Іздеу интерфейсі

Фолклор мәтіндері корпусы

Аннотация үдерісі, дәйексөз беру және көптілді оқу үшін жасалған зерттеу интерфейсі

4361 Жалпы жазба
175,013 Бірегей сөзформа (толық индекс)
3902 Құжаттың орташа ұзындығы
Өрістер: title content genre region collector
Операторлар: AND OR NOT
Дәл/нақты тіркес: "..." тырнақшаға алыңыз
Тазалау

Нәтижелер: конкорданс, жиілік, коллокациялар

Корпус жазбалары

20 / 4361 жазба көрсетілуде

Қара өлең үлгілері

Бұлт басса таудың басын, сұстанады, Бұтақты майыстырып құс қонады. Барында өміріңнің ойна да күл, Ырсиып өлгеннен соң тіс қалады.

Жанр: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Жүреді жақсы жігіт өз жайына, Талшық қып адал дәмін таңдайына. Кетпеннің мұқатпақ боп басын бассаң, Тиеді сабы келіп маңдайыңа.

Жанр: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Жапсаң да кілем сиыр түйе болмас, Құлындап есек пақыр бие болмас, Бір жаман бір жаманға қосылса да, Екеуі бір-біріне ие болмас.

Жанр: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Ит қызыл болса дағы түлкі болмас, Ойнақтап сиыр үркіп жылқы болмас. Әркімнің шылауында жүрер жаман, Өмірі өз басының ырғы болмас.

Жанр: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Би болмас надан белін буғанменен, Тазармас заты жаман жуғанменен. Әртүрлі әр адамға нәсіп тиер, Бәрі де бір кәсіпті қуғанменен.

Жанр: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Мәстекті мақтағанмен тұлпар болмас, Сауысқан шықылықтап сұңқар болмас. Кей жаман мал бітті деп ел билейді, Халық та сол жаманға іңкәр болмас.

Жанр: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Киім тікпес шын шебер үлгі білмей, Сұлу қызбен көреді ел гүлді бірдей. Жамандармен көп ойнап, сан күлгенің Қайдан болсын жақсының бір күніндей.

Жанр: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Он жабы сатсам, жетпес бір тұлпарға, Мың қарға залал қылмас бір сұңқарға. Жаманға жазатайым ісің түссе, Жарамас ашылғанды бір қымтарға.

Жанр: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Ақымақтың жұмысы сырттан сөкпек, Буы шығып басынан ісіп-кеппек. Бір жақсының мінезін баян қылсаң, Болар соның қайтсе де арын төкпек.

Жанр: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Өлеңді айт дегенде тарылмаймын, Аққудай көлден ұшқан мамырлаймын. Жақсыға жайды білер жаттығым жоқ, Жаманға, іздесе де, табылмаймын.

Жанр: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Мінемін той дегенде қара атымды, Құйрығы қара атымның таратылды. Көз жетті ел сөзінің расына, Деуші еді тәуір бала жаратымды.

Жанр: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Кимеймін ақтан көйлек бөз болар деп, Жаманға жоламаймын сөз болар деп. Үмітім ақталғандай ойлап жүрген, Өзіңдей бір жақсы жан кез болар деп.

Жанр: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Үстімде бір ішігім қояннан жең, Жаманды менсінбеймін ақылы кем. Жақсының мен де өзіңдей баласымын, Өз еркім ойнап-күлсем терезем тең.

Жанр: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Жаманның әр сөзі жан жүдеткендей, Бір күнің өтсе онымен, жыл өткендей. Жақсымен жайды білер болсаң жолдас, Көтеріп көңіліңді түлеткендей.

Жанр: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Ағынан да алманың көгі жақсы, Барынан да жаманның жоғы жақсы. Бір сөз айтсаң жаманға, қорс етеді, Қорғасындай балқыған қайран жақсы.

Жанр: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Аралап ағайынды жүрген қандай, Дидары жақсы ағаның жаққан шамдай. Қара нан, ықыласпен шай берсе де, Көңілге ләззаты бар шекер-балдай.

Жанр: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Жақсылар ақ алмастай жарқылдаған, Әділін айтар кезде тартынбаған. Жаманға жазатайым бітсе дәулет, Қайыры өз басынан артылмаған.

Жанр: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Мінгеннен жаман ерге жайдақ жақсы, Алғанша жаман қатын бойдақ жақсы. Өкініш өзекті оттай өртемеске, Әр істі бастар алдын ойлап жақсы.

Жанр: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Жаманмен жайды білмес болма жолдас, Қас қылған татқан тұзға жігіт оңбас. Әліңше айналаңа қол ұшын бер, Ағашқа саясы жоқ бұлбұл қонбас.

Жанр: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Қолымда бір жүзігім көз орнатқан, Жаманның күні құрсын сөзін сатқан. Жақсының бір мінезі шырын сөзі, Қылығы, еске түссе, зар жылатқан.

Жанр: Қара өлең
Алдыңғы 64 / 219 бет Келесі

Анықтамалық

Корпус метадерегінде қолданылатын атаулар мен баламаларды шолыңыз.

