Жер, табиғат құбылыстары
Қусам да жеткермеді, тұра қашты, Барды да бұрыш қаптың аузын ашты. (Боран)
Іздеу интерфейсі
Аннотация үдерісі, дәйексөз беру және көптілді оқу үшін жасалған зерттеу интерфейсі
Қусам да жеткермеді, тұра қашты, Барды да бұрыш қаптың аузын ашты. (Боран)
Қолтықтан кірер қоңқайып, Төрге шығар томпайып. (Боран)
Ұстасаң, қолға ілінбес, Қарасаң, көзге көрінбес. Жүрсе, ізі жоқ, Көретін көзі жоқ. Гулесе, күші бар, Таңғаларлық ісі бар. (Боран)
Қыс болса, қыр мен ойды аралайды, Жаз болса, қозғалуға жарамайды. (Боран)
Қуып едім мойнын бұрмады, Ұстайын деп ем қолға тұрмады. (Боран)
Терісін жыртпай етін жеген, Жілігін шақпай майын жеген. (Аяз)
Есіктен кірді еңкейіп, Төрге шығады қампайып. (Аяз)
Қолы жоқ, сурет салады, Тісі жоқ, тістеп алады. (Аяз)
Мөлдіреген жүзімді, Ұстап едім үзілді. (Шық)
Құлағы мен көзі жоқ, Жоқ тіпті қол мен аяғы. Бірақ ғажап өнерпаз, Мәнерлеп ою ояды. (Қырау)
Жазда болмайды, Қыста болады. Терезеге қонады, Әсем ою ояды. (Қырау)
Шолақ мылтық жер теседі. (Тамшы)
Мұрынсыз шымшық мұз теседі. (Тамшы)
Тама-тама тас тескен. (Тамшы)
Жездекем жезді қамшысымен жер шұқылайды. (Тамшы)
Ақ шапанын үстінен Алты ай бойы шешпеді. Қара шапаны үстінен Алты ай бойы түспейді. (Қысқы ақ қар, жазғы қара жер)
Бір нәрсе өліп жатыр, жетіп ажал, Малының қисабы жоқ безбенге сал. Сүйегі көкте де емес, жерде де емес, Жігіттер, көңіл қойып, ойлаңыздар. (Қар)
Бөркін ағай киеді ошырайтып. (Томарға түскен қар)
Бір түйем жүре алмайды майы көптен, Ол түйем тойынбайды жеген шөптен. Егер де осы түйем өліп қалса, Сүйегі табылмайды жер мен көктен. (Қар)
Батырмай жерге қонады, Жердің беті оңады. Қыста ғана тұрады, ұстасаң, қолың тоңады. (Қар)
Корпус метадерегінде қолданылатын атаулар мен баламаларды шолыңыз.
Мақалалар
Мақалалар, зерттеу нәтижелері
Бұл зерттеуде Шыңғыс Айтматов прозасындағы Жер-ана концептісінің семантикалық, мәдени және экологиялық категория ретінде қалыптасуы қарастырылады. Осы бағыттағы зерттеу олқылығын толықтыру мақсатында жұмыста жазушының төрт прозалық шығармасы талданады: «Плаха», «Қош бол, Гүлсары!», «Ақ кеме» және «Ғасырдан да ұзақ күн». Зерттеу барысында табиғат элементтері этикалық, эмоциялық немесе символдық мәнге ие болатын 37 үзіндіге сапалық концептуалды-семантикалық талдау жүргізілді. Үзінділерді іріктеу мәтіндерді мұқият оқу негізінде жүзеге асырылып, олар қайталанып отыратын лексикалық, метафоралық, баяндау сипатындағы және мәдени тұрғыдан мәнді белгілеріне қарай топтастырылды. Талдау нәтижесінде өзара байланысты төрт концептуалды модель анықталды: Жер-ана — өмір бастауы, аналық қамқоршы, моральдық бедел иесі және жады сақтаушы. Бұл модельдер Айтматов прозасындағы табиғаттың жай ғана оқиға өрбитін орта немесе поэтикалық бейне емес екенін көрсетеді. Керісінше, табиғат адам жауапкершілігі, мәдени сабақтастық, экологиялық осалдық және моральдық бағалау мәселелері көрініс табатын этикалық негіз қызметін атқарады. Зерттеу нәтижелері Айтматовтың көркемдік дүниетанымындағы Жер-ана концептісінің құрылымды концептуалды модель ретінде қызмет ететінін айқындау арқылы лингвомәдениеттану мен әдеби экокритика салаларына үлес қосады.
