Қара өлең үлгілері
Көк балдырған дегенде, көк балдырған, Жолда жүріп жолаушы ат шалдырған. Әй-әй, десем, артыңа қарамайсың, Қарамастай көңіліңді кім қалдырған.
Іздеу интерфейсі
Аннотация үдерісі, дәйексөз беру және көптілді оқу үшін жасалған зерттеу интерфейсі
Көк балдырған дегенде, көк балдырған, Жолда жүріп жолаушы ат шалдырған. Әй-әй, десем, артыңа қарамайсың, Қарамастай көңіліңді кім қалдырған.
Ұшады көк ала үйрек көлге қарсы, Ұясы жануардың желге қарсы. Кеткенде ауылың шалғай, тату қалқам, Төгілер орамалға көздің жасы.
Ұшады аққу көлден байпаңдаған, Қалқаға бір сөзім бар айта алмаған. Су құйып сырлы аяққа тұндырғандай, Көзіңнен айналайын жаутаңдаған.
Тұз төбенің басында тұзы қалды, Бой жетіп, бұлықсыған қызы қалды. Күлімдеген көзінің көңілімде, Сонардағы соқпақтай ізі қалды.
Қалам алып, хат жаздым тәрбиялап, Бүркіт салған жүреді тау қиялап. Жапан түзге сен біткен бір бәйтерек, Бұтағыңа жүрмесін қарға ұялап.
Бір тау бар, көк тіреген басы биік, Болса да басы биік, шөбі сұйық. Байлығы еліміздің ас емес пе, Бауырында мекендеген құлан-киік.
Бір тау бар, қары кетпес қия сырттан, Арқанды тауып алдық көшкен жұрттан. Кетерде ауылың алыс, әй, қалқатай, Уәде үшін бөлейік жарма құрттан.
Бір тау бар көз ұшында бұлбұл қаққан, Бір адам жайлаймын деп белгі таққан. Байлығы сол бір таудың сол емес пе, Жусанын жұлып алып отқа жаққан.
Бір тау бар, Тәңірі өзі жоталаған, Көшпейсің қысы-жазы сол арадан. Бақыты атамыздың сол емес пе, Тайы туып, тайлағы боталаған.
Бір тау бар, таң шапағы қызылдаған, Сонасы қысы-жазы ызылдаған. Байлығы атамыздың сол емес пе, Киізін алпыс жігіт ұзындаған.
Қара су есік алды, жусан ба екен, Белімді жусанменен бусам ба екен. Кеткенде ауылың шалғай, ей, қарағым, Артыңнан қос ат алып, қусам ба екен.
Қара су есік алды, тасқыны бар, Болса да тасқыны бар, тынысы тар. Барында оралыңның ойна да күл, Құрбыңды бір көруге боларсың зар.
Қара суды қақ жарып қайық өтер, Ептеп бас аяғыңды тайып кетер. Барында тіршіліктің күліп-ойна, Бұл жалған жалғыз-ақ күн ғайып етер.
Қара су есік алды, суда мін жоқ, Хайуан өлдім дерге малда тіл жоқ. Барында заманыңның ойна да күл, Келгенше жыл айналып кім бар, кім жоқ.
Қаратаудың басынан аса алмадым, Жапырағын жайқалтып баса алмадым. Жапырағын жайқалтып басар едім, Атыңды атап өлеңге қоса алмадым.
Қаратаудың басында қазылған жол, Түскенде мен есіңе қайғырған бол. Кеткенде ауылың алыс, беу, қарағым, Кетпейді аш бүйірден таянған қол.
Қаратаудың басына қарай жаттым, Беліме қара айдарым орай жаттым. Кеткенде ауылың алыс, қалқатайым, Жол тосып жолаушыдан сұрай жаттым.
Біздің ауыл Көкталдың бер жағында, Баркөрнеудің соғатын жел жағында. Көзіңдегі шын болса күлкің, жаным, Ел жатқан соң жамбастап кел жаныма.
Қаратаудың басында қабандаймын, Қара өлең қапелімде таба алмаймын. Таба алмаймын дегенде, тап бермеші, Еркін жүйрік қызыл тіл амалдаймын.
Қаратаудың басында балуан тас, Көтере алмай көзімнен шығады жас. Көтере алмай жатқанда көтеріскен, Ата-анадан жақсы екен құрбы-құрдас.
Корпус метадерегінде қолданылатын атаулар мен баламаларды шолыңыз.
