Қара өлең үлгілері
Дәйім менің мінгенім ала құнан, Қыздардың жел соғады балағынан. Шортандай шабақ қуған шөпілдетіп, Сүйер ме ем сол қалқаның тамағынан.
Іздеу интерфейсі
Аннотация үдерісі, дәйексөз беру және көптілді оқу үшін жасалған зерттеу интерфейсі
Дәйім менің мінгенім ала құнан, Қыздардың жел соғады балағынан. Шортандай шабақ қуған шөпілдетіп, Сүйер ме ем сол қалқаның тамағынан.
Дәйім менің мінгенім шұбалаң кер, Қос сақина қолымда бұрама зер. Ауылың алыс кеткенде, ей, қарағым, Көзге күйік болады ойнаған жер.
Дәйім менің мінгенім құла қасқа, Таудан соқпақ салдырдым құламасқа. Ауылың алыс кеткенде, құрбыластар, Бет орамал беріп кет жыламасқа.
Дәйім менің мінгенім көгілдірік, Көк дөненге жарасар өмілдірік. Жерің шалғай кеткенде, құрбыластар, Осы әніме сала жүр төгілдіріп.
Көрінер кісем сұлу шығыршықтан, Өзіңді жақсы көрдім бір қылықтан. Кеткенде ауылың алыс, ей, қарағым, Жетер ме, айтсам сәлем бұлдырықтан?!
Көрінер кісем сұлу бауы ұзыннан, Арылар, түйсе, тары қауызынан. Кеткенде ауылың алыс, беу, қарағым, Жетер ме, айтсам сәлем ауызымнан.
Көрінер кісем сұлу маржандаған, Маржаны түсіп қалып арзандаған. Мен саған жастайымнан құмар едім, Бар болса, айтып қалшы, айтар маған.
Көрінер кісем сұлу құймасынан, Бір сөзді айта салдым қимасынан. Бергенде өзің көңіл, қалқатайым, Жалғанда құс ұшырман бір басыңнан.
Көрінер кісем сұлу дөңгелектен, Қалқатай, жақсы көрдім бір бөлектен. Кеткенде ауылың алыс, ей, қарағым, Жетер ме, айтсам сәлем көбелектен.
Көрінер кісем сұлу оқшантайдан, Қалқаны жақсы көрем кішкентайдан. Кеткенде ауылың алыс, ей, қалқатай, Жетер ме айтсам сәлем күйкентайдан.
Көрінесің көзіме егіндей боп, Егіннің желкілдеген көгіндей боп. Кеткенде ауылың алыс, ей, қарағым, Көзіме кім көрінер өзіңдей боп.
Әуеде ұшып жүрген сары ала қаз, Айдын көлдің ортасы көкорай саз. Сен іздесең, қалқатай, мен сұраған, Күліп-ойнап қалайық бір-екі жаз.
Әуеде ұшып жүрген қара инелік, Ұшады қара инелік зар иленіп. Кеткенде ауылың алыс, ей, қарағым, Қалды ғой қабырғама қан иленіп.
Әуеде ұшып жүрген ұлар ма екен, Баласын атып алсам, жылар ма екен. Кеткенде ауылың алыс, ей, қарағым, Өлеңге өстіп қоссам ұнар ма екен.
Әуеден ұшып жүрген ақ кекілік, Үзді ғой шідерімді ат секіріп. Кеткенде ауылың алыс, ей, қалқатай, Үш тұрып, үш отырдым қатты өкініп.
Әуеден ұшып жүрген ала қаздай, Айырылған үйірінен бала қаздай. Кеткенде ауылың алыс, ей, қарағым, Нәр татпан сені ойлап ала жаздай.
Әуеде ұшып жүрген көкек деген, Бауырында балапаны секектеген. Ойымда үш ұйықтасам бар ма менің, Айырылып қалқатайым кетед деген.
Үстімде бір бешпентім дүриядан, Ұшырдым екі сұңқар бір ұядан. Кеткенде ауылың алыс, ей, қарағым, Жетер ме айтсам сәлем зымиядан.
Үстімде бір бешпентім ыдыраптан, Жоғалмас байдың малы қыдыр баққан. Кеткенде ауылың алыс, ей, қарағым, Танимын әуезіңнен сылдыр қаққан.
Үстімде бір бешпентім қынамалы, Бір өлең айтып қалдым сынағалы. Бергенде өзің көңіл, қалқатай-ау, Жас келді қара көзге жылағалы.
Корпус метадерегінде қолданылатын атаулар мен баламаларды шолыңыз.
