Қара өлең үлгілері
Ақ үйге ат байладым жанастырып, Кеттің бе ата дәулет, адастырып. Етің бал, қымызың шекер, қайран Арқа, Қойдың ғой қара суға таластырып.
Іздеу интерфейсі
Аннотация үдерісі, дәйексөз беру және көптілді оқу үшін жасалған зерттеу интерфейсі
Ақ үйге ат байладым жанастырып, Кеттің бе ата дәулет, адастырып. Етің бал, қымызың шекер, қайран Арқа, Қойдың ғой қара суға таластырып.
Көктейді, тамыр болса, жалғыз терек, Тереңге бойлап барып тартар қорек. Төбеңді күнде көріп жүрмеген соң, Қызығы бұл жалғанның неге керек.
Жан сәулем, айға бітсе сендей көрік, Дария тасып, тау балқыр, тастар еріп. Тамақтан үлбіреген бір иіскетсең, Кетпей ме бойдан қуат, ойдан ерік.
Қара бұлт келеді меңдей болып, Кескен терек қалады жеңдей болып. Ауылың алыс кеткенде, беу қарағым, Кім көрінер көзіме сендей болып.
Өрмегейті, Қаракөл жердің туы, Алтын бұлақ секілді аққан суы. Ән дауысын сағынып жүргенімде, Қай жеріңнен келеді әннің туы.
Ұлы жұртты жағалай тал болады, Ашылмаса көңілің, дал болады. Қасіретті қайғысы басқа түссе, Айдын көлге ақ үйрек зар болады.
Қазығұртты жағалай тас болады, Шын азамат еліне бас болады. Көрінгенмен жылтырап, сыртым бүтін, Ішім жанып, көзіме жас толады.
Алтын шашың жақсы екен тарақтауға, Бала сұңқар көнбейді балақтауға. Ортасында мұхиттың сіз бәйтерек, Мен келдім бұтағына қонақтауға.
Күрең жалды ат дегенде, күрең жалды ат, Сахарада ойнайды өңкей саңлақ. Алыстан жүзіп келген сен ақ сазан, Мен болсам іліп түсер алтын балдақ
Бойында бұл Қобданың ши бар ма екен, Оюда шебер ойған мін бар ма екен. Ант ішкен айрылмастай тату едік, Көретін қайта айналып күн бар ма екен.
Маусым мамыр болғанда, маусым мамыр, Мал құдықтан су ішер, абыр-сабыр. Самал соқса қызылдың аптабымен, Күн қызады, жер бусап, жасыл адыр.
Боз беткейлі, ендеше, боз беткейлі, Боз беткейден жайылған мал кетпейді. Шөбі жұмсақ, шаруа, малға жайлы, Бағаналы Мансарға жер жетпейді.
Қыз емес қыздың аты гүл емес пе, Бір нәрсе қыздан жігіт тілемес пе. Болғанда жігіт бұлбұл, қыз қызыл гүл, Бұлбұл кеп қызыл гүлге түнемес пе!
Келеді айым туып, күңгірт болып, Қой өлер көктемеде қылқұрт болып. Тіршілікте айтамын, ойна да күл, Қаларсың өлгеннен соң, жым-жырт болып.
Алматы біздің ауыл қырқасында, Бір күн қар, бір күн жауын, бұрқасын да... Мойныңа ақ білекті арта салсам, Ақбілек айрылмаса, қырқасың ба?
Төрт дуадақ дегенде, төрт дуадақ, Қой жайылар көктемде, көк қуалап. Сен есіме түскенде, қимас қалқам, Жата алмаймын төсекте төрт домалап.
Басында Қаратаудың қарға жүрер, Шиқылдап қара жолмен арба жүрер. Сен есіме түскенде сенер болсаң, Шыбын жаным шырқырап зорға жүрер.
Ендеше, Іле деймін, Іле деймін, Іледен өте шықтым, міне, деймін. Кісі жары кісіге жар болмайды, Өз жарыңның тілеуін тіле деймін.
Қаңбақ ұшар Қараойдың желіменен, Суы тасыр Іленің сеңіменен. Кейінгі жастар өсіп білмес қадір, Әркімді алсын Құдай теңіменен.
Құрбым-ау, сылдыр үзбе, сылдыр үзбе, Жаз Майтөбе жайладық, құмды күзде. Болғанмен ауыл шалғай, көңіл жақын, Кетті деп көз көрмеске күдер үзбе.
Корпус метадерегінде қолданылатын атаулар мен баламаларды шолыңыз.
