Іздеу интерфейсі

Фолклор мәтіндері корпусы

Аннотация үдерісі, дәйексөз беру және көптілді оқу үшін жасалған зерттеу интерфейсі

4667 Жалпы жазба
189,330 Бірегей сөзформа (толық индекс)
4102 Құжаттың орташа ұзындығы
Өрістер: title content genre region collector
Операторлар: AND OR NOT
Дәл/нақты тіркес: "..." тырнақшаға алыңыз
Тазалау

Нәтижелер: конкорданс, жиілік, коллокациялар

Корпус жазбалары

20 / 4667 жазба көрсетілуде

Қара өлең үлгілері

Қосақтың басы болар жебей саулық, Жарасар келіншекке жібек жаулық. Кеткенде ауылың алыс, ей, қарағым, Жүреді күндіз-түні көңілім ауып.

Жанр: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Ер жігіт бақыт таппас, талап етпей, Жетпейді арманына бейнет шекпей. Талқандап тау болса да жол салармын, Шын ғашық тоқтала ма сертке жетпей.

Жанр: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Күн шығады жарқырап маңдайыңнан, Ән шығады тамылжып таңдайыңнан. Түлеп ұшқан ұядан ақ сұңқарым, Жаратылдың адамның қандайынан.

Жанр: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Ары өтейін аулыңнан, бері өтейін, Шалбарымның балағын зерлетейін. Өзің көңіл бергенде, ей, қарағым, Не көрсем де, жалғаннан бірге өтейін.

Жанр: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Сен дегенде, қалқатай, қандай болдым, Атып бөкен байлаған жандай болдым. Алыс ауылың кеткенде, әттең, қалқам, Үйірінен айырылған қаздай болдым.

Жанр: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Ақ торғындай кіршіксіз ақ тамағың, Дарияның ішінде ақ шабағым. Жазық маңдай, қолаң шаш, алма мойын, Адам қарап тұрғандай қас-қабағың.

Жанр: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Алдында есігіңнің тал бар, қалқам, Әркімнің көкірегінде жан бар, қалқам. Құрбыға құрбы лайық деп отырмын, Әйтпесе менің сенде нем бар, қалқам.

Жанр: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Болғанда ой бүлдірген, қыр бүлдірген, Ойпаңнан теріп жедім бір бүлдірген. Бергенде өзің көңіл, ей, әріптес, Кісіге сенен басқа сыр білдірмен.

Жанр: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Болғанда ой тошала, қыр тошала, Ойпаңнан алып келдім бір тошала. Көңілің шыныменен менде болса, Орнымды ерте бастан оңашала.

Жанр: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Алқа таққан ақ мойын қарағым-ай, Неден, қалқам, көңілің болады лай. Сені аңсап, сағынып келіп едім, Жолыға алмай өзіңе барамын-ай.

Жанр: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Жоғарыдан келемін төмендетіп, Өткен күнді елес қып, өлең етіп. Сен есіме түскенде, ерке сәулем, Еңсем түсіп отырам төмен кетіп.

Жанр: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Тобылғының түбінде ін бар ма екен, Сүйген жардың бойында мін бар ма екен. Сағыныштан мен бүгін әнге салдым, Ақ сәулені көретін күн бар ма екен.

Жанр: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Сусылдар шайы көйлек кір болмаса, Айтпаушы ем өтірік сөз шын болмаса. Отырмын көп ішінде атыңды атап, Дауысыңды бір шығаршы тым болмаса.

Жанр: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Жирен тай ма, ақ тай ма, қызыл тай ма, Айдап салсам, жатады терең сайда. Айтар болсаң, сөзіңді бүгін айтшы, Бүгіннен соң бір ауыз сөзің қайда.

Жанр: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Жыртық-бүтін кигенім, жыртық-бүтін, Жұлым үйден шығады қисық түтін. Қайсыбірін айтайын арман қылып, Сыртым бүтін болғанмен, ішім түтін.

Жанр: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Есігімнің алдында жалғыз арша, Көп қызыға қараймын бұған қанша. Жақсы әуенің кетпейді құлағымнан, Қайта айналып өзіңе жолыққанша.

Жанр: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Жоғарыдан келемін заулай түсіп, Орған қамыс қалады баудай түсіп. Қалқатайдың қылығын еске алғанда, Жата алмаймын төсекте аунай түсіп.

Жанр: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Хас сұлудың жанары жалтылдайды, Білімдінің сөздері алтындай-ды. Қайсыбірін айтайын арман қылып, Сені ойласам, буыным қалтылдайды.

Жанр: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Айғайладым, артыңнан дауыстадым, Дауыстаймын дедім де, дау ұстадым. Бірге отырып өзіңмен сырласқанда, Бір пиала шайымды тауыспадым.

Жанр: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Алтын аяқ болғанда, күміс табақ, Құралай көз болғанда қиғаш қабақ. Іздегенмен сіздей жан табылмайды, Табылса да, болады некен-саяқ.

Жанр: Қара өлең
Алдыңғы 130 / 234 бет Келесі

Анықтамалық

Корпус метадерегінде қолданылатын атаулар мен баламаларды шолыңыз.

