Іздеу интерфейсі

Фолклор мәтіндері корпусы

Аннотация үдерісі, дәйексөз беру және көптілді оқу үшін жасалған зерттеу интерфейсі

4689 Жалпы жазба
191,085 Бірегей сөзформа (толық индекс)
4171 Құжаттың орташа ұзындығы
Тазалау

Нәтижелер: конкорданс, жиілік, коллокациялар

Корпус жазбалары

20 / 4689 жазба көрсетілуде

Қара өлең үлгілері

Ажарың ақ түлкінің ажарындай, Жаманға салма, құдай, назарымды-ай, Ауылыңнан қыз кеткен соң қызық кетер, Тарқаған Қояндының базарындай.

Жанр: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Ұстағаным қолыма бұйда пышақ, Сәулем, сені көрдім де жайдым құшақ. Қасиетіңе мен сенің болдым риза, Айдын көлдің аққуы өзіңе ұқсап.

Жанр: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Ақ көйлек жыртылмайды кең болған соң, Ойнайды қатар құрбы тең болған соң. Өлеңді осында айтпай қайда айтайын, Көңілді көтеретін жер болған соң.

Жанр: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Тағы да алтай қарсақ, алтай қарсақ, Көруші ед қыздар жақсы қартаймасақ. Бұ қыздар өздігінен кел демейді, Қасына түнде барып жантаймасақ.

Жанр: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Тал мен қайың, құрбым-ау, тал мен қайың, Саулық барда білмейсің ауру жайын. Қамшының сабындай тіршілікте Ағызайық көмей мен тілдің майын.

Жанр: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Үлкен үйлер, ендеше, үлкен үйлер, Үлкен үйге жарасар тұтқан шилер. Үлкен де отыр бұл жерде, кіші де отыр, Қандай өлең айтайын, аға-билер?!

Жанр: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Көрінер ай астынан алтын кірпік, Жаманға жоламаймын бойым үркіп. Бойыңда мың теңгелік иіс майың, Жіберші ойнаған боп маған бүркіп.

Жанр: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Жыңғыл қайық, ендеше, жыңғыл қайық, Ауылыңда қыз бар ма бізге лайық. Ауылыңда қыз болса бізге лайық, Екі ауылдың арасын із қылайық.

Жанр: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Жарасар салсам тоғым боз тарланға, Көңілім орнықпай жүр сұм жалғанға. Сол көңілдің тарқасын шері болса, Тарқар болса шырқатып ән салғанда.

Жанр: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Сен дегенде, сәулежан, ойым бөлек, Он жасымнан өлеңге болдым зерек. Бағаласам, бағаңа жан жетпейді, Айналайын көзіңнен дөп-дөңгелек.

Жанр: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Мен істеймін жұмысты өндірісте, Оңтай тапсаң, жарасар әрбір істе. Озып шығып қатардан жүлде аламын, Мен сенемін бойдағы қайрат-күшке.

Жанр: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Айт десеңіз айтайын ән баяулы, Жарлы болар жігіттің жаны аяулы. Тіршілікте қалайық күліп-ойнап, Өтіп жалған барады күн санаулы.

Жанр: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Қызыл тілім сөйлеші бұлбұлдайын, Заман өтіп барады жыл-жыл сайын. Қайратыңның барында қапы қалма, Жасытпай ма адамды құр уайым.

Жанр: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Сөйлейін сөйле десең, қалқам, қалап, Жарасқан торғын шашқа алтын тарақ. Мен-дағы әдейі аңсап келіп едім, Бас қосқан мұндай сәтті құтқа балап.

Жанр: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Келдім ғой ат терлетіп талай жерден, Адамға ештеңе емес алған-берген. Ол жалғанның қызығы бейіш дейді, Бұл жалғанның қызығы тірі көрген.

Жанр: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Басында жәрмеңкенің күнде жиын, Жел сөзді қиыстырса несі қиын. Өлең мен өнерімді бұлдайын ба, Көрсетіп отырғанда халқым сыйын.

Жанр: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Өзгеріп дүркін-дүркін ел де өтеді, Ауырса, дерт те адамды меңдетеді. Жиылып өңшең жақсы бас қосқанда, Жел сөзді сөйлеп берсем, нем кетеді.

Жанр: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Қазығұрттың етегі тас болады, Шын азамат үйіне бас болады. Көрінгенмен жылтырап сыртым бүтін, Ішім жанып, көзіме жас толады.

Жанр: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Баяғыда бай өткен, жарлы да өткен, Жиырма бес басымыздан қарғып өткен. Жайраңдашы, жігіттер, тіршілікте, Мақсатына ойлаған әркім жеткен.

Жанр: Қара өлең
Алдыңғы 146 / 235 бет Келесі

Анықтамалық

Корпус метадерегінде қолданылатын атаулар мен баламаларды шолыңыз.

