Қара өлең үлгілері
Мал жүрсе үн қатады қалың қаудыр, Қасында қарағайдың бие саудыр. Бітіріп жұмысыңды тойға келсең, Кәнеки, өлеңіңді қардай жаудыр.
Іздеу интерфейсі
Аннотация үдерісі, дәйексөз беру және көптілді оқу үшін жасалған зерттеу интерфейсі
Мал жүрсе үн қатады қалың қаудыр, Қасында қарағайдың бие саудыр. Бітіріп жұмысыңды тойға келсең, Кәнеки, өлеңіңді қардай жаудыр.
Үлкендер өлең басы не дейді екен, Жез таңдай айтқан күміс көмей ме екен. Атаның жақсы салтын жалғастырсаң, Қолдан ап, қолтығыңнан демейді екен.
Қаз қонып айдын көлін қаңқылдаған, Суалып қысы-жазы тартылмаған. Бұлақтай таудан аққан тұнықсың сен, Өлеңді қанша айтса да сарқылмаған.
Өлеңді айт дегенде тоқталар ма, Басынан шын жүйріктің ноқта алар ма. Өлеңді айт дегенде қоя бермей, Шын ақын сылтау іздеп ақталар ма.
Басы еді өлеңімнің түре-сүре, Айтайын түре өлеңді үйге кіре. Өлеңім дауылдатып келе жатыр, Кетпесін үйді жығып бақан тіре.
Өлеңді айт дегенде айта алайын, Жорғадай жолға түскен тайпалайын. Әріптес, іздегенің өлең болса, Көтертіп қап-қап өлең қайтарайын.
Берейік өлең айтып заулап-заулап, Тұрған жоқ жоқты бізден ешкім даулап. Айтайық біраз өлең кезектесіп, Отырған көпшіліктің көңілін аулап.
Берейік өлең айтып тамашаға, Жақсыға жаман адам жанаса ма? Бас қосып үлкен-кіші отырғанда, Көңілін көтермесек, жараса ма?
Өрістеп мал асады аласаны, Жасайды ел жастар үшін тамашаны. Осындай үлкен-кіші бас қосқанда Отыру өлеңдетіп жарасады.
Өлеңді айт дегенде тұрыс болмас, Сөзінде үлкендердің бұрыс болмас. Ағытып ә дегенде қоя бермей, Іріккенмен өлең шіркін ырыс болмас.
Өлеңнің әрияйдай ән кемесі, Адамның қолқа жүрек, жан-денесі, Кеткенде аулың алыс, қимас қалқа, Жетпейтін жандай болам әлде несі.
Көрінбес киім сұлу, қынамаса, Көрінбес шашың сұлу, сыламаса. Құры айқай түк шықпайды бос ұйқастан, Өлеңің көпшілікке ұнамаса.
Бәйгеден талай келген сұр құнаным, Шықпай жүр осы күні құрғыр әнім. Сендерді көз көрген деп құрметтеймін, Бірінен-бірі сұлу құрбыларым.
Өлеңде жорға да бар, жарыс та бар, Өзара беріс те бар, алыс та бар. Мереке күнде мұндай бола бермес, Бозбала, барың болса, қарыштап қал.
Өлеңде шабыс та бар, желіс те бар, Жеңіліс топ алдында жеңіс те бар. Қиыннан қиыстырып тауып айтар Аузында қос қалқаның періште бар.
Келемін жоғарыдан төмендетіп, Жел кеулер көйлегімді көлеңдетіп. Жас дәурен қайсымызға тұрақтамақ, Жүрейік аз ғана күн өлеңдетіп.
Өлеңді үлкен бастар «бісмілләлап», Сыймайды бір кеудеге екі талап. Торқалы тойға әдейі келгеннен соң, Айтысып отырайық тамашалап.
Жиналдық ойдағымыз, қырдағымыз, Асылдың теріп алған жұрнағымыз. Бұл жерге тамашалап келгеннен соң, Жарамас өлең айтпай тұрғанымыз.
Жарасар қара тайға қара терлік, Жігітке пайда бермес төтен ерлік. Томсарып топ алдында отырғанша Көңілді өлең айтып көтерелік.