Мақалалар
Мақалалар, зерттеу нәтижелері
Бұл зерттеуде Шыңғыс Айтматов прозасындағы Жер-ана концептісінің семантикалық, мәдени және экологиялық категория ретінде қалыптасуы қарастырылады. Осы бағыттағы зерттеу олқылығын толықтыру мақсатында жұмыста жазушының төрт прозалық шығармасы талданады: «Плаха», «Қош бол, Гүлсары!», «Ақ кеме» және «Ғасырдан да ұзақ күн». Зерттеу барысында табиғат элементтері этикалық, эмоциялық немесе символдық мәнге ие болатын 37 үзіндіге сапалық концептуалды-семантикалық талдау жүргізілді. Үзінділерді іріктеу мәтіндерді мұқият оқу негізінде жүзеге асырылып, олар қайталанып отыратын лексикалық, метафоралық, баяндау сипатындағы және мәдени тұрғыдан мәнді белгілеріне қарай топтастырылды. Талдау нәтижесінде өзара байланысты төрт концептуалды модель анықталды: Жер-ана — өмір бастауы, аналық қамқоршы, моральдық бедел иесі және жады сақтаушы. Бұл модельдер Айтматов прозасындағы табиғаттың жай ғана оқиға өрбитін орта немесе поэтикалық бейне емес екенін көрсетеді. Керісінше, табиғат адам жауапкершілігі, мәдени сабақтастық, экологиялық осалдық және моральдық бағалау мәселелері көрініс табатын этикалық негіз қызметін атқарады. Зерттеу нәтижелері Айтматовтың көркемдік дүниетанымындағы Жер-ана концептісінің құрылымды концептуалды модель ретінде қызмет ететінін айқындау арқылы лингвомәдениеттану мен әдеби экокритика салаларына үлес қосады.
Гуманитарлық саланы цифрландыруды көздейтін мемлекетіміздің негізгі бағдарына сәйкес соңғы жылдары мәтіндік базалар құруға деген талпыныс артуда. Бұл шын мәнінде әлемдік маңызы бар қазіргі тенденциялар қатарында танылады. Корпустық ізденістердің, атап айтқанда, табиғи тілді модельдеу, тілдік алгоритмдер түзу, мәтін өңдеудің қазіргі лингвистиканың басым бағытына айналуы шынайы қажеттіліктерден туындап отыр. Бұл мақалада «Қазақ фольклорлық мәтіндерінің корпусын әзірлеудің мәтінді ғылыми талдау және зерттеуге беретін мүмкіндіктері қарастырылады. Жұмыстың негізгі бағыттары мәтіндерді жинақтау, цифрлық ортаға енгізу, морфологиялық және семантикалық таңбалау, конкорданс құру және тілдік бірліктерді статистикалық талдау әдістерін қамтиды. Зерттеудің ғылыми маңызы – қазақ фольклорын жаңа деңгейде зерделеуге, оның мәтіндік құрылымын заманауи әдіснама арқылы талдауға жол ашатын лингвистикалық корпус базасын қалыптастырудың теориялық негіздемесін ұсынып, тілдің бай қабаттарын ғылыми айналымға енгізуді көздеуінде. Негізгі нәтижелер ретінде қазақ фольклорлық мәтіндерінің корпустық моделі екшеліп, тілдік деректерді кешенді талдау мүмкіндіктері көрсетіледі. Бұл жұмыс корпус лингвистикасының теориясы мен практикасын ұлттық фольклорға бейімдеу арқылы қазақ тіл білімінде жаңа зерттеу кеңістігін ашады. Жүргізілген зерттеу фольклор мәтіндерінің тілдік табиғатын жан-жақты сипаттап, қазақ фольклортану ғылымына әдіснамалық үлес қосады.
Мақалада қазақ тілін құндылық бағдарлы оқытуда корпус деректерін қолданудың теориялық және әдістемелік негіздері қарастырылады. Құндылыққа бағдарланған білім беру тұлғаның рухани-адамгершілік, мәдени және әлеуметтік жауапкершілік қасиеттерін қалыптастыруға бағытталатыны көрсетіледі. Зерттеуде қазақ тілінің ұлттық корпусы, А. Байтұрсынұлының қазақша-орысша параллель корпусы және фольклорлық мәтіндер корпусының материалдары негізінде ұлттық құндылықтарды білдіретін тілдік бірліктердің жиілігі мен қолданыс ерекшеліктері талданды. «Ар», «намыс», «сабыр», «мейірім», «жомарттық» сияқты концептілердің мәнмәтіндік сипаты KWIC әдісі арқылы анықталды. Нәтижесінде корпус деректеріне сүйене отырып, құндылықтық мазмұнды іріктеудің және оны оқу үдерісіне енгізудің үш сатылы моделі ұсынылды. Зерттеу корпусқа негізделген оқытудың қазақ тілін меңгертумен қатар білім алушылардың мәдени-аксиологиялық дүниетанымын дамытуға мүмкіндік беретінін дәлелдейді // «Тіл мен әдебиетті құндылық бағдарлы оқыту: тәжірибе, мәселелер және перспективалары» атты ғалымдар мен мұғалімдердің халықаралық ғылыми- практикалық конференциясы материалдарының жинағы. 2 томдық., 2-том. – Астана: Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ, 2025..17-21 бб.
Бұл корпус қазақтың фолклорлық мұрасын цифрлық ортада сақтау, зерттеу және оқыту мақсатында құрылды