Қара өлең үлгілері
Көк етігім қонышы тар кие алмаймын, Әкем менен шешемді қия алмаймын. Мен қайтейін ауылдан кетіп барам, Бауырларым жас еді, соны ойлаймын.
Іздеу интерфейсі
Аннотация үдерісі, дәйексөз беру және көптілді оқу үшін жасалған зерттеу интерфейсі
Көк етігім қонышы тар кие алмаймын, Әкем менен шешемді қия алмаймын. Мен қайтейін ауылдан кетіп барам, Бауырларым жас еді, соны ойлаймын.
Шашырап жайылады ісек-тұсақ, Турасам қойдың еті болады ұсақ. Атасы атамыздың әнші дейді, Болайық біз де өлеңші соларға ұқсап.
Бірің өрік болғанда, бірің алма, Не көрмейді жалғанда тірі пенде. Қартайсаңыз жас жетіп сәні кетер, Жастық шақта, жөн білсең, күліп-ойна.
Жоғарыдан келемін төмендетіп, Құлан қара ат міндім шөмеңдетіп. Құры қарап отырсаң, не шығады, Отырайық одан да өлеңдетіп.
Алтын таудай жер бар ма жайлағанға, Асау мініп, жас құлын байлағанға. Сары майдай балқырсың ояу жатып, Бұлбұл құстай сызылтып сайрағанда.
Қайыңның қар жұқпайды күрегіне, Тартады жақсы нәрсе сүрегіне. Үстіне тамашаның кезім келді, Жеткізсін әр пендені тілегіне.
Ойда да отыр ауылым, қырда да отыр, Қоңыраттар жағалай Сырда да отыр. Тапсаң, тәуір өлеңнің тазасын айт, Үлкен-кіші сөзіңді тыңдап отыр.
Қасың сұлу көрінер көзіңменен, Ерітесің кісіні сөзіңменен. Күнде мұндай кезіміз келе бермес, Айтып өлең кетейін өзіңе мен.
Егін-төгін тағы да, егін-төгін, Майы шығар семіздің тартса түгін. Күнде мұндай қуаныш бола бермес, Айтып өлең кетейін осы бүгін.
Көзіңнен айналайын қой мақпалдай, Құрбыңмен неге отырсың ойнап қалмай. Құрбыңмен аз ғана күн ойнап қалсаң, Жабарсың қабырғаңды бойдақ малдай
Жақсы болар жылқы мал күзеткенге, Қайың құрық сынбайды түзеткенге. Дәтің қайтіп шыдады ояу жатып, Үй сыртынан ән салып біз өткенде.
«Ар ма» сізден болғанда, «бар бол» бізден, «Есен» сізден болғанда, «шүкір» бізден. Көрмегелі көп айдың жүзі болды, Аман-есен жүрмісің былтыр күзден?
Төріңде қарт отырса баламыз да, Көп қуып балапанды аламыз да. Үстіне шілдехана кез боп қалдық, Құдаша өлең айтпай қаламыз ба?!
Қызыл өрік деуші едім, қызыл өрік, Жарасады басыма кисем бөрік. Ұлы болмай әкемнің қызы болып, Кісі елінде жүремін қандай болып.
Қолыңдағы сақина қалайы ма, Жаман жүрмес жақсының маңайына. Сөзіңе сөз орнымен келгеніңде, Сөйлеместен бекерге қалайын ба.
Шүйгін жерге мал жайсаң, өрістейді, Жолдасқа жаман адам келіспейді. Өлеңді айтар болсаң, дұрыстап айт, Сөзіңді тыңдаған жұрт теріс дейді.
Айтамын айт дегенде енді нені, Ілдірдім қырғи салып бөденені. Тұнжырап төмен қарап отырғанша, Құралық өлең айтып әңгімені.
Екі ауылдың арасы діңгіл соқпақ, Ине қазық болғанда, түйме тоқпақ. Көргенімше өзіңді тағат таппай, Әнім еді салатын сені жоқтап.
Арқар-құлжа, деген соң, арқар-құлжа, Атып алсам құлжаны, терісі олжа. Бұл жалғанда жастарым ойнап-күлсін, Ойнап-күлсе, өзіне тегін олжа.
