Қара өлең үлгілері
Айтайын айт дегенде өлеңімді, Қайтемін көптен аяп өнерімді. Бұлданып бүгін өлең айтпайтындай Білмейтін жан емеспін өлерімді.
Іздеу интерфейсі
Аннотация үдерісі, дәйексөз беру және көптілді оқу үшін жасалған зерттеу интерфейсі
Айтайын айт дегенде өлеңімді, Қайтемін көптен аяп өнерімді. Бұлданып бүгін өлең айтпайтындай Білмейтін жан емеспін өлерімді.
Өлеңді айт дегенде ағып тұрмын, Торыны екі бірдей бағып тұрмын. Өлең айт тәуір сайлап, құрбыласым, Бұл жерде, сен болмасаң, неғып тұрмын?
Немене өлең деген білген құлға, Кім берер ақ теңгесін арзан пұлға. Кеткенде аулың алыс сенер болсаң, Қараймын шығып алып күнде қырға.
Өлеңді айтқан жақсы білген құлға, Кім берер ақ теңгесін қара пұлға. Әр үйдің қашан барса төрі дайын Сыйлаған ата-анасын адал ұлға.
Өлеңді той болған соң әркім айтар, Бәрін де тыңдаушы көп естіп байқар. Риза боп біреулерге таңдай қағып, Ренжіп біреулерге басын шайқар.
Өлеңді айтқан абзал оқталған соң, Болмайды еш мәнісі тоқталған соң. Жабырқап жасық неме айта алмайды, Жамағат жан-жағына көп толған соң.
Өлеңді айта бермес әркім мендей, Әлінің ат желмейді дүлдүліндей. Ойнап-күл, тіршілікте бұл дүние Болмайды өлгеннен соң бір күнгідей.
Өтеді бір өлеңнен бір өлеңім, Бір-бірлеп ауызыма кір, өлеңім. Өлеңді мұнда айтпаған қайда айтамын, Кез келді күндіз-түні тілегенім.
Тал құрық, қайың құрық, құрық, құрық, Көп қудым қашағанды зорықтырып. Дауысың екеуіңнің тойда шықса, Қарғимын тұсаулы аттай тұрып-тұрып.
Далақтап тойда тойып босқа жүрмей, Айтыстық сұлу қызбен екі бірдей. Өлеңмен сүйсіндіріп қос қалқаны, Жайнаттық жаңа ашылған жазғы гүлдей.
Өлеңді мен айтайын, ау, жарандар, Мен емес шорқақ жігіт сөзге арандар. Өлеңді бір-екі ауыз біздер айтсақ, Қос қалқа қасымыздан орын таңдар.
Далаға дара біткен шынар едім, Иіліп, басын тартсаң, сынар едім. Өлең айт, тәуір сайлап, екі қалқа, Естуге үндеріңді құмар едім.
Өлеңді айт дегенде кетем өрлеп, Айта алмас жаман өлең тойда терлеп. Өлеңім көңіліне жаққан шығар, Көпшілік қолқалап тұр айта бер деп.
Жүйрік ат шапқан сайын арындайды, Өлеңнен ақын жігіт жаңылмайды. Барында оралыңның ойна да күл, Мереке күнде мұндай табылмайды.
Өлеңді айтса ақын ағытылар, Ақынның өлгеннен соң жағы тынар. Алдыңа айтар кісі кез келгенде, Айтпасаң бұл өлеңнің сағы сынар.
Айтпайды ақын өлең жантайған соң, Үйіңе адам келмес, мал тайған соң. Күлмесең, ойнамасаң жастық шақта, Етесің неңді мақтан қартайған соң.
Ақындық айт дегенде тоқталмаса, Шыға ма сөз қазынасы ақтармаса. Ақынның аузына тез сөз түспейді, Азырақ жұрт алдында мақтанбаса.
Өлеңді айт дегенде аңырмаймын, Аққудай көлден ұшқан мамырлаймын. Жақсының қайда жүрсем жанындамын, Жаманға, іздесе де, табылмаймын.
Өлеңді айт дегенде аңырар ма, Өлеңнен нағыз ақын жаңылар ма. Өлеңді айт дегенде ағылтайық, Өлеңнің тойда айтпаған мәні бар ма.
