Қара өлең үлгілері
Берейік өлең айтып тамашаға, Жақсыға жаман адам жанаса ма? Бас қосып үлкен-кіші отырғанда, Көңілін көтермесек, жараса ма?
Іздеу интерфейсі
Аннотация үдерісі, дәйексөз беру және көптілді оқу үшін жасалған зерттеу интерфейсі
Берейік өлең айтып тамашаға, Жақсыға жаман адам жанаса ма? Бас қосып үлкен-кіші отырғанда, Көңілін көтермесек, жараса ма?
Өрістеп мал асады аласаны, Жасайды ел жастар үшін тамашаны. Осындай үлкен-кіші бас қосқанда Отыру өлеңдетіп жарасады.
Өлеңді айт дегенде тұрыс болмас, Сөзінде үлкендердің бұрыс болмас. Ағытып ә дегенде қоя бермей, Іріккенмен өлең шіркін ырыс болмас.
Өлеңнің әрияйдай ән кемесі, Адамның қолқа жүрек, жан-денесі, Кеткенде аулың алыс, қимас қалқа, Жетпейтін жандай болам әлде несі.
Көрінбес киім сұлу, қынамаса, Көрінбес шашың сұлу, сыламаса. Құры айқай түк шықпайды бос ұйқастан, Өлеңің көпшілікке ұнамаса.
Бәйгеден талай келген сұр құнаным, Шықпай жүр осы күні құрғыр әнім. Сендерді көз көрген деп құрметтеймін, Бірінен-бірі сұлу құрбыларым.
Өлеңде жорға да бар, жарыс та бар, Өзара беріс те бар, алыс та бар. Мереке күнде мұндай бола бермес, Бозбала, барың болса, қарыштап қал.
Өлеңде шабыс та бар, желіс те бар, Жеңіліс топ алдында жеңіс те бар. Қиыннан қиыстырып тауып айтар Аузында қос қалқаның періште бар.
Келемін жоғарыдан төмендетіп, Жел кеулер көйлегімді көлеңдетіп. Жас дәурен қайсымызға тұрақтамақ, Жүрейік аз ғана күн өлеңдетіп.
Өлеңді үлкен бастар «бісмілләлап», Сыймайды бір кеудеге екі талап. Торқалы тойға әдейі келгеннен соң, Айтысып отырайық тамашалап.
Жиналдық ойдағымыз, қырдағымыз, Асылдың теріп алған жұрнағымыз. Бұл жерге тамашалап келгеннен соң, Жарамас өлең айтпай тұрғанымыз.
Жарасар қара тайға қара терлік, Жігітке пайда бермес төтен ерлік. Томсарып топ алдында отырғанша Көңілді өлең айтып көтерелік.
Сөйлеймін өлеңдетіп, сөйле десең, Көрген жоқ қызға кетіп тойда есем. Жел сөздің бір-екі ауыз арқасында Серкедей қой бастаған болдық көсем.
Көзіңнен айналайын ерке назым, Өмірдің кім біледі көбін, азын. Үлкендер өлең айт деп бұйырғанда Барынша шарықтап қал, аққу, қазым.
Атадан өлең мұра демей ме екен, Ақындар бірін-бірі жебейді екен. Өлеңді бір-екі ауыз біз бастадық, Қос қалқа, енді бізге не дейді екен?
Өлеңді айт дегенде қозғайтұғын, Жүйріктен шабан шауып озбайтұғын. Өлеңді айт дегенде қоя берер Шын шешен тіл мен жағы тозбайтұғын.
Өлеңді айт дегенде ағындаймын, Жүйріктің топтан озар шағындаймын. Айтамын көпшіліктің құрметіне, Ешкімге өлең айтып жағынбаймын.
Өлең айт, қызыл тілім, жан барында, Қалайын мен де сөйлеп сен барыңда. Құрбылар, ойын-тойда ойна да күл, Жасымыз ойнап-күлер дер шағында.
Адамды біл сенімді ақтауынан, Үзілер жаман жүген жақтауынан. Қалам деп өлең таппай қорықпаймын, Жаныңа қорқам сөздің батпауынан.
Өлеңді айтып едім он жасымнан, Жақсының көңілі жұмсақ қорғасыннан. Байлықтан айырсаң да, ешқашан да Тағдырым, айырма дос-жолдасымнан.
Корпус метадерегінде қолданылатын атаулар мен баламаларды шолыңыз.
