлес қосады.
Мақалада қазақ тілін құндылық бағдарлы оқытуда корпус деректерін қолданудың теориялық және әдістемелік негіздері қарастырылады. Құндылыққа бағдарланған білім беру тұлғаның рухани-адамгершілік, мәдени және әлеуметтік жауапкершілік қасиеттерін қалыптастыруға бағытталатыны көрсетіледі. Зерттеуде қазақ тілінің ұлттық корпусы, А. Байтұрсынұлының қазақша-орысша параллель корпусы және фольклорлық мәтіндер корпусының материалдары негізінде ұлттық құндылықтарды білдіретін тілдік бірліктердің жиілігі мен қолданыс ерекшеліктері талданды. «Ар», «намыс», «сабыр», «мейірім», «жомарттық» сияқты концептілердің мәнмәтіндік сипаты KWIC әдісі арқылы анықталды. Нәтижесінде корпус деректеріне сүйене отырып, құндылықтық мазмұнды іріктеудің және оны оқу үдерісіне енгізудің үш сатылы моделі ұсынылды. Зерттеу корпусқа негізделген оқытудың қазақ тілін меңгертумен қатар білім алушылардың мәдени-аксиологиялық дүниетанымын дамытуға мүмкіндік беретінін дәлелдейді // «Тіл мен әдебиетті құндылық бағдарлы оқыту: тәжірибе, мәселелер және перспективалары» атты ғалымдар мен мұғалімдердің халықаралық ғылыми- практикалық конференциясы материалдарының жинағы. 2 томдық., 2-том. – Астана: Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ, 2025..17-21 бб.
Бұл корпус қазақтың фолклорлық мұрасын цифрлық ортада сақтау, зерттеу және оқыту мақсатында құрылды