Қара өлең үлгілері
Асты тақтай ағаш үй, үсті тақтай, Мен қалқаны шақырдым дамыл таппай. Шақырғанның белгісі сол емес пе, Ұзақ таңға отырдым кірпік қақпай.
Іздеу интерфейсі
Аннотация үдерісі, дәйексөз беру және көптілді оқу үшін жасалған зерттеу интерфейсі
Асты тақтай ағаш үй, үсті тақтай, Мен қалқаны шақырдым дамыл таппай. Шақырғанның белгісі сол емес пе, Ұзақ таңға отырдым кірпік қақпай.
Торы айғыр тоқпақ жалды далада тұр, Пәт құндыз, дүрия шағи қалада тұр. Тұсынан ауылыңның ән шырқасам, Сүйеніп ақ боз үйге қара да тұр.
Жимаймын салдықпенен балағымды, Ораймын ақ торғынмен тамағымды. Кетпейді көз алдымнан жымиғаны, Жүр екен кім күлдіріп қарағымды.
Тау құлаған дегенде тау құлаған, Таудың тасы етекке саудыраған. Мойныңды бұра тастап қарағанда, Көзіңнен айналайын жаудыраған.
Қызыл жібек, ақ жібек иірейін, Алтын тақтың үстінен жүгірейін. Ауылың алыс кеткенде қимас қалқам, Хат жазып қарлығаштан жіберейін.
Қызыл жібек, ақ жібек білегіме, Құдай-ау, жеткізе гөр тілегіме. Қай бұрышында дүниенің жүрсем дағы, Атыңды сақтап жүрем жүрегімде.
Ұшады көк ала үйрек көл дегенде, Құриды ынтызарым сен дегенде. Кеткенде ауылың алыс, ей, қарағым, Бал татыр сілекейің шөлдегенде.
Жүгірер қойдан қойға шұбар туса, Көрінер қыздар сұлу, белін буса. Алдына есігіңнің су төгіп қой, Жығылсын әкең тайып, мені қуса.
Қар жауар қарашада қатқақ болып, Қалады, жаңбыр жауса, батпақ болып. Қалқатай отыр ма екен, жатыр ма екен, Сұңқардай үш түлеген аппақ болып.
Басқұрдың бас айналар термесінен, Қасыңның хат жазамын кермесінен. Сұңқылдап жатсам-тұрсам сізді тілеп, Алланың сұрап алам бермесінен.
Ақ үйдің ай көрінер маңдайынан, Шешеннің бал тамады таңдайынан. Дүниеде сенен артық жан көргем жоқ, Адамның жаратылдың қандайынан.
Жарапсың ғой, жаным-ау, сірә, зерек, Замандасым басқадан жөнің бөлек. Күндіз ойдан кетпейсің, түнде түстен, Тал бойыңда мінің жоқ жасыл желек.
Жыртылмайды ақ көйлек кең болған соң, Екі құрбы ойнайды тең болған соң. Саған айтпай сырымды кімге айтайын, Шын ұнаған көңілге сен болған соң.
Қызыл ернің жұп-жұқа, қара қасың, Тамағыңнан көрінер ішкен асың. Қадір білер кісіге қол арт деген, Мен не дейін, өзің біл, құрбыласым.
Ақ көйлектің етегі алтынданған, Ақ жамбыдай ажарың жарқылдаған. Сексен үйрек шықса да серуенге, Сен қоңыр қаз ішінде саңқылдаған.
Таба алмадым аққудың жұмыртқасын, Ғашық жарға сәлем де ұмытпасын. Қанатым жоқ ұшуға, зорға жүрмін, Келмеді деп көңілін суытпасын.
Салдықпенен салмаймын балағымды, Қарлықтырды салған ән тамағымды. Көрмегелі көп айдың жүзі болды, Қарақат көз сағындым қарағымды.
Қонғаны ауылымның тастақ төбе, Бір сәлем сағынғаннан айттым неге. Бірге өскен кішкентайдан, беу, қарағым, Жүргені өзімсініп қандай неме.
О, қыздар, қуаң қарға, қуаң қарға, Қонады қуаң қарға дуалдарға. Ауылыңа ерте барсам, кеш қайтамын, Басымды айналдырған дуаң бар ма?!
Айқайым қауылыңа, қауылыңа, Жол шығар жалғыз аяқ ауылыңа. Шынымен менде көңілің болса, құрбым, Тартып ал, әңгелектей бауырыңа.
Корпус метадерегінде қолданылатын атаулар мен баламаларды шолыңыз.
