Іздеу интерфейсі

Фолклор мәтіндері корпусы

Аннотация үдерісі, дәйексөз беру және көптілді оқу үшін жасалған зерттеу интерфейсі

4573 Жалпы жазба
178,941 Бірегей сөзформа (толық индекс)
3838 Құжаттың орташа ұзындығы
Тазалау

Нәтижелер: конкорданс, жиілік, коллокациялар

Корпус жазбалары

20 / 4573 жазба көрсетілуде

Қара өлең үлгілері

Бөктерде жылқым жатыр Қыдыр баққан, Бешпетім үстімдегі көк драптан. Осындай ойын-тойда ән салғанда, Даусыңнан айналайын сылдыр қаққан.

Жанр: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Мінген атым астымда құла жорға, Сол жорғаның тізгінін тарттым зорға. Өнеріңмен еліңе танылмасаң, Ауылыңа шақырып әуре болма.

Жанр: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Жылқым жатыр өзеннің жағасында, Ауылыма шақырсам барасың ба? Шақырғанда ауылыма бара қалсаң, Серік болып қасымда қаласың ба?

Жанр: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Бетің аппақ, қалқатай, қар секілді, Байқағанға зейінің бар секілді. Арындатып айта түс өлеңіңді, Татып барад таңдайға бал секілді.

Жанр: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Дәйім менің мінгенім жирен қасқа, Дамыл бермей шабамын тау мен тасқа. Өлеңдетпей тартынып неге отырсың, Әріптесің бар ма еді менен басқа?

Жанр: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Құлатам таудан өлең салдыр-гүлдір, Сайрайды аузымды ашсам тілім бұлбұл. Той десе, өлең десе өлеңдеймін, Шыдамас әнге баспай жүрек құрғыр.

Жанр: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Кетпей ме өлең десе ақын тасып, Іленің дариясындай толқын шашып. Алыстан әдейі іздеп келдім аңсап, Өлең айт біразырақ көңіл ашып.

Жанр: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Өзен судың өлеңім өркешіндей, Ел жайлаған жайлаудың желкесіндей. Өлең десе заулаймын алға түсіп, Қой бастаған шопанның серкесіндей.

Жанр: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Оза шауып бәйгеден ат келеді, Той дегенде алыстан жат келеді. Той бастаған ақынның бағасы артық, Той иесі жолына ат береді.

Жанр: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Айтайын өлеңді үлкен бұйырған соң, Айнала қыз-келіншек жиылған соң. Қалайық ойнап-күліп осындайда, Замана қандай болар биылдан соң.

Жанр: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Өлеңге сен де қиын, мен де қиын, Жаманға жараспайды жақсы киім. Барында оралыңның ойна да күл, Өмірдің онсыз құны жалғыз тиын.

Жанр: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Өлең айт деп өтінер халық маған, Өлеңімді тыңдаудан жалықпаған. Жігіт деген жақсы атты ақтай алмас Елге өзін өлеңмен танытпаған.

Жанр: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Басында әптиектің әлхам сабақ, Ертістің екі жағы қара қабақ. Бұдан бұрын тойда өлең айтпап едім, Медет бер ата-бабам, он екі Абақ.

Жанр: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Ұшады аққу көлден шаңырқаған, Әнімді естіген жұрт таңырқаған. Азырақ ойын-тойда өлең айтып, Көңілді көтерейік жабырқаған.

Жанр: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Келгенде қара өлеңге қақалмаймын, Үйімде өлең десе жата алмаймын. Өзімдей өлең айтқыш болғың келсе, Алдымен менен келіп бата ал деймін.

Жанр: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Өлеңді мен айтайын айдайынан, Қарасам нұр шашырар маңдайыңнан. Бағаңа, бағаласам, жан жетпейді, Жаралдың адамзаттың қандайынан.

Жанр: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Өнерің былтырғыдан биыл қандай, Өлеңің үлкен-кіші жиылғандай. Көзіме өзің оттай басылғанда, Болды ғой өзекке өлең құйылғандай.

Жанр: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Шәугім жылдам қайнайды мосыменен, Құрбы тату болады досыменен. Таң атқанша өлеңді үзбей айттық, Тамам болсын аяғы осыменен.

Жанр: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Әуеде ұшып жүрген тырна деген, Бақытын басқа жаққа бұрма деген. Әкемнің маған берген батасы бар, «Орныңнан қызды жеңбей тұрма» деген.

Жанр: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Жарасар түйелі үйге жібек арқан, Батырдың ұстағаны темір қалқан. Өлеңмен біразырақ сыр алыстық, Келесі тойға дейін қош бол, қалқам.

Жанр: Қара өлең
Алдыңғы 102 / 229 бет Келесі

Анықтамалық

Корпус метадерегінде қолданылатын атаулар мен баламаларды шолыңыз.