Айт дегенде өлеңді аяр болмас, Жамандардың сөзінде баян болмас. Осындайда шырқап қал, құрбы-құрдас, Күнде мұндай тамаша даяр болмас.
Корпус метадерегінде қолданылатын атаулар мен баламаларды шолыңыз.
Мақалалар
Мақалалар, зерттеу нәтижелері
Short article sample inspired by UNESCO Dede Qorqud/Korkyt Ata page.
Гуманитарлық саланы цифрландыруды көздейтін мемлекетіміздің негізгі бағдарына сәйкес соңғы жылдары мәтіндік базалар құруға деген талпыныс артуда. Бұл шын мәнінде әлемдік маңызы бар қазіргі тенденциялар қатарында танылады. Корпустық ізденістердің, атап айтқанда, табиғи тілді модельдеу, тілдік алгоритмдер түзу, мәтін өңдеудің қазіргі лингвистиканың басым бағытына айналуы шынайы қажеттіліктерден туындап отыр. Бұл мақалада «Қазақ фольклорлық мәтіндерінің корпусын әзірлеудің мәтінді ғылыми талдау және зерттеуге беретін мүмкіндіктері қарастырылады. Жұмыстың негізгі бағыттары мәтіндерді жинақтау, цифрлық ортаға енгізу, морфологиялық және семантикалық таңбалау, конкорданс құру және тілдік бірліктерді статистикалық талдау әдістерін қамтиды. Зерттеудің ғылыми маңызы – қазақ фольклорын жаңа деңгейде зерделеуге, оның мәтіндік құрылымын заманауи әдіснама арқылы талдауға жол ашатын лингвистикалық корпус базасын қалыптастырудың теориялық негіздемесін ұсынып, тілдің бай қабаттарын ғылыми айналымға енгізуді көздеуінде. Негізгі нәтижелер ретінде қазақ фольклорлық мәтіндерінің корпустық моделі екшеліп, тілдік деректерді кешенді талдау мүмкіндіктері көрсетіледі. Бұл жұмыс корпус лингвистикасының теориясы мен практикасын ұлттық фольклорға бейімдеу арқылы қазақ тіл білімінде жаңа зерттеу кеңістігін ашады. Жүргізілген зерттеу фольклор мәтіндерінің тілдік табиғатын жан-жақты сипаттап, қазақ фольклортану ғылымына әдіснамалық үлес қосады.
Мақалада қазақ тілін құндылық бағдарлы оқытуда корпус деректерін қолданудың теориялық және әдістемелік негіздері қарастырылады. Құндылыққа бағдарланған білім беру тұлғаның рухани-адамгершілік, мәдени және әлеуметтік жауапкершілік қасиеттерін қалыптастыруға бағытталатыны көрсетіледі. Зерттеуде қазақ тілінің ұлттық корпусы, А. Байтұрсынұлының қазақша-орысша параллель корпусы және фольклорлық мәтіндер корпусының материалдары негізінде ұлттық құндылықтарды білдіретін тілдік бірліктердің жиілігі мен қолданыс ерекшеліктері талданды. «Ар», «намыс», «сабыр», «мейірім», «жомарттық» сияқты концептілердің мәнмәтіндік сипаты KWIC әдісі арқылы анықталды. Нәтижесінде корпус деректеріне сүйене отырып, құндылықтық мазмұнды іріктеудің және оны оқу үдерісіне енгізудің үш сатылы моделі ұсынылды. Зерттеу корпусқа негізделген оқытудың қазақ тілін меңгертумен қатар білім алушылардың мәдени-аксиологиялық дүниетанымын дамытуға мүмкіндік беретінін дәлелдейді // «Тіл мен әдебиетті құндылық бағдарлы оқыту: тәжірибе, мәселелер және перспективалары» атты ғалымдар мен мұғалімдердің халықаралық ғылыми- практикалық конференциясы материалдарының жинағы. 2 томдық., 2-том. – Астана: Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ, 2025..17-21 бб.
Бұл корпус қазақтың фолклорлық мұрасын цифрлық ортада сақтау, зерттеу және оқыту мақсатында құрылды