Ақынмын айт дегенде аңыраған, Демей ме «күш атасын танымаған». Өлеңді орны келсе ағытпайтын Жан ба едің жел сөзге де жарымаған.
Корпус метадерегінде қолданылатын атаулар мен баламаларды шолыңыз.
Мақалалар
Мақалалар, зерттеу нәтижелері
Short article sample inspired by UNESCO Dede Qorqud/Korkyt Ata page.
Гуманитарлық саланы цифрландыруды көздейтін мемлекетіміздің негізгі бағдарына сәйкес соңғы жылдары мәтіндік базалар құруға деген талпыныс артуда. Бұл шын мәнінде әлемдік маңызы бар қазіргі тенденциялар қатарында танылады. Корпустық ізденістердің, атап айтқанда, табиғи тілді модельдеу, тілдік алгоритмдер түзу, мәтін өңдеудің қазіргі лингвистиканың басым бағытына айналуы шынайы қажеттіліктерден туындап отыр. Бұл мақалада «Қазақ фольклорлық мәтіндерінің корпусын әзірлеудің мәтінді ғылыми талдау және зерттеуге беретін мүмкіндіктері қарастырылады. Жұмыстың негізгі бағыттары мәтіндерді жинақтау, цифрлық ортаға енгізу, морфологиялық және семантикалық таңбалау, конкорданс құру және тілдік бірліктерді статистикалық талдау әдістерін қамтиды. Зерттеудің ғылыми маңызы – қазақ фольклорын жаңа деңгейде зерделеуге, оның мәтіндік құрылымын заманауи әдіснама арқылы талдауға жол ашатын лингвистикалық корпус базасын қалыптастырудың теориялық негіздемесін ұсынып, тілдің бай қабаттарын ғылыми айналымға енгізуді көздеуінде. Негізгі нәтижелер ретінде қазақ фольклорлық мәтіндерінің корпустық моделі екшеліп, тілдік деректерді кешенді талдау мүмкіндіктері көрсетіледі. Бұл жұмыс корпус лингвистикасының теориясы мен практикасын ұлттық фольклорға бейімдеу арқылы қазақ тіл білімінде жаңа зерттеу кеңістігін ашады. Жүргізілген зерттеу фольклор мәтіндерінің тілдік табиғатын жан-жақты сипаттап, қазақ фольклортану ғылымына әдіснамалық үлес қосады.
Мақалада қазақ тілін құндылық бағдарлы оқытуда корпус деректерін қолданудың теориялық және әдістемелік негіздері қарастырылады. Құндылыққа бағдарланған білім беру тұлғаның рухани-адамгершілік, мәдени және әлеуметтік жауапкершілік қасиеттерін қалыптастыруға бағытталатыны көрсетіледі. Зерттеуде қазақ тілінің ұлттық корпусы, А. Байтұрсынұлының қазақша-орысша параллель корпусы және фольклорлық мәтіндер корпусының материалдары негізінде ұлттық құндылықтарды білдіретін тілдік бірліктердің жиілігі мен қолданыс ерекшеліктері талданды. «Ар», «намыс», «сабыр», «мейірім», «жомарттық» сияқты концептілердің мәнмәтіндік сипаты KWIC әдісі арқылы анықталды. Нәтижесінде корпус деректеріне сүйене отырып, құндылықтық мазмұнды іріктеудің және оны оқу үдерісіне енгізудің үш сатылы моделі ұсынылды. Зерттеу корпусқа негізделген оқытудың қазақ тілін меңгертумен қатар білім алушылардың мәдени-аксиологиялық дүниетанымын дамытуға мүмкіндік беретінін дәлелдейді // «Тіл мен әдебиетті құндылық бағдарлы оқыту: тәжірибе, мәселелер және перспективалары» атты ғалымдар мен мұғалімдердің халықаралық ғылыми- практикалық конференциясы материалдарының жинағы. 2 томдық., 2-том. – Астана: Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ, 2025..17-21 бб.
Бұл корпус қазақтың фолклорлық мұрасын цифрлық ортада сақтау, зерттеу және оқыту мақсатында құрылды