Қара өлең үлгілері
Қалқытып мен әніме салам өрлеп, Келгенде көңілге өлең айт деп кернеп. Жұртшылық ортаға алып қолқаласа, Міндетім қашан да өлең айтып бермек.
Іздеу интерфейсі
Аннотация үдерісі, дәйексөз беру және көптілді оқу үшін жасалған зерттеу интерфейсі
Қалқытып мен әніме салам өрлеп, Келгенде көңілге өлең айт деп кернеп. Жұртшылық ортаға алып қолқаласа, Міндетім қашан да өлең айтып бермек.
Шүбәм жоқ өлең сырын білгішіңе, Балқытып айтқан сөзің кірді ішіме. Арнадым мен де өзіңе асылымды, Ашпаған бұдан бұрын бір кісіге.
Мен өлеңді айтамын құстай заулап, Өлеңіммен аламын елді баурап. Өрге шапқан жүйріктей өршеленіп, Көкейімнен ұйытқиды жел сөз қаулап.
Айтайын өлеңімді «әрияйдай», Торыдым ауылыңды жарым айдай. Ерідім естіп жылы лебізіңді, Айырған тортасынан сары майдай.
Орамалым шетінде төрт гүлі бар, Қайық салып суыңнан өткізіп ал. Көмекейің көсілген ақын болсаң, Өлеңменен ойыңды жеткізіп ал.
Жалт етіп қарағанда көзің тұнық, Қасыңа жетіп келдім тез ұмтылып. Сырласуға шақырдым өлеңменен, Жасың құрбы болған соң өзімсініп.
Сен жүресің көктемде астан-кестен, Ақ түйенің бауырын арқан кескен. Ұлы күні ұлыстың бас қосқанда, Өлеңіңді айт, құрбыжан, қатар өскен.
Біздің ауыл жоғары шірік көлде, Бөз көйлектен су өтпес кіріккенде. Күнде мұндай ойын-той бола бермес, Өлеңіңді айт басымыз біріккенде.
Жүзің жарқын, қалқатай, бойың талма, Аузыңнан шыққан сөз шекер-бал ма. Өлеңменен айтылған әзіл сөзді Көргендінің баласы, көңіліңе алма.
Келемін жоғарыдан төмен қайтып, Көңілді көтерейік өлең айтып. Көңілді көтермесек өлең айтып, Қалармыз әлі-ақ бір күн жер томпайтып.
Айтысқан әлдеқашан тынды алап, Жұрт сені отыр тыңдап жым-жырт қарап. Қараймын, аузыңды ашсаң, көмейіңе, Бір бұлбұл кеткен-ау деп жұмыртқалап.
Мінезі жүйрік аттың ақпа-соқпа, Айтайын біраз өлең осы топқа. Сөйлеп қал, қызыл тілім, жан барында, Өмірің біразырақ бар ма, жоқ па?!
Базар барған біледі малдың нарқын, Өлең айтқан ұғады сөздің парқын. Сәті түсіп бұл тойда кездесіппіз, Өлеңіңді айт қосылып екі жарқын.
Өлеңменен ұл мен қыз ер жетеді, Көңіліңді жақсы өлең тербетеді. Өзіңе арнап, қалқатай, өлең айттым, «Әу» деп қойсаң, апырмай, нең кетеді.
Өлең шығар іштегі, айғайласақ, Несіне ақын боламыз, айта алмасақ. Жақсы да бар, өмірде жаман да бар, Арандармыз алды-артты байқамасақ.
Өлеңді айтқан абзал осындайда, Тартылып аққан су да таусылмай ма. Қартайып, жасың жетіп, ажал келсе, Ақ бетке қара топырақ шашылмай ма.
Өлеңді айтқан жақсы екіленіп, Жүйріктей топта шыққан екпінденіп. Қартайсаң, шабан аттай жүрісің жоқ, Алсайшы осындайда желіп-желіп.
Аузымнан өлең шықты әу басынан, Бұлақтай сылдыраған тау басынан. Жиын-тойда өлеңді мен айтқанда, Дос сүйсініп, тыңдаған жау жасыған.
Мен өзім баяғыдан қаршадаймын, Бастаған керуенді наршадаймын. Несіне айтар сөздің кідірейін, Келгенде қара өлеңге шаршамаймын.
