Қара өлең үлгілері
Арқаның көз тартады жасыл белі, Жүйріктің қызса шығар ащы тері. Қарсы ұшпай қаршығадай қанат қағып, Қайда жүр ақын жігіт, шақыр бері.
Іздеу интерфейсі
Аннотация үдерісі, дәйексөз беру және көптілді оқу үшін жасалған зерттеу интерфейсі
Арқаның көз тартады жасыл белі, Жүйріктің қызса шығар ащы тері. Қарсы ұшпай қаршығадай қанат қағып, Қайда жүр ақын жігіт, шақыр бері.
Тұлпарда арықтаған жал болар ма, Шын ақын өлең таппай дал болар ма? Өлеңді айт дегенде қоя бермей, Көңілің—қора, өлеңің—мал болар ма?
Тойына екі жастың кеп отырмыз, Жоқ болса бізге әріптес, неге отырмыз. Игайға ақындықпен баспасақ та, «Ұят қой өлең айтпау» деп отырмыз.
Өлеңді мен айтпаймын етіп ермек, Айтамын жабыққанның көңілін демдеп. Жігіттер, жастық шақта ойна да күл, Жас жетсе, келмей қоймас ажал-жендет.
Ат жақсы қамшылатпай жорғалаған, Ақын ба өлең айтпай қорғалаған. Түскенде сен есіме, қимас қалқа, Көз жасым нөсер болды сорғалаған.
Бастайын, баста десең, өлеңімді, Арман не қыздан көрсем көрерімді. Дауылын қара өлеңнің соқтырайын, Қайтейін сізден аяп өнерімді.
Болады өлең басы бірден сабақ, Алдында үлкендердің жезден табақ. Аузын ала қаптың ашқандай ғып Өлеңді жіберемін жүндей сабап.
Басы еді өлеңімнің айым-қайым, Бітеді саздау жерге тал мен қайың. Кез болған қиуада ақын бикеш, Біздермен айтысуға бар ма жайың?
Той десе тастап келем бар ісімді, Іздеймін тойдан ескі танысымды. Көңілім өзің жаққа ала қашар, Естісем күндік жерден дауысыңды.
Татымас алтыныма жезің деймін, Айта алар қара өлеңді өзімдей кім. Өлеңді айтар болсаң бүгін айтқын, Күнде өстіп келе бермес кезің деймін.
Тыпыршып жер тарпыған қаракердей, Ән десе аяймын ба сала бермей. Келеді жастар жиын, тойға неге, Өлеңнің дәу перісін ала келмей.
Қарағым, айналайын сықылыңнан, Сияқты қысыр жылан мықыныңнан. Өлеңді айт дегенде қоя берші, Ақындық үзілмеген тұқымыңнан.
Қара екен қарағайдың қаршығасы, Аузымнан балдай сөзім тамшылашы. Сыртыңнан даңқыңды естіп келдім іздеп, Жел сөзді бір-екі ауыз қамшылашы.
Отырдың жаңа келіп тұсымызға, Алдырдың неше қоян құсыңызға? Өлеңге еш жарымай жүргенімде Кез келді айтысуға осы мырза.
Өлеңім көлдей ме екен, селдей ме екен. Ол қостап, мен бастасам, ермей ме екен. Алыстан ат арылтып келгенімде Жанынан құдаша орын бермей ме екен?
Кигенім аяғыма саптама етік, Өзіңді өлең айтам мақтан етіп. Аулыңа сен шақырсаң, мен барар ем, Арада тау тұрса да аттап өтіп.
Болмайды тұнде ұшса да үкі батыр, Қайда әлгі ақын жігіт, бері шақыр. Қыз жаққа шақыртпай-ақ, келмей ме өзі, Шөп алмас қой аузынан шығар пақыр.
Әдейі мені мұнда шақырғызды, Өлеңнің сары қымызын сапырғызды. Қайда отыр әріптесім, әпкел бері, Көре алмай отырмын ғой ақын қызды.
Мылтыққа киік көрмей оқ салмаймын, Болмай ма жай тұрса да шоқпар да айбын. Алдыма айтар кісі кез келгенде Өрбітпей өлеңімді тоқталмаймын.
Кигенім аяғыма кебіс еді, Айғырмен қасқа байтал тебіседі. Қалауын көңілімнің паш еткендей Өлеңім өлеңіңмен өбіседі.
Корпус метадерегінде қолданылатын атаулар мен баламаларды шолыңыз.