Сөйлеймін өлеңдетіп, сөйле десең, Көрген жоқ қызға кетіп тойда есем. Жел сөздің бір-екі ауыз арқасында Серкедей қой бастаған болдық көсем.
Корпус метадерегінде қолданылатын атаулар мен баламаларды шолыңыз.
Мақалалар
Мақалалар, зерттеу нәтижелері
Short article sample inspired by UNESCO Dede Qorqud/Korkyt Ata page.
Гуманитарлық саланы цифрландыруды көздейтін мемлекетіміздің негізгі бағдарына сәйкес соңғы жылдары мәтіндік базалар құруға деген талпыныс артуда. Бұл шын мәнінде әлемдік маңызы бар қазіргі тенденциялар қатарында танылады. Корпустық ізденістердің, атап айтқанда, табиғи тілді модельдеу, тілдік алгоритмдер түзу, мәтін өңдеудің қазіргі лингвистиканың басым бағытына айналуы шынайы қажеттіліктерден туындап отыр. Бұл мақалада «Қазақ фольклорлық мәтіндерінің корпусын әзірлеудің мәтінді ғылыми талдау және зерттеуге беретін мүмкіндіктері қарастырылады. Жұмыстың негізгі бағыттары мәтіндерді жинақтау, цифрлық ортаға енгізу, морфологиялық және семантикалық таңбалау, конкорданс құру және тілдік бірліктерді статистикалық талдау әдістерін қамтиды. Зерттеудің ғылыми маңызы – қазақ фольклорын жаңа деңгейде зерделеуге, оның мәтіндік құрылымын заманауи әдіснама арқылы талдауға жол ашатын лингвистикалық корпус базасын қалыптастырудың теориялық негіздемесін ұсынып, тілдің бай қабаттарын ғылыми айналымға енгізуді көздеуінде. Негізгі нәтижелер ретінде қазақ фольклорлық мәтіндерінің корпустық моделі екшеліп, тілдік деректерді кешенді талдау мүмкіндіктері көрсетіледі. Бұл жұмыс корпус лингвистикасының теориясы мен практикасын ұлттық фольклорға бейімдеу арқылы қазақ тіл білімінде жаңа зерттеу кеңістігін ашады. Жүргізілген зерттеу фольклор мәтіндерінің тілдік табиғатын жан-жақты сипаттап, қазақ фольклортану ғылымына әдіснамалық үлес қосады.
Мақалада қазақ тілін құндылық бағдарлы оқытуда корпус деректерін қолданудың теориялық және әдістемелік негіздері қарастырылады. Құндылыққа бағдарланған білім беру тұлғаның рухани-адамгершілік, мәдени және әлеуметтік жауапкершілік қасиеттерін қалыптастыруға бағытталатыны көрсетіледі. Зерттеуде қазақ тілінің ұлттық корпусы, А. Байтұрсынұлының қазақша-орысша параллель корпусы және фольклорлық мәтіндер корпусының материалдары негізінде ұлттық құндылықтарды білдіретін тілдік бірліктердің жиілігі мен қолданыс ерекшеліктері талданды. «Ар», «намыс», «сабыр», «мейірім», «жомарттық» сияқты концептілердің мәнмәтіндік сипаты KWIC әдісі арқылы анықталды. Нәтижесінде корпус деректеріне сүйене отырып, құндылықтық мазмұнды іріктеудің және оны оқу үдерісіне енгізудің үш сатылы моделі ұсынылды. Зерттеу корпусқа негізделген оқытудың қазақ тілін меңгертумен қатар білім алушылардың мәдени-аксиологиялық дүниетанымын дамытуға мүмкіндік беретінін дәлелдейді // «Тіл мен әдебиетті құндылық бағдарлы оқыту: тәжірибе, мәселелер және перспективалары» атты ғалымдар мен мұғалімдердің халықаралық ғылыми- практикалық конференциясы материалдарының жинағы. 2 томдық., 2-том. – Астана: Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ, 2025..17-21 бб.
Бұл корпус қазақтың фолклорлық мұрасын цифрлық ортада сақтау, зерттеу және оқыту мақсатында құрылды