Қара өлең үлгілері
Құрбы сәні келмейді ойнап-күлмей, Қыздың сәні келмейді барша кимей. Алыстағы махаббат арман болар, Екі ғашық сырласып бірге жүрмей.
Іздеу интерфейсі
Аннотация үдерісі, дәйексөз беру және көптілді оқу үшін жасалған зерттеу интерфейсі
Құрбы сәні келмейді ойнап-күлмей, Қыздың сәні келмейді барша кимей. Алыстағы махаббат арман болар, Екі ғашық сырласып бірге жүрмей.
Қос құрбы біз дегенде әнге салғай, Аулыңа жете алмаймын жерің шалғай. Сағынып бір өзіңді жүргенімде, Болмаса әнге қосып есіңе алғай.
Ой, қалқа, қиғаш қасың қиылып тұр, Бетіңе нұрлы сәуле жиылып тұр. Гүл атқан қырмызыдай қызыл ерін, Сүюге қандай жанға бұйырып тұр.
Құрбым-ау, серттеселік, серттеселік, Сақтаса серттен Құдай ептеселік. Көңілің, сірә, бізде болса егер, Тасындай диірменнің беттеселік.
Қарағым, төмен қарап назданасың, Кім білсін қуаныштың азғанасын. Қосылса екі ғашық бір жерге егер, Жүректің бітірмей ме сан жарасын.
Қарағым, көркің сенің көктемдейін, Жетпесең уағдаңа, өкпелеймін. Осыдан қол ұстасып бір кетпесең, Жас жүрек жұбанбайды көпке дейін.
Қарағым, айналайын, қарадым-ай, Шашыңды қос бұрымдап тарадың-ай. Айырылып сенен, еркем, қалғаннан соң, Бурадай қаңтардағы жарадым-ай.
Қарағым, сен ар жақта, мен бер жақта, Ойнайды торы арғымақ тал шарбақта. Ойымнан жатсам-тұрсам бір кетпейсің, Сенімен қосылсам деп жастық шақта.
Қарағым, айналайын, көзіңізден, Аузыңда мың ділдалық сөзіңізден. Бағаңа, бағаласам, жан жетпейді, Садаға жиырма бес қыз өзіңізден.
Қарағым, айналайын, қасың керік, Мал болсаң алар едім бәсін беріп. Мен саған басыбайлы бол демеймін, Жүрсеңші азғантай күн қасыма еріп.
Қарағым, айналайын, ұтымыңнан, Құмырсқа бел үзілген мықыныңнан. Бағаласам бағаңа жан жетпейді, Қандай жанның жаралдың тұқымынан.
Қарағым, айым да сен, күнім де сен, Қасқа тісің ақсияр күлімдесең. Ай мен күндей жанымда сен жүргенде, Ауыт басып, адасып сүрінбес ем.
Қарағым, айналайын, қырғи қабақ, Сен едің суда жүзген алтын шабақ. Салсам да күміс қармақ ілінбейсің, Қайтейін қылығыңды, беу, ақтамақ.
Қарағым, айналайын, қандай едің, Құрбыңның өзің теңдес маңдайы едің. Өзіңмен күліп-ойнап жүрген шақта, Қол жеткен мұратыма жандай едім.
Қарағым, айналайын, асылым-ай, Ойнар ма едім асылмен асылып-ай. Ойнай қалсам асылмен асылып-ай, Қалсын ақша төсекте шашылып-ай.
Қалқатай, сен ар жақта, мен бер жақта, Шұлғиды кер арғымақ, бау шарбақта. Қолымда құнан атан шүйіншім бар, Ауылы қалқатайдың дәл қай жақта.
Қалқатай, келдің қайдан, кеттің қайдан, Ала үйрек алма мойын ұшар сайдан. Кеткенде ауылың алыс, ей, қарағым, Жетер ме, айтсам сәлем тұрымтайдан.
Қалқатай, сен дегенде қандай болдым? Байланған атып бөкен сондай болдым. Кеткенде ауылың алыс, жерің шалғай, Айырылған үйірінен қаздай болдым.
Қалқатай, ойым бөлек сен дегенде, Сен қандай күйде екенсің мен дегенде. Тіліңнен аузыңды ашып бір сүйгізсең, Болар-ау мың күн сусын шөлдегенде.
Қалқатай, сен дегенде неден жаздым, Сабағын сары қурайдың белден қаздым. Кеткенде ауылың алыс, ей, қалқатай, Сарғайып сағынғаннан өлең жаздым.
Корпус метадерегінде қолданылатын атаулар мен баламаларды шолыңыз.