Мақалалар

Мақалалар, зерттеу нәтижелері

Шыңғыс Айтматов прозасындағы Жер-ана — көпқабатты концепт: семантикалық, мәдени және экологиялық талдау

Бұл зерттеуде Шыңғыс Айтматов прозасындағы Жер-ана концептісінің семантикалық, мәдени және экологиялық категория ретінде қалыптасуы қарастырылады. Осы бағыттағы зерттеу олқылығын толықтыру мақсатында жұмыста жазушының төрт прозалық шығармасы талданады: «Плаха», «Қош бол, Гүлсары!», «Ақ кеме» және «Ғасырдан да ұзақ күн». Зерттеу барысында табиғат элементтері этикалық, эмоциялық немесе символдық мәнге ие болатын 37 үзіндіге сапалық концептуалды-семантикалық талдау жүргізілді. Үзінділерді іріктеу мәтіндерді мұқият оқу негізінде жүзеге асырылып, олар қайталанып отыратын лексикалық, метафоралық, баяндау сипатындағы және мәдени тұрғыдан мәнді белгілеріне қарай топтастырылды. Талдау нәтижесінде өзара байланысты төрт концептуалды модель анықталды: Жер-ана — өмір бастауы, аналық қамқоршы, моральдық бедел иесі және жады сақтаушы. Бұл модельдер Айтматов прозасындағы табиғаттың жай ғана оқиға өрбитін орта немесе поэтикалық бейне емес екенін көрсетеді. Керісінше, табиғат адам жауапкершілігі, мәдени сабақтастық, экологиялық осалдық және моральдық бағалау мәселелері көрініс табатын этикалық негіз қызметін атқарады. Зерттеу нәтижелері Айтматовтың көркемдік дүниетанымындағы Жер-ана концептісінің құрылымды концептуалды модель ретінде қызмет ететінін айқындау арқылы лингвомәдениеттану мен әдеби экокритика салаларына үлес қосады.

Қазақ фольклорлық мәтіндерінің корпусы: ғылыми талдау және зерттеу мүмкіндіктері

Гуманитарлық саланы цифрландыруды көздейтін мемлекетіміздің негізгі бағдарына сәйкес соңғы жылдары мәтіндік базалар құруға деген талпыныс артуда. Бұл шын мәнінде әлемдік маңызы бар қазіргі тенденциялар қатарында танылады. Корпустық ізденістердің, атап айтқанда, табиғи тілді модельдеу, тілдік алгоритмдер түзу, мәтін өңдеудің қазіргі лингвистиканың басым бағытына айналуы шынайы қажеттіліктерден туындап отыр. Бұл мақалада «Қазақ фольклорлық мәтіндерінің корпусын әзірлеудің мәтінді ғылыми талдау және зерттеуге беретін мүмкіндіктері қарастырылады. Жұмыстың негізгі бағыттары мәтіндерді жинақтау, цифрлық ортаға енгізу, морфологиялық және семантикалық таңбалау, конкорданс құру және тілдік бірліктерді статистикалық талдау әдістерін қамтиды. Зерттеудің ғылыми маңызы – қазақ фольклорын жаңа деңгейде зерделеуге, оның мәтіндік құрылымын заманауи әдіснама арқылы талдауға жол ашатын лингвистикалық корпус базасын қалыптастырудың теориялық негіздемесін ұсынып, тілдің бай қабаттарын ғылыми айналымға енгізуді көздеуінде. Негізгі нәтижелер ретінде қазақ фольклорлық мәтіндерінің корпустық моделі екшеліп, тілдік деректерді кешенді талдау мүмкіндіктері көрсетіледі. Бұл жұмыс корпус лингвистикасының теориясы мен практикасын ұлттық фольклорға бейімдеу арқылы қазақ тіл білімінде жаңа зерттеу кеңістігін ашады. Жүргізілген зерттеу фольклор мәтіндерінің тілдік табиғатын жан-жақты сипаттап, қазақ фольклортану ғылымына әдіснамалық үлес қосады.

Қазақ тілін құндылық бағдарлы оқытуда корпус деректерін қолдану

Мақалада қазақ тілін құндылық бағдарлы оқытуда корпус деректерін қолданудың теориялық және әдістемелік негіздері қарастырылады. Құндылыққа бағдарланған білім беру тұлғаның рухани-адамгершілік, мәдени және әлеуметтік жауапкершілік қасиеттерін қалыптастыруға бағытталатыны көрсетіледі. Зерттеуде қазақ тілінің ұлттық корпусы, А. Байтұрсынұлының қазақша-орысша параллель корпусы және фольклорлық мәтіндер корпусының материалдары негізінде ұлттық құндылықтарды білдіретін тілдік бірліктердің жиілігі мен қолданыс ерекшеліктері талданды. «Ар», «намыс», «сабыр», «мейірім», «жомарттық» сияқты концептілердің мәнмәтіндік сипаты KWIC әдісі арқылы анықталды. Нәтижесінде корпус деректеріне сүйене отырып, құндылықтық мазмұнды іріктеудің және оны оқу үдерісіне енгізудің үш сатылы моделі ұсынылды. Зерттеу корпусқа негізделген оқытудың қазақ тілін меңгертумен қатар білім алушылардың мәдени-аксиологиялық дүниетанымын дамытуға мүмкіндік беретінін дәлелдейді // «Тіл мен әдебиетті құндылық бағдарлы оқыту: тәжірибе, мәселелер және перспективалары» атты ғалымдар мен мұғалімдердің халықаралық ғылыми- практикалық конференциясы материалдарының жинағы. 2 томдық., 2-том. – Астана: Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ, 2025..17-21 бб.

Жоба туралы мәлімет

Бұл корпус қазақтың фолклорлық мұрасын цифрлық ортада сақтау, зерттеу және оқыту мақсатында құрылды