Гуманитарлық саланы цифрландыруды көздейтін мемлекетіміздің негізгі бағдарына сәйкес соңғы жылдары мәтіндік базалар құруға деген талпыныс артуда. Бұл шын мәнінде әлемдік маңызы бар қазіргі тенденциялар қатарында танылады. Корпустық ізденістердің, атап айтқанда, табиғи тілді модельдеу, тілдік алгоритмдер түзу, мәтін өңдеудің қазіргі лингвистиканың басым бағытына айналуы шынайы қажеттіліктерден туындап отыр. Бұл мақалада «Қазақ фольклорлық мәтіндерінің корпусын әзірлеудің мәтінді ғылыми талдау және зерттеуге беретін мүмкіндіктері қарастырылады. Жұмыстың негізгі бағыттары мәтіндерді жинақтау, цифрлық ортаға енгізу, морфологиялық және семантикалық таңбалау, конкорданс құру және тілдік бірліктерді статистикалық талдау әдістерін қамтиды. Зерттеудің ғылыми маңызы – қазақ фольклорын жаңа деңгейде зерделеуге, оның мәтіндік құрылымын заманауи әдіснама арқылы талдауға жол ашатын лингвистикалық корпус базасын қалыптастырудың теориялық негіздемесін ұсынып, тілдің бай қабаттарын ғылыми айналымға енгізуді көздеуінде. Негізгі нәтижелер ретінде қазақ фольклорлық мәтіндерінің корпустық моделі екшеліп, тілдік деректерді кешенді талдау мүмкіндіктері көрсетіледі. Бұл жұмыс корпус лингвистикасының теориясы мен практикасын ұлттық фольклорға бейімдеу арқылы қазақ тіл білімінде жаңа зерттеу кеңістігін ашады. Жүргізілген зерттеу фольклор мәтіндерінің тілдік табиғатын жан-жақты сипаттап, қазақ фольклортану ғылымына әдіснамалық үлес қосады.
Мақалада қазақ тілін құндылық бағдарлы оқытуда корпус деректерін қолданудың теориялық және әдістемелік негіздері қарастырылады. Құндылыққа бағдарланған білім беру тұлғаның рухани-адамгершілік, мәдени және әлеуметтік жауапкершілік қасиеттерін қалыптастыруға бағытталатыны көрсетіледі. Зерттеуде қазақ тілінің ұлттық корпусы, А. Байтұрсынұлының қазақша-орысша параллель корпусы және фольклорлық мәтіндер корпусының материалдары негізінде ұлттық құндылықтарды білдіретін тілдік бірліктердің жиілігі мен қолданыс ерекшеліктері талданды. «Ар», «намыс», «сабыр», «мейірім», «жомарттық» сияқты концептілердің мәнмәтіндік сипаты KWIC әдісі арқылы анықталды. Нәтижесінде корпус деректеріне сүйене отырып, құндылықтық мазмұнды іріктеудің және оны оқу үдерісіне енгізудің үш сатылы моделі ұсынылды. Зерттеу корпусқа негізделген оқытудың қазақ тілін меңгертумен қатар білім алушылардың мәдени-аксиологиялық дүниетанымын дамытуға мүмкіндік беретінін дәлелдейді // «Тіл мен әдебиетті құндылық бағдарлы оқыту: тәжірибе, мәселелер және перспективалары» атты ғалымдар мен мұғалімдердің халықаралық ғылыми- практикалық конференциясы материалдарының жинағы. 2 томдық., 2-том. – Астана: Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ, 2025..17-21 бб.
Бұл корпус қазақтың фолклорлық мұрасын цифрлық ортада сақтау, зерттеу және оқыту мақсатында құрылды