Қара өлең үлгілері
Өлеңді мен айтамын бейім қылып, Қыз болдым да, қор болдым кейін тұрып. Қыз болмастан, шіркін-ау, ұл болғанда, Өз елімде жүрмес пе ем сейіл құрып.
Іздеу интерфейсі
Аннотация үдерісі, дәйексөз беру және көптілді оқу үшін жасалған зерттеу интерфейсі
Өлеңді мен айтамын бейім қылып, Қыз болдым да, қор болдым кейін тұрып. Қыз болмастан, шіркін-ау, ұл болғанда, Өз елімде жүрмес пе ем сейіл құрып.
Өлең деген немене, ой емес пе, Асқар тауға жайылған қой емес пе? Мен айтпаған өлеңді кім айтады, Екі жастың қосылған тойы емес пе!
Өлеңімнің басы еді быжық-тыжық, Басы быжық болғанмен, арты қызық. Әшейінде өлеңді айтпаушы едім, Көргеннен соң сіздерді кеттім қызып.
Өлеңді тіл бастайды, жақ қостайды, Бәйгеден жүйрік келсе, ойқастайды. Барында тіршіліктің ойна да күл, Өлеңді біз тұрғанда кім бастайды.
Өлеңді айт дегенде іркілмеймін, Кісіні өлең айтқан «шіркін» деймін. Жел сөздің тағдыр берген арқасында, Жорғадай жолға түскен бүлкілдеймін.
Өлеңді айт дегенде іркілмеймін, Жүніндей ақ үкінің үлпілдеймін. Осындай игі жақсы бас қосқанда, Алдыда желмей-жортпай бүлкілдеймін.
Өлеңді айта алмайды әркім мендей, Табаны тарлан боздың гулер желдей. Өлеңді айт десеңдер, аңыратайын, Көктеуге қой қоздатып көшкен елдей.
Өлең деген қиын ба өнерпазға, Өлең тұрмақ сөз қиын ақылы азға. Көңілді көтерерлік осындайда, Кім бар, кім жоқ ендігі келер жазда!
Өлең деген, ендеше, өлең екен, Өлеңді айтқан өмірде өнер екен. Сөзін тауып өлеңді айтар едім, Гүрілдеген дауысым келер ме екен?
Өлеңімнің басы еді сексен сегіз, Тауға тары шықпайды, екпесеңіз. Бір-екі ауыз жел сөзді неге аяйын, Үлкен аға, кіші іні, сөкпесеңіз.
Өлеңді айт дегенде ағылайын, Мойныңа ақ меруерт тағылайын. Бұл тойда Құдай оңдап, жеңіп кеттім, Шытыңды алақандай не қылайын.
Өлеңді біз айталық қаласаңыз, Несіне бұл жалғанның таласамыз. Біздерден ат пен түйе сұрамаңыз, Азырақ өлең қолға аласаңыз.
Өлеңменен ер жігіт ер жетеді, Жақсы өлең көңілді тербетеді. Бір-екі ауыз шамалап өлең айттым, Әу деп қойсаң, қалқам-ау, нең кетеді?!
Өлең деген немене ой емес пе, Көрсеткен қызды сұлу бойы емес пе? Өлеңді мұнда айтпаған, қайда айтамыз, Қосылса бастарымыз, той емес пе?!
Жалғыз ағаш жапанда қу болады, Жерге түссе, миуасы ну болады. Кешегіден көңілім бүгін төмен, Азанғы ішкен қызыл шай у болады.
Жалғыз біткен жапанға сен бір шынар, Жас күніңнен, қалқатай, болдым құмар. Ақ жүзіңді көруге армандамын, Құмарланған көңілім қашан тынар.
Біздің елдің жайлауы кең болады, Кең төсінде ойнаған ел болады. Одан әрі өткен соң темір арқа, Арғы жағы сахара шөл болады.
Баян таудың басында бір топ арқар, Таудан аққан тас бұлақ суын сарқар. Сен есіме түскенде, сүйген сәулем, Қатып қалған іштегі шерім тарқар.
Мекенімді сұрасаң Қарқаралы, Бір ай бұрын жауатын Арқадағы. Тауға да ұрдым басымды, тасқа да ұрдым, Арман шіркін, кеудемнен тарқамады.
Ауылымның қонған жері бетегейлі, Түйенің тоқтамайды кетегені. Бір жерге өңшең жақсы бас қосқанда, Көңілді өлең айтып көтереді.
Корпус метадерегінде қолданылатын атаулар мен баламаларды шолыңыз.
