Қара өлең үлгілері
Келеді айым туып оң жамбастан, Құдайым айырмасын тең құрдастан. Құдайым айырғанша тең құрдастан, Нетеді жаратпасаң әуел бастан.
Іздеу интерфейсі
Аннотация үдерісі, дәйексөз беру және көптілді оқу үшін жасалған зерттеу интерфейсі
Келеді айым туып оң жамбастан, Құдайым айырмасын тең құрдастан. Құдайым айырғанша тең құрдастан, Нетеді жаратпасаң әуел бастан.
Белгісі той қылғанның отау жабар, Қиқу сап жас балалар атқа шабар. Той қылған қыз әкесі мырза болса, Жігітке той бастаған шапан жабар.
Ат көркем көрінеді тұрманменен, Дүние жеткізбейді қуғанменен. Ақ көйлек—адал ниет кір шалған соң, Не пайда, тазармайды жуғанменен.
Айтқан қандай өлеңді, қойған қандай, Бір бешпентің үстінде жасыл таңдай. Оралыңның барында ойна да күл, Өтіп жастық барады атқан таңдай.
Жігітке өлең де өлең, ермек те өлең, Тіл алғыш ертеменен елбектеген. Қойғалы самаурынды шыққаныңда, Етегі көйлегіңнің көлбектеген.
Өмір деген ойласам өз бесігім, Тигізбесін құдірет сөз кесірін. Күйгенімнен бір-екі сөз айтып ем, Сондықтан да сұраймын мен кешірім.
Біздің елді сұрасаң, Сартөткелде, Сарт есігі жабылар сарт еткенде. Ауылым алыс болғанмен, көңілім жақын, Келіп-кетіп тұрсайшы қалт еткенде.
Ақарыс (Үйсін), Жанарыс (Сары Келімбет), Бекарыс (Қара Келімбет) осы үшеуінің уақытында Аланша деген хан болып, халқын үшке бөліп, үшеуіне үш жүз кісіні үш бөліп Үш жүзге бастық қылып, Үйсінді «Ұлы жүз» деп, Сары Келімбетті «Орта жүз» деп, Қара Келімбетті «Кіші жүз» деп ат қойып, «Үш жүз» аталыпты дейді. Осы үшеуі бірі...
«Қырық сан Қырым, отыз сан Рұм, он сан Оймауыт, тоғыз сан Торғауыт, он сан Ноғай» бүлгенде, Ормамбет хан өлгенде», – делінген бір заман болған екен. Сол заманлардың тұсында: Қондыгер, Құбан, Қотан, Қоғам дегендер болған екен. «Түгел сөздің түбі бір, түп атасы – Майқы би» деген бір би болған екен. Тоғыз ханды қолынан та...
Қазақ жұртында ауызда сөйленіп жүрген бір сөз бар: «Кеше Алаш Алаш болғанда, Алаша хан болғанда, үйіміз – ағаш болғанда, ұранымыз – Алаш болғанда» десіп келеді. Оның мәнісі: Бұқар хандарынан бір хан қазақ ханы болып тұрғанда бәйбішесінен бала болмапты. Қызылбасты шауып, соның ханының қызын олжалап алып келіп, аяғын сал...
Ертеде Қырым жұртында бір хан болған. Бұл ханнан бір бала туып, туған баланың еті ала болып туған. Сонан соң хан: «Бала ала болып туды, – деп, – бұл бала ержеткен соң елімді ала қылып болады, – деп, – қолыма ұстамаймын», – деп, баланы құндағымен орап, Сырдария бойындағы мекендеген «Үш алашқа» апарып тастаған екен. Бұл...
Келеді үй артында екі адам, Кигені үстіндегі күлді-бадам. Айтамыз құдағи мен құдамызға, Некесі құтты болсын екі балаң.
Ақсуаттың өзенін бойлап жүрдім, Жас күнімнен әрнені ойлап жүрдім. Өмір өтіп елуге келсем дағы, Балалардың қызығын ойлап жүрдім.
Сен дегенде, құдажан, неден жаздым, Ақ қурайдың сабағын белден қаздым. Құдашаның аулына барамын деп, Ақ балтырдан ит қауып өле жаздым.
Айтушы едік өлеңді жасымызда, Жас қозының терісі басымызда. Мұнда айтпаған өлеңді қайда айтамыз, Сіздей тәтті құдағи қасымызда.
Кидім камзол қарадан қиылмаған, Жылқым жатыр жапанда жиылмаған. Қыздан сорлы бар ма екен бұл дүниеде, Туған жерден топырақ бұйырмаған.
Көкорай көлге біткен көгілдірік, Жарасар ақ боз атқа өмілдірік. Қайысып қабырғасы тапқан анам, Жылайды-ау көздің жасын төгілдіріп.
Дәйім менің мінгенім дөнен болса, Жаз мініп күз жіберген көбең болса. Алдында көпшіліктің ән шырқаймын, Шынымен іздегенің өлең болса.
Дәйім менің мінгенім алқара кер, Жігіттер, екі-екіден ән сала бер. Барында оралыңның ойна да күл, Жұтады бәрімізді бұл қара жер.
Қазақ шежіресі көп аңызда Әнес сахабадан басталады... Әнес сахабаның атасы Мәлік деген кісі екен. Басыра деген шаһарда хан болып тұрып, сол мекенде қазаланады. Әнес бес жасында жетім қалады. Тоғыз жасында анасы дүниеден қайтады. Әнесті бір жақын-жуық ағайыны жетелеп әкеліп Мұхаммед пайғамбарға табыс етеді. Пайғамбардың...