Мақалалар
Мақалалар, зерттеу нәтижелері
Бұл зерттеуде Шыңғыс Айтматов прозасындағы Жер-ана концептісінің семантикалық, мәдени және экологиялық категория ретінде қалыптасуы қарастырылады. Осы бағыттағы зерттеу олқылығын толықтыру мақсатында жұмыста жазушының төрт прозалық шығармасы талданады: «Плаха», «Қош бол, Гүлсары!», «Ақ кеме» және «Ғасырдан да ұзақ күн». Зерттеу барысында табиғат элементтері этикалық, эмоциялық немесе символдық мәнге ие болатын 37 үзіндіге сапалық концептуалды-семантикалық талдау жүргізілді. Үзінділерді іріктеу мәтіндерді мұқият оқу негізінде жүзеге асырылып, олар қайталанып отыратын лексикалық, метафоралық, баяндау сипатындағы және мәдени тұрғыдан мәнді белгілеріне қарай топтастырылды. Талдау нәтижесінде өзара байланысты төрт концептуалды модель анықталды: Жер-ана — өмір бастауы, аналық қамқоршы, моральдық бедел иесі және жады сақтаушы. Бұл модельдер Айтматов прозасындағы табиғаттың жай ғана оқиға өрбитін орта немесе поэтикалық бейне емес екенін көрсетеді. Керісінше, табиғат адам жауапкершілігі, мәдени сабақтастық, экологиялық осалдық және моральдық бағалау мәселелері көрініс табатын этикалық негіз қызметін атқарады. Зерттеу нәтижелері Айтматовтың көркемдік дүниетанымындағы Жер-ана концептісінің құрылымды концептуалды модель ретінде қызмет ететінін айқындау арқылы лингвомәдениеттану мен әдеби экокритика салаларына үлес қосады.
Гуманитарлық саланы цифрландыруды көздейтін мемлекетіміздің негізгі бағдарына сәйкес соңғы жылдары мәтіндік базалар құруға деген талпыныс артуда. Бұл шын мәнінде әлемдік маңызы бар қазіргі тенденциялар қатарында танылады. Корпустық ізденістердің, атап айтқанда, табиғи тілді модельдеу, тілдік алгоритмдер түзу, мәтін өңдеудің қазіргі лингвистиканың басым бағытына айналуы шынайы қажеттіліктерден туындап отыр. Бұл мақалада «Қазақ фольклорлық мәтіндерінің корпусын әзірлеудің мәтінді ғылыми талдау және зерттеуге беретін мүмкіндіктері қарастырылады. Жұмыстың негізгі бағыттары мәтіндерді жинақтау, цифрлық ортаға енгізу, морфологиялық және семантикалық таңбалау, конкорданс құру және тілдік бірліктерді статистикалық талдау әдістерін қамтиды. Зерттеудің ғылыми маңызы – қазақ фольклорын жаңа деңгейде зерделеуге, оның мәтіндік құрылымын заманауи әдіснама арқылы талдауға жол ашатын лингвистикалық корпус базасын қалыптастырудың теориялық негіздемесін ұсынып, тілдің бай қабаттарын ғылыми айналымға енгізуді көздеуінде. Негізгі нәтижелер ретінде қазақ фольклорлық мәтіндерінің корпустық моделі екшеліп, тілдік деректерді кешенді талдау мүмкіндіктері көрсетіледі. Бұл жұмыс корпус лингвистикасының теориясы мен практикасын ұлттық фольклорға бейімдеу арқылы қазақ тіл білімінде жаңа зерттеу кеңістігін ашады. Жүргізілген зерттеу фольклор мәтіндерінің тілдік табиғатын жан-жақты сипаттап, қазақ фольклортану ғылымына әдіснамалық үлес қосады.
Мақалада қазақ тілін құндылық бағдарлы оқытуда корпус деректерін қолданудың теориялық және әдістемелік негіздері қарастырылады. Құндылыққа бағдарланған білім беру тұлғаның рухани-адамгершілік, мәдени және әлеуметтік жауапкершілік қасиеттерін қалыптастыруға бағытталатыны көрсетіледі. Зерттеуде қазақ тілінің ұлттық корпусы, А. Байтұрсынұлының қазақша-орысша параллель корпусы және фольклорлық мәтіндер корпусының материалдары негізінде ұлттық құндылықтарды білдіретін тілдік бірліктердің жиілігі мен қолданыс ерекшеліктері талданды. «Ар», «намыс», «сабыр», «мейірім», «жомарттық» сияқты концептілердің мәнмәтіндік сипаты KWIC әдісі арқылы анықталды. Нәтижесінде корпус деректеріне сүйене отырып, құндылықтық мазмұнды іріктеудің және оны оқу үдерісіне енгізудің үш сатылы моделі ұсынылды. Зерттеу корпусқа негізделген оқытудың қазақ тілін меңгертумен қатар білім алушылардың мәдени-аксиологиялық дүниетанымын дамытуға мүмкіндік беретінін дәлелдейді // «Тіл мен әдебиетті құндылық бағдарлы оқыту: тәжірибе, мәселелер және перспективалары» атты ғалымдар мен мұғалімдердің халықаралық ғылыми- практикалық конференциясы материалдарының жинағы. 2 томдық., 2-том. – Астана: Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ, 2025..17-21 бб.
Бұл корпус қазақтың фолклорлық мұрасын цифрлық ортада сақтау, зерттеу және оқыту мақсатында құрылды