Қара өлең үлгілері
Азырақ ән салайық айғайласып, Отырмай көп ішінде бекер жасып. Осындай тамашаны көргенімде, Тоқталып тұра алмаймын көңілім тасып.
Іздеу интерфейсі
Аннотация үдерісі, дәйексөз беру және көптілді оқу үшін жасалған зерттеу интерфейсі
Азырақ ән салайық айғайласып, Отырмай көп ішінде бекер жасып. Осындай тамашаны көргенімде, Тоқталып тұра алмаймын көңілім тасып.
Айтайын айт дегенде әрияйдай, Жаныңды ерітейін сары майдай. Бойыңды мен балқытпай кім балқытар, Даңқым бар ақындықта Абылайдай.
Шығады шөлдеу жерге адыраспан, Бар жерді адыраспан әсте баспан. Тойда өлең бұдан бұрын айтпап едім, Қолдай көр қолтығымнан, Омар, Оспан.
Ән салсаң, өзімдей сал салғандай қып, Тыңдаған таң-тамаша қалғандай қып. Шырқашы шаршы топта шарықтатып, Әркім-ақ айта жүрсін армандай қып.
Әуеде ұшып жүрген ұлар ма екен, Баласын атып алсам жылар ма екен. Айтудан мен өлеңді аянбаймын, Айтқаным көпшілікке ұнар ма екен.
Ән салайын үлгі етіп балаларға, Балалар тез үйреніп ала алар ма. Жас күнінде сүйсініп салған әндей, Өзге нәрсе есінде қала алар ма?!
Әуеде ұшып жүрген сары маса, Шын жүйрік тоқтамайды арымаса. Таңға айтсаң тамсантып бір таусылмайтын Өлең қайдан шығады дарымаса.
Берейік өлең айтып тамашаға, Тыңдаса үлкен-кіші, бала-шаға. Той тойлап топ ішінде отырғанда, Көңілді көтермесек жараса ма?
Берейік өлең айтып заулап-заулап, Халықпыз қара өлеңі өскен қаулап. Асырып той қызығын ән шырқайық, Отырған үлкендердің көңілін аулап.
Сайланар үлкендердің орны төрден, Сұңқылдап аққу ұшар айдын көлден. Жастарға ойын-тойда тұрыс бар ма, Өлеңді қоя бермей келген жерден.
Білмеймін мен өлеңді жүзден артық, Білем деп тағы айтпаймын сізден артық. Тойда өлең айта алмайтын ынжықтардан Үмітті әуел бастан үзген артық.
Өлең де жоқ, ән де жоқ салмағанға, Армандамын аулыңа бармағанға. Жатсам ұйқым келмейді, тұрсам күлкім, Ойнап-күліп мейірім қанбағанға.
Берейін өлең айтып тыңдасаңыз, Халайық, тыңдай білген, мың жасаңыз. Желсөзбен аруларға айқасайын, Артымнан өсек-аяң қылмасаңыз.
Соғады сөйле десең сөздің желі, Тойларда өлең алар жиып елді. Тойыңды топтан озып біз бастайық, Тойыңыз тойға ұлассын берекелі.
Көкке өрлеп бой түзеген бүрлі қайың, Басына бүрлі қайың мен шығайын. Әріптес, тұсыңызға келіп қалдық, Бізбенен айтысуға бар ма жайың?
Кигенім аяғыма жайпақ табан, Баспайды саздау жерді байпақты адам. Көпшілік үміт артып отырғанда, Жарамас өлең айтпай тайсақтаған.
Кез болдық осы тойда қиуадан, Болып па өлең айту қиын одан. Жарасып өлең айтып отырайық, Секілді жасыл манат қиюлаған.
Кекілі кербестінің тарам-тарам, Келеді сөзге шорқақ кейбір адам. Таң да атып, ел де тарап барады екен, Қара өлең осыменен болсын тамам.
Келемін мен ауылдан күн-түн қатып, Тон киіп, ақ құндызбен жұрындатып. Өтініп үлкен-кіші қолқалауда, Айтайық қара өлеңді туындатып.
Қалқатай, сен де елгезек, мен де елгезек, Қалайық осы тойда тілді безеп. Өлеңді бағанадан мен шырқадым, Ал енді өзіңізге келді кезек.
Корпус метадерегінде қолданылатын атаулар мен баламаларды шолыңыз.