Мақалалар

Мақалалар, зерттеу нәтижелері

Шыңғыс Айтматов прозасындағы Жер-ана — көпқабатты концепт: семантикалық, мәдени және экологиялық талдау

Бұл зерттеуде Шыңғыс Айтматов прозасындағы Жер-ана концептісінің семантикалық, мәдени және экологиялық категория ретінде қалыптасуы қарастырылады. Осы бағыттағы зерттеу олқылығын толықтыру мақсатында жұмыста жазушының төрт прозалық шығармасы талданады: «Плаха», «Қош бол, Гүлсары!», «Ақ кеме» және «Ғасырдан да ұзақ күн». Зерттеу барысында табиғат элементтері этикалық, эмоциялық немесе символдық мәнге ие болатын 37 үзіндіге сапалық концептуалды-семантикалық талдау жүргізілді. Үзінділерді іріктеу мәтіндерді мұқият оқу негізінде жүзеге асырылып, олар қайталанып отыратын лексикалық, метафоралық, баяндау сипатындағы және мәдени тұрғыдан мәнді белгілеріне қарай топтастырылды. Талдау нәтижесінде өзара байланысты төрт концептуалды модель анықталды: Жер-ана — өмір бастауы, аналық қамқоршы, моральдық бедел иесі және жады сақтаушы. Бұл модельдер Айтматов прозасындағы табиғаттың жай ғана оқиға өрбитін орта немесе поэтикалық бейне емес екенін көрсетеді. Керісінше, табиғат адам жауапкершілігі, мәдени сабақтастық, экологиялық осалдық және моральдық бағалау мәселелері көрініс табатын этикалық негіз қызметін атқарады. Зерттеу нәтижелері Айтматовтың көркемдік дүниетанымындағы Жер-ана концептісінің құрылымды концептуалды модель ретінде қызмет ететінін айқындау арқылы лингвомәдениеттану мен әдеби экокритика салаларына үлес қосады.

Қазақ фольклорлық мәтіндерінің корпусы: ғылыми талдау және зерттеу мүмкіндіктері

Гуманитарлық саланы цифрландыруды көздейтін мемлекетіміздің негізгі бағдарына сәйкес соңғы жылдары мәтіндік базалар құруға деген талпыныс артуда. Бұл шын мәнінде әлемдік маңызы бар қазіргі тенденциялар қатарында танылады. Корпустық ізденістердің, атап айтқанда, табиғи тілді модельдеу, тілдік алгоритмдер түзу, мәтін өңдеудің қазіргі лингвистиканың басым бағытына айналуы шынайы қажеттіліктерден туындап отыр. Бұл мақалада «Қазақ фольклорлық мәтіндерінің корпусын әзірлеудің мәтінді ғылыми талдау және зерттеуге беретін мүмкіндіктері қарастырылады. Жұмыстың негізгі бағыттары мәтіндерді жинақтау, цифрлық ортаға енгізу, морфологиялық және семантикалық таңбалау, конкорданс құру және тілдік бірліктерді статистикалық талдау әдістерін қамтиды. Зерттеудің ғылыми маңызы – қазақ фольклорын жаңа деңгейде зерделеуге, оның мәтіндік құрылымын заманауи әдіснама арқылы талдауға жол ашатын лингвистикалық корпус базасын қалыптастырудың теориялық негіздемесін ұсынып, тілдің бай қабаттарын ғылыми айналымға енгізуді көздеуінде. Негізгі нәтижелер ретінде қазақ фольклорлық мәтіндерінің корпустық моделі екшеліп, тілдік деректерді кешенді талдау мүмкіндіктері көрсетіледі. Бұл жұмыс корпус лингвистикасының теориясы мен практикасын ұлттық фольклорға бейімдеу арқылы қазақ тіл білімінде жаңа зерттеу кеңістігін ашады. Жүргізілген зерттеу фольклор мәтіндерінің тілдік табиғатын жан-жақты сипаттап, қазақ фольклортану ғылымына әдіснамалық үлес қосады.

Қазақ тілін құндылық бағдарлы оқытуда корпус деректерін қолдану

Мақалада қазақ тілін құндылық бағдарлы оқытуда корпус деректерін қолданудың теориялық және әдістемелік негіздері қарастырылады. Құндылыққа бағдарланған білім беру тұлғаның рухани-адамгершілік, мәдени және әлеуметтік жауапкершілік қасиеттерін қалыптастыруға бағытталатыны көрсетіледі. Зерттеуде қазақ тілінің ұлттық корпусы, А. Байтұрсынұлының қазақша-орысша параллель корпусы және фольклорлық мәтіндер корпусының материалдары негізінде ұлттық құндылықтарды білдіретін тілдік бірліктердің жиілігі мен қолданыс ерекшеліктері талданды. «Ар», «намыс», «сабыр», «мейірім», «жомарттық» сияқты концептілердің мәнмәтіндік сипаты KWIC әдісі арқылы анықталды. Нәтижесінде корпус деректеріне сүйене отырып, құндылықтық мазмұнды іріктеудің және оны оқу үдерісіне енгізудің үш сатылы моделі ұсынылды. Зерттеу корпусқа негізделген оқытудың қазақ тілін меңгертумен қатар білім алушылардың мәдени-аксиологиялық дүниетанымын дамытуға мүмкіндік беретінін дәлелдейді // «Тіл мен әдебиетті құндылық бағдарлы оқыту: тәжірибе, мәселелер және перспективалары» атты ғалымдар мен мұғалімдердің халықаралық ғылыми- практикалық конференциясы материалдарының жинағы. 2 томдық., 2-том. – Астана: Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ, 2025..17-21 бб.

Жоба туралы мәлімет

Бұл корпус қазақтың фолклорлық мұрасын цифрлық ортада сақтау, зерттеу және оқыту мақсатында құрылды