Мақалалар
Мақалалар, зерттеу нәтижелері
Бұл зерттеуде Шыңғыс Айтматов прозасындағы Жер-ана концептісінің семантикалық, мәдени және экологиялық категория ретінде қалыптасуы қарастырылады. Осы бағыттағы зерттеу олқылығын толықтыру мақсатында жұмыста жазушының төрт прозалық шығармасы талданады: «Плаха», «Қош бол, Гүлсары!», «Ақ кеме» және «Ғасырдан да ұзақ күн». Зерттеу барысында табиғат элементтері этикалық, эмоциялық немесе символдық мәнге ие болатын 37 үзіндіге сапалық концептуалды-семантикалық талдау жүргізілді. Үзінділерді іріктеу мәтіндерді мұқият оқу негізінде жүзеге асырылып, олар қайталанып отыратын лексикалық, метафоралық, баяндау сипатындағы және мәдени тұрғыдан мәнді белгілеріне қарай топтастырылды. Талдау нәтижесінде өзара байланысты төрт концептуалды модель анықталды: Жер-ана — өмір бастауы, аналық қамқоршы, моральдық бедел иесі және жады сақтаушы. Бұл модельдер Айтматов прозасындағы табиғаттың жай ғана оқиға өрбитін орта немесе поэтикалық бейне емес екенін көрсетеді. Керісінше, табиғат адам жауапкершілігі, мәдени сабақтастық, экологиялық осалдық және моральдық бағалау мәселелері көрініс табатын этикалық негіз қызметін атқарады. Зерттеу нәтижелері Айтматовтың көркемдік дүниетанымындағы Жер-ана концептісінің құрылымды концептуалды модель ретінде қызмет ететінін айқындау арқылы лингвомәдениеттану мен әдеби экокритика салаларына үлес қосады.
Гуманитарлық саланы цифрландыруды көздейтін мемлекетіміздің негізгі бағдарына сәйкес соңғы жылдары мәтіндік базалар құруға деген талпыныс артуда. Бұл шын мәнінде әлемдік маңызы бар қазіргі тенденциялар қатарында танылады. Корпустық ізденістердің, атап айтқанда, табиғи тілді модельдеу, тілдік алгоритмдер түзу, мәтін өңдеудің қазіргі лингвистиканың басым бағытына айналуы шынайы қажеттіліктерден туындап отыр. Бұл мақалада «Қазақ фольклорлық мәтіндерінің корпусын әзірлеудің мәтінді ғылыми талдау және зерттеуге беретін мүмкіндіктері қарастырылады. Жұмыстың негізгі бағыттары мәтіндерді жинақтау, цифрлық ортаға енгізу, морфологиялық және семантикалық таңбалау, конкорданс құру және тілдік бірліктерді статистикалық талдау әдістерін қамтиды. Зерттеудің ғылыми маңызы – қазақ фольклорын жаңа деңгейде зерделеуге, оның мәтіндік құрылымын заманауи әдіснама арқылы талдауға жол ашатын лингвистикалық корпус базасын қалыптастырудың теориялық негіздемесін ұсынып, тілдің бай қабаттарын ғылыми айналымға енгізуді көздеуінде. Негізгі нәтижелер ретінде қазақ фольклорлық мәтіндерінің корпустық моделі екшеліп, тілдік деректерді кешенді талдау мүмкіндіктері көрсетіледі. Бұл жұмыс корпус лингвистикасының теориясы мен практикасын ұлттық фольклорға бейімдеу арқылы қазақ тіл білімінде жаңа зерттеу кеңістігін ашады. Жүргізілген зерттеу фольклор мәтіндерінің тілдік табиғатын жан-жақты сипаттап, қазақ фольклортану ғылымына әдіснамалық үлес қосады.
Мақалада қазақ тілін құндылық бағдарлы оқытуда корпус деректерін қолданудың теориялық және әдістемелік негіздері қарастырылады. Құндылыққа бағдарланған білім беру тұлғаның рухани-адамгершілік, мәдени және әлеуметтік жауапкершілік қасиеттерін қалыптастыруға бағытталатыны көрсетіледі. Зерттеуде қазақ тілінің ұлттық корпусы, А. Байтұрсынұлының қазақша-орысша параллель корпусы және фольклорлық мәтіндер корпусының материалдары негізінде ұлттық құндылықтарды білдіретін тілдік бірліктердің жиілігі мен қолданыс ерекшеліктері талданды. «Ар», «намыс», «сабыр», «мейірім», «жомарттық» сияқты концептілердің мәнмәтіндік сипаты KWIC әдісі арқылы анықталды. Нәтижесінде корпус деректеріне сүйене отырып, құндылықтық мазмұнды іріктеудің және оны оқу үдерісіне енгізудің үш сатылы моделі ұсынылды. Зерттеу корпусқа негізделген оқытудың қазақ тілін меңгертумен қатар білім алушылардың мәдени-аксиологиялық дүниетанымын дамытуға мүмкіндік беретінін дәлелдейді // «Тіл мен әдебиетті құндылық бағдарлы оқыту: тәжірибе, мәселелер және перспективалары» атты ғалымдар мен мұғалімдердің халықаралық ғылыми- практикалық конференциясы материалдарының жинағы. 2 томдық., 2-том. – Астана: Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ, 2025..17-21 бб.
Бұл корпус қазақтың фолклорлық мұрасын цифрлық ортада сақтау, зерттеу және оқыту мақсатында құрылды