Корпус метадерегінде қолданылатын атаулар мен баламаларды шолыңыз.
Мақалалар
Мақалалар, зерттеу нәтижелері
Бұл зерттеуде Шыңғыс Айтматов прозасындағы Жер-ана концептісінің семантикалық, мәдени және экологиялық категория ретінде қалыптасуы қарастырылады. Осы бағыттағы зерттеу олқылығын толықтыру мақсатында жұмыста жазушының төрт прозалық шығармасы талданады: «Плаха», «Қош бол, Гүлсары!», «Ақ кеме» және «Ғасырдан да ұзақ күн». Зерттеу барысында табиғат элементтері этикалық, эмоциялық немесе символдық мәнге ие болатын 37 үзіндіге сапалық концептуалды-семантикалық талдау жүргізілді. Үзінділерді іріктеу мәтіндерді мұқият оқу негізінде жүзеге асырылып, олар қайталанып отыратын лексикалық, метафоралық, баяндау сипатындағы және мәдени тұрғыдан мәнді белгілеріне қарай топтастырылды. Талдау нәтижесінде өзара байланысты төрт концептуалды модель анықталды: Жер-ана — өмір бастауы, аналық қамқоршы, моральдық бедел иесі және жады сақтаушы. Бұл модельдер Айтматов прозасындағы табиғаттың жай ғана оқиға өрбитін орта немесе поэтикалық бейне емес екенін көрсетеді. Керісінше, табиғат адам жауапкершілігі, мәдени сабақтастық, экологиялық осалдық және моральдық бағалау мәселелері көрініс табатын этикалық негіз қызметін атқарады. Зерттеу нәтижелері Айтматовтың көркемдік дүниетанымындағы Жер-ана концептісінің құрылымды концептуалды модель ретінде қызмет ететінін айқындау арқылы лингвомәдениеттану мен әдеби экокритика салаларына үлес қосады.
Гуманитарлық саланы цифрландыруды көздейтін мемлекетіміздің негізгі бағдарына сәйкес соңғы жылдары мәтіндік базалар құруға деген талпыныс артуда. Бұл шын мәнінде әлемдік маңызы бар қазіргі тенденциялар қатарында танылады. Корпустық ізденістердің, атап айтқанда, табиғи тілді модельдеу, тілдік алгоритмдер түзу, мәтін өңдеудің қазіргі лингвистиканың басым бағытына айналуы шынайы қажеттіліктерден туындап отыр. Бұл мақалада «Қазақ фольклорлық мәтіндерінің корпусын әзірлеудің мәтінді ғылыми талдау және зерттеуге беретін мүмкіндіктері қарастырылады. Жұмыстың негізгі бағыттары мәтіндерді жинақтау, цифрлық ортаға енгізу, морфологиялық және семантикалық таңбалау, конкорданс құру және тілдік бірліктерді статистикалық талдау әдістерін қамтиды. Зерттеудің ғылыми маңызы – қазақ фольклорын жаңа деңгейде зерделеуге, оның мәтіндік құрылымын заманауи әдіснама арқылы талдауға жол ашатын лингвистикалық корпус базасын қалыптастырудың теориялық негіздемесін ұсынып, тілдің бай қабаттарын ғылыми айналымға енгізуді көздеуінде. Негізгі нәтижелер ретінде қазақ фольклорлық мәтіндерінің корпустық моделі екшеліп, тілдік деректерді кешенді талдау мүмкіндіктері көрсетіледі. Бұл жұмыс корпус лингвистикасының теориясы мен практикасын ұлттық фольклорға бейімдеу арқылы қазақ тіл білімінде жаңа зерттеу кеңістігін ашады. Жүргізілген зерттеу фольклор мәтіндерінің тілдік табиғатын жан-жақты сипаттап, қазақ фольклортану ғылымына әдіснамалық үлес қосады.
Мақалада қазақ тілін құндылық бағдарлы оқытуда корпус деректерін қолданудың теориялық және әдістемелік негіздері қарастырылады. Құндылыққа бағдарланған білім беру тұлғаның рухани-адамгершілік, мәдени және әлеуметтік жауапкершілік қасиеттерін қалыптастыруға бағытталатыны көрсетіледі. Зерттеуде қазақ тілінің ұлттық корпусы, А. Байтұрсынұлының қазақша-орысша параллель корпусы және фольклорлық мәтіндер корпусының материалдары негізінде ұлттық құндылықтарды білдіретін тілдік бірліктердің жиілігі мен қолданыс ерекшеліктері талданды. «Ар», «намыс», «сабыр», «мейірім», «жомарттық» сияқты концептілердің мәнмәтіндік сипаты KWIC әдісі арқылы анықталды. Нәтижесінде корпус деректеріне сүйене отырып, құндылықтық мазмұнды іріктеудің және оны оқу үдерісіне енгізудің үш сатылы моделі ұсынылды. Зерттеу корпусқа негізделген оқытудың қазақ тілін меңгертумен қатар білім алушылардың мәдени-аксиологиялық дүниетанымын дамытуға мүмкіндік беретінін дәлелдейді // «Тіл мен әдебиетті құндылық бағдарлы оқыту: тәжірибе, мәселелер және перспективалары» атты ғалымдар мен мұғалімдердің халықаралық ғылыми- практикалық конференциясы материалдарының жинағы. 2 томдық., 2-том. – Астана: Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ, 2025..17-21 бб.
Бұл корпус қазақтың фолклорлық мұрасын цифрлық ортада сақтау, зерттеу және оқыту мақсатында құрылды