Мақалалар

Мақалалар, зерттеу нәтижелері

Шыңғыс Айтматов прозасындағы Жер-ана — көпқабатты концепт: семантикалық, мәдени және экологиялық талдау

Бұл зерттеуде Шыңғыс Айтматов прозасындағы Жер-ана концептісінің семантикалық, мәдени және экологиялық категория ретінде қалыптасуы қарастырылады. Осы бағыттағы зерттеу олқылығын толықтыру мақсатында жұмыста жазушының төрт прозалық шығармасы талданады: «Плаха», «Қош бол, Гүлсары!», «Ақ кеме» және «Ғасырдан да ұзақ күн». Зерттеу барысында табиғат элементтері этикалық, эмоциялық немесе символдық мәнге ие болатын 37 үзіндіге сапалық концептуалды-семантикалық талдау жүргізілді. Үзінділерді іріктеу мәтіндерді мұқият оқу негізінде жүзеге асырылып, олар қайталанып отыратын лексикалық, метафоралық, баяндау сипатындағы және мәдени тұрғыдан мәнді белгілеріне қарай топтастырылды. Талдау нәтижесінде өзара байланысты төрт концептуалды модель анықталды: Жер-ана — өмір бастауы, аналық қамқоршы, моральдық бедел иесі және жады сақтаушы. Бұл модельдер Айтматов прозасындағы табиғаттың жай ғана оқиға өрбитін орта немесе поэтикалық бейне емес екенін көрсетеді. Керісінше, табиғат адам жауапкершілігі, мәдени сабақтастық, экологиялық осалдық және моральдық бағалау мәселелері көрініс табатын этикалық негіз қызметін атқарады. Зерттеу нәтижелері Айтматовтың көркемдік дүниетанымындағы Жер-ана концептісінің құрылымды концептуалды модель ретінде қызмет ететінін айқындау арқылы лингвомәдениеттану мен әдеби экокритика салаларына үлес қосады.

Қазақ фольклорлық мәтіндерінің корпусы: ғылыми талдау және зерттеу мүмкіндіктері

Гуманитарлық саланы цифрландыруды көздейтін мемлекетіміздің негізгі бағдарына сәйкес соңғы жылдары мәтіндік базалар құруға деген талпыныс артуда. Бұл шын мәнінде әлемдік маңызы бар қазіргі тенденциялар қатарында танылады. Корпустық ізденістердің, атап айтқанда, табиғи тілді модельдеу, тілдік алгоритмдер түзу, мәтін өңдеудің қазіргі лингвистиканың басым бағытына айналуы шынайы қажеттіліктерден туындап отыр. Бұл мақалада «Қазақ фольклорлық мәтіндерінің корпусын әзірлеудің мәтінді ғылыми талдау және зерттеуге беретін мүмкіндіктері қарастырылады. Жұмыстың негізгі бағыттары мәтіндерді жинақтау, цифрлық ортаға енгізу, морфологиялық және семантикалық таңбалау, конкорданс құру және тілдік бірліктерді статистикалық талдау әдістерін қамтиды. Зерттеудің ғылыми маңызы – қазақ фольклорын жаңа деңгейде зерделеуге, оның мәтіндік құрылымын заманауи әдіснама арқылы талдауға жол ашатын лингвистикалық корпус базасын қалыптастырудың теориялық негіздемесін ұсынып, тілдің бай қабаттарын ғылыми айналымға енгізуді көздеуінде. Негізгі нәтижелер ретінде қазақ фольклорлық мәтіндерінің корпустық моделі екшеліп, тілдік деректерді кешенді талдау мүмкіндіктері көрсетіледі. Бұл жұмыс корпус лингвистикасының теориясы мен практикасын ұлттық фольклорға бейімдеу арқылы қазақ тіл білімінде жаңа зерттеу кеңістігін ашады. Жүргізілген зерттеу фольклор мәтіндерінің тілдік табиғатын жан-жақты сипаттап, қазақ фольклортану ғылымына әдіснамалық үлес қосады.

Қазақ тілін құндылық бағдарлы оқытуда корпус деректерін қолдану

Мақалада қазақ тілін құндылық бағдарлы оқытуда корпус деректерін қолданудың теориялық және әдістемелік негіздері қарастырылады. Құндылыққа бағдарланған білім беру тұлғаның рухани-адамгершілік, мәдени және әлеуметтік жауапкершілік қасиеттерін қалыптастыруға бағытталатыны көрсетіледі. Зерттеуде қазақ тілінің ұлттық корпусы, А. Байтұрсынұлының қазақша-орысша параллель корпусы және фольклорлық мәтіндер корпусының материалдары негізінде ұлттық құндылықтарды білдіретін тілдік бірліктердің жиілігі мен қолданыс ерекшеліктері талданды. «Ар», «намыс», «сабыр», «мейірім», «жомарттық» сияқты концептілердің мәнмәтіндік сипаты KWIC әдісі арқылы анықталды. Нәтижесінде корпус деректеріне сүйене отырып, құндылықтық мазмұнды іріктеудің және оны оқу үдерісіне енгізудің үш сатылы моделі ұсынылды. Зерттеу корпусқа негізделген оқытудың қазақ тілін меңгертумен қатар білім алушылардың мәдени-аксиологиялық дүниетанымын дамытуға мүмкіндік беретінін дәлелдейді // «Тіл мен әдебиетті құндылық бағдарлы оқыту: тәжірибе, мәселелер және перспективалары» атты ғалымдар мен мұғалімдердің халықаралық ғылыми- практикалық конференциясы материалдарының жинағы. 2 томдық., 2-том. – Астана: Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ, 2025..17-21 бб.

Жоба туралы мәлімет

Бұл корпус қазақтың фолклорлық мұрасын цифрлық ортада сақтау, зерттеу және оқыту мақсатында құрылды