Мақалалар
Мақалалар, зерттеу нәтижелері
Бұл зерттеуде Шыңғыс Айтматов прозасындағы Жер-ана концептісінің семантикалық, мәдени және экологиялық категория ретінде қалыптасуы қарастырылады. Осы бағыттағы зерттеу олқылығын толықтыру мақсатында жұмыста жазушының төрт прозалық шығармасы талданады: «Плаха», «Қош бол, Гүлсары!», «Ақ кеме» және «Ғасырдан да ұзақ күн». Зерттеу барысында табиғат элементтері этикалық, эмоциялық немесе символдық мәнге ие болатын 37 үзіндіге сапалық концептуалды-семантикалық талдау жүргізілді. Үзінділерді іріктеу мәтіндерді мұқият оқу негізінде жүзеге асырылып, олар қайталанып отыратын лексикалық, метафоралық, баяндау сипатындағы және мәдени тұрғыдан мәнді белгілеріне қарай топтастырылды. Талдау нәтижесінде өзара байланысты төрт концептуалды модель анықталды: Жер-ана — өмір бастауы, аналық қамқоршы, моральдық бедел иесі және жады сақтаушы. Бұл модельдер Айтматов прозасындағы табиғаттың жай ғана оқиға өрбитін орта немесе поэтикалық бейне емес екенін көрсетеді. Керісінше, табиғат адам жауапкершілігі, мәдени сабақтастық, экологиялық осалдық және моральдық бағалау мәселелері көрініс табатын этикалық негіз қызметін атқарады. Зерттеу нәтижелері Айтматовтың көркемдік дүниетанымындағы Жер-ана концептісінің құрылымды концептуалды модель ретінде қызмет ететінін айқындау арқылы лингвомәдениеттану мен әдеби экокритика салаларына үлес қосады.
Гуманитарлық саланы цифрландыруды көздейтін мемлекетіміздің негізгі бағдарына сәйкес соңғы жылдары мәтіндік базалар құруға деген талпыныс артуда. Бұл шын мәнінде әлемдік маңызы бар қазіргі тенденциялар қатарында танылады. Корпустық ізденістердің, атап айтқанда, табиғи тілді модельдеу, тілдік алгоритмдер түзу, мәтін өңдеудің қазіргі лингвистиканың басым бағытына айналуы шынайы қажеттіліктерден туындап отыр. Бұл мақалада «Қазақ фольклорлық мәтіндерінің корпусын әзірлеудің мәтінді ғылыми талдау және зерттеуге беретін мүмкіндіктері қарастырылады. Жұмыстың негізгі бағыттары мәтіндерді жинақтау, цифрлық ортаға енгізу, морфологиялық және семантикалық таңбалау, конкорданс құру және тілдік бірліктерді статистикалық талдау әдістерін қамтиды. Зерттеудің ғылыми маңызы – қазақ фольклорын жаңа деңгейде зерделеуге, оның мәтіндік құрылымын заманауи әдіснама арқылы талдауға жол ашатын лингвистикалық корпус базасын қалыптастырудың теориялық негіздемесін ұсынып, тілдің бай қабаттарын ғылыми айналымға енгізуді көздеуінде. Негізгі нәтижелер ретінде қазақ фольклорлық мәтіндерінің корпустық моделі екшеліп, тілдік деректерді кешенді талдау мүмкіндіктері көрсетіледі. Бұл жұмыс корпус лингвистикасының теориясы мен практикасын ұлттық фольклорға бейімдеу арқылы қазақ тіл білімінде жаңа зерттеу кеңістігін ашады. Жүргізілген зерттеу фольклор мәтіндерінің тілдік табиғатын жан-жақты сипаттап, қазақ фольклортану ғылымына әдіснамалық үлес қосады.
Мақалада қазақ тілін құндылық бағдарлы оқытуда корпус деректерін қолданудың теориялық және әдістемелік негіздері қарастырылады. Құндылыққа бағдарланған білім беру тұлғаның рухани-адамгершілік, мәдени және әлеуметтік жауапкершілік қасиеттерін қалыптастыруға бағытталатыны көрсетіледі. Зерттеуде қазақ тілінің ұлттық корпусы, А. Байтұрсынұлының қазақша-орысша параллель корпусы және фольклорлық мәтіндер корпусының материалдары негізінде ұлттық құндылықтарды білдіретін тілдік бірліктердің жиілігі мен қолданыс ерекшеліктері талданды. «Ар», «намыс», «сабыр», «мейірім», «жомарттық» сияқты концептілердің мәнмәтіндік сипаты KWIC әдісі арқылы анықталды. Нәтижесінде корпус деректеріне сүйене отырып, құндылықтық мазмұнды іріктеудің және оны оқу үдерісіне енгізудің үш сатылы моделі ұсынылды. Зерттеу корпусқа негізделген оқытудың қазақ тілін меңгертумен қатар білім алушылардың мәдени-аксиологиялық дүниетанымын дамытуға мүмкіндік беретінін дәлелдейді // «Тіл мен әдебиетті құндылық бағдарлы оқыту: тәжірибе, мәселелер және перспективалары» атты ғалымдар мен мұғалімдердің халықаралық ғылыми- практикалық конференциясы материалдарының жинағы. 2 томдық., 2-том. – Астана: Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ, 2025..17-21 бб.
Бұл корпус қазақтың фолклорлық мұрасын цифрлық ортада сақтау, зерттеу және оқыту мақсатында құрылды