Мақалалар
Мақалалар, зерттеу нәтижелері
Бұл зерттеуде Шыңғыс Айтматов прозасындағы Жер-ана концептісінің семантикалық, мәдени және экологиялық категория ретінде қалыптасуы қарастырылады. Осы бағыттағы зерттеу олқылығын толықтыру мақсатында жұмыста жазушының төрт прозалық шығармасы талданады: «Плаха», «Қош бол, Гүлсары!», «Ақ кеме» және «Ғасырдан да ұзақ күн». Зерттеу барысында табиғат элементтері этикалық, эмоциялық немесе символдық мәнге ие болатын 37 үзіндіге сапалық концептуалды-семантикалық талдау жүргізілді. Үзінділерді іріктеу мәтіндерді мұқият оқу негізінде жүзеге асырылып, олар қайталанып отыратын лексикалық, метафоралық, баяндау сипатындағы және мәдени тұрғыдан мәнді белгілеріне қарай топтастырылды. Талдау нәтижесінде өзара байланысты төрт концептуалды модель анықталды: Жер-ана — өмір бастауы, аналық қамқоршы, моральдық бедел иесі және жады сақтаушы. Бұл модельдер Айтматов прозасындағы табиғаттың жай ғана оқиға өрбитін орта немесе поэтикалық бейне емес екенін көрсетеді. Керісінше, табиғат адам жауапкершілігі, мәдени сабақтастық, экологиялық осалдық және моральдық бағалау мәселелері көрініс табатын этикалық негіз қызметін атқарады. Зерттеу нәтижелері Айтматовтың көркемдік дүниетанымындағы Жер-ана концептісінің құрылымды концептуалды модель ретінде қызмет ететінін айқындау арқылы лингвомәдениеттану мен әдеби экокритика салаларына үлес қосады.
Гуманитарлық саланы цифрландыруды көздейтін мемлекетіміздің негізгі бағдарына сәйкес соңғы жылдары мәтіндік базалар құруға деген талпыныс артуда. Бұл шын мәнінде әлемдік маңызы бар қазіргі тенденциялар қатарында танылады. Корпустық ізденістердің, атап айтқанда, табиғи тілді модельдеу, тілдік алгоритмдер түзу, мәтін өңдеудің қазіргі лингвистиканың басым бағытына айналуы шынайы қажеттіліктерден туындап отыр. Бұл мақалада «Қазақ фольклорлық мәтіндерінің корпусын әзірлеудің мәтінді ғылыми талдау және зерттеуге беретін мүмкіндіктері қарастырылады. Жұмыстың негізгі бағыттары мәтіндерді жинақтау, цифрлық ортаға енгізу, морфологиялық және семантикалық таңбалау, конкорданс құру және тілдік бірліктерді статистикалық талдау әдістерін қамтиды. Зерттеудің ғылыми маңызы – қазақ фольклорын жаңа деңгейде зерделеуге, оның мәтіндік құрылымын заманауи әдіснама арқылы талдауға жол ашатын лингвистикалық корпус базасын қалыптастырудың теориялық негіздемесін ұсынып, тілдің бай қабаттарын ғылыми айналымға енгізуді көздеуінде. Негізгі нәтижелер ретінде қазақ фольклорлық мәтіндерінің корпустық моделі екшеліп, тілдік деректерді кешенді талдау мүмкіндіктері көрсетіледі. Бұл жұмыс корпус лингвистикасының теориясы мен практикасын ұлттық фольклорға бейімдеу арқылы қазақ тіл білімінде жаңа зерттеу кеңістігін ашады. Жүргізілген зерттеу фольклор мәтіндерінің тілдік табиғатын жан-жақты сипаттап, қазақ фольклортану ғылымына әдіснамалық үлес қосады.
Мақалада қазақ тілін құндылық бағдарлы оқытуда корпус деректерін қолданудың теориялық және әдістемелік негіздері қарастырылады. Құндылыққа бағдарланған білім беру тұлғаның рухани-адамгершілік, мәдени және әлеуметтік жауапкершілік қасиеттерін қалыптастыруға бағытталатыны көрсетіледі. Зерттеуде қазақ тілінің ұлттық корпусы, А. Байтұрсынұлының қазақша-орысша параллель корпусы және фольклорлық мәтіндер корпусының материалдары негізінде ұлттық құндылықтарды білдіретін тілдік бірліктердің жиілігі мен қолданыс ерекшеліктері талданды. «Ар», «намыс», «сабыр», «мейірім», «жомарттық» сияқты концептілердің мәнмәтіндік сипаты KWIC әдісі арқылы анықталды. Нәтижесінде корпус деректеріне сүйене отырып, құндылықтық мазмұнды іріктеудің және оны оқу үдерісіне енгізудің үш сатылы моделі ұсынылды. Зерттеу корпусқа негізделген оқытудың қазақ тілін меңгертумен қатар білім алушылардың мәдени-аксиологиялық дүниетанымын дамытуға мүмкіндік беретінін дәлелдейді // «Тіл мен әдебиетті құндылық бағдарлы оқыту: тәжірибе, мәселелер және перспективалары» атты ғалымдар мен мұғалімдердің халықаралық ғылыми- практикалық конференциясы материалдарының жинағы. 2 томдық., 2-том. – Астана: Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ, 2025..17-21 бб.
Бұл корпус қазақтың фолклорлық мұрасын цифрлық ортада сақтау, зерттеу және оқыту мақсатында құрылды