Мақалалар
Мақалалар, зерттеу нәтижелері
Бұл зерттеуде Шыңғыс Айтматов прозасындағы Жер-ана концептісінің семантикалық, мәдени және экологиялық категория ретінде қалыптасуы қарастырылады. Осы бағыттағы зерттеу олқылығын толықтыру мақсатында жұмыста жазушының төрт прозалық шығармасы талданады: «Плаха», «Қош бол, Гүлсары!», «Ақ кеме» және «Ғасырдан да ұзақ күн». Зерттеу барысында табиғат элементтері этикалық, эмоциялық немесе символдық мәнге ие болатын 37 үзіндіге сапалық концептуалды-семантикалық талдау жүргізілді. Үзінділерді іріктеу мәтіндерді мұқият оқу негізінде жүзеге асырылып, олар қайталанып отыратын лексикалық, метафоралық, баяндау сипатындағы және мәдени тұрғыдан мәнді белгілеріне қарай топтастырылды. Талдау нәтижесінде өзара байланысты төрт концептуалды модель анықталды: Жер-ана — өмір бастауы, аналық қамқоршы, моральдық бедел иесі және жады сақтаушы. Бұл модельдер Айтматов прозасындағы табиғаттың жай ғана оқиға өрбитін орта немесе поэтикалық бейне емес екенін көрсетеді. Керісінше, табиғат адам жауапкершілігі, мәдени сабақтастық, экологиялық осалдық және моральдық бағалау мәселелері көрініс табатын этикалық негіз қызметін атқарады. Зерттеу нәтижелері Айтматовтың көркемдік дүниетанымындағы Жер-ана концептісінің құрылымды концептуалды модель ретінде қызмет ететінін айқындау арқылы лингвомәдениеттану мен әдеби экокритика салаларына үлес қосады.
Гуманитарлық саланы цифрландыруды көздейтін мемлекетіміздің негізгі бағдарына сәйкес соңғы жылдары мәтіндік базалар құруға деген талпыныс артуда. Бұл шын мәнінде әлемдік маңызы бар қазіргі тенденциялар қатарында танылады. Корпустық ізденістердің, атап айтқанда, табиғи тілді модельдеу, тілдік алгоритмдер түзу, мәтін өңдеудің қазіргі лингвистиканың басым бағытына айналуы шынайы қажеттіліктерден туындап отыр. Бұл мақалада «Қазақ фольклорлық мәтіндерінің корпусын әзірлеудің мәтінді ғылыми талдау және зерттеуге беретін мүмкіндіктері қарастырылады. Жұмыстың негізгі бағыттары мәтіндерді жинақтау, цифрлық ортаға енгізу, морфологиялық және семантикалық таңбалау, конкорданс құру және тілдік бірліктерді статистикалық талдау әдістерін қамтиды. Зерттеудің ғылыми маңызы – қазақ фольклорын жаңа деңгейде зерделеуге, оның мәтіндік құрылымын заманауи әдіснама арқылы талдауға жол ашатын лингвистикалық корпус базасын қалыптастырудың теориялық негіздемесін ұсынып, тілдің бай қабаттарын ғылыми айналымға енгізуді көздеуінде. Негізгі нәтижелер ретінде қазақ фольклорлық мәтіндерінің корпустық моделі екшеліп, тілдік деректерді кешенді талдау мүмкіндіктері көрсетіледі. Бұл жұмыс корпус лингвистикасының теориясы мен практикасын ұлттық фольклорға бейімдеу арқылы қазақ тіл білімінде жаңа зерттеу кеңістігін ашады. Жүргізілген зерттеу фольклор мәтіндерінің тілдік табиғатын жан-жақты сипаттап, қазақ фольклортану ғылымына әдіснамалық үлес қосады.
Мақалада қазақ тілін құндылық бағдарлы оқытуда корпус деректерін қолданудың теориялық және әдістемелік негіздері қарастырылады. Құндылыққа бағдарланған білім беру тұлғаның рухани-адамгершілік, мәдени және әлеуметтік жауапкершілік қасиеттерін қалыптастыруға бағытталатыны көрсетіледі. Зерттеуде қазақ тілінің ұлттық корпусы, А. Байтұрсынұлының қазақша-орысша параллель корпусы және фольклорлық мәтіндер корпусының материалдары негізінде ұлттық құндылықтарды білдіретін тілдік бірліктердің жиілігі мен қолданыс ерекшеліктері талданды. «Ар», «намыс», «сабыр», «мейірім», «жомарттық» сияқты концептілердің мәнмәтіндік сипаты KWIC әдісі арқылы анықталды. Нәтижесінде корпус деректеріне сүйене отырып, құндылықтық мазмұнды іріктеудің және оны оқу үдерісіне енгізудің үш сатылы моделі ұсынылды. Зерттеу корпусқа негізделген оқытудың қазақ тілін меңгертумен қатар білім алушылардың мәдени-аксиологиялық дүниетанымын дамытуға мүмкіндік беретінін дәлелдейді // «Тіл мен әдебиетті құндылық бағдарлы оқыту: тәжірибе, мәселелер және перспективалары» атты ғалымдар мен мұғалімдердің халықаралық ғылыми- практикалық конференциясы материалдарының жинағы. 2 томдық., 2-том. – Астана: Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ, 2025..17-21 бб.
Бұл корпус қазақтың фолклорлық мұрасын цифрлық ортада сақтау, зерттеу және оқыту мақсатында құрылды