Қара өлең үлгілері
Дәйім менің мінгенім кер балағым, Ренжуден тартады сол қабағым. Қолым жетпей қор болдым сұм заманда, Қияметтік қимасым қош, қарағым.
Іздеу интерфейсі
Аннотация үдерісі, дәйексөз беру және көптілді оқу үшін жасалған зерттеу интерфейсі
Дәйім менің мінгенім кер балағым, Ренжуден тартады сол қабағым. Қолым жетпей қор болдым сұм заманда, Қияметтік қимасым қош, қарағым.
Дәйім менің мінгенім мұз көк ала, Сала алмас осы әнге өзге бала. Қыл өтпес арамыздан тату едік, Арадағы айырылдық сөзге бола.
Дәйім менің мінгенім торым еді, Жүрген жерім торымен қорым еді. Құрбылардан айрылған қиын екен, Табылмады тау-тастан соның емі.
Дәйім менің мінгенім Құламойын, Қыз-бозбала сылайды тұла бойын. Сауық құрып, сайрандап, ән шырқайды, Жігіт-желең жиылып салып ойын.
Дәйім менің мінгенім алкүреңім, Шілдедегі құрақтай балдыр едім. Ауылыңның сыртынан қарауылдап, Құс аулаған мергендей аңдыр едім.
Дәйім менің мінгенім сал күреңім, Қызды ауылға қыдырып көп жүремін. Табаныңа қадалған жалғыз тікен, Маңдайыма қадалсын деп жүремін.
Дәйім менің мінгенім қара керім, Жүрдек те емес қарагер, әлім-перім. Тіршіліктің барында күл де ойна, Күнде думан, күнде той жүрген жерім.
Дәйім менің мінгенім үкілі кер, Үкіліме жарасар күмістен ер. Алыс ауылың кеткенде, ей, қарағым, Көзге күйік көрінер ойнаған жер.
Дәйім менің мінгенім алқара көк, Қара көкке қададым үкілі шоқ. Құба жонға шоқытып шыға келсем, Жұрты жатыр қалқаның, ауылы жоқ.
Дәйім менің мінгенім дөнен болса, Жаз мініп, күз жіберген көбең болса. Алдында шаршы топтың ән салайын. Шынымен іздегенің өлең болса.
Дәйім менің мінгенім қарала тай, Шіркінді неге міндім тағалатпай. Кәмшат бөрік шекеме қырын киіп, Жүруші едім мен дағы жан жаратпай.
Дәйім менің мінгенім көгілдірік, Көк дөненге жарасар өмілдірік. Ауылың алыс кеткенде, қалқатайым, Қабырғамды кеттің ғой сөгілдіріп.
Базардан алып келген бүйрек айна, Жаратып үкілі кер үйге байла. Барында тіршіліктің күл де ойна, Мереке күнде осындай дүние қайда.
Базардан алып келген қыжым кебіс, Сілекейі қалқаның болар жеміс. «Жел тимесе, күн тимес» деген сөз бар, Сұлу қыздың айтқаны ұят емес.
Базарда басы қымбат алашаның, Төменгі қызы сұлу қарашаның. Сағынып өлең даусын жүргенімде, Шығады даусы қайдан балашаның.
Базарда басы қымбат борда аттардың, Көрінер сырты сұлу жорға аттардың. Сағынып өлең даусын жүргенімде, Шығады даусы қайдан бекзаттардың.
Базарда басы қымбат бас кілемнің, Өспейді мал мен басы қаскүнемнің. Сағынып өлең даусын жүргенімде, Шығады даусы қайдан қос күреңнің.
Базарға қой айдаттым пұл екен деп, Қояды қыздың атын «Ұлмекен» деп. Бойыма ішкен асым тарамайды, Көңілі «Ұлмекеннің» кімде екен деп.
Дегенде шабдар маңқа, шабдар маңқа, Түседі шалқасынан шапқан жаңқа. Келді де бір сұрқия ылаң салды, Жүргенде сен екеуміз арқа-жарқа.
Деген соң қызыл дөнен, қызыл дөнен, Қаршыға қолдан кетпес қызыл көрген. Қарағым, өлең айт деп қинадың ғой, Балаларың біздей болып айтсын өлең.
Корпус метадерегінде қолданылатын атаулар мен баламаларды шолыңыз.