Мақалалар
Мақалалар, зерттеу нәтижелері
Бұл зерттеуде Шыңғыс Айтматов прозасындағы Жер-ана концептісінің семантикалық, мәдени және экологиялық категория ретінде қалыптасуы қарастырылады. Осы бағыттағы зерттеу олқылығын толықтыру мақсатында жұмыста жазушының төрт прозалық шығармасы талданады: «Плаха», «Қош бол, Гүлсары!», «Ақ кеме» және «Ғасырдан да ұзақ күн». Зерттеу барысында табиғат элементтері этикалық, эмоциялық немесе символдық мәнге ие болатын 37 үзіндіге сапалық концептуалды-семантикалық талдау жүргізілді. Үзінділерді іріктеу мәтіндерді мұқият оқу негізінде жүзеге асырылып, олар қайталанып отыратын лексикалық, метафоралық, баяндау сипатындағы және мәдени тұрғыдан мәнді белгілеріне қарай топтастырылды. Талдау нәтижесінде өзара байланысты төрт концептуалды модель анықталды: Жер-ана — өмір бастауы, аналық қамқоршы, моральдық бедел иесі және жады сақтаушы. Бұл модельдер Айтматов прозасындағы табиғаттың жай ғана оқиға өрбитін орта немесе поэтикалық бейне емес екенін көрсетеді. Керісінше, табиғат адам жауапкершілігі, мәдени сабақтастық, экологиялық осалдық және моральдық бағалау мәселелері көрініс табатын этикалық негіз қызметін атқарады. Зерттеу нәтижелері Айтматовтың көркемдік дүниетанымындағы Жер-ана концептісінің құрылымды концептуалды модель ретінде қызмет ететінін айқындау арқылы лингвомәдениеттану мен әдеби экокритика салаларына үлес қосады.
Гуманитарлық саланы цифрландыруды көздейтін мемлекетіміздің негізгі бағдарына сәйкес соңғы жылдары мәтіндік базалар құруға деген талпыныс артуда. Бұл шын мәнінде әлемдік маңызы бар қазіргі тенденциялар қатарында танылады. Корпустық ізденістердің, атап айтқанда, табиғи тілді модельдеу, тілдік алгоритмдер түзу, мәтін өңдеудің қазіргі лингвистиканың басым бағытына айналуы шынайы қажеттіліктерден туындап отыр. Бұл мақалада «Қазақ фольклорлық мәтіндерінің корпусын әзірлеудің мәтінді ғылыми талдау және зерттеуге беретін мүмкіндіктері қарастырылады. Жұмыстың негізгі бағыттары мәтіндерді жинақтау, цифрлық ортаға енгізу, морфологиялық және семантикалық таңбалау, конкорданс құру және тілдік бірліктерді статистикалық талдау әдістерін қамтиды. Зерттеудің ғылыми маңызы – қазақ фольклорын жаңа деңгейде зерделеуге, оның мәтіндік құрылымын заманауи әдіснама арқылы талдауға жол ашатын лингвистикалық корпус базасын қалыптастырудың теориялық негіздемесін ұсынып, тілдің бай қабаттарын ғылыми айналымға енгізуді көздеуінде. Негізгі нәтижелер ретінде қазақ фольклорлық мәтіндерінің корпустық моделі екшеліп, тілдік деректерді кешенді талдау мүмкіндіктері көрсетіледі. Бұл жұмыс корпус лингвистикасының теориясы мен практикасын ұлттық фольклорға бейімдеу арқылы қазақ тіл білімінде жаңа зерттеу кеңістігін ашады. Жүргізілген зерттеу фольклор мәтіндерінің тілдік табиғатын жан-жақты сипаттап, қазақ фольклортану ғылымына әдіснамалық үлес қосады.
Мақалада қазақ тілін құндылық бағдарлы оқытуда корпус деректерін қолданудың теориялық және әдістемелік негіздері қарастырылады. Құндылыққа бағдарланған білім беру тұлғаның рухани-адамгершілік, мәдени және әлеуметтік жауапкершілік қасиеттерін қалыптастыруға бағытталатыны көрсетіледі. Зерттеуде қазақ тілінің ұлттық корпусы, А. Байтұрсынұлының қазақша-орысша параллель корпусы және фольклорлық мәтіндер корпусының материалдары негізінде ұлттық құндылықтарды білдіретін тілдік бірліктердің жиілігі мен қолданыс ерекшеліктері талданды. «Ар», «намыс», «сабыр», «мейірім», «жомарттық» сияқты концептілердің мәнмәтіндік сипаты KWIC әдісі арқылы анықталды. Нәтижесінде корпус деректеріне сүйене отырып, құндылықтық мазмұнды іріктеудің және оны оқу үдерісіне енгізудің үш сатылы моделі ұсынылды. Зерттеу корпусқа негізделген оқытудың қазақ тілін меңгертумен қатар білім алушылардың мәдени-аксиологиялық дүниетанымын дамытуға мүмкіндік беретінін дәлелдейді // «Тіл мен әдебиетті құндылық бағдарлы оқыту: тәжірибе, мәселелер және перспективалары» атты ғалымдар мен мұғалімдердің халықаралық ғылыми- практикалық конференциясы материалдарының жинағы. 2 томдық., 2-том. – Астана: Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ, 2025..17-21 бб.
Бұл корпус қазақтың фолклорлық мұрасын цифрлық ортада сақтау, зерттеу және оқыту мақсатында құрылды