Қара өлең үлгілері
Не жетсін жақсылықты бастағанға, Жұрт көңілін бір көтеріп тастағанға. Торқалы, кәдесі мол тойың түгіл, Құптаймын әр ісіңді басқан оңға.
Іздеу интерфейсі
Аннотация үдерісі, дәйексөз беру және көптілді оқу үшін жасалған зерттеу интерфейсі
Не жетсін жақсылықты бастағанға, Жұрт көңілін бір көтеріп тастағанға. Торқалы, кәдесі мол тойың түгіл, Құптаймын әр ісіңді басқан оңға.
Білгенге абырой ғой той бастаған, Той бастау ісім емес ойласпаған. Тойыңды көкке өрлетіп мен бастайын, Көпшілік той бастатпай қоймас маған.
Құрметпен тойды атаның ұлы бастар, Ақынның әр сөзінде болады астар. Той бастау—ежелгі ата-баба салты, Тыңдаған үлгі алсын ұл, қыз—жастар.
Топ жарып тойыңызды ақын бастар, Жиналдық құда-жекжат, жақын достар. Дем алмай біздер айта береміз бе, Қостасын қыз-келіншек, қарындастар.
Жер риза желкілдеген құрағына, Сүйсінер өзен сансыз бұлағына. Той бастап екі жасқа бата бердік, Шалынсын періштенің құлағына.
Топты жарып шын ақын той бастайды, Асықпаған бұл тойды жай бастайды. Бойжеткеннің бауыры жомарт болса, Шапан тұрмақ алдыңа тай тастайды.
Жиылдық ойдағымыз, қырдағымыз, Асылдың жинап алған жұрнағымыз. Бұл жерге тамашалап келгеннен соң, Жарамас той бастамай тұрғанымыз.
Ендеше, той-тойыңыз, той-тойыңыз, Тойыңа қызыл марқа қой сойыңыз. Келіншектің анау-мынау керегі жоқ, Қасыма айтысуға қыз қойыңыз.
Той бастау келіп қапты барша жанға, Өлеңің пайда болмас қалса жанда. Тойыңды топ алдында өзім бастап, Артайын жоралғысын қара нарға.
Келемін жоғарыдан белеңменен, Өзі әсем, өзі жорға дөненменен. Жоралғы ортамызға келіп қапты, Берейік бетін ашып өлеңменен.
Топ жарып, баста десең, той бастайын, Ойына көптің неге ой қоспайын. Алдыма айтар кісім кез келгенде, Тұлпардай топтан озған ойқастайын.
Атаның демеу болар ақ батасы, Түйенің ойнақтайды жас ботасы. Сәрсенбі сәтті күні той жасапсыз, Тойыңыз құтты болсын, той атасы!
Той қылғанның белгісі айтып хабар, Жаршы бала жалбаңдап атқа шабар. Той жасаған жекжаттар мырза болса, Той бастаған кісіге шапан жабар.
Біз бір құтты қонақпыз тойға келген, Неге айтайық жел сөзді ойға келген. Тойыңызды топ жарып бастап бердік, Кім жоралғы аяйды біздей ерден.
Біз келдік сәтті күні тойыңызға, Келгенді неге іркелік ойымызға. Тойыңызды бабымен бастап бердік, Лайық сый алармыз бойымызға.
Ә дегенде бәйгеден ат келеді, Аты келген адамдар шат келеді. Той иесі шынымен мырза болса, Сый-сияпат аямай ап келеді.
Ұшады таудан бүркіт сілкініп-ай, Ашықса, алып жейді түлкіні де-ай, Той бастап үлкен-кіші өтінгенде, Жасайық көңілді ойын-күлкіні ұдай.
Лайық жорашыға жол тұрады, Лайық жампоз нарға қом тұрады. Кетті деп тойға барым тарықпаңыз, Тәңірім той есесін толтырады.
Қотан толы ешкіңіз қойға ұлассын, Қырға сыймай жылқыңыз ойды бассын. Қуанышқа кенелген той иесі, Құтты болып тойыңыз тойға ұлассын!
Құнан қойын байлатып сойдырған үй, Табақ-табақ ет тартып тойдырған үй. Сәрсенбінің сәтіне той жасапсыз, Құтты болсын тойыңыз, той қылған үй!
Корпус метадерегінде қолданылатын атаулар мен баламаларды шолыңыз.