Мақалалар
Мақалалар, зерттеу нәтижелері
Бұл зерттеуде Шыңғыс Айтматов прозасындағы Жер-ана концептісінің семантикалық, мәдени және экологиялық категория ретінде қалыптасуы қарастырылады. Осы бағыттағы зерттеу олқылығын толықтыру мақсатында жұмыста жазушының төрт прозалық шығармасы талданады: «Плаха», «Қош бол, Гүлсары!», «Ақ кеме» және «Ғасырдан да ұзақ күн». Зерттеу барысында табиғат элементтері этикалық, эмоциялық немесе символдық мәнге ие болатын 37 үзіндіге сапалық концептуалды-семантикалық талдау жүргізілді. Үзінділерді іріктеу мәтіндерді мұқият оқу негізінде жүзеге асырылып, олар қайталанып отыратын лексикалық, метафоралық, баяндау сипатындағы және мәдени тұрғыдан мәнді белгілеріне қарай топтастырылды. Талдау нәтижесінде өзара байланысты төрт концептуалды модель анықталды: Жер-ана — өмір бастауы, аналық қамқоршы, моральдық бедел иесі және жады сақтаушы. Бұл модельдер Айтматов прозасындағы табиғаттың жай ғана оқиға өрбитін орта немесе поэтикалық бейне емес екенін көрсетеді. Керісінше, табиғат адам жауапкершілігі, мәдени сабақтастық, экологиялық осалдық және моральдық бағалау мәселелері көрініс табатын этикалық негіз қызметін атқарады. Зерттеу нәтижелері Айтматовтың көркемдік дүниетанымындағы Жер-ана концептісінің құрылымды концептуалды модель ретінде қызмет ететінін айқындау арқылы лингвомәдениеттану мен әдеби экокритика салаларына үлес қосады.
Гуманитарлық саланы цифрландыруды көздейтін мемлекетіміздің негізгі бағдарына сәйкес соңғы жылдары мәтіндік базалар құруға деген талпыныс артуда. Бұл шын мәнінде әлемдік маңызы бар қазіргі тенденциялар қатарында танылады. Корпустық ізденістердің, атап айтқанда, табиғи тілді модельдеу, тілдік алгоритмдер түзу, мәтін өңдеудің қазіргі лингвистиканың басым бағытына айналуы шынайы қажеттіліктерден туындап отыр. Бұл мақалада «Қазақ фольклорлық мәтіндерінің корпусын әзірлеудің мәтінді ғылыми талдау және зерттеуге беретін мүмкіндіктері қарастырылады. Жұмыстың негізгі бағыттары мәтіндерді жинақтау, цифрлық ортаға енгізу, морфологиялық және семантикалық таңбалау, конкорданс құру және тілдік бірліктерді статистикалық талдау әдістерін қамтиды. Зерттеудің ғылыми маңызы – қазақ фольклорын жаңа деңгейде зерделеуге, оның мәтіндік құрылымын заманауи әдіснама арқылы талдауға жол ашатын лингвистикалық корпус базасын қалыптастырудың теориялық негіздемесін ұсынып, тілдің бай қабаттарын ғылыми айналымға енгізуді көздеуінде. Негізгі нәтижелер ретінде қазақ фольклорлық мәтіндерінің корпустық моделі екшеліп, тілдік деректерді кешенді талдау мүмкіндіктері көрсетіледі. Бұл жұмыс корпус лингвистикасының теориясы мен практикасын ұлттық фольклорға бейімдеу арқылы қазақ тіл білімінде жаңа зерттеу кеңістігін ашады. Жүргізілген зерттеу фольклор мәтіндерінің тілдік табиғатын жан-жақты сипаттап, қазақ фольклортану ғылымына әдіснамалық үлес қосады.
Мақалада қазақ тілін құндылық бағдарлы оқытуда корпус деректерін қолданудың теориялық және әдістемелік негіздері қарастырылады. Құндылыққа бағдарланған білім беру тұлғаның рухани-адамгершілік, мәдени және әлеуметтік жауапкершілік қасиеттерін қалыптастыруға бағытталатыны көрсетіледі. Зерттеуде қазақ тілінің ұлттық корпусы, А. Байтұрсынұлының қазақша-орысша параллель корпусы және фольклорлық мәтіндер корпусының материалдары негізінде ұлттық құндылықтарды білдіретін тілдік бірліктердің жиілігі мен қолданыс ерекшеліктері талданды. «Ар», «намыс», «сабыр», «мейірім», «жомарттық» сияқты концептілердің мәнмәтіндік сипаты KWIC әдісі арқылы анықталды. Нәтижесінде корпус деректеріне сүйене отырып, құндылықтық мазмұнды іріктеудің және оны оқу үдерісіне енгізудің үш сатылы моделі ұсынылды. Зерттеу корпусқа негізделген оқытудың қазақ тілін меңгертумен қатар білім алушылардың мәдени-аксиологиялық дүниетанымын дамытуға мүмкіндік беретінін дәлелдейді // «Тіл мен әдебиетті құндылық бағдарлы оқыту: тәжірибе, мәселелер және перспективалары» атты ғалымдар мен мұғалімдердің халықаралық ғылыми- практикалық конференциясы материалдарының жинағы. 2 томдық., 2-том. – Астана: Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ, 2025..17-21 бб.
Бұл корпус қазақтың фолклорлық мұрасын цифрлық ортада сақтау, зерттеу және оқыту мақсатында құрылды