Мақалалар

Мақалалар, зерттеу нәтижелері

Шыңғыс Айтматов прозасындағы Жер-ана — көпқабатты концепт: семантикалық, мәдени және экологиялық талдау

Бұл зерттеуде Шыңғыс Айтматов прозасындағы Жер-ана концептісінің семантикалық, мәдени және экологиялық категория ретінде қалыптасуы қарастырылады. Осы бағыттағы зерттеу олқылығын толықтыру мақсатында жұмыста жазушының төрт прозалық шығармасы талданады: «Плаха», «Қош бол, Гүлсары!», «Ақ кеме» және «Ғасырдан да ұзақ күн». Зерттеу барысында табиғат элементтері этикалық, эмоциялық немесе символдық мәнге ие болатын 37 үзіндіге сапалық концептуалды-семантикалық талдау жүргізілді. Үзінділерді іріктеу мәтіндерді мұқият оқу негізінде жүзеге асырылып, олар қайталанып отыратын лексикалық, метафоралық, баяндау сипатындағы және мәдени тұрғыдан мәнді белгілеріне қарай топтастырылды. Талдау нәтижесінде өзара байланысты төрт концептуалды модель анықталды: Жер-ана — өмір бастауы, аналық қамқоршы, моральдық бедел иесі және жады сақтаушы. Бұл модельдер Айтматов прозасындағы табиғаттың жай ғана оқиға өрбитін орта немесе поэтикалық бейне емес екенін көрсетеді. Керісінше, табиғат адам жауапкершілігі, мәдени сабақтастық, экологиялық осалдық және моральдық бағалау мәселелері көрініс табатын этикалық негіз қызметін атқарады. Зерттеу нәтижелері Айтматовтың көркемдік дүниетанымындағы Жер-ана концептісінің құрылымды концептуалды модель ретінде қызмет ететінін айқындау арқылы лингвомәдениеттану мен әдеби экокритика салаларына үлес қосады.

Қазақ фольклорлық мәтіндерінің корпусы: ғылыми талдау және зерттеу мүмкіндіктері

Гуманитарлық саланы цифрландыруды көздейтін мемлекетіміздің негізгі бағдарына сәйкес соңғы жылдары мәтіндік базалар құруға деген талпыныс артуда. Бұл шын мәнінде әлемдік маңызы бар қазіргі тенденциялар қатарында танылады. Корпустық ізденістердің, атап айтқанда, табиғи тілді модельдеу, тілдік алгоритмдер түзу, мәтін өңдеудің қазіргі лингвистиканың басым бағытына айналуы шынайы қажеттіліктерден туындап отыр. Бұл мақалада «Қазақ фольклорлық мәтіндерінің корпусын әзірлеудің мәтінді ғылыми талдау және зерттеуге беретін мүмкіндіктері қарастырылады. Жұмыстың негізгі бағыттары мәтіндерді жинақтау, цифрлық ортаға енгізу, морфологиялық және семантикалық таңбалау, конкорданс құру және тілдік бірліктерді статистикалық талдау әдістерін қамтиды. Зерттеудің ғылыми маңызы – қазақ фольклорын жаңа деңгейде зерделеуге, оның мәтіндік құрылымын заманауи әдіснама арқылы талдауға жол ашатын лингвистикалық корпус базасын қалыптастырудың теориялық негіздемесін ұсынып, тілдің бай қабаттарын ғылыми айналымға енгізуді көздеуінде. Негізгі нәтижелер ретінде қазақ фольклорлық мәтіндерінің корпустық моделі екшеліп, тілдік деректерді кешенді талдау мүмкіндіктері көрсетіледі. Бұл жұмыс корпус лингвистикасының теориясы мен практикасын ұлттық фольклорға бейімдеу арқылы қазақ тіл білімінде жаңа зерттеу кеңістігін ашады. Жүргізілген зерттеу фольклор мәтіндерінің тілдік табиғатын жан-жақты сипаттап, қазақ фольклортану ғылымына әдіснамалық үлес қосады.

Қазақ тілін құндылық бағдарлы оқытуда корпус деректерін қолдану

Мақалада қазақ тілін құндылық бағдарлы оқытуда корпус деректерін қолданудың теориялық және әдістемелік негіздері қарастырылады. Құндылыққа бағдарланған білім беру тұлғаның рухани-адамгершілік, мәдени және әлеуметтік жауапкершілік қасиеттерін қалыптастыруға бағытталатыны көрсетіледі. Зерттеуде қазақ тілінің ұлттық корпусы, А. Байтұрсынұлының қазақша-орысша параллель корпусы және фольклорлық мәтіндер корпусының материалдары негізінде ұлттық құндылықтарды білдіретін тілдік бірліктердің жиілігі мен қолданыс ерекшеліктері талданды. «Ар», «намыс», «сабыр», «мейірім», «жомарттық» сияқты концептілердің мәнмәтіндік сипаты KWIC әдісі арқылы анықталды. Нәтижесінде корпус деректеріне сүйене отырып, құндылықтық мазмұнды іріктеудің және оны оқу үдерісіне енгізудің үш сатылы моделі ұсынылды. Зерттеу корпусқа негізделген оқытудың қазақ тілін меңгертумен қатар білім алушылардың мәдени-аксиологиялық дүниетанымын дамытуға мүмкіндік беретінін дәлелдейді // «Тіл мен әдебиетті құндылық бағдарлы оқыту: тәжірибе, мәселелер және перспективалары» атты ғалымдар мен мұғалімдердің халықаралық ғылыми- практикалық конференциясы материалдарының жинағы. 2 томдық., 2-том. – Астана: Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ, 2025..17-21 бб.

Жоба туралы мәлімет

Бұл корпус қазақтың фолклорлық мұрасын цифрлық ортада сақтау, зерттеу және оқыту мақсатында құрылды