Жігіттер, қанағат қыл азғанаға, Жараспас бекер мақтан бозбалаға. Өлең айт, тәуір сайлап осындайда, Шын жүйрік айғай шықпай қозғала ма.
Корпус метадерегінде қолданылатын атаулар мен баламаларды шолыңыз.
Мақалалар
Мақалалар, зерттеу нәтижелері
Short article sample inspired by UNESCO Dede Qorqud/Korkyt Ata page.
Гуманитарлық саланы цифрландыруды көздейтін мемлекетіміздің негізгі бағдарына сәйкес соңғы жылдары мәтіндік базалар құруға деген талпыныс артуда. Бұл шын мәнінде әлемдік маңызы бар қазіргі тенденциялар қатарында танылады. Корпустық ізденістердің, атап айтқанда, табиғи тілді модельдеу, тілдік алгоритмдер түзу, мәтін өңдеудің қазіргі лингвистиканың басым бағытына айналуы шынайы қажеттіліктерден туындап отыр. Бұл мақалада «Қазақ фольклорлық мәтіндерінің корпусын әзірлеудің мәтінді ғылыми талдау және зерттеуге беретін мүмкіндіктері қарастырылады. Жұмыстың негізгі бағыттары мәтіндерді жинақтау, цифрлық ортаға енгізу, морфологиялық және семантикалық таңбалау, конкорданс құру және тілдік бірліктерді статистикалық талдау әдістерін қамтиды. Зерттеудің ғылыми маңызы – қазақ фольклорын жаңа деңгейде зерделеуге, оның мәтіндік құрылымын заманауи әдіснама арқылы талдауға жол ашатын лингвистикалық корпус базасын қалыптастырудың теориялық негіздемесін ұсынып, тілдің бай қабаттарын ғылыми айналымға енгізуді көздеуінде. Негізгі нәтижелер ретінде қазақ фольклорлық мәтіндерінің корпустық моделі екшеліп, тілдік деректерді кешенді талдау мүмкіндіктері көрсетіледі. Бұл жұмыс корпус лингвистикасының теориясы мен практикасын ұлттық фольклорға бейімдеу арқылы қазақ тіл білімінде жаңа зерттеу кеңістігін ашады. Жүргізілген зерттеу фольклор мәтіндерінің тілдік табиғатын жан-жақты сипаттап, қазақ фольклортану ғылымына әдіснамалық үлес қосады.
Мақалада қазақ тілін құндылық бағдарлы оқытуда корпус деректерін қолданудың теориялық және әдістемелік негіздері қарастырылады. Құндылыққа бағдарланған білім беру тұлғаның рухани-адамгершілік, мәдени және әлеуметтік жауапкершілік қасиеттерін қалыптастыруға бағытталатыны көрсетіледі. Зерттеуде қазақ тілінің ұлттық корпусы, А. Байтұрсынұлының қазақша-орысша параллель корпусы және фольклорлық мәтіндер корпусының материалдары негізінде ұлттық құндылықтарды білдіретін тілдік бірліктердің жиілігі мен қолданыс ерекшеліктері талданды. «Ар», «намыс», «сабыр», «мейірім», «жомарттық» сияқты концептілердің мәнмәтіндік сипаты KWIC әдісі арқылы анықталды. Нәтижесінде корпус деректеріне сүйене отырып, құндылықтық мазмұнды іріктеудің және оны оқу үдерісіне енгізудің үш сатылы моделі ұсынылды. Зерттеу корпусқа негізделген оқытудың қазақ тілін меңгертумен қатар білім алушылардың мәдени-аксиологиялық дүниетанымын дамытуға мүмкіндік беретінін дәлелдейді // «Тіл мен әдебиетті құндылық бағдарлы оқыту: тәжірибе, мәселелер және перспективалары» атты ғалымдар мен мұғалімдердің халықаралық ғылыми- практикалық конференциясы материалдарының жинағы. 2 томдық., 2-том. – Астана: Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ, 2025..17-21 бб.
Бұл корпус қазақтың фолклорлық мұрасын цифрлық ортада сақтау, зерттеу және оқыту мақсатында құрылды