Мақалалар
Мақалалар, зерттеу нәтижелері
Бұл зерттеуде Шыңғыс Айтматов прозасындағы Жер-ана концептісінің семантикалық, мәдени және экологиялық категория ретінде қалыптасуы қарастырылады. Осы бағыттағы зерттеу олқылығын толықтыру мақсатында жұмыста жазушының төрт прозалық шығармасы талданады: «Плаха», «Қош бол, Гүлсары!», «Ақ кеме» және «Ғасырдан да ұзақ күн». Зерттеу барысында табиғат элементтері этикалық, эмоциялық немесе символдық мәнге ие болатын 37 үзіндіге сапалық концептуалды-семантикалық талдау жүргізілді. Үзінділерді іріктеу мәтіндерді мұқият оқу негізінде жүзеге асырылып, олар қайталанып отыратын лексикалық, метафоралық, баяндау сипатындағы және мәдени тұрғыдан мәнді белгілеріне қарай топтастырылды. Талдау нәтижесінде өзара байланысты төрт концептуалды модель анықталды: Жер-ана — өмір бастауы, аналық қамқоршы, моральдық бедел иесі және жады сақтаушы. Бұл модельдер Айтматов прозасындағы табиғаттың жай ғана оқиға өрбитін орта немесе поэтикалық бейне емес екенін көрсетеді. Керісінше, табиғат адам жауапкершілігі, мәдени сабақтастық, экологиялық осалдық және моральдық бағалау мәселелері көрініс табатын этикалық негіз қызметін атқарады. Зерттеу нәтижелері Айтматовтың көркемдік дүниетанымындағы Жер-ана концептісінің құрылымды концептуалды модель ретінде қызмет ететінін айқындау арқылы лингвомәдениеттану мен әдеби экокритика салаларына үлес қосады.
Гуманитарлық саланы цифрландыруды көздейтін мемлекетіміздің негізгі бағдарына сәйкес соңғы жылдары мәтіндік базалар құруға деген талпыныс артуда. Бұл шын мәнінде әлемдік маңызы бар қазіргі тенденциялар қатарында танылады. Корпустық ізденістердің, атап айтқанда, табиғи тілді модельдеу, тілдік алгоритмдер түзу, мәтін өңдеудің қазіргі лингвистиканың басым бағытына айналуы шынайы қажеттіліктерден туындап отыр. Бұл мақалада «Қазақ фольклорлық мәтіндерінің корпусын әзірлеудің мәтінді ғылыми талдау және зерттеуге беретін мүмкіндіктері қарастырылады. Жұмыстың негізгі бағыттары мәтіндерді жинақтау, цифрлық ортаға енгізу, морфологиялық және семантикалық таңбалау, конкорданс құру және тілдік бірліктерді статистикалық талдау әдістерін қамтиды. Зерттеудің ғылыми маңызы – қазақ фольклорын жаңа деңгейде зерделеуге, оның мәтіндік құрылымын заманауи әдіснама арқылы талдауға жол ашатын лингвистикалық корпус базасын қалыптастырудың теориялық негіздемесін ұсынып, тілдің бай қабаттарын ғылыми айналымға енгізуді көздеуінде. Негізгі нәтижелер ретінде қазақ фольклорлық мәтіндерінің корпустық моделі екшеліп, тілдік деректерді кешенді талдау мүмкіндіктері көрсетіледі. Бұл жұмыс корпус лингвистикасының теориясы мен практикасын ұлттық фольклорға бейімдеу арқылы қазақ тіл білімінде жаңа зерттеу кеңістігін ашады. Жүргізілген зерттеу фольклор мәтіндерінің тілдік табиғатын жан-жақты сипаттап, қазақ фольклортану ғылымына әдіснамалық үлес қосады.
Мақалада қазақ тілін құндылық бағдарлы оқытуда корпус деректерін қолданудың теориялық және әдістемелік негіздері қарастырылады. Құндылыққа бағдарланған білім беру тұлғаның рухани-адамгершілік, мәдени және әлеуметтік жауапкершілік қасиеттерін қалыптастыруға бағытталатыны көрсетіледі. Зерттеуде қазақ тілінің ұлттық корпусы, А. Байтұрсынұлының қазақша-орысша параллель корпусы және фольклорлық мәтіндер корпусының материалдары негізінде ұлттық құндылықтарды білдіретін тілдік бірліктердің жиілігі мен қолданыс ерекшеліктері талданды. «Ар», «намыс», «сабыр», «мейірім», «жомарттық» сияқты концептілердің мәнмәтіндік сипаты KWIC әдісі арқылы анықталды. Нәтижесінде корпус деректеріне сүйене отырып, құндылықтық мазмұнды іріктеудің және оны оқу үдерісіне енгізудің үш сатылы моделі ұсынылды. Зерттеу корпусқа негізделген оқытудың қазақ тілін меңгертумен қатар білім алушылардың мәдени-аксиологиялық дүниетанымын дамытуға мүмкіндік беретінін дәлелдейді // «Тіл мен әдебиетті құндылық бағдарлы оқыту: тәжірибе, мәселелер және перспективалары» атты ғалымдар мен мұғалімдердің халықаралық ғылыми- практикалық конференциясы материалдарының жинағы. 2 томдық., 2-том. – Астана: Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ, 2025..17-21 бб.
Бұл корпус қазақтың фолклорлық мұрасын цифрлық ортада сақтау, зерттеу және оқыту мақсатында құрылды