Мақалалар
Мақалалар, зерттеу нәтижелері
Бұл зерттеуде Шыңғыс Айтматов прозасындағы Жер-ана концептісінің семантикалық, мәдени және экологиялық категория ретінде қалыптасуы қарастырылады. Осы бағыттағы зерттеу олқылығын толықтыру мақсатында жұмыста жазушының төрт прозалық шығармасы талданады: «Плаха», «Қош бол, Гүлсары!», «Ақ кеме» және «Ғасырдан да ұзақ күн». Зерттеу барысында табиғат элементтері этикалық, эмоциялық немесе символдық мәнге ие болатын 37 үзіндіге сапалық концептуалды-семантикалық талдау жүргізілді. Үзінділерді іріктеу мәтіндерді мұқият оқу негізінде жүзеге асырылып, олар қайталанып отыратын лексикалық, метафоралық, баяндау сипатындағы және мәдени тұрғыдан мәнді белгілеріне қарай топтастырылды. Талдау нәтижесінде өзара байланысты төрт концептуалды модель анықталды: Жер-ана — өмір бастауы, аналық қамқоршы, моральдық бедел иесі және жады сақтаушы. Бұл модельдер Айтматов прозасындағы табиғаттың жай ғана оқиға өрбитін орта немесе поэтикалық бейне емес екенін көрсетеді. Керісінше, табиғат адам жауапкершілігі, мәдени сабақтастық, экологиялық осалдық және моральдық бағалау мәселелері көрініс табатын этикалық негіз қызметін атқарады. Зерттеу нәтижелері Айтматовтың көркемдік дүниетанымындағы Жер-ана концептісінің құрылымды концептуалды модель ретінде қызмет ететінін айқындау арқылы лингвомәдениеттану мен әдеби экокритика салаларына үлес қосады.
Гуманитарлық саланы цифрландыруды көздейтін мемлекетіміздің негізгі бағдарына сәйкес соңғы жылдары мәтіндік базалар құруға деген талпыныс артуда. Бұл шын мәнінде әлемдік маңызы бар қазіргі тенденциялар қатарында танылады. Корпустық ізденістердің, атап айтқанда, табиғи тілді модельдеу, тілдік алгоритмдер түзу, мәтін өңдеудің қазіргі лингвистиканың басым бағытына айналуы шынайы қажеттіліктерден туындап отыр. Бұл мақалада «Қазақ фольклорлық мәтіндерінің корпусын әзірлеудің мәтінді ғылыми талдау және зерттеуге беретін мүмкіндіктері қарастырылады. Жұмыстың негізгі бағыттары мәтіндерді жинақтау, цифрлық ортаға енгізу, морфологиялық және семантикалық таңбалау, конкорданс құру және тілдік бірліктерді статистикалық талдау әдістерін қамтиды. Зерттеудің ғылыми маңызы – қазақ фольклорын жаңа деңгейде зерделеуге, оның мәтіндік құрылымын заманауи әдіснама арқылы талдауға жол ашатын лингвистикалық корпус базасын қалыптастырудың теориялық негіздемесін ұсынып, тілдің бай қабаттарын ғылыми айналымға енгізуді көздеуінде. Негізгі нәтижелер ретінде қазақ фольклорлық мәтіндерінің корпустық моделі екшеліп, тілдік деректерді кешенді талдау мүмкіндіктері көрсетіледі. Бұл жұмыс корпус лингвистикасының теориясы мен практикасын ұлттық фольклорға бейімдеу арқылы қазақ тіл білімінде жаңа зерттеу кеңістігін ашады. Жүргізілген зерттеу фольклор мәтіндерінің тілдік табиғатын жан-жақты сипаттап, қазақ фольклортану ғылымына әдіснамалық үлес қосады.
Мақалада қазақ тілін құндылық бағдарлы оқытуда корпус деректерін қолданудың теориялық және әдістемелік негіздері қарастырылады. Құндылыққа бағдарланған білім беру тұлғаның рухани-адамгершілік, мәдени және әлеуметтік жауапкершілік қасиеттерін қалыптастыруға бағытталатыны көрсетіледі. Зерттеуде қазақ тілінің ұлттық корпусы, А. Байтұрсынұлының қазақша-орысша параллель корпусы және фольклорлық мәтіндер корпусының материалдары негізінде ұлттық құндылықтарды білдіретін тілдік бірліктердің жиілігі мен қолданыс ерекшеліктері талданды. «Ар», «намыс», «сабыр», «мейірім», «жомарттық» сияқты концептілердің мәнмәтіндік сипаты KWIC әдісі арқылы анықталды. Нәтижесінде корпус деректеріне сүйене отырып, құндылықтық мазмұнды іріктеудің және оны оқу үдерісіне енгізудің үш сатылы моделі ұсынылды. Зерттеу корпусқа негізделген оқытудың қазақ тілін меңгертумен қатар білім алушылардың мәдени-аксиологиялық дүниетанымын дамытуға мүмкіндік беретінін дәлелдейді // «Тіл мен әдебиетті құндылық бағдарлы оқыту: тәжірибе, мәселелер және перспективалары» атты ғалымдар мен мұғалімдердің халықаралық ғылыми- практикалық конференциясы материалдарының жинағы. 2 томдық., 2-том. – Астана: Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ, 2025..17-21 бб.
Бұл корпус қазақтың фолклорлық мұрасын цифрлық ортада сақтау, зерттеу және оқыту мақсатында құрылды