Мақалалар
Мақалалар, зерттеу нәтижелері
Бұл зерттеуде Шыңғыс Айтматов прозасындағы Жер-ана концептісінің семантикалық, мәдени және экологиялық категория ретінде қалыптасуы қарастырылады. Осы бағыттағы зерттеу олқылығын толықтыру мақсатында жұмыста жазушының төрт прозалық шығармасы талданады: «Плаха», «Қош бол, Гүлсары!», «Ақ кеме» және «Ғасырдан да ұзақ күн». Зерттеу барысында табиғат элементтері этикалық, эмоциялық немесе символдық мәнге ие болатын 37 үзіндіге сапалық концептуалды-семантикалық талдау жүргізілді. Үзінділерді іріктеу мәтіндерді мұқият оқу негізінде жүзеге асырылып, олар қайталанып отыратын лексикалық, метафоралық, баяндау сипатындағы және мәдени тұрғыдан мәнді белгілеріне қарай топтастырылды. Талдау нәтижесінде өзара байланысты төрт концептуалды модель анықталды: Жер-ана — өмір бастауы, аналық қамқоршы, моральдық бедел иесі және жады сақтаушы. Бұл модельдер Айтматов прозасындағы табиғаттың жай ғана оқиға өрбитін орта немесе поэтикалық бейне емес екенін көрсетеді. Керісінше, табиғат адам жауапкершілігі, мәдени сабақтастық, экологиялық осалдық және моральдық бағалау мәселелері көрініс табатын этикалық негіз қызметін атқарады. Зерттеу нәтижелері Айтматовтың көркемдік дүниетанымындағы Жер-ана концептісінің құрылымды концептуалды модель ретінде қызмет ететінін айқындау арқылы лингвомәдениеттану мен әдеби экокритика салаларына үлес қосады.
Гуманитарлық саланы цифрландыруды көздейтін мемлекетіміздің негізгі бағдарына сәйкес соңғы жылдары мәтіндік базалар құруға деген талпыныс артуда. Бұл шын мәнінде әлемдік маңызы бар қазіргі тенденциялар қатарында танылады. Корпустық ізденістердің, атап айтқанда, табиғи тілді модельдеу, тілдік алгоритмдер түзу, мәтін өңдеудің қазіргі лингвистиканың басым бағытына айналуы шынайы қажеттіліктерден туындап отыр. Бұл мақалада «Қазақ фольклорлық мәтіндерінің корпусын әзірлеудің мәтінді ғылыми талдау және зерттеуге беретін мүмкіндіктері қарастырылады. Жұмыстың негізгі бағыттары мәтіндерді жинақтау, цифрлық ортаға енгізу, морфологиялық және семантикалық таңбалау, конкорданс құру және тілдік бірліктерді статистикалық талдау әдістерін қамтиды. Зерттеудің ғылыми маңызы – қазақ фольклорын жаңа деңгейде зерделеуге, оның мәтіндік құрылымын заманауи әдіснама арқылы талдауға жол ашатын лингвистикалық корпус базасын қалыптастырудың теориялық негіздемесін ұсынып, тілдің бай қабаттарын ғылыми айналымға енгізуді көздеуінде. Негізгі нәтижелер ретінде қазақ фольклорлық мәтіндерінің корпустық моделі екшеліп, тілдік деректерді кешенді талдау мүмкіндіктері көрсетіледі. Бұл жұмыс корпус лингвистикасының теориясы мен практикасын ұлттық фольклорға бейімдеу арқылы қазақ тіл білімінде жаңа зерттеу кеңістігін ашады. Жүргізілген зерттеу фольклор мәтіндерінің тілдік табиғатын жан-жақты сипаттап, қазақ фольклортану ғылымына әдіснамалық үлес қосады.
Мақалада қазақ тілін құндылық бағдарлы оқытуда корпус деректерін қолданудың теориялық және әдістемелік негіздері қарастырылады. Құндылыққа бағдарланған білім беру тұлғаның рухани-адамгершілік, мәдени және әлеуметтік жауапкершілік қасиеттерін қалыптастыруға бағытталатыны көрсетіледі. Зерттеуде қазақ тілінің ұлттық корпусы, А. Байтұрсынұлының қазақша-орысша параллель корпусы және фольклорлық мәтіндер корпусының материалдары негізінде ұлттық құндылықтарды білдіретін тілдік бірліктердің жиілігі мен қолданыс ерекшеліктері талданды. «Ар», «намыс», «сабыр», «мейірім», «жомарттық» сияқты концептілердің мәнмәтіндік сипаты KWIC әдісі арқылы анықталды. Нәтижесінде корпус деректеріне сүйене отырып, құндылықтық мазмұнды іріктеудің және оны оқу үдерісіне енгізудің үш сатылы моделі ұсынылды. Зерттеу корпусқа негізделген оқытудың қазақ тілін меңгертумен қатар білім алушылардың мәдени-аксиологиялық дүниетанымын дамытуға мүмкіндік беретінін дәлелдейді // «Тіл мен әдебиетті құндылық бағдарлы оқыту: тәжірибе, мәселелер және перспективалары» атты ғалымдар мен мұғалімдердің халықаралық ғылыми- практикалық конференциясы материалдарының жинағы. 2 томдық., 2-том. – Астана: Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ, 2025..17-21 бб.
Бұл корпус қазақтың фолклорлық мұрасын цифрлық ортада сақтау, зерттеу және